Күз көрінісі
«Күз көрінісі»
Мақсаты: Балаларды күз әлемімен таныстыру. Күз туралы балалардың дүние танымын арттыру, күз мезгілінің қоршаған ортаға әсерін таныту. Күз мезгілінде болатын ерекшеліктерді сахналандыру. Балаларды күз байлықтарымен, күзгі еңбекпен таныстыру. Тапқырлық, жылдамдық, ұшқыр ойлау қабілеттерін дамыту. Табиғатты сүюге, қорғауға тәрбиелеу.
Музыкалық зал мерекеге сай безендірілген.
Әуенмен қолдарына жапырақ ұстап кіріп, шеңберге тұрып, әнге би қимылдарын жасайды.
Жүргізуші: Қуандырып біздерді
Мерекелі күз келді.
Кел, жемісті алтын күз
Кемелденсін халқымыз!
- Қайырлы күн! Армысыздар құрметті ата - аналар мен балалар! Мерекелеріңіз құтты болсын! Күз барлығымызға молшылық, ырыс, қуаныш әкелетін мезгіл. Күзіміз әрдайым берекелі, ырысты болсын!
ӘН: «Күз»
Жандаулет:
Алтын, сары, қызыл, көк,
Алуан - алуан жапырақ
Күзгі бақта күлімдеп
Көз тартады атырап.
Г. Наргиза:
Берекесін сыйлауға
Өлкемізге күз келді
Жемістерін жинауға
Шақырады біздерді.
Рамазан:
О, алақай, тамаша!
Шашу шашты жапырақ,
Бақтың іші алаша
Аунар ма едім, жатып ап?!
Жүргізуші: - Балалар, ненің дауысы? Бірден - бірге күшейіп келеді?
Балалар: - Жел.
Жүргізуші: - Жел қатты болғанда қандай өзгерістер болады?
- Иә, жапырақтар ұшады.
(желдің дауысымен ортаға жапырақтарын жан - жаққа шашып Алтын күз келеді)
Алтын Күз:
Сәлем, өрен достарым
Алақанды тос бәрің
Қымбатты сый алыңдар
Қызығыма қаныңдар.
Ән салыңдар, күліңдер
Жайнап гүлдей жүріңдер
Кел, күз тойын тойлайық
Би билейік, ойнайық!
Жүргізуші: Жапқандай жапырағы іздерді
Қуантып байлығымен ізгі елді
Бір тойдырып қайту үшін елімді
Сабырлы, сары Алтын күз келді!
- Армысыз, Алтын күз. Біз сізді күтудеміз.
Алтын күз: - Ендеше неге тұрмыз, қане би билейік.
БИ: «Жапырақтар»
(Жапырақтармен қыздар би билейді. Билеп болған соң қыздар жапырақтарды шашып кетеді)
Ойын: «Кім жапырақты көп жинайды?»
(Ұлдар жинайды. Кім жапырақты мол жинаса, сол жеңімпаз болады)
Алмұрт - Ақниет:
Мен алмұртпын, алмұртпын
Аузындамын бар жұрттың.
Өрік - Абылайхан:
Мен өрікпін, өрікпін
Табиғатқа көрікпін.
Жүзім - Шаттық:
Мен, жүзіммін
Моншақ болып тізілдім.
Шие - Ұлан:
Шиемін, мен, шиемін
Піскенше тон киемін
Бала келсе қасыма
Басымды мен иемін.
Алма - Нұржас:
Пісіп тұрған алмамын
Тамсандырар бал дәмін
Жерге сілкіп түсірме
Ісіп кетер маңдайым.
Қияр - Нұрасыл:
Дәмім тілді үйірген
Мен тұздалған күйімде
Жаңа піскен кезімде
Жейді бәрі сүйсіне.
Сәбіз - Мұрагер:
Кім бар сәбіз шырынын
Жастайынан ішпеген
Мені жеген адамдар
Кем болмайды күшке де.
Жүргізуші: - балалар, күз мезгілінде нелер піседі? Жемістер қайда өседі? Көкөністер ше? Енді осы көкөністер мен жемістерді екі себетке бөліп жинайық.
Ойын: «Көкөністер мен жемістерді жинау» (Балалармен)
«Ненің дәмі?» (ата - аналармен)
Нұртай:
Көбейеді құт - береке
Астық толы қамбамыз.
Санжар:
Құтты болсын мереке
Алтын күзді тойлаймыз.
Әсем:
Кездескен соң күзімен
Бұтағынан үзілген.
Әсел:
Ай жапырақ – сары алтын
Айналаның бәрі алтын.
Жүргізуші: Шат көңілді балалар
Шаршағанды білмейді
«Алтын күз» мерекесіне
«Шөжелерім» биін билейді.
БИ: «Шөжелерім»
Тауық: - Бүгін сендер қандай әдемісіңдер? Күз мезгілінде табиғат құбылысы түрлі өзгерістерге енеді. Жаңбыр жауған ұнай ма, сендерге? Жаңбыр жәй, қатты да жауады. «Қандай жаңбыр?» ойынын ойнағыларың келе ме?
Ойын: «Қандай жаңбыр?»
(«жәй жаңбыр» дегенде қолды жәй соғамыз. «Қатты жаңбыр» дегенде қолды қаттырақ соғамыз)
Нұрхан:
Күзім - ау, күзім - ау
Міңезің бұзық - ау.
Қайырқұл:
Жаңбырың сіркіреп
Келгенің қызық - ау.
БИ: «Қолшатыр»
Тауық: - Ой, балалар сендермен ауқыт өте көңілді өтті. Рақмет сендерге балалар! Мен енді достарыма барайын. Сендердің қандай ақылды, көңілді екендеріңді айтайын. Сау болыңдар балалар!
Әуенмен түлкі келеді.
Түлкі:
Мен түлкімін күлкілі
Кім білмейді түлкіні
Алдамаймын ешкімді
Алтынданған күз күні.
Жүргізуші: - Қу түлкі, сіздің бізге келгеніңіз қандай жақсы болды. Іздің балалар сізбен билегісі кеп тұр.
Түлкі: - сендер сондай кішкентайсыңдар, билей аласыңдар ма?
(әуенмен түлкінің қимылын қайталайды)
Түлкі: - ой, жарайсыңдар, кішкентайлар!
Жүргізуші: - Балалар, түлкі өзімен бірге нелер әкелген?
- Сәбіздер.
- Оны түлкі жей ме? Ол қай жануардың тамағы?
- Қоянның.
(Секіріп қоян келеді)
Қоян: - сәлеметсіңдер ме, балалар? Сендерде болып жатқан қандай той?
Жүргізуші: қоянжан, біз бүгін «Алтын күз» мерекесін тойлап жатырмыз.
Қоян: - А - а - а. Менің қысқа жинап қойған сәбіздерімді түлкі алып кетті, маған бермейді (жылайды)
Жүргізуші: - қоянжан, қоянжан сен жылама, біз көмектесеміз, көңіліңді көтеріп ойын ойнайық.
Ойын: «Ақ қоян»
(Ортада ұйықтап отырған қоянды тақпақтап оятады да, шашырап жүгіріп қашады, ұсталып қалған бала қоян болып ойынды жалғастырады)
Түлкі: - Әй, қоян, мерекеде достасайық, мен сені енді ренжітпеймін, ал сәбіздеріңді. Бірде - біреуін жеген жоқпын. Осы сені неге «желаяқ» деп атайды?
Қоян: - Соны да білмейсің бе? Мен өте тез жүгіремін ғой. Сосын айтады ғой.
Түлкі: - ой, қоянжан, мақтанба. Сен менен де тез жүгіре алам деп ойлайсың ба?
Қоян: - Онда көрейік.
(түлкі қоянды қуады, жете алмайды)
Түлкі: Сен расында жеткізбейді екенсің.
Түлкі: Бүгін біздер ойнадық та
Күлдік те, биледік
Қоштасатын кез келді
Біздер енді кетейік.
Қоян: Сау болыңыздар, балалар!
Қуанышбек:
Алқаптан бидайды
Қоймаға ел жинайды
Тырнасы тізілген
Ұнатам күзді мен.
Ерсін:
Мол байлық тергені
Шаттығы қаншалық
Аспанға өрледі
Құстар да ән салып.
Асылназ бен Наргиза: Құстар қайтты ән салып
Бұлт шарлады аспанды
Қыс келді жар салып
Күзгі суық басталды.
ӘН: «Құстар қайтып барады» (орындайтын тәрбиешілер)
Алтын Күз: Балалар, өнерлерін үстем болсын. Сендерге әкелген сыйымды тарту етейін.
Жүргізуші: Күз арқылы білеміз
Жомарттықтың салтын біз
Біз өзіңді сүйеміз
Балалар: Рахмет саған Алтын күз!
- Құрметті ата - аналар, мерекелік ертеңгілігімізді аяқтағалы отырмыз. Берекелі, мерекелі жомарт күздің сыйлаған сыйы, әрбір отбасының ақ дастарқанынан арылмасын, еліміз аман, заманымыз тыныш болсын! Келесі күзге дейін кездескенше!
СОҢЫ
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Базаршолан ауылы,
"Балдәурен" мектепке дейінгі ұйымының І - санатты тәрбиешісі
Кушаева Асел Максутовна
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру