Тәуелсіздік-мақтанышым

 Тәуелсіздік-мақтанышым

Құрманәлі Маржан
10-сынып, ерекше дарынды балаларға арналған
мамандандырылған "Дарын "мектеп-интернаты,
Жамбыл облысы,Тараз қаласы
Жетекші:Айсаева Күләш Мұхтарқызы

Заманның жеңіп қатер-қауіптерін,
Бақытын еркіндіктен тауыпты елім.
Тербетем Тәуелсіз күн талбесігін,
Жаңбырдай маңдайымнан жауып терім.
Марфуға Айтқожа
Тәуелсіздік...рух пен жігерді,күш пен қайратты шыңдап,жүрекке жылу ұялататын бұл жалғыз ғана сөзде қандай құдірет бар десейші! Бұл-әрбір дала перзентінің көкірегін кернеген мақтанышпен айтатын сөз.
Осы сөзді естісем, бесінші сынып оқып жүрген кезім есіме түседі. Қазақ әдебиетінен сабақ беретін мұғалімім жаныма келіп:"Алда келе жатқан Тәуелсіздіктің 21 жылдық мерекесіне орай жас ақындардың арасында ақындар байқауы болғалы жатыр,біз де қатысайық,бағыңды сынап көр ",деген еді. Алайда 10 жастағы ойын баласының ойына не келеді... Үйіме барып, өлең жаза бастадым. Сенбейтін шығарсыз,бірақ сөз өздігінен төгіліп жатты. Біреу келіп сыбырлап тұрғандай болды. Осылай тәуелсіздік туралы 7 шумақ өлең туды. Бесінші сынып оқушысы үшін бұл қомақты дүние, әрине.
Бақ періште қонды менің басыма,
Сыр шертейін отыра ғой қасыма.
Тәуелсізбін!"Тәуелсіз" деп жар салам,
Ата-баба әруағының басына.
Тәуелділік аямады ұлдарын,
Аз болмады азап шеккен қыздарың.
Соқыр болып қалғаны жақсы емес пе ед,
Көргенінше,сұлап жатқан тарланын...
Осылай басталатын жырымды үлкен сахнада оқып болған соң,көзіме еріксіз жас келді. Сахна сыртында біраз жыладым,бірақ не себепті екенін ұққаным жоқ. 10 жасар ойын баласын тебірендіретін,көңілге қуаныш,көзге жас ұялататын бұл сөзде қандай күш,қандай ұлылық бар еді?!Мен соны бүгін ұққандаймын,ол -қуаныштың көз жасы еді. Маған бірінші дәрежелі Дипломды ұстатты. Бұл- менің алғашқы жетістігім.Содан бері бес жыл өтіпті. Бес жыл бұрынғы сынаққа қайта қатысуыма тура келді.Бұл жолы өлең емес,шығарма жазу сыбағасы бұйырды.Менің бес жылдың ішінде түсініктанымымның қаншалықты өскенін сараптайтын сәт туды.Мен қалың ой құшағындамын...
Біз,қазақтар,туылғанымыздан,болмысымыздан тәуелсіз халықпыз. Халқым дегенде, көз алдыма шалқар дала, қиқулаған аққу-қаз, айдын көл, жібектей толқыған ақ селеу, қоңыраулатқан бозторғай, хош иісті көк шалғын, отаротар қой мен үйір-үйір жылқы, қара домбырамның үнімен тербелген тәуелсіз аспанның астындағы "мың өліп мың тірілген "қалың қазағым елестейді. Ақ білектің күші,ақ найзаның ұшы-тірегіміз,жалынды жырлар-рухымыз,аттың үстінде өткізген күніміз,өткізген түніміз-күйреген жау қолы мен шабылған жау басының нәтижесі,бүгінгі тәуелсіздігіміздің діңі еді. Ендеше,"Тәуелсіздік-тәтті сөз емес,- деп Дүкенбай Досжан ағамыз айтқандай ,-ол- әр сайда,әр абақты қуысында домалап қалған қазақтың басы." Мен де қаламгердің ойын өз әлімше жалғастырдым: Ол-алаш деп түнемесі дөңбекшіген бабаларымыздың , ағаларымыздың төккен қаны...олапаларымыздың,әпкелеріміздің көрген қорлығы,жұлынған шашы, қанды жасы.Ол-халқымыздың ұлы уайымы, ұлы қасіреті...Осының бәрін біле тұра, мен қалайша елімді, жерімді, ұлтымды, халқымды сүймейін?! Елбасы айтқандай,"Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз,оны табанды түрде қорғап нығайтып , ұрпақтарға қалдыру қажет ." Мен бұл сөзбен толықтай келісемін,әрі осы жолда елдің ертеңі болар, біздер, жас ұрпақтар, келешегімізге үлкен сеніммен қарап,болшағымыздың жарқын болуы үшін қосар үлесіміз бар деп білемін. Тәуелсіздік-еліміздің тұғыры,бүгінге дейін жеткен ең үлкен жетістіктеріміздің бірі де бірегейі. Мен осыны ұқтым. Осы оймен көшеде серуендеп келе жатып тақтайша орындыққа келіп отырдым. Күздің суық желі бетті сипап,тоңдырады. Айналада күйбең тіршілігімен жүгіріп жүрген жандар көп.Тарих беттерінен оқыған осыдан отыз жыл бұрынғы ызғарлы күн есіме түсті. Бір-бір үйдің мақтанышы,еркесі болған қазақтың боз бала мен бойжеткендерінің басынан өткен желтоқсанның ызғарын бұл күнде бірі білсе,бірі білмейді...
Бір сәт алдымнан өтіп бара жатқан әке мен баланың әңгімесіне құлақ түрдім. -Әкешім,маған тәуелсіздік деген не екенін неге айтпадыңыздар?Бүгін апайым менен тәуелсіздік туралы сұрап еді,мен білмей қалдым.Сосын апайым өзі бәрін түсіндірді,-деп өкпелей сөйледі. Шынымды айтсам,не қуанарымды,не жыларымды білмедім."Тәрбие тал бесіктен " демеуші ме еді бабаларымыз. Тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа бала күнінен айтып,мұра қылып қалдыру керек екенін ұққандаймын . Жастайынан өзінің тегін,тарихын біліп өскен бала болашақта елі мен жерін сүйетін нағыз патриот болып өсері анық. Біздер, Мағжанның сенген жастары, ұлы Абайдай,жыр алыбы Жамбылдай, Шәкәрімдей, Сәкендей, Мұхтардай,Мұқағалидай ұлы дарындылар мекеніне, қазақ даласының қасиетті топырағына бас иеміз,батыр бабаларымыздың шашақты найзамен қызғыштай қорыған,ұрпағына аманат-мұра етіп қалдырған кең байтақ жерін Мәңгілік елге айналдырамыз!
Тәуелсіздік-қaсиетті бұл ұғым,
Тәуелсіздік-ұлы дaлa,ұлы күн.
Тәуелсіздік құт қондырғaн еліме,
Тәуелсіздік-менің мәңгі ғұмырым! -деген жыр жолдарымен шығармамды аяқтап, байқауға ұсындым.Бес жыл бұрынғы жетістік қайтадан қайталанса екен деген үміт оты оянды.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру