Жер бетінде бұзылмасын тыныштық!

 Жер бетінде бұзылмасын тыныштық!

Алданыш Шолпан
8 сынып,Ә.Марғұлан ат. орта мектеп,
Баянауыл ауданы
Жетекшісі: Ахметова А.К.

Отаным, еркелегем өзге кімге,
Өзіңмен нені болсын көргем бірге...
Қалайша қабырғама батпас менің
Басыңа қатер бұлты төнген күнде?
Ғ.Орманов.
«Отан отбасынан басталады» деген сөзде терең мағына жатыр. Себебі Отан мен ана деген егіз ұғым - адам өміріндегі ең басты қасиетті сөздер. Өз Отанына қызмет еткен, топырағынан қуат алып, асқақ армандарына құлаш созған ата-бабаларымыз дархан даланы келешек ұрпаққа мұра қылып қалдырған.Алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю- әр қазақтың міндеті және азаматтық борышы. Өйткені Отан деген тек өскен жерің ғана емес, ол-күнделікті отбасы, ошақ қасың, ауасын жұтып, суын ішіп, байлығын игілігіне жаратып, отырған кең-байтақ жерің, құрбықұрдастарың, ата-анаң, өмір сүріп жатқан туған елің. Қойнауы қазынаға, өрісі малға толы ырысты атамекенді қорғау, амандығын тілеу, ел болашағына жауаппен қарау, әрбір елім деген азаматтың перзенттік борышы.
Әр адам баласына туған күнінен жақын ең қымбат жан ана болса, есейген сайын «Отан, туған жер» деген ұғымдардың мәніне терең бойлап, үңіле бастайсың. Оны түсінген сайын, Отанның маңыздылығын сезінеді екенсің. Отанға деген ыстық сезімді өмір бойы адамдар жүрегінің бір түкпірінде сақтап жүреді.«Елдің көркі ерімен, Отан көркі жерімен» дегендей, ел басына қатер төнген жылдары кеудедегі шыбын жаны шыққанша жаумен жаға жыртысқан батыр аталарымыз аз емес. Олар -ең алдымен, ұлты үшін, халық үшін жанын құрбан еткен жандар.
Кешегі қатерлі 1941-1945 жылдары біздің қандас отандастарымыз өз Отанын қорғауда көрсеткен асқан ерліктері кейінгі ұрпақ -жастарға үлкен өнеге болғаны айдан анық.Сол бір отты жылдарда қан майдан алаңында атаәжелеріміз опат болды. Қажымас қайсар рухтың арқасында төгілген қан, қиыншылықпен өткен тозақпен тең төрт жыл бекер болмады.Өзіміз сол бір қиыншылықтарды көрмесек те, бізге сыйлаған зор бақытты бағалай блуіміз керек. «Соғыс» деген сөз –салмағы ауыр, қасіретке толы сөздердің бірі.1941 жылдың 22 маусымы –Ұлы Отан соғысының басталған уақыты -біздің тарихымыздағы ең қайғылы күн. Бұл күн- қаншама ұйып отырған отбасыларға қасірет жұтқызған күн.Елімізге орасан зор ауыртпалықтар әкелген Ұлы Отан соғысының от шарпуы тимеген шаңырақ жоқ шығар.
Ұлы Отан соғысының төрт жылы- 1418 күні мен түні - халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Бір күшке жиналған сан алуан ұлт өкілдері қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылып, өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жанын қиды... Отан үшін отқа түсіп, жанын қиған барша батырларымыздың өмірі –бүгінгі ұрпаққа өнеге болуға тиіс. Қанша жыл, қаншама уақыт өтсе де, атабабаларымыздың ештеңемен өлшенбес асқан ерлігін ұмытуға құқығымызжоқ. Мен үшін соғыстағы боздақтарымыздың ерлігі- кітаптан оқыған ертегі емес, себебі менің атам – Жанаков Алданыш, Ұлы Отан соғысына қатысып, соғыстың аяқталуына бір жыл қалғанда бір аяғынан айырылып оралған ардагер. Кішкентай кезімізде ағам екеуміз атамды көрген сайын балалық аңғалдықпен: «Аяғыңа не болды? Қалай айырылып қалдың?» деген орынсыз сұрақтарды қоя береді екенбіз. Сонда атам соғыс жайлы әңгіме қозғағысы келмей, «Мен жаман бала болған үшін, аяғымды алып қойды» -деп жауап береді екен. Әрине бұл -атамның біз,- кейінгі ұрпағы соғысты көрмек түгіл ондай сөзді естімей, ақылды бала болып өссін деген ниеті ғой . Мен оны кейін ғана ұға бастадым. Қазір атам өмірден озған. Мен үшін Отан үшін қаза болған батырлардың ерлігі жай аңыз-ертегі емес, көзбен көрген атамның өлшеусіз ерлігімен сабақтас.
Ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны, түсіндің бе, қарағым,Ол ақшаға сатқан жоқ, Тізеден кесіп аяғын...» деген өлең жолдарын оқыған сайын көзге жас, көкірекке қайғы оралады. Кейбір бала бұл өлеңді түсінбей, жеңіл қабылдайды. Ал мен үшін бұл жанымды жаралайтын жолдар. Менің атама арналғандай. Атам сияқты қаншама ер-азаматтар аяқ-қолдарынан айырылып келді.Шынында да елге қатер төнген сұрапыл соғыста атабабаларымыз өр кеуделерімен жауға қарсы шапты. Тарих қойнауына енген әрбір жыл бізді Ұлы Отан соғысының бірінші күніндегі оқиғалардан алыстатуда. Соғыста Жеңіске жеткен көптеген жауынгерлер өмірден озып, жыл сайын майданға қатысқан сарбаздардың саны қысқарып, қара тізім ұзарып барады. Сол сұрапыл соғыс заманын көзімен көрген куәгерлермен бірге тарихтың маңызды егжей-тегжейлі естеліктері де жоғалып бара жатқан сияқты.
Менің жұдырықтай жүрегімнен шыққан бар тілегім- Жер бетінде тыныштықтың бұзылмағаны, Отанға, елімізге қатер төнді дегенді естімеу. Біздің аталарымыз көрген зұлмат соғыс ешқашан болмасын. Бүгінгі мамыражай күндегі тіршілігіміз үшін баршамыз аға буын алдында қарыздармыз. Сол үшін де бейбіт өмір мен тыныш тіршілікті бағалай білуіміз қажет.Біз бабаларымыздың ерлігін ұмытпай, аманатқа қиянат жасамай, еліміз тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүру үшін аянбай тер төгуіміз керек. Отанға деген сүйіспеншілік – оған жанашырлықпен қарау, көркейтуге үлес қосу, халықтың тілі, діні, салт- дәстүрі, қалыптасқан мәдениеті, мемлекеттік рәміздері, шекара аумағы, атамекен секілді қастерлі ұғымдарын құрметтеу.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру