Қияли


Оның қияли түгі де жоқ, ауылдың көп адамдарының бірі ғана. Бірақ қиялилау екені де рас, жұрттың бəрі айтып жүр.
«Əдейі күлдіру үшін істейді» деп, ол жігіттің барған сайын ел аузынан тастамайтын қылжақбас атанып бара жатқанын қызғанатындар да табылатын. Басқаларды білмеймін, əйтеуір, өзім қара жолдың шетіндегі қос бөлмелі ағаш үйге көзім түскенде, сол алқам-салқам қорасы бар, жұпыны баспананың маңында жыбыр-жыбыр ойнап жүрген балаларды көргенде, Саршатамызша да «ғажап» өмір сүруге боларына илана түсемін. Қалай дегенмен қияли жігіттің тіршілігі көз еті өскен кісілердің тəубесін есіне түсірері рас еді...
Тəй-тəй басқан күннен əжесінің бауырында ерке-шолжаң өскен Саршатамыз, тіпті ересек тартқанға дейін шандырланған кəрінің омырауын созғылап сора береді екен. Осылайша «арда» еміп өскен жігіт бұл дүниеде мұң-қайғы, жамандық пен жақсылық, күреске толы жылдар мен бұралаң соқпағы көп жолдар барынан мүлдем қаперсіз, тілін шайнап, сақаулана сөйлеп ержетеді. Өзі еңгезердей тұрықты бола тұра, көрінген баладан баж-бұж етіп таяқ жеп қалатын да, «апама айтам» деп, үйіне қарай безе жөнелетін. Ал жарықтық апасы болса қолына шыбық ұстап, еркесіне тиіскен тамам баланы қуалайтын да жүретін. Бесінші класқа ілдалдалап əрең жеткен ол, əрмен қарай «шаршадым» деп оқымай-ақ қойғаны. Содан соң он сегіз жасқа толып, əскер қатарына шақырылды.
– Апам барса ғана, барамын, – деп пəбескені жыртып тастайды.
Заң барлығымызға ортақ қой, оның саудайылығын тыңдасын ба, дедектетіп ала жөнелгенде, апасы аудан орталығына дейін қалмай еріп барады.
– Шырақтарым, – дейді əскери комиссариаттағы жігіттерге, – Үш жылға шыдайтын шамам бар. Мені қоса алыңдар. Ұлымның шайын қойып беріп, қасында болайын. Басынан сипап отырмасам, ұйықтамайтыны бар еді...
Амал не, апасын əскерге алмады. Жылай-жылай Саршатамыз кетті. Медведка деп аталатын орысы көптеу селоға тоқтап, басқа жігіттерді жинай бастаған бір əредікте «еркеміз» отыра қалып, апасына хат жазады.
«Апа, аман-саумысың. Бізді əкетіп барады. Əзірше Медведка деген қалаға тоқтадық. Шошқалары көп екен. Қайда апарары белгісіз. Құдай басқа салған соң, көнемін де. Сені сағындым. Тірі ораларым неғайбыл. Мұнда соғыс басталып кетті.


қияли, әңгіме


1) Жан-жақтан бомбылап жатыр. Неге екенін білмеймін, киім де, қару да берген жоқ. Соған қарағанда ортамызда шпион болуы мүмкін. Қорқамын, апа, қорқамын».
Саршатамыздың «жан-жақты бомбылап жатыр» деген сөзі тым бекер емес еді. Елу шақырымдай қашықтықта орналасқан Медведка селосы тұсындағы жолды жөндеп, Өскеменнен бері күншығысқа қарай «Шығыс сақинасы» аталар күре жол салынып, тау-тасты дəрі қойып, қопарып жатқаны жəне рас. Үйде өскен бұзау секілді жігітіміз өмірдегі ондай жаңалықтарды қайдан білсін. Иə, бəрі де жаман апасының арқасы ғой.
Тіпті Саршатамыз жалпақ жалғандағы ондай-ондай үлкенді-кішілі оқиғалармен ісі де болмайтын. Екі жағын таянып, түпсіз де шексіз ойдың жетегінде сұлық отырар еді, дəл жанына келіп: «Əй, Сарша» дегеніңше, сені байқамайтын. Не ойлайтынын, қандай жаңалық ашқалы жүргенін күні бүгінге дейін ешкім білмейді.
Үш жыл деген ер-азаматқа сөз бе екен. Жылай-жылай əскерге кеткен Саршатамыз екі иығына екі кісі мінгендей азамат болып оралды. Əскер киімі өзіне жарасады, сырттай қараған адамға соқталдай жігіт, тепсе темір үзетін еркек. Өкінішке орай, үш жыл бойына солдаттардан таяқ жегенін апасына жазған бір сандық хаттары əшкерелеп қоятын. Сауатсыз қария əр келген хатты көрші келіншекке оқытып отырған, ал келіншек білді дегеніміз бүкіл ауданға жайылды деген сөз. Оған қысылатын Саршатамыз ба, үш бүктетіліп өз үйінің табалдырығынан аттады. Төбесі үйдің бел ағашын тіреп тұрып, «здрастите» деген екен. Етегіне сүріне жүгірген апасы мойнынан құшақтап, бетінен сүймекке ұмтылады, бірақ серейген Саршатамыз илікпейді.
– Құлыным-ау, аман-есен келдің бе? – деп жабысады.
– Келдік, апа, келдік.
– Құлыным-ау, дені-қарның сау ма? – деп тырмысады.
– Сау, апа, сау. – Орнатқан діңгек секілді, бүгілмейді.
– Жарығым-ау, əйтеуір, бітіріп келдің бе?
– Шабаш, апа, бітті! – деп қолын бір-ақ сермеп отыра кетті. Ал апасы болса жүгіріп далаға шығып, көрші кемпірлерге «Құлыным əлгі шабашын бітіріп келіпті», деп қуана хабарлап жүр.
Қыс еді. Командировка алып, ауылға бардым. Кейінгі жылдары қар аз жауатын болып жүр. Қызыл асықтан ғана келетін күпсекті Алтайдың желі бұта-қараған, сай-салаға айдап, тығып тастайтын-ды.


2) Аудан мен екі ортаға күніне бір-ақ рет қатынайтын автобус сонау қырдан бері саркүшіктей домалана көрінсе болды, аялдамада құжынап тұрған ауыл адамдары лап ете түсер еді. Одыраңдап келіп, түтін бүрке тоқтаған шағын автобустың жүргізушісі біразға дейін кергіп ашпай қоятын. Қораздана басып дүкенге кіреді, түк шаруасы жоқ болса да почтаға бас сұғады... темекісін асықпай тартып, қыстың қақаған суығына қарамай түкіріктеп тұрып мұқият сулап, тұқылын аяғымен мыжғылап өшіреді, шырт-шырт түкіреді, одан соң ғана... «Қырық бес тиындарыңды дайындаңдар» деп, саңқ етер еді. Осы шақта ауылдың жігіттері жолындағы кемпір-шал, бала-шағаларды қоғадай жапырып итеріп тастайды да, есікке ентелей жетеді. Алғашқы болып автобустың ішіне кіреді. Ең жайлы, жұмсақ деген орындықты таңдап отыра кетеді. Бұдан соң туған əкесі түрегеліп тұрса да, астындағы «тағын» беруі мүмкін емес.
Имене-имене, қысылып-қымтырыла мен де кірдім-ау, əйтеуір. Отырғандардың барлығы танымайтын адамдай бетіңе бақырая қарайды, кейбір иманы бар-ау дегендері болса, көрмеген кісідей теріс бұрылады. Көп жылдан бері Саршатамызды жолықтырмап едім, тегінде кассир отыратын жалғыз кісілік көлденең орындықта қырау басқан терезені тілімен жалап тесіп, сонау қар басқан тауларға көз сата үңіліп отыр екен. Ол аудан орталығына жақындағанша тіс жарып, жақ ашпады. Сол ойланған қалпы, ешкімге де, еш нəрсеге де мəн бермеген қалпы, сыртқа қадалып қалған. Жігіттер «сөйлетеміз бе» деп əрі-бері қажап көріп еді, құлағына да ілген жоқ, естімеген кісідей меңірейіп отыра берді... Соншалықты ауыр ой үстінде... Суық сорған қоңырқай жүзі, түк-түк жағы, жарланып біткен қабақ астындағы оты аз, бірақ алақандай ауқымды көзі – бар-барлығын барлаған адам енді бірер сəттен соң ұлы жаңалық ашатындай салмақты да салиқалы дидарын көрер еді. Саршатамыздың түбіне құрық бойламайтын терең қиялының сыры ауданға бір шақырымдай жер қалғанда ғана ашылды.
– Жігіттер! – деп орнынан ұшып түрегелді. Шағын автобустың ішіндегі темекінің көк түтінінен бір-бірін əрең көріп отырған адамдар селк ете қалды.
– Жігіттер! – деп тағы да қайталады. – Егер бір қойма астыққа бір шібиді қоя берсе, неше жылда жеп тауысар еді?..


3) Саршатамыздың ауылдан шыққаннан бері бас қатырып, сарыла ойлап отырғаны осы екен...
Расында да, неше жылда жеп тауысар еді...


?Оралхан Бөкей


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу

Ілмектер: қияли, әңгіме