Сая Молдайып | Шаниннің феномені Жұмат Шаниннің туғанына 125 жыл

  Сая Молдайып | Шаниннің феномені Жұмат Шаниннің туғанына  125 жыл


Нағыз нар туғандар елін өркениет өріне өрістетпек. Бұл – хақ!

Біз сөз еткелі отырған Жұмат Шанин де елінің рух керуенін бастаған біртуар азамат еді. Тарих солай дейді.

Ең ауыр өкініш - қазақтың марқасқа ұлын қилы заман қылышымен қиып түсірді - «Спектакльді 10 минутқа әдейі кеш бастады, Сталинге қастандық жасамақ болды» деген жала жабылып, атылып кетті.

Бұл туралы және Шаниндер әулеті жайлы атасының мерейтойына арнайы келген қоғам қайраткері, режиссер, драматург, актер Болат Шанин сұхбат барысында әңгімеледі...

- Атамекенге қош келдіңіз, Болат аға!

Шана әулеті мен Жұмат Тұрғынбайұлының тағдыр-талайы хақында білгіміз келгені көп еді...

- Жұмат атамыз Баянауылдағы Желтаудың бауырындағы Қаратал қыстауында 1892 жылы туған екен. Арғы атамыз Қожамберді деген батыр адам болыпты. Бергі атамыз Шана бес ағайынды екен.

Атамыз дарынымен, алғырлығымен маңайын мойындатқан, өнерпаз адам болған. Шанадан - Тұрғынбай, Тұрғынбайдан - Жұмат пен Әкіш туады.

Шана әулеті өз еңбектерімен күн көрген, тұрмыстары кедей болған. Аз ғана малмен жағдайлары түзелмейтінін білген соң, Шана әулеті басқа кәсіп іздейді.

Сөйтіп олар туған жері Желтауды тастап, Шөптікөлге келеді. Мұндағы жаңа ашылған шахтаға түседі.

Ол кезде шахтаның жұмысы адам төзгісіз ауыр болған. Азапты кәсіптің зейнетін көре алмай, ақыры олар Керекуге келсе керек.

Бірі ағаш шауып, бірі үй салып дегендей, еңбек етеді. Ағайындылардың арасындағы ең қарулысы, палуан бітімді Тұрғынбай арқасына ершік байлап, кемеден жүк тасиды.

Ақыры тұрмыстары жақсарып, бес пар өгіз бен арба құрап алады. Жұматтың анасы Қалияның төркін жұртынан әнші, күйші, өнерпаздар көп болыпты.

Бала Жұматтың өнерге бейімдігін, алғырлығын ерте байқаған нағашысы Алтыбай домбыра тартуға баулып, әсіресе Тәттімбеттің сырлы күйлерін, Біржанның әндерін білгенінше үйреткен дейді.

Кейін Ертіс бойына Қаржастардың ортасына көшкен Шана әулеті мұнда да көп еңбектеніп, ағаш кесіп, оны жарып, кептіріп, Омбы қаласына апарып сатумен айналысады.

Бала Жұмат жатақ өміріне бейімделіп, жұмысқа жегіледі. Қыр сахарасындағы бейқам өмірден гөрі тіршіліктің қатал қалыбына түсіп, қатарластарынан ертерек ержетеді. Жұматтың қара жұмыстан гөрі жазу-сызуға, өнерге ептілігін байқаған Тұрғынбай баласын оқытсам деп армандайды. Омбыға барып-келіп жүріп, орысша аздап тіл сындырған Жұматты Омбы уезі Тәнен болысы Қаржас ауылындағы татар мұғалімге береді.

Ол жерде Жұмат орыс алфавитін үйреніп, өз бетінше кітап оқи бастайды, кейін Омбыда оқуды мақсат етеді. Сөйтіп, 1913 жылы жиырмадан жаңа асқан шағында Омбыға келеді. Омбы о заманда патшалы Ресейдің ең ірі шаһарының бірі болған.

Гимназия, училище, кадет корпусы, бастауыш мектептері, театры жұмыс істеп тұрған. Мұнда келген соң Жұмат көп қиындық көріп, ақыры бір зауытқа жұмысшы болып орналасады. Алды-артын шолып, мамандық алуды көздейді.

Болмашы еңбекақысының екіден бір бөлігін орыс мұғаліміне беріп, орыс тілін, арифметиканы, басқа да пәндерді үйренеді. Бұл жылдары Омбыда қазақтың білім мен өнерге ұмтылған талай-талай жастары оқуда болған. Омбы семинариясында білім алып жүрген Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақовтармен танысып, араласады.

- Яғни ірі шаһар Жұмат Шаниннің өнер-білім өрісіне жол ашқан ғой...

- Әрине. Ізденгіш жас жігіт орыс өнеріне ден қойып, аз уақытта мандолин, скрипка ойнауды үйреніп алады, семинариядағы сауық кештеріне барады.

Зауытта жұмыс істеп әрі мұғалім жалдап оқыған Жұмат атам 1915 жылы есепшілер дайындайтын курсқа түсіп, келесі жылы бітіріп, зауыттағы бас есепшінің көмекшісі болады.

Бұл қанды 1916 жыл еді. Зауытта белсенді, көзі ашық жастардың қатарына қосылған Жұмат төңкерісшіл рухтағы жұмысшылардың бел ортасында болып, көп оқиды, жан-жақты ізденеді.

Алайда күнбатыс майданда әбден титықтаған патша үкіметі қазақтан әскер алу ниетіне кіріседі. Солардың қатарына өзге жұмысшылармен бірге Жұмат атам да іліксе керек.

Орыс тілін жетік білген, таптық айқастың ыстық-суығын көріп ысылған Жұмат Шанин зұлымдыққа қарсы тұрушылардың қатарынан табылып, көшбасшы болады. Ол жақтағы адам төзгісіз мехнаттан ақпан төңкерісі құтқарады. Патша тағынан төңкеріліп түсіп, майдандағылардың күні туады, сөйтіп 1917 жылы майдандағы жас жігіттер оралады. Төңкеріс қазақ даласына да кең жайылады.

Жұматтың туыстары бұл кезде қайтадан Желтауға оралып, жаңа кәсіп – жер жыртып, егін салуға кіріскен екен. Сол жылы Жұмат атам Желтаудан жүз шақырым жердегі Қарқаралы қаласына келіп, уездік кооперативке есепші болып орналасады. - Сөзіңіз аузыңызда, жалпы Шаниннің өнерге деген ұмтылысы осы Қарқаралы жерінен бастау алды деседі...

Сол жылдары «Арқалық батыр» пьесасын да жазған екен... - Иә, солай. Қаз дауысты Қазбек бидің мектебі орныққан елде Жұмат атамыз қазақтың үлкен бір рухани әлемінің есігін ашқандай болыпты. Өнердің бар саласы біріккен қазақ театрын ашса деген арманы қанаттана түседі. Кейін қазақтың тұңғыш артистерінің бірі болған сүйікті жары Жанбикемен кездесіп, шаңырақ көтереді. 1920 жылы Коммунистік партия қатарына өтеді. Келесі жылы Павлодар уездік партия комитетінің мүшесі, ал 1922 жылы президиум мүшесі болып сайланады.

Жалпы, Жұмат атамыз бірқатар жауапты қызметтер атқарған екен. 1922 жылы Семей губерниялық партия комитетінің ұсынысы бойынша Зайсан уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Кеңес өкіметін орнықтыру, т.б. қауырт жұмыстарға араласа жүріп, ел ішіндегі әнші, күйші, құсбегі, жыршылармен танысып, біліседі.

Жаңағы айтқан Арқалық батыр жырын осы Семей аймағында Зайсандағы күміс көмей жырау, ақын Ержаннан естіп, жазып алады. Кейін осының негізінде өзінің атақты «Арқалық батыр» трагедиясын жазды. Жоғарыда айтқанымдай, Жұмат ата жауапты қызметтерде жүріп, ара-арасында шығармашылыққа да бет бұрған. Мысалы, Семейде шыққан «Таң» атты журналда 1925 жылы «Торсықбай қу» атты бір бөлімді пьесасын жариялайды. Зайсаннан әкелген «Арқалық батыр» трагедиясын 1924 жылы жергілікті өнерпаздардың қатысуымен қалалық клуб сахнасына қояды. 1920 жылы Семейде құрылған «Ес-аймақ» драмалық труппасының көркемдік жағын басқарады. Оның режиссурасымен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлары» қойылады.

Сөйтіп Жұмат Шаниннің жақсы атағы бүкіл Қазақстанға жайылады. Кейін оқу комиссариатының арнаулы қаулысымен Қызылордаға шақырылады. Отыздың үстіне жаңа шыққан Жұмат Шанин осы елде ұлт театрын құруға белсене кіріседі. Ақыры іргетасын қалап, Қызылорда театры В.Шекспирдің «Гамлетін», А.С.Пушкиннің «Сараң сері», Б.Майлиннің «Майдан», І.Жансүгіровтің «Кек» пьесаларын сахналайды.

- Сонда оқу - ағарту мен театр өнері бір салада болған ба?

- Иә, ұлттық театрдың құрылуына, сәтті болуына Қазақстан коммунистік партиясы мен Халық ағарту комиссариаты басшылық еткен.

Болашақ театр ойындарына өнерге ебі барларды ғана емес, елді оқуға шақыруға да мықты құрал ретінде пайдаланған. Бұған Ағарту комиссариаты да мықтап кіріскен.

Семей губерниясынан да артистер шақырылған екен. Олардың қатарында Қашаубайұлы Әміре, Байзақұлы Иса, Мұңайтпасұлы Қажымұқан, Қуанышбайұлы Қалыбек, Майра әнші болған.

Бұл туралы «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 29 қазандағы санында ақпарат берілген екен. Сөйтіп, Ж.Шанин 1925 жылдың 5 қазанынан бастап тұңғыш қазақ драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі болып қызметіне кіріседі.

Сонда осы театрдың бас режиссері С.Қожамқұлов алғашқы артистері болып Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, А.Абдуллин, Р.Иманбаев, Ж.Манабаева жұмысқа алынған.

Жұмат Шаниннің өміріндегі елеулі оқиғаның бірі оның режиссерлік еңбегі мен ұлттық театр құрудағы аса қомақты еңбегі еленіп, 1933 жылы «Қаз АССР-нің Халық артисі» атағының берілуі еді.

Бұл атақ тарихта тұңғыш рет Жұмат Шанинге және Елубай Өмірзақовқа берілген. - Шаниндердің Шымкент жеріне қоныс аударуына себеп болған оқиғаны айтып берсеңіз...

- 1936 жылы Москвада қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші декадасы өткені белгілі. Міне, осы шараға Жұмат атам бастаған екі вагон артис қатысты. Олардың қатарында Күләш, Қаныбек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков, Сәкен Сейфуллин, т.б. қазақтың зиялы азаматтары болған екен.

Осы сапарда атамыз Антон Чеховтың жұбайы Книппер Чехова, Константин Станиславский, Луначарскиймен танысып, кейін олармен хат жазысып тұрған.

Шымкент жеріне кетуге не себеп деген оқиға да осы Москва сапарына байланысты болды. Мен атамның осынау қиын тағдыры болған жағдайды іздестірдім. Содан сол кездегі «КГБ»-ның мұрағатынан Москва сапары жайлы құжаттарды өз көзіммен көріп қайттым.

Бір құжатта былай делініпті: «Вы, Шанин Джумат, Сакен Сейфуллин, Темирбек Жургенов специально задержали занавеса первого спектакля в Москве, «Кыз Жибек». Почему задержали открытие занавеса на 10 минут? Вы оказывается втроем хотели совершить покушение на И.В.Сталина!!!» деген сөздер. Сонда: «Себебі үшеуіміз сол он минуттың ішінде екінші қабатқа көтеріліп, Сталинді атып кетпекші болдық» деп атама «түсініктеме» жаздырады. «Атамды сонда не үшін атқан?» - деп сұрасам, «Түсініктемеде жазылып тұрған жоқ па?!»-деді әлгі әйел.

Құжатта Жүргенов пен Сейфуллиннің де ісі тіркелген екен. Оны оқытпай қойды. Бір кезде мені бақылап отырған әйел сыртқа шығып кетті. Сол кезде екеуінің құжатына көз жүгіртіп шықтым. Құдай-ай, үшеуінің түсініктемесі бір адамның қолымен жазылған екен ғой. Үшеуінің де жауабы бірдей. Тек соңына үшеуіне күштеп қол қойдырған. Атам бір бет қағазға өмірбаянын өз қолымен жазып өткізген екен. Түсініктеме жазылған жазу екеуі екі бөлек.

- Сонда спектакльге Сталин де барған ба?

- Жоқ, ол екінші қойылымына барған екен.

Біріншісінде болмаған ғой. Бұл тергеу-тексеру Москва сапарынан кейін басталған болу керек. Қудалауға түскеннен кейін атам бір жылдай Қырғызстанның сол кездегі астанасы Фрунзеде (қазіргі Бішкек) бір жылдай тұрып, қырғыз театрының ашылуына ықпал еткен.

Оны бүкіл қырғыз мойындайды. Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс драма театрының ашылуына да ықпал еткен, бүгінгі қазақтың академиялық опера және балет теарының іргетасын қалаған да - Жұмат Шанин. Сосын Оралға қоныс аударып, сонда қызмет етіп жүргенде ұсталған екен. Алматыдағы қазіргі ҰҚК-нің жертөлесіндегі абақтыға жабылған.

Осыны оқығаннан кейін біраз уақыт орнымнан қозғалмай тұрып қалдым. Мұндай да жала болады екен деп қатты таңырқадым. Бұл әйтеуір қазақтың зиялы, оқыған, білімді адамдарының көзін құрту саясатымен жасалған іс қой. Содан атамыз осы жаламен 1938 жылдың 26 ақпанында 46 жасында атылған. - Жерленген жерін біле-сіздер ме?

- Жоқ, біле алмадық. Атылғаннан кейін 2-3 күннен соң «Шаниндер Алматыдан 24 сағаттың ішінде кетсін» деген өкім шығыпты.

Сонда Жұмат атамның інісі Әкіш әкем Қасымханды (Жұматтың ұлы) алып, күннің суығында ешқандай таныс-білісі жоқ Шымкентке келеді. Осылайша Шаниннің ұрпақтары Шымкентте қалып қойған. - Содан... - Содан Әкіш атамыз жұбайы Мәкіш әжемізбен бірге Шымкент қаласында ашылған қазіргі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының артистері болып еңбек етті. Өнерлі әулетте дүниеге келген әкем Қасымхан да әке-ағаларының жолын қуды.

Ол Шымкент облыстық драма театры құрылған күннен бастап 1969 жылға дейін жұмыс істеді. 1955 жылы театрда тұңғыш рет Шоқан Уәлихановтың рөлін бейнеледі. Оған дейін қазақ сахнасында Шоқанның рөлі шықпаған екен. Сол спектакльдің тұсаукесеріне «Аққан жұлдыз» романының авторы, белгілі жазушы Сәбит Мұқанов қатысыпты. Қасымхан Жұматұлы «Аршын-Малалан», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Жалбыр» қойылымдарында бас рөлдерді бейнелеген.

Ол артист, режиссер ғана емес, сонымен қатар қазақ кинемотографиясының Алтын қорына енген фильмдерде ойнады. 1957 жылы түсірілген «Ботагөз» фильмінде Бүркітбай, 1964 жылы Шәкен Аймановпен бірге «Алдар Көсе» фильміне түсті. Шәкен аға Қасымханды туған інісіндей жақсы көріп, өнерін жоғары бағалаған екен. Сондай-ақ Шәмші ағамыз да біздің үйге қонаққа жиі келіп тұратын. Композитордың біраз әндері біздің үйде жазылды.

- Қандай әндер екен?

- Қазір еліміздің Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным»!

Әкем аккардеон тартатын. Мен мектепке бармай тұрып, ол алпысыншы жылдардың басы еді, осы әнді диванда отырып шырқап, Шәмші ағаны «жылатқам». Сонда... ойлап отырсам, «Менің Қазақстанымның» алғашқы орындаушысы мен болыппын ғой. Қазір Шымкент қаласындағы біз тұрған үйге әкемізге ескерткіш тақта орнатылған.

- Тамаша! Енді бір сауал: Сіздің әкеңіз Қасымхан сонда Әкіштің баласымын деп есептеген бе?

Мұны білген бе екен?

- Солай болып тұр ғой. Жер аудару туралы өкім шыққаннан кейін Жұматтың інісі Әкіш атам Қасымханды алып, Шымкентке көшті дедім ғой.

Ал Жұматтың әйелі, менің әжем Жанбике «халық жауының» әйелі ретінде АЛЖИР-ге айдалыпты. Ол да актриса болған. Содан Әкіш менің әкемді өз атына жаздырып алған. Әкем маған ешуақытта өзінің Жұматтың баласы екенін айтпады. Өзін асырап, жеткізген Әкіштің баласымын деп санады.

Менің 13 жасымда әкем Қасымхан өмірден өтті. Бейітінің басына да «Қасымхан Әкішұлы» деп жазылды. Ал мен өзімнің Жұмат Шаниннің немересі екенімді алғаш рет Қапан Бадыровтан естідім.

Кейін анам да Қапан ағаның сөзін растады. Жанбике әжеміздің сіңлісі Мәрзия апа да мені «Жанбикемнің немересі» деп жақсы көрді. Жанбике әжемнің екі сіңлісі Қапиза мен Мәрзия да актриса болған. Қапиза - Атығай Шаниннің жұбайы.

Бір отбасының екі қызы Шаниндер әулетіне келін болған ғой. Әкем Қасымхан негізінде шындықты 1963 жылы білген екен. Сол жылы әкем Қасымхан, Әкіш атам, апам, анам, әпкем – бәріміз Қарағандыға бардық.

Сонда Жұмат атаның әйелі, яғни Жанбикенің сіңлісі Мәрзия алдымыздан шықты. «Сені анаң күтті ғой, неге келмедің, балам?» деп жылап жіберді. Сөйтсек, 1953 жылы И.Сталин қайтыс болған соң Жанбике анамыз АЛЖИР-ден босап, сіңлісінің қолына Қарағандыға келеді. Алайда бір жылдан соң қайтыс болады. Ол қамауға алынғанда Мәрзия апамыз бұл хабарды Шымкентке телеграммамен жіберген екен.

Бірақ Әкіш ата мен Мәкіш апа бұл хабарды Қасымханнан жасырып қалыпты. Әкемізді де алып кетеді деп қорыққан болар. Қасымхан сонда анама жылап: «Олар бізден неге жасырды, шындықты білген күннің өзінде мен олардан ешқайда кетпейтін едім ғой.

Өйткені олар мені тәрбиелеп, өсірді» депті. Сөйтіп, «халық жауының» әйелі деген жаламен түрмеге жабылып, кейін босаған Жанбике анамыз туған баласы Қасымханды көре алмай, арманда көз жұмған екен. Атам партия қатарында қызмет етті, қазақ зиялыларының көзін құртуға барынша тырысқан Ежов, Бериялардың қарамағында болған. Қайым Мұхаметхановтың үйінде болғанымда ол кісі маған Ежов, Бериялардың қазақ зиялыларына көрсеткен қиянатын жылап отырып айтқан еді.

Сол үйден атамның Ежовтармен түскен суретін көргенмін.

- Жұмат атаның сіздің әкеңізден басқа балалары болды ма екен?

- Иә, болған. Қасымханнан басқа екі баласы болды.

1927 жылы қазақ театрының көркемдік жетекшісі Жұмат Шанин қазақ зиялыларынан құрылған делегацияны бастап Москваға этнографиялық көрмеге қатысуға барады.

Делегация құрамында Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, жұбайы Жанбике анамыз болған. Анамыздың қолында құндақтаулы баласы бар екен.

Есімі – Аян. Ол кезде пойыз Москваға 5-6 күн жүріп барады дейді. Жолда сәби ауырып, қайтыс болады. Сонда ерлі-зайыптылар қайғыдан қан жұтып тұрса да, жолсеріктен нәрестенің жансыз денесін жасырады.

Жұмат атам: «Білдірмейік. Қалайда қазақ өнерін Мәскеуде көрсетуіміз керек» депті. Жанбике анамыз жансыз баласын құшақтаған күйі Москваға жетіпті.

Пойыздан түсе сала баланы мұсылмандардың зиратына апарып жерлепті. Егер баланың шетінеп кеткенін білсе, екеуін пойыздан түсіріп кетер еді. Ал делегацияны бастап бара жатқан әрі орысша білетін адам атам ғана болса керек.

Соны түсінген Жұмат Шанин жеке басының қайғысын қазақтың мүддесі үшін жасыра білген.

Қандай жанкештілік десеңізші?!

Сол көрмеден соң Әміре Қашаубаев Парижде өнер көрсетуге жолдама алған екен. Мұны мен Елубай Өмірзақовтың естелігінен білдім. Жұмат атаның Рауыпбек деген ұлы болған. Ол - қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы.

Алматыда, Москвада музыкалық училищеде оқыған. Қазір қазақтың тұңғыш скрипкашысы Айткеш Толғанбаев дейді.

Бірде Айткеш ағаның өзі келіп: «Айналайын, қазақтың тұңғыш скрипкашысы мен емес, сенің әкеңнің ағасы Рауыпбек», - деп көзіне жас алған еді. Айткеш аға соғыста тұтқында болған. Тұтқындағы қазаққа немістер скрипка тартқызып қояды екен.

Соғыс біткен соң жұмыс істеп жүрген Айткеш Толғанбаевтың осы жағдайын естіген ректор: «Сен немістерге концерт қойып берген оңбағансың», - деп тұқыртып, коммунистердің қатарынан шығартқан.

Ол амалының жоғынан тартқан ғой. Жаны таза, жақсы адам еді. Айткеш аға сахнаға елуінші жылдары шықса, Рауыпбек ағамыз отызыншы жылдардың ортасында өнер көрсеткен.

1939 жылы Рауыпбек Шанин өкпесіне суық тиіп қайтыс болған. Отбасы болмаған, соңында ұрпағы жоқ.

Жұмат атам 1958 жылы ақталды. Бірақ бұл жалпы жұртқа жарияланбады. Тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана айтыла бастады.

- Болат Қасымханұлы, Сізді «Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы» деп білеміз. Ата-әже, ата-ана, нағашы жұрт – әулетіңіз қазақтың ұлттық өнеріне қызмет еткен.

Әсіресе Жұмат Шаниннің ұлттық өнердің дамуына сіңірген өнері қомақты. Өзіңізге де өнер дәстүрі мирас болып қалды деп білеміз...

- Мен Москвада актерлікті, Алматыда режиссерлікті бітірдім. Шетел театрларының қойылымдарын көп тамашаладым.

Бір жылдай Арқалық театрында қызмет еттім. Сосын Әбділдә Тәжібаев М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жүргенде сол кісінің қарамағында бір жылдай ғылыми қызметкер болдым.

Шаниндер әулетінен екенімді естіген Бағыбек Құндақбаев: «Шаниндердің тұқымында зерттеушілер жоқ.

Сендер керемет ұйымдастырушы бола аласыңдар. Мәдениет министрлігіне бар» деп ақыл айтты. Содан бастап министрлікте ұзақ қызмет еттім. Үш министрдің көмекшісі, кеңесшісі болдым.

Бәйтен Омаровтың бастамасымен Эстрада және цирк колледжінің жанынан ашылған «Жас сахна» театрында еңбек еттім. Қазір Алматы қалалық әкімдігінде қызмет етемін.

- Қазіргі қазақ театрына не жетіспейді деп ойлайсыз?

- Театр – ұлттың сан салалы өнері, руханияты тоғысатын орда болғандықтан, оған үлкен көмек, қолдау керек. Әрине, бірінші кезекте драматургия саласы мықты болса, одан кейін режиссура, талантты артистер көбірек болса деймін.

Театр мамандары білімін жетілдіріп, жалпы халық арасында театр өнері кеңінен насихатталып отырса, ұтарымыз көп болар еді. Жұмат Шанин о баста спектакль қояр алдында шымылдық ашылар тұста әнші Әміре мен Иса ақынның өнерлеріне өріс беріп отырған екен.

Осы арқылы халықтың ән мен күйге деген құштарлығын арттыра білген. Театр сахнасында ұлттық ойындарды енгізу арқылы жаңаша түр берген, алғашқы музыкалық драма шығармаларының мазмұнына сай етіп ұлттық билерімізді енгізген.

Ол сол кездегі ақын, жазушы, драматургтермен тығыз байланыс орнатып, шығармашылық көмек беруге ұмтылған. Сондықтан сол қаламгерлердің көбінің драмалары сахна көрді.

Әрине, оның бәрі бірдей керемет болмаса да, татымдыны таңдап алу оңай ғой.

- Жұмат Шанин қоғамнан лайықты бағасын алды деп ойлайсыз ба?

- Жаңа айтып өттім, ата-мыздың ақталғаны жайлы жалпақ жұртқа жария етілмеді.

Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оның өмірі, шығармашылығы, ұлттық өнерге қосқан еңбегі айтыла бастады. Шымкент театры атамыздың атында.

Міне, Жұмат Шаниннің туғанына 125 жыл толуына орай туған елі, Павлодар өңірі біраз істі қолға алып, жүзеге асыра бастады. Атамның 90 жылдығында Баянауылдағы бұрын Южный деп аталып келген ауылға Шаниннің есімі берілді.

Кейін кеңшарлар таратылғанда Шанин есімі де жоғалды. Күркелі, Қапар деп аталып келді.

Енді міне, Жұмат Шаниннің есімі жаңғырды, туған ауылына есімі берілді. Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка театрында «Арқалық батыр» спектаклі қойылды.

Басқа да шаралар ұйымдастырылуда. Жұмат атаның өмірі жайлы белгілі академик Рымғали Нұрғалиев «Ай қанатты арғымақ» атты романын жазды. Басқа да естеліктер айтылуда, жазылуда.

Иә, Жұмат Шаниннің есімі қазақтың жадынан өшпеуі тиіс. Өйткені атамыз салған сара жол ұрпақтарымызды әлі алдағы күндерге апарады деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рақмет, Болат аға!

Қазақ өнері өрлей берсін!



Түйін: Жалынан сипатпайтын асау жылдар, жүйрік уақыт өз дегенін істеп, алға қарай тоқтаусыз жылжып барады. Осынау көш керуенде жоғалтқандарды тауып жатырмыз.

Олар - қандай құрметке де лайық ұлы тұлғалар!

Соның бірі - Жұмат Шанин!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру