Есей Жеңісұлы | Айсәуле

  Есей Жеңісұлы |  Айсәуле

Жеңгесі өзінен төрт жас кіші. Бірақ «жасым кіші» деп жүрген ол жоқ, таңертеңнен құлақ етін жеп, шегелеп тұрып айтқан. «Бүгін Зейнеппен жолықтырамын, ешқайда қашып кетпе. Кешкісін Әскердің үйі босайды. Бала-шағасымен Көлбұлаққа кетеді екен. Қызды сонда әкелеміз. Қиқаң-сиқаңды қой. Бүгін не бүк, не шік болып шық» деп салмақ сала сөйлеп, дік-дік басып шығып кеткен. Жеңгесінің аты — Әсел, осы ауылдың қызы. Мұның екінші атадан қосылатын ағасы Мінуарға тұрмысқа шыққанына он екінші жыл. Жасы отызға осы көктемде ғана толса да, Әсел ажары тозып-ақ қалған. Тозбай қайтсін, бірі етегіне, бірі жетегіне жармасқан төрт баланы бағып-асырау оңай болып па?

Мінуар ағасы Әселге үйленгенде Ғұмыр әскерден жаңа келіп еді. Өзінен төрт сынып төмен оқыған қыздың келбетін әуелде көз алдына келтіре алмай-ақ қойған. Дегенмен екеуі жеңге-қайны болып тез табысты. Ғұмыр Әселдің ашықтығын, ақкөңілділігін жақсы көреді. Ашуының зілі жоқ, дүңк еткізіп айта салады да, артынан өзінің не айтқанын ұмытып қалады. Қазір есіне түсірсе, Әсел келін болған он екі жыл ішінде ол тек Ғұмырға қалыңдық іздеумен күн өткізген сияқты.

Ғұмыр — бір үйдің жалғыз ұлы. Жасы биыл отыз төртке шықты. Әлі бойдақ. Әсел жеңгесі мұның бойдақтығын жасықтығынан, жуастығынан көреді. Ғұмыр шынында да тым жуас. Момын. Үндемес. Төрт әпкесі де күйеуге тиіп кеткен соң қарт ата-анасына қарап үйде қалған. Оқыған жоқ. Өзінің талабы да болмады. Білетіні — жазда қолына ұстайтын шалғысы, қыста — айыры. Өзі жұмысты өкіртіп істейді. Қысы-жазы басынан түспейтін қара ала шәпкісінің күнқағарын қолымен ұстап-ұстап қойып, тепеңдеп жүргені жүрген. Әсел жеңгесі әуелде мұның бойдақ жүргенін ептеп әжуәлаушы еді. Келе-келе кәдімгідей ойланатын болды. Момын қайнысының бұл түрімен өз бетінше қызға сөз айта алмасын біледі. «И-и, сен де қанымды ішіп біттің ғой, — деп кейитін ол кейде. — Әке-шешең атыңды Ғұмыр деп қойғанда, ғұмыр бойы бойдақ болсын, үйленбесін деп қоймаған шығар. Ғұмырлы болсын деген де. Ғұмырлы болу үшін адам үйленбей ме екен, бала сүймей ме екен?» Ғұмыр жасының үлкендігін, не қайны жолын пайдаланып, Әселге ұрсып тастауды да білмейді. Жеңгесінің күйіп-піскеніне қызықтай қарап, күріштей аппақ тістерін көрсетіп күледі де отырады. Әсел талай рет өз құрбыларын Ғұмырға телімек болған. Амал не, Ғұмыр оларға бір ауыз жылы сөз айтуға жарамады ғой. Жарамағаны былай тұрсын, Әсел сөз байластыруға келіскен күні не шөптен келмей, не түнгі жылқы кезекке шығып кетіп, талай ұятқа қалдырған. Ертеңіне Әсел шақ-шақ етіп: «Өй, иісалмас! Ей, сен өзі қыз дегеннің қандай болатынын білесің бе, ей? Әуелім, сен өмір-ғұмырыңда қыз ернінен сүйіп көрмеген боларсың. Мына түріңмен саған кім жуысын?! Қу тізеңді құшақтап, қубас өтпексің бе? Қарт әкеңді аямайсың ба? Бүйте берсең, саған дейін жалғасқан бір әулеттің тамырын кесесің ғой. И-и, сені адам деп сөйлеп тұрған менде де ес жоқ. Күл болмасаң бүл бол. Екінші сен үшін жүгірсем бе!..» — деп тепсініп шығып кетеді. Арада ай өтпей Ғұмыр ошағының бұтын ұстауға лайық тағы бір шүйкебас көргенін айтып, аузы жабылмай сампылдап кіріп-шығып жүреді.

Бүгінгісі мынау енді. Таңертең атын суарып келіп, ақырына шөп салып жатқанда кірді де, шаруасын аяқтатпастан үйге сүйреп, әлгі әңгімені айтқан да кеткен. Ғұмыр Зейнеп деген қай қыз екенін есіне түсіре алмады. Қара ала шәпкісін бір шешіп, бір киді де, қайтадан жұмысымен әуре болып кетті. Оған бәрі баяғысынша аяқталатын сияқты болып көрінді де тұрды.

Қас қарая тағы бір жаққа кетіп қалмақ болды, бірақ ол ойынан тез айныды. Малын жайғап үйге кіргенде, төргі бөлмеден Әселдің дауысын естіді. Апасы екеуі абыр-сабыр. Әсел жеңі қырланып үтіктелген көгілдір жейде мен ақшыл сұр шалбарды Ғұмырдың қолына ұстатты да: «Киін!» — деді бұйырып. Ғұмыр өзінің отыз төрт жылдық ғұмырында тұңғыш рет жеңгесіне әзіл айтпаққа оқталып тұрып, тежеліп қалды. Әлгі жейде мен шалбарды тете әпкесі Үміт бір ай шамасы бұрын төркіндеп келгенде сыйлаған-ды. «Осы киімдерді киіп үйленші!» деп сыбырлаған. Әселдің дәл сол киімдерді алып шыққанын көрмейсің бе?..

Үйге Мінуар ағасы кіріп келгенде Ғұмыр қуанып қалды. Өзінің еркек кіндіктен жалғыз болмасын ойлап қуанды. Сәлден соң үстіндегі жаңа көйлек-шалбарға осқырына қарап, үйден шығып бара жатты. Босағадан сыртқа аттай бере сақалын салалаған әкесін, сулығын саусағымен умаждай берген апасын көріп қалды.

Күн таудың тасасына жалқынданып батып барады екен. Әсел жұрт көзіне түсе бермейтін таса жолдарды қуалай келіп, Әскердің үйіне бақша тұсынан кіргізді. Жеңгесінің бұл тапқырлығына Ғұмыр ырза болды. Шынында да дәл мынадай киіммен оның ауыл ортасында жүрмесі анық еді. Әскер үйіне кіре беріп, Ғұмыр аялдап қалды. Кері бұрылып жүре бергісі келіп кетті. Мінуар ағасынан ыңғайсызданды. Оның үстіне, Әсел білегінен аямай шымшып жібергені. Онсыз да қара жүзіне қан теуіп, көзінің алды бұлдырап, Ғұмыр есікті жасқаншақтай ашты. Дастарқан жайнап тұр екен. Ешкім жоқ. Ғұмыр іштей әлденені, өзінің еркінен тыс бір жайды күтіп келгенін ұқты, үй ішінен ешкімді көрмегеніне көңілі қоңылтақсып қалды.

Сөйткенше болмай, сырттан «жүр, жүре ғой» деген дауыс естілді де, үйге топ адамның кіргені байқалды. Мінуар ағасының досы Қайырбек, оның келіншегі Гүлжан еліктей секиген талдырмаш қызды ортаға алып, кіріп келеді екен. Ғұмыр жанарын тайдырып әкетті. Әдетінше қара ала шәпкісінің күнқағарын түземекке қолын шекесіне апарып, қайта түсірді. Шәпкісі жоқ екен ғой. Шашын да дұрыстап тарап алмағанын ойлап, қиналып кетті.

Дастарқан басында Мінуар ағасы ұзақ сөйледі. Шешен болып кеткен бе өзі?.. Әлдеқайдан қиялай тартып, орағытып-орағытып әкеліп, қисынын келтіргенде, құрдасы Қайырбек те сүйсініп қалып: «Әлбетте, солай. Әлбетте, солай», — дей берді. Мінуардың айтуынша, Зейнеп — осы ауылдағы Жамал апаның жалғыз қызы. Аурулы шешесіне қарайлап отыр. Ғұмыр қыз шешесінің атын естігенде ғана есіне әлдене түскендей қозғалақтап қойды. Иә, Жамал апа ауылдың өр жағында тұрады. Анда-санда ілбіп төмен түсіп бара жатқанын ғана көретін. Ол кісінің осындай қызы бар ма еді? Ғұмыр осы уақытқа дейін Жамал апаның тағдыры туралы ойланып көрмегенін іштей мойындады. Жә, ол өзге емес, алдымен өз тағдырын ойлап көрді ме екен? Сөз соңына келгенде, Мінуар екі жастың төргі бөлмеде оңаша сөйлескені жөн екенін ұқтырды. Мұнда Әсел ғана қалмақ. Қайырбек пен Гүлжан қоштасып жөнеле беріп: «Бәрін ақылмен шешіңдер. Бала емессіңдер», — дегенді айтып кетті. Әсел жылы сөйлеп, Ғұмыр мен Зейнепті төргі бөлмеге кіргізіп жіберді.

Әскер үйінің шығыс тұсы жарлауыт. Осы тұстан ауылды қақ жара Шілік өзені өтеді. Ғұмыр екі қолын қайтерге білмей, біресе қалтасына салып, біресе қайта шығарып әбігерленіп тұрды да, дәл терезенің алдындағы столға тақалған орындыққа отыра кетті. Зейнепке қарай алар емес. Саусақтарын бір жазып, бір қосып, терезеден көз алмай телміріп қалды. Зейнеп жігіттен алдымен орын ұсынатын әдеп күтіп еді. Есіктің көзінде не кері кетерін, не алға басарын білмей тұрып қалғаны да сол. Есік сәл ашылып, Әсел тәтесінің қолы арқасынан итере қалғанда ғана ес жиды. Батыл басып келiп, Ғұмырдың қарсысына отырды. Ғұмыр қысылып қалды. Өзінің бірінші отырып алғанын түсініп, бетіне қан қаптады. Абырой болғанда, жарық сөндірулі еді, Зейнеп байқаған жоқ. Бұл сәтте түн ауылды құшағына алып, тіршілік біткен барақат тауып жатқан шақ еді. Ай сәулесі батыстан нәзік себезгілей бастаған.

Зейнеп ойлады: «Ә, мынау әлгі Ғұмыр аға ғой. Біз кешкісін бададан сиырды айдап қайтуға барғанда қарагер атымен таптап өтіп кете жаздаған Ғұмыр ғой. Оның бауыры ала бұқаны аямай сабап, Иманақын атаның шарбағын быт-шыт сындырып, айдап кеткенін көрген бадашы Атық: «Әй, бұл дүлей ғой, дүлей! Сөз өте ме бұған?!» — демеп пе еді. Сонда Гүлден құрбым екеуміз сыртынан қорқақтай қарап қалғанбыз. Кейін бір-бірімізді «Ғұмыр келе жатыр!» деп шошытатынбыз. Әсел тәтем де қызық. Қоймай қойды ғой тіпті. «Сөйлесіп көрші, жаны нәзік жігіт» дей ме-ау, «өзі үндемеуі мүмкін, сөзге тарт» дей ме-ау... Мен қайтіп сөзге тартады екем? Әсел тәтем, шынында да, өзінің осы әрекетінен бірдеңе шығатынына сенеді-ау деймін. Мен қалай күйеуге шығам бұған? Үйі мен қорасының арасындағы жолды ғана жатқа білетін, әлеммен ісі жоқ, тілінің бар-жоғы белгісіз біреуге, а?.. Және өзі менен он бес жас үлкен. Масқара! Гүлден білсе, ішін басып бір күн күлер-ау. Менің Ғұмырға күйеуге шықпақ түгілі, онымен осы бір бөлмеде отырғанымды білсе де... Ұят-ай! Қайдан ғана келісіп едім Әсел тәтеме? У-у, түрін-ай... Қап-қара. Көзі де қысық екен ғой».

Бұл кезде терезеге қадалып отырған Ғұмыр да ой үстінде еді. «Әсел жеңешем де қызық. Қыз менен он төрт-он бес жас кіші деді ме? Қараушы ма еді ол маған? Қазір он тоғыз, жиырмада болса... Адамның ішіне емес, сыртына, түріне қарайтын шағы. Ал ол менің түрімнен ешқандай сүйкім таппас. Және жасым да үлкен, тым үлкен. Қазір сөйлесе кетіп: «Аға, осы уақытқа дейін неге үйленбей жүрсіз?» — десе не деймін? «Сені күтіп жүрдім» деймін бе? Тұра қашар. Өзі пысық сияқты. Адамға жанарын тайдырмай тура қарайды екен. Жас қой. Өмірден кеудесі қайтып көрмеген...»

Зейнептің ойы: «Әсел тәтем мені ойыншық көргені ме сонда? Қайдағы бір сүрбойдаққа қосқысы келгені несі? Мана шай ішіп болған соң шығып кетпеген екенмін. Өзіме де обал жоқ. «Көрсем көрейін, нем кетер дейсің?» деп ойлағаным рас қой. Біртүрлі қызық көрініп еді. Әлде мені жетім деп басынғандары ма бұл? Құдай-ай, осы жалғыздықтан тартқаным-ай... Тым құрығанда ағам болғанда ғой алдымда? Ағам болса... ол мені еркелетер еді, бетіме ешкімді жел ғып тигізбес еді. Досқа күлкі, дұшпанға таба болып, мынау сияқты өзімнен он бес жас үлкен «шалға» айттырылмас ем. Әсел тәтем анамның аурулы екенін, менің ол кісіге қарайлайтынымды, анамды тастап ешқайда кете алмайтынымды, оқуға бара алмайтынымды біледі. Әдейі істеп отыр ғой. «Сенің орның ошақтың қасында» дегені болар. Қолымның осынша байланғаны-ай...»

Зейнеп көзіне іркілген жасты саусағының ұшымен іліп алып тастады. Көз жасын Ғұмырға көрсеткісі келмеді. Ол болса өзімен-өзі, қараңғылыққа әлі телміріп отыр.

Ғұмырдың ойы: «Иә, мен мына қалпыммен кімге керекпін? Шынында да, ауылдастар сыртымнан айтатындай нағыз дүлей шығармын. Мүмкін, адамға тән бақ-бақыт маған жат болар... Міне, менің құрдастарымның той көріп, отау құра бастағанына он бес жыл. Әлгі Манатбектің ұлы Нияз биыл көктемде он төртке шықты. Сол Манатбек мені көре қалса: «Әй, Ғұмыр, ұят қайда? Менің Ниязым жақында қатын алғалы жатыр. Естіген елден ұят, мен ешкіммен құдаласпай тұрғанда тез үйлен», — деп қағытады. Мейлі ғой, әзілдей берсін. Бірақ неге өз басыма сондай күй ешқашан тумайтындай, ешкіммен көңіл жарастыра алмайтындай, ешкімге тең болуға жарамайтындай сезінеді екенмін өзімді? Тіпті осы уақытқа дейін бір де бір рет «үйленсем» деп талпынып та көрмеппін ғой...»

Ғұмыр терең ойға батып отыр. Әдетте жуас адамдардың ойланғаны да сырт көзге қызық көрінеді ғой. Ғұмырдың басы салбырап, екі көзі шүңірейіп, терезеден сығалай бастаған ай нұрымен беті қарақошқылданып, иіні түсіп кетіпті. Ешқашан дәл бүгінгідей ауыр ой еңсесін басып көрмегені ақиқат. Зейнеп жігіт жүзіне қадала қарап, оның бұл түрін аяп та кетті.

«Сонда осындай адамдар не үшін өмірге келеді екен? — деп ойлады ол. — Қу тіршіліктің ізіне түсіп, не жарқылдап күлмей, не жарытып киінбей, не жайнап тойға бармай өмір кешудің несі қызық? Әлде өмір туралы ойлануға оның санасы жетпей ме? Таңы атса, күні батып... Бұл кісі адами қызықтарға, тіршілік алданыштарына қуана да алмайтын болар? Қазір не ойлап отыр екен? Өзінің тіпті ұнжырғасы түсіп кетіпті. Күрсініп отыр... Әй, мен де қызықпын-ау... Өмір туралы ойланбаушы ма еді адам? Бұл кісі өз өміріне соншалық разы кісі емес қой».

«Мені ешкім де түсінбейді. Маған жар іздеп, жанұшырып жүрген Әсел жеңгем де, ағайын дейтін Мінуар ағам да... Жолдастарым тіпті түсінуге тырысқан да емес. Олар үшін мен қисынды-қисынсыз келемеждейтін біреу ғанамын. Иттер-ай, тіпті ешбірі маған балаларын да иіскеткен емес қой. Мен жақындасам-ақ бітті, жылан көргендей жиырылып: «Өй, Ғұмыр, сен балаларға жақындамашы. Олар сенің түріңнен қорқады», — деп сылтауратады. Олар менің жүрегімде керемет мейірім барын білмейді ғой. Менің сол мейіріммен аста-төк жақсы көре алатынымды сезінбейді ғой. Олар менің өзгелерден де мейірім аңсап тұратынымды қайдан білсін? Осыны басқаны қойып, қарсы алдымда отырған мына қызға қалай аңғарта алармын, а?!..» Ғұмыр Зейнеп жүзіне батылсыздау бір қарап алды.

Зейнеп өз ойымен өзі. Көзін бір нүктеге қадап алыпты. Жігіттің өзіне қарағанын ішкі түйсігімен аңғарып, сәл қозғалақтап қойды.

«Қызық болса да елестетіп көрейінші. Ғұмыр екеуміз көшеде қолтықтасып келе жатырмыз дейік. Гүлден алдымыздан қарсы ұшырасып қалсын. Мен аппақпын, Ғұмыр қап-қара. Ғұмыр дәу, мен кіп-кішкентаймын. Гүлден шыдап тұра алмас, шиқылдап күліп, ішін басып құлап түсер... Бірақ мен неге Гүлденнің пікірімен санасуға тиіспін? Оның өмірі өзінікі, менікі — өзімдікі. Күлсе күле берсін!»

Зейнеп өз ойынан шошып кетіп, бойын тіктеп алды. Мәс-саған, тіпті өзін Ғұмырдың жары сезініп кетіпті ғой! «Құдай сақтасын!» деді ол іштей. Сосын өзінің манағы ойына іштей күлді. Адамның басына қандай ой келіп-кетпейді десеңші.

Ғұмыр бірінші болып ешқашан тіл қатпайтын сияқты. Зейнеп осыны аңғарды. Іші де пысып барады. Апасы ұйықтап қалды ма екен? «Сыныптасымның туған күні болады. Асықпай келемін» деп айтып кеткен. Апасы мұны ешқашан бетінен қаққан емес. Барғысы келген жағына жібереді, алғысы келген нәрсені әпереді. Өз ғұмырының жартысын аурумен алысып өткерген соң, бар тілегі осы жалғызының үстінде. Өткенде қараптан-қарап отырып жылап жібергені. «Сен күйеуге кетсең менің күнім не болады, жаным? Мені жалғыз тастап кете барасың ғой» деп солқ-солқ жылап, біраз уақыт өз-өзіне келе алмай отырды. Зейнеп алғашқыда апасымен қосыла жылаған. Сосын апасының әлсіреп қалатынын сезді де: «Апа, қорықпаңыз, — деді жайдары қалпына әп-сәтте көшіп. — Мен мынау деген жігітке тұрмысқа шығамын. Сізді қолыма көшіріп аламын. Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда болады. Әдемілеп киіндіріп қоямын». Дерін десе де, апасының қабағы ашыла қоймағанын аңдап: «Қайдағы күйеу, апа? Сені қалай қиып кетемін жат үйге?» — дей салып, мойнына асыла кетті.

Зейнеп те басынан үлкен махаббат кешіріп көрген емес. Мектепте жүргенде өзінен екі жас үлкен жігітті ұнатушы еді. Бірақ онысын ешкімге айтқан жоқ. Ол жігіт институтқа түсті де, ауылға сирек келетін болды. Зейнеп оны біртүрлі сағынып жүретін. Біреу атын атай қалса да еміне құлақ төсеп, сол жайлы естігісі келе беретін. Кейін олардың үй іші қалаға көшіп кетті. Зейнеп бірте-бірте оны ұмыта бастады. Қазір оның атын естісе, бұрынғыдай алабұртпайды.

Бұл кезде түн де орталанып қалған еді. Жылжи-жылжи оңтүстікке жеткен айдың сәулесі терезеден еркін еніп, бөлме ішіндегі заттарды ажырата тану мүмкін бола бастаған. Қыз бен жігіт баяғысынша үнсіз. Бір-бірінің мұнда отырғанын ұмытып та кеткен сияқты.

Зейнептің ойын өлеусіреп шыққан ән сазы бөліп жіберді. Қайдан естігенін шамалай алмай, жан-жағына қарап еді. Әсел тәтесі отырған бөлме тып-тыныш сияқты. Зейнеп енді Ғұмыр жаққа құлағын төседі. Ғұмыр терезедегі пердені умаждай ұстап, сыртқа тесіліп қалыпты. Ән айтып отырған — сол! Сөзін ажыратып болар емес. Еріндері болар-болмас ашылып-жабылып, беріле әндетіп отыр.

Иә, Ғұмыр шынында да ән айтып отыр еді. Ол манағы ауыр ойдың бәрінен арылған. Бәрібір жеңгесінің бұл әрекетінен ештеңе шықпас. Не Зейнеп бастап сөйлер, не жеңгесі есік ашар, бірақ Ғұмыр осылай үнсіз отыра беруді дұрыс санады. Пердені ысыра сыртқа қарап отырып, әндетіп кеткенін өзі байқамай қалыпты. «Е-ей, ахау, сабаз! Ұшырдым ұясынан балапан қаз-ай...» деп сағынышы басым сазды төгілті-іп отыр. Өзіне Зейнептің қадала қалғанын байқар емес. Осы халық әні өзіне керемет ұнайды. Анда-санда көңілі қоңылтақсығанда айтатыны осы ән.

Зейнеп таң-тамаша болып қалды. «Мына кісі ән айтып отыр ғой әуелім. О, тоба, бұл кісі де ән айтады екен ғой! Мен жүрегі қара тас біреу ме десем... Өзі тіпті беріліп кетіпті». Зейнеп құлағын әнге төсей түсті. Сөзі естілмесе де, әуені біртүрлі жаныңды ерітетіндей мұңлы екен. Қыз қыбыр етпестен тыңдады.

Ән кенет үзілді. Ғұмыр орнынан дүр көтеріліп, терезеге қадала түсті. Түрін адам танығысыз. Жас баладай бірдеңеге еміне қарап, ләззат алып тұрғаны аян. Ол ошарыла бұрылып: «Қарындас, қараңызшы, қандай әдемі!» — деді сосын. Зейнеп терезеге үңілді.

Шілік өзенінің байырқалай аққан тұсында айдың бейнесі қонақтап тұр екен. Көктегісінен де әдемі. Судың жағаға асыққан толқындарымен дір-дір етіп, қорғансыз ғана мөлт-мөлт қозғалады...

... Ай сәулесі су бетінен көшкен уақытта Ғұмыр мен Зейнеп сөз байласып шыққан еді...



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру