Тәуелсіздік – нұрлы тағдыр, елдігім

Халқымның сан ғасырлық ғұмыры да,
Уақыттың жұқ болмапты жұмырына.
Армысың, Азаттығым, қыран қанат,
Қалықтап қайта қонған тұғырына.
Кең ашып берекеңе есігіңді,
Түзетіп, тербете біл бесігіңді.
Сан ғасыр бұршақ салып мойыныңа
Құдайдан күтіп едің осы күнді.
Несіпбек Айтұлы
Еліміз егемендігін алып, еңсемізді көтеріп, Тәуелсіздік тойын тойлап келе жатқанымызға да 25 жыл болыпты. Осы 25 жыл ішінде біз толағай табыстарға жеттік, қазақ елін әлем таныды: Қазақстан бүкіләлемдік деңгейдегі дамыған елдердің қатарында көрініп келеді. Біз тәуелсіздік тұғырын бекіте түстік, жарқын болашаққа сеніммен қарайтын заманға қадам бастық. Осындай жарқын заманға жету бізге оңай болған жоқ.Зарықтырып жеткен Тәуелсіздік жолының соншама шырғалаң, сондай бұралаң әрі соншама ұзақ болғанын жұрт жақсы біледі. Елдің басына не келіп, не кетпеді дейсің! Опық жесек, қорлық көрсек, аңқаулығымыздан, жікшілдігімізден көрген елміз. Оның айқын мысалын VIII ғасырдағы Күлтегін ескерткіштерінен оқимыз:
«Ей, түрктің бектері, халқы! Сендер таққа кіріптарсыңдар, алауызсыңдар. Әкелі-баланың ымырасыздығынан, ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті- халқының жауласқандығынан, дұшпаныңның сөзіне алданғандығыңнан, қағаныңнан, қағандығыңнан, елдігіңнен, төріңнен айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, сонда не таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрк бектері, халқы өкін!» Сай-сүйегіңді сырқырататын осы сөздерді бабаларымыз мәңгі өшпестей етіп жүрегінің қанымен, көзінің жасымен осылай тасқа қашап жазып кеткен. Ел тағдыры, ер тағдыры сынға түсіп тұрған шақта мұны ұмытуға болмайды. Ұлтарақтай жер үшін ұлы бабаларымыздың қаны төгілді. Қаншама арыстарымыз тар қапаста көз жұмып, құны сұраусыз кетті. Жігеріміз құм болып, жұртымыз құл болды. .....
Шығармалар
Толық