Жұмбақтар жауабымен: Мамандықтар (шаштараз, аспаз, агроном, мұнайшы, журналист, футболшы)

Жұмбақтар жауабымен: Мамандықтар (шаштараз, аспаз, агроном, мұнайшы, журналист, футболшы)

Екі шекпен күмбірлеп,
Көңіл сазын сапырады,
Тұлпар шабыс дүмбірлеп,
Желпіндіріп отырады.
Күйші

Отан үшін жан беріп,
Жоғалтқанмен ол атын.
Жүрегі бар мәңгілік,
Халықпен бірге соғатын.
Белгісіз солдат

Құрып қойып өрмегін,
Ұршықтарын ойнатып.
Сәнді мата өрнегін,
Жасайтын кім жайнатып?
Тоқымашы

Рояльда ойнайды,
Бірақ та ән салмайды.
Әріп теруші

Дабылға тез жететін,
Жалынға сүңгіп кететін.
Қақалса да түтінге,
Тайсалмайтын батыл кім,
Жасқанбайтын батыр кім?
Өрт сөндіруші

Көкке ұшқан шарықтап,
Шаңырақтың бауынан,
Ұстап дәйім қалықтап.
Парашютист

Ортасында сан халық,
Белдескенде жан салып.
Жерге тимей жотасы,
Атанған күш атасы,
Айбаттыны кім дейді,
Қайраттыны кім дейді?
Балуан

Оның тіккен бұйымы,
Аяғыңды қаптайды,
Шыға қалса жұлымы,
Әдемілеп баптайды.
Етікші

Өскен шашты жаратпайтын,
Қайшысы бар жалақтайтын.
Шаштараз

Бал татыған мәзір,
Ол бар жерде әзір.
Аспаз

Қараңғыны қақ жарып,
Жүрген кім шам жағып?
Монтер

Жалтылдап қалағы,
Салатын кім қаланы?
Кірпіш қалаушы

Көрінбейді өзі,
Естіледі сөзі.
Радио дикторы

Топырақтың құнарын,
Дәл тауып құрамын,
Қай жерде қай дақыл,
Өнім берер бай дақыл,
Зерттеп дәйім жүретін,
Кім бәрін білетін?
Агроном

Қалпағы ақ қарасаң,
Дәрігер емес, бірақ ол.
Дәм мәзірін қаласаң,
Алға ұсынып тұрады ол.
Аспаз

Өрнектеп, сәндеп,
Тігістерін бүгетін.
Солпысын жөндеп,
Кім көйлек тігетін?
Тігінші

Күміс қанат, сұңқары,
Көкке еркін сүңгиді.
Бұлттан да тым әрі,
Кеткен жанды кім дейді?
Ұшқыш

Ол жетсе ауылға,
Самсар жұлдыз торабы,
Нұр шашып тұрады.
Электрші

Тұлғалы кең иығы,
Мұнара оның тұрағы.
Маң далада бұйығы,
Сөнбей жанса шырағы,
Жер астының сұйығы
Фонтан болып шығады.
Мұнайшы

Төл өсіріп момақан,
Уыз ішкен қоймалжың,
Білсең айтшы, балақан,
Еңбегі зейнет қай малшы?
Қойшы

Айлар бойы жүзеді,
Жерді көрмей жүреді.
Ақ жал таумен алысқан,
Адамды кім біледі?
Теңізші

Шың басына өрмелеп,
Күнге ұмтылар дөңгелек.
Альпинист

Арқан байлап беліне,
Шымырлықпен бекіне.
Өрмелейтін қай өрен,
Шыңның шырқау шегіне?
Альпинист

Кең байтақ туған жеріме,
Кетпесін деп жат із өтіп.
Тыныштық тілеп еліме.
Отанды кім тұр күзетіп?
Жауынгер

Жолының көп азабы,
Сондадағы тынбайды.
Жаңалықты жазады,
Көпшілікті тыңдайды.
Журналист

Өңкей сығай екі топта,
Таласып жүр бір допқа.
Футболшы

Жасыл желек көгалда,
Бірде артқа,
Бірде алға,
Желаяқ көп бала,
Таласып жүр бір шарға.
Футболшылар

Адамның жүзін,
Басы мен көзін.
Айнытпай келбетін,
Салатын кім суретін?
Бейнегер

Маңдайға жағып шырақты,
Лавалардан тұрақты.
Ағызып отын өзенін,
Жылытқан кім өз елін?
Шахтер

Өнерге тән жаратқан,
Көкірегі кең аспан.
Барша жұртты қаратқан,
Бейнегер кім тым асқан?
Қылқалам шебері

Алатаяқ ұстаған,
Жол тәртібін нұсқаған.
Өміріңді күзеткен,
Ысқырығы күшті адам.
Полиция

Айдында жүзеді,
Тірі күміс сүзеді.
Балықшы

Білімнің дәнін тереді,
Балаға тәлім береді.
Ұстаз

Шәкіртке жанашыр,
Мейірман кім, жаны асыл?
Ұстаз

Білімнің жол басшысы,
Шәкірттің қолбасшысы.
Мұғалім

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру