Гүлжауһар Сейітжан | Гүлайым

  Гүлжауһар Сейітжан | Гүлайым


— Сен білесің бе? Есім деген кісі бар еді ғой?..

— Мына көрші совхозда тұрады... Осы ауылдан көшті емес пе?..

— Иә.

— Сол кісінің баласын айтамын, не істеп жүр екен?..

— Бітіріп келген, дәрігер. Жуырда үйленіп те алды.

Сол кезде Гүлайымның әлгінде ғана қақпақылдай ойнап отырған тасы төмен қарай ұшып ала жөнелді. Көз қиығымды салдым. Ол лезде жайбарақат қалпынан ажырап, бар ынтасымен маған ұмсына түсті.

— Кімге? — деді, сонан соң даусы жарықшақтанып.

— Өзі қызмет істейтін ауруханадағы бір медсестраға.

Ол енді жүзін жасыра теріс айналған. Мен үнсізбін. Біршама уақыт өтті. Арғы беттен шұбырған мал көрінді. Тас үстіндегі біздің көлеңкеміз де шамадан тыс ұзарып, сонадай жердегі өзенге жетіп қалыпты. Торуылға шыққандай, бірен-саран шыбын-шіркей байқалады. Күн кешкіріп бара жатты.

...Есімнің баласын мен көптен білетінмін. Олар бұрын, расында да, осы ауылда тұрған. Мен онда тұлымшағы желбіреген кішкентай қызбын да, Гүлайымдар жоғары класта оқып жүруші еді. Ана бала да ересек-тін. Аты — Бекжан. Кейіннен екеуі де мектеп бітіріп, институтқа түсті.

Олар каникул сайын ауылға келетін. Гүлайымның анасы қызының қалада оқып жүргеніне, бойжеткеніне қарамастан, үйіне келгенде аяғын қия бастырмайтын. Қызы да бұған онша реніш білдіре қоймайтындай көрінетін маған. Ал алда-жалда бір сұранып шыға қалса, қайтатын мерзімін белгілеп, шегелеп жіберетін және жанында қашан да енесіне ерген қозыдай томпаңдап мен жүремін. Гүлайым қайда барса да, мені жанынан қалдырмайтын. Бұған анасы да риза.

Бірде ол тағы да қиыла сұранып, екеуміз жолдас қызының үйіне қонаққа баруға анасынан рұқсат алдық. Бірақ біз жолдас қызын ертіп, ауыл шетіндегі басқа бір үйге келдік. Жастар әлдеқандай бір кеш ұйымдастырыпты. Бізді Бекжан қарсы алды. Сол кештен бастап мен олар туралы бір құпия сыр түйдім...

— Сен көрдің бе? — деді Гүлайым, біраз үнсіздіктен соң. :

Кімді айтып отырғанын түсіне қойдым.

— Иә, жуырда ғана. Кешке жақын өзеннен су алуға келгенмін. Ол сонау көрінген қойтастың үстінде отыр екен.

Гүлайым маған жалт қарады.

— Иә, сосын?!

— Ештеңе де. Мен жанынан өтіп кеттім. Бекжан да мені байқамады. Соңынан келіншегі келіп, ертіп бара жатқан...

Ол тағы да айта түссе екен деп отыр. Бірақ барым осы ғана. Үндегенім жоқ Ол да соны сезсе керек, қайталап сұрамады. Бізді тағы да үнсіздік басты...

Күн еңкейе түсіп, бір шегі көкжиекке ілінді. Гүлайым қозғалар емес. Мен қойтасқа қарадым. Кісі отыруға қолайлы-ақ Әрі көлденең көзден таса. Ойда жүрген біреулер көрмесе, байқала қоймайды. Оқшау жатқан осы бір тас әлдекімдердің тілегімен әдейі қойылғандай. Айналасындағы үй орныңдай жер тастақ та, әрі қарай белуардан шөп өскен. Жай күндері жұпыны көрінгенімен, адамдар бара қалса, бұл тұс ерекше сәнге бөленіп, көріктеніп сала береді. Қазір кешке қара көлеңкеде жетімсіреп, әлдекімді зарыға күткендей түр білдіреді.

...Гүлайым екеуміз осы тұсқа кір жуа келетінбіз. Басына қиықша орамал тартып, бұрала басқан ол осы өңірдің бар сәулетін келтіріп тұрғандай көрінетін маған. Жанына еріп жүріп, оған шеткері жатқан көйлекті әперіп жіберуді де, кір жуып ұзақ отырып қалғанында ұйыған аяқтарын жаза алмай жатқан оның қолынан тартып тұрғызу, көмектесуді де, ол білек сыбанып алып мөп-мөлдір өзен суына жуған кірлерін шайқап жатқанда, бір шетке барып шолпылдата шомылуды да, маған қарап үнсіз жымиғанын да ұнататынмын.

Кейде біздің жанымызға Бекжан келетін. Ондайда Гүлайым тіпті көңілденіп кетеді. Мен оны ұшқын шашқан қара көздерінен бірден аңғаратынмын. Ол өзінің сол бір жан толқынын жария еткісі келмей, жорта қабағын шытып, әлдекімдерден ұят екенін ескертетін. Дегенмен оның жан шуағы әрбір сөзінен, еркелей басқан жүрісінен, нұр толқыған жүзінен айқын сезіліп тұратын.

Ал Бекжан оның сауалына үнсіз көніп, сонау қойтастың үстіне барып отыратын-ды. Гүлайым жан-дүниесін жайлаған ыстық сезімдерінен жымия күліп, аса бір ыждаһатпен жұмысын істеп жататын.

Оларға қараған мен, мәнісін онша түсіне бермесем де, екеуінің арасында өзгеше бір жылылық жан сүйсінер жарастық барын сезетінмін. Кішкентай жүрегім дүрс-дүрс соғып, оларға бақыт тілейтінмін. Олардың осы күйі бұзылмаса екен, мынау шексіз аспан мен шексіз дала осы пейілін тарылтпаса екен, өмір бойы күн шуағын осылай төгіп тұрса екен дейтінмін...

Арада жылдар өтті. Мен де есейдім. Гүлайым да бірталай кезеңнен асқан. Бұл күнде баяғы сенгіш жәудір көздер тұңғиық тартқан. Баяғы бұралған нәзік денесі толысып, байыпты әсем келіншекке айналған. Оқуын бітірген соң алыс ауданда тұратын бір жігітпен тұрмыс құрды. Жыл сайын қарттарының денсаулығын біліп қайтады. Биыл олар келгенде мен де ауылда едім. Баяғы әдетімен жанына ертіп, сәл қыдырып қайтуға шыққан бетіміз.

Есейіп кеткеніммен, сонау бір күндер жайы есімнен шығар емес. Сұрағым келеді, білгім келеді. Бекжан тағдыры неге өзге дегім келеді. Бірақ жан жарасын тырнап кетемін бе деп қауіптенемін.

Сәлден кейін кері қайттық. Гүлайым өзен бойына көз салып, жай аяңдап келеді. Мен оның түріне қарап өздігінен сыр ашпайтынын ұқтым. Осы мезет өзім де байқамай:

— Бекжан әйеліне сөз де айтпапты. Бір апақ-сапақта үйіне кіргізе салыпты, — деп, қойып қалдым. Гүлайым тоқтап қалған. — Қыздың өзі де аттап қойған соң көне салыпты. Соңынан біреулер Бекжанның неге өйткенін сұрағанда: "Әйтеуір, үйлену керек қой", — депті.

Мен естіген өсегімді бастан-аяқ соға салдым да, бетіне қарадым. Ол болса ащы бірдеңе өзегін өртеп жібергендей, қабағын сәл шытынып, жылап жіберді...

— Сен енді кішкентай емессің ғой, — деген ол төгіліп кеткен көз жасын көп ұзамай-ақ тыйып, — адамдардың бір-бірінің қадірін дер кезінде біле алмайтыны туралы сенің де кейде ойлануыңа тура келген шығар. Бұл ең алдымен әрқайсысымыздың басымыздағы өзімшілдіктің күштілігінен бе деймін. Басқаны былай қойып, бірін-бірі шын сүйді деген жандардың өздері кейде біреуінің үстемдігі бел алып кете ме деп жанталасады екен. Біздің махаббатымыз осындай пендешілікке құрбан болды. Өзімшілдіктің өкінішке ұрындырарын ұмытпағайсың...

Екеуміз үйге кеш оралдық. Мазасыздана күткен анасы біздің алдымыздан шықты. Қызының кіртиген қабағына абыржи қараған оны Гүлайым тез тыныштандырды да, кірді. Мен де үйіме қайттым. Маған сонау бір естен кетпес сұлу сезім тағдыр кәріне ұшырап, күл-талқан болған ана елестеді. Тағдыр дейміз-ау, онымен ойнайтын адамдардың өзі шығар, сірә...



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру