Сайын Мұратбеков | Таңғы шық


Селолық дүкеннің сатушысы Тұраш қамаудан үш ай дегенде босады. Қоңыр сырмен боялған зілдей ауыр ағаш қақпа қарсы алдынан ешбір сықырсыз жайымен сырғи ашылды. Тұраш сыртқа шықты.

Осыдан үш ай бұрын қамауға айдап әкелгенде қыстың күні еді. Көше омбы қар болатын. Үскірік жел суыра соғып тұрған. Арықтағы су көкпеңбек боп безеріп қатып жатқан еді. Содан бері: шалқар аспан жүзіне сақинадай ғана тор көз терезеден қарап, кең дүниені қоршауы биік, тар аулаға күніне бір ауық шығарғанда ғана сезетін. Сонан бері жабырқап, әбден титығып басылған көңіл дәл қазіргі сәтте мың сан құс боп сайрап қоя берді. Көкірегі қуанышқа толып, жарылардай боп кетті.

Буындары сәл діріл қаққан Тұраш көше бойлап келеді. Асықпай басып, жай серуендеген адамша жүруге тырысады. Есіл-дерті сырт көзге қамаудан шыққанын танытпау. Әлсіреген халін сездірмеу.

Автобус станциясына келді. Мұның аулына жүретін автобус жарты сағаттай бұрын соңғы рейспен кетіпті. Енді тек ертең таңертең жүреді екен. Не істерін білмей ойланып қалған Тұраш қалтасында көк тиыны жоқ екенін есіне алды. Қарыз сұрайтын таныс біреу кездеспес пе екен деп біраз қарайлады. Бірақ автостанцияға жан адам бас сұққан жоқ. Тек анадай шетте, көшенің бұрышына ине-жіптен жаңа шыққандай тап-таза киінген қара костюмді жас жігіт тұр. Тықыршып, сағатына қарай береді. .....
Әңгімелер
Толық