Роальд Даль | Ет жемей өскен бала

  Роальд Даль  |  Ет жемей өскен бала

Ерте-ерте, ертеде, Нью-Йорк деген шаһарда маңдайы торсықтай ұл бала дүниеге келіпті. Қуаныштарында шек жоқ ата-анасы балаға Лексиңгтон деп ат қояды.

Лексиңгтонды алып перзентханадан шыға сала әйелі күйеуіне: “Қымбаттым, сен енді мені қаладағы ең жақсы мейрамханаға апар, мұрагерлі болғанымызды тойлайық”, — дейді.

Ері зайыбын аймалап тұрып, Лексиңгтондай сүйкімді балаға өмір берген әйелді қай жерге барам десе де апару лайықты екенін, оның кез келген тілегін орынды санайтындығын айтады. Бірақ: “Әлі аяқ-қолыңды бауырыңа жинап үлгерген жоқсың, кеш батқанда қала аралап, жолға шыққаннан шаршап қалмайсың ба?”—деп жұбайының денсаулығын ойлап уайымдайтынын білдіреді. “Әлім жетеді, маған енді еш қиындық түк емес”, — дейді әйелі.

Сол күні олар кешке кішкентай Лексиңгтонды — еңбекақысы күніне жиырма доллар, арнайы дайындықтан өткен, оның үстіне, ұлты шотланд қызметші әйелге табыстайды да, үстеріне іліп алар сәнді киім киіп, қаланың ең атақты, ең қымбат мейрамханасына аттанады. Мейрамханада теңіз омарынан дайындалған тағам жеп, бір шөлмек шампанды бөлісіп ішеді. Содан соң тойларын түнгі клубта жалғастырады, тағы бір шөлмек шампан алады да, бірінің қолын бірі сипалап, нәрестенің тәтті қылықтарын, бет-әлпетінің әр сызығын сүйсіне әңгіме етіп екі-үш сағат отырады.

Содан шаһардың Манхэттен атты ауданының шығысында орналасқан үйлеріне түнгі сағат екіге таяу оралады; отағасы такси жүргізушімен есеп айырысып болған соң, қалтасын сипалап, сыртқы есіктің кілтін іздейді. Біраздан соң:

Кілт басқа костюмнің қалтасында қалған-ау деймін, қоңырауды басып, күтуші әйелге есік ашқызайық, күніне жиырма доллар алатын күтушіні түн ортасында төсегінен тұрғызудың еш сөкеттігі жоқ болар, — дейді.

Сөйтіп есік қоңырауын басып, біраз күтеді. Тым-тырыс. Қоңырауды тағы басады, бұл жолы бар даусын шығарып, ұзақ басады. Тағы бір минут күтеді. Жауап болмаған соң екеуі көшеге шығады да, үшінші қабаттағы терезенің тұсына барып, бала бағатын әйелдің атын атап (Макпотл) дауыстап шақырады, бірақ қараңғы үйден қыбыр еткен қозғалыс байқалмайды. Жас ананың тынышы кете бастайды.

— Баланы қамап кеттік, — дейді ол— Кіммен?! Макпотл деген біреумен. Макпотл деген кім өзі!? Таныс болғандарына екі-ақ күн; крахмалданған көкірекше киген, қаймыжық ерінді, адамға біртүрлі суық қарайтын тышқан көз әйелдің ұйқысы қалың адам екені бірден білінген. Жан ұшыра шырылдаған қоңырауды естімеген адам сәбидің оянып жылағанын тегі естімес. Дәл қазір бөпесі не жастығына тұншығып, не сілекейіне шашалып жатқан болса ше!

— Нәрестеге жастық жастандырмайды, — деді ері. — Уайымдама, мен сені қалай да ішке кіргіземін.

Бағанағы шампаннан бойы ширап, батылданып кеткен еркек еңкейіп, жоғары сапалы былғарыдан тігілген бәтеңкесінің бауын ағытты да, аяқ киімді бірінші қабаттағы ас үйдің терезесіне қарай бар пәрменімен лақтырып жіберді.

— Міне, әйтпесе, — деді сосын ақсия күліп, —Макпотлдың жалақысынан ұстап қаламыз.

Содан соң әйнектің сынған жеріне абайлап қолын сұқты да, ілгішті босатып, терезені ашты.

— Алдымен сені кіргізейік, біздің кішкентай мамамыз, — деп әйелінің белінен орай құшақтап, жерден лып еткізіп көтеріп алды. Сол кезде әйелдің қып-қызыл ерні мен оның ерні бір деңгейде кездесіп қап еді; ері әйелін құшырлана сүйе бастады. Әйелдердің осылай сүйіскенді ұнататынын ол өмір тәжірибесінен жақсы білетін, сондықтан аймалап ұзақ тұрды; әйелінің аяқтары тынышсыздана бұлғаңдап, жұтқыншағынан тұншығып бара жатқандай құмарлана жұтынған дыбыстар шығады. Әйтеуір бір кез болғандаол әйелді көтерген бойда қабырғаға қарай бұрылды да, оны терезенің ернеуіне қонақтатып, ашық әйнектен ас үйге қарай жайлап итере бастады. Дәл осы сәтте оларға қарама-қарсы тұстан түнгі күзетке шыққан полиция көлігі баяу жақындап келе жатты. Мәшине олардан отыз ярдтай жерге тоқтады да, ішінен үш ирланд коп секіріп түсіп, тапаншаларын кезеп, ерлі-зайыптыларға қарай тұра жүгірді.

— Тоқта! Тоқтатыңдар! Қолдарыңды көтеріңдер! — деп бұйырды коптар.

Бірақ дәл қазір бұл бұйрыққа бағыну мүмкін емес еді; бұйрықты орындайын десе әйелі не құлайды, не ары емес, не бері емес тесікке кептеліп, әйел затына ерсітоңқайған күйде тұрып қалады.Сондықтан ол әйелін жайлап ары қарай итеруін жалғастыра берді. Үй тонаушыларды жойғандары үшін бұдан бұрын бірнеше рет медальдарменмарапатталған коптар ойланбастан оқ жаудырып жіберді. Жүгіріп келе жатып атқандарына да, әйелдің тым кішкентай нысана екендігіне де қарамастан, олар екі денеге де қайтпас сапарға аттандыруға жеткілікті бірнеше оқ тигізіп үлгерді.

Сөйтіп жарық дүниеге келгеніне он екі күн болмай жатып, кішкентай Лексиңгтон тұлдыр жетім боп қалды.

ІІ

Үш полицейдің көрсеткен ерлігі үшін ерекше атап өтілген бұл кісі өлтіру туралы жаңалықты сумақай тілшілер сормаңдай ерлі-зайыптының туған-туысқандарына әп сәтте жеткізді. Ертесіне сол туған-туысқандардың ең жақынымыз дегендері, екі жаназа шығарушы, үш заң қызметкері, дін өкілі — бәрі таксиге отырып, терезесі сынған үйге қарай аттанды. Олар — еркек-әйелі аралас қонақбөлмедегі диванға, креслоларға жайғасып, шылым шеге, черри шарапты сораптай отырып, жоғарыда жатқан сәби— жетім Лексиңгтонды— енді қалай өсіру керек деген мәселені талқылады.

Талқылау мен талдау күн ұзаққа созылды. Көп кешікпей туыстардың біреуінің де мұндай жауапты жұмысты атқара алмайтыны айқын болды. Бәрі баланы асырап алғысы келетін тілектерінің өте зор екенін, Лексиңгтонға шын жүректен қамқоршы болғысы келетіндерін айтып, әттең, кейбір жағдайлар кедергі болмағанда қазір-ақ алып кетер едік деп өкініш білдірді.Бір туысы “пәтеріміз тарлау” дегенді алға тартса, екіншісі “егер бұдан бұрын балалы болып қоймағанымда асырап алар едім” деді; үшіншісі “біз жазда шетелге демалуға кеткенде кішкентайды қарайтын адам табылмаса ше” деп сылтауратса, тағы біреуі “жасым болса кеп қалды, ертеңгі күні, бала ержеткенде басына бәле боламын ғой” деп уайымдады.

Бұл кісілердің бәрі баланың әкесінің банкіден несие алып, қарызға белшеден батып тұрғанын, үйдің кепілдікте екенін, баламен бірге келетін еш мұраның жоқтығын жақсы білетін.

Кешкі сағат алты болғанда олар әлі қызыл кеңірдек боп даурығып отырған; кенет Вирджиниядан марқұм әкенің Глоспен есімді апайы кеп қалды; келді де, қалпағы мен пальтосын да шешпестен, аяғын суытып біраз отырмастан да, алдына қойған мартини, виски, хереске қол да тигізбестен, жиналған туыстарға нәрестені өзі бағуға бел буғанын айтты. Ол аз десеңіз, балаға кететін қаражаттың бәрін, білім алуға қажет қаржыға дейін өзі көтеретінін, жиналғандардың енді ар-ұжданы алдында азап шекпей-ақ, көңілдерін орнына түсіріп, үйлеріне жайбарақат қайта берулеріне болатынын айтты. Осылай дей сап, жоғарғы қабатқа көтеріліп кеткен ол Лексиңгтонды бесігінен алып, кеудесіне басты да, үйден атып шығып жөнеле барды. Арқаларынан ауыр жүк түскендей болған туыстар енді не айтарларын білмей отырып қалды; бала бағушы Макпотл жұқа ернін жымқырып, қолын крахмалданған көкірекшесіне айқастыра қусырып, баспалдақтың басында тымырайып тұрды да қалды.

Сөйтіп, жасы он үш күнге толғанда Лексиңгтон Нью-Йорк шаһарынан оңтүстікке —Вирджиния штатындағы Глоспен апайының аулына — аттанды.

ІІІ

Глоспен апай Лексиңгтонды асырап алған кезде жетпіске таяп қалған болатын, бірақ оған ешкім де жетпіс жас бермейтін. Ол жетпістің жартысына ғана келген әйелдей сергек, жас көрінетін. Жүзінен нұрлы шапағат шашырап, қоңыр көздері кісіге мейіріммен жылы қараушы еді. Өмірінде бір рет те тұрмысқа шықпаған кәрі қыз болса да, одан кәрі қыздарға тән еш мінез байқалмайтын. Мінезі қытымыр да, тұнжыр да, ашуланшақ та емес; бетіне мұрт та өсіп кетпеген; өзгелердің бақытына қызғанышпен қарау дегенді білмейтін; қысқасы, ерсіз әйелдер мен кәрі қыздар арасында сирек кездесетін мінездің адамы болатын.

Бірақ, Глоспэн, сөз жоқ, елден ерекше, ғажап жан еді. Соңғы отыз жылдан бері ол елді мекен атаулыдан бірнеше миль қашықтықта — Блу Ридж тауларының баурайындағы құстың ұясындай кішкентай үйде — былайғы жұрттан іргесін аулақ салып, өзімен-өзі кісікиік өмір кешетін. Мал жайылатын бес акрдей жері, көкөніс өсіретін бақшасы, гүлзары, үш сиыры, он екі тауығы, әлем-жәлем бір әтеші болатын.

Енді, міне, Лексингтоны бар.

Глоспен апай өзін-өзі қатал қадағалап, тек вегетариандық тамақ ішетін; жануарлардың етін жеуді денсаулыққа зиян, кесірлі деп қана санамай, адам айтқысыз айуандық деп есептейтін. Ол сүт, май, жұмыртқа, ірімшік, көкөніс, жаңғақ, емдік қасиеті бар өсімдіктер, жеміс-жидек сияқты таза тағамдарды ғана қорек етіп, жаратылыстың жаны бар мақұлығының ешбірінің, тіпті, су шаянының да өзі үшін қаны төгілуіне қарсы болатын. Бірде үлкен қоңыр тауығы жұмыртқасын шығара алмай шәһит болғанда Глоспен апай қатты торығып, жұмыртқа жеуден де айни жаздаған.

Нәресте бағудан еш хабары жоқ болса да Глоспен апай еш сасқалақтаған жоқ. Нью-Йорктың темір жол бекетінде Лексиңгтон екеуін Вирджинияға алып баратын пойызды күте жүріп бала емізетін алты бөтелке, жиырма төрт жөргек, бір қорап ілгек, жолда ішкенге деп бір қалта сүт, “Нәресте күтімі” деген қағаз мұқабалы жұқа кітап сатып алды. Одан артық не керек!? Пойыз қозғалғаннан кейін сәбиге сүт емізіп, жөргегін ауыстырды да, төсекке жатқызып ұйықтатты. Сосын әлгі “Нәресте күтімі” деген кітапты басынан аяғына дейін оқып шықты. Еш қиындығы да жоқ екен ғой, — деді сосын ол кітапты ысырып қойып. — Түк те қиын емес екен.

Шынында да, бәрі оп-оңай боп шықты. Үйге оралғанда тірліктің бәрі өзінен-өзі дөңгеленіп, тынып жатты. Кішкентай Лексингтон сүтке тойып алады да, нәрестелердің әдетімен артығын құсып тастап, іңгәлап әңгімесін айтып, пысылдап ұйықтайды; оған көзі түске сайын Глосспэн апай шаттықтан шат-шадыман болып, жүрегі елжіреп мекіреніп, баланы қайта-қайта иіскеп сүйе береді, сүйе береді.

ІV

Алты жасқа келгендегі алтын шашы толқынданып, аспан түстес терең көгілдір көздері мөлдіреген Лексингтонның сүйкімділігін тіл жеткізіп суреттеу қиын еді. Бала зерек те елгезек боп өсті; тауық қорадан жұмыртқа жинап келу, май шайқағыштың тұтқасын айналдыру, бақшадан картоп қазу, тау жақтан тамаққа пайдаланатын жабайы өсімдіктер теріп келу сияқты үй шаруасының барлық майда-шүйде жұмысына қолғабыс етіп жүрді. Көп кешікпей Глоспен апай балаға білім беретін уақыттың да жеткенін ойлайды.

Алайда көзі қиып оны алыстағы мектепке қалай жібермек?! Баланы жақсы көретіні сонша, одан ең қысқа мерзімге болса да айрылу кемпір үшін енді өте қиын еді. Жақын жерде мектеп жоқ емес, бар. Әне, анау төмендегі алқапта мектеп тұр, бірақ ол — үрейіңді ұшыратын қорқынышты жер, Лексингтон онда барса, бірден ет жегізеді.

— Сен менің не ойлап жүргенімді білесің бе, балапан? — деді ол бірде ас үйде ірімшік қайнатып тұрған апасына қадағалай қарап отырған Лексингтонға. — Мектепке бермей-ақ, саған өзім сабақ үйретсем қайтеді?

Бала апасына ұялы көгілдір жанарын жалт еткізіп қарады да, риясыз көңілмен сүйкімді жымиды.

— Тамаша болар еді.

— Ең бірінші саған тамақ әзірлеуді үйреткім келеді.

— Маған тамақ әзірлеу ұнайтын болар.

— Ұнатсаң да, ұнатпасаң да саған тамақ әзірлеуді үйрену қажет. Әдеттегі адамдармен салыстырғанда біз сияқты вегетариандардың жеуге болатын тамағының түрі санаулы ғана, сондықтан біз бар азық-түлікті өзгелерден екі есе терең сараптап тани білуіміз керек.

— Глоспен апа, вегетариан еместер қандай тағам жейді? — деп сұрады бала.

— Жануарларды жейді, — деді кемпір жиіркенген кейіппен бетін тыржитып.

—Тірі жануарларды ма?

— Жоқ. Өлі жануарларды.

Бала естігенін қорытып, біраз үндемей ойланып тұрып қалды.

—Жануарлар өлген кезде көмудің орнына жей ме?

— Әдеттегі адамдар жануарлардың өлгенін күтпейді, олар жануарларды өздері өлтіреді, балам.

— Қалай өлтіреді?

— Көбінесе тамағына пышақ салып бауыздайды.

— Қандай жануарларды?

— Көбінде сиыр мен шошқаны, қойды.

— Сиырды?! — Бала шошып кетті. — Дейзи, Сноудроп, Лили сияқты сиырларға пышақ сала ма?

— Дәл солай, балам.

— Сосын оны қалай жейді?

— Жілік-жілікке бөледі, содан соң ұсақтап турап, пісіреді. Әсіресе олар қып-қызыл боп, қаны әлі кеуіп үлгермеген, сүйекке тығыз жабысып тұрған жас етті жақсы көреді. Қаны сорғалаған қаракесек сиыр етін тамсанып жейді.

— Шошқа етін ше?

— Шошқа еті — олардың таңсық асы.

— Қаны тамшылаған тілім-тілім шошқа еті. Көзге елестетудің өзі қиын. Әдеттегі адамдар тағы не жейді?

— Тауық жейді.

— Тауық?!

— Иә, тауықты миллиондап жейді.

— Қауырсын-қанатымен бәрін түгел жей ме?

— Жоқ, жарқыным, қауырсынын жемейді. Қане, жүгіріп барып бір десте жуа теріп әкеле ғой.

Көп кешікпей таудағы үйде сабақ та басталып кетті. Апай бағдарламасына оқу, жазу, география, арифметика, ас әзірлеу сияқты бес пәнді кіргізді; мұғалимаға да, оқушыға да қатты ұнайтыны — ас әзірлеу пәні. Кішкентай Лексингтонның бұл салада таланты бар болып шықты. Ол туа біткен аспаз екен. Қағілез де зерек бала. Әккі жонглердей табаларды шыр көбелек айналдырады. Апасы бір картопты енді аршып біткенде, үлкендігі сондай картопты Лексингтон қимылына көз ілеспей жұқалап жиырма жаңқа етіп турап тастайды. Таңдайының сезімталдығы сонша,ол бір кастрөл пияз сорпаның дәмін татып тұрып, оның ішіне қосылған бір жапырақ жалбызды сезіп қояды. Лексингтон сияқты титімдей баланың бойындағы осы қасиеттерге Глоспен апай қатты таңданады. Шындығын айтқанда, ол кісі мұндай жағдайда не істеу керек екенін де білмейді.

Дегенмен, бойын мақтаныш кернеп, Лексингтонды болашағы зор бала деп болжайды.

— Қартайып, қайрат кете бастаған шағымда қолғанатымның болғанына Құдайыма мың да бір рақмет, — деп шүкіршілік етеді.

Сөйтіп ол екі жылдан кейін қазан-ошақтың жұмысынан біржола босап, тамақ әзірлеуді түгелімен Лексингтонның мойнына жүктеді. Бұл баланың он жасқа толып, кейуананың сексенге таяған шағы еді.

V

Ас үйдің билігі қолына тиісімен Лексингтон өзі әр түрлі тағамдар ойлап тауып, аспаздық тәжірибе жүргізе бастады. Енді оны бұрын ұнатып ішетін тамақ түрлері қызықтырудан қалды. Баланың бар болмысын жаңашылдық, жасампаздық рух билеп алды. Ойына жүздеген жаңа идеялар бірінен соң бірі келе бастады.

— Талшын ағашының жаңғағы — каштаннан — суфле даярлаудан бастайын, —дейді ол бірінші күні. Дейді де, дәл сол кеш әлгі тағамды дайындап, дастарқанға қояды. Дәмі тіл үйіретін тағам болыпты.

— Сен дарындысың! — дейді Глоспен апай орындығынан ұшып тұрып, баланың бетінен алма-кезек сүйіп. — Сен тарихта қалатын адамсың!

Содан былай дастарқанға тамақтың жаңа түрі қойылмай күн өтпейді. Бразилия жаңғағын қосқан сорпа, жүгері ұнынан жасалған котлет, көкөніс рагуы, бақ-бақ омлеті, ірімшік құймағы, дала шөбінен қайнатқан тәтті компот, ішіне неше түрлі фарш салынған қырыққабат жапырағы, «а-ля-бона фам» әдісімен бұқтырылған пияз, қызыл қызылша қосылған қышқыл мусс, Строганов әдісімен дайындалған қара өрік, ірімшік жағып қуырылған күлше, қамырға оралған шалқан, қылқан жапырақ шырынын қосқан көздің жауын алатын қызыл-жасыл торт және басқа да түрлі-түрлі тағамдар әзірленеді. Глоспен апай «мұндай тағамдарды өмірімде жеп көрген емес едім» деп, түстік ішетін уақыт болмай жатып есік алдындағы тербелмелі креслосына жайғасып, сол күні ішетін тамақ туралы қиялдап, ас үй терезесінен бұрқырап шығып жатқан хош иіске тәнті боп отыратын болады.

— Бүгін қандай тамақ дайындап жатырсың, балам? — дейтін ол сондайда.

— Өзіңіз қандай тамақ деп ойлайсыз?

— Қалақай құймағына ұқсайды екен, — дейді ауаны құмарта жұтып.

Біраздан соң қолына ботташық пен емдік өсімдіктерден қайнатқан компот толы үлкен кастрөл ұстаған, жүзінде жеңіске жеткен жанның бақытты күлкісі үйірілген он жасар бала кіріп келеді.

— Сен білесің бе не істеу керек екенін!? — дейді апасы тамақты тәбеттене жеп отырып. — Қалам мен қағаз алу керек те, дәл осы қазір ас әзірлеу туралы кітап жазуға кірісу керек.

Буланған ботташықты мұқият шайнап отырған бала басын көтеріп, апасына таңдана қарайды.

— Неге жазбасқа!? — дейді апасы даусын көтере сөйлеп. — Жазуды үйреттім, тамақ әзірлеуді үйреттім, саған енді сол екеуінің басын біріктіру ғана қалды. Жаз, құлыным, жазу керек, білетініңді басқалармен бөліссең, атағың бүкіл әлемге жайылады.

— Жарайды, апа, жазайын.

Сол күні Лексингтон кейін бар өмірін бағыштайтын зор еңбектің алғашқы парағын жазуға кірісіп те кетті. Ол еңбегін “Шипалы да дәмді тамақ туралы кітап” деп атайды.



Содан жеті жыл өтіп, бала он жетіге толғанда кітап тамақтың тоғыз мың түрлі дайындау тәсілдерімен толықты. Бәрі жаңа, бәрі дәмді тағам. Бірақ бір күні жұмыс Глоспен апайдың қайғылы қазасына байланысты тоқтап қалды. Түнде апайдың ұстама ауруы ұстап, қатты қиналды; қыбыр-сыбдырдан оянып кеткен Лексингтон не болды екен деп кемпірдің бөлмесіне жүгіріп барса, апасы аһылап-үһілеп, бүктеліп-ширатылып өзін-өзі жұлып жеп жатыр екен. Оның осы мезеттегі түрі жан түршігерлік еді. Зәресі ұшқан бала сасқалақтап не істерін білмей кейуананы шыр көбелек айналып, шырылдап жүгіріп жүрді. Ақырында салқындатып, өз-өзіне келтірейін деген оймен тоғаннан бір шелек мұздай су әкеп, апасының үстіне шашып жібереді; бірақ бұдан оның ауруы одан бетер өршіп, бір сағаттың ішінде жүріп кетті.

— Жаман болды ғой, жаман болды, — дейді қайғыдан қарайып кеткен бала апасының қайтыс болғанына сене алмай әр жерінен тартқылап. — Төбеден жай түскендей. Дем арасында… …Төбеден жай түскендей. …Осыдан екі-үш сағат бұрын ғана ойнап-күліп, жүгіріп жүрген адам. Ең соңғы өнертабысым — қозықұйрық котлетінің үшеуін жеп, “дәмді тамақ екен” деп әбден мақтап еді.

Апасын жанындай жақсы көретін Лексиңгтон өксіп-өксіп жылап алды да, есін жиып, мәйітті далаға шығарып, сиыр қораның артына апарып жерледі. Ертесіне марқұмның заттарын жинастырып жатып, Глоспен апайдың қолымен өзіне бағыштап жазылған конверт тауып алды. Конверттің ішінен елу долларлық екі банкнот және хат шықты.

“Балапаным, — деп басталыпты хат, — туылғаныңа он үш күн толғаннан бері сен төменде — тау етегінде — бір рет те болған жоқсың. Алайда мен көз жұмған күні үстіңе таза жейде, аяғыңа аяқ киім киіп, көрші ауылға бар да, сондағы дәрігермен кездес. Дәрігерден менің өлгенімді растайтын анықтама қағаз жаздырып ал. Ол анықтаманы Нью-Йоркте тұратын мистер Самуэль Цуккерман деген менің адвокатыма апарып бер. Ол кісіде менің саған қалдырған мұрагерлік өсиетімнің көшірмесі бар. Қалғанын мистер Цуккерманның өзі жайғастырады. Мына конверттегі ақшаның жартысын куәлік жазып берген дәрігерге төлейсің, жартысы— Нью-Йоркке барар жолкірең.Нью-Йоркке жеткенде мистер Цуккерман саған тағы ақша береді; сен ол ақшаны ас әзірлеу өнері мен вегетариандық тамақты әрі қарай жетілдіруге жұмса; анау үлкен еңбегіңді жалғастырып, бір нәтиже шығарсаң арманым болмас еді.

Апаң Глоспен”.

Апасының айтқанын бұлжытпай орындап дағдыланған Лексингтон үстіне таза жейде киіп, аяғына аяқ киім сұғып, ақшаны қалтасына салды да, таудан төмен түсіп, дәрігер туратын ауылға қарай бет алды.

— Глоспен апай дейсіз бе? — деді дәрігер. —О, Тәңірім, ол кісі де қайтыс болды деңіз.

— Қайтыс болғаны рас. Егер менімен бірге барсаңыз, мен оны қабірінен қайта қазып алып, өлі екеніне көзіңізді жеткізе аламын.

— Қабірінің тереңдігі қанша?

— Алты немесе жеті футтай.

— Жерлегеніңізге неше сағат болды?

— Сегіз сағаттай боп қалды.

— О, онда ол тірі емес. Міне, анықтама қағазыңыз.

VІІ

Лексингтон сосын мистер Самуэль Цуккерманды тауып алу үшін Нью-Йорк шаһарына аттанды. Ол жаяу жүріп, тал саясына түнеп, жабайы жидек пен шөп-шаламды қорек етіп, он алты күн дегенде алып шаһарға да жетті.

— Қандай таңғажайып жер! — дейді ол Елу жетінші көше мен Елуінші даңғылдың қиылысқан жерінде тұрып. — Сиыр да, тауық та жоқ; әйелдердің біреуі де Глоспен апаға ұқсамайды.

Мистер Самуэль Цуккерманға келетін болсақ, ол Лексиңгтон бұрын көрген адамдардан мүлде өзгеше боп шықты. Бет терісі кеуек-кеуек тесік, жақ сүйегі соққы жегендей көгеріп кеткен, дөңкиген дәу мұрны қып-қызыл, күлген кезде аузының әр түкпірінен алтын тістері жарқ-жарқ етіп көрініп тұратын тапалтақ келген кісі екен. Cән-салтанатты кеңсесінде Лексиңгтонның қолын алып, апасының өлімімен құттықтап:

— Сүйікті қамқоршыңыздың әжептәуір дәулеті бар әйел болғанын білетін шығарсыз? — деп сұрады.

— Сиырлары мен тауықтарын айтасыз ба?

— Жарты миллион долларын айтып отырмын, — дейді Цуккерман.

— Қанша?

— Жарты миллион бакс, бала. Және ол сол ақшаның бәрін сізге қалдырды, —деді мистер Цуккерман креслосына шалқайып, қабақтай қарнын сипалап. Қарнын сипалай отырып, оң қолының сұқ саусағын бешпенті мен жейдесінің астына салып, кіндігінің айналасындағы теріні тырнап қаси бастады. Бұл — өзіне өзгеше бір ләззат беретін сүйікті әдеті еді.

— Әлбетте, көрсеткен қызметім үшін мен оның елу пайызын ұстап қалуға мәжбүрмін, бірақ сонда да сізге бақандай екі жүз елуі қалады.

— Мен дәулетті адам екенмін! — дейді Лексингтон, қуанғанынан даусы қатты шығып кетіп. — Қандай тамаша! Ол ақша менің қолыма қашан тиеді?

— Сіздің бақытыңызға орай, мен осындағы салық мекемелерінде істейтін жігіттермен тығыз қарым-қатынастамын, оларды бұрын төленбеген салықтарға көз жұма салуға көндіре алармын деп ойлаймын..

— Сіз қандай мейірімді адам едіңіз, — дейді Лексингтон міңгірлеп.

— Әрине, оларға кішігірім сый жасамаса, іс бітпейді.

— Еркіңіз білсін, мистер Цуккерман.

— Жүз мыңдай доллар жететін шығар деп ойлаймын.

— Бұл дегеніңіз шамадан тыс көп емес пе?

— Есіңізде болсын, салық инспекторы мен полицейге ешқашан жетімсіз пара беруші болмаңыз, — деді заңгер.

— Сонда маған қанша ақша қалады? — деді Лексингтон даусы әрең шығып.

— Жүз елу мың. Бірақ, бұдан жерлеуге байланысты шығынды шегеріп тастаңыз.

— Жерлеуге байланысты шығын?!

— Жерлеудің жоралғы-жосығына ақша төлеу керек, оны білетін шығарсыз?

— Апамды сиыр қораның артына өзім жерледім емес пе?!

— Мен оған күмәнданбаймын, — деді адвокат. — Бірақ одан жағдай өзгермейді.

— Мен жерлеу мекемесінің қызметін пайдаланған жоқпын.

— Сіз білмеуіңіз де мүмкін, — деді мистер Цуккерман сабырлы қалпын өзгертпей, — бұл штатта жерлеу мекемесімен толық есеп айырыспайынша, мұрагерге өсиет ақшаның бір центін де беруге болмайды.

— Осындай заң бар ма?

— Әрине бар. Және ол — өте орынды заң. Жерлеу мекемесі— Американың өте маңызды қоғамдық институты. Онымен санаспаса болмайды. — Бруклиндегі табыт жасайтын фабрика мен Жоғарғы Вошингтондағы мәйітті бальзамдау өнері аспирантурасындағы қызметін айтпағанда, мистер Цуккерман өзі сияқты бірнеше отансүйгіш дәрігерлермен бірігіп, қаланың тоғыз жерінде жерлеу мекемесі бар алпауыт корпорацияны басқаратын. Мистер Цуккерман үшін өлікті шығарып салу маңызы зор жұмыс. Мистер Цуккерманға өте қатысты, өте тиісті жұмыс. Иса пайғамбардың туған күні — Крисмас — сатушылар үшін қандай маңызды мейрам болса, өлікті шығарып салу да мистер Цуккерманға сондай маңызды болатын.

— Апаңызды бұлай көме салуға құқыңыз жоқ, — деді ол. — Еш құқыңыз жоқ.

— Кешіріңізші, кінәмді өзім де сезіп отырмын.

— Бұл — нағыз зиянкестік.

— Не десеңіз де құлдық, мистер Цуккерман. Менің білгім келетіні: ең аяғында, барлығын төлеп біткенде маған қанша ақша қалады?

Бөлмені бір сәт үнсіздік биледі. Мистер Цуккерман қабағын түйіп, кіндігінің түбін жасырын қасып, ойланып отырып қалды.

— Дөңгелектеп, он бес мың десек қалай болады? — деді бір кезде алтын тістерін жалтырата жымиып. — Әжептәуір қомақты ақша.

— Бүгін қолыма тие ме?

— Неге тимесін!?

Мистер Цуккерман аға есепшіні шақырды да, майда-шүйдеге жаратылатын ақша кассасынан Лексингтонға он бес мың доллар алып бергізді, алғанын растайтын тілхат жаздырып алуды да ұмытпады.

Аз да болса қолына ақша тигеніне мәз болған жігіт ризашылығын білдіріп, алған қаражатты рюкзагына салып алды. Сосын мистер Цуккерманның көрсеткен көмегіне алғысын жаудырып, қолын алып қоштасып, сыртқа шықты.

— Енді бүкіл әлем менің алақанымда, — деді көшеге шыққан соң кейіпкеріміз лепіріп. — Кітабым баспадан шыққанша осы он бес мыңға күн көремін. Одан кейін ақшаның астында қалам әлі-ақ.

Лексингтон қай жаққа барарын білмей тротуарда біраз дағдарып тұрды. Сосын солға бұрылып, қала көріністеріне баяу көз тастап, көшемен төмен түсті.

— Фуу, мына иісті-ай, адамның қолқасын қабады ғой, — деді ауаны қарманып. — Мұндай ауасы тар қалада ұзақ аялдай алмаспын.

Ас үйдің хош иісті жұпарын ғана жұтып үйренген Лексингтонның иіс сезу мүшелері автобустардың артынан бұрқ-бұрқ шығып жатқан қара қошқыл сасық түтіннен қатты азап шегіп жатқан еді.

— Мұрным бітеліп қалмай тұрғанда бұл жерден ертерек тайып тұрайын, — деді ол өзіне-өзі. — Бірақ алдымен тамақ ішіп, әлденіп алайын.

Баланың жабайы жидек пен емдік шөптерді ғана талғажу еткеніне екі апта болған, енді нәрлі ас жемей асқазаны жұбанар емес. «Жүгері ұнынан жасалған котлет болса, не бес-алты қалақай құймағын жесем жақсы болар еді» дейді қиялдап.

Лексиңгтон көшенің арғы бетіне өтіп, бір кішігірім мейрамханаға кірді.

Тамаққа қататын май мен тұздалған қырыққабаттың қышқыл иісі мүңкіген, қараңғы да қапырық, тым-тырыс жер екен. Қоңыр қалпақты жалғыз қонақ ішіп отырған тамағынан бас көтеріп Лексингтонға қараған да жоқ. Кейіпкеріміз бұрыштағы үстелге жайғасып, жолдорбасын орындықтың арқалығына ілді.

— Бұл бір естен кетпес қызық оқиға болайын деп тұр, — деді Лексингтон өзімен-өзі сөйлесіп. — Нәресте шағымда бөтелкеге бірнеше рет сүт жылытып берген Макпотлды санамағанда, мен өмірімде екі-ақ адамның— өзім мен Глоспен апаның ғана дайындаған тамағын ішіп көріппін. Ал енді қазір жаңа аспаздың өнерін сараптайын деп отырмын, бұйырса, кітабыма керекті бір-екі жаңа идея да алуым мүмкін, — деп армандайды.

Сол сәтте қараңғы түкпірден даяшы шығып, Лексингтонның жанына кеп тұра қалды.

— Армысыз! Маған жүгері ұнынан жасалған үлкен котлет әкеліңіз. Екі жағына да қаймақ жағылып, қатты қыздырылған табада жиырма бес секунд қуырылсын, дастарқанға қоярдың алдында бетіне хош иісті шөп себіңіздер. Ал егер бұл жердің аспазы осы тағамды басқа тәсілмен дайындай алатын болса, мен оның дәмін қуана-қуана татуға дайынмын, — деді Лексингтон.

Даяшы басын бір жағына қарай қисайтып, қонағына қадала қарап:

— Қуырылған шошқа еті мен қырыққабат. Біздегі бар тамақ —сол ғана, — деді.

— Қырыққабат пен қуырылған не?

Даяшы шалбарының қалтасынан мыж-мыж бет орамалын алды да, сырқ-сырқ сілкіп, мұрнын бырқ еткізіп сіңбіріп:

— Жейсіз бе, жемейсіз бе? — деді танауын тазалап тұрып.

— Жеп көрген тамағым емес еді. Әйтсе де, дәмін көруге болады, — деді Лексингтон. — Мен тамақ әзірлеу туралы кітап жазып жүр едім, сондықтан…

— Бір табақ шошқа еті мен қырыққабат, — деді даяшы аспазға тапсырманы дауыстап беріп. Ас пісіретін жерден “құп” деген жауап естілді.

Даяшы кеткен соң, Лексингтон рюкзагынан пышағы мен шанышқысын шығарды. Бала алты жасқа толғанда Глоспен апасының тартқан сыйы. Таза күмістен жасалған, өзінің жеке басы ғана пайдаланатын пышақ пен шанышқы. Тамақтың тартылуын күтіп отырып, Лексингтон оларды бір жапырақ жұмсақ матамен ысқылап сүртті.

Бір кезде даяшы бір тәрелке буы бұрқыраған ақ сұр түсті тамақ алып келді. Алдына қойылған асты иіскеп көрмек болып басын төмен игенде Лексингтонның хош иісті қабылдауға дайындалған қолқасы кең ашылып, дірілдеп кетті.

— Мынау нағыз жұмақ асы ғой! — деді Лексингтон қайран қалып. — Қандай жұпар! Есіңнен тандырып жіберетін иіс.

Даяшы сәл кері шегініп, қонағына қадағалай қарап тұр.

— Өмірімде мұндай ауыздың суын шұбыртар дәмді иіс жұтып көрген жоқпын, — деді кейіпкеріміз пышағы мен шанышқысын қолына алып. — Бұл неден дайындалған тамақ болды екен?

Лексиңгтон еттің шетінен кішкене кесіп алып, шанышқысына түйреді де, тағы да бір рет иіскемек болып мұрнына жақындатты. Сосын көзін жұмып, бар денесімен зейін түріп етті жайлап шайнай бастады.

— Қандай ғажап тағам! Бұрын-соңды татпаған ғажап дәм! Қайран, Глоспэн апа, қазір менің жанымда болсаңыз еді! Мына дәмді тағамды жеп көрсеңіз еді, шіркін! Даяшы! Тезірек бері келіңізші! Сіз маған керексіз!

Залдың қарсы түкпірдегі бұрышына барып, барлай қарап тұрған даяшы жақындайтын сыңай байқатпады.

— Бері келіп, менімен әңгімелессеңіз, беретін сияпатым бар, — деді Лексингтон жүз долларлық банкнотты желпіп. — Келіңізші, өтінемін, менімен біраз сөйлесіңізші.

Даяшы абайлай басып, Лексингтонның үстеліне жақындады да, ақшаны зып еткізіп алып, көзіне тақап, асты-үстін төңкеріп мұқият зерттеп қарады да, қалтасына сала салды:

— Менен қандай көмек керек, сэр?

— Егер сіз маған мынау дәмді тамақтың неден әзірленгенін және әзірлеу тәсілін айтып берсеңіз, тағы да жүз доллар беремін.

— Жаңа ғана айттым ғой. Бұл— шошқа еті.

— Шошқа еті деген не?

— Сіз, не, қуырылған шошқа етін жеп көрмеп пе едіңіз? — деді даяшы таңданып.

— Құдай үшін, төзімімді тауыспай тезірек айтыңызшы бұның не зат екенін?

— Шошқа дедім ғой. Қазанға сала салсаңыз болды.

— Шошқа! Бірақ бұл… бұл… мүмкін емес. Азық-түлік туралы өте көп білетін Глоспен апай ет атаулының бәрінің дәмі жаман, бәрі арам, иісі сасық, жүрегіңді айнытып, құстырады деуші еді. Ал мынау бүгін мен дәмін татқан ет— өмірімде жеп көрген астың ең дәмдісі. Мұны қалай түсінуге болады?! Жиіркенішті болмаса Глоспен апай жамандамас еді ғой.

— Апайыңыз шошқа етін пісіру тәсілін білмеген болар, — дейді даяшы.

— Солай да болуы мүмкін.

— Шошқа етінен тамақ дайындау оңай жұмыс емес. Оны бабымен дайындамаса, дәмді болмайды.

— Эврика! Таптым неден екенін! Апам шошқа етін дұрыс әзірлей білмеген екен! — Лексиңгтон даяшыға тағы жүз долларлық банкнот ұсынды. — Енді мені мынау етті дайындаған дарын иесімен таныстырыңызшы.

Даяшы Лексингтонды бірден ас пісіретін жерге ертіп барды да, мойнының оң жағын бөрткен басып кеткен егде аспазбен таныстырып:

— Бұл үшін тағы жүз доллар төлейсіз, — деді.

Ақша төлеуге мүмкіндік табыла кеткеніне қуанып тұрған Лексингтон жүз долларды бұл жолы аспазға беріп:

— Мен қатты шатасып кеттім. Маған мына сұрақтың басын ашып беріңізші: жаңа мен жеген керемет тағам шынымен шошқа малының тәнінен пісірілген бе? — деді. Аспаз оң қолын көтеріп, мойнының бөрткенін қасып даяшыға қарап көзін қысты да: — Менің бар білетінім— тамақтың шошқа етінен жасалғаны… мен … солай шығар деп ойлаймын.

— Мұны қалай түсінуге болады? “Толық сенімді емеспін” дегеніңіз бе?

— Ешкім де ештеңеге толық сенімді бола алмайды.

— Онда тағы басқа неден жасалуы мүмкін?

— Мүмкін, адамның — деді аспазшы әр сөзін салмақтап, асықпай сөйлеп, — адам баласының да еті араласып кеткен болар.

— Ер кісінің еті ме?

— Иә.

— О, Жаратқан ием!

— Әйел де болуы мүмкін. Екеуінікі де түсуі мүмкін. Екеуінің де дәмі бірдей.

— Таңқаларлық екен.“Естімеген елде көп” деген.

— Иә. “Білгеніңнен көп екен білмегенің” дейді ғой. Соңғы кездері қасапханадан шошқа етінің орнына жаңағы атап өткен еттің түрі көп түсті.

— Апырай, ә!?

— Екеуін бір-бірінен ажырату өте қиын. Екеуі де — жақсы ет.

— Жаңағы мен жеген жұп-жұмсақ, сөгі сорғалаған білем ет екен.

— Сізге ұнағанына қуаныштымын. Бірақ, шынымды айтсам, ол— шошқаның еті. Мен оны сеніммен айта аламын.

— Сеніммен айтам дейсіз бе?

— Иә.

— Онда сіздікін дұрыс деп мойындауға тура келеді. Міне, сізге тағы жүз доллар, енді осы тамақты қалай дайындағаныңызды айтып беріңізші.

Аспаз ақшаны қалтасына сүңгітіп жіберді де, шошқа сүбесін қалай пісіргенін тәтпіштеп түсіндіріп берді.Жігіт оның бір сөзін де қалдырмай қойын дәптеріне жазып алды.

— Осымен болды ма?

— Болды.

— Әлі айтылмай қалған тұстары бар сияқты.

— Бәрінен бұрын жақсы ет табу керек, — деді аспаз. — Бірақ бұл — істің жартысы ғана. Сойылатын талпақ танау қоңды болуы қажет және оны дұрыс мүшелеудің де маңызы зор. Әйтпеген күнде қалай пісірсеңіз де, еті былжырап, адам жегісіз боп кетеді.

— Көрсетіңізші, маған бір шошқаны сойып көрсетіңізші.

— Біз асханада мал соймаймыз. Жаңағы сіз жеген сүбе бізге Бронкстегі ет комбинатынан туралай келді.

— Онда маған сол ет комбинаттың мекен-жайын жазып беріңізші.

Аспаз қонақтың қолқасын орындады, біздің кейіпкеріміз мейрамхана қызметшілерінің жылы ықыласына мың да бір алғысын айтып, сыртқа шықты да, таксиге отырып, Бронкске бет түзеді.

VІІІ

Ет комбинаты қызыл кірпіштен қаланған төрт қабатты үлкен ғимарат екен; айналасындағы ауа ауыр да мускус иісіндей тәтті. Кіре беріс есіктің маңдайшасында үлкен әріптермен “ҚОНАҚТАРДЫ КЕЗ КЕЛГЕН УАҚЫТТА ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛАМЫЗ” деп жазылыпты. Лексингтон қақпа есігінен өтіп, жұмыр тас төселген аулаға кірді; аула ғимаратты дөңгелене қоршап тұр. “ЖЕТЕКШlМЕН ЖҮРЕТІН ЭКСКУРСИЯ ЖОЛЫ” деген маңдайшадағы жазудың сілтемесін бағытқа алып, үлкен ғимараттан бөлек тұрған ирек-ирек темір қалқасы бар есікке жақындады. Оның маңдайшасына “КҮТУ БӨЛМЕСІ” деп жазылыпты. Лексингтон есікті сыпайы қағып, ішке кірді.

Оның алдында күту кезегінде тұрған алты адам бар екен.Тоғыз, он бір жастар шамасындағы екі бала ерткен толық әйел; бал айларын бастан кешіп жүргендей бақытты, жанарлары жалтыраған жас жұбайлар; ұзын ақ биялай киген қолын тізесіне қойып, қақшиып тіп-тік отырған,бетінде бір тамшы қан жоқ сұп-сұр жас келіншек. Ешқайсысы сөйлемейді. Лексингтон: “Сіздер де мен сияқты ас әзірлеу туралы кітап жазып жүрсіздер ме?”—деп сұрап еді, ешкім тіл қатып жауап бермеді. Үлкендер оған қарап жұмбақ жымиды, екі бала есі дұрыс емес адам көргендей таңдана қарады.

Бір кез есік ашылып, қызыл шырайлы жүзі бал-бұл жайнаған көңілді қызметкер басын қылтитып: “Келесі кірсін”, — дегенде толық әйел мен екі бала орындарынан тұрып, бөлмеден шығып кетті.

Он минуттай уақыт өткенде манағы қызметкер:

— Келесі кім? Кіріңіздер, — деп бал айларын бастан кешіріп жүрген жас жұбайларды ертіп әкетті.

Осы арада бұларға жаңадан азық-түлік салған қалтасы бар орта жастағы ерлі-зайыптылар кеп қосылды.

Жетекші екінші рет басын сұғып:

— Келесі кім? Кіріңіз, — дегенде ұзын ақ биялай киген әйел кетті.

Тағы да жаңадан бірнеше адам кеп арқалығы қатты ағаш орындықтарға жайғасты. Гид үшінші рет келгенде Лексингтонның кету кезегі жеткен еді.

— Менің артымнан жүріп отырыңыз, — деп ол жігітті аула арқылы негізгі ғимаратқа қарай ерте жөнелді.

— Қандай қызық! —Лексингтон секіре адымдады. — Апамның қасымда болмағаны қандай өкінішті! Менің қазір көрейін деп тұрғанымды сол кісі де көрсе ғой, шіркін!

— Мен тек дайындық жұмыстарын атқарамын. Дайындап болған соң сізді өзге қолға тапсырамын, — деді жетекші.

— Дегеніңіз білсін, — деді жігіт шабыттанып.

Олар алдымен ғимараттың артындағы бірнеше жүз шошқа жайылып жүрген үлкен қашаға жақындады.

— Осы жерден басталады. — деді гид. — Сосын анау жерге кіреді.

— Қай жерге?

— Әне, анау. —Гид комбинат қабырғасына қарама-қарсы орналасқан ұзын ағаш қораны нұсқады. — Біз оны “тұсау қора” дейміз, ол жерде аяққа тұсау салынады. Былай қарай жүріңіз.

Лексиңгтон мен жетекші “тұсау қораға” жақындай бергенде резеңке етік киген үш еркек он екі шошқаны жалғастырма қораға айдап кіргізіп жатыр екен, бұлар да бірге кірді.

— Ал енді қызыққа бата беріңіз, — деді жетекші.

Қораның қабырғалары ағашпен қапталыпты, шатырсыз. Еденнен үш футтай биіктікте темір ілгішті болат сым қабырғаны жағалай баяу жылжып барады. Қораның төрдегі түкпіріне жеткенде әлгі құймасым кенет кілт бұрылып, төбеге бағыт алады да, шатырсыз шаңырақтан негізгі ғимараттың ең үстіңгі қабатына көтеріледі екен.

Манағы он екі шошқа жан-жақтарына күдіктене қарап, тапжылмай тұр. Резеңке етікті еркектердің біреуі қабырғадағы ілгіштен темір шынжыр алды да, аяғының ұшымен басып өзіне ең жақын тұрған жануардың артына ақырын жақындады. Сосын еңкейіп, оны шошқаның артқы аяғына іліп жіберді. Шынжырдың екінші ұшын жанынан жылжып өтіп жатқан құймасымдағы ілмекке іле салды. Аяғы жоғары қарай тартылып бара жатқан шошқа амалсыз шынжырдың ырқына көніп, алға қарай сүйретілді.

Дегенмен, епті жануар екен, кабель қораның түкпіріне жетіп, бағытын өзгертіп жоғары қарай тік көтерілгенше үш аяғымен-ақ өзін тең ұстап, кезек-кезек секіріп шынжырдың тартқанына қарсыласып бақты. Бір кезде ілгіш оны жерден дік еткізіп көтерді де, салбыратып іліп қойды. Қасапхананың іші жан ұшырған ащы дауысқа тұнып қалды.

— Шынында да еркіңнен айрылдыратын үдеріс, — деді Лексингтон. — Бірақ жоғарыға көтеріліп бара жатқанда анау қытыр ете қалатын дыбыс неден болды екен?

— Аяғы болар. Не аяғы, не жамбасы.

— Олардың қандай қатысы бар?

— Қатысы болмағанда ше!? Сіз сүйек жемейсіз ғой.

Резеңке етік киген жұмысшылар шошқаларды бірінен соң бірін кісендеп, жылжып жатқан таспаның ілгішіне іліп, шыңғыртып жоғары жіберіп жатыр.

— Иә, бұл жабайы өсімдік тергеннен анағұрлым қиын екен. Мұндай жұмыс Глоспен апамның қолынан ешқашан келмес еді.

Осыны ойлап Лексингтон ең соңғы шошқаның көкке көтеріліп бара жатқанын бақылап тұрғанда резеңке етік киген еркек оның артынан бұқпантайлап келді де, жігіттің сол аяғының жіліншігінен шап беріп, арқанның бір ұшымен тұзақтап байлады да, екінші ұшын жылжып бара жатқан таспаға лақтырып, ілгішіне іліп жіберді. Лексингтон қандай жағдайға ұшырағанын түсініп үлгере бергенше, әлгі еркек кейіпкеріміздің аяғынан шалып құлатты; шынжыр оны қораның бетон еденінің үстімен сүйрей жөнелді.

— Тоқтатыңыз! Бәрін тоқтатыңыз! Аяғым ілініп қалды!

Бірақ Лексингтонды ешкім естімеген сыңайлы. Механизм бес секундтан кейін соры қайнаған сорлы жігітті еденнен сырғанатып сүйреп апарды да, қораның ашық төбесіне тіп-тік көтерді. Лексингтон жаңа ғана аулап алып, кептірмек үшін жайып қойған балық құсап басы төмен салбырап, аяғымен ауаны тепкілеп, аспанда бұралаңдады да қалды.

— Көмектесіңіздер! — деп айғай салды Лексингтон. — Үлкен қате кетті! Моторды тоқтатыңыздар! Мені түсіріңіздер!

Гид тартып тұрған темекісін аузынан алып, жылдам-жылдам көтеріліп бара жатқан жігітке үндемей жайбарақат қарап тұр. Резеңке етік киген еркектер шошқалардың келесі тобын айдап келуге кетіп бара жатыр.

— Құтқарыңыздар! Мені түсіріңіздер! Өтінемін, түсіріңіздерші мені! — Бірақ Лексингтон бұл кезде ғимараттың соңғы қабатына жақындап қалған еді; бұл — құймасым жыланша ирелеңдеп, қабырғадағы үлкен тесікке кіріп кететін тұс. Тесіктің аузында қан-қан резеңке алжапқыш таққан қасапшы тұр екен. Лексингтонды жұмақ есігінің алдында тұрған әулие Петрдей қарсы алды.

Лексингтон аяғы — аспанда, басы төменде салбыраған күйде қараса да қасапшының жүзіндегі сабырлық пен беймаралдықты байқады. Қасапшының жанарындағы көңілді ұшқын жылы жымиыс, бетінің әдемі шұңқыры жігіттің кеудесіне үміт отын тұтатқандай болды.

— Сәлем! — деді қасапшы жымиып.

— Тезірек! Мені құтқарыңыз! — дейді кейіпкеріміз құлын дауысы шығып.

— Қуана-қуана! — деп қасапшы сол қолымен Лексингтонның бір құлағынан жайлап ұстады да, оң қолымен Лексингтонның күре тамырын пышағымен орып жіберді.

Конвейер таспасы жылжуын жалғастыра берді. Лексингтон да онымен бірге жылжып кете барды. Әлі сол аударылып-төңкерілген дүние, күре тамырынан аққан қан көзіне құйылып жатыр, бұлдыр тұман арасынан ұзын бөлме қарауытады. бөлменің түкпірінде буы будақтаған бір қазан су, оның айналасында сырықтарын ары-бері сілтеп, сүлделер билеп жүр. Конвейер таспасы қазанның дәл үстінен өтіп барады, шошқалар бірінен соң бірі қайнап жатқан суға шолп-шолп түсуде, бір шошқа тұяғына ұзын ақ биялай киіп алыпты.

Кенет кейіпкеріміздің ұйқысы келіп кетті. Бірақ ол ұзақ уақытқа дейін тыныштала алмай арпалысып, жұдырықтай жүрегі соңғы тамшы қанды денесінен сығып тамызғанда ғана бұл әлемнен, ең сұлу әлемнен келесі сұлу әлемге аттанды.

Ағылшын тілінен аударған Ү. Кеңесбаева



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру