Эдгар По | Асқар таулар аңызы


1827 жылдың, күзінде, Виргиния штатындағы Шарлоттсвилл маңында біраз уақыт тұрған кезімде мистер Огетес Бедлоумен танысқан едім. Ол өзі барлық жағынан тамаша жігіт болатын, со себепті менің ынта-ықыласымды аударып, өзіне мені баурап алды. Оның сыртқы сымбаты да, рухани бейнесі де — екеуі де маған сырын алдырмас тұңғиық болып көрінді. Мен оның семьясы туралы да жөнді ештеңе біле алмадым. Қанша әлектенсем де оның қайдан келгені белгісіз боп қалды. Мен оны «жас жігіт» деп ағай тұрсам да. тіпті соның жасының өзі маған жұмбақ болатын. Әрине, түріне қарасаң жап-жас болып көрінетін, әдетте өзінің жастығын үнемі көлденең тартып отыратын, алайда кейбір сәттерде ол маған кемінде жүз жасаған қартамыс жандай болып көрінуші еді. Бірақ оның сырт тұрпаты әрқашан қайран қалдырады. Ол өзі сорайған ұзынтұра әрі тыриған арық еді. Үнемі жауырыны күржиіп, бүкшиіп жүреді, маңдайы — кең, сәл тайқылау келген Жүзі — құдды балауыз тәрізді сұп-сұр. Аузы — жайын ауыз, үлкен әрі үнемі жыбырлап тұрушы еді, тістері бүтін, мықты бола тұрса да, керемет қисық болатын, ондай ойқыш-ойқыш тісті мен өзге тірі пендеде сірә көрген емеспін. Әйтсе де түр-түрпатына қарағанда, күлкісін көңіл айнытарлық деуге әсте болмайды, бірақ сонда да ол сарсылған сары уайымның, айықпас зарығудың айтатындай қалпынан айнымаушы еді. Оның көзі әдеттен тыс үлкен, құдды мысықтың көзіндей дөп-дөңгелек. Мысық тұқымдастардың бәрінде байқалатындай оның жанары да жарық күшейсе немесе азайса бір үлкейіп, бір кішірейіп, құбылып тұрушы еді. Әлденеге толқып, қызбаланған сәтте жанары айрықша жалт-жұлт етіп шағылысқандай да емес, кәдімгі шамнан немесе күннен тараған шұғыладай арайлы сәуле шашатын; әйтсе де көбіне жанары өлген адамның көзіндей салқын, суалған, жансыз болып көрінетін-ді. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Тынышсыз қонақ

Орман күзетшісі Артемнің қисайған жатаған үйіндегі үлкен қоңыр иконаның түбінде екі кісі отыр, біреуі беті егде тартқан адамның бетіндей қатпар-қатпар, шоқша сақалды, әрі аласа, әрі арық. Бұл - Артемнің өзі. Екіншісі - аяғында сазға киетін үлкен етігі мен үстінде қырмызы жаңа көйлегі бар, жол-жөнекей келіп отырған бойшаң, жас аңшы жігіт. Олар үш аяқты кішкене үстел басындағы отырғышқа жайғасқан, үстелде бөтелкенің аузына тығып қойған май шам сықсиып жанып тұр.

Тыста түн қараңғысында алай-дүлей дауыл соқты; әдетте күн күркіреп, найзағай ойнар алдында табиғат осылай буырқанушы еді. Жел ышқына ұлып, иілген ағаштар ауру адамдай ыңыранады. Терезенің бір әйнегі қағазбен жапсырулы екен, үзіліп түскен жапырақтардың сол қағазға тиіп, тырсылдағаны естіліп тұр.

Артем аңшыға, қорыққан кісідей кірпік қақпай қарап, баяу, жіңішке дауыспен ақырын ғана сөйледі:

— Құдайдың пендесі - саған мынаны айтамын, мен қасқырдан да, аюдан да, аңдардың қай-қайсысынан да қорықпаймын, тек адамнан қорқамын. Мылтық пен қаруың болса, аңнан құтыласың, ал бұзық адамнан құтылар амалың жоқ.

— Әрине! Аңды атуға болады, ал қаныпезерді атып көр, өзің пәлеге қаласың, Сібірге айдаласың. .....
Әңгімелер
Толық

Агата Кристи | Египет зиратының хикаясы


Әрдайым Пуаро екеуміз бастан өткерген жан түршіктіретін сан оқиғаның ішіндегі ең сұмдығы Мен-хер-Ра патшаның зираты табылып, алғаш қазыла бастаған кезде бірінен соң бірі іле-шала опат болған бір топ адамның ісін тергеген кезіміз болар деп ойлаймын.

Лорд Карнарвон Тутан-хамонның зиратын ашқаннан соң, көп ұзамай-ақ Сэр Джон Уиллард пен Нью-Йорктық Блайнер мырза Каир қаласынан онша қашық емес жердегі Гизе Пирамидаларының маңайында қазу жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын. Күтпеген жерден олар бір топ бейітке тап болды. Бұл көптің назарын аударған үлкен жаңалық еді. Ашылған Мен-хер-Ра дейтін патшаның зираты болып шықты. Мен-хер-Ра байырғы патшалық дәуірі өтіп, ыдырай бастаған кезінде билік еткен, Сегізінші Династияға кіретін, тарихта ұмыт қалған патшалардың бірі болатын.

Тарихтың осы тұсы көмескілеу қалғандықтан газеттер ашылған жаңалық жайлы жан-жақты жаза бастады.

Көп ұзамай көпшіліктің назарын аударған бір уақиға сап ете қалды. Аяқ астынан жүрек ауруынан Сэр Джон Уиллард қайтыс болды. .....
Әңгімелер
Толық

Константин Паустовский | Қолбасшы

Түнде мен Махачкаладан Ембіге, Гурьевке (қазіргі Атырау - ауд.) жүріп кеттім. Жол Астрахань арқылы жүреді.

Ертеңгілік мен Каспий теңізін танымай қалдым. Сұйық бозғылт лай сонау көкжиекке дейін шалқар көл сияқты көсіліп жатыр. Оның арғы шетінде су түбінен шыға келгендей болып, түнерген қара маяктар мен айқыштары жоқ шіркеу мұнаралары қаңқиып-қаңқиып түр - олар Еділдің құярлығындағы жазық аралдардағы балықшылардың селолары еді.

Біз он екі футтық рейдке - кеме тұрағына жақындап келдік, мұнда ашық теңіз ортасында зәкірін тастап, тұтас бір жүзбелі қала - ауруханасы, поштасы, жолаушылар тұрағы, лихтерлері мен ежелгі мониторларға ұқсас "асханасы" бар әйдік кеме ырғалып тұр екен.

Мен жүздеген желкендері айналасын жамырап қоршаған, ауасында тұзды балық иісі аңқыған, Азияның саман үйлері сияқты, шаң-тозаңы бұрқыраған Астраханьды көрдім.

Балық кәсіпшілігінің салдарында күн демей, түн демей үстіне көк болаттан сауыт кигендей-ақ, он бойы балық қабыршақтарынан көрінбейтін, күнге күйіп қарайып кеткен кісілер балықшылар қайықтарынан қолдарындағы багорларымен шұбар бекірелерді қағып алып, тақта үстіне шалп-шалп еткізіп лақтырып тастап жатыр. Бұттарына көк шалбар киген таусылмайтын қыздар тізбегі шұбатылып, алтын түсті сары сазандарды жылтыраған дымқыл сағақтарынан ұстап алып, тоңазытқыштарға салып жатыр. .....
Әңгімелер
Толық

Сәкен Сейфуллин | Жұбату

Мамыр айы.

Таң алды...

Ауыл Нұра бойында. Аспанды түнерген қара бұлт қаптап, қара түнді өте-мөте меңіреу қылып тұр. Көшіп шаршап келіп, жаппалап қонған ауыл ұйқы тұтқынында жатыр.

Төңірек тып-тыныш.

Күншығыстан ескен майда қоңыр жел өзен бойындағы қалың талдардың, бұталардың, шөптердің бастарын теңселтіп, ақырын ызыңдап тұр. Көрінбей ақырын жүріп, жұмсақ сыпсыңдаған жүйрік жел мен түнерген талдардың жапырақтары қалтырасып, ақырын-ақырын сыбырласып, сырласқандай. Осы қараңғы түнде майда қоңыр желдің жаяулаған жұмсақ қоңыр сарынынан басқа, бұталардың ақырын ызыңдаған баяу үнді, мұңды күйінен басқа, тал жапырақтарының жат тілді сырлы сыбырларынан басқа, алдыңғы ауылдан ақырын, нәзік сыңсыған бір ызың естіледі. Сыңсыған ызың жүректің ең нәзік сезімді күйлерін қозғап, үзіліп-үзіліп, өксіп-өксіп естіледі.

Еріксіз тыңдап, құлағымды сала, ызыңға қарай жүрдім. Таяуырақ тыңдағанда, ызыңнан көкіректі қарс айырған жасырын күйініш, ащы қасірет естіледі. Мұңды, қайғылы зар естіледі. .....
Әңгімелер
Толық

Ернар Жидебаев | Кәсіп таңдау

Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демекші кәсіп таңдап, жұмыс табу үлкен өмірге қадам басқан жастардың басты мұрат-мақсаты десек артық етпес. Кәсіп - өмірдің ең маңызды бөлігінің бірі, өйткені өмірдің едәуір бөлігі, күннің 7-8 сағаты сонда өтеді. Сондықтан кәсіп таңдау мұны ескеріп мұқият болуды талап етеді. Бұл тақырыпта ата-ананың, ағайынның, мұғалімнің, өмір жолында тәжірибесі мол аға-әпкелерден кеңес алған жақсы болады. Сондай-ақ өзінің табиғатын, қабілетін, мінезін, нендей іспен айналысуды ұнататынын ескеруді назардан шығармау керек.

Психология ғылымдарының PhD докторы Бейсембаев Ғани Бектайұлы осы тақырыпта ата-аналарға мынадай үндеу айтады: «Әуелі балаңыздың белгілі бір іске не кәсіпке қызығушылығы мен әуестігін еске түсіріп көріңіз. Екіншіден, балаңыздың бойындағы қарым қабілет пен бейімділігін сырттай байқап қараңыз.Осы зерттеуіңізді ой зердесінен өткізіп алыңыз. Мұндай қадам, балаңыздың мамандық таңдаудағы шешіміне оң ықпал етуіңізге көмектеседі. Ал қалыптасқан отбасылық дәстүр мен ата-ана ретіндегі өздеріңіздің арман тілектеріңізді басым бағыт ретінде қарастырмағаныңыз жақсы. Мамандық таңдауда ата-ананың қалауы мен баланың таңдауы көп жағдайда сәйкес келе бермеуі мүмкін. Өзіңіз әлпештеп отырған балаңызды жүрек қалауы болмаған мамандықты таңдауға мәжбүрлеу оны өмір бойы бақытсыздыққа душар етуі мүмкін.»

Әр түрлі маман иелерінен қандай жағдайда жұмыс істейтінін, қандай ауыртпалығы, қандай артықшылықтары барын сұрап, мүмкіндік болса барып өз көзімен көріп, толық бір күн сол маманның жанында болудың пайдасы бар. Бұл іс ыңғайлы ма, жоқ па деп оқыған, естіген, көргендеріңді, өз қабілеттерің мен мүмкіндіктеріңді саралап, мүмкіндік болса кәсіби бағдар беретін арнайы мамандардан кеңес алып барып таңдау жасаған жөн. .....
Әңгімелер
Толық

Оралхан Бөкей | Мәңгілік деген махаббат шығар

Махаббат абстрактылы, Сондықтан да теориялық жағы дами береді де, нақтылы мәнін жоғалта бермек. Негізінде, сезім дегеніміз адамға ғана тән қасиет, бірақ ол айнығыш. Айнығыш болатын себебі – адамзат өзінің жаратылысынан еш нәрсені қанағат тұтқан емес, арман мен қиял, үміт пен мақсат – осының қай-қайсысы да бір ғана ұмтылыс ұғымымен шектелмейді, тапқан дүниеңнің, шыққан биігіңнің аздығы мен аласалығын айғақтап, үнемі бір тың, басқа, жаңа да жақсы белгісіз бірдеңелерді көксеумен күн кешеді. Әдемілік пен сүйкімділіктің өзі салыстырмалы да шартты, өйткені қандай да бір керемет көркемдік сіздің көзіңізге теңдессіз көрінгенімен, басқаға әншейін жай ғана нәрсе болуы мүмкін. Әдетте, біз бір адамды құлай ұнатқанда, оның бойындағы сандаған кемшілікті елеп – ескермейміз, яғни сезім алдауына түсеміз. Сөйтіп, үйленеміз. Күн өткен сайын, оған жақындаған сайын бірсін деп сіздің жан дүниеңізге сай келмейтін қайшы қылықтары ашыла бастайды, осыдан айну сезімі пайда бола бастайды немесе өмірде одан да жақсы кісілер барын мойындайсың, жарыңыздың болмысында аз, тіпті жоқ қадір – қасиеттер мен өзгеше ерекшеліктерді өзгенің жарынан байқайсыз, осылайша асылдан да озған асыл, сұлудан да артық сұлу бар екенін түсінесіз. Көңіліміздің көк дөнені бұған дейін шапқылап жүрген шеңберін тастайды да, анау топқа қосылғысы келеді. .....
Әңгімелер
Толық

Ғабиден Қожахмет | Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы

Станса басынан колхозға қарай бастай беретін аттылы-жаяу талай жол қылған қара жолдың бойында жол қапшығын арқалаған Жеңіспен оралып келе жатқан солдат келеді. Солдаттың дәл қазір қай майданда соғысқаны да, оның қандай бөлімде соғысқаны да маңызды емес. Бәрінен де маңыздысы – оның туған ауылынан мүлде жырақ жерде өткен соғыстан кейінгі өзінің туған жерін – қазақ ауылын сағынып келе жатқандығы.

Солдатты енді бір сұрақ қинайды. Ол алдынан шыққан ақ шашты ананың: «Менің ұлымды көрмедің бе?» – деген сұрағы. Ақ шашты ана ұлынан «қара қағаз» алған екен ғой. Мүмкін ақ шашты ананың ұлы мен соғыстан қайтқан солдат құлын-тайдай тебісіп бірге өскен жандар шығар? Мүмкін екеуі майданға да қарайлас алынған шығар? Бірақ соғыс алақандай ғана ауылдың көлеміндей жерде өткен жоқ қой. Мүмкін екеуі екі майданда соғысқан шығар? Көрмеген.

— Тілектестің көкесін көрмедің бе?

Қара торы келіншек солдатқа үмітпен қарайды. Тілектестің көкесінен де «қара қағаз» келген екен ғой. Бірақ Тілектестің көкесінің де, ақ шашты ананың ұлының да сүйегі жат жерде қалып қойып, солдат өзінің ауылына аман-есен келіп тұрғанына жазықты емес қой.

Рашид Мұсабаев орындайтын «Жеңіс күні» әнінің мына бір сөздерінде (музыкасы Д.Тухмановтікі, сөзін жазған В.Харитонов, сөзін аударған Бегілдә Алдамжар) соғыстан қайтқан солдаттар Аналарға есеп береді:.....
Әңгімелер
Толық

Мұхтар Әуезов | Ел поэмалары Қозы Көрпеш Баян


Қазіргі жиналған ел әдебиетінің ішінде қазақ жұртының ел поэмасына қосылатын екі үлкен әңгіме, 5 өлең бар. Біреуі – "Қозы Көрпеш – Баян", екіншісі – "Қыз Жібек". Ел поэмасы деп қандай түрдегі әңгімелі өлеңді айтатынымызды осы екеуінің мағынасы мен үлгісін қарастырған уақытта анықтап айтпақшымыз. Сондықтан, қазір жалпы сөзді айтудың орнына сол екі әңгімені бас-басына қарастыруға кірісеміз. Әуелі қарастыратынымыз "Қозы Көрпеш – Баян".

"Қозы Көрпеш – Баянның" қысқаша әңгімесі

Ескерту: екі бай аты 1-Қарабай, 2-Сарыбай.

Бұрынғы өткен уақытта Балталы, Бағаналы деген елдің ішіне шеттен ауып келген Қарабай, Сарыбай деген екі бай келеді. Сарыбай келген жерден Балталының еліне үлкен мырзалық көрсетіп, қалың елдің бейілін алып, ханы есепті, қадірлі жақсысы болады. Қарабай тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да, сараңдықпен құнсыз болып елге қадірі жоқ болады. Екеуінің жасы жетпіс пен сексенге келген кәрі. Бірақ балалары жоқ, зарлы. Бір күні екі бай елсіз тауда анда жүріп, кез келіседі, мұңдарын айтысады. Екеуінің де үйіндегі қатындары екі қабат екен. Құдай атын айтып дос болып, бірінен ұл, бірінен қыз туса, екеуін қоспақ болып ежеғабыл жасайды. Сол уәденің үстінде, Қарабай Сарыбайдан тілек етіп бір буаз маралды атқызады. Буаз аңның киесі атып, Сарыбай сол жерде өледі. Қарабай егіз лақ маралды алып, еліне қайтады......
Әңгімелер
Толық

Артур Конан Дойл | Интернатта болған жағдаят

Бейкер-стриттегі қарапайым сахнамыздан не қилы шиеленісті эпизодтар көрініс берген еді, алайда онда өнер магистрі, философия докторы, т.б. және т.т. атақ иегері Торникрофт Хакстейбл алғаш пайда болған кездегідей мүлдем тосын әрі таңғаларлық нәрсені әлі ешқашан жолықтырған емен.

Ғылыми дәрежелердің осындай ұзақ тізбесі үшін тым - тым бәлекей көрінетін визит кәртішкесі одан бірнеше секунд бұрын ғана кірді; кәртішкенің ізін ала оның өзі де, бұл ұстамдылық пен табандылықтың айғақ нышанындай ұзын бойлы, денелі, маңғаз адам еді, - бой көрсетті. Сөйтіп, ішке кірген бойда - ақ екі қолымен үстелге тіренді де, ақырын-ақырын еденге шөге бастады, сосын есінен танып құлап, каминіміздің алдына жайылған аю терісінің үстіне еңгезердей денесімен ұзынынан түсіп сұлап жатты.

Орнымыздан атып тұрып, өзімізге әлдебір алыс қиырда, шетсіз де шексіз өмір теңізінде тұрған сұрапыл күшті дауыл жеткізіп берген, күйреу мен қираудың осынау қомақты кесегіне бір минуттай үнсіз таңырқай қарап қалдық. Одан соң Холмс жедел қимылдап басының астына көпшік салды, ал мен аузына бір рөмке коньяк тостым. Бейтаныстың қуқыл тартқан толық бетін терең әжім торлапты; ісініп кеткен көздерінің астына көкшілтім түсті кіреуке қоныпты; жартылай ашық қалған аузының езулері ерепейсіз салыңқы тартып кеткен; бұғағынан қылшықтар қылаңдайды. Шамасы, ол жырақтан келсе керек, себебі жағалығы мен көйлегі кірлеп кетіпті, көптен таралмаған шашы жазық та әсем маңдайына тұтам - тұтам боп қонақтаған. Біздің алдымызда әлденендей бір үлкен қасіретке душар болған адам жатыр еді. .....
Әңгімелер
Толық