Мағзом Сүндетов | Адам деген қызық

  Мағзом Сүндетов | Адам деген қызық


Күннің ыстығынан көгілдір аспанның түсі оңып, шақытып тұр. Жасыл жотаның үстіндегі сұрғылт ауыл ертеңгісін етек-жеңін жимай, көсіліп жатқандай еді, қазір ол да жиыла қалыпты. Өзен беттегі ойпат қана түс бермейді; анау ақ жібек белбеудей соқпақ болмаса, төңірек — қалың мия, қоянқарта, ажырық өскен жап-жасыл; бетімен көлеңке жүгіріп, толқынданып жатыр. Көктемде өзен арнасынан шығып осы өңірді ен жайлайды да, шілдеде дегдіп, жайқалған қауға айналады. Сонан қара күзге дейін бұ жерге орақ та түспейді. Шідерті колхозы шөпті алыстан шабады; бұған тимейді, ауылдың ұсақ жандығына арналған несібе.

Жалғыз аяқ ешкі соқпақ ауылдан шығып, жыландай ирелендеп өзенге қарай жорғалап барады. Бұл соқпақты су да, қар да, шоп те жұта алмаған. Талай-талай керуен сүрлеуі жоғалса да, соқпақ үзілмейді; қатын-қалаш, бала-шағаның жалаң аяқ табанымен тапталып тақырға айналған, тек өзенге жете бере түс беріп, күреңітіп бойына ылғал тартатыны бар. Әне, иінағашқа екі шелек су іліп, қызыл ала көйлекті, қара шашты қыз ешкі соқпақпен ауылға таман дірдектеп келеді; қыр мұрынды, ақ құба жүзі алаулап, тарының түйіріндей ұп-ұсақ тер кең маңдайында жылт-жылт етеді. Әлсін-әлсін ұялы бота көзіне түсіп кете берген екі-үш тал бұйраланған ерке шашын астыңғы ернін шүйіре жоғары үрлеп қояды. Бі лектей қос бұрымның бірі оң иықтан құлай, жауырынында тербелсе, енді бірі кеудесінде, жұқа көйлек астынан білінер-білінбес анар үстінде аунап, ойнап келеді.

Ауылдың бергі шеті айдау жол. Жауын-шашынды көктемде трактор, машина батпақтап, ырситып тастаған. Осы қазір о да таз бастанып, жалтырап жатыр. Со тұстан орта бойлы, қапсағай қара жігіт көрінді. Үстінде шолақ жең ақ көйлек, қоңыр шалбар: аяқта, тартпалы, жаздық, сарғыш бәтеңке. Қолында күміс баулы сағат; онысы күнмен шағылысса жалт ете қалады. Өзі жалаң бас. Жолды жиектей ақырын аяңдап келеді. Көзі сонау соқпақтағы қызда. Құс мұрын, қалың қабақ екен; қызға жақындаған сайын әлденеден жүрексінгендей болмашы бұйра, кейін тараған шашын сипай береді. Міне, соқпақ кеп жолға жанасты. Қыз да жігітті жаңа аңдады; жорға жүрісінен жаңылып, кібіртіктей түсті. Көрмеген бон өтіп кетпек еді,— жігіт құтқармады.

— Құрманай, сәлематсыз ба? — деді. Үні биязы, жұғымды.

— А?.. Ағай, есенбісіз?

Жігіт көзінің еріксіз өзінің тоқ балтырына, оқтаудай түп-түзу жалаң аяғына іркіліп, тайып кеткенін сезіп, ол қымсына тура қарай алмай тұр. Дүниеде көрместі көрсе де, көрмеген бола білу де — ізет. Ұят шақырар сезім қылын жігіт аттап кетті. Аңдамаған шырай танытып.

— Тарихты беске тапсырды дей ме? — деді.

— Иә, аға.

— Кездескенде сұрасам ба деп жүр ем өзіңнен. Оқуға қайда барасың, Құрманай?

— Университет ойымда. Қалауым — физика-математика факультеті. Түсе алсам, жақсы ғой.

— Әрине, әрине... Әлбетте соған бару керек. Сендей математик қыздардың қолы — сол. Тек жүрексінбе. Бірінші жыл сабақ берсем де, мен сені нағыз математик деп білем. Саған үлкен үміт артам...

— Апам сырттайғысына түссең қайтеді дейді. Білмейім оның жөні қалай болатынын.

— Жо-жоқ, олай істеме. Мен апаңмен сөйлесейін... Бағыңды байлама. Сырттайғы деген оқу емес,— деп жігіт желпіне сөйлеп, математиканың басқа пәннен өзгеше қиындықтары барын, көп еңбекті, терең ізденісті талап ететін тәптештеп кетті. Қалтарыс ауыл көшесінің бірінен «ДТ» тракторы шыға кеп, әңгімелерін бөліп жіберді.

Айдау кең жол жетпегендей, бұларға қарай қиыс тартты. Ақ түтек шаңға оранып, д арылдай төніп келеді. Құрманай секемдене үндемей қалған: енді үрейлене шегінді. Жігіт міз бақпады. Қалың қабағы түйіле, орнынан қозғалатын түрі жоқ.

— Ағай, басады ғой! — деді Құрманай шыдамай. Трактор жігітке таяп, кілт тоқтады. Жанар майдың иісі аралас ақ боз шаң қыз бен жігітті көміп өтті.

Шаң сейілгенде трактордың ашық кабина есігінен бадырақ көз, мұрын кеңсірігі жапырайған талпақ танау, сақал-шашы үрпиген, жүндес бас көрінді. Көзінің ақ еті қызыл тамырланып кеткен. Әлден соң жүндес басқа тіл бітті:

— Өй, әкеңді?.. Өле алмай жүрмісің-ай! Кет былай!

— Ақымақ! Көзің жоқ па? Нақұрыс неме! Кәне, өзің бұрыл!

Тракторист жігіт әлденеге сәл таңданғандай іркіліп қалды да, іле ақсия күліп:

— Мұғалім екенсің ғой. Ого-го-го,— деді.— Қорқытайын деп ем. Қорықпайды-әй. Ого-го-го...

— Жоғал! Малғұн!

— Жоғал дейді-ей. Мұғалім-әй, о әкеңді!..— деді де, тракторист жігіт кабинасына қайта кіріп кетті. От алдырып кейін шегінді де, кілт бұрылып дарылдата жөнелді.

Мұғалім жігіт не істерін білмей, қыз алдында намыстанып қатты күйінді. «Жетіп барып жағасынан неге алмадым. Жерге жұлып түсіру керек еді»,— деп ойлады. Ақылы кем, тентексоқ, тракторист жігіттің қайратты екенін де ұмытты. Әйтсе де, ығыспағанына іштей разы.

— Базарбек қауіпті адам, ағай.

— Ештеңе емес, Құрманай. Аюға намаз үйреткен таяқ,— деді мұғалім өзіне-өзі енді келіп.

— Мен кетейін, ағай.

— Жақсы, Құрманай. Менің айтқанымды ұмытпа. Оқимын деген бетіңнен қайтпа.

— Мақұл, аға.

Жігіт қызды көзімен ұзатып сап, ауылдың екінші басына бет алды. «Әкесі күрішші. Шешесі балалар бақшасында істейді. Құрманай олардың үлкені. Жеті баласы бар. Өте бір тәрбиелі семья. Жағдайлары да жақсы. Құрманайдың оқуына әкесі қарсы емес. Қысты күні бір сөйлескенінде езі астанаға ертіп баратын да болған. «Теңі табылып ошақ құрам, сырттайғысына түсем демесе, қарсылығымыз жоқ»,— деген шешесі. Оны неге айтты? Мүмкін... Жоқ, олай ойлау әбестік. Құрманай оқуы керек. Қазіргі қыздың білгенін Ақтай үшінші курста ұққан. Кім біледі? Әйел халқы байқағыш қой. Мүмкін мұғалімнің қызды ұнатып жүргенін аңдаған шығар. Тегіннен-тегін сөйдей ме? «Құрманайдан кейінгі ұлым оқыса да, жетер»,— демеді ме? Ақтай ой үстінде өз үйінен әрі асып, ауылдың шетіндегі төбесі шатырлы, сырты әктелген, терезе алдында үш-төрт қара ағашы бар «ауруханаға» келіп қалғанын байқамаған еді. «Бекер... Бекер істедім. Сонда анасына қызының ұғымтал, зерделі екенін түсіндірсем ше. Неге үндемей қалдым? Өзімнің «кет әрі» еместігімді сездіргендей болдым-ау, ә»...

— у, Ақтай, неғып тұрсың?

Аласа бойлы төртпақ, бітік көз, қара жігіт аурухананың көше бетіндегі ашық терезесінен дауыстап шақырды. Үстінде ақ халат, басында телпек. Екі шықшыты шығып, бұғағы салбырап көгершіннің жұмыртқасындай бұлтиып тұр. Быттиған екі бетінің арасынан бармақ басындай кішкене мұрны әзер көрінеді; сақал, мұрттан жұрдай.

— Ішке кіре ме десем, тіпті қарамайсың ғой. Бері кел-ей.

Ақтай аурухананың бәкене қақпасын ашып ішке кірді: сонсоң ол жатаған баспалдақпен үйге көтерілген еді: қапырық даладай емес, тап-таза жинақы бөлмесі сап-салқын екен. Ортада стол, кіре берісте екі-үш орындық тұр.

Бөлменің бір жақ бөлегін ақ сәтен шымылдықпен бөліп тастапты. Шымылдықтың тәлти ген қысқа етегінен шағын темір кереуеттің аяғы көрінеді. Онан әріде шыны терезелі шкаф-аптечка.

— Сәтім, хал қалай?

— Көріп отырғаның жоқ па? Сәтім кеңкілдей күлді. Зерігіп не істерін білмей күн ұзатқан жанның райын таныта столында жатқан ашулы кітапты меңзеді. Ақтай ісік қайрылысындағы орындықтың бірін сүйреп әкеп столдың жанына қойып жайғасты да, кітапты қолына алды.

— «Қараш-қараш» Әуезов Мұхтар. Мықты дүние. Қаралы сұлуды» оқып жатырмысың?

— Иә, тамаша әңгіме. Осы күнгі жазушылар өстіп неге жазбайды, ә? Оларды оқысаң, бір сала-құлаш арқан жұтқандай боласың. Мынау бөлек... Етке тойып ап бабыңмен терлеп-тепшіп шәй ішкендей рақаттанасың. Miнe, нағыз өмір,— деді Сәтім әңгімеге тиек табылғанына қуанғандай талтаңдап әрлі-берлі жүріп.— Саған ұнай ма?

— Әрине.

— Шығарма оқып отырғаныңды сезбейсің. Сол өмірдің бел ортасында өзің сайрандап жүргендей боласың. Тілің де сүрінбейді.

— Бәтшағар, орныңды таппағансың ғой. Әйтпесе дәрігер емес, әдебиет сыншысы болатын-ақ жансың. Сен сияқты адасқандар әдебиетте де жүр-ау. Онан да екі қабат әйелдің толғағын қабылдап, белін ұстап сауабын алсашы сол шіркіндер.

— Ой, сен де жоқты айтады екенсің,— деді Сәтім жақтырмай.

Ақтай кітапты жауып, стол үстіне қойды. Әңгімеге онша құлқы жоқтығын сездіре есінеп, орындық арқалығына сүйене, шалқая түсті. Сәтім шымылдықты серпе ысырып тастап, ақ шыт жапқан кереуетке барып жатты. Сәлден соң, әлдене есіне түскендей, басын қайта көтеріп алды.

— Ақа, сызып жіберуге қалай қарайсың?

Айтып отырғаны преферанс екенін түсінген Ақтай:

— Теріс қарайым,— деді құлықсыз.— Ауру көп пе?

— Бүгін ертеңгісін біреуі келді. Соқырішек пе дейім. Қалаға жібердім.

— Өзің соймадың ба?

— Қалай?

— Қалайы несі? Кәдімгі пышақпен де. Осы сендер алты жылда не оқисыңдар, жәй соқыр шектің езіне ие бола алмайсыңдар?

— Оу, айналайын, түк құрал-жабдық жоқ. Әрі жападан-жалғызбын. Өлтіріп ал деймісің.

—Жапонның бір дәрігері өзінің соқыршегіне өзі операция жасаған. Білемісің? Сенің күйің мынау... Анада агроном баласының үлкен дәреті жүрмей қалғаны есіңде ме? Сен оны соқыршек деп қалаға аттандырғансың. Сонда сенің, немене, қолыңнан клизма салу да келмей ме?! Құйрығынан сабынды су айдау да қиын ба? Жоқ, достым, сен жауапкершіліктен қашасың. Оны несіне күлбілтелейсің,— деді Ақтай әлгі бір есерсоқ тракторист жігітке деген қыжылынан айыға алмай.— Шындықты айтудан қашатындарың не?

— Сен өзін, ашулысың ғой. Не болды?

— Жәй, әншейін.

— Әй, қайдам... Тегін емессің-ау дейім. Ытырынып отырысың жаман. Жә, көз алайтпа. Осы біз өзенге неге шомылып қайтпаймыз, ә? Ойпыр-ай, мына күннің жануы-ай. Фуф...— Сәтім басындағы телпегін алып желпініп қойды.

— Шашынды сыпырып тастағанбысың?

— Басым бір дем алсын дедім. Баяғыда мектепте жүргеннен ұстара тимегеннен бе, құйқам жидіп кетіпті. Құдай ақы... Сен нанбайсың ғой. Енді, міне, тамаша болды. Әсіресе, суға түскенде-ақ рақат.

— Нағыз қауын бассың ғой-ей.

— Жығылған-сүрінгенге күледі деген. Өзіңе де қарасайшы.— Сәтім бұғағы бүлкілдей қыт-қыт күлді.— Жүр. Кеттік. Аурухананы әзірге жабайық. Керек еткендердің өзі-ақ тауып алар.

Екеуі ауруханадан шығып, өзенге бет алды. Аласа бойлы Сәтім ақ халатты тастағанда жеңсіз, шалбардың сыртына жіберген жаздық көйлекпен тіптен тапал көрінеді екен. Әрі анау ортаңғы түймені керіп тұрған ток қарын, қысқа, қамыт аяқ, үрген кеуектей дөп-дөңге лек етіп жіберді. Қарыштай адымдаған Ақтайдың қасында бүлкектеп келеді. Тықылдаған тіліне де тыным жоқ. Ауру ханадан шыға сөйлеген, сонан әлі бір сөзге қонақ берген емес.

— Жәнібек шалды білесің ғой,— деді ол төменнен жоғары, Ақтай аузына қарап.

— Е, білмегенде ше?! Шалың не? Жігіт ағасы десейші.

— Ақ шашты, беті мыж-мыж әжім. Елудің жетеуін демін деген. Шал емей немене... Жә, таласпай-ақ қояйын Сол кеше баласын ертіп келді.

Қай баласын?

— Қай баласының не? Баласы біреу-ақ емес не? Aнаy жынды тракторист жігітті білмеуші ме ец? Наркес, атан жілік...

— Ие... Аты кім еді соның?

— Базарбек. Ей, сен осы шын білмеймісің? Әлде мені тәлкектеп келемісің?

Е, қойшы. Есіме түсіре алмай келем де. Иә, оны неменеге әкеліпті?

— Адам деген де қызық. Дәрігерді тәуіп дей ме білмейім. «Базарбегімді емде, кем бала ғой. Жасында аттан құлап, миы қозғалып, ұзақ төсек тартқан. Кейін құлан таза айыға алмады. Сегізден әрі оқымай қалғаны да сонан. Әйтпесе әке тұқымымызда, үрім-бұтағымызда есер жоқ, зерделі жандар еді. Бұл бір сүйегімізге таңба боп тұр. Құдай ақы, бұныкі сол ақаудың зардабы. Жиырманың бесеуінде, әлі бала. Ақылы кірер емес. Пәлендей кештік етпейді. Дәрігерге көрсет деп отыр туыстарымыз. Жалғызымнан аярым жоқ, айналайын, еңбегіңді жемеспін»,— дейді.

«Бұған сен не дер едің?» —д егендей, Сәтім құрдасына қарап қойды. «Күлкілі сауал емес пе?» — дейтін тәрізді райы. Ақтай бірден жауап бермеді. Екі қолын шалыстыра артына ұстап, әлдене ойға қап келеді. Сәтім кенет қайдағы бір шоқ өскен бүргеннің түбіріне сүрініп кетті. Тоңқалаң аса жаздап бойын әзер жиын алды. Басындағы телпегі ұшып түсті. Жерден көтеріп, қағып-қағып қайта киді.

— Мойным үзіле жаздады-ау, ә?-—деді ол күңкілдеп.

— Көзіңе қарасайшы.

— Бота тірсек саған ілесем деп нем бар еді. Әй, ақырын жүрші.

Ол басындағы телпегін түзете, үстінен басып қойды.

— Иә, сонымен сен не дедің?

— Е, оған не деуші ем. Баланды шақыр дедім. Дәрігер деп сенім артып, үміттеніп келіп отырғанда: «Қой, ақсақал, жынды балаңызды емдей алмаймын. Енді сол күйі өмірінше қалады»,— дейін бе? Кері тепкен болмаймын ба? Көңіліне кірбің ұяламасын, «обалы не, қарады десін» деген ой келді. Байғұс қауқалақтап алғысын жаудырды. Баласы есік алдында далада күтіп түр екен, шақырып әкелді.

Сәтім мінезінде шәлкем-шалыстық көп. Кейде ол бірді айтып, бірге ауысып кете береді. Бастаған әңгімесін аяқтамай, үзіп тастайтыны да бар. Сыралғы Ақтай сияқты құрдастары қайырмалап әкеп, ізге салып жібермесе, өз бетінше лағатын. Қазір де ол қалт тұра қап:

— Пай-пай, өзен неткен тамаша еді! — деді.— Өй, емпелеңдемей тоқташы. Көзіңе қарасайшы...

Түйетайлы өзеннің жар қабағына кеп қалғанын Ақтай енді ғана андады. Сәтім-көзі күлім деп, телпегімен желпініп тұр. Өзен беті айнадай жарқырап жатыр. Әр жерден бір, сауыры жалт етіп ақшабақ ойнап кетеді. Жағаны бойлай қызыл тұмсық жағала ұшып жүр. Әлгі жоғарылы-төмен құлдилап шаңқ-шаңқ етеді. Қиыршық сары топырақты қайраңда ауыл балалары «Жағалық» ойнап у да шу. Бір кезде Сәтім мен Ақтай да осылардай ертеңді-кеш судан шықпайтын еді-ау. Еріндері көгергенше шомылатын ғой. О да бір бейқам базарлы дәурен екен де.

— Кеттік.— Сәтім өзеннің жар қабағынан етекке томпалаңдай жөнелді. Ақтай да мұнан әрі шыдап түра алмай, ілесе берді.

Жағаға шешіне салысып, суға қойып-қойып кетісті. Ақтайдай емес, Сәтім жүзгіш. Көлба қадай ытқи жүзіп, өзен ортасына барып-ақ қалды. Шалқалай жатып, ұзақ қалқып. Тәңір егін ақ көбіктендіре толқындатып жағаға жүзін шықты да, жып-жылы қиыршық құмға «ойхойлап» кеп құлай кетті. Сәлден соң тізесін бауырына ала бүрісіп отырған Ақтайға қарап:

— Рақат емес пе, ә? — деді.

— Иә, сонымен әлгі жігіттің жөні не болды?

— Қай жігіт? — Сәтім жерден басын көтерді.

— Емделуге келген трактористі айтам?

— Ә... Сол ма? Тәңір атсын оның қызығы бар... Ойпыр-ай, баласы да бала-ақ қой шіркіннің. Бадырақ көз. Аузы ит аяқтай. Маңдайы қушиған. Шашы кірпінің түгіндей тікірейген бірдеңе. Мойын дегенің жоқ. Басы бір жағына қисық. Оң көзінің асты жыбыр-жыбыр етеді. Мұндай кеспірсіз болар ма. Түсі алапат суық. «Ал, бауырым, аманбысың?» — деп шайтан түртіп қолымды ұсына қоярмын ба. Жанымды көзіме көрсетіп, қолымды езіп жібере жаздағаны. Абырой болғанда әкесі аңдап қалып: «Әй, Базарбек»,— деуі мұң екен, қолымды қоя берді. Сыр бермей мен де езу тартып: «ештеңе етпейді»,— деген болдым. Несін жасырайын, әзер шыдадым. Шешіндіріп олай-бұлай қарағансып жатырмын.

Бәтшағардың төсі де төс-ақ. Қос қара қазанды төңкере тастағандай апай тос. Бұлшық ет тері бөлек-бөлек. Жүрегін тыңдап ем, боделник сағат сияқты дүрсілдеп тұр Ой, шіркін-ай, ақылың түзу болса, бір дегендей палуан болар ең-ау деп ойладым. Біздің Шідерлі колхозының ғана емес, бүкіл қазақ совет елінің мақтаулы палуаны боп жүретін-ақ жігіт. Амал не, баста түйір ақыл жоқ. Meн жүрегін тыңдап жатқам: «Дәрігер-ай, басың қауындай екен. Пісіп пе? Көрейінші»,— деп, төбемнен шертіп кеп қалғаны. Басым айналып, шекем дыңылдап жүре берді. Оспадарсыздың ойыны неткен жаман еді. Маңдайымнан мұздай тер шықты. Тағы бір шертсе, өлгелі тұрмын. Оны делқұлы неменің сезетін түрі жоқ. Кеңкіл дей күледі. Әйтеуір, абырой болғанда, кесір ойнын қайталамады.

Ақтай әңгіменің осы тұсында шыдай алмай селкілдей күлді. Сәтім оған намыстанып: «Неге күлесің-ей»,— деді.

— Жә, ренжіме, Сәтім. Иә, сонсын қайттың?

— Е, қайтушы едім?! «Жәке, балаңызды қалаға апарып, «Психоневрологический» институтқа көрсетіңіз. Солар емдейді дедім. Бұ адам деген қызық қой. Мені бірдеңе дәметіп емдегісі келмейді дей ме. Ал, жатып кеп жалынсын: «Үш түйем бар. Сонымды сатайын. Қаржы жағынан қыспайын. Өзің қара, айналайын»,— дейді. Емдей алмаймын десем, сенбейді. Тракторын сонау егістіктен ауылға дейін артымен айдап келіп жүрген жындысына мен не істейім. Әйтеуір адамды басып өлтірмей жүргеніне шүкір де.

— Иә, сенің жайың қиын, Сәтім. Дәрігерлік те оңай шаруа емес-ау,— деді Ақтай әлдеқалай қолына іліккен бармақ басындай тасты суға атып жіберіп.

— Қылжақтайсың, ә? Күл, күл... Қудай ақы. ауыр жұмыс. Қыста бомаса, жазда өзі ауылда ауру аз ғой. Кешегі бар жұмысым с.ол. Қазақ әйелдері әзірге баладан тартынбайды, оған да шүкір. Олар бала табуды қойса, менің күнімді сұрама. Тегінде біздің колхоз сияқты шағын шаруашылыққа емхананың қажеті жоқ-ау дейім.

— Оның бекер, Сәтім. Сенікі әзірге медпункт қала. Бәрі сонан. Он кереуеттік емхана ашшы. Ертең-ақ емделушілер табылады. Әрі сен жалқаусың Істесең, жұмыс жетерлік. Жан қинағың келмейді. Қит етсе, ауданға, қалаға аттандырасың.

— Алла-ай, Ақа-ай, сенің білмейтінің, көрмейтінің жоқ-ау,— деді Сәтім орнынан тұрып, дамбалына жабысқан құм-топырақты қағып жатып.

Ақтай күліп орнынан көтерілді де, суға бет алды. Жағаға жете бере салқындықтан шіміркене іркіліп қалды. Олай-бұлай жұлқынып, бой жазып, қан таратқан болды. Сәтім артынан аяғын мысықша басып келді де, суға итеріп кеп жіберді; мұны күтпеген Ақтай тарбаңдап барып, қарнымен шалп ете түсті. Шашыраған судан осқырына Сәтімнің өзі ыршып кетті. Салқын суға аз да болса етін үйретіп алған Ақтай қайта жүзіп шығып, тұра досына ұмтылды. Екеуі асыр сап сонау балалық шағындай жағада ойнап жүр. Ақыры Ақ тай оны құтқармады: қуып жетіп, қарсыласқанына қарамай, көтеріп алды да, өзенге әкеп атып жіберді. Сәтім көлбақа сияқты аяқ-қолы ербеңдеп суға гүмп берді. Әбден естері кеткенше шомылып, жағаға сілелері қата шықты. Киімдерін асықпай киіп, енді міне дамыл дап отыр.

— Сәтім, мына сен ғой етке сылқа тойып ұйықтағанды тәуір көресің, солай ма? — деді Ақтай сәлден соң досын әңгімеге тартып.

— Е, несі бар? Ол жаман ба? Өзі етке теріс қарайтындай-ақ. Сендей әнші, күйші емеспіз. Өлеміз бе?

— Әңгіме онда емес...

— Е, неде?

— Әр адамның сүйсінетін жәйі болады. Мысалы менің оқушыларымның ішінде бір қыз тамаша математик.

— Құрманай ма? Атын несіне жасырасың? Адам деген қызық. Бұрын да айтқансың. Сен онан да соған үйлен. Биыл мектеп бітіреді. Кәмелетке толады.

— Әй, сандалма. Ол әлі бала. Оқуы керек.

— Әй, мен не саған оны өлтір деп отырмын ба? Сен сүйесің. Ғашықсың. Неменеге сонша ақ жүректенесің.

— Сенің осы әдетің құрысын. Айналайын, ол дегенің ертең-ақ үздік студент, стипендиат болады. Өте-мөте зерек бала.

— Ең әуелі түсіп алсын. Менің қатыным да жаман оқымаған. Әулие көрмеші-ей. Ажарлы қызды жігіттер құтқарады деймісің. Ертең-ақ қағып кетер. Байқа. Жә-жә, қабағыңды түйме. Мейлі ғалым шықса шықсын. Сенің ақ жүректігің-ақ тойдырды-ау,— деді Сәтім Ақтайдың ызалана қарағанынан ығыстап.— Қап... Анау баланың жүзгенін қарашы. Тарбаң-тарбаң етеді. Әй, Мұрат!.. Мұрат дейім! Естімейді-әй.

Сәтім аузын қолымен қалқалай дауыстады. Үш-төрт баланың бергі шеткісі жағада шалпылдап жүрген, құлағы қалқиып жағаға шықты.

— Әй, сөйтіп адам жүзе ме? Қолыңмен жер тіреп жүрсің ғой. Кіндіктен келетін жерге дейін бар да, жағаға қарай жүз. Түсіндің бе?

Бала басын изеді.

— Тарихтан сабақ беретін әкесі сияқты. Айнымауын қарашы мақау неменің. Иә, сөзің аузын да, Ақтай. Соны мен не айтпақ болдың?

— Сенімен әңгімелесіп адам береке таппас.

— Е, айта бер. Қайда асығамыз.

— Әлгі саған емделетін жігіттің адамға тән не қасиеті бар. Нені сүйеді? Байқадың ба?

— Оны қайтесің?

— Жоқ, қызық көріп отырмын.

— Әрине бар.

— О не?

— Мүше, көкпар. Әкесі өткен жылы бір құла бестіні сатып әперіпті. Бәлекет жүйрік-ақ. Сол жігіттің өзі есерсоқ демесең, ат баптауға шебер. Жылқы мінезін түсінгіш-ақ. Өткен жылы есіңде ме, біз мал дәрігерінің тойында болып ек қой. Сонда мен де той тарқар мүшеге қатысқам. Иә, иә, күлме. Рас айтам, Чапаев совхозының жігіттеріне той иесі екі метр ақ жібекке түйген жүз сомдық мүше берді. Шідертінің жігіттері қорбандап: «Ал, кеттік. Ал, әкеттік» — дей берген, аналар шаңына ілестірмей жөңкіле жөнелді. Чапаевтың жігіттері тегіннен-тегін берсін бе, ытқып кеп кетті. Отыз аттылының ішінен Чапаевтіктер үзіліп шықты. Мен ілессем бе, ілеспесем бе деп тұрғам. Үш мотоциклмен осы Базарбектер келе қалды. Шідертіліктер күдер үзіп күйініп жүргенбіз. Базарбек жылқышы нағашысының баласын: «Түс аттан!» — деп түсіріп тастап, бір-ақ ырғып мінді де, соңынан қуып берді. Мен де соңынан тарттым. Жаман аттың өзіне Базарбектің қанат бітіретінін сонда көрдім. Не пәлесі барын білмейім. Ұшыртты-ай дейсің. Жап-жазық жусанды далада ағызып барады. Шідертіліктерге жетіп Чапаевтіктердің құйрығын тістесті. Пәлекет екен Чапаев совхозының ақ боз мінген бір кексе жігіті маңына шаң жуытпай, құрық тастам алда кетіп бара жатқан. Базарбек әлгіні құтқармады. Шамасы анау бермей қарсыласты-ау дейім. Үзеңгі қағыса біраз жұлқысты да, енді бір қарасам, ақ боз ойнап шыға берді. Иесі домалап қалды. Қолында аппақ мата желбіреп, Базарбегім ой бір ағылды-ай дейсің. Не деген керемет, ә? Сөйтіп Базарбектің арқасында Шідертіліктер той тарқар мүшені әкетті емес пе. Сонда мен өзім әкеткендей қуанғам.

— Білем... Білем.

— Білсең, әне сол. Адам деген қызық. Анаң қара... Әлгі қалқан құлақты көремісің. Итше жүзіп қалды емес пе?! Түйсіксіз болмады. Әкесіне тартпаған.

— Қой жүр кеттік, Сәтім.

Екеуі өзеннің түйе тайлы жарқабағынан жоғары көтеріліп, ешкі соқпаққа түсті. Сәтім қолын оңды-сол сілкіп, әлденені айтып барады. Әлі баяғы сол той тарқар мүшенің қызығы сияқты. Ақтайдың бетіне үңіле қарап бірде алдына шығып, енді бірде қатарласып бүлкіл-бүлкіл жортақтап қояды.

* * *

Базарбек түн жарасы ауа оянды. Бес қанат киіз үйдің іші қапырық. Беймаза шырылдаған шегіртке үні естіледі. Қасында жатқан төрт тракторист тәтті ұйқыда, қор-қор етеді. Бүгін олар бес мая пішенді тұрғызып, әбден шаршаған. Әлгінде анау ойпаттағы вагон үйде жатқан қыз-келіншектермен әзілдесіп, ойнап-күліп келгендері де бар. Базарбек те ілесіп еді, әйелдер мұны қақпайлап маңына жуытпады. «Ойының жаман, әрі жүр»,— деп, түрпідей жиырылысқанды. Басқарма келіп еді, бәрі жамырап: «Ертең жексенбі ғой, ауылға жібер, жуынып-шайынып қайтайық»,— дескен, басқарма көнбеді.— «Шыдаңдар, келесі апта қайтасыңдар»,— деді. Сонда Базарбек қыңырлық танытып, ілік іздеп: «Әй, аға, мен кетем»,— демеп пе еді?!» «Е, саған сот бар ма? Өзің біл. Тек ертеңгі жұмысқа үлгерер сің»,— деген басқарма ыңғайына бағып, қарсылық білдірмеді. Сөйтіп күткені болмай, мәселі қайтып қалғаны да осы қазір ойына оралды.

Базарбек жастықтан басын көтеріп, аяқ жағында жатқан киімдерін киді. Тікірейген шашын күректей алақанымен сипап қойды. Тағы да әлденелерді есіне алып, көңілін жұбатпақ еді, ойына ештеңе түспеді. Үзік-үзік бірдеңелер елестейді. Ол орнынан көтерілді. Аяғын кердеңдей басып далаға шықты. Киіз үйдің ішіндей емес, дала салқын, қағу екен. Базарбек самаладай жұлдызы жамыраған ашық аспанға қарап, аузын кере есінеді. Апай төсін қолымен умаждап, құшырын жазды. Әйтсе де, бойын билеген, бұрын беймәлім дүлей тыныш таптырар емес. Мойны өз-өзінен құрыстанып, төсі әлденеден сыздап барады. Ол ойпаттағы қатын-қалаш жатқан вагон-үйге беттеді. Осы қазір иығымен қағып, соны орнынан қозғап жіберсем бе деп те ойлады. Бойдағы қуат, шындаса, вагон тұрғай трактордың өзін төңкеріп тастардай көрінді. Вагон-үйді үш-төрт айналды; ақыры шыдай алмай, бойына шық тартқан ояңдағы көк шөпке кеп құлады. Жерді аймалап, борт-борт шөпті жұлды. Одан да медеу таппады. Ыстық қан басқа теуіп, кеудені де күйдіріп барады. Бұ не екенін түсіне алмай Базарбек төңірегін жалаң жұдырығымен тоқпақтай берді. Кенет... Вагонның есігі сықыр етіп ашылғандай болған, Базарбек өз-өзінен шошына ойнақшығанын қоя қойды. Қыбыр етпей, атылар жолбарыстай оқтала қалды. Көйлегі ағараңдай бір әйел шықты да, вагон-үйдің сыртына сәл аялдап, қайта ішке кіріп кетті. Базарбек көкпарға қолы тие бергенде аты мертіккендей өкініп, жылап жібере жаздады; сызды жерді тоқпақтап қатты ыңырсыды. Тағы да қыбыр етпей ұзақ жатты.

Шұғыл орнынан тұрып вагон-үйдің есігіне келді; ашқалы бір оқталды да, киіз үй жаққа қарады. Батылы жетпей, іркіліп қалған, енді бірде есіктің тұтқасына қолын соза түсіп тоқтады. Әлденеге белін бекем буғандай вагон-үйдің есігін сыртындағы шаппа ілге шегімен бекітті де, киіз үйдің қасындағы трактор, мотоциклдерге бет алды. Өз тракторын от алдырып, вагон-үйге келді де, оны тіркеп жүріп кетті. Іштегі қыз-келіншектердің аласұрып, есікті тоқпақтағандарына да қарамай, салдырлата сүйреп жөнелді. Сай, жыра-жықпыл-ау дейтін емес, безілдетіп келеді. Кейде жолдан шығып маңып кетеді. Бір жерде тіпті аударылып та қала жаздады. Қыз-келіншек, қатын-қалаштың шуылдап, қарғап-сілегендеріне де қарамады. Он екі шақырым қашықтық вагондағыларға тозақ жолындай ұзақ көрінгенін, зәре-құттары қалмай күбірлесіп: «Сақтай көр! Иә, алла!» — дегендерін де ол білмеді.

Колхоздың ортасындағы, маңдайшасында жалауы желбіреген басқарма кеңсесінің алдына кеп бір-ақ тоқтады. Тіркеуін ағытып, вагон-үйдің есігің ашып жіберген:

— О, жер жұтқыр! Сен бе едің?

— Қап, бәлем, сені ме?

— Мілітсаға... Мілітсаға ұстатамыз,— десті іштегілер улап-шулап. Бәрінде де өң-түс жоқ. Құп-қу боп кеткен. Қалш-қалш етеді. Сәлден соң өздеріне-өздері келіп, естерін жия бастады: оң мен солдарын танып, қайда келгендерін сезіп, жүздері жылыды. Қуана кәукілдесіп қалды:

— Мынау біздің үй ғой.

— Ауыл... Ауылға келіппіз, қатындар!

Базарбек тракторына отырып жүріп кетті. Ыржалақтап күліп барады. Үлкен бір іс тындырғандай мәз. Қайран ана! Сен үшін баладан тәтті жоқ шығар-ау. Жылан тапқан әйел жаны қиналып жатса да, ел жиналып іштен шыққанын өлтірмек болғанда: «Айналайын ирелейшегеніңнен! Өзіме беріңдерші... Ақырғы рет бір иіскейін...»,— депті деген аңыз да, сенің ана атыңа кір жаға алмағаны бекер емес-ау. Базарбектің келгенін сезіп анасы үйден жүгіре шықты. Баласын «құлыным-ау» деп талай жыл көрмегендей құшақтап алды. Бәйек боп тыным таппады. Қолына су құйып, сүлгі ұсынды. Зерең аяқ шұбат беріп, төсек салып жайғады. Соның бәрінде езуінен шуақты күлкісі, қуанышы үзілмеді. «Апа, апатай»...» —дейді Базарбек те өңіреңдей. Қара торы, қақырадай ақ жаулық салған ұзын бойлы, қоңқақ мұрын қарияның көкірегіне басын сүйеп еркелеп жатыр. Ана иісі жанын жадыратып, сергітіп жіберген сияқты. Базарбек апасының басын сипап: «Құлыным-ау. Жалғызым менің» деген мейірімді әлдиіне бөленіп, ұйықтап кетті. Сонан сәске түсте бір-ақ оянды. Жылы төсектен тұрғысы келмей көзін қайта жұмды. Енді қайыра көзі ілінбесін білсе де, орны¬нан көтеріле қоймады; үйдің күн жақ бетіндегі терезесіне газет тұтып, көлеңкелеп жүрген анасына елжірей үн қатпақ болған, онысынан айнып, ерініп үндемеді. Сәлден соң ауыз үйден дабыр-дұбыр естілді; әкесінің әлденеге ренжіп, егістіктен келгенін андады. Құлағын тігіп, тыңдай қалды.

— Ойпыр-ай, кемпес-ай, не істейміз, ә? Бұ бала бір күні мені өлтірер. Не деген сұмдық. Бүкіл ауылдың қыз-келіншегін қырып жібере жаздапты ғой.

— Ақырын енді.' Ұйықтасын. Оятып жіберерсің.

— Өй, ұйқысы құрысын оның! Эй, сонда ол не ойлады, ә?—дейді әкесі. Базарбек осы қазір көкесінің ақ сары жүзі күреңітіп, қызарақтап тұрғанын, құс мұрынның үсті тершіп кеткенін көз алдына елестетті.— Ал, анау әйелдердің біреуі қатты шошынып, бала тастаса қайтер, ә? Бүйткен жұмысы құрысын иттің. Басқарма да боғын пышақтап бұлан-талан. Әрине, оныкі дұрыс. Трактор бермейім дейді. Қасыма егіске алсам ба? Әй, кемпір, сенің осы гөй-гөйің баланы бүлдіріп жүрген.

— Алла-ай, қойсаңшы енді.

— Неге қоям мен! Қап масқара бола жаздағанымызды білемісің?

— Үндеме. Оны әлі үйлендіреміз. Аяғына тұсамыс түскесін өзі де қояды.

— Өй, кет әрі! Көкіме. Сенің әумесеріңе біреу қызын берейін деп тұр еді. Әйел оның несін алған, астындағы тракторына не бола алмай жүргенде. Қызды айтасың, ел трактордың өзін бермейміз деп отырса.

— Менің балам ешкімнен кем емес. Табыс табады. Жұмысын істеп жүр. Анау Елтайдағы құрбымның аяқ- қолы балғадай қызын алып берем.

— Көкіме дедім ғой. Көкіме. Мен оны қасыма алам. Егіске апарам. Күріш суарсын. Желпіл деуі жеткен шығар,— деді әкесі бұрқылдап.

Базарбек тракторын қимай жылап жіберді. Бетін жастықпен басып солқ-солқ етеді. Неге күйініп, қорланғанын өзі де білмейді, әйтеуір, бір зәбір көргендей еңкілдейді.

* * *

— Ақтай ағай! Ақтай!

Ақтай кітап оқып отырған, орнынан атып тұрып терезеге ұмтылды. Ашып жіберген, екі-үш қыз баланы көрді. Жүздері қуқылданып, үрейленіп түр. Оныншы кластың оқушылары.

— Не болды? Неге үндемейсіңдер?

— Ақтай аға, әлгінде суға барған Құрманайды бір жігіт атпен кеп ұрлап әкетті. Екі шелегі мен иінағашы сол жерде жатыр.

— О кім?

— Білмейміз, ағай! Бетін орамалмен таңып алған. «Апа!» —деп Құрманай айқайлап еді, оған да қарамады.

— Әке-шешесіне айттыңдар ма?

— Айттық. Ойбайлап жатыр.

— Мен қазір...

Ақтай өз құлағына өзі сенер-сенбесін білмей дал. Тез киініп, шешесінің: «Қайда барасың?» — дегеніне қайрылмай, үйден жүгіре шықты.

Бүкіл ауыл дүрлікті. Әрлі-берлі шапқылап із-түссіз жоғалған Құрманайды таба алмай-ақ қойды. Ұрлаған адамның Базарбек екенін білгенде, тіптен зәре-құттары қалмады... Ақтай Базарбекті соттатып жіберем деп жүр. Оған Құрманайдың әкесі де, туыстары да жақ. Етек-жеңдері желбіреп кеткен, аласұрып отыр. Бұрын-соңды ауыл-аймақта бұл сияқты уақиға көптен болмаған: сонан ба, ел қатты елегізіп кешке дейін қызынысты. Бірте-бірте суынып, қыздың әке-шешесі білсін дегенге ойысты.

«Сынған шыны бүтінделмес. Тағдыр солай болса не істедік»,— деген сөзге де келіп қалды. Ақтай аңысын андамай тура Сәтімге тартты.

— Масқара болғанымызды білемісің, Сәтім? — деді ол есіктен кірер кірмес. Досы жалғыз, оңаша отыр екен. Жүзін сырт салып, сүлесоқ күңк етті.

— Білем, Ақтай.

— Білсең, медициналық акт жасауға дайындал. Милицияны шақыртамыз. Ұстатып, тура ауданға айдатамыз. Бұл оңбағанды құрту керек. Тамырымен құрту керек.

— Қалайша? Кім құртады? Сен бе?.. Мұндай істің аяғы немен бітетінін де түсінбейсің бе?!. Абыройсызданған қызды жан баласы үгіттемейді, өзі-ақ келіседі. Бұған милиция да арала сып, дәнеңе дей алмайды. Өйткені Құрманай кәмелетке толған қыз, заңның аты заң, бәрімізге де ортақ... Қойшы әрі, көзіңді алайтпай!..

— Оу Құрманайды менен жақсы сен білемісің, әлде мен білем бе?.. Айтып отырғаным жоқ па, ол сен ойлағандай кез-келгенге қолжаулық боп жүре берер қыз емес!.. Өліп бара жатса да келіспейді!..

Осы кезде үйдің көше жақ бетінен дабыр-дұбыр дауыс шалынған; Ақтай іркіле түсіп, Құрманайдың кластас құрбы-құрдастарының үні екенін бірден таныды. Әйтсе де дағдара «Бұ не?» — дегендей Сәтімге бір, есікке бір көз тастағанда, асыға басқан апыр-топыр аяқ дыбысы бөрене ағаш баспалдаққа таяған еді... Есік шалқая ашылып, табалдырықты аттай бере лықси аялдаған қалың көпір оқушыларға қарсы Сәтім мен Ақтай ұмсына орындарынан атып тұрысты. Терлеп-тепшіп, екі иіндерінен дем ала, алқына жеткен балалардың алаулаған жүздерінен, жайнаған жанарынан қобалжумен бірге Ақтай қуаныш ұшқынын да шалып қалды.

— Жәй ма?

— Ағай... Сіз әлі ештеңе білмейсіз бе?-.. Құрманай...

— Апыр-ау, аптықпай айтсаңдаршы!..

— Ағай, ол құтқарылды!

— Кім құтқарылды? Құрманай ма?..

— Иә-иә, Құрманай!.. Базарбек оны көршілес ауылдағы нағашы әпкесінің үйіне түсірген екен. Әпкесі Құрманайды қорлатпай қорғап қалыпты... Келген бойында Базарбекті милиция ұстап әкетпесін деп қорасына қамап тастапты да, Құрманайды үйіне жеткізіпті. Біз көрдік, дін аман, жолықтық!..

— Иә, сонсын?.. Өзі қалай?

— Күледі де жылайды... Ағай, ол қуаныштың әсері ғой!.. Аман-есен құтылып келгеніне қуанғаны!..

— Ай, бәрекелде, Құрманай! — деп Сәтім мынау естіп тұрған жаңалығына сенер-сенбесін білмей дағдарып.— Ту-у, не деген қуаныш-ей!.. Естіген бойда тез хабарлағандарың қандай жақсы, жарайсыңдар, балалар...

Ақтай тілден айрылғандай үн-түнсіз сылқ етіп орындыққа отыра кетті де, әлі құри қыбырсыз қалды. Бар уақиғаның ауыртпалығын да, қасіретін де, күйінішін де, немен тынуы мүмкіндігін де осы қазір бүкіл жан-жүйесімен Ақтай толық енді сезініп, әрине мұның бәріне өзім ғана кінәлімін деп ойлап та үлгерген; математика пәнінен терең білім беру жөн-ақ қой, ал өмір сабағын ескермей келгені несі! Иә, оған дайындалу қиын, оңай емес... Жылмаяша көркейіп, өркен жайған елімізде жамандыққа, ласықтыққа орын жоқ деген мен мейірімсіз қатыгездік, қорлық-зорлық қылаң беруі мүмкіндігін, оны қыл елі естен шығармаған лазым. Сонда ғана мұндай дәрменсіз күйді басынан кешпес. Ақыры қайыр, соған да шүкір. Ал керісінше болса ше?.. Не істер еді? Иә, оның жолы әрмен кеш қалып күйзелгеннен не пайда, кімге керек?..

Балалар үйден аяқтарын ақырын басып шығып кеткен; дабдырласа терезе тұсынан өтіп, ұзаған сайын біртін-біртін үндері көмескіленіп барады. Ақтай өз ойынан шошына ширығып, серпіле орнынан тұрды да, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүріп берді.

Сәтімде үн жоқ. Бұрыштағы стол жанында отыр; алдында сол күні бір беті де оқылмаған кітап ашулы жатыр, ол әлсін-әлі желкесін қасып, жүзін алып қашады. Досының қазіргі жан-күйін түсініп, күйзеле терең күрсініп қойды. Ақыры шыдамай, орнынан тұрды. Анадай жерде ілулі радионың тетігін барып бұраған:

— Физика ғылымының кандидаты, қазақ қызы, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болып отыр,— деп радио самбырлап қоя берді. Бұл соңғы хабардың аяғы еді. Іле хабардан соң шаттық биі ойналып кетті.

Ақтай үн-түнсіз қалтиып қалды. Сәтім басын сипап, телпегімен желпініп қойды да, өз-өзінен күңкілдеп: «Адам деген қызық!» — деді. Әлденеге түсінбегендей қиналып тұр.

1973 ж.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру