Шерхан Мұртаза | Қасқырдың тарамысы

  Шерхан Мұртаза | Қасқырдың тарамысы

Ауылы жақындар сенбі күні түс ауа үйлеріне барып, содан дорбаларын арқалап, жексенбінің кешіне қарай интернатқа қайта оралып жатқан кез.

Менің ауылым қаладан қашық. Қала мен алыстағы ауылымның арасын Қара маржан тауы бөліп жатады. Басқалар сияқты үйіме барып келе алмаймын. Демалыс күндері көбінесе интернатта жалғыз қаламын. Дәлірек айтқанда, жалғыз емеспін, Нарбота деген бала да бар. Менің серігім сол. Дардай атының алғашқы буынын, яғни «нарын» алып тастаса, оған со да жетер еді. Нар қайда-а-а! Тұрған бойы жаңа туған ботаның сықпытындай нәп-нәзік. Аяқ-қолы шидей. Бірақ басы ботаның басындай үрпек, үлкен екені рас. Жанары да ботаның көзіндей жәудіреп, сәл-сәл жасаурап тұрады.

Нарбота — тақыр жетім. Әкесі соғыста опат болған. Шешесі қырық үшінші жылы өкпесіне суық тиіп, кешікпей күйеуінің соңынан жөнеп берген. Оннан жаңа-жаңа асқан баланы ағайындары жетімдер үйіне өткізсе керек. Содан биыл оқу басталарда, біздің интернатқа ауыстырылды.

Интернаттың балалары демалысқа ауылдарына кеткенде, Нарбота күн ұзаққа ауладағы ас үйдің күншуағында кітаптан бас алмай отырады да, кешке өз төсегінен қашып менің қасыма келеді. Жалғыз жатуға қорқамын дейді. Сөйтіп ол менің көршім Хасболаттың койкасына келіп қисаяды.

Демалыста екеумізге бола қазан көтерілмейді. Аспаз апай мен тәрбиеші апай екеумізге нан, колбаса беріп кетеді. Соны қара сумен ішіп-жеп жүрек жалғаймыз.

Нарбота ауылының қайда екенін білмейтін де сияқты, сағынбайтын да сияқты. Ал мен ауылымды аңсаймын. Нарбота күншуақта кітапқа шұқшиса, мен интернат үйінің қызыл қаңылтырлы төбесіне шығып алып, алыстағы Аспантауды іздер едім. Үйдің төбесіне шықпасаң, жан-жағы биік дуалмен қоршалған ауладан Аспантау көрінбейді. Тіпті шатырға шыққанның өзінде Аспантау ұдайы көзге түсе бермейді. Көбінесе бұлт болып тұрады, не тұман түседі, кейде мұнар перделеп қалады. Ал қыстыгүні кешке жақын кей күндері Аспантау ап-анық, әсіресе шыңдарын батар түннің қызылы шалғанда лағыл тас алаулағандай болып, көзге оттай басылатын.

Ауылым сол Аспантаудың бауырында ғой. Ақсайдың аңғарына теpезелері тесіле қарап тұратын ең шеткі қоржын үй — менің үйім. Мыңбұлақ ауылының тау жақ шетіндегі сол аңсаулы мекенді көзімді жұмып тұрып-ақ көре беремін. Қазір сол үйдің алдындағы күресін қардың үстінде үш адам солтүстік-шығысқа, Күйіктің асуына қарап қалған сияқты. Біреуі — ескі солдат шинелін киген Айша. Солдат шинелін Борандының базарында бір себет жұмыртқаға айырбастап алған. Айшаның екі жағында екі бала: қарындасым, біреуі – інім. Үшеyi де демалысқа үйге қайтар ма екен деп менің жолыма қарап тұрғандай болады. Үшеуі мына күн батар сәтте менің жолыма қарап тұр-ау деген ойдың осып өтуі мұң екен, көңілім уылжып, алқымыма өксік тығылып, мына қытымыр аязда көзімнен күйдіргі жас ыршып-ыршып кетті.

Ауылдарынан оралып, дорбаларын артынып, қарындары да, көңілдері де тоқ, аулаға абыр-дұбыр кіріп жатқандарға жауыға қарап, үйдің төбесінде мұржаға сүйеніп тұра бердім. Жалпаңдап алдарынан шыққым келмейді. Бірдеңе дәметіп тұр-ау деп қала ма, кім біледі. Тек иесіз ала қанден Тузик те шала құрсақ, жуындысыз қалып еді. Енді намыссыз неме, иттігін істеп, жағымпазданып, жаутаң-жаутаң етеді. Сонда Әлтай дейтін таңқы танау:

— Тузик, Тузик! Мә-мә,—деді. Тузик байғұс құйрығын шыжбаңдата, шыр-пыр болып, құлдыраңдай жүгіріп, Әлтайдың алдына жете бере жер бауырлап жата қалып еді, Әлтай оны қара тұмсықтан теуіп кеп жіберді. Тузиктің қаңсылаған даусы сонда жарты Әулие-Ата әлеміне естілді-ау деймін. Жыла, сорлы, нең бар тілемсектеніп.

Қыстың қысқа күнінің қызылы да лезде суалды. Аспантаудың алмас шыңдарын лағыл тасқа айналдырған сәуле де сөнді. Қаптай түскен қараңғылық көз алдымда жаңа ғана жайнап тұрған сұлу суреттің бәрін жалмап қойды да, Аспантау шыңдары мұңайып тұрып-тұрып, теңізге батқан кеменің желкеніндей жоқ болды. Білтесін басқан шырағдандай көңілім менің пәс тартып, төбеден төмен қарай түспекші едім... шаң-шұң дауыстарды естіп, сатыға аяқ артқан күйі тұрып қалдым.

Байқаймын, шаңқылдаған Әлтайдың даусы. Сол-ақ, әйтеуір, әлденеге ұрынады да жүреді. Аспантаумен жүздесемін деп отырып, көп қызықтан құр қалып қойсам керек, сатыдан тез-тез түсіп, жүгіріп бөлмеге кірсем... Әлтай Нарботаның жағасынан алқымдап тұр. Айнала біраз бала Әлтайдың қылығын қызықтап, шатақ қыза түссе екен деп құлқын қағып тұрғандай.

— Бол! — дейді Әлтай онсыз да әлжуаз, әрі аш құрсақ Нарботаны қылқындыра түсіп. — Тап табанда!

Нарбота қолтығында әлгінде оқып отырған кітабы, шарасыздан жыламсырап, жан-жағына қарайды.

— Жаның шықсын, детдомнан шыққан жанкешті. Детдомның бәрі шпана! — Әлтай шаңқ-шаңқ етті.

— Тиіспе детдомға. Ол — менің анам! — деді Нарбота, кенеттен қайрат біткендей жағасындағы Әлтайдың қолын жұлқып кеп қалғанда, көк матросқа көйлектің жалпақ жағасы дар етіп, зорақының шеңгелінде кетті.

Енді мен шыдап тұра алмадым.

— Не болды? Не жанжал?

— Мынау, — деді Әлтай уысындағы көк көйлектің жағасын не істерге білмей абыржып, көйлекті жыртқаны үшін тәрбиешінің әлі қандай жаза берерін құдай білсін.

— Не істеді ол саған?

— Бір шанаш талқанымды лезде ұрлап алды, — деп Әлтай жыртылған жағаны ұмытып кетіп, қайтадан қайратына мінді.

— Көзіңмен көрдің бе?

— Көрсем де, көрмесем де — осы алды. Мен аулаға кірген бойда, қолымдағы шанашты ас үйдің іргесіне қоя салып, дәретханаға жүгіріп кеткенмін. Сонда Нарбота сол жерде қоқиып кітап оқып отырған. Оқымыстысын қайтерсің! Қызыліңірде кітапшылын. Сөйтіп... қайтып шықсам, шанашта жоқ, Нарбота да жоқ. Ойнағаны шығар дедім. Жүгіріп, ізінше бөлмеге кірсем, түк көрмеген, білмеген болып, төсегіне шоқиып отыра қалыпты, монтаны болып.

— Е, онда талқаның қайда кетуші еді, шамаданын қарайық. Матрасының, жастығының астын тінтейік. Егер шанашың Нарботадан табылса, сазайын сонда берейік. Ал әзір көйлегін жыртқаның не масқара? Енді тәрбиешіге не дейді?

— Дұрыс! Дұрыс! — деп жамырады жан-жақтан жиналып қалған жұрт. — Шамаданын қарайық. Кілтіңді бер, ей, Нарбота!

Түрпілеу қара одеал, мақтасы жентек-жентек ала матрац, құс мамық орнына мақта тығылған ақ жастық — бәрі де төсектен лезде ұшып түсті.

Ештеңе жоқ.

Шамадан дегенде, Нарботада ескі пәнер шамадан болушы еді, құлыбы да жоқ, ілгегіне ширатып қағаз қыстыра салыпты. Пысықайлар, ішінен ат басындай алтын шыға келетіндей, апыл-ғұпыл ашып еді, іші толған кітап: Толстойдың «Қажымұраты», Лермонтовтың «Мцыриі», Чеховтың «Ақ кәндені», Тургеневтің «Мумуы», «Әуезовтің «Абайы» да бар екен. Тағы бір десте дәптер. Әлтайдың шанашы сол дәптерлердің ішіне кіріп кетті деді ме, балалар парақтап көріп еді, біреуіне тек өлеңдер жазылған екен.

— Ойбай, мынау ақын ғой. Жасырып өлең жазады екен ғой! — деп тақырбас Аманжол шаян шағып алғандай шар етті.

— Қайдағы ақын. Өзгелердің өлеңін көшіріп алады да, — деп Әлтай тыржыңдады. Шамадан ішінен шанаш шыға келіп, көзіне оттай басылмағаны өзегін өртеп, домбық қабақ көзі сөнік тартқан.

Анам менің интернат,

Тағдырым саған аманат.

Асыраған анама,

Келтірмеспін жаманат.

— Жоқ, мынау өзінің өлеңі. Маладес, Нарбота!

— Әй, қабырға газетіне неге өлең жазбай жүрсің-ей? — деп балалар Әлтайдың шанашын ұмытып бара жатыр еді.

— Бұл мұттайым басқа жерге тықты! — деп Әлтайдың жан даусы шықты.

— Есің дұрыс па, енді қайда тығады? — деп қалды бағанадан бері шүбәланып тұрған Тәліп.

— Бұл детдомның шпаналарының білмейтін бәлесі жоқ. — Әлтай: «Ә, таптым» дегендей ұмтылып барып, жуан қарын қара пештің қақпағын ашып кеп қалып еді, кешеден бері от жағылмай уілдеп тұрған неменің суық күлін қуырдан соққан жел бүрк еткізді де, Әлтайдың аузы-мұрнын қапты да қалды.

Балалар цирктен масқарапаз көргендей мәз-мейрам болып, ал кеп күле, ал кеп күле, тіпті біреулері ішін басып, төсектеріне құлай-құлай кетті. Шыдамаған болуы керек, бағанадан бері жәбір көріп, зорақыдан қорланып, қабағы түсіп, қаяулы тұрған Нарбота да құлыншақша сыңғырлап күліп жіберді:

Кірпік, танауын күл тұтып, тісі ғана ағара ақсиып, зұлыс баласындай болған Әлтай, бұрынғы-бұрынғы ма, енді долдана шапшып, Нарботаның алқымына қол салды.

Шыдамның да шегі бар, Әлтайдың қолына енді мен жармастым:

— Әб-бәлем! — деді Әлтай жоғы кенет табылғандай.

— Сен! Сен! Сен тығып келдің. Бәсе, сен бөлмеге бәрімізден кейін кірдің ғой. Рас па? Қайда жүрдің? Екеуіңнің ұрлығың бір. Мынау саған берді, сен жасырып келдің!

— Тапқан екенсің ұрыны!

Балалар екеумізді ажыратып жіберді. Бірақ Әлтай қояр емес:

— Басқалардың бәрі үйлеріне барып келгендер, осында ошарылып қалған осы екеуің-ақ. Үйсіз-жайсыз қаңғыбас ұрылар!

Сонда Тәліп ортаға шықты.

— Тұра тұрыңдар, — деді ақ құбаша реңі лып ете қалып, қызғылтым тартып, ұп-ұзын кірпіктерін жиі қағып, бадырақ көзін жыпылықтатып қойып:

— Құр дауласқаннан түк шықпайды. Менде арлан қасқырдың тарамысы бар. — Сөйтіп, ол өз шамаданынан, шынында да, ораулы тарамыс алып шықты. — Міне, қазір осының бір талын күйдіреміз. Барсхан мен Нарбота шыннан ұры болса, аяқтары тырысып қалады. Ал ұрламаса — түк те болмайды. Келісесіңдер ғой?

— Дұрыс, дұрыс! Кәне-кәне, көрейік-ей, — деп тақырбас Аманжол тор төсегін шиқылдата аунап түсті.

— Өзің комсомолсың. Қайдағы жоқты шығарасың, — деп, төсегінде теріс қарап жүгері нан жеп отырған Хасболат шот шүйделі мойнын әрең бұрып, алара бір қарап қойды.

— Көрсет, көрсет! Кәне, қызық болсын-ей, — деп Аманжол ентеледі.

— Тұтат, тұтат! Міне, шишақпақ! — деп бір шеттен таңыраңдап, Қодар қомпаңдады.

— Ал, онда күйді-ре-е-мін, — деп Тәліп сөзінің аяғын күбір-күбір, сыбыр-сыбырға айналдырып жіберді де, шишақпақты быж еткізіп тарамыстың ұшына тигізді. Кәдімгідей күйген еттің иісі мүңк ете түсті. Ызың еткен дыбыс жоқ: бәрі ішін тартып тынып қалған. Қанша адалмын десең де қиын екен: әуелі шыннан үрей билеп, маңдайым жіпсіп қоя берді. Аяғым тырысып қалса өлім ғой. Нарботаға көзім түсіп кетіп еді, ол күзгі қара суықта қалтыраған жапырақтай құты қашып барады екен. Бір сәт: «Осы шыннан ұры болмасын?» деген жаман ой келді басыма.

Қасқырдың тарамысы тырысып-бырысып, шырт-шырт етіп, жанып та болды. Еденге түскен қара күйесі мен қоңырсық иісі ғана қалды.

Енді балалардың бәрі Нарбота екеуміздің бетімізге үңіле қарап, әлдебір ғажайып күткендей қадалады. Біз оларды үздіге күткен қызығынан құр қалдырғандай, кейіптерінде өкініш бардай:

О-о-ой, — десті. Далбаса, — деді біреу. Тықырбас Аманжол қу:

— Несі далбаса? Әуелі жүргізіп көрейік те. Әй, жүріңдер-ей, — деп итермеледі.

Meн міз бақпай қалдым. Аманжолдың өзін итеріп жібердім. Содан ол:

— Mына дүлей қайтеді-ей, — деп бұрылды да:

— Кәне, Нарбота жүріп көрші, — деп майыса қалды.

Нарбота өзінің адал екенін дәлелдегісі келген болуы керек, әуелі тәй-тәй басқан баладай кібіртіктеп бір-екі аттады да, аяғының аман екеніне қуанып кетті ме, байғұс, кенет жүгіре жөнелді. Қыран-топан бөлменің іші жаңғырықты. Нарботаның екі езуі екі құлағында.

Енді бәрінің назары маған ауды. Менің міз бақпай қалғанымнан күдіктенді, сірә.

— Барсхан, енді сен жүре ғой, — деп сыңсыды Аманжол жақындап келуге жасқанып.

— Жүрмеймін.

— Неге жүрмейсің?

— Ә, құдай біледі, осының аяғы тырысып қалды, — деп енді мені зорлап жүргізбекші болып, екі-үшеуі бірден ұмтылды.

Сонда менің «тырысқан» аяқтарым шошаң-шошаң ете қалғанда, әлгілер жан-жаққа шашырап кетті. Олар ес жиып, қайта ұмтылмақшы еді, бәлені өзі бастаған Тәліп:

— Араша, араша! — деп арамызға тұра қалды. — Бұлар адал екен. Өздерің көрдіңдер ғой аяқтары тырысқан жоқ.

Енді Әлтай туласын:

— Өтірікші! Ол қасқырдың тарамысы емес. Әшейін жұртты ақымақ қылып тұрсың! — деп Тәліпке шіңк-шіңк ете жармасты.

— Олда-білдә, қасқырдікі, — деп Тәліп қарғанды.

— Өзің комсомолсың, тағы да «оллаһи-биллаһи» дейсің, — деп Хасболат жуан мойнын бұрып, төсегінен тұрмастан алара бір қарады.

Сонда таңқы танау Қодар кісілік танытты.

— Бұл дауды соза беріп қайтеміз? Қазір тәрбиеші апай келіп қалса, бәріміз әуреге түсеміз. Шетімізден тексеріп, берекемізді алады. Одан да былай істейік: бәріміз ауылдан бүгін келдік қой, құдайға шүкір, әрқайсымыздың үйден ала келген бір-бір түйіншегіміз бар. Мына жапа шеккен Әлтайға әрқайсымыз қос уыстан талқан жинап берейік. Сонымен дау бітсін, — деді.

— Тапқан екенсің ақымақты! Біреу ұрлайды. Біреу оның айыбын төлейді, — деп гүж етті Хасболат. Бұл жолы жуан мойнын бұрған да жоқ. — Өз басым ешкімге ештеңе қарыз емеспін. Жалпы, Қодар, сенің мәселеңді қарау керек, өзің комсомолсың, — өзің құдай-мұдай дейсің.

— Өй, ол сөздің мысалы ғой, немене, не болса, соған жармаса бересің! — деп Қодар да қоқиланды, — Бермесең бермей-ақ қой, сенсіз де өлмеспіз. Кәне, балалар, Әлтайға жылу жинайық.

Сөйтті де Қодар Әлтайдың портфелі орнына жүретін кітапқап шүберек дорбасын қолына алып, қатар-қатар төсектің шетінен бастады.

Шеткі төсекте үрпек сары Әзімбай жатушы еді:

— Өзі азғантай ауқатты бөліп... — деп бұртиса да қызыл дорбаға қос уыс талқан салды.

— Ой, маладес, — деп Қодар келесі төсекке келді. Жылпос Аманжол қутың-қутың етіп:

— Мен бір-ақ уыс саламын, ей, —деді.

— Неге?

— Менің талқанымның ішінде шекері бар.

— Е, онда шекеріңді бөліп ал да, қос уыс сал.

Қыран күлкі. Құмшекерді талқаннан қайтіп бөліп алады?

— О, арам, уысын қысып қалды, — деп шырылдады әркімнің әр қимылын қалт жібермей аңдып тұрған Әлтай.

— Тәйт, сен сөйлеме, сөзіңді біреу сөйлесе аузың қышып бара ма! – деп Қодар тыйып тастады.

Қодар «осыны қойшы» дегендей қолын бір сілтеп, Хасболаттың төсегінің тұсынан өтіп бара жатқанда, Хасболат сүзетін бұқаша сіресе бұрылып:

— Менде талқан жоқ. Мынаны ал, — деп жарты таба жүгері нан ұсынды. Жарықтық жүгері нан тәтті болғанымен, басы әрең бірігіп, үгітіліп тұрады ғой. Қодардың қолы тиген жері морт кетіп, қызыл дорбаға түсті де, уысында қалған бөлігін Қодар өзі аузына бұралақтап тыға салды.

— Өй, арам, қарашы, әдейі сындырды, — деп Әлтай шіңк етті.

Не керек, қызыл дорбаның бүйірі томпайып, буаз қаншықтың қарнындай салбырай берген кезде, кенет есік шыңғыра шиқылдай ашылып, әуелі ақ бу бұрқ ете қалды. Бұл даланың суығынан гөрі төбеден төңкерілген тәрбиеші әйелдің қаһарының хабаршысындай белгі еді.

— Неғылған базар?!

— Әшейін, апай...

— Әшейіндерің құрысын! Кітап ұстаған біреуің жоқ. Үйге берілген тапсырманы оқымай, ертең бәрің екі алып келмекшісіңдер ғой. Кәне, топырламай, сабаққа дайындал!

Ініне кірген суырдай әркім өз төсегіне барып, жым болды. Тәрбиеші апай, шыға берейін деп, төңкеріле қайта бұрылды да:

— Айтпақшы, мынау қайсыңдікі? Далада Тузик тістелеп жатыр, деп, тері шанашты босағаға қоя салды да, есікті бажылдата ашып шығып жүре берді.

Әлтайдың талқаны табылды. Нарбота екеуміз енді шын ақталдық. Бірақ мәселе қайта өршіді.

— Жылуға жиналған талқанды қайтеміз? — деді Қодар.

— Қайтадан қос уыстап бөліп алайық, — деп шап ете түсті Аманжол.

Хасболат енді шаршы денесімен бері қарай тұтас бұрылып:

— Мына екеуін ғой, — деп Нарбота екеумізді нұсқады, — жазықсыздан-жазықсыз жәбірледіңдер. Бүкіл интернатта үйлеріне бармаған осы екеуі. Бір түйір дәні, бір үзім наны жоқ. Бөліп беріңдер осы екеуіне.

— Дұрыс.

— Дұрыс, — десті бәрі кенет мейірленіп.

— Мен алмаймын, рақмет, — деп Нарбота бұрылып кетті.

— Мен де, — дедім мен кенет Аспантау көз алдыма елестеп.

— Онда сен-ақ қабырғаңды жап, — деп Қодар қызыл дорбаны Әлтайдың койкасына сүйей салды.

Дау осымен бітіп, балалардың бәрі тұқшиып кітаптарына үңілген тып-тыныш бір сәтте біреудің солқ-солқ жылағаны естілді. Балалардың бәрі бастарын көтеріп, состия қалысты. Жалғыз бас көтерілмей салбырап қалды. Ол — Әлтай еді. Шанашын Тузик тістелеп, әр-әр жерін бүлдіріп тастапты. Соған жылап отыр ма, әлде...кім білсін.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру