Бердібек Соқпақбаев | Қой өңгерген


Біз ол кезде аудан орталығында тұратынбыз. Әлжуаз науқасшаң шешем екеуміз ғанамыз. Әкем енбек армиясында да, Хасен ағайым майданда.

Күз кезі. Аз күнде оқу басталады. Аман болсам, биыл жетінші оқимын.

Бітпейтін ұзақ соғыс халықтың титығына мықтап жеткен. Ел жесе асқа, кисе киімге жарымай, шықпа жаным шықпа деп, әрең жан бағып отырған қиын кез.

Бір күні біздің үйге осы аудандағы Октябрь колхозының шофері, шешеммен ағайындас Әкімжан дейтін адам келіп қонды. Қасында екі-үш жолдасы, бір жарым тонналық газиктің кузовына басып алған он бес шақты қойлары бар.

Әкімжан Алматыға барады екен. Колхозға оны-мұны бұл арада табылмайтын заттар әкелмек. Қой колхоздың және жеке меншіктің базарға сатуға алып бара жатқан қойлары.

Қазір ел ішінде машина аз. Алматыға әдейілеп барып қайту кімге де болса оңайға түспейді.

Шай үстінде шешем Әкімжанға:

— Сен мына Шәкіржанды ала кетсең қалай болады? Барып, қала көріп келсін. Қойшыларға қосып қойған бірді-екілі қой бар еді. Соның бірін ала барып сатып, үстіне киім алып келсін. Аз күнде оқуы басталады, не сырт киім, не аяқ киімі жөнді емес, — деді.

— Барсын. Тек машинаға ақша төлесе болғаны, — деп Әкімжан күлді. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Жексен жекеменшік


Қолдарына сумкаларын ұстаған бес-алты бала Қосқұдықтағы сауын сиыр фермасынан шығып, Ақадырдағы мектептеріне келе жатыр. Бұл екі араның қашықтығы үш километр шамасы, мидай жазық. Жер қара, күн жылыда ешкім бұны алыссынып көрмеп еді. Жол -жөнекей ойын дабыр үстінде, жер шалғайлығы білінбейтін. Енді қыс түскелі бері басқашалау: қарлы - боранды күндері үш километр жерге жаяулап жету де қиынға түсіп жүр.

Бүгіп де сондай ауыр күннің бірі. Түнімен кар жауып, жолды бітеп, басып қалған. Балалар малтығып, әрең жүріп келе жатыр. Екі езуінен күлкісі арылмайтын, өр көңіл Мұхамеди ғана ештеңені елеп қояр емес. Шаршай бастаған қыздарды қолынан жетелеп:

— Мен трактормын, сен менің тіркемемсің. Әйда, кеттік! — деп, маңдайының буы бұрқырап, ен алдында, карды бұзып келеді.

Кенет балалардың бірі:

— Әй, осы Жексен қайда! — деді.

— Бәсе, Жексен қайда?

— Қайда ол?

Жексен жатаған торы құнанға мініп алған, арт жақтан соқтырып келе жатыр.

— Әне Жексен!

— Жолдан былай тұрыңдар! Ат басады! — деп Жексен өртке асыққандай ентелеп, кимелеп келіп тоқтағанда, біреулерді ат шынында да қағып кете жаздады. «Сендер қар кешіп, малтақтап жаяу бара жатырсыңдар, мен міне атқа мініп алдым» дегендей Жексеннің екі танауы желп-желп етеді.

— Жексен, мінгестіре кетші! .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Гүлбаршын


Екеуі екі жерде томсырайып отырған қызы мен әйелін көргенде, Төлеп оларға кезек қарап тұрып қалды. Түр келбеті бір - бірінен аумайтын дөңгелек жүзді, кішірек дөңес мұрынды бұл ана мен баланың бұртиысқан тым-тырыс мына күйлері кәзір ғана араларында құйын ұйытқып өткенін танытқандай.

— Иә, сендерге не болды? Сүзісетін қошқарларша мойындарынды ішке тығып алыпсыңдар?

Көк жібек халатқа оранып, капрон шұлықты аяқтарын астына жанша басып, семізше денесімен диванды жапыра салмақ салып отырған Гүлбаршын сампылдап сөйлеп кетті:

— Он жыл оқыттым мен мұны. Кимегенді кигіздім, ішпегенді ішкіздім. Ешкімнің баласынан кем қылған жоқпын. Жұрт қатарлы адам болудың ілгері талпынудың орнына, енді мынау — кері кетем деп отырғаны. Өзге жұрттың балаларына қарасаң бірі инженер, бірі дәрігер болып шығып жатыр. Бұнымен бірге бітіргендердің бірі институтқа, бірі университетке түсуге құлшынады. Ал бұл болса толғанып - толғанып келіп, енді бүгін күрек арқалап, жүмысшы болуға табан тірепті.

Керістің неден шыққаны, Төлепке бірден түсінікті болды. Баяғы сол Клараның кім болмағы, қайда барып оқымағы жайында. От басы, дастарқан үстінін бір айдан бері талқысында жүрген мәселе.

Шапылдаған көп сөзді жаратпайтын Төлеп төтесінен келді.

— Ол не айтып отырғанын? — деп сұрады Гүлбаршыннан.

— Өзінен сұра. Әй, айт мына әкеңе? Әлгі қара жұмысшы даярлайтын оқуыңның аты немене еді?

Клараның мінезі тік, бірбеткей. Шешесін бой, ой жағынан тез қуып жетіп, теңесіп кеткендіктен бе, онымен құрбысындай қатқыл да сөйлесе беретін әдеті.

— Қара жұмысшы болам ба, кім болам. Өз болашағыма өзім жауап беремін. Әйтеуір, сіз құсап біреуге масыл болмайтыныма көзім жетеді, — деп салды.

Гүлбаршынға мына сөз тәніне от түскендей әсер eтті.

— Қарашы, қарашы мынаның сөзін! — деді ол ашудан селк-селк етіп.— Мен масыл, арамтамақ деп отырғанын қарашы! Ой ұятсыз! Мен сен құсап он класс бітірген жоқпын!

— Он класс бітірмегендер еңбек етпесін деп пе?

— Доғар, салғыласпай! Қарашы, бұның ұялмай менімен салғыласуын! Қара жұмысшы болмаса, одан әрі! Маған десең колхозшы бол. Шошқа бақ!

Гүлбаршынның арманы қалай еткенде де Клараны жоғары оқу орындарының біріне түсіру. Мал-дүниені түгел сарқып жұмсаса да, осы мақсаты жүзеге асса дән риза.

Ал Клара болса, әкесі мінездес сақ ойлап, сабырмен топшылайды. Өзге түгіл өзіне де турашыл. Институтқа түсу бұл күнде аса қиындап кетті. Тәуекелмен кеткендердің еңселері түсіп, жыл сайын кайтып келіп жүр. Өз шамасын таразылап көреді де, Клара солардан артықпын деп ойламайды.

«Одан да әлім келетін өзіме тұштық бір мамандықтың тізгінін ұстасам, сол абзал емес пе?» Клараның ойы осы.

Клара кеше газеттен Алматыда әр кәсіп бойынша маман жұмысшылар әзірлейтін бір жылдық техникалық училищелер ашылатыны жайында оқыды. Жатын орын, киім-кешек, тамақ — бәрі қазынадан. Ойлап-ойлап келді. де, ол осыған баруға бел байлады. Сол шешімін әлгінде шешесіне білдіріп еді. Гүлбаршын еріп баурына алып, жат та кеп тулады.

Төлеп бір-ақ ауыз сөз айтты.

— Барғысы келсе барсын, — деді.

Гүлбаршын одан бетер сұрланып, күйеуінің бетіне шатынай қарады:

— Ана иттің ұлы Байқотан түсіп оқып жатқан институттың біреуіне түсіруге шамаң келмей ме?

— Қашан мен қабылдау комиссиясының председателі болам. Сонда түсірем.

— Өзге жұрт қалай түсіріп жүр екен балаларын? Соның бәрі не емес шығар... комиссияның председателі емес шығар. Толып жатқан жолдас-жораларың бар Алматыда. Барып айтсаң, солардың бірі болмаса бірінің қолынан келеді. Адал жолмен оқуға түсіп жатқан бұл күнде ешкім де жоқ. Бәрі де сол. Тамыр - таныстықпен, сүйемелдеумен түседі. Дым сезбейтін баласын Күзенбай былтыр ақшаның күшімен орналастырмағанда, қайтып орналастырды?

Төлеп қолын бір-ақ сілтеді.

— Қысыр сөзді қайтесің. Әкел тамағыңды.

Тамақ ішіп болған соң темекі шегіп отырып:

— Мен колхозға кызметке баратын болдым, — деді Төлеп.

Гүлбаршын оның жүзіне селт етіп қарады. Аудан белсенділерінің бір тобын колхоздарға қызметке жібергелі жатыр деген сөзді ол естіген, анық-қанығына көзі жеткен болатын.

— Шын айтасың ба?

— Көшудің қамын істей бер, — деді Төлегі.

Гүлбаршын қолындағы шай құйған кесені тарс еткізіп алдына қоя салғанда, кесенің түбі аз-ақ ойылмады.

— Жақсы бопты. Бар. Дұрыс жолға енді түстің. Құлдыра! Сен де кері кет. Сенімен катар кызмет істей бастағандардың алды осы күні Алматыда ЦК - да отыр. Ал сенің маңдайына енді райкомның белім бастықтығы да сыймағаны ғой. Сол керек!

Алты жасар Ермек осы кезде:

— Дөт – де - дөт! Дет! Дө - дөт! — деп, жіп таққан ойыншық машинасын сүйретіп, сыртқа шығып бара жатыр еді. Гүлбаршын оған да дүрсе қоя берді.

— Таста, салдырлатпай! Қолы-басы сатпақ-сатпақ қылып, тағы да келмексің ғой. Түк таппағандай бұ неме де кешке дейін шофер болып ойнайды... Нәсілі жасық неме...

* * *

Арада екі айдай уақыт өтті. Күз келді. Күн бұлыңғыр, сәске түстін шамасы. Дағарадай кен бөлменің бір бұрышында төсекте Гүлбаршын әлі тұрмай жатыр. Ол оянғалы қашам. Бірақ тұрар ниеті жоқ.

Соңғы уақытта бұл семьяда елеулі жаңалықтар болды. Клара өзінің қалаған оқуына —техникалық училищеге кетіп тынды. Кеткеніне айға жуық уақыт өтсе де, әлі хат жазбайды, тым-тырыс.

Төлеп те мұнда емес. Осыдан отыз километр жердегі «Комитерн» колхозында парторг болып істеп жүр. Бұрын да болса жұмысбасты жан еді, анда-санда бір-ақ келіп кетеді.

Келген сайын көшу жайын сөз етеді. «Көшпеймін. Колхоз ішіне барып жырғамай - ақ қойдым! Ұнаса, өстіп өзің салт жүре бер!» — деп Гүлбаршын табандайды.

Осыдан екі-үш күн бұрын келгенде де ол күйеуіне осыны айтқан болатын. Төлеп дауласпайды. «Жарайды. Өз еркің» дейді.

Қаршадай Ермектің әкесінен қалғысы келмейді. Шешесіне бой бермей өткен жолы да Төлептің машинасынан түспей отырып алып, бірге кеткен. Үш бөлме оңаша үйде Гүлбаршын кәзір жападан-жалғыз өзі.

Бұрын дағдыланбаған тып-тыныш мелшиген көңілсіздік Гүлбаршынның еңсесін күнде жаншады. Бүйтіп табандап бергенмен не тындырам? Жұртта қалған күшіктей жападан -жалғыз осым да өмір болып па? Осы тәрізді ойлар Гүлбаршынды соңғы күндері жуасытуға бет алған. Оңашада осыған табанын тірегенмен, Төлепті көріп бетпе-бет әңгімеге тірелгенде, әйелдік өзімшілдігі асқақтап шыға келеді. Ақылға, сабырлы сөзге келтірмейді.

Гүлбаршын міне тағы да өкінгендей болып жатыр. Өткен жолы келгенде Төлепке: «Машина әкел. Көшеміз, — деуі керек еді. Дайындап қойған сол сөздің орнына ол тағы да «көшпеймін» деді. Төлеп те оны бұрынғы әдетімен, қолқаламады. «Өз еркін!» деп, қайыра тартып отырды.

Жоқ, құрсын бүйткен өмірі. Енді Гүлбаршын бір күн де шыдай алмайды. Молада жатқан адамдай қалайша жалғыз жата бермек, Оның табандауынан Төлеп тіпті де қиналып жатқан жоқ. Алданышы — қызметі, өмір бойы өстіп жалғыз жүрсе де жүре береді. Оның мінезі сол. Үндемей, қарсы келмей жүріп жеңеді.

Гүлбаршын енді Төлепке «машина әкел, кешеміз» деп, өзі телефон соғайын десе, бұнысын жеңілгендік көреді. Тулап-тулап, бостан-босқа арам тер болып келіп, сылқ ете түскендік. Оған менмендік ер мінезі және жібермейді.

Ал енді Төлеп өзі қашан келмекші? Бұны жобалап білу мүмкін емес. Жұмысбастылыққа ұшыраса, жарты ай бойына келмеуге де бар. Бір сылтаумен тілдесіп, шақырып алудың ретін Гүлбаршын тағы да таппайды.

Аралда қалған адамдай Гүлбаршын өстіп басы қатып, тұйыққа тіреліп жатқанда, сыртқы есік шиық етіп ашылды. Үйге Қойшыбай көршінің кішкентай баласы Асқаржан кірді.

— Тәте, сізге хат бар.

Гүлбаршын төсектен басын қалай жұлып алғанын өзі де білмей қалды. Хатты алып жатып, баладан именіп, көрпе шетімен кеудесін қымтады.

— Рахмет, шырағым.

Бала кетіп қалды.

Хат Кларадан екен. Гүлбаршынның өзегінен ыстық бір сезім жүгіріп өтті. Оқи бастады. «Қымбатты мама, папа!» — деп бастапты. Гүлбаршын түрегеліп отырып оқуға кірісті. «Жаным, алтыным», деп хат иесін аймалап, күбірлеп те қояды.

Оқуға қабылданып, жатақханаға орналастым. Амандық болса, бір жылдан кейін құрылыс десятнигі болып ауылға жетіп барам деп жазыпты Клара.

— Кім болсаң сол бол, алтыным.

— Гүлбаршын тез түрегеп, киініп те үлгерместен «Коминтерн» колхозына телефон соға бастады:

— Алло! Маған Дүйсеновті. Әй, мен ғой бұл. Мен деймін. Гүлбаршынмын. Немене, басын мәңгіп, мұрныңнан су кетіп отыр ма? Кларадан хат келді. Оқуына түсіпті. Соны айтайын деп едім. Сонан соң... әлгі Ермек қайда? Ол плащын да кимей кетіпті. Жауында кайтып жүр? Суық тиіп қалмасын. Сен оны анда-мұнда сүйрелеп, ауыртып алма. Сонан соң... Әй, келмейсің бе? Кларажанның хатын оқымайсың ба? Соны оқысын деп, телефон соғып тұрмын. Кел, қашан келесін? Әй, сонан соң... Сен қандай машинамен келмексің? Бәрібір емес, әлгі үлкен машинаңмен кел. Жүк тиейтін адамдарыңды ала кел. Қайтер екен десем, өзіңнің жайың тым жарасып барады ғой. Бір басыма жылы орынды таптым деп жүрмісің? Қоярмын мен сені сайрандатып!.....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Әріппай мен көкжал қасқыр


— О, Әрекеңнің басынан не кешпеген. Бәрі де кешкен. Әй, Әреке, Әреке - тай, мына балаларға жас кезіңізде өзіңіздің басыңыздан кешкен қызғылықты уақиғалардың бірін әңгімелеп, айтып беріңізші?

Әрекен бәлсінбейді. Электр ұстарамен күнара тықырлап қырып жүретін көктұқыл сақалын күлімсірей сипалап, сәл ойланып отырады да:

— Жарайды, айтсам, айтып берейін — дейді.

— Қай әңгімеңізді айтасыз?

— Жапан дүзде көкжал. қасқырға кездесіп, қалай аман қалғанымды айтып бepeйін.

— Дұрыс, соны айтыңыз.

— Біріншіде оқимын ол кезде, кішкентаймын, — дейді Әрекең.— Әке-шешем колхоздың қойын бағады. Поселкеде өзімнің Күлімхан дейтін жеңгемнің үйінде жүрем.

Күлімханды сен білесің, мінезі күрт, тілі ащы адам еді ғой. Бірақ оған да кінә жоқ. Күн бойы колхоздың жұмысын істеп, шаршап келеді. Оны күтіп, бітпей жатқан үй ішінің тіршілігі және көп. Міне соның арасында қитығына біз де тиіп қоямыз. Сосын ол қалай ашуланшақ болмасын.

Бір күні ойынның қызығымен жүріп, қызыл бұзауды байлауды тарс ұмытыппын да кетіппін. Бір қарасам қоңыр сиыр түк білмегендей үйдің қасына маңқиып келіп тұр. Қызыл бұзау құдай тілеуін беріп, оны рақаттанып еміп тұр. Ойынды тастай салып ұмтылдым. Дәл сол кезде ар жақтан аюдай ақырған Күлімхан қоса көрінді.

Бұзауға қабат жеттік ол екеуміз.

Жеткенмен не пайда. Қызыл бұзау өз шаруасын тындырған. Қоңыр сиырдың желініндегі күні бойы сыздықтап жиналған, бүкіл үй ішіміз боп үміт артып отырған бар сүтті қарнына қотарып құйып алған. Сиырдың желіні ішінен желі шыққан допқа ұқсап боп-бос. Ызасы қайнаған Күлімхан бір қолымен қызыл бұзауды бұйдасынан сүйрей - мүйрей, маған ұмтылды.

— Ойында басың қалғыр, жүгірмек!

«Жүгірмекте» кінә мол. Мойнын ішіне тығып, жасқанғанды ғана білді ол. Күлімханның жұдырығы балғадай ауыр келетіні және мәлім. Шойын жұдырықтар көк желкемнен аямай түйіп - түйіп етті.

Және ұрады екен деп, құламасам да әлгі араға құлай кетіп бақырдым. Ойындас жолдастарым анадайдан бұның бәрін көріп тұр. Жоқ, жатқан үстімнен төмпештеп ұрған жоқ жеңгем, Бірақ зәрі ұрғанға бергісіз ащы сездерін аямай айтып, енді қызыл бұзауды түйгіштеп кетіп бара жатты.

Ал таяқ еттен, сөз сүйектен өтетіні белгілі. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Жол


Бес жасар ұлы Балғынды Бәзіл жылқышы алдына мінгізіп алған. Түні бойы көмекшісі баққан жылқыны кәнігі көзбен аралап, түгендеп етіп, көңілі жай татқан соң енді сәскелік қымызға үйге қайтқан беті. Жайлаудың адырлы кеудесін тіле түсіп, жіпше шұбалған жалғыз аяқ соқпақ жолмен келе жатыр. Астында құйрық-жалы төгілген аяңшыл торы.

Әкесінің алдына мініп алу — Балғын үшін құмар іс. Дүниенің төбесінен қарағандай болып, мерейленіп қалады. Аса бір жетіскен көңілмен сәбилік қиялы шартарапқа жосылып өзімен-өзі іштей күмбірлен сөйлесіп келе жатыр. Екі кезі таспадай шұбалып, таусылмай алға бастаған соқпақ жолда. Кенет ол әкесінен:

— Ата, осы жолмен жүре берсе, жүре берсе, қайда барады? — деп сұрады.

— Анау таудан асып, өзіміздің ауылға барады, — деді Бәзіл.

— Сол жерде таусыла ма?

— Жоқ таусылмайды.

— Одан әрмен қайда барады?

— Дуылдан әрмен даңғыраған тас жолға қосылады да, ayданға барады. Есжан ағаң қызмет істеп жүрген жерге барады.

Бір сұрақты бастаса, түбіне жетпей Балғын, сірә да, тоқтамайды.

— Одан әрі қайда барады?

— Одан әрі Алматыға барады.

Алматыдан әрі қайда барады?

— Поезд жүретін темір жолды білесің бе? Естіп пе едің?

— Білем.

— Білсең, тас жол одан әрі темір жолға қосылады да, тартқаннан тартып отырып, Москваға барады. Жол атаулының барлығы Москвада тоғысады. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Ұйқы келтіретін дәрі

Боранбай жатар алдында қалтасынан ішінде тары дәніндей түйір - түйір сарғыш бірдеңелер бар титімдей жұмыр флакон алып қарап отыр еді.

— Жаке, бұл немене? — деп, әуесқой Ержан қасына жетіп барды.

— Ұйқы келтіретін дәрі ғой балам.

— Не? Ұйқы келтіреді?

— Иә, ұйқы келтіретін дәрі.

— Қайтып келтіреді?

— Ұйықтар алдында осынын екі-үш түйірін жұтатын болса, адам қатып ұйықтап қалады.

— Сонан соң оянбай ма?

— Неге оянбасын, таңертең әдеттегідей қалпымен оянады.

Ержан қызығып, осындай да дәрі болады екен-ау деп, қайран қалды.

— Дәрігер берді. Соңғы күндері мазасыз ұйықтайтын болып жүргенім. Енді біраз күн осыны ішіп көрейін деп отырмын.

— Жаке, маған да біреуін берші, — деп өтінді Ержан.

— Оны қайтесің?

— Мен де жұтып көрейін.

— Мұның саған не керегі бар? Онсыз да төсекке басың тиер-тиместен қор ете қаласың.

— Жәкетай, біреуін ғана! — деп, Ержанның ынтызары арта түсті.

Борекең ұлының меселін қайтармайтын көңілшек адам.

— Мә, жұтсаң жұта ғой, — деп Ержанға ол дәрінің бір түйірін берді.

Ержан әкесінен аса бір қымбат зат сыйлыққа алғандай қуанды. Рақмет айтты да, жүгіре шығып, әжесінің бөлмесіне барды. Әжесі екеуі осы бөлмеде ұйықтайды.

— Әжетай, төсек салып бере қойыңызшы, мен кәзір мына дәріні жейін де қатып ұйықтап қалайын.

— О неғылған дәрі?

— Ұйқы келтіретін дәрі. Жәкем берді.

* * * .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Балапан торғай

Қолында аша ағашы бар сұр кепкалы бала жақындай түссе де, балапан торғай бейқам отыра берді. Тек аяғының дәл астындағы шарбақ ағаш сақ ете түскенде, ол селт етіп, шошып қалды. Жантас екінші рет атып үлгіргенше, балапан торғай жөндалбаса ұша жөнелді.

Балапан торғай алыс шырқап ұша алмайтын еді. Кешенің ар жақ бетіндегі бір шоқ талға талып, әрең жетіп қонды. Жүрен кеудесіне сыймай дүрс-дүрс соқты.

Әккі Жантас ентелеп тағы жетті. Рогаткасын жүгіріп келе жатқан бойда оқтап алды да, қалт тұра қалып және атты. Тас бұл жолы зу етіп, балапанның төбесін жалап кетті. Ол көзін жыпылық еткізіп, бұға қалды.

Балапан торғай ұша жөнелді...

Жантас балапан торғайдың қыр соңынан қалмады, ауылды шыр айналдырып қуа берді. Өкпесі өшіп, әлсіреген балапанда көтеріліп ұшуға енді хал де қалмады.

Үрейі ұшқан балапан жүнін үрпитіп, дуалға жабыса түсті. Әлсіз аяқтары сырғанақтап, сүріне құлап «Аяшы!» Атпашы!» деп жалынғандай шыр-шыр етті. Бірақ без бүйрек Жантас оған құлақ аспады. Қол созым жерде тұрып атқылай бастады.

Кенет Жантастың арт жағынан:

— Әй, о немене? — деген дауыс саңқ ете қалды. Жалт қараса, Қожа жүгіріп келеді екен. Жантас балапанды тездетіп тағы бір атып жіберді. Егер осы атқаны да тимесе, онда бас салып, Қожадан бұрын оны ұстап алмақ......
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Әбекеңнің сағаты


Бұл соғыс уақыты. Сүмбе дейтін жерде жеті жылдық мектепте мұғаліммін. Ер мұғалімдер аз, үшеу-төртеу ғана. Kөпшілігі әйел мұғалімдер.

Ішімізде жасы қырықтан ары еңкейген Әбдібай дейтін мұғалім бар. География пәнінен сабақ береді. Басқамызға қарағанда ересек ақсақалымыз болғандықтан біз оны сыйлап, Әбеке деп атаймыз.

Әбекең шарын денелі, әлжуаз сары кісі. Бет бітімі ұсақ, қолдары әйелдің қолы тәрізді кішкентай. Біреумен амандассақ қолын ала жүгіретін әдеті бар. Сөлбірейген ұзын жеңнің ішнен саусақтарының үшін әрең тауып ұстағанда, ап-арық, жіңішке саусақтары шүршиіп уысыңызға жұғып болмай қалады.

Жазы-қысы бірдей Әбекең шала туған баладай дімкестеніп, жанын күйттеп, қалың киініп жүреді. Әсіресе, қыстыгүні үйіндегі бар киімін үстіне қабаттап жапсырып алады.

Әбекеннің өзге мұғалімдерден бір артықшылығы — оның сағатының барлығы. Әбекеңнең басқа бір де бір мұғалімде сағат жоқ.

Мектепте бір сағат бар, арзанқол қабырға сaғат. Мұғалімдер бөлмесінің төр қабырғасында ілулі тұрады. Мінезім адам түсініп болмайтын ит сағат. Кейде кәдімгідей сақылдап жүріп тұрады, ел кейде мелшиіп тоқтап қалады. Ондайда оған жүр тізбек болып, мұғалімдер істемеген айланы істейді. Шаңға толып кеткен ішкі механизмін тазартып, табылса, машина майымен майлайды, табылмаса, шамның ішіндегі жермайдан құяды. Оған да жүрмесе, тасына тас қосып байлап, ол да па дық етсе, сыртқы есікке салынатын үлкен қара құлыпты қоса таңып тіркеп, әйтеуір қалай да жүрмесіне қоймайды.

.....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Бурыл ат

Оp болып қалушы еді шапқан жерің,

Шаттанып тұрушы еді қосқан елің,

...Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім...

АҚАН СЕРІ

1

Жиын-терін қызу жүріп жатқан күзгі уақыт. Колхоз парторгі Кәрім бір күні үйіне шұжықтай тұнған әдемі семіз бурыл ат жетектеп келді.

Кәрімнің он алты жасар інісі Сүлеймен жақсы ат көрсе, ішкен асын жерге қояды. Оған бір мініп түспейінше көңілі көншімейді де, жаны жай таппайды. Жалына созса қол әрең жететін биік, әсем тұлғалы бурыл атты көргенде Сүлейменнің көзі жайнап кетті. Колхоздағы төрт тұяқ, қыл құйрықтың іске татырының оған бәрі мәлім. Ал мына ат болса, бұрын Сүлейменнің көзіне шалынбаған, соны мал.

— Аға, бүл кімнің аты? — деп Сүлеймен ынтық бола сұрады.

— Өзіміздікі.

— Қайдан алдың?

— Заставадан сатып алдым. Күзде соғымға соямыз.

Сүлейменнің өрекпіп тұрған жүрегі мына сөзді естіп, дір ете қалғандай болды. Он екі мүшесі сау, жап-жас әсем атты соғымға соямызы қалай?

— Інісінің ойын Кәрім кейпінен білді. Бурылды ауланың оңашалау бұрышына байлап, жайғастырып болған соң кіріп істің мән-жайын баян етті. Осы поселіктің тап іргесінде, су бойында шекаралық застава бар. Ондағы шекарашылар мен колхоз адамдары бауырмал, аралас-құралас. Қажет болған жағдайда шекарашыларға көмек етіп, қол ұшын беру үшін колхозшылардан құрылған жасақшылар тобы бар. Оның басқарушысы да осы Кәрім. Соңғы бір-екі жылда жай адамдардан құрылған бұл топ айласын асырмақ болған бірнеше шекараны бұзушыларды ұстап, заставаға табыс етті. Ұсталғандардың ішінде не бір сұм -сұрқия қауіптілері де бар көрінеді......
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Мен қалай үйлендім

Әркім өзінің, қалай үйленгенін айтып жатты. Кезек бурыл бас журналист Бекәділге келді.

— Соғыстан келген бетім, бойдақпын, - деп бастады Бекәділ, — жастар газетінде тілші болып істеймін. Мезгіл август айының аяқ кезі. Алматы — Москва жүрдек поезымен оңтүстіктің Ш. дейтін станциясына келіп, түсе қалдым.

Ш. ауданы мал өсіруден Қазақстан бойынша аты шығып дүрілдеп тұр. Озат малшылардың өмірінен очерк жазбақшымын. Бұрын мұнда болған емеспін, бірінші рет келуім.

Мезгіл кешкі уақыт. Күні бойы сіркіреп ақ жауын жауған. Қазір де басылмай, бүркіңкіреп тұр. Ауа сыз, бұлыңғыр. Былайғы жердің миы шығып жатса керек, ал станция басы асьфалтталған, саз емес. Бірақ жаңбыр суы көлкіп шылқып жатыр. Галошым да жоқ еді, судың молдау жерлерінен амалдап аяғымды өкшелей басам.

Сол арадағы жұрттан сұрастырсам, аудан станциясы басында емес, бұдан жеті километр жерде екен. «Оған қалай баруға болады?» — деп едім. Білегіне қызыл байлаған теміржолшы:

— Ана кетіп бара жатқан жұртты көрдіңіз ба? Солардың соңынан ілессеңіз, сонау мұржасы көрінген үй асхана, соған барасыз. Сол жерде автобус тоқтайтын аялдама бар, — деп жөн сілтеді. .....
Әңгімелер
Толық