Адам болып туған соң ...

 Адам болып туған соң ...

Адамгершілік – ізгілікке бастар тура жол. Осы жолды келешек ұрпақ алдына мұраға қалдыру – қазіргі буын өкілдерінің басты міндеті. Бұл үрдіс ғасырдан ғасырға жалғаса бермек. Жалпы адамгершілік қасиетті бойына сіңірген жанның рухани байлығы жоғары дәрежеде болмақ. Бұл асыл қасиеттерге қарапайымдылық, сабырлылық, имандылық, мейірбандылық, т.б. ұғымдар жатады. Жан дүниенің саулығы – тән саулығы. Ішкі ой-санамызды қалыпқа келтірмей, сыртқы дүниемізді де түзей алмаймыз. Қазіргі қоғамның өзекті мәселелеріне осы рухани мәдениеттің, адамгершіліктің екінші рөлге ығысуын жатқызамыз. Бірінші сатыны не иемденді десек, ол материалдық құндылықтар. Турасында, адамгершілік құндылықтардан асып түсуге қазба-байлықтың да, мал-мүліктің де, жиған-терген дүниенің де еш хақы жоқ. Бұған дәлел ретінде Міржақып Дулатұлының «Адамның алдымен адам сипаты болуға тиіс» деген керемет сөзін мысалға келтірсек жеткілікті деп ойлаймын.
Ал, қоғамның негізгі бөлігін құраушы – жастар. Егемен еліміздің елеулі еңбектеріне басты атсалысушылар да осы жастар. Ендеше, жастардың адамгершілік тұрғысынан даму көрсеткішін саралап, осы бағыттың дамуына қарқынды еңбек ету – барлығымызға жүктелген міндет. Әр пенденің болмысында жастайынан отансүйгіштік, әдептілік, бауырмалдық, қайырымдылық нышандары қалыптасуы тиіс. Сонда ғана ел намысын қорғар ерен ерлеріміз көп болмақ.
«Тұлға» ретінде қалыптасу үшін бойға бар жақсыны сіңіру қажет. Кішкентайымызда ата-анамыз бізді «адам» қылмаққа талпынып, еңбек қылады. Осы еңбекті еш етпей, өзімізді жетілдіруіміз шарт. Ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыған ізгі қасиеттерді өмір жолымызда кездестірген әр түрлі қиындықтарға төтеп беру мақсатында пайдалана алсақ қана даму сатысынан құзға құлап түспейміз.
«Жақсы мінез бен ақыл күші біріксе – бұлар адамгершілік қасиеттер» деген Ыбырай Алтынсаринның көрнекті нақылы бар. Расында, көрікті мінез қалыптастыру мен ұшқыр ойдың, ақылдың тереңдігі – адамгершіліктің басты талабы. Және осы орайда қазақ балаларына арналған алғаш мектеп ашқан ғұламаның көксеген тағы бір арман-мақсаты – «Кел балалар, оқылық» деп ғылым-білімнің қажеттілігін айқын түсіндіруін айта кеткен жөн. Білімді адам ақылды да, көрнекті мінез иесі де, дара тұлға да бола алады. Себебі білім түбі көрінбейтін терең құдық секілді. Қаншалықты ізденімпаздықпен, талаптанып қазбаласаң, соншалықты тіршілік нәріне ие боласың.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, адам болып өмірге келгеннен кейін, адамгершілік танытып, білім алып, жақсылық атаулыны бойға жиып, жаныңдағыларға шуақ нұрын себумен өмірден өту – барша адамзат баласының парызы.
Өмірбек САЛАУАТҰЛЫ


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру