Жұмбақтар жауабымен: Адамның дене мүшелері (тырнақ, шаш, ауыз, бет, тіс, бас, тіл, саусақ, кіндік, құлақ, көз бен мұрын)

Жұмбақтар жауабымен: Адамның дене мүшелері (тырнақ, шаш, ауыз, бет, тіс, бас, тіл, саусақ, кіндік, құлақ, көз бен мұрын)

Қолымда он жүзігім ал шығармай,
Бір бөрі мал жейді екен қан шығармай.
Төрт торы, екі сала жұмбағым бар,
Мұны тапқан мені алсын мал шығармай.
Он тырнақ, ұстара, жылдың төрт мезгілі

Бір жанды мақлұқ көрдім пошымы бөлек,
Бір тау бар ортасында дөп-дөңгелек.
Үстіне шыққан шөбі бәрі тегіс,
Мал жемес, шауып алып неме керек.
Сол таудың ортасында екі өзен.
Астында бұлағы бар, алды кезең.
Не астына, не үстіне шыққан шөп жоқ,
Адамзат көргенің жоқ ондай өзен.
Сол таудың етегінде жалғыз құдық,
Беткейде асыл таспен аузын қиып,
Ішіне кірген нәрсе тірі шықпас,
Асыл тас жібереді бәрін қиып.
Адамның басы, беті, аузы, тісі

Еңкейсем еңкейеді,
Шалқайсам шалқаяды.
Көлеңке

Ақ күшігім арбадан қарғып түсті.
Түкірік

Жайлаған бір көшеде отыз бөрі,
Он жігіт сол бөрінің қызметкері.
Сайраған ортасында жалғыз қызы,
Бүркейді оның бәрін екі тері.
Отыз тіс, тіл, он саусақ, екі ерін

Он атты, он жаяу, қырық найзалы,
Қыздың сөзі пайдалы.
Асыққаның аяңдай тұр,
Асықпасаң бір-біріңе таялмай тұр.
Аяқтың, қолдың саусақтары, қабырғалар және тіл

Жиырма баласы бар төртеуара,
Бірі ұзын, бірі қысқа дара-дара.
Қандайлық іске қоссаң ерінбейді,
Білімпаз мамандығы болған сара.
Аяқ-қол, саусақтар

Бір тауды мекен еткен отыз бөрі,
Он кісі, отызының жұмыскері.
Сол таудың ортасында бағлан қозы,
Масайрап секіреді әрі-бері.
Тіс, саусақ, тіл

Ағайынды он батыр,
Екі айыр жолда тұр.
Екі яқ, он башпай

Жаламада жалғыз тұяқ.
Кіндік

Отыз екі пышақтың
Ортасында бір ат тұр.
Тіс пен тіл

Төбеде қос қалқаным,
Әлемнен үн тартамын.
Құлақ

Оймақтай қос көл жатыр,
Ортасында бел жатыр.
Көз бен мұрын

Айдын көлді айнала
Солдаттар тұр сайлана.
Көз бен кipпiк

Көре кетсең болғаны
Көз тігеді ол-дағы.
Жүрсең, бірге жүреді,
Күлсең, бірге күледі.
Жоқ, бірақ та, жүрегі,
Бұл затты кім біледі?
Айнадағы бейне

Отын емес жағатын,
Пішен емес шабатын.
Бірақ, адам шашапайды,
Айлап орып тастайды.
Биік жерде өседі,
Мұны не зат деседі?
Шаш

Екі шырақтың арасында бір өзім.
Мұрын

Таңертең төрт аяқты,
Күндіз екі аяқты,
Кешке үш аяқты.
Адамның балалық, есі кірген, қартайған шағы

Қара жолақ созылған,
Дала, қырат, таулардан.
Ол не, тап!
Ол - ...
Қас

Оларды сеппейді, тікпейді көшетін,
Өйткені олар ..., өздері өсетін.
Шаш

Біз оны бастан аяққа дейін
Қысы-жазы киеміз,
Тіпті түнде де шешпейміз,
Өйткені ол біздің ...
Теріміз

Жас кезіңде өзіңмен қатар.
Қартайғанда алда.
Еңкейген кәрінің басы, кеудесі.

Аралайсың әлемді,
Шаршамайды ол енді.
Көз

Қатуды білмейтін қос қайнар.
Көз

Жағасы құрақ,
Мөлдір суат.
Көз

Күміс қасықтың
Асты алтын.
Тіл мен сөз

Бір беткейде екі көл.
Көз

Бiрi – ыдысқа керек,
Бiрi – жүрiске керек.
Аяқ

Күндіз бар,
Түнде жоқ.
Түзде бар,
Үйде жоқ.
Көз жұмсаң
Мүлде жоқ.
Көлеңке

Бес жігіт біреуінен біреуі аласа,
Тұрады төрті көрші, бірі оңаша.
Бастары бірікпесе кетер әлі,
Ырқына бір-бірінің ұнамаса.
Тастайды тау қпарып, көл қотарып,
Бесеуі бір ниетпе шыға қалса.
Бес саусақ

Бір күнде туған туыс бес,
Бойлары неге тең емес.
Бес саусақ

Адам боп жаратылған бес арыстан,
Бойлары бесеуінің бір қарыстан.
Құдайдың құдіретіне таңғажайып
Бесеуінің арасына тас жабысқан.
Бес саусақ, тырнақ

Шашбау,
Шашбаудікі бес бау.
Қол, бес саусақ

Бірі үлкен, бірі кіші,
Туысқан бірге бес кісі.
Бес саусақ

Кезек-кезек сермейтін,
Жүргенде қанатым ол.
Түрлі еңбекке икемдейтін,
Ауырсынбай баратын сол.
Екі қол

Бес балалы екі досым,
Біреуінің ебі жоқ,
Екеуінде бірдей көрем,
Маған артық кемі жоқ.
Екі қол

Қимылда қос шебер,
Талай-талай іс бітер.
Екі қол

Асқар бел,
Асқар белдің аржағында ақ өткел,
Ақ өткелдің аржағында кішкене тау,
Кішкене таудың аржағында қиған қамыс,
Қиған қамыстың аржағында мидай дала,
Мидай даланың аржағында қара қопа,
Қара қопаның ішінде қара шошқа,
Қара шошқаны алады жалғыз тоспа.
Иек, ауыз, мұрын, қас, маңдай, шаш,бит, тарақ

Бір топ қамыс,
Бір топ қамыс астында қиған қамыс,
Қиған қамыс астында жылтырауық.
Жылтырауық астында пышылдауық,
Пышылдауық астында тебендеуік,
Тебендеуік астында қатар-қатар тас,
Ортасында жылмаңдауық.
Шаш, қас, көз, мұрын, ерін, тіс, тіл

Қалың қамыс, қалың қамыс,
Астында қия қамыс.
Пысылдауық, пысылдауық,
Астында сақылдауық.
Шаш, қас, мұрын, ауыз

Үрпек-үрпек тау,
Үрпек таудың астында екі жарық жұлдыз,
Оның астында екі тышқақ тоқты,
Оның астында жатқан тағы бір құндыз.
Шаш, көз, қас, мұрын, мұрт

Бір таудың адам жүрмес қиясы бар,
Екі самұрық ,қос қыран ұясы бар.
Бітіпті етегіне құрма ағашы,
Басында бұлбұл құстың ұясы бар.
Бас, көз, құлақ, тіл, ауыз, сақал

Бір таудың басында бар бір топ тоғай,
Ойлаған ақыл-ойға жұмбақ оңай.
Сол таудың етегінде бір сарай бар,
Жүк әкеп түсіреді он бай ноғай.
Бас, ауыз, қол

Бір тауда мекен еткен отыз бөрі,
Ол кісі отызының қызметкері,
Жанында екі адам қарауына
Жүрмейді бірі ілгері, бірі кейін.
Тағы да екі адамнан тыңшысы бар,
Есітіп келіп тұрған әңгімені,
Бірінің ортасында бағлан қозы,
Секіріп ойнап тұрған әрі-бері
Істейді біреуді екеу, қиынды оңай,
Қозыдан пәрменменен шыққан желі ,
Сол тауда мекен еткен бөрілердің,
Бойы бар ұстап көрсең екі-ақ елі.
Жалмаймын жер жаһанды десе-дағы,
Көрсетпейді қымтап тұрса екі тері.
Бас,отыз тіс, екі көз, екі құлақ, тіл, ерін

Мың қойымды бір шыбықпен айдадым.
Шаш, ұстара

Мың қойым суға кетті ,
Байжан ақсақал қуа кетті.
Шаш, ұстара

Шығыпты тау басына бір топ раң,
Төбенің бірі -қара, бірі-қылаң,
Қылышын қынасынан жылмаңдатып,
Раңның бірін қырмай, бәрін қырам.
Шаш,ұстара

Қара айғырым шабады қамшыламай,
Қара жерге аяғын шаншып алмай.
Бір төбенің басына шығып алып,
Мың қойды қасқыр жепті қан шығармай.
Ұстара, шаш, бас

Қары бар Қаратаудың кетпейтұғын,
Ішінде бір бұлақ бар кеппейтұғын,
Бұзылып алтын кісен босқа қалса,
Ұста жоқ ол кісенді септейтұғын.
Ағарған шаш,мұрын сорасы,тіс

Қар жауды таза жерге кетпейтұғын,
Түбінен қайнар шықты кеппейтұғын.
Алтыннан соққан қала бұзылыпты,
Бар ма жан оны соғып ептейтұғын.
Ағарған шаш, мұрынның сорасы, түскен тіс

Қар жауды Қаратаудың басына кетпейтұғын,
Етекте екі бұлақ кеппейтұғын,
Бір тауда бір диірмен босқа қалды,
Бар ма екен сол диірменді ептейтұғын.
Ағарған шаш , көздің жасы, тіл, тіс

Мен жұмбақ айтайын табасын ба,
Айналып ақ қаланы шабасын ба?
Тіл, тіс

Бір отаудың ішінде отыз бөрі,
Бар жалғыз қызметкері өте епті.
Он жігіт алып барып тастағанда,
Отаудың бүлкілдейді екі жері.
Тіл, тас, саусақ, ерін

Айтайын мен бір жұмбақ ая батыр,
Болғанда асты гауһар, үсті шатыр.
Қазандай қара тастың сол түбінде,
Бір түрлі адам таппас заһар жатыр.
Тіл, тіс, ауыз

Бір төбеде үш бастау,
Біреуінің суы - тәтті,
Біреуінің суы - ащы,
Біреуінің суы - сор.
Ауыз, жас, сор

Бір ұраның аузында
Бір бау сора.
Ауыз бен сақал, мұрт




Абайлап жүргін алдында,
Аңқайған ұра тұрыпты.
Ол ұраның ішінде,
Гауһардан қора тұрыпты.
Ол қораның ішінде
Ақылды дана тұрыпты.
Ол дананың түбінде,
Білімді бала тұрыпты.
Асты менен үстінде
Балаға пана тұрыпты.
Барлығына пана болып,
Ата менен ана болып,
Қаулаған сора тұрыпты.
Ауыз, тіс, тіл, көмекей, таңдай,сақал, мұрт

Бір сарай, бір миыммен тазаланған,
Екі серік бір досы бар қасына алған.
Болғанда еден гауһар, желден самал,
Жер жүзі сайран болған жалғыз талмен.
Ауыз, сөз, ерін, тіс, таңдай, леп

Ағады тау басынан сегіз бұлақ,
Төртеуі ащы, үшеуі тәтті тым-ақ.
Ащы да емес, төртеуі күшті де емес,
Екі жапырақ өспейді тіпті бірақ.
Екі құлақ, мұрын, екі көз, ауыз

Дарияның інжу-маржан шеттерінде,
Не кітап, оқу жоқ беттерінде.
Қайын ба, қарағай ма, яки тал ма,
Тармасқан тоғай таудың бөктерінде.
Адамның бет-аузы, келбеті, сақал-мұрты, сөзі

Ала тайынша шаң көтермейді.
Көз

Көреді бәрін өзгенің,
Көрмейді бірақ өздерін.
Көз

Бір тауда жанады екі шырақ,
Бір жанады, бір өшеді.
Көз

Құстан ұшқыр, тездігі оқтан бетер,
Бес жүз жылқы аспанға оқтай жетер.
Ақылменен ойланып қарасаңыз,
Жылдамдыққа нәрсе жоқ онан өтер.
Көз

Кіп-кішкене қараша,
Тұрған жері тамаша.
Бір секундта жер-көкті
Алады шарлап қараса.
Көз

Көріп едім бір үлкен дарияны,
Барша қыз мекен етіп жатыр оны.
Ішінде ерлі-байлы екі аққу бар,
Жарықтық жеті сарбас балалары.
Көз

Меккеде бір ағаш бар түбі жуан,
Он екі ұл, алпыс екі қызы бір күні туған.
Он екі мүше, алпыс екі тамыр

Алпыс екі мәуелі шынар ағаш,
Ағашқа біткен бұтақ жалғас-жалғас.
Және де екі тесік бір мешітте,
Қаланған кірпіші бар іргесінде.
Бір әйнек шыны да емес, темір де емес,
Жасауы сынып кетсе қолдан келмес.
Жұмбағым тез ойланып тауып берші,
Сен-дағы жігіт едің өзім теңдес.
Адамның жаратылысы

Бір мақұлық жұмыста сорлайды,
Мисыз деп оны жұрт ойлайды.
Саумайды, соғымға соймайды,
Бірақ та мінуін қоймайды.
Қол

Отыз екі орағым бар ғажайып,
Әттен, кейін кетеді ғой азайып.
Тіс

Бірі қысқа, бірі ұзын он бала,
Жұмысында тындыратын сол ғана.
Он саусақ

Түпсіз терең тұңғиық
Бүкіл әлем тұр сыйып.
Көз

Қос қабыршақ қабысып,
Қарбызға тұр жабысып.
Құлақ

Тақырда тайдың ізі.
Кіндік

Ақ дуалдың ар жағында қызыл ат,
Байлауынан бір босамас қызық ат.
Тіл

Егіз қайың,
Бой-бастары тең өскен.
Іске дайын,
Бұтақтары бес-бестен.
Қол

Қимылдаса қос шебер,
Қыруар-қыруар іс өнер.
Қол

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру