Тәуелсіздікке қол жеткізген жарқын күндер

 Тәуелсіздікке қол жеткізген жарқын күндер

Шерубаева Майра
11 сынып, №8орта мектеп Астана қаласы
Жетекшісі: Утепова Салиха Камбаровна

Тәуелсіздік! Біз тәуелсіздікке аталардың қаны, бабалардың арманы, ұрпақтардың сан ғасырлық күресінің арқасында жеттік. Қазақ қазақ болғалы қаншама жаугершілік пен қиыншылықты, қаншама қасірет пен қанды қырғынды, қаншама қара зұлмат пен тоқырауды басынан өткізді. Халақымыздың тарихына үңіліп, өткеннің естелігін таразыласақ менің халқымның көргенін, басынан кешіргенін ешбір халық көрмеген екен.
Жоңғардың шапқыншылығынан құтыламын деп Ресейдің қоластына паналағанда басқаға тәуелді боламын деп ойламаған еді. Қытай мен жоңғардан құтыламын деп Ресейдің отына түсерін аңғал халқым сезбей де қалды емес пе? Талай шұрайлы жері мен құнарлы өлкесін өзгеге беріп өзегі өртенсе де, сенімін жоғалтпады. Еркіндік үміті кешегі өткен Сырым, Махамбает, Кенесары сынды батырлардың көтерілісі кезінде жандана түсті. Бірақ бұл үкілеген үміт ұшқыны ер рухты батырлардың ажалы мен қазақтың қайғысын басынан кешіргенде жалыны өшкен оттай төмендеген кезеңдерді де өткізді.
Кеңес үкіметі орнаған жылдары қолына қалам алып күрескен қазақтың зиялылары Сәкен, Ілияс, Ахмет, Мағжан ағаларымыздың арманы да елімнің еркіндігі мен халқымның тәуелсіздігі үшін болған күрес емес пе еді?! Ұлтым деп еңіреген Алаш арыстары да, қазақтың азаттық, бостандығын жырлаған, кеңес үкіметінен көп нәрсені күткен ағалардың үміті де ақталмай кетті. Олар екі жолды таңдаса да, екі майданда күрессе де ,армандары бір, үміттері жалғыз-қазақтың еркіндігі еді.
Қазақ халқының кеудесіндегі оттың жалыны төмендегенмен, жүрегіндегі сенім ұшқыны өшпеген еді. Талай дауылды топандар мен қаралы қырғындардан аман қалған халықымның еркіндікке деген сенімі жоғалмады. Еңсесін көтеретін күнді асыға күтті, күресін тоқтатпады, сергелдеңге түссе де сенімін жоғалтпай, желтоқсанның ызғарында жас қыршын жауқазындарын үсікке шалдырып, аңырап қалған кезеңді көрді.
Міне, талай батырдың күресімен, талай ақынның жырларында жырланып, талай қазақтың қанымен жеткен Тәуелсіздікке 25 жыл болып отыр. Осы 25 жылдың ішінде еліміз жылдар бойы жетпеген жетістіктерге, шықпаған белестерге шықты. Еленбеген ерліктері ескеріліп, айтылмаған ойлар айтылды. Кезінде қазақ ұлтын КСРО деп қана таныған болса, енді Қазақстан деп танытып жүрміз. Еліміз дүниежүзілік қандай мәдениет, спорт,ғылым,әскери сайыстары мен жарыстарына бармасын алпауыт мемлекеттердің қатарында танылып келеді. Төрінде қазақтың ән ұранынын шырқатып, көгінде көк байрағын желбіреткен Қазақстанның қай ұлт өкілі болмасын, олар өздерін «Мен Тәуелсіз Қазақстанның перзентімін» деген сөздерді мақтанышпен айтқанын талай естіп келеміз.
Мемлекет басшылары мен шетелдік қонақтар Астана қаласына келіп, 25 жылдың ішінде Елордамыздың ғажайып қалаға айналғанын көріп, таңырқап жатқанын да естиміз. Сарыарқаның қақ төрінде орналасқан, тоғыз ай бораны мен бет қаратпас аязы толастамайтын Ақмола қаласын Еуразияның кіндігіне айналдырмақ болған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың да көрегендігін байқаймыз. Осы жылдар ішінде Елордаға әлемдік басшылар ғана емес, спорт майталмандары мен көркемөнер саңлақтары, түрлі ұлт өкілдері, білім сайысына қатысқан жоғары білім ордаларының студенттері мен мектеп оқушылары да келіп, қаламыздың көркіне тамсанып кетті. Кезінде бірен-саран ғана емені мен сексеуілі көрінетін алып қала қазіргі таңда жасыл белеске айналып, ақ қарға оранған шыршасының өзі өзгеше жасылданған, әр гүл алаңынан қазақтың өрнегі мен оюын көрген сайын кеудемізде өз елімізге деген мақтаныш сезімі ұлғая түседі.
2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО көрмесі де –Тәуелсіздігіміздің жемісі. Осы көрмеге қаламызға қаншама халық, қаншама шетелдіктер келеді. Кім білсін, біздің еліміз туралы естімеген әлі де елдер бар шығар. Елімізге келген қонақтар біздің мемлекетке келіп, біз туралы, қазақ халқы, Қазақстан мемлекеті , еліміздің қонақжайлылығы туралы әңгімелеген кезде олар да жер жүзінде осындай Тәуелсіз мемлекттің барын білетін болады.
Иә, елімізде әлі де істелінетін жұмыстар көп. Халқымыздың «Отызында орда бұзбаса, қырқында қамал алмайды» деген аталы сөзі бар емес пе? Ал менің елім осы 25 жылдың ішінде талай жетістіктерге жетіп отыр. Алдымызда істелінетін жұмыстар көп, жеңетін жеңістеріміз де алда. Оның бәрі біздің, яғни Тәуелсіз елдің ұрпақтарының еншісінде. Сондықтан тәуелсіздіктің туын жоғары желбірету үшін еңбек етіп, білім жолында талмай ізденіп, елімізді көркейте берейік ,Жас ұрпақ!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру