Иван Бунин | Антон алмасы
.. Ерте келген жаймашуақ күз есімде қалыпты. Әдейі тұқым себетін мезгілді аңдып тұрғандай тамыз айы жылы жаңбырмен басталған — жаңбырдың нағыз керек кезі, әулие Лаврентий мерекесінің қарсаңы еді. "Лаврентийде жаңбыр жылы, су момын болса күз бен қыс май тоңғысыз" дейтұғын. Саршатамызда аңызды сілбі басып кетті. Бұл да жақсылықтың нышаны: "Саршатамызда сүттігеннің ұлпасы ұшса — күз шуақты"... Елең-алаңдағы таза ауа, тымық таң есімде... Тағы бір есімнен кетпейтіні - сары алтындай сағым шашып, сарғайып, сирей бастаған үлкен бақ, үйеңкі аллеясы, жердегі танау жарған сары жапырақтардың көрпесі, күзгі ауада балдың хош иісін аңқытқан Антон алмасының ароматы. Ауаның тазалығы сонша, тіпті тынысың сезбейді, бақ ішін дабырлаған дауыс, арбаның сықыры кернеп тұр. Бұл тархандар — бағбан мещандар, түнімен қалаға жөнелту үшін жалдама мұжықтарға алма тиетіп жатыр - түнді де әдейі күтеді, арба үстінде жатып алып аспандағы жұлдызды санасаң, кәусар ауада қара майдың иісі кеужірінді ұрса, кіре жолда шұбырған арбалардың сықырын естіп жатудың өзі ғанибет емес пе! Алма тиеген мұжық алманың бірінен соң бірін күрсілдетіп соғып жүр, мещанин оған қой деп айтпайды, өйткені доғарып тастау ырымда жоқ нәрсе. Керісінше:
— Же, жеп қал, осыдан басқа шаруаң жоқ, - деп қояды. — Бал шайқағанда да ауыздан қайтқанша ішетін.
Таңғы салқын тыныштықты тек бақ түкпіріндегі шетен ағашының басында шуласқан құстар мен безбенге, шелекке томп-томп түскен алмалардың дүңкілі ғана бұзып тұр. Сиреп қалған бақтың саңылауынан итарқаға апаратын сабан сүрлеуі көрінеді, ал итарқаның маңын мещандар жаз бойы таптап, баспанаға айналдырып алған. Қайда барсан алманың иісі бұрқырайды, әсіресе итарқада. Төсек-орын да осында, қосауыз мылтық тұр, өңез тұтқан самауыр, бұрышта ыдыс-аяқ. Итарқа іргесінде жөке, жәшік секілді әр түрлі ыбырсыған заттар, жерошақ. Түс кезінде мұнда май қатқан дәмді тамақ пісіріледі, кешқұрым самауыр қайнайды да ағаш арасында көгілдір түтін көсіліп жатып алады. Мереке күндері бұл жер қызған жәрмеңке, қызылды-жасылды киімдер баққа толып кетеді. Сарафанын толқытып көршілердің бояу мүңкіген ерке қыздары, іштерінде екіқабат старостиха ұйқылы-ояу кейіпте холмогор сиыры сияқты керіліп тұратыны бар: басында "мүйіз" бұрымын төбесінің екі қапталына түйіп, екі қабат орамалмен бүркеп тастағанда бас шіркін қазандай болып көрінеді; аяғында нәлі қаққан қысқа қонышты етік, тұрысы нығыз әрі дым сезбес бітеулік бар; жеңсіз желеткесіне желбіршек тіккен, алжапқышы ұзын, қара-қоңыр юбкасында кірпіш түсті құрақ, етегіне жап-жалпақ алтынды сыздық жүргізген.
— Шаруақор қатынсымақ! — дейді ол туралы мещанин басын шайқап. — Қазір осындайлар елді жайлап кеткен жоқ па!
Ақ шыт көйлек, келте дамбал киген тақырбас балалар да қаптап жүр. Жалаңаяқ, екіден, үштен ұрлана басып, алма ағашына байланған авчаркаларға үрке қарасады. Әрине, алушы біреуі, оның өзі де әншейін тиын-тебен, болмаса жұмыртқаға айырбас, бірақ сауда жасаушылар көп, алыс-беріс қызу, сонсоң да ұзын бешпент, қызыл етікті көксау мещанин көңілді. Тілін шайнап сөйлейтін жарыместеу қолбала інісімен жарысып сауда жасап, жұртты әзілімен де, мөтелдеп те, кейде Тула сырнайын шиқылдатып та алдарқатып жүргені. Кешке дейін халық үзілмейді, итарқа маңында ойын-күлкі, әңгіме, ара-тұра би тыпыры да естіліп қалады.
Аспан ашық болса түн суық, шық қалың. Қызыл қырманда қара бидайдың жаңа сабаны мен топан иісіне тойып болып, бақты сағалай кешкі тамақ қайдасың деп үйге қарай жөнелесің. Кешкі шапақтың шытқылында деревняның абыр-дабыры, қақпаның сықыры жаңғырығып шығатын әдеті. Ымырт. Міне, тағы бір иіс: бақ ішінде алау, шиенің қу бұтағының түтінінде де ерекше хош иіс бар. Бақтың қараңғы түкпірінде ертегідей ғажайып көрініс: құдды тозақтың отындай күрке алдында лапылдаған қызыл жалын, маңайы тас қараңғы, қара ағаштан жонып алғандай әлдекімнің қараңдаған нобайы қызыл отты шыр айналып, сорайған көлеңкесі алма ағаштарын шарлап жүр. Делдиген қап-қара қол ағаш басын сипалап, сырықтай сидиған екі сирақ жер тепкілейді. Кенет осы алып елес жалт беріп итарқа мен қақпа арасындағы ұзын соқпаққа серейіп жатып алды.
Түн ішінде, деревняның бүкіл оттары сөніп, көк жүзіне жақұттай жарқырап, Жетіқарақшы көтерілген кезде тағы да баққа жүгіресің. Соқыр адамдай қураған жапырақтарды аяғыңмен сапырып күркеге жетіп барасың. Алаңқайда ептеген сәуле бар, төбеңде ақ көбік боп шашылған Құс Жолы.
— Барчук, сенбісің? - деп қараңғыдан біреудің сыбырлаған үні естіледі.
— Мен ғой, Николай. Сіз әлі ұйықтаған жоқсыз ба?
— Бізге ұйықтауға болмайды. Түн ортасы болып қалған шығар. Әнеки, жолаушылар пойыз келе жатқан сияқты.
Тырс етпей тыңдап отырамыз, бір кезде жер дүңкілдейді. Дүнкіл бірте-бірте үдеп, шуға айналады да тура бақтың іргесінен өткендей доңғалақтар бірқалыпты тарсылдап қоя береді; салдыр-күлдір шақ-шақ, салдыр-күлдір шақ-шақ... пойыз жақындап қалды... барған сайын асығулы, барған сайын ашулы... Кенет саябырлап, құмығып барып өшіп, жер астына сіңіп кеткендей болады.
— Николай, сіздің мылтығыңыз қайда?
— Әне, жәшіктің қасында.
Лом секілді ауыр мылтықты аспанға көздеп тұрып басып қаласың. Күре еткен қызыл жалын көк жүзін тіліп түсіп, бір сәтке көз алдың жарқ етеді де жұлдыздарды өшіріп кеткендей болады, төрт құбыланы түгел күрсінткен жаңғырық таза ауаны толқытып, алыстап барып көкжиекте өшеді.
— Ой, керемет болды! — дейді мещанин. — Үркіт, үркітші, барчук, әйтпесе тыныштық бермейді. Қыр басындағы алманы тағы да сілкіп кетіпті.
Тұңғиық аспанды аққан жұлдыздар айқыш-ұйқыш шимайлап жатыр. Жұлдызы қайнаған түпсіз қаракөк күбезге аяғыңның астынан жер көшкенше қадалып ұзақ қарайсың. Сонда ғана бойың тітіреніп, екі қолыңды жеңіңе тығып үйге қарай зытасың... Суық түн, шық басқан шалғын, шіркін, жарық дүниенің рақатына не жетсін!
II
"Антоновка өнімді — жыл көңілді!" Антон алмасы мол болса, деревня да дәулетті: демек, егін де бітік. Сол бір астықты жыл менің де есімде.
Таңғы шықта, қораздар енді айқайлап, пеш мұржаларынан қара түтін будақтай бастаған кезде терезеңді ашасың, салқын бақта кілкіген бозғылт тұманды әр тұстан саңылау-саңылау тесіп тұрған күн сәулесін көргенде шыдамың таусылады - тезірек ат ерттеңдер деп бұйырасың да, өзің жуынуға тоғанға жүгіресің. Жағадағы тал біткеннің жапырағын жел сауып, сидиған бұтақтары көк жүзін түрткілеп тұрады. Тал түбіндегі су мөп-мөлдір әрі мұздай, ауырлап, қоюланып кеткен тәрізді. Түнгі ұйқыңды шайдай ашады, жуынып, жұмысшылармен бірге көпшілік дастарханында ыстық картоппен, кесек тұз сепкен қара нанмен оразаңды ашқан соң Выселканың көшесінде аңға шығып бара жатып астыңдағы ердің тайғанақ былғарысының рақатын сезесің. Күз - әр түрлі мерекенің мезгілі, халық бұл кезде жиынып-терініп алады, тоқмейіл, деревнянын ажары да әдепкіден бөлек. Егер жыл астықты, қырманың қызыл дәнге тіреліп тұрса, ақ шағала қаздар ертеңгілік арығыңда айқайлап жатса, деревняның халі жаман болмағаны. Оның үстіне біздің Выселка ежелден, аталарымыздың заманынан "дәулетімен" атағы шыққан. Выселканың шал-кемпірлері ұзақ жасайтын, бұл да ауқатты тұрмыстың бір белгісі, шетінен денелі, ұзын бойлы, аппақ қудай. Ел ішінде еститінің: "Ойпыр-ау, Агафья сексеннің үшін тауысыпты деседі!" немесе мынадай да әңгімеге куә боласың:
— Панкрат, сен осы қашан өлесің? Жасың жүзден асып кеткен шығар-ау?
— Нені айт деп тұрсыз, қарағым?
— Жасыңыз нешеде деп тұрмын.
— Оны білмедім, қарағым.
— Платон Аполлоныч есіңде ме?
— Әрине, қарағым, білгенде қандай.
— Міне, көрдің бе, жасың жүзден кем емес.
Бай мырзаның алдында тікесінен тұрған шал өзін кінәлі адамдай қысқа ғана езу тартқан. Енді не істейін, құдай алмаған соң жүріп жатырмын дейтін сияқты. Әлі де өлмейтін бе еді, петров күндерінде пиязды көп жеп қойып, ұшына тиіп майып боп кетті.
Мен оның кемпірін де білетін едім. Көрген сайын басы қалтылдап, ентігіп, баспалдақ үстіндегі орындықта ылғи ой үстінде отыратын. "Дәулетін ойлап отырған шығар" дейтін қатындар, өйткені, расында оның сандығында біраз дүниенің жатқаны шындық. Кемпір жұрт сөзін қаперіне алып жатпайды, қалың қабағының астынан алысқа үмітсіз көз тастап, әлденені есіне түсіре алмай қиналғандай көрінетін. Қара торы еңгезердей кемпір еді. Сарафаны өткен ғасырдың мұрасы, шұлығы - өлікке ғана кигізетін, мойыны кеуіп қалған сап-сары, көйлегі өңірлі - қашанда аппақ, осы бойда табытқа салсаң да болады. Есік алдында үлкен тас жатушы еді, көріне қақпақ болады деп өзі сатып алған, кебіні де даяр -жиек-жиегіне періштенің, крестің суреті салынып, дұғасы да жазылып қойған.
Выселкадағы үйлер де шалдардың өздеріне шақ: аталары кірпіштен салып кеткен. Савелий, Игнат, Дрон секілді дәулетті мұжықтардың ауласы бірімен-бірі жалғасып жатады, өйткені ол кезде ірге бөлісу әдетке кірмеген. Мұндай отбасылар омарта ұстайды, қаракөк айғырларын мақтаныш етеді, қора-саймандары қашанда ұқыпты. Қырмандары қалың ерменнің арасында, қоймалары тақтай шатырлы, амбарларында темір есік, мұнда былғары, қайыс, аяқпен басатын ұршық, тонның неше түрі, аттың әбзелдері, жезбен қақталған безбендер сақталады. Қақпа мен шанаға қыздырып крест басқан. Есімде, осыларды көргенде мұжық болсам деп армандаушы едім. Ертеңгілік, күн шыға деревняны аралап келе жатып шөп шауып, егін орып, астық соғып, қырман мен қамбада ұйықтау қандай рақат деп ойлайсың, ал мереке күндері күнмен жарыса тұрып, селоның көңілді он-күйіне елтіп, бөшкенің салқын суына жуынып, жаңа көйлек кисең, шалбарың да жіптен жаңа шыққан, аяғыңдағы тағалы етігің тастан да таймайтын мықты болса тіпті ғанибет емес пе! Енді бұған қоса бұладай бусанып тұрған дені сау, әрі көрікті жарың болса ше, әсем киіндіріп мерекелік асқа алып барсаң, одан соң сақалы қауғадай қайын атаңның дастарқанына келсең ғой - алдыңда ағаш табақта буы бұрқыраған қойдың еті былқып тұрса, мөлдіреп бал тұрса, ішкенің бал сыра болса - бұдан артық не арманың бар!
Дворяндардың орташа тұрмысы әлі де менің есімде - осыдан біраз бұрын ғана үй-жайы, ежелгі ел дәулетімен салыстырғанда бай мұжықтардан онша айырмашылығы жоқ еді. Мысалы, Выселкадан он екі шақырымда тұратын апайымыз Анна Герасимовнаның усадьбасында жиі болатынмын. Оған жеткенше атың да болдырады. Егер соңыңнан ерткен бір үйір итің болса, жолды аяңмен өлтіресің, өзің де асыққың келмейді, күн жарқырап тұр, салқын самал. Мидай жазық, қылт еткен күншіліктен көрінеді.
Аспан жеп-жеңіл, кеңдігі мен тереңіне көз жетпейді. Бүйіріңді күн қыздырып, жауыннан кейінгі қақтанған жол арба ізімен тобарсып, рельстей жарқырайды. Маңайың көгеріп, көсіліп жатқан күздік бидайдың желкегі. Көк аспанға әлдеқайдан күйкентай ұшып шығады да қанаты дірілдеп бір орыннан тапжылмай тұрып алады. Телеграф бағандары оқтай тізіліп көкжиектен асып бара жатады, ашық аспанда күміс ішектей созылған солардың шыжымы. Сол шыжымға қонақтаған құстар нота қағазындағы қара ноқат тәрізді.
Басыбайлы шаруаны көрген де, білген де емеспін, бірақ Анна Герасимовна апайдың имениесінде соның ізі сезіліп тұратын. Аулаға кіргеннен-ақ оның әлі тірі екенін бірден білесің. Усадьба онша үлкен де емес, бірақ көне әрі мызғымайтын берік, жүз жылдық тал, қайыңмен қоршалған. Аула ішінде қосалқы үйлер толып жатыр, онша биік болмағанмен бәрі де жуан бөренелермен қиып салынған, сабан шатырлы. Ұзыны мен биіктігінен бөлек көрінетін тек көпшілік үйі, имение сословиясының соңғы могикандары да сол үйден шығып жатады - әлдебір қаусаған шалдар мен кемпірлер, Дон-Кихотқа ұқсаған отставкадағы саудыраған аспазшы. Аулаға кірсең болды, бәрі де көгендеген қойдай тізіліп иіліп сәлем беріп жатқаны. Күйме сарайынан ат алуға кетіп бара жатқан ақбас арбакеш жалт бұрылып, шәпкесін шешеді де саған емпеңдеп жеткенше қызылшақа басын жарқыратып бүкіл ауланы кесіп өтеді. Бұрын ол апайымыздың атқосшысы еді, қазір оны шіркеуге апарып қайтуға ғана жарап жүр - қыста шанамен, жазда доңғалағын темірмен қырсаулаған, кәдімгі поптар мінетін арбамен. Апайдың бағы күтімсіздігімен, бұлбұлымен, күңкілдек кептерімен, алмасымен аты шыққан, ал үйі - шатырымен. Бақтың іргесінде, ауладағы алдымен көзге түсетін де осы үй - ағаштардың астында көміліп тұр, онша үлкен де емес, аласа ғана, бірақ талай ғасырға төтеп беретіндей атамзаманғы қарайып, қатып қалған сабан шатыры сонадайдан менмұндалап шалқаяды. Маған оның алдыңғы фасады ылғида тірі нәрсе сияқты көрінуші еді: басына дағардай бөрік киген кәртәміш шал, жаңбыр мен күн көзінен шаршаған терезелер - жанары суалған екі көз. Сол екі көздің екі жағында екі бірдей колонналы баспалдақ. Соның күнқағарында қашан көрсең де тоқ көгершіндер томпайып отырады да торғай дегенің шатырдан шатырға жаңбырша жауып жатқаны... Боз аспанның астындағы осы бір жып-жылы ұяға түскен қонақ біткен қашанда риза.
Үйге кірген бетте алдымен аңғаратының - алманың иісі, одан соң барып қызыл ағаштан жасалған көне жиһаз бен терезе көзіндегі кептіріп қойған үйеңкінің гүлі... Барлық бөлмелер - жалшылар тұрағы, зал, қонақ бөлмесі қашанда салқын әрі күңгірт: өйткені үйдің айналасы ағаш, терезелердің үстіңгі шынысы көк немесе бозбен боялып тасталған. Тым-тырс, құлаққа ұрғандай тыныштық, тап-таза, креслолар, әшекейлі үстелдер, алтынды рамадағы айналар өмірі орнынан қозғалмайтын сияқты. Алдымен жөтелі естіледі де соңынан апайымыз шыға келеді. Иығында көлдей парсы шәлісі. Онша ірі де кісі емес, бірақ мынау өзінің мүлкі секілді мығым. Шіреніп шыққанымен жүзі жылы, бірден ескінің салты, мұра жайында әңгіме қозғайды да сол әңгіменің үстінде дастарханда Антон тұқымынан бастап алманың неше түрі қаптап кетеді, мұнан да тамашасы - дәм-тұзы, бұршақпен бөктірген сұр ет, жанышталған тауық пен түйетауық, маринад пен қызыл квас, онысы таңдайдан кетпес керемет тәтті... Баққа шығатын терезе көтеріліп, күзгі бой сергітер салқын леп лап қояды...
III
Соңғы жылдары помещиктердің өшіп бара жатқан рухын ұстап тұрған аңшылық еді.
Кезінде Анна Герасимовнаныкі секілді усадьбалар екінің бірінде кездесетін. Тозып бара жатқандары да болды, бірақ жері үлкен, жиырма десятина бағы бар, аста-төк өмір кешті. Рас, солардың кейбіреуі күні бүгінге дейін сақталған, алайда оларда тіршілік жоқ... Тройка да жоқ, салт "қырғыз" да жоқ, тазы да, құмай да жоқ, ең бастысы - менің марқұм бажам, аңшы-помещик Арсений Семеныч секілді иесі де жоқ.
Қырқүйектің соңында бақ пен қоймаларымыз қаңырап бос қалады, ауа райы да күрт бұзылады. Бейбастақ жел күні бойы ағаштарды жұлқылап, толассыз жаңбыр ертеңнен кешке дейін төгеді де тұрады. Ара-тұра түнерген бұлттың жыртығынан батып бара жатқан күннің алтын шапағы жылт ете қалатыны бар: әп-сәтте ауа тазарып, жел шайқаған жапырақтар мен бұтақтардың тірі торының арасынан шаншылған күн сәулесі көз ұялтады. Теріскейдегі қорғасындай ауыр бұлттардың иығында мұздай көк аспанның шеті жалтырайды, қорғасын бұлттардың бауырын тесіп, қарлы бұлттардың аппақ таулы өркештері жылжып келеді. Терезе алдында тұрып, "мүмкін күн райы түзелер" деп үміттенесің. Бірақ жел басылар емес. Бақты алай-түлей жұлқылап, үй мұржасынан шыққан түтінді жыртып ала жөнеледі де тағы да күл секілді жырым-жырым бұлтты қуалап тығады. Жер бауырлап зулаған сол бұлт түтін сияқты күн көзін кірпік қаққанша тұмшалап тастайды. Бозғылт арай сөніп, көк аспанның терезесі жабылады, ал бақ ішінен тіршілік қашып, тағы да жаңбыр басталады... алғашында сыбырлап, ептеп қана, бара-бара үдеп, дауылды нөсерге айналады да қара түнек басады. Ақыры үрейлі де ұзақ түн келеді...
Осындай алай-дүлейден соң бақ жалаңаштанып, жылбыраған сыз жапырақтан еңсесі түскендей салбырап, бір түрлі жетімсіреп қалады. Есесіне аспан қайта ашылып, күздің ең соңғы қоштасу мерекесі - қазан айының басында жайнап шыға келгенін көрсеңіз! Ағаш басындағы селдір жапырақтар енді алғашқы бозқырауға дейін желбіреп тұрғаны. Қарайған бақ боз аспанның күмбезіне телміріп, жылуы жоқ болса да жарқыраған сәулеге күншуақтап боқырауды күтеді. Жазық алқаптың бір тұсы сүдігерден қара барқыт, енді бір тұсы күздік бидайдың тебіндеп келе жатқан желкегінен көкпеңбек... Аңға шығатын да мезгіл жетті-ау!
Мен өзімді Арсений Семенычтің усадьбасында, үлкен үйде жүрмін деп сезінемін, трубка мен папиростың түтініне мелдектеген кең зал. Халық лықа, бәрі де күнге тотығып, желқақты болған жігіттер, үстерінде күрте, аяқтарында ұзын қонышты саптама. Жаңа ғана ыңқия тойып түстенген, қызара бөртіп, аңға шығар алдындағы бөспе әңгімеге елірісіп отыр, бірақ арақтың сарқынын астан соң да төңкеріп ішуді ұмытпайды. Ал тыста керней боздап, иттер бейберекет ұли бастаған. Арсений Семенычтің қара құмайы үстел үстіне қарғып шығып, табақтағы тұздықты, қоян сирағының қалдығын асай бастаған. Кенет жанұшыра қыңсылап, табақ пен рюмкаларды төңкере үстел үстінен секіріп түсті: қамшысын ұстап кабинеттен шыға келген Арсений Семенычтің күрс еткізген револьверінің даусынан құлақ тұнды. Залдағы түтін бұрынғыдан да қоюланып, Арсений Семеныч былқ етпей күліп тұр.
— Қап, тимей кеткенін қарашы! - деп өкінгендей жорта көзін жымыңдатады.
Ұзын бойлы, арықтау келген сыптықтай, бірақ иықты, бет-жүзі сыған секілді еркектің көркемі еді. Көзі жайнап тұр, өте шапшаң, үстінде қызыл жібек көйлек, барқыт шалбар, аяқта саптама. Итін де, қонақтарын да шошытып, әзілі аралас қоңыр дауыспен мәнерлеп тақпақтай жөнелді:
Тезірек, тезірек дөн жүйрігін ерттелік
Мүйіз сырнай асынуды ұмытып кетпелік!
— Жә, алтын уақытты арзандатып алмайық! — дейді содан соң.
Кешқұрым. Арсений Семенычтың нөкеріне еріп салқын да сызды ауаны көкірегін кере жұтқан бозбаланың жүрек лүпілін мен әлі күнге ұмытқан жоқпын, Қызыл Қырат, Дүбірлі Арал дейтұғын бір ғана атының өзі аңшының делебесін қоздыратын қалың орманға шулаған иттерді қоя берсең, астыңда аласа ғана арынды білмейтін асау қырғыз болса, тізгінді шірей тартып, тақымды тас қылып қысып қатып қалсаң, шіркін! Пысқырынып, қара жерді тұяғымен ойып түсетіндей тарпаңдап білегіңді талдырса, сары жапырақтың қалың көрпесін бұрқырата ескен күрс-күрс желістен шық басқан иен орман күрсінгендей болушы еді. Алыста әлдебір ит шаңқ еткен, оған екінші біреуі, үшіншісі қосылып, әрберден соң бүкіл орман құдды шыны секілді ит пен адам дауысынан күңгірлеп жөнеледі. Кенет осы шуды қақ жарып мылтық гүрс еткен, жаңғырық бәрін тұншықтырып алыстап кеткенде:
— Алдын тос! - деп шарылдаған әлдебір дауыстан орман шіміркенді.
"Алдынан тосайын" деген бір ой ес-ақылдан айырады. Атыңды тебініп қалып, арқаннан босағандай алдыңда не барына қарамастан ақақтата шабасың. Көз алдыңнан лыпылдап қалып жатқан ағаштар, бетіңнен шып-шып ұрған жапырақтар. Орманнан шыға келгенде көк шалғында созыла шұбырған ала-құла иттерді көресің де қырғыздың басын еркін жіберіп тағының алдын кесуге ұмтыласың, көк шалғын алқап та, сарғайған аңыз да артта қалып, келесі аралға жеткенде абалаған иттердің қарасы көзден ғайып болады. Ақыры алқынған атың да қара терге түсіп, ет қызуымен өзің де көк тер болып тоқтайсың да орманды сайдың мұздай салқын ауасын қомағайлана сіміресің. Алыста аңшылар мен иттердің үні құмыға бастайды, ал сенің маңайың өлі тыныштық. Саңылау-саңылау сидиған ағаштар селт етпей мелшиіп қалған, сен өзіңді әлдебір ит тұмсығы өтпейтін жынысқа келіп қамалғандай сезінесің. Жыра-жырадан саңырауқүлақтың сызы, шіріген жапырақ пен дым тартқан ағаш қабығының иісі алқымды бітеп барады. Орман сызы барған сайын үдеп, ызғар қысып, қасқарайып келеді... Енді қоналқы табу керек. Бірақ қуғыннан соң иттерді жинап алу да қиын. Қалың бытқылда мүйіз сырнай дамылсыз боздап, біразға дейін иттердің қыңсылы мен балағат сөз басылмайды... Ақыры әбден көз байланғанда топырлаған аңшылар тіпті танымайтын әлдебір бойдақ помещиктің усадьбасына киіп-жарып кіреді де қонақтарды қарсы алуға үйден алып шыққан шам, шырақ пен шамның жарығында ауланы абыр-дұбыр шуға толтырып жібереді.
Кейде мұндай қонақжай көршінің үйінде аңшылар бірнеше күн еру боп жататын кездері де болады. Таң атар атпастан суық желдің өтінде, бозқырауды шалғындап аттанысады да ымырт түсе қайтып оралады, үсті-бастары балшықтан сатал-сатал, аттың тері мен атқан аңның терісінен күлімсі иіс мүңкіп, сонан әй келіп ішу басталады. Далада күні бойы суық сорған жұртқа қонақжай үй қашанда жылы. Белдемшелерін ағытып тастап бөлмеден бөлмені шарлайды, есепсіз ішіп-жеп, еденді қанға бояп, көзі шарасынан шыға азуы ақсиып залдың ортасында жатқан арлан қасқырды қалай атқандары туралы сабындай көпіртіп ел естімеген хикаяны соғады келіп. Арақ пен тамақтан соң тұла бойың салдырап, тәтті бір ұйқыны аңсайсың да әңгімені ағынды судың ар жағынан естігендей әсерде боласың. Жел өпкен бетің дуылдап, көзіңді жұмсаң-ақ аяғыңның астынан жер көшіп жөнеледі. Әлдебір бұрыштағы қабырғасына құдай суретін іліп шырақ қойған бөлмеде басың жастыққа тиісімен көз алдыңа ала-құла иттер елестеп, ат үстінде келе жатқандай бүкіл денең сыздайды, сөйтіп жатып осының бәрін - суретті де, иттерді де, сезіміңді де ұйқы дүниесіне өзіңмен бірге ала кеткеніңді білмей де қаласың, ал жатқан жерің бір кезде шалдың шоқынатын бөлмесі екені есіңде де жоқ, өлімі аңызға толы шал марқұм, мүмкін дәл осы төсекте жатып көз жұмған да шығар-ау.
Кейде аңшыларға ілесе алмай ұйықтап қаласың. Сол күндердің рақаты тіпті ерекше. Оянып, төсектен тұрмастан ұзақ жатасың. Үй тып-тыныш. Бөлмелерді аралап пешке от жағып жүрген бағбанның аяқ тықырынан, пеш көмейінен шыққан отынның сытырынан басқа дыбыс жоқ. Алда усадьбаның ұзақты күнге созылатын мылқау тыныштығы. Асықпай киінесің, бақты аралап, ұмыт қалған сұп-суық алманы тауып аласың, бір қызығы, сол алма басқасынан мүлдем ерекше, тым тәтті сияқты көрінеді. Бұдан соң қолыңа кітап аласың - атамыздан қалған, қалың былғары тысты, алғашқы бетінде алтын жұлдыз жапсырған ескі кітаптар. Шіркеу дәптері секілді сарғайып, қурап кеткен парақтарының иісі де ғажап. Қышқылтым, көне иісмайының көк татыған жағымды өңезін еске салады... Әр парақтың шетіне құс қауырсынымен мәнерлеп тұрып жазып кеткен ескертпелері де есте қалады: "көне мен бүгінгі философтардың ой-санасына лайық, ақыл мен сезімнің ғажайып көрінісі" деген жазу ашып жібергенде алғашқы беттен көзге түседі. Амалсыз кітапты оқуға кірісесің. Мынау - Дворянин-философ", аллегория, осыдан жүз жыл бұрын әлдебір сансыз орденнің иесі "қоғамдық ой-сана" дейтұғын баспаханада бастырып шығарған екен, әңгіме төркіні - кезінде "дворянин философ уақыты мен ақыл-ойын қиып, адам санасының биігінен ауласында отырып дүниенің болашақ жоспарын жасамақ болыпты". Бұдан соң " Вольтер мырзаның сатиралық, философиялық шығармаларына" тап боласың да аударманың тамаша әсемдігіне қайран қаласың: "Құрметті менің патшаларым! Эразм алты ондық ғасырда ақымақтыққа мадақ жазған екен (мәнері мен тыныс белгілері қаз-қалпында); сіздер маған енді ақылды көкке көтер деп бұйырасыздар...". Содан Екатерина заманының ескісінен романтикалық дәуірге, альманахтарға, сентиментальді-көпірме, қалың романдарға жетесің... Осы кезде кекек сағат ішінен ыршып шығып, желкеңде тұрып алып мазақтап, йен үйді басына көтереді. Әрі беріден соң жүрегіңді білдірмей сағынышты бір мұң жайлай бастайды...
Мынау "Алексистің құпиясы", ал мынау "Виктор, әлде ормандағы сәби": "Түн ортасы! Әулиедей тыныштық күндізгі айқай-шу мен тұрғындардың дарақы әндерін түріп шықты. Ұйқы біздің жартышырымыздың бетіне өзінің қарақұрық қанатын жайды; бұл енді оның бетінен тас түнек пен арманды сыпырып тастайды... Арман... Сорлының қасіретін қайта-қайта қозғағаны болмаса одан не дауа!". Көз алдыңнан көненің тәтті сөздері көлбеңдеп өтеді: жартастар мен қалың орман, сұрғылт ай, жалғыздық, елес пен албасты, роза мен лилия, "алапес пен делқұлының бейбастақтығы", Людмила мен Алейнаның үлбіреген қолдары... Ал мынау Жуковскийдің, Батюшковтың, лицеист Пушкиннің аттары жазылған журналдар. Сағынышпен әжең есіңе түседі, клавикордта ойнаған полонезін, егіліп отырып "Евгений Онегиннен" үзінді оқитынын еске аласың. Көне, армандай сағынышты өмір көз алдыңа келеді... Бір кезде дворян усадьбаларында көрікті қыздар мен әйелдер өмір сүрген екен. Солардың портреттері қабырғадан маған қарап тұр, шаштарын баяғыша түйген әдемі аристократ бастар қиыла қарап, ұзын кірпіктерін мөлиген мұңды көздеріне түсіріп жіберген...
IV
Помещиктердің усадьбасынан антон алмасының иісі көшіп кеткен. Бәрі де кеше ғана еді, ал маған тұтас бір ғасыр өткендей көрінеді. Выселканың қарттары да жоқ, Анна Герасимовна да дүние салған, Арсений Семеныч өзін-өзі атып тастады... Ұлтарақтай жер иелерінің заманы туды, бірақ бұлар да кедейленіп, жоқшылыққа ұшырауда. Дегенмен сол ұлтарақтай жерге табынған жоқшылық өмірдің барына да шүкір.
Міне, мен тағы да қара күзде өзімді деревнядан көремін. Күн бұлыңғыр, аспан бұлтты. Ертеңгісін атқа мініп, мылтығымды асынамын да жалғыз ит ертіп қырға шығамын. Жел мылтықтың аузын ұлытып, кейде қар қылаулатып беттен осады. Күні бойы мен даланы шарлаймын... Әрі аш, әрі әбден шаршап ымырт үйіріле усадьбаға қайтамын, Выселканың шамы көрінгеннен-ақ түтін иісі танауыңды қытықтап, көңілің көтеріліп, жаның жадырап сала береді. Есімде, біздің үй осы мезгілде "ымырттап", шам жақпастан қаракөлеңкеде әңгіме құруды ұнататын еді. Кіріп келгенде ішкі екінші терезелерді салып қойғанын көремін де қысқы тып-тыныш жайбарақат тіршілікті сағынғандай боламын. Жалшылар лашығында қызметші пешке от жағып жатады, ал мен бала кезімдегідей қыстың ызғары тепкен сабанға жүрелеп отыра кетемін де бірде жалындаған пеш көмейіне, бірде терезеден қарауытып, мұң шақырып ымырт басып бара жатқан тысқа қараймын. Одан көпшілік бөлмесіне барамын: қыздар дөкет пышақтары жарқылдап капуста турап жатады, мен пышақтың тарсылы мен мұңға толы деревняның тамаша әнін тыңдап отырамын. Кейде көршіміз, шағын жер иесі келеді де мені біраз уақытқа ертіп кетеді... Шағын да болса оның өз рақаты жетіп жатыр.
Шағын шаруаның иесі ерте тұрады. Күшене керіліп төсектен тұрады да арзан темекіден, болмаса жай махоркадан шылым орайды. Қарашаның ертеңгілік бозғылт сәулесінен жалаңаш кабинет алакеуім тартып, кереует басындағы түлкінің құла терісін, шаровар, кестелі қисық жағалы көйлек киген қапсағай денелі қожайынды іліп-қашып тұрады да айнадан оның қыпшаққа жақын ажарын аңғарасың. Алакеуім, жып-жылы үйде тас керең тыныштық. Есік сыртындағы дәлізден осы үйді қыз кезінен паналаған кәрі аспазшының қорылы естіледі. Соны біле тұра қожайын:
— Лукерья! Самауыр! - деп бөлмені жаңғырта айқай салады.
Содан соң етігін киіп, белдемшесін иығына арта салады да көйлегінің өңірін түймелеместен баспалдаққа шығады. Есігі бекітулі сеңкеден иттің иісі мүңкиді; еріне керіліп, қыңсылай есінеп, езулерін кере созған тазылар иесін қоршай бастайды.
— Жат! - деп жай ғана зекіген болады да қожайын бақты кесіп қоймаға қарай беттейді.
Таңғы шытқыл ауаны, түнімен бүрісіп, тоңып тұрған бақтың ызғарын көкірегін кере жұтып, жармысы оталып қалған қайыңды тоғайдың түбіндегі қарайып кеткен қу жапырақтарды бытырлата кешіп барады. Бұлыңғыр аласа аспанның астынан шатыр жиегінде ұйықтап отырған кептерлердің үрпиген нобайы көрінеді... Аңға шығу үшін таптырмайтын күн. Аллеяның ортасында қожайын біраз аялдап, күзгі далаға, бұзаулар жайылып жүрген күздік бидайдың көк алқабына ұзақ қарайды. Құмайдың екі қаншығы қыңсылап оның етігін аймалап жүр, ал Заливай бақтың сыртына шығып кеткен: тікенді бұталардан секіріп, аңшыны түз даласына шақыратын секілді. Бірақ құмаймен қазір не бітіресің? Аң қазір жазықта, сүрлеу мен жымда, орманға жоламайды, өйткені жапырақтың сылдырынан үркеді... Шіркін, тазы болар ма еді!
Қырманда астық соғу басталған. Молотилканың барабаны жай ғана гуілдеп тұр. Қомыт-сайманды керіле тартып, қи шеңберін шыр айналып аттар жүр. Шеңбердің ортасында, орындық үстінде айналып отырған айдаушы айқайлап қойып, үнемі көзі таңулы ұйқылы-ояу шабан боз керікті бишікпен шықпырта береді.
— Қыздар, әй қыздар, тездетіңдер! - деп кенеп көйлек киген бау лақтырушы шырылдап тұр.
— Құдай оңдасын! - деп жігіт алғашқы бауды барабанның көмейіне атып жіберді, бау сықырлап, бытырлап быт-шыты шығады да шаңы аспанға бірақ бұрқ етеді. Барабанның гүжілі бұрынғыдан күшейе түседі де жұмыс қызып, кешікпей тарсыл-күрсіл бір-бірімен ұласып, дән соғудың құлаққа жағымды гуіліне айналады. Қожайын қырман аузында қызылды-жасылды орамалдардың қара көлеңкедегі желбірін, сабанды қапсырып, тырмауыш ұстаған қолдардың қимылын бақылап, барабанның гуілімен жарысқан ат айдаушының ысқырығы мен айқайына риза болып тұрғаны. Топан бұлтша будақтап қақпадан бұрқырайды. Есік көзінде тапжылмай тұрған қожайынның үсті-басын шаң тұтқан. Жиі-жиі далаға көз тастап қояды... Кешікпей дала да боз тартар, кешікпей оны да бозқырау басар...
Бозқырау қардың басы. Тазы жоқ, қарашада аңға шығар амал да жоқ; бірақ қыс келісімен құмаймен де "жұмыс" басталады. Сонда тағы да баяғыдай шағын байлар бір-бірін тауып, тағы да соңғы тиын-тебендерін қағып-сілкіп ішіс басталады, күні бойы қарлы түзде қаңғырумен күн өлтіреді. Ал кешкісін қайдағы бір түкпірдегі хутордың флигелінде қысқы түннің шымылдығын тесіп от жылтырайды. Сол қуықтай тар флигельде темекінің түтіні қалықтап, балауыз шырақ сығырайып, гитараның шектері күйге келеді...
Ымыртта жынданған жел бебеу қақты,
Қақпамның жусап тұрған аузын ашты —
деп, әлдекім қоңыр дауыспен бастайды. Басқалары бет-бетімен жамырап, монтаны әзілдескен болып мұңды дауыспен қостайды:
Қақпамның жусап тұрған аузын ашты,
Ақ қармен сайрап жатқан жолды басты...

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: әңгіме Иван Бунин Антон алмасы туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Иван Бунин Антон алмасы на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке