Шежіре

 Шежіре

Шежіре арқылы біз халықтың этникалық құрылымы, шығу тегі, таралуы, тұтастығы жөнінде мол мағлұмат аламыз. «Шежіре» сөзі «сақтау», «ағаштың бұтағы» деген ұғымдарды білдіреді. Шежірешілдік көшпелі қоғам туғызған қажеттілік және көшпелілердің әдет-ғұрып, салт-санасының негізінде туған. Ел арасында өмір тарихын өте жақсы білген «шежіре адамдар» болған. Олар қазақтың ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрін, заңдарын, әдет-ғұрпын, ай-күн есептерін жақсы білген, небір аңыз-әпсана, жырларды жадында сақтаған. Қазақ тарихын зерттеуші ғалымдар негізгі дерек көзін шежіреден алады. Шежіренің ішінде аңыз бен шындық та, ертегі мен әпсана да, өнер мен ғылым да бар. Осы жағынан алғанда дәстүрлі Қазақ мәдениеті мен шежірені біртұтас қарастырамыз.Қазақтар өз бастауын Алаша ханнан алады. Алаша ханға байланысты айтылатын шежірелердің орны бөлек. Өз мемлекеттілігін танығысы келген халықтың осы Алаша ханға байланысты аңыздарға жүгінгені жөн. Кейінгі орта ғасырлардағы тарихи оқиғаларды, халықтың басынан өткен айшықты кезеңдерді Рашид ад-Дин, Әбілғазы Баһадүр, Өтеміс қажы, Мұхамед Хайдар еңбектерінен көруге болады. Қазақ елінің тарихын толықтыра түсетін бір дерек Махмуд Абдоллах пен Уәлидің «Зубдат ал-асрары» деген еңбегі. Мұнда қазақтардың орта ғасырлардағы көрші елдермен саяси қарым-қатынасы баяндалады. Бертін келе ХІХ ғасырдың соңында Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» деген кітабы, Ә.Бөкейхан сөзімен айтсақ, «қазақ шежіресінің тұңғышы» болды. Мұнда Шәкәрім халықтың өткен тарихын баяндаған. Халық ауыз әдебиетін жинауда М.Ж.Көпеевтің де еңбегі зор. С.Мұқанов: «М.Ж.Көпеев шежіресінің өзге шежірелерден ерекшелігі, ол әрбір аталарды баяндағанда, сол аталардың тұсында болған оқиғалар туралы ел аузында қалған ертегі-аңыздарды қоса айтады» деп жазады. Жарық көрген құнды шежірелердің бірі – Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамсасы». Шағатай тілінде жазылған бұл туындыда Қазақ елінің тарихы, әдет-ғұрпы, «қазақ» этнонимінің шығу тарихы, рулар жөнінде тың деректер кездеседі.

ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында Қазақ шежіресін жасауға Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, М.Сералин, М.Тынышбаев, Н.Наушабаев көп еңбек сіңірді. Шежірелік дәстүрді ХХ ғасырда Х.Арғынбаев, С.Толыбеков, С.Мұқанов, В.Востров, М.Мұқанов жалғастырды.

Қазақ шежіресінің өскелең ұрпақты ұлтын ұлықтауға тәрбиелеуде үлкен мәні бар.
Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру