Туған өлкем – тұнған шежіре

 Туған өлкем – тұнған шежіре

Көгінде күн нұрын төккен,
Жерінде гүл жұпар сепкен.
Неткен сұлу, неткен көркем!
Осы менің туған өлкем!

Ө. Тұрманжанов

«Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?» – деп Ж.Аймауытов айтқандай, мен осы уақытқа дейін туған өлкемнен алыс кетіп, сағыныш сезімін басымнан кешіріп көрмеппін. Бірақ туған жеріме деген мақтаныш сезімім ерекше. Сол сезімнің жетегіне ере отырып, ұлттық-рухани тамырыма нәр берген туған өлкем Хромтау туралы сыр шертейін.

Біріншіден, жер қойнауы хром мен мысқа, мырыш пен никельге, қоңыр көмір мен басқа да қазба байлықтарға өте бай. Бүгінгі күні еліміз үшін аса маңызды үш ірі өндіріс орны – «Дөң» кен байыту комбинаты, «Восход-Ориел» ЖШС және «Ақтөбе мыс компаниясы» АҚ жұмыс жасайды. Жері ырысты Хромтау – астықты өңір. Егер біздің өңірге жолыңыз түссе, көктемнен күзге дейінгі дала бояуының сан түрге өзгергенін көріп, тұрғылықты халықтың ерен еңбегі мен ырысты несібесінің куәсі боласыз.

Екіншіден, Хромтау өңірі елін сүйген ерлерімен даңқты: Көріпкелдігімен аты шыққан Бекқұл әулиені, «жарты патша» деп дәріптелген, «алды кең, арты майса» Дербісәлі Беркімбаевты, жыр түндігін желпілдетіп жүріп кеңестік саясаттың құрбаны болған Әкімалы Қаржауовты, Затаевичке халқымыздың жеті әнін жаздырған Қуандық Жездібаевты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Құрманғали Оспановтарды дүниеге әкелген жер; Кеңес Одағының Батырлары В.Ф. Величко мен Л.П.Шиловскийді тәрбиелеген жер; Әскери қайраткер Ким Серікбаевтің кіндік қаны тамған киелі жер.

Үшіншіден, шежірелі өлкемде 350 млн. жыл бұрынғы карбон кезеңінің соңы мен пермь кезеңінің басындағы ежелгі жануарлар мен өсімдіктердің таңбалары сақталған Айдарлыаша қимасы бар. 1991 жылы әлем ғалымдары осы кезеңге байланысты барлық геологиялық қималарында экскурсиялар өткізді. Сонда Айдарлыаша қимасы – жердегі өмірдің дамуы туралы, карбон және пермь дәуірлерінен толық мағлұмат беретінін атап айтқан. 1996 жылы дүние жүзі халықтарының Қытайда өткен халықаралық геологиялық конгресінде «Айдарлыаша қимасы – карбон мен пермь кезеңдерінен сақталған теңдесі жоқ орын» деп танылған. Сонымен бірге, Азбартас деген табиғи ескерткіш бар. Азбартастың әрбір тасы қолмен қаланғандай. Ақтөбелік белгілі геолог Р.Сегедин:«Азбартас ашық аспан астындағы табиғи ескерткіш, мұндай ескерткіш басқа еш жерде қайталанбайды», – деп жазды. Ал оңтүстік-батысымызда Ойсылқара қорымы бар. Аңыз бойынша, Ойсылқара әулие Мұхаммед пайғамбардың сопылық таза хадисін уағыздап, жеті жұртты аралаған тақуа кісі екен. Әулие: «Түйемді бос жіберіңіздер, қай жерге барып шөксе, сол жерге сүйегім қойылсын», – деген талап қойған деседі.

Тұңғыш Елбасымыздың «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып көркеюіне жан теріңді сығып еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» – деген сөзін жадымда ұстай отырып, туған жеріммен тек мақтанып қойғым келмейді. Болашағымды осы туған өлкемнің ертеңгі жарқын өмірімен бірге елестетемін. Сондықтан елімнің саналы ұрпағы болуға ұмтылудамын.

Кұлан жортып, бөкен мекендеген иен далам да, аспанмен астасып, төбесін мұнар шалған тауым да, анамның аялы алақанындай маңдайымнан еркелете сипайтын самал желім де, көгілдір аспан мен алтын шапағатты күнім де менің өлкемнің осындай игілігі мол өңір екендігін растайды. Ал өзім М.Мақатаев жырлағандай:

Мына өлке, мына аймақ, бұл маңда

Құлшылық етемін тұрғанға,

Құлшылық етемін құмдарға,

Тағзым жасаймын қырларға!

Шүкірлік етемін қашанда,

Осы бір Отанда тұрғанға!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру