ҰБТ ның мазмұны өзгереді

 ҰБТ ның мазмұны өзгереді


Сонау кеңестік заманнан бері білім беру жүйесіне жыл сайын қандай да бір жаңашылд­ық енгізіліп келеді. Тәуелсіздік жылдарында жүргізілген тұрақты инновациялар мен реформалар кез келген мұғалімнің міндетті критерийі атанса, әрбір жаңа білім министр­інің міндетті «реформа жасауы» дәс­түрге айналды. Десек те, айтулы салада ауқымды өзгерістер болып жатқанын жасыра алмаймыз. Жыл сайын білім базасы жаңартылып, мектептер жаңа оқулықтар мен заманауи техникамен қамтамасыз етілуде. Білім көрсеткішімен де әлем елдерінде оқ бойы озық тұрмыз. Бұл тұрғыда талас жоқ. Тақырыптың түп-төркіні білім жүйесіне мектеп бітіруші түлектердің «жоғын жоқтап, сойылын соққандардың» тест тапсырудың жаңа форматын енгізуінде болып отыр.



Естеріңізге сала кетейік, ұлттық бірыңғай тестілеу еліміздің білім беру жүйесіне алғаш рет 2004 жылы енгізілді. Содан бері тестілеудің бұл формасына қатысты дау-дамай әлі күнге дейін толастаған емес. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігінің нұсқауымен ҰБТ-ға жаңа өзгертулер енгізу мәселесі қараст­ырылған болатын. Қаузаған істің толық шеші­мі шықпаса да, оң өзгерістің шеті көрінді. Тәуекелшіл істің түйінін тарқатып көрелік. Өзгертулерге сәйкес, ҰБТ енді мектептік және ЖОО орнына түсуге бағытталған деп екі кезеңге бөлінеді. Мектеп бітірушілер мамыр айының соңы мен маусым айының басында мемлекеттік емтихан тапсырады. Бұл – тестілеудің бірінші кезеңі. Аталмыш кезеңде (ұлттық тестілеу) мектеп­ бітіруші түлектер дәстүрлі бес пәннен (қазақ тілі, орыс тілі, алгебра, қазақстан тарихы және таңдау пәні) құрылымы өзгерген тапсырмалар орындайды. Алдымен, қазақ тілі пәнінен эссе жазады, одан соң орыс тілінен 40 сұрақтық тест тапсырмасын орындайды. Қазақстан тарихы­ пәнінен ауызша емтихан тапсырса, алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан жұмысын жазады. Таңдау пәні бойынша 40 тест беріледі. Тест күрделенген, яғни 20 сұрақтың бір жауабы болса, қалған 20-сының бірнеше жауаптары болуы мүмкін. Аталған бес емтиханның тапсыр­маларын Білім және ғылым министрлігі дайындайды. Сәйкесінше, жауаптары да тест орталықтарынан шығады. Сондай-ақ, емтиханға арнайы уәкілдер келіп қатысады. Екінші кезеңде (кешенді тестілеу) талапкерлер ЖОО-ға тәуел­сіз емтихан арқылы таңдаған мамандығына­ сәйкес блокты тестілеуден өтеді. Бітірушілер шілде айында қалаған университетіне барып функционалдық математика, оқу сауаттылығы және екі таңдау пәні, жалпы төрт пәннен тест тапсырады. Математикалық сауаттылықтан 20 сұрақтан тұратын тест (логика мен функционалдық сауаттылыққа арналған тапсырмалар) тапсырмасын орындайды. Ал, оқу сауаттылы­ғынан 4 мәтін беріліп, сол мәтінге қатысы бар 20 сұрақтан тұратын тапсырманы орындау көз­деледі. Қалған екі таңдау пәнінен 40 сұрақтан беріледі. Оның 20-сының бір ғана жауабы болса,­ 15-інің бірнеше жауабы бар, қалған 5-еуі сәйкес­тендіруге арналған тапсырмалар. Бұл кезең­де 120 сұраққа 3 сағат уақыт беріледі.

– Білім және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ұлттық бірыңғай тесті­леу жетілдірілді және трансформацияланды. Тесті­леу өзгеріске ұшырағанымен, негізгі инфрақұрылымы мен механизмдері қалады. Ең бастысы­, біз түлектердің тіліне, тұрғылықты жеріне қарама­стан, барлығына ЖОО-ға түсуге тең жағдай­лар жасауымыз керек. Қазіргі уақытта барлық сұрақтар ректорлармен, мектеп мұға­лімдері және ата-аналармен талқылануда. Біз емтиханды SAT жүйесіне ұқсас етіп жасағымыз келеді. Яғни біз түлектердің білім деңгейін анықтаймыз. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге бүгінгі әлемде қажет компетенциялық қасиеттеріне қарай білімді тұлғаны таңдауға мүмкіндік береміз. Сондықтан ҰБТ мазмұны өзгереді, - деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комите­тінің төрағасы Саят Нүсіпов.

Сондай-ақ, түлектер тестілеуді шілде-тамыз айларында бір рет қана тапсыратын. Жаңа өз­гертуге сәйкес, тестілеуден төмен алған талапкерлер келесі жылдың қаңтар айында емтихан­ды қайта тапсыруға мүмкіндік алады. Бір қуантарлығы, колледж студенттері де ұлттық тестілеуді тапсыруға мүдделі болмақ. Демек, колледж бітірушілері де шартты түрде жоғарғы оқу орнын­а түсуге құқылы болады деген сөз.

Түйін. Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жайлы қарама-қайшы пікірлер жиі айтылады. Оны қолдаушылар «бұдан сәтті жүйе жоғын» алға тартса, қарсылар «тест бітірушілердің білім деңгейіне дәлел емес» дейді. Бір қызығы, осы күнге дейін «Алтын белгі» иегерлері атанып немесе «грантқа» қол жеткізгендердің тестке байланысты сыни көзқарас білдіріп, айып таққандары бой көрсетпеді. «Есегі судан өткендер» бұл даудан шеткері қалары анық. Ал, ұлттық бірыңғай тестілеу орталығына, мұғалімдерге, шенді кісілерге өкпелі – тек сыннан сүрінген түлектер қатары деп ойлаймыз. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» деген тәмсіл бар. Осы себептен де сынақ талабынан сүрінген замандастарымыздың «айнаға өкпелеп», талай үздіктің «бағын ашқан» тестілеуге сын тағуы түсінікті жайт. Кім не десе де, тестілеу өзгертілді. Басталған істің ақырын күтейік.

Құралай ЖАҚСЫЛЫҚ

Дереккөз: "Халық" газеті


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру