Балғабек Қыдырбекұлы | Бір сабақ жіп

  Балғабек Қыдырбекұлы | Бір сабақ жіп

— Сот келеді!

Үлкен клубтың ішінде бағанадан бері шулап отырған жұрт орындарынан ду көтерілді. Соттың председателі жер ортадан асқан, орта бойлы, артық еті жоқ, сылыңғырлау кісі екен. Артынан ере шыққан бір әйел, бір еркек екеуі де бұл өңірде көзге түспеген кісілер. Әйелдің басында бір тартар шәлісі бар, неше адам. Соттың екінші жолдасы ұстарамен қырғызған доп-домалақ әдемі жұмыр басын тікендей қадалып өсіп келе жатқан шашы жапқан жас жігіт. Ол сот председателінің сол жағына шықты. Үшеуі отыра бергенде:

— Отырыңыздар!— деген дауыс естілді.

Председатель бірсыпыра сот рәсімінен кейін барып:

— Айыпкер Арлыбек Жарболов, сотқа тек шыныңызды айтуға ант етіңіз,— деді. Жұрт сот председателі атын атағанда орнынан көтерілген Арлыбекке қарады, енді ғана байқағандай үлкен залдағы жаудыраған көп көз өзіне қадалғанын айқын сезгендіктен бе, әлде жұрттың бәрі маған қарап отыр-ау деді ме, айыпкер жерге қарап, ұяң, ақырын сөйледі:

— Тек шынымды айтамын деп ант етемін.

Клубтың артқы орнындағыларға оның міңгірлеген сөзі анық естілмеді. Оның есесіне айыпкер орындығынан түрегелген Арлыбекті келушінің бәрі айқын көрді. Айыпкердің әрбір қимылын бақылап, артында тікесінен екі милиционер тұр. Тұнжыраған жұрттың арасында сыбыр-күбір көбейіп барып, сот председателі тәртіпке шақырғанда тынышталды. Олардың күбірлесіп, қозғалақтайтынындай-ақ бар, жалқындай болып, кере қарыс маңдайы жарқырап, оған кейін қайырулы қою қара шашы ерекше жарасымдылық беріп тұратын Арлыбек тоқал ешкідей топ-тоқыр. Айы-ақ қызылы-қызыл болып жүретін ақша бет қаны азайғандықтан жуған шүберектей, құп-қу, екі жағына пышақ жанығандай, ұрты суалып кетіпті. Екі иығына екі кісі мінгендей жігіттің жауырыны да қушиыңқырап, бойы аласарып қалғандай. Әлде қалай көзі үлкейіп, қарасынан аласы көбейіп, тереңдей түсіпті.

— Ой, дүние-ай!— деп қалды кептің ішінен бір әйел дауыс. Қапалы, өкінішті біреу болса керек. Жұрт та, Арлыбек те жалт қарағанда көршісі Қалиман деген кемпір екен. Екі көзінің серлеген-парлаған жасын сүртіп отыр.— Жардай жігіт еді, ит кемірген қу асықтай болыпты ғой,— деді ол тағы да.

— Айыпкер Жарболов қылмысқа қалай бардыңыз?

— азамат, судья, сұраққа жауап берместен бұрын Сізге бір өтінішім бар. Соны айтуға болар ма екен?— Арлыбек қайта қабағы түсіп, мойыны салбырап кетті.

— Айтыңыз,— деді сот председатель Бірақ онша ұнатпағаны тыржың ете түскен қабағынан білініп қалды.

— Айтсам, мен сөйлеп тұрғанда сөзімді ешкім бұзбаса екен. Мен болған соң қанша сұрақ қойса да мейілі.

Сот председателі екі жағындағы халық билеріне кезек-кезек сыбырласты, анау екеуі де бастарын изесті.

— Айта беріңіз, тілегіңіз қабылданды!

Арлыбек жұртқа қарамады. Қабағын көтермеді. Тұрған бойы судьяға кез тастады да, біразға дейін төменшіктеп үндемей қалды. Судья тыпыр етпей сілейіп қалған жігітке өзі қайта басын көтергенше бетіне қарап отыра берді. Айыпкердің жанын түсінген кейбіреулер аяушылық та білдіріп, бірі күрсініп, бірі қозғалақтап, сыбырласып-жыбырласып кетті. Ескі орындықтар жұрттың жайын айқын аңғартты, олардың сықыры залға ап-анық естіліп тұрды.

Әлден уақытта есін жинағандай, айыпкер басын көтеріп алып:

— Азамат судья, ғапу етіңіз,— деп кешірім сұрады. Сонан соң жейдесінің жоғарғы түймесін ағытты. Не айтарын білмеген адамдай әлденеше рет тамағын кенеді, жеткерінді. Ол қалтасына қолын салды. Екі милиционер абыржып, оның қолына үңілді. Айыпкер жан қалтасынан уқаланған, кір-кір беторамал алып, екі езуін, кезік сүртті. Сот председателі тыпыр еткен жоқ. Жұртқа судья жаңағы уәдесін ұстап отырғандай көрінді. Судьяның оң жағындағы бидің бірі — әйел адам шытынып, ернін тістеді. Бірақ сөйлеген жоқ. ал сол жағындағы жігіт дүниеде тіпті ештеме болмағандай, жайбарақат, бедірейіп отыр. Мына отырысына қарағанда, ол осы сот мәжілісі өтіп жатқан үйдің шаңырағы ортасына түссе де сыр бермейтіндей.

— Құдай төбеден ұрды,— деді айыпкер.— Ұрғаны сол емес пе, бұдан да өлген жақсы еді. Біздің осы колхозда мен он алты жасымнан жұмыс істедім. Қазір жиырма алтыға келдім. Он жыл қызметтің тоғыз жыл сегіз айында колхоздың отын тұтатып жағып, бірін екі, екісін үшеу етіп келдім. Буған дәлел — он жылды әр жылында бес жүз, бес жүз елуден еңбек күн тапқаным. Оған көз жеткізу онша қиын болмаса керек-ті. Сол төккен теріммен ер атанған кездерімде бір күні оң құлағым шаншып ауырып, дәрігерге бардым. Осы залда отырғандардың біреуі менің бұдан басқа бір күн үйде жұмыстан қалып жүріп еді дей алмайды. Он жылда бір күн жұмыстан қалғанымды да міне өзім айтып тұрмын. Онда да бірер сағаттан кейін жұмысқа бармақ едім, емханада кезек күтуші көп екен, сыңайы келмеді.

Жұрт тағы да сыбыр-күбірді көбейтіп жіберді. Олар тым ауа жайылып кетпесін дегендей судья қоңырау шылдыратты. Айыпкер сезін қайта жалғап кетті. Бұл жолы оның сөзі нық, анық естіліп тұрды.

— Астыққа орақ түскеніне он күн болған еді,— деді ол,— Қырманнан машинамен әр тарапқа астық таситынмын. Қырманға келсем жан жоқ. Қарауылдың қайда кеткенін білмеймін. Қызылға енді бас қойған екі сиырды қуып тастадым. Әйтпесе сол екі сиыр сол күні пышаққа ілінетін еді. Онсыз да сол күні көпке Ахметтің көк сиырының іші кеуіп кетіп, Жұрынбектің көр атын сұрап мініп, садыралату үшін Ахметтің баласы Әлім әлгі сиырды екі сағат қуды. Сөйтіп зорға аман алып қалды. Әйтпесе іші дәннен жарылып жайрап жататын еді. Екінші күні түсте де қырманда тірі жан болған жоқ. Бұл кезде орақ арпадан бидайға да түскен кезі болатын. Неге екенін қайдам, комбайннан астық тау-тау үйіліп жатыр. Диірменге жіберу үшін отыз-қырық қап бидай қапталып, аузы буылып дайын тұр. Қырманның ортасында бір келеп көндір жіп жатыр. Шамасы мына қаптардың аузын буған соң тастай салған болар. Демалғанына қызығып бір теуіп жібердім. Ол қамалған бойы қызылдың үстіне шығып, арғы жағына кетті. Қырманды иесіз тастап кете алмай бір сағат сенделіп жүрдім. Ақыры өз жұмысым қалатын болған соң қынжылсам да амалсыз кетіп қалдым.

Ертеңіне қырманға сәске түсте келдім. Омардың күрең құнаны қызылдың кеудесіне енді кірген екен. Оны айдап жібердім. Қапталған бидайлар мұз үстінде үкіден балық аулап отырған адамдардай мылқиып-мылқиып қалған. Кешегі бір келеп кендір домалаңдап әлі жатыр. Одан үйімдегі су жүретін құбырдың су аққан жеріне орауға керек болып

Мен сабақ жіп үзіп алдым. Сұрап алайын десем тірі жан жоқ. Әлгіні үзіп алып жан-жағыма қарасам, маған әлде бір тесіктен біреу сығалап тұрғандай. Бір сабақ жіпті үзіп алған жеріме тастадым да, жөніме кеттім. Қырмақ бастығы Кәртай қайда екен деп ойладым. Оның кеше кешке удай мас болып жүргенін көргенмін. Келмегенін білдім. Қарауыл жоқ. Мен де бір жындымын деп ойладым. Жіпті үзуін үзіп алып тастап кеткенім не, машинаны тоқтатып, сол бір сабақ жіпті алып кетсем бе екен деп ойланып тұрдым. Ақыры арамдықтан пәк көңіл сұрқай ойға жол бермеді. Ішімде біреу тұрып алып, «ұятың қайда?» деп шымшылай береді. Жөніме кеттім.

Төртінші күні мен келгенде тағы қырман иесіз, тыпыр еткен тірі тышқан жоқ. Қырманның қарауылы Бақтықыз деген әйел тез қозғала қоймайтын, табиғатында бойкүйез жаратылған кісі. Ол қырманда адам бар болсын, жоқ болсын күндіз шай ішуге кетеді. Оның шөлге шыдамайтындығы бар. Керілігі одан басым. Оның үстіне ол ақ самауырындағы шайды тұтас бір ұрттамнан өзінің қара самаурынына аударып алғанша күн бесінге де барып қалады. Денесі ауыр адам, тоңқаңдаңқырап жеткенше қашан! Оның арғы жағында кеш алыс емес. Ертеңге қалмауға тиіс жұмыстар екіндіде қат-қабат қарбалас жүреді де, қырманда адам көбейеді, қызулы істің дырдуымен жүргенде күн де ұясына отырады, ымырт жабылады, қас қараяды. Ол кезде кешкі қарауыл Қарабай ақсақ жетеді. Сөйтіп Бақтықыздың іші пыспайды. Іші пысса-ақ ұйқысы келеді. Ал ұйқы ашары қызыл шай. Сонан жампаңдай басып, ауылға жөнейді. Міне, қазір де сол сораптап, құрт тістеп, құрым шай ұрттап отырған болса керек-ті. Бір сабақ жіп керек еді. Кімнен сұрасам екен деп біраз тұрдым. Кешегі келіпті қолыма алып, бір сабағын үзіп жатып жан-жағыма қарадым. Тыпыр еткен тышқан, көрер көз жоқ. Бір сабақ жіп түтіл қырманыңды түп көтере көшіріп кетсең де білетін жан көрінбейді. Ақыры жіпті қалтама сүңгітіп жіберіп, машинама отырдым...

Түн тымырсық ыстық болды. Ұзақ уақыт үйықтай алмадым. Кезімді жұмсам біреу есікті қағып тұрғандай, жіпті неге алдың дейтіндей. Басымды жастықтан жұлып алсам, ешкім жоқ. Бір сабақ жіпті сіңіре алмай, көрер танды көзіммен атырып, сол түні әбден дөңбекшіп шықтым. Сілем қатып, таң алдында ғана мызғып кетіппін.

Бесінші күні қырманға, имандай сырым, азамат судья, қуыстанып зорға келдім. Жұрттың бәрі маған ұрысың деп тұрғандай. Жоқ, оным бекершілік екен. Оным — ұрының арты қуыстың кері екен. Қырманнан тиелген астықты астық қабылдау пунктіне апарып бесінде қайта оралсам, қырманда Бақтықыз жалғыз отыр. Кешегі өзім бір сабақ жібін үзіп алған келеп бүгін де домалаңдап осы жерде жатыр. Алдым да ойланбастан машинаның қорабына лақтырып тастай салдым. Қырманнан ұзап шыққан соң жіпті қолыма алып көрсем, тіпті жақсы сияқты. Олжамды екі қолыммен кезек-кезек салмақтап көрдім де, енді оны кабинама апарып, қапшығыма салып қойдым.

Арада үш күн еткенде қырманда Бақтықыз да, Кәртай да отыр екен. Амандықтан соң қабақтарын байқасам тіпті мені ұры тұтатын олар емес. Қаржысын миллионмен есептейтін бай колхоз бір келеп жіпке қарап қалып па? Оның тағы да екі-үш келебі домалап жатыр. Күндегі әдетінше екеуі кешегі, бүгінгі жаңалықтарды айрандай ақтарып, күпідей сөгіп, төпеп жатыр. Бірін бірі күтпей, сапылдап сөйлейді. Бір қаға берісте екі-үш бос қапты машинама тастай салдым. Жаңбырлы күндері балалар аяқ-киімін сүртсе де қайда тұр деп ойладым. Рас-ақ қой. Көршідегі Көмірбайдың есігінің алдында өмірі бірдеме төсеулі жатады. Енді мен де төсеу қоятын болдым. Үш қап та, азамат судья, бойыма құт болды. Сіңіріп кеттім. Оны алдым-ау деп ұйықтамай шығатын ақымақ Арлыбек енді жоқ. Енді нені болса да жытырып жіберуге әзір тұратын Жарболов бар.

Сол күні кешке таман әйелім Мартай мен үйге кіре пәле салмасы бар ма:

— Ей, сен жұмыс-жұмыс деп үйге қарауды қойдың ғой. Ең болмаса тауықтың жемі де жоқ. Астында машина, колхоз кеңсесіне барып тауыққа жем жазғызып алсаң нетеді!

«Ой, рахмет, — деп ойладым ішімнен Мартайға. — Есіме жақсы салдың ғой. Ертең кешке көрерсің, жемнің көкесін. Тоғыздың тондығына жеткізермін әлі». Расында ертеңіне кешке бір қап аппақ бидайды әкеліп тауықтарға шашып тастадым. Аппақ бидайды атасы есіріп шашқандай қақылықтап тауықтарым, қоқиланып қораздарым жонданып қалды.

— Ей, мынауың аппақ бидай ғой. Колхоздың бухгалтері жынды ма, әлде қамбашы жынды ма? О заманнан бұ заман, тауыққа аппақ бидайды жемге бере ме екен!— деп пәле салмасы бар ма келіншегім. Ол жазғанның мені ұрлық істеп жүр деген үш ұйықтаса, ойына келер ме!?

Артқы жақтан біреудің дауысы шығып, ышқынып кетті. Шамасы Арлыбектің келіншегі Мартай болса керек.

— Қаптағандар шатасып кеткен ғой, өзім қолым тимей әлгі Төкенге жем қапташы дей салып едім,— деп көріне көзге өтірік айттым. Енді мен ұры Жарболов емес, өтірікші Жарболов та болдым. Әйелім шынымен ол сөздерге де. істелген ұрлыққа да мән бермеді. Өйткені мені ұры тұтпайды. Ол өзінің күйеуінің адал екеніне алты жылдан бері кезі жетіп болған.

Тағы бір күні қырманнан диірменге жиырма центнер бидай түсіруім керек еді. Енді бұрынғыдай емес, ұрлық істеудің жөнін біліп қалдым, дәндеп те барамын. Оның үстіне бұрын абыройлы жігітпін, мені ешкім қолының жым-сымасы бар деп айта алмайды. Осыған дейін істеген ісімде мін жоқ. Маған деген қабақ, маған деген колхозшылардың ықыласы бөлек. Сондықтан мені ұрлық істейді деген тірі пенденің ойына келмейді. Осыны да біраз пайдаландым. Жаңағы жиырма центнер накладнойлы астықтың үстіне екі қап бидайды арта салдым. Өлшеп алған диірменші:

— Жүз елу килограмм артық қой,— деп еді, мен көзімді қысқан соң, ауызын жаба қойды. Екі күннен соң олжаның жартысы — жетпіс килограмм ұлпа ұнды үйге апарғанда, оны әйелім елең қылған да жоқ. Өйткені үн бидай емес, ол ешбір күдік туғызбайды.

Осыдан кейін бірде он центнер бидайды тиеп диірменге түсірдім. Оны тапа-тал түсте әкеттім. Бақтықыз шай ішуге кетті. Қырман иесіз. Тіпті қырманда адам болса да мұны ешкім білмес еді. Өйткені түсте астық ұрлайды деген құдайдың құлы түгіл, қудың құрдасының да есіне келмес еді. Одан кейінгі жиырма центнерді өзіңіз білесіз. Сонымен ұрлығым ұсталды. Азамат судья, бәріне кінәлі бір сабақ жіп. Бір сабақ жіп ұрлаған кісі дәндеген соң бір тонна алтын да ұрлай алады екен. Сіз заң адамысыз ғой, менің Сізден өтінетінім:бір сабақ жіп ұрлады деп адамды соттамай қоймаңыз. Егер бастапқы бір сабақ жіпті алмаған болсам, мұнша қылмысқа да батпас едім. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, елдің бетіне қарауға менде бет жоқ. Мен қарабет... Бірақ, көнге айналған жоқ. Көнге айналмай тұрып соттаңыз! Соттай беріңіз. Көз көрмеске жіберіңіз. Кішкентай үш жасар ұлымның бетіне қарай алатын емеспін. Соттаңыз мені, мен қарабетті!— Арлыбек өксіп жіберді де, тығылып қалды. Залда шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнады. Әлден уақытта барып әлде біреу пысыңдап, әлдебіреу үһлеп, әлде біреу күрсініп зал іші қыбыр-күбірге айналды. Соттың оң жағындағы бедірейіп отыр. Судья өзі үнсіз. Әлдебір тұңғиық даққа түсіп, ойға кетіп, соның ұшығына, арғы жағына малтып шыға алмай отырған түрі бар.

— Мен айтып болдым. Жасырған сырым жоқ. Кішкентай өтірік қосқаным жоқ. Енді өтірік айтып қарабетке жамау жамамай-ақ қояйын. Мен, азамат судья, Сізден қылмысыма кешірім сұрамаймын. Өзім бәріне кінәлімін. Егер Сіз маған әлдеқандай кешірім жасар болсаңыз, онда мен өмір-бақи күнәдан арыла алмаймын, онда менің арым тазармайды. Соттаңыз. мені. Менде бір шіріген жұмыртқа. Оны жарып тастар болар. Тауық екеш тауық та шіріген жұмыртқасын тастап, шет шығарып кетеді. Мен «Қоғам» колхозының а дал қазанына арам қол сұқтым. Жұрт «адал деген үйдің қазанынан шошқаның басы шықты» деп отырған шығар. Олардікі рас. Қайдан ғана алып едім, бір сабақ жіпті! Мен түрмеде ат ұрлаған мен сіріңке ұрлағанның жазасы бірдей болуы керек екенін ұқтым. Бүгін сіріңке ұрлаған ертең ат ұрламай қоймайды екен. Адам баласының ала жібін аттамай келіп, қоғам мүлкіне қол сұққан маған қандай жаза берсеңіз де ризамын. Еткен еңбегімді өзім зая қылдым, қылған қайырымды өзім сел қылдым. Менде елге қарар бет қалған жоқ.— Арлыбек қайта булығып, өз деміне өзі тұншығып қалды. Залда қайта тыныштық орнады.

— Болдыңыз ба, айыпкер Жарболов?— деп қайта сұрады судья. Оның даусынан отырғандар аяушылық аңғармақ еді. Жоқ түк те білінбеді.

— Тасқа желіндеп, мұзға бұзаулаған адам ғой, мынау,— деген әйел даусы Қалиман кемпір екен.

— Болдым,— деді түрегеп тұрған Арлыбек. Судья оған «отыр» демеді. Екі жағындағы жолдастарынан кезек-кезек әлде нелерді сұрады. Екеуі де бастарын шайқады.

— Сұрағыңыз бар ма?— деді судья мемлекеттік айыптаушыға қарап.

— Бар,— деді ол.

— Сұраңыз!

— Азамат Жарболов, бидайды машинаға артқан кезде кездейсоқ болса да ешкім болысты ма?

Жұрт гу ете түсті. Жақтырмай қалды білем. Судья оларды тәртіпке шақырды. Айыптаушы қысқа, тұжырымды жауап алды.

— Жоқ.

— Тағы сұрағыңыз бар ма?

— Жоқ,— деді мемлекеттік айыптаушы. Судья екінші бетте отырған мемлекеттік ақтаушыға бұрылды:

— Сұрағыңыз бар ма, айыпкерге?

— Бар.

Сұраңыз.

— Осындай ұрлық істегеніңізге өкінесіз бе? Судьяны бұдан былай ұрлық істемейтініңізге сендіре аласыз ба?— Мұндай ақталуға жетекші сұрақ бергеніне адвокатқа жұрт жылы қабақ көрсетті.

— Өкінгенмен амал жоқ, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Ұрының сөзіне ешкім сенбек емес. Сенбеуі керек. Ол — ұры!

Адвокат айыпкердің жауабына риза болмай қалды. Залдағылар да қозғалып кетті. Ол айыпкердің «өкінемін» демегеніне, әз жазасын жеңілдетуге пайдалы сөз айтпағанына ренжіп қалды.

— Еменге біткен теріс бұтақ қой, ол!— Тағы да Қалиман кемпір. Естігендер күлерін де, ыза боларын да білмейді. Теріс бұтақ әлі түрегеп тұр. Судья куәлардан ешкімді шақырмады. Ол айыпкерге қарады:

— Соңғы рет сөз береміз. Не айтасыз.

— Бәрін айттым.— Отырған жұрт дыбырлап, тағы Арлыбекке риза болмай қалды. Арлыбек шытынып, қайта басын көтермей қойды.

— Сот қорытынды жасауға кетеді,— деді секретарь қыз. Жұрт ду көтерілді...

Біраздан соң:

— Сот келеді!— деген дауыс естілді, жұрт қайта орындарынан тұрды. Судья түрегеп тұрып үкімді оқыды. Айыпкерді соттады. Арлыбек Жарболов екі жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім жарияланып болғанда .жұрт Арлыбектің бетіне қан жүгіріп қалғанын, көтеріңкі қабағын көріп таңданбай тұра алмады. Ал судья колхоздан аттанып бара жатып колхоз председателіне айтыпты: «Мұндай жігітті соттамасаң буынын өледі. Бала-шағасына қосыла алмайды». Ал сот біткенде жапатармағай тұрған жұртпен бірге кетіп бара жатқан Қалиман кемпір де бір сөз айтыпты:

— Қап, бір сабақ жіп!

1980


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру