Балғабек Қыдырбекұлы | Көгендеулі бала
Бұзылған еркекке шара жоқ, Өрден Айтолқынның үстіне тоқал алмақ ойын ағайын-туғанына тегіс айтып құлақтандырды. Өсек-аяңнан Айтолқын мұндайдың бәрін күндегісін күнде естіп отырса да, Өрденге бір сөз демеді, түк естімегендей болды. Шыны керек, Өрденнің тоқал аламын дегенін ағайын-туғаннан құптаған ешкім болмады. Айтолқынға қояр кінәсі жоқ. Әдетте, көбіне-ақ қазақтар тоқал алуға алғашқы әйелінің бала таппауын себеп қылады. Ал Айтолқынға ондай кінә қойылмайды, өйткені одан туған бес ұл, екі қыз бәрі де Өрденнің аузынан түсіп қалғандай, бәрі де үріп ауызға салғандай. Ең болмаса біреу-екеуі Айтолқынға да тартпапты. Сонда да құдай бұзған Өрден жұлқынып болмады. Тіпті Өрденнің бірге туған ағасы Күпшек бай да інісінің тоқал алғанын жақтырмады.
— Тілімді алсаң қой. Айтолқынның көңіліне дық салма. Осы бір ауылда одан көңілі қалған бір адам жоқ, бүкіл ауылдың үлкен-кішісінің бәрінің көңілін тауып, үлкенін үлкендей, кішісін кішідей көріп, ырыс алды ынтымақ болса, бәрін дағы соған ғана бейімдеп, ақылмен байыптап отыратын адамның үстіне қатын алмас болар,— деп еді ағасы. Бірақ Өрден ағасына жабыса кетті:
— Өзің неге екі қатын алдың? Мен алдыңғы арбаның ізімен кететін болармын,— деп Өрден безірейіп болмады.
Күпшек аты жұп-жуан болып тұрғанымен, өзіне біраз дәулет біткенмен, денесіне артық ет бітпеген, сыптығырдай, бойы да, ойы да бар кісі еді. Ол түнеріп, ойлана отырып інісіне қайта тіл қатты:
— Мен әйел алсам байлығым тасыды деп алған жоқпын. Бәйбішеден бала болмады, бұл дүниеден ернім жібімей кете ме деп қорқып едім, құдайға шүкір, құдай тілегімді берді. Тоқалдан туған екі ұл көзімнің ағыменен қарасындай. Айтсам, саған сол екі қатын дегеннің пәле екенін білгендіктен де айтамын. «Екі қатын алыпсың, бір пәлеге қалыпсың», деп бабаларымыз бекер айтпаса керек, Үйіңнен ұрыс, маңдайыңнан құрыс кетпейді. Менің өмірім өмір ғой деп ойлаймысың. Менікі өмір емес, қызыл от. Қай күні сол үйге кірмесем бе екен деп те ойлаймын. Амал нешік, бармай тұрмайсың. Тілімді алсаң қой. Алмасаң, өзің білесің, мен бұдан былай бұл әңгімені қозғамаймын. Ағасы Өрденге жеткізіп те, таусылып та айтты және шынын айтты
Шынымен-ақ Күпшек түнеріп алды да, тілазар ініге айтқаны ем болмаған соң, қайта жақ ашпады.
Өрден сымбатты да, көрікті де жігіт еді. Айтолқын да ер жігіт «менің қатыным болсын» дейтін-ақ әйел еді. Көркіне ақылы сай, жұрт бұларға қызыға да, қызғана да қарайтын. Айтолқын әсіресе көште ерекше салтанатпен жүретін. Ол бала тапқанның жөні осылай деп, күйеуіне міндет қылатын адам емес еді. «Қатын байға еркелер бала тапса» дегенмен, Айтолқын Өрденге ондай бір базына да жасап көрмеген. Үйдің ішін екі-үш түйеге артқан соң, түйе үстіндегі кебежеге кішірек үшеуін отырғызып, үлкендерін тайға, құнанға мінгізіп, басқаларға қосып жібере тұрып, басқа әйелдер сияқты бесіктегі баласын түйе үстіне бесігімен таңып тастамай, өзі ат ерттетіп, бесік өңгеріп, онымен қоймай түйелерді біріне бірін тіркеп, алдыңғы түйенің мұрындығын әдемілеп ағаштан жасатып, екі басын жезбен қаптатып, оған бұйданы да түрлі түсті жіптен өзі есіп, өзі жетектер еді. Осының барлығын ол ауылда еркек бар ма, жоқ па, өзі атқара беретін.
Кеш алдында атқа отырысы қандай. Бесік өңгеріп келе жатырмын-ау демей, қаздиып тұрып отырғанда оған кім болса да қарамай өтпейтін. Қайын-қайынаға, абысын-ажын бәрі де оған «Айтолқын десе Айтолқын ғой» десетін. Өйткені келген ағайын-туған бұл үйден құрауыз аттанып көрген жоқ болатын, барлық уақытта-ақ шамалы ғана малмен дастарқаны да жиылмайтын, алақаны ашық еді. Сөйткен Айтолқынның үстіне енді Өрден тоқал алмақ.
Айтқанға көнбеген Өрденге ағайын, «қазақ байыса қатын алады», деді де қойды. Әрі-беріден соң екі қатын алып жатқан жалғыз сол ма, бұған ерекше мән де берілген жоқ.
Тоқал алыстан келген жоқ. Өз ағайындарының бірінің жесір әйелі Кәрден еді. Ері ел арасындағы барымтада бата тимегенмен қата тиген бір шоқпардан қайтыс болған. «Ерден кетсе де, елден кетпейді», деген ол заманда сөз салғанда, Кәрденнің қалауы Өрден болыпты. Айтолқыннан көңілі қалмаған ағайын-туған, абысын-ажын осындай өрескелдігі үшін Көрденді Кердең атандырып алды. Қашанда ат қоюға келгенде әйелдердің аузы дуалы, талай әжептеуір аты бар қазаққа жоқтан өзге есімді желімдей ғып жапсыра салмай ма!
Өрден ағасы Күпшек сияқты екі қатынды екі үй етіп қоя алмады. Оған шамасы да жоқ, еді. Сонда да «көк кептер к... қарамай әулие ағашқа қоныпты» дегендей, екі қатын алды деген атақ жасағысы келе ме, әлде бір қылығынан ұнап қалды ма, Керденді ол өзгерек ұстады. Көбіне бала тумаған әйелдің көбі жәдігөйлеу болады, өйткені оған жағдайдың өзі де итермелейді ғой. Етектен тартып жатқан бала жоқ, «баланды бөлеп жатырсың ба» дейтін ол емес, ертеден кешке істейтіні өзін күту, күйеуі келгенде соған жағыну, жақсы көріну, соның асты-үстіне түсіп бабын табу. Ал балалы әйелдің оның бәріне мұршасы бола бере ме? Даладан біреуі шөлдеп келеді, ол келіп тұрғанда екінші біреуі далаға ойынға кетуге асығып тұрады, үшіншісі түбекте отыр, төртіншісі бесікте шырылдап жылап жатыр... Айтолқын осының бәрін де үлгіретін, бала екеу-үшеу емес, жетеу болса да, оны «құдай көпсінбесін» деп қабағын шытып көрмеген-ді. Солардың тамағы да уақтылы істеліп, киімдері дер кезінде жуылып, бір баласының бip түймесі салынбай тұрғанын ең жіті мір көзді қытымыр абысын байқаған емес-ті.
Ал ең ақыры ауылды біріне бірін соғып, «қос үйді қоса қондырмайтын» Жыпбике абысыны да Айтолқынмен десіп көрмеген-ді.
Кердең бұл үйге келісімен төсегін оң жаққа салып, бірінші кезекке ұмтылды. Айтолқын тіпті оған да маңыз бермегендей тұр көрсетті. Айтолқынды абыржыту, ұрыс шақыру, әлденеге ыза қылу, зығырданын қайнату, балалардың бірін онда, бірін мұнда отырмадың деп, отырса опақ, тұрса сопақ ету сияқтының бәрін, босағаны аттап басқан күннен-ақ бастады. Айтолқын оларды көрмеді. «Кең болсаң, кем болмассың», дегенді арқа тұтып, көбіне-ақ кешіріп қоя салып жүрді.
Бір күні Өрден сырттан келер шақта Кердең ыстық сүтке тары бөктірді. Оны күйеуінің төбесі көрінгенде істеп, дәспен аяқ қылып өрешеге қойды да, сырттан Өрденнің келуін күтті. Бұл кездері Өрден үнемі үйдің оң жақ жабығын ала отырып шешініп, қамшысын да сол оң жаққа тастайтын, киімін де оң жақтағы кереге бастарына ілетін болған. Мұнысы көпе-көрінеу Кердең жағындамын дегенді көзге ұрып көрсетіп тұратын.
Әдетте сырттан Өрден кіргенде, бұл үйдің ас-суы да бірге кіріп, сонымен бірге бұл үйде пісетін жылы-жұмсақтың бәрін ағайын-туған, қатын-қалаш бірге ішісетін. Өрден соңғы кездері қандай тамақ болса да, жалғыз отырып ішетін болды. Ол алғаш бұған онша маңыз да бермей жүрді. Бірдемені сылтауратып Айтолқын да далаға шығып кететінді шығарды. Дастарқан басына әкесін жағалап, жапырлай отыратын балалар да жоқ, елсізде отырғандай ың-жыңсыз жалғыз отырғанын ол бір емес, әлденеше рет байқады. «Апыр-ау, ағайын-туған үйге неге келмейтін болып кетті, көппен ішіп, көппен жеп үйренген тамақ та жүрмейтін болып алды. Сапылдап сөйлей кіріп, Өрденмен осы үйдің қиярын бірдей қылатындай үлкен жеңгесі Қатипа қайнысына жалғаса отырып алып, шайды сораптай тартып, аузы сөзден бір босамай отырушы еді. Ол да пышақ кескендей тыйылыпты. Бұл үйдің «ойран-ботқасын шығаратын» үлкен ағасы Күпшектің баласы да келмей қалыпты. Осыларды ойлай отырып, Өрденнің тамағынан тамақ жүрмейтін. Бірде жанында жалғыз отырған Кердеңнен:
— Ауылда ешкім жоқ па? Неге олар тамақ ішуге келмейді?— деп сұрады.
— Жоқ болу керек,— деді Кердең кекжең ете түсіп. Нақ осы бір сәтте үйге қайта кірген Айтолқыннан:
— Ауыл адамдары қайда кеткен?— деп сұрап еді. «Үйлерінде болар», деген қысқа жауап алды. «Олар неге келмейді?» дегенге Айтолқын «шаруалары бар шығар», дей салды. Айтолқын бұл жерде де ұстамдылық жасады. Егер «Кердең келтірмей қойды» десе, шатақ болатынын біледі. «Үй іші ала болса, кереге басы сайын пәле болады», демей ме халық. Үйге пәнде орнатып не керек, ынтымақ бүлінбесін дейді де, іштен тына береді. Көрші-қолаң, ағайын-туған түгіл Өрденнің өз балаларын да дастарқан төңірегіне жолатпай қойған жоқ па? Айтолқын оны да айтпады. Өйткені Өрден өз балаларын өзі жоқтамаса, оған Айтолқын не демек, ол төркінінен жүктеп келген жоқ, не төменнен туғандар емес, өз қаны, өз баласы. Олар жалғыз Айтолқынға ғана керек пе?
Даладан кірген Өрдеңді Кердең жалғыз қарсы алды. Дапдардай жасына қарамай, оның мойнына асылды. Былай қарағанда ол орынды да сияқты еді. Бірақ дастарқан да жайылып еді, мерез болған кісідей Өрден тағы жалғыз отырды. Жаңағы сүтке бөктірген сектің үстіне қазан бетіне қаймақ жаңа салынды. Оның үстіне екі-үш қасық қант түсті. Сүтке бөккен сөк әбден жер қалпына жетті. Үлкен бір шара сек. Ал мұны жалғыз жейді, иә оған Кердең көмектеседі. Айтолқын да келмейді. Сонда бұл не, мерезбен ауырып еді? О заманнан бұ заман, ауыл үй отырып атам қазақ қашан тамақты жалғыз ішіп еді. Жалғыз отырып мұның жал-жая жегеніне, жемегені не? Оның дәмін бұдан басқа кім көрмек? Әлде бұл үйге ешкім келмейтін шешек шығып па еді. «Бекерге отырғаннан дабыр жақсы, үйлерден кісі кірмес қабыр жақсы», демеп пе еді, ата-бабаларымыз. Бұл сол жалғыз болма, «жалғыз жүріп жол тапқанша кеппен жүріп адал, дегені қайда? Өрден тамақ алдына келгенде осының бәрін ойлап, қара суға түсіп терлеп кетті. Әлде, әлде...
Ол отырған орнынан түрегеліп, далаға беттеді. Есік алдында жетім қара лақты қолдарындағы нандарын беріп жемдеп жатқан үйелмелі-сүйелмелі үш ұлын көрді. Отырған жерлерінен кең құлашын жайып, үшеуін бір-ақ құшақтап алған күйі үйге қайта кірді. Балаларды құшақтай кірген күйеуін көрген Кердең шытынып, қабағын тарс түйіп алды. Өрден көтеріп келген үшеудің үлкенірегіне қарап:
— Үлкен үйден Қатипа апаңды шақырып кел,— деді Есікке жүгіре шыққан бала, сәлден кейін бұртиып қайтып келді.
— Апаң қайда?— деді Өрден.
— Көресін Кердей-ақ ішсін,— деді.
— Не дейді?— Бала неден қорықсын, үлкен үйдегі апасының-айтқанын бұлжытпай қайталап шықты.
Өрден қап-қара болып, түтігіп кетті. Бұрын біреу кіріп, біреу алып жататын үй мынау, қуалаған кірмейтін болып алды. Әлде Айтолқын үгіттеп жүр ме екен. Ол екі жесе шай ішті де, кесені төңкеріп тастап, балаларының алдына бөккен сөкті қойып, солардың жегеніне қарап, ойға кетіп отырды. Жоқ дейді ол іштей мұнда басқа бірдеме бар, пәле... Нақ осы бір сәтте Кердеңнің даусы шықты:
— Жау шымшықша талап түк қоймадыңдар ғой, әкелерің жесін де.— Балалар состиып, қасықты алмай, тарыға ұмтылмай, тосылып қалды. Өрдеңнің қабағы шытылып кетті. Шытылмай қайтсын, жан-жануар, ұшқан құс, жүгірген аң барлығы ұрпағы үшін өмір сүреді, ұрпағы жоқтың тігерге тұяғы болғаны не, болмағаны не. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар». Қалай керемет айтылған. Өрден Кердеңнің сөзін елемей, тарыны топан жеген танадай томпаңдап асап жатқан кішісін құшақтап, бетінен сүйді. Мұны көрген анау екі ұл да сөкке қайта бас қойды...
Содан ерттеулі тұрған атына келіп, Өрден аттанып кетті. Және ойда кетті. Содан тура жарты айда оралды.
Ол кезде ауыл Іле-Шу Алатауының Құлансаз жайлауын жайлап отырған. Құлансаз кең қоныс. Қолайсыздығы суды Қара Қыстақ өзенінен меспен тасып ішкені болмаса, бұл жайлауға қояр кінә жоқ. Көркем десең көркем, кең десең кең. Оның табанында сазда бұлақ көзі де бар. Дегенмен, «тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын» жетісулықтардың ежелгі әдетімен, асқардан ақтарылып, арнада қайнаған өзен суынан олар сусындар еді. Әрден, көптен жоқ болып кеткен Өрден, ертең келеді деген хабар жетті. Хабаршылар базаршылар болатын.
Түстік шығыстан терістік батысқа созылып жатқан Құлансаздың екі беткейі шыжандай ел. Мұнда тіпті баққан малы жоқ, ыстықтан да қашып келетіндер бар. Көбіне мал ыңғайымен жүретіндер Құлансазды алыстан бағып, жыра-жыра, қырқысқа отырар еді де, көбіне тегісте малын дала жайлатып, бордақыға тастағандар жайылатын. Өрденнің үшінің азын-аулақ малын ағасы өз отарына қосып алып қалған да, бұлар басқалар сияқты жұртпен бірге Құлансаз келген.
Өрден келеді дегенді естіген күндес екі қатын екі түрлі қарсы алды. Жер қозғалса, қозғалмаймын дейтін Айтолқын қуанышын да, де білдірген жоқ. Күнделікті үй тіршілігімен айналыса берді. Іштей үйден ренжіп аттанған Өрденнің бұл кетісіне риза болмағанымен, Айтолқын оны сыртқа шығарған жоқ. Көбіне-ақ еркек үйден қабақ шытпай шығу керек деп есептейтін ол, Өрденнің тұнжырап, балаларының бетінен сүйіп жатқанда аяп та кеткен жағдайы бар еді. Бірақ қайғысын да, қуанышын да жасынан ешкімге білгізбей үйренген ол іштей қобалжып тұрғанмен, сыртына шығармаған. Бір сәт үйден бұлай ренішпен аттанба дегісі де келді еріне, бірақ мұнысын ол жақтырса жақсы, жақтырмаса, бірдеме деп тастаса, қолайсыз болар деді де, тіс жармаған күйі қалды. Енді міне, әйтеуір ертең келеді дегенді естігенде, кеңілі орнына түскендей болды.
Кердең Өрденнің келуін мүлдем басқаша қарсы алды. Ол күйеуі келетін күні ертемен тұрып төнді шешті де, өзінің асыл киімдерін, буулы жатқан, иленген үш-төрт — ішінде түлкісі, бұлғыны бар ұлпанды сыртқа шығарып жайды да, оларды жел қаққан соң бәрін жайнатып кереге басына іліп тастады. Қазақ мұндай теңдегі асыл бұйымдарға әдетте ат шауып ас берген кезде, ұлан асыр той жасағанда шығарып, іліп тастайтын. Кердеңнің мұнысы көптен бері үйде болмаған ерінің барлық назарын өзіне аудару болатын. Егер жарқырап, жайнап тұрған дүние-мүлікті көрсе, соған керісінше, бес қанат үйдің сол жақ қанатының сұрқайлығын көрсе, Өрден тоқалдың айрықша пысықтығын, сәнділігін қалай-ақ аңғармас екен. Сонан соң Айтолқыннан тағы да жирене түссе, ол Кердеңге ұнай түседі. Әйтеуір қай жолмен болса да Өрдеңді өзіне қаратып алса болды да.
Айтолқын тіпті ешнәрсеге абыржымады да, әбігерленбеді де. Тоқалдың ерекше сыланып-таранып, жылт етерін үстіне жапсырып жатқанын байқады, бірақ байқамаған болды. Бұл Керденді одан сайын тарылта, шытынта түсті. Тіпті: «Менің оң жақты жайнатып тастағаным ішін жарып бара жатқан соң әдейі байқамаған болады»,— деп те қойды ішінен.
Шынында үйдің оң жағы адам қарап тұрғандай жайнап кетті де, сол жағы кереге сыртынан, туырлық ішіне ұстаған ораулы шиден басқа ештеме де жоқ болатын. Тіпті сол жақ босағада туғанына үш-төрт күн болған екі-үш қозыны кешке көгендеп қоятын көгеннің үш ала бұршағы салбырап-болбырап жатқан. Үйдің сәнін кетіріп тұрған бұл бұршақтарды жаңа ғана жақтырмаған Кердең аяғының ұшымен түртіп-түртіп қойып еді. Бірақ оны алып тастап, сол көгенге қолын былғағысы келмеді. Көгенді Кердеңнің тепкенін де Айтолқын көрді, бірақ тіл ашпады. Өйткені шақпақ шағар құдай ұшқын тисе түтеп жанғалы тұрған пәлені қозғағысы келмеді. Бірақ ырысты аяғымен тепті-ау деді ішінен.
Балалардың да үш жасар Жарастан басқалары жоқ болатын. Олардың бәрі әлдеқалай ауыл ортасындағы желі басында күресіп жатқан жігіттердің тамашасын көруге кетіпті. Олардың үйде болмағаны да Кердеңнің көңілін жайландыра түсті. Ал мына үш жасар Жарас босағада он шақты асықты иіріп тастап ойнап отыр. Ол ешнәрсені де аңғармайды.
Өрден аттан түсіп жатқанын екі әйел де білді. Ешқайсысы оның алдынан шыққан жоқ. Мұндайда әкесінің келетінін аңдып жүретін балалар да жоқ. Міне, Өрдеңнің үйге қарай адымдап келе жатқаны естілді. Кердең оң жақтағы өзі жайнатып, іліп тастаған асыл бұйымдарға қарады. Қазір үйге Өрден кіреді де «түу, үйдің іші жайнап кетіпті ғой» дейді. Сонан соң келіп мұның жанына жақындайды, сол кезде бұл Айтолқынға көрсете тұрып оның мойнына асылады.
Өрден есікке тақалған кезде Айтолқын үн-түнсіз орнынан тұрды да, сол жақ босаға жақта жатқан қысқа көгеннің шеткі бұршағына асық ойнап отырған Жарасты көгендей салды.
— Қозы бол,— деді Айтолқын сыбырлап. Жарас қозы болып көгендеулі қалпымен бүк түсіп жатты.
Өрден табалдырықты аттай берді. Кердең Өрден аузынан жайнаған дүниеге мақтау алуға әзір тұрды. Жоқ, олай болмады. Әкесі кіргенде кішкентай Жарас:
— Мә-мә-ә,— деп қозы болып маңырап келіп жіберсін. Өрден басқа нәрсеге көз салмай:
— Мына баланы нағып көгендеп қойғансыңдар,— деп бірден кішкентай Жарасқа ұмтылды. Ол көгеннің бұршағын ағытып, баласын босатып алып, құшырланып сүйе бастады. Айтолқын баласын құшақтап, сүйген әкеге сүйсіне қарап қалды, ал Кердең сылық етіп құлап түсті де, қайтып тұрмады...
Өрденге амандасуға келген бірлі-жарымды ағайын-туған, абысын-ажын Айтолқынның Айтолқын екенін біле тұрса да, болған жайды білген соң «Айдай болған ханымнан перзенті болса күң артық» деген рас қой десіп, бір-біріне бастарын изесті.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: әңгіме Балғабек Қыдырбекұлы Көгендеулі бала туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Балғабек Қыдырбекұлы Көгендеулі бала на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке