Антон Чехов | Маска

Қоғамдық Х - шы клубта игі мақсатпен балмаскарад немесе жергілікті бикештер айтқандай, бал - парей беріліп жатқан еді.

Түнгі сағат он екі болатын. Би білмейтін зиялылар - бес кісі - бетпердесіз, оқу үйінде үлкен үстелді жағалай жайғасып, мұрындары мен сақалдарын газетке көме түсіп, оқып, қалғып-шұлғып әрі астана газеттерінің жергілікті тілшісі, аса бір еркін ойлы мырза айтпақшы, "ойланып" отырған еді.

Көпшілік залдан "Вьюшки" кадрилінің үні келіп тұр. Есік алдынан тарс-тұрс басып, қолындағы ыдысын сылдырата жүгіре лакейлер өте шығады. Оқу үйінің дәл өзі құлаққа ұрған танадай жым-жырт.

— Осы ара, сірә, қолайлырақ сияқты! Тартыңдар бері! Бермен қарай жігіттер! - деген құдды пеш ішінен шыққан сықылды болып, бір қылғынған жуан дауыс естіле қалды.

Есік ашылып, үстіне делбешінің костюмі мен басына тауыстың қауырсынын қадаған қалпақ киген бір маскалы, жауырыны жап-жалпақ, дембелше еркек оқу үйіне кіріп келді. Оған ілесе іле-шала маска киген екі әйел мен қолына поднос алған бір лакей де кірді. Подноста ликер құйылған жуан бутыль мен үш бөтелке қызыл және бірнеше стақан бар екен. .....
Әңгімелер
Толық

Константин Паустовский | Вагондағы әңгіме

Егес Барнаулдың түбінде, пойыз рельс буындарын тарсылдатып, Обь көпірінен жайлап өтіп бара жатқан кезде басталды.

Сібірдің ұлы өзенін көрмек болып, жолаушылар терезелерге тұра-тұра ұмтылысты, бірақ ылғал қардан өзге ештеңені көре алмады. Жел оны ақ түтінше шаңытып айдап жатыр, тек сонау төменнен, көпір тіреуінің түбінен қорғасындай қара суды көруге болатын еді. Одан суық бу бұрқырай көтеріледі.

Ағаш балдақты жауынгер терезеден бұрылып, шырт түкірді де, шылымын орап, наразы көңілмен тіл қатты.

— Туһ, мына Сібірлеріңіздің' ауа райын-ай. Екі күннен бері көз аштырмай, жаңбыр аралас қар төпеп тұр, төпеп тұр, қарғыс атсын бұл араны!

— Мына сыншыға қараңдар! - деді күбірлеп сақалы тікірейген ұзын бойлы жауынгер. -Сібірді жақтырмайды өзі. Жер бетінде Сібірден бай ел жоқ. Ілгеріде орман ішімен кордондағы үйіме бара жатқанда, арбаның дөңгелегіне екі елі болып, езілген жидек жабысып қалушы еді.

— Қандай жидек? - деді тұлымы шолтаңдаған кішкене қыз.

— Бүлдірген де баяғы.

— Е, байғұс, чалдоным-ай. Біздің Владимирдің түбінде бір ай тұрып көрсең, басқаша әндетер едің-ау, - деді балдақты жауынгер күрсініп. .....
Әңгімелер
Толық

Константин Паустовский | Тіл мен табиғат


Кісі орыс тілін толық игеру үшін және бұл тілді сезінуді жоғалтып алмау үшін, қарапайым орыс адамдарымен ұдайы аралас-құралас болумен бірге, сол сияқты егін аңыздарын да, орман-тоғайларды да, жер-суды да, кәрі талдарды да, құстардың алма-кезек сайрауын және орман жаңғақ бұтасы астынан басын изеп тұратын әрбір гүлді де көріп, біліп, тыңдап жүру керектігіне өз басым кәміл сенемін.

Тегінде әр адамның өзінің бір жаңалықты ашатын киелі күндері болатын шығар. Кіндік Ресейдің орманды да шалғынды өңірінде менде де сондай бір жаңалық ашатын, күркіреген күндер мен кемпірқосақтарға толы киелі жаз болған еді.

Шіркін, сол бір жаз қарағайлы ормандар гүліне, тыраулаған тырналар үніне, ит тұмсығы етпейтін тобылғы тоғайының бұрқыған хош иісіне, қораздардың қоқилана шақыруы мен батқан күннің шапағы қыз жанарын нұрландырар шақта, әуелгі тұман иірімді шүңейіт үстіне тарамдалып түсе бастаған шақта, кешкі көкорай шалғында шырқай салған қыздар әніне тамылжып-тұнып тұрған күйінде өтті де кетті-ау. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Тынышсыз қонақ

Орман күзетшісі Артемнің қисайған жатаған үйіндегі үлкен қоңыр иконаның түбінде екі кісі отыр, біреуі беті егде тартқан адамның бетіндей қатпар-қатпар, шоқша сақалды, әрі аласа, әрі арық. Бұл - Артемнің өзі. Екіншісі - аяғында сазға киетін үлкен етігі мен үстінде қырмызы жаңа көйлегі бар, жол-жөнекей келіп отырған бойшаң, жас аңшы жігіт. Олар үш аяқты кішкене үстел басындағы отырғышқа жайғасқан, үстелде бөтелкенің аузына тығып қойған май шам сықсиып жанып тұр.

Тыста түн қараңғысында алай-дүлей дауыл соқты; әдетте күн күркіреп, найзағай ойнар алдында табиғат осылай буырқанушы еді. Жел ышқына ұлып, иілген ағаштар ауру адамдай ыңыранады. Терезенің бір әйнегі қағазбен жапсырулы екен, үзіліп түскен жапырақтардың сол қағазға тиіп, тырсылдағаны естіліп тұр.

Артем аңшыға, қорыққан кісідей кірпік қақпай қарап, баяу, жіңішке дауыспен ақырын ғана сөйледі:

— Құдайдың пендесі - саған мынаны айтамын, мен қасқырдан да, аюдан да, аңдардың қай-қайсысынан да қорықпаймын, тек адамнан қорқамын. Мылтық пен қаруың болса, аңнан құтыласың, ал бұзық адамнан құтылар амалың жоқ.

— Әрине! Аңды атуға болады, ал қаныпезерді атып көр, өзің пәлеге қаласың, Сібірге айдаласың. .....
Әңгімелер
Толық

Константин Паустовский | Қолбасшы

Түнде мен Махачкаладан Ембіге, Гурьевке (қазіргі Атырау - ауд.) жүріп кеттім. Жол Астрахань арқылы жүреді.

Ертеңгілік мен Каспий теңізін танымай қалдым. Сұйық бозғылт лай сонау көкжиекке дейін шалқар көл сияқты көсіліп жатыр. Оның арғы шетінде су түбінен шыға келгендей болып, түнерген қара маяктар мен айқыштары жоқ шіркеу мұнаралары қаңқиып-қаңқиып түр - олар Еділдің құярлығындағы жазық аралдардағы балықшылардың селолары еді.

Біз он екі футтық рейдке - кеме тұрағына жақындап келдік, мұнда ашық теңіз ортасында зәкірін тастап, тұтас бір жүзбелі қала - ауруханасы, поштасы, жолаушылар тұрағы, лихтерлері мен ежелгі мониторларға ұқсас "асханасы" бар әйдік кеме ырғалып тұр екен.

Мен жүздеген желкендері айналасын жамырап қоршаған, ауасында тұзды балық иісі аңқыған, Азияның саман үйлері сияқты, шаң-тозаңы бұрқыраған Астраханьды көрдім.

Балық кәсіпшілігінің салдарында күн демей, түн демей үстіне көк болаттан сауыт кигендей-ақ, он бойы балық қабыршақтарынан көрінбейтін, күнге күйіп қарайып кеткен кісілер балықшылар қайықтарынан қолдарындағы багорларымен шұбар бекірелерді қағып алып, тақта үстіне шалп-шалп еткізіп лақтырып тастап жатыр. Бұттарына көк шалбар киген таусылмайтын қыздар тізбегі шұбатылып, алтын түсті сары сазандарды жылтыраған дымқыл сағақтарынан ұстап алып, тоңазытқыштарға салып жатыр. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Жылқы аттас фамилия

Отставкадағы генерал-майор Бульдеевтің тісі қатты ауырды. Аузын арақпен, коньякпен шайқап, ауырған тісінің түбіне темекі, апиын, скипидар, керосин басты, ұртына йод жақты. Құлағын спирт шыланған мақтамен тығындап алды, қайткенмен осылардың ешқайсысының да мүлкінің тізімін әкеп көрсетті. Текті жерден шыққан адам, ол жағынан ондай-мұндай деп жаман атаудың өзі - күнә. Шынымды айтсам, өзі маған ұнады. Менімен екі ай саудаласты. Мен оған сегіз мың сом беремін, ал ол сегіз жарым сұрайды. Саудаластық, саудаластық шайға отырып алып, он бес стақаннан ішіп, соның өн бойында саудаласа беретін кезіміз де болды. Мен оған екі жүз сом қостым, болмайды! Сөйтіп, үш жүз сом үшін айырылысып кеттік. Кетті байғұсың, жылай-жылай... Тым жақсы көруші еді Дашаны! Өзімді-өзім жерлеймін енді, кінәлімін, қатты ренжимін. Оған үш жүз сомды берсем немесе бүкіл қалаға масқара қыламын деп қорқытсам, не болмаса қараңғы бөлмеге кіргізіп алып тұмсыққа соғып - соғып жіберсем болатын еді ғой, жаза басып қалдым, ақымақтық істеп алғанымды енді көріп отырмын. Қайтерсің, Никодим Егорыч, ынжықпын!

— Жуассыз тым. Бұл рас. Жә, болды, қайтатын мезгіл жетті. Басым зеңіп кетті... .....
Әңгімелер
Толық

Иван Бунин | Антон алмасы


... Ерте келген жаймашуақ күз есімде қалыпты. Әдейі тұқым себетін мезгілді аңдып тұрғандай тамыз айы жылы жаңбырмен басталған — жаңбырдың нағыз керек кезі, әулие Лаврентий мерекесінің қарсаңы еді. "Лаврентийде жаңбыр жылы, су момын болса күз бен қыс май тоңғысыз" дейтұғын. Саршатамызда аңызды сілбі басып кетті. Бұл да жақсылықтың нышаны: "Саршатамызда сүттігеннің ұлпасы ұшса — күз шуақты"... Елең-алаңдағы таза ауа, тымық таң есімде... Тағы бір есімнен кетпейтіні - сары алтындай сағым шашып, сарғайып, сирей бастаған үлкен бақ, үйеңкі аллеясы, жердегі танау жарған сары жапырақтардың көрпесі, күзгі ауада балдың хош иісін аңқытқан Антон алмасының ароматы. Ауаның тазалығы сонша, тіпті тынысың сезбейді, бақ ішін дабырлаған дауыс, арбаның сықыры кернеп тұр. Бұл тархандар — бағбан мещандар, түнімен қалаға жөнелту үшін жалдама мұжықтарға алма тиетіп жатыр - түнді де әдейі күтеді, арба үстінде жатып алып аспандағы жұлдызды санасаң, кәусар ауада қара майдың иісі кеужірінді ұрса, кіре жолда шұбырған арбалардың сықырын естіп жатудың өзі ғанибет емес пе! Алма тиеген мұжық алманың бірінен соң бірін күрсілдетіп соғып жүр, мещанин оған қой деп айтпайды, өйткені доғарып тастау ырымда жоқ нәрсе. Керісінше:

— Же, жеп қал, осыдан басқа шаруаң жоқ, - деп қояды. — Бал шайқағанда да ауыздан қайтқанша ішетін. .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Капитан мундирі

Күн көзі уездік қалаға түйіле қарап шығып келе жатқан, қораздар қанаттарын енді ғана кере бастаған кез болсадағы Рыклин ағайдың кабагына меймандар келіп-ақ қалыпты. Олар тігінші Меркулов, қалабасы Жратва және қазынашылықтың қағаз тасушысы Смехунов еді. Үшеуі де ішіп алған.

— Айтпа! Айтпа деймін тіпті! - деп тұр Меркулов қалабасының ілгегінен ұстап алып. -Кеңсе қызметіндегі төрелер, егер де жоғарырақтағысын алатын болсақ, тігіншілік жағынан қарағанда, генералыңнан әлдеқайда асып түседі. Мысалы, тіпті, камергерді - ақ алайықшы... Ол қандай адам? Лауазымы қандай? - дейсіз ғой. Ал, қане, есептей бер... Прюндельдер фабрикасының ең жақсы мәуітінен төрт кез мәуіт, ілгек оқалы жаға, алтын зерден лампас салған ақ шалбар, омыраудың бәрі алтын зер, өңірі, жеңі, қалта қалпақтары жарқырап тұрады! Ал енді гофмейстер, стальмейстер, церемониймейстер мырзаларға және басқа да министерийлерге мундир тіге қалсаң... Сен қалай деп ойлайсың? Әлі есімде, бір жолы гормейстер граф Андрей Семеныч Вонляровскийге мундир тіктік. Мундир болғанда маңына бара алмайсың! Қолыңды тигізсең - ақ тұла бойыңдағы тамырларың "цик! цик!" деп дүрсілдей жөнеледі. Нағыз мырзалар, мәселен, киім тіккізе қалса, олардың мазасын алуға болмайды. Өлшеп алдың ба, тік, ал кигізіп көремін, анау-мынау деп тәлмірсуіңе ешқандай жол жоқ. Егер сен жақсы тігінші болсаң, өлшеп-пішкенің бойынша тігіп бер... Мұнарадан секірсең, етегіңе дөп секір, әне қалай! Мен саған айтайын, бауырым, біздің жанымызда, әлі күнге дейін есімде, жандармдар корпусы болды... Қожайынымыз Осип Яклич сол жандармдардың ішінен тұлғасы киім тіктіруге берген кісінің тұлғасына шамаласатын біреуін әкеліп кигізіп көруші еді. Содан әлгі... мен саған айтайын, бауырым, графтың мундирін кигізіп көру үшін осы жарайды - ау деген бір жандармды таңдап алдық. Шақырып әкелдік... кәне, ки, сұқсыр, біліп қой!.. тұрмыз. Күлкі деген не болар! Содан әлгі, нені, мундирді киіп алғаннан кейін омырауына қарады, енді дейсің ғой! Аңырып, сасқалақтап, есінен танды да қалды........
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Орден


Әскери прогимназияның мұғалімі, коллежский регистратор Лев Пустяков өзінің досы поручик Леденцовпен көрші тұратын. Жаңа жыл күні таңертең сол көршісіне барды. Дағды бойынша поручикті жаңа жылмен құттықтағаннан кейін:

— Мынадай бір шаруа болып тұр, Гриша, - деді ол - Өте қарыздар болмасам, мазаламас та едім ғой. Бүгінге ғана маған «Станиславыңды»1 бере тұршы, қалқам. Спичкин көпестің түскі тамағына барушы ем. Ол итті өзің де білесің ғой, орденді көрсе өледі, мойнында не өңірінде бірдеңе салбырап тұрмаған адамды кісі есебіне алмайды. Оның үстіне байдың екі қызы бар... Настя, білесің ғой, және Зина... Саған досым деп айтып жатқаным ғой... Өзің де түсініп тұрған боларсың, сүйікті досым. Бір жақсылық етіп, орденіңді бере тұршы!

Осының бәрін Пустяков тілі күрмеле, есік жаққа жалтақтай қарап, қысыла тұрып айтты. Поручик әуелі оны сөккенімен, ақыры көнді. Күндізгі сағат екіде Пустяков арбакештің арбасында, ішігінің өңірін сәл қайырып тастап, омырауына қарағыштап, Спичкиннің үйіне қарай келе жатты. Алтынын жалтылдатып, құбылтып, омырауына таққаны біреудің "Станиславы".

"Тіпті, мерейің тасиды екен ғой өзі! - деді ішінен мұғалім, тамағын кенеп қойып. - Сәл-ақ зат, коп болса бес сом тұратын шығар, ал құдіреті қандай зор өзінің!" .....
Әңгімелер
Толық

Антон Чехов | Қаскүнем

Сот тергеушісінің алдында үстінде шұбар көйлегі, бұтында қырық құрау дамбалы бар бір телтиген, ересен арық мұжық тұр. Өзінің түк қаптап, шешек шұқырайтқан бұп-бұйра беті мен салбыраған қап-қалың қасының астынан әрең көрінген көздерінде бір тұнжыраған сұсты сипат бар. Талайдан таралмай, ұйысып қалған шашы бөріктей болып, түріне бұрынғыдан да бетер, өрмекші сықылды сұстылық бере түскендей. Жалаң аяқ тұр өзі.

— Денис Григорьев! - деп бастады тергеуші - Берігірек кел де, менің сұрауларыма жауап бер. Шілденің жетісі күні таңертең теміржол қарауылшысы Иван Семенов Акинфов

141-шақырымда жолмен келе жатып, рельсті шпалға бекітетін гайканы суырып алып жатқан жеріңде сенің үстіңнен түскен. Сол гайка мынау, мінеки!.. Өзіңді ұстағанда әлгі гайка бойыңнан табылған. Осылай болып па еді?

— Немене?

— Акинфовтың айтқанындай, бәрі осылай болып па еді?

— Білемін, болған.

— Жақсы, ал енді гайканы не үшін суырдың?

— Немене?

— Сен өзің "неменеңді" қоя тұр да, сұраққа жауап бер: гайканы не үшін суырдың?

— Егер зәру болмасам, суырмас та едім, - дейді Денис қырылдап, төбеге көзінің қиығымен қарап қойып.

— Бұл гайканың саған не керегі болып еді?

— Гайка ма? Гайкадан біз салдауыр жасаймыз... .....
Әңгімелер
Толық