Руханиятты һәм туризмді өткен тарихымыз арқылы өркендету мәселесі
Азамат болып, ат жалын тартып мінер шаққа жеткеннен соң осы сұрақ әрбіріміздің көкейімізде жүруі шарт. Жаһандық дәуірде жан-жағын жұлып жейтін алыптардың арасында тұрған егемен мелекетіміз үшін қызмет қылу – бұлжымайтын міндет. Ширек ғасырлық тәуелсіз тарихымыздың төңірегіне байыппен жіті назар салсаңыз, қарбалас қарекетті, тоқтаусыз тіршілікті, сәт сайынғы дамуды байқайсыз. Және жалғыз сала емес. Экономикалық өрлеу, саяси мәмілелер, шекаралық мәселелер, білімділік деңгейін арттыру...
Үстіміздегі жылдың басында, өздеріңізге аян, Елбасының «Егемен Қазақстан» үнпарағында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық руханиятты құлдық санадан азат етуді, тәуелсіз идеямен өркендетуді міндеттейді. Сындарлы саясат жүргізіп отырған Нұрсұлтан Әбішұлының бұл бағыты - тек жекелеген мемлекеттік ұйымдардың ғана емес, мұқым халықтың, дүйім бұқараның атсалысуға тиіс азаматтық парыздары.
Жалпы, Егемендіктің, бостандықтың ақ туы қолға тиіп, «абылайлаған» ұранымыз қайта жаңғырған тұста, щаппа-шап іске кіріскен басшылықтың алғашқы көздегендері – бейбіт бітімдер жасау, мемлекет төңірегіндегі саясатты тұрақтандыру болды. Сол «ес жиып, етек жинау» процесі жүріп жатқанда, біршама уақыт аталған процестен тыс қалған ұлт руханияты оңды бақылауда болмады. Тек, 90-жылдардың орта шенінен бері қарай түрлі бағдарламалар арқылы тарихи, әдеби-мәдени құндылықтарымызды дәріптеу жобалары қолға алына бастады.
Демек, білім алу жолында жүрген менің мақсатым да, сол алтын қордың топырақ астындағы қазынасын жаһанға паш ету болмақ. Орны толмас олқылық жоқ, туымыз жоғары тұрғанда кемшілік деп көргеніміздің түгелі кереметке айналарына мен сенемін және сол үшін аянбай қызмет етермін.
Қазақтың ұлан-ғайыр даласы – ұлттық тарихтың алтын көмбесі. Алтайдан Каспийге дейін, кешегі Бөкей Ордасының төңірегі, Сырдың бойы тұнған тарихи нысандар. Бетіндегі топырағын ашсаң дәуір-дәуірімен сөйлеп қоя береді. Көмбе дегенім де бекер емес, сол керемет құндылықтарың бірқатары ашылғанмен, көбісі қара топырақ астында көміліп жатыр. Неге осы көмбені жер бетіне қайта көтермеске? Атам заманда жел-суға мүжіліп кеткен қала жұртына телміріп отырғаннан пайда бар ма?
Қазақияның қай қиырында болмасын төбесі көк тіреген, қақпасынан керуен үзілмейтін, тіпті, су жүйесі мен сауда орталықтары бар қалалар болғаны анық. Неге сол шаһарларды топырақ жамылып жатқан күйінен айықтырып, қаз-қалпына келтірмеске? Неге осы құрылыстар арқылы ұлттық тарихты кең көлемде насихаттамасқа, үгіт жүргізу арқылы қабырғасы қайысып тұрған туризм саласын түземеске?
Тұран даланың оңтүстігінде Отырар, Сауран, Испиджаб, Тараз уағында қазақтың бас ордасы болған Сығанақ жатыр. Кезінде қала болғанын оқып, орнын картадан анықтамасаң, сол мұнаралы шаһарлардың орнында бүгінгі күні жермен-жексен болған жұрты ғана жатыр.
Ақ Орда мен Қыпшақ хандығының, Қазақ хандығының саяси-мәдени орталығы болған алып орданың бүгінде бес бұрышты төбешік қана болып жатқанына сенгің келмейді. Сөзім Сығанақ қаласы жайлы. Күніне 500 түйе сойып, одан жасалған кәуәптің түйірі де қалмай сатылып кететін дәурені, 10 гектарлық аумақтағы жанға жайлы тіршілігі көзден бұлбұл ұшқанына ел жаңаратындай уақыт өтті.
Ел жаңарды, етек қымталды, ұрпақ есін жиып, еншісін бөлектеді. Құлдық қамытын мойынға асынған кезеңді есептен шығарсақ та, одан бергі ширек ғасырдың төңірегін есептеу міндетіміз.
Ал ханның кіші ордасына айналған Сарайшықтың да беделі төмен емес. Империяға жақын орналасқан әрі көп зерттеушілердің қонысы болған қала туралы да пікір молынан кездеседі. Тіпті, Ибн-Баттутаның Сарайшық қаласындағы Алтын Орда ханы Өзбектің (1312-1342 жж.) алтын шатыры туралы мына жазбаларына қарасақ: «Шатыр — алтын жапырақшалармен керілген уықтардан тұрғызылған. Шатырдың ортасында алтын жалатылған тақ, тақтың аяқтары таза күмістен құйылып, үсті асыл тастармен әшекейленген» — дейді. Міне, осыдан-ақ қазақ халқының дәуірлеген кезеңін, "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" уағын анық байқауға болады.
Сығанақ қазақтікі, Отырар қазақтікі, Сарайшық та, Қойлық та, Сауран да, тіпті Түркістан мен Исфиджаб та өзіміздікі. Бірақ «біздікі, біздікі» деп кеуде соққаннан рухани һәм материалдық пайда көріп жатқан тұсымыз жоқ. Сол жер астында жатқан мол тарихи қазынаны жер үстіне көтеріп, өткен ғасырларда өркендеген, дәуірлеген шағындағыдай қалпына келтірсек, қос бағыттан көл-көсір кіріс болар еді.
Әлемдік тәжірибелерге сүйенсек, батыс пен шығыстың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған адуынды империялары көне жұртын жоқтатпаған, яғни, жаңа құрылыстарын, жаһандық дүние талабын қанағаттандыратын инфрақұрылымдарын тарихымен тікелей байланыстыратын тұстан өркендетіп отыр. Мысалы, Польшадағы Освенцим және Бухенвальд лагерлері, Римдегі амфитеатр, Треви фонтаны, Петр шіркеуі секілді нысандар сан мыңдаған жылдар бойы әлем жұртының назарын аударып, саяхатшылар қауымын еліктіріп келеді. Алысты қойып, көрші Өзбекстанға көз салсаң да төл мәдениеті мен тарихына аса қатаң көңіл бөлетінін аңғарасың.
Міне, осынау мәліметтерді ой елегінен сырғыта отырып, көп нәрсені арман қыласың һәм көз алдыңа елестетесің.
Алты ай жауға дес бермеген Отырарды бәз-баяғы күйіне келтіріп, құнттап, жаңғыру жолындағы жаңалық етіп көтеру – үздік құрылыс болар еді. Сауран мен Сарайшықты, хан ордасы Сығанақты мұнарасын көтеріп, биік дуалдарын қайта тұрғызсақ, келер ұрпақ игілігі үшін, бүгінгі мемлекеттің рухани гүлденуі үшін қосқан зор үлесіміз болмас па?
Иә, республиканың облыс, қала деңгейіндегі аймақтарының бәрі үздіксіз даму процесінде, күнделікті алға жылжу қарекеті жүріп жатыр. Алматы мен Астана, тіпті, Еуропаның алпауыт мегаполистерінен кем түспейді. Бірақ, жаһандық ілгерілеу көшінің шаңын жұтпаймыз деп алға ұмтылған сайын руханиятымыздың асыл қазынасы қалған ескі жұрт пен арамыз алшақтай бермек.
Ендеше, көштің соңында қаңырап қалған жетім жұрттай боп жатқан байырғы ордаларымызды қайта тірілту мақсатында әрекет етейік. Хандар отқан, қасиетті тақ тұрған төрімізді көтерейік. Қай жылдары бір ағылшын ғалымы жол түсіп, елімізге келіп, қайтар шағында:
-Бәрі тамаша! Бірақ Алматы мен Астана секілді қалалар бізде де бар. Маған ерекше ұнағаны – Түркістан,- деген екен.
Аралдан бастау алатын сұлу Сырдың бойы - оғыз бен түркі жұртының, бертінде бабаларымыздың бас ордасы болған қалалар шоғырланған өлке. Алтайдан Каспийге дейінгі аралық, Сырдария мен Жайық арасы, сонау Ертіс төңірегі дәуірлеген тұсында алып сауда орталықтарына айналған шаһарларға тұнып жатыр.
Түрік Стамбұлын, орыс Мәскеуі мен хандар ордасы Петерборын, өзбек Ташкентін сақтап отырғанда, біз де осы атаулы тарихи орындарымыздан қол үзбеуіміз шарт. Шахановтың:
«...Және туған тарихың,
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да», - деген өлеңінде де үңілсек біршама мағына бар. Қазақ қазақ болғалы абыройсыздыққа ұшыраған жоқ. Дау екеу, би жалғыз болған тұсымызда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп, «Малайсары асуында» қаптаған қытайды да жеңдік, Сарыбелдің төрінде шүршіттің қанын суша төктік. Қазақ батырларын қапияда қолға түсіріп, бастарынан «Кәллә мұнара» орнатқан қырғыздарды да Абылайдың ақырғы батыры Бердіқожа қан қақсатты. Айта берсек, көп-ақ. Қазақтың батырлығы басынан асады. Би екеу, дау төртеу болып, бет-бетімізге ыдырап, майдан даласында атаға бөлініп, таққа таласып, әскерін соңына ертіп кете беретін күн туғанда ғой, кәрі империяның құлдық қамыты титықтаған асаудың мойнына түскендей болып топ еткені.
Әлқисса, әңгіменің жалпы нобайы жоғарыда айтылғандай... Насихатталудан кенже қалып жүрген төл тарихымызды ірі құрылыстар арқылы көрсету – тек көргеніне ғана сенетін реалистік көзқарастағы бүгінгі күллі дүние жұртына жасаған жаңалығымыз, жаһандану, жаңғыру үдерісі қарсаңындағы ел мүддесіне қосқан сүбелі үлесіміз, ұлттың имиджін көтерудегі тамаша жобамыз болар еді.
Жалпы, қазақтың арғы-бергі тарихының терең сипаты бүгінгі күнге дейін қалай сақталды? Ел ауызындағы аңыз-әңгіме, бірлі-жарым кітаптар арқылы жетіп отыр тарихи мұраларымыз. Кей қалалардың толықтай тұрмыс-тіршілігі бейнеленген аңыздардың маңыздылығы өте зор. Тарихыңнан, түбір шежіреңнен сыр шертетін осындай аңыздарды әлеуметтік желіде болсын, телеэкраннан болсын, әйтеуір, насихатталу ауқымын кеңейту шарт. Сонда өткен бабаларымыз бен бүгінгі ұрпақтың арасында тарихи сабақтастық орнамақ.
Тіпті, қаншама ғасыр бойы шығыс пен батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының да қазақ даласындағы қала мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлесі зор. Оған алып керуен торабының көп бөлігі біздің даламыздың төсінде жатыр. Міне, ортағасырлық дәуірдің тамаша естеліктері мен мұрасы біздің уысымызды, оны жарыққа шығару да һәм біздік енші.
Мен Сырдария өзенінен бөлінетін Жаңадария өзенінің бойында дүниеге келгенмін. Кішкене күнімнен ауыл кітапханасын төңіректедім. Әбіш Кекілбаев мен Қабдеш Жұмаділовтің тарихи романдары менің санама өте үлкен әсерін берді. Оның үстіне, Аққолқа деп аталатын менің ауылымның тұсында, он шақты шақырым жерде оғыздың ордасы болған Жент қаласының жұрты жатты. Қаланың нобайы, қабырғалары жақсы сақталған. Аудандық, облыстық экспедиция ұйымдастырылып, оның мүшелері зерттеуге келгенде де еріп барып жүрдім. Бірақ үлкен қалалар аталған уақытта, осы Жент шаһары назардан тыс қалып отырады. Оған қаланың облыс орталығынан тым қашық, Қызылқұмға кіреберіс мүйісте жатқаны себеп пе, әлде экспедиция мүшелерінің немқұрайлы көзқарасы ма, әйтеуір неғайбыл жағдай..
Сонда, Женттің маңы толған ескі орындар, тіпті, екі адамның бас сүйегі де табылды. Осының бәрі зерттеймін деген ынталы адам үшін мол материал емес пе?
«Ортағасырлық Жент қаласымен көптеген тарихи оқиғалар байланысты. Олардың ішінде X ғасырдағы Жент қаласының аумағындағы селжұқтардың басшылығымен оғыз бен түрікмендердің бір бөлігінің көші-қонуы; Селжұқтардың Жанкент билеушісі Әли және оның ұлы Шах Мәлік пен селжұқтардың күресі; 1220 жылы Жошы хан бастаған моңғолдарың Жентті жаулап алып, қаланы өздерінің ордасына айналдыруы; Ходжент билеушісі Темір-Мәліктің моңғолдармен күресуін де Жент қаласының атауы кездеседі. Қала атауымен тұтас бір аймақ аталды, ал Арал теңізі Жент көлі деп аталды. Қызылқұм шөлі Жент шөлі деп аталған».
Бұл – 1946,1958,1961 жылдары Хорезм экспедициясын басқарып, аталған Жент қаласын тарихи энциклопедияларға енгізген С.С.Толстовтың пікірі. Үлкен тарихшылардың, басқа да әлем ғалымдарының оң көзқарасын иеленген ел мұрасының тасада қалуы – мені ең көп мазалайтын сауал.
Бабалар қаны төгілген топырақ, ерлікпен қорғаған әрбір шаршы метр жер киесін сезіну үшін, һәм келер ұрпақ санасын әлі күнге жалғасып келе жатқан құлдық идеясынан тазартып, есесіне өзіміздің ұлттық мүддемізді нығайту үшін нақты, әрі қарымды қадамдар жасамақ керек.
Иә, ағайын, мен ұлтым үшін тудым, ұлтым үшін қызмет етемін, қажет болса ұлтым үшін жаным да пида. Менің тарихтан алған әрбір тағылымым, әдебиеттен алған әр өсиетім ұлтым үшін жұмсалмақ.
Қабанбайдың он жеті жасында Өлжежырғалдың басын алғанындай ерлікке барар ма едім, Барақ бабамдай, сатқынға қылыш сермер ме едім, Хан Кенедей бабамның басын қорлағандарды аяусыз қырар ма едім, кім білген?
Кезінде Сыпатай сұмның кесірінен Хан Кене мен Наурызбай батыр қырғыз манаптарының қолына түседі. Мен де тұтқындағы Наурызбай бабамша:
«Иә, Жаманқара батырыңды жайратқан, Орманбегіңді ойрандаған, Сұлтанбегіңді сұлатқан, Қалпақ батырыңды Талпақ қылған қаһарлы қолым – осы»,- деп айбат төндірер ма едім, кім білген...
Бірақ, бабаларым қорғаған тұран даланың төсінде бүгінгі күні бейбітшілік орнаған. Демек, мен «істер ме едім» деген болжам батырлығымды басқаша көрсетуім шарт.
Менің батырлығым сол – бабалар мұрат еткен егемендігімнің қадіріне жету, бабалар ерлігін барынша насихаттау, туған жер мен ана тіл жолында күресу.
Әділет МӘДЕНИЕТ
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: мәселе, өркен, туризм, руханият, тарих, шығарма, эссе