Мемлекеттік тіл – ұлттық сапа негізі

 Мемлекеттік тіл – ұлттық сапа негізі

Хромтау ауданы Бөгетсай мектеп – гимназиясының
11-сынып оқушысы Нұралина Әсемгүл Абатқызы
Жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті: Байбактина Назгул Усеновна

Қазақ тілі – ғажап тіл.
Оның болашағы да ғажап.
Н.Ә.Назарбаев

Тіл қай елде, қай ұлтта болсын - қастерлі, қасиетті, құдіретті ұғым. Тіл әрбір адамға ана сүтімен беріледі. Ана сүтімен бойға сіңген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады.Тіл – халықтың рухани, мәдени сапалық, байлығының дамуының құралы.

Ана тілдің қасиеті, сапасы туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Адамның қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл – тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» - деген. Тіл байлығы - әрбір ұлттың мақтанышы. Бүкіл әлемге белгілі Шекспир шығармашылық өмірінде он үш мың сөз қолданған болса, ал өзіміздің қазақ халқының жазушысы ұлы Мұхтар Әуезов бір ғана «Абай жолы» романында он алты мың сөзді керек еткен. Міне, осыдан қазақ тілінің қасиетті де қастерлі, асыл тіл екенін ұғамыз. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев: «Ал екінші бақытым – тілім менің, Тас жүректі тіліммен тілімдедім. Кей-кейде дүниеден түңілсем де, Қасиетті тілімнен түңілмедім,»-деп жырласа, Мағжан Жұмабаев: «Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың, Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың. Алтын күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз, бабам тілі сен қалдың», - деп толғанады. Осы екі ақын да сол кездері тек тілдеріне ғана үміт артқан еді. Сол үміттің ар жағында бізге деген сенім де жатыр.

Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады.Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік», - деп ашына айтқаны ойға оралады. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағына қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Өкінішке қарай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Ата-ананы қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей. Әр азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.

Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр. Солардың бірі ана тіліміздің аударма тілі болып отырғандығы мені қатты алаңдатады. Қазақ тілінің жанашыры болған сатирик ақын Ш. Смаханұлының бір шумақ өлеңінде осындай жағдайды сипаттайды: Қазіргінің баласы, Көп білем деп көкиді. Әкесінің жазғанын, Аудармадан оқиды. Қазіргі шындық – осы.

Қорыта айтқанда, тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егемен ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түпқазығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті. Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл - ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз.

«Мемлекеттік тіл саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала келіп, енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн»- деп айтқандай менде осылай деп ой түйдім. Олай болса, ана тілімізді мәңгілік тіл етіп, сапасын көтеру өз қолымызда. Алға қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды. Ендеше Елбасы салған сара жолдан таймайық, елдігіміз бен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру