Енеме алғыс хат

Енеме алғыс хат

Өмірде тек алғыстан басқа айтарың жоқ адамдар болады. Тіпті бұл дүниеден озған, арамызда жоқ адамдардың тіршілігіндегі қам-қарекеті, жарқын бейнесі, жақсылығы үнемі есімізде сақталады. Мұндай естеліктерді уақыт өзі қайта оралтып, жадымызда жаңғыртып отырады. Позитивті психологияда «Алғыс хат» деп аталатын тәсіл бар.

Міне, бүгін мен сіздерді осындай уақыт табы жаншымаған, ой-санадан жұтылмаған, ризашылыққа толы мөлтек сыр айтылатын «Алғыс хаттың» мазмұнымен таныстырмақпын. Әрбір әйел адамның түрлі өзгерістерге толы, ыстық-суығын тек өзі ғана сезініп, әр «нүктесін» өзі ғана жүріп өтетін «Өмірлік жол картасы» болады. Осыдан 35 жылдай бұрын дүйім бір әулетке келін боп түстім. Сөйтіп біріне келін, біріне жеңге, біріне абысын атанған жаңа жол айрығына қадам бастым.

Жаңа түскен келінге бірден «тастай батып, судай сіңісіп» кету оңай емес екені белгілі. Міне, осы жолда мені «баптаған», төбесіне көтерген, демеушім болған жанның бірі − ЕНЕМ еді. Ол кісінің есімі Сания. Осы әулеттің босағасын аттаған күннен бастап ол кісінің өмірінің соңына дейінгі ғұмырында еш бет жыртысып, қабақ шытысып көрмеппіз. Өзіммен қоса, туған-туысқа деген сый-құрметті осы әулеттің мүшелерінен көрдім. Кез келген мәселеде ол кісі мені жақтайтын еді. Ол кісі өте еңбекқор еді. Заводта ұзақ жылдар бойы істеген еңбегінің арқасында алған екі бөлмелі үйін маған беріп, өзі қызының қолына көшті.

Сөйтіп маған және үш немересіне басқа қалаға алаңсыз көшуге жағдай жасады. Бізді үлкен қалада біреудің босағасында тентіреуден, толассыз «көшіп-қонудан», «берекесіз қаражат» шығынынан, әкесіз жетімнің күйін кешуден сақтады. Енемнің ер азаматқа тән осы «ЕРЛІГІН» ешқашан жадымнан шығарған емеспін. Ол кісінің маған артқан риясыз сенімі мен қолдауы менім жауапкершілігімді мың еселеп арттырды. Сол кездегі енеммен бірге қабылдаған шешімнің дұрыстығын уақыт көрсетті. Немерелері ер жетті, әрқайсысы бір емес бірнеше оқу орындарын бітірді. Екі немересі шет мемлекеттерде білім алды. Қыз немересі де алдыңғы қатарлы білім ордаларында оқып, екі түрлі мамандыққа ие болды. Енемнің мұнтаздай тазалығы, баппен әзірлейтін тамағы, төзімділігі, ешқашан артық сөйлемейтін қасиеттері кез келген келінге үлгі боларлық қасиеттер еді.

Енемнің: «Сен әлі жассың, теңіңді тапсаң ештеңеге қарамай тұрмыс құруыңа рұхсат беремін!» − деп, маған берген бата-тілегі ол кісінің адами қасиетінің тағы бір көрінісі еді. Алайда бұл мәселеде мен бәз біреулер айғайлап айтатын «обречение» емес, өзім қабылдаған «решение/шешім» арқылы алдыма қойған басқа мақсаттарға қол жеткіздім. Бүгінгі заманда өршіп тұрған ене мен келін дауының толастамауының басты себептеріне: келінді жан-ұяға «қабылдамау», ұлын қызғану, келіннен «қорқып» дүние-мүлкін қорғаштау, дұрыс-бұрыстығына қарамай үнемі баласын жақтау, әр нәрсеге келінді кінәлау және оны оңды-солды жамандау, туысқа қарсы-қою, мүмкіндігінше «жазалау», т.б. жатады.

Ене атанудың жауапкершілігін жете түсіне алмай, «Я главная девочка» статусында «қалқып» жүрген, тіпті болмаса немеремнің анасы ғой, өзім сияқты біреудің қызы ғой деп қарауға зерделері жетпей жүрген енелер баршылық. Иә, мен осының бәрінен ЕНЕМНІҢ даналығының арқасында аулақ болдым. Қазақта «Жақсы ене – анаңдай» деген аталы сөз бар. Өмірімнің «жол картасында» осындай ЕНЕДЕН өнеге алып, шынайы шапағатын сезініп, ақ батасын алғаныма шексіз ризамын. Ол кісіге деген құрметім бір сәт кеміген, сағынышым еш басылған емес.

Ғылым докторы, педагог-тренер, коуч Кулзия Нааби

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру