Ерліктің ғажап үлгісі

 Ерліктің ғажап үлгісі

Темірбаева Ақниет
10 сынып № 273 орта мектеп,
Байқоңыр қаласы
Жетекшісі: Баенов А.

Есімің белгісіз болса да,ерлігің сенің мәңгілік С.Михалковтың Мәскеудегі белгісіз батырларға арналған ескерткіштегі жазуы
Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 71 жыл өтті. Бұл- сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп,ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Ұлы Жеңіс күнінде елі мен жері үшін жанын пида еткен, туғантуысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді. Ұлы Отан соғысы халқымыздың басына төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін қан құйлы соғыс жүріп жатты. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халықтарымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті. Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірдебір үлкен шайқас болмады. Қазақ ел басына күн туғанда жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал – айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған қайсар жауынгерлеріміздің бірі – Бауыржан Момышұлы еді. Момышұлы айтқандай, Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысып, өз ұрпақтарының, өз халқының намысын қорғағаны өз халқын шын сүйетіндігінен болса керек. Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан аталарымыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Ержүрек батырдың кітаптарын оқып отырып,терең ойға қалам.
Отанға деген сүйіспеншілігінен, халқына деген махаббатынан, ұлттық биік рухынан қуат аламын. Бауыржан атаның қаламынан шыққан «Москва үшін шайқас», «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя» шығармаларын оқып шықтым. Оның шебер суреткерлігіне, адам психологиясын танып-білудегі сезімталдығына таң қаламын. Шығармаларындағы әр кейіпкер өзгеше бір әлем... Әр сөйлемде тұнып тұрған сыр жатыр. Бұларды оқып қана қоймай, жаттап, үлгі өнеге алуымыз керек. Оның бізге қалдырған мәңгілік өшпес, ғасырдан-ғасырға жетер мұралары үшін ұрпақтары мәңгі қарыздар. Бақытты болашақ, тәуелсіз ел – аңсаған арманы еді. Бүгінде батырдың арманы орындалып, ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі- халықтың бақ жұлдызы жанды. Батыр ата тағылымын зер сала оқып үйрену – бүгін де, ертең де келешек ұрпақ үлесінде. Ұлт болашағының негізін жасайтын жастар санасы өркениет деңгейіне сай болуы шарт. Осыны ойлаған кезде атаның: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әжелерінің азаюынан қорқам. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсең, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ»,– деген өсиеті ойға оралады. Бұл – үлкен алаңдаушылық. Өзін халықтан бөліп қарай алмайтын тұлғаның алаңы. Бұл үн бүгінгі дәуірмен де үндесіп жатыр. Бауыржан атамыздың осы бір сөздерін бүгінде пайғамбарлықпен қабылдау керек шығар. Бұл күнде, XXI ғасырда, жаһандану заманында, сол бір сұрапыл соғыстағы кеңес жауынгерлерінің көрсеткен ерлігі мен қасық қаны қалғанша ұрысқа түсіп, бастарын оққа тіккендері қалай бағалануда?! «Көзден алыстаса, көңілден де алыстайдының » кері емес пе бұл?! Тәуелсіз Қазақстан үшін дәл осылай туған елі үшін, атамекен жері үшін атқа қонар азаматтарымыз бар ма екен?! Нағыз патриот, нағыз елжандылық осындай қиын-қыстау шақта байқалмай ма?! Менің әке-шешем кеңес дәуіріндегі ардагерлердің орны жайлы үнемі айтып отырады.Өйткені сол Отанымыздың шаңырағын шайқалтпау үшін өлімге бастарын тікті емес пе?! Ал бүгінде, тәуелсіз Қазақстанда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, батырлары туралы қалай айтылады? Посткеңестік кейбір елдерде кешегі өткен алапат соғыстағы ерлік істерді әр түрлі қырынан қарап, саяси сәуле түсіріп, бүгінгі күнде адам түсіне бермейтін жайттар соңғы кезде теледидар бағдарламаларында, ғаламторда жиі айтылып жатады. Қазақстандықтардың да бұл соғыстағы ерлігіне бүгінде ешкімнің «күмән» келтіруіне құқы жоқ. Өйткені жиырмаға да толмаған, жас жеткіншектер, ағаларымыз, аталарымыз, бауырларымыз, ағайын- туыстарымыз мәңгіге кетіп, майдан даласынан оралмады.
Бірде-бір шаңырақты айналып өтпеді бұл соғыс! XX ғасырдың зұлматы еліміздің тарихында қайталанбаса екен деймін. Бүгінде жер шарының көптеген жерінде әр түрлі сипаттағы қырғын-қақтығыстарды көре тұрып, тәубе етемін. Көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаев бастаған ел ағалары осы жайттардың бәрін көріп біліп, сарабдал да салиқалы саясат жүргізіп келеді. Бүгінгі ұрпақ, мына біздер, осы саясатты, осы ұстанымды әрі қарай жалғастыруымыз керек! Тарихты білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Қазақ елінің тарихында Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Бұхарбай, Наурызбай, Жанқожа, Райымбек батырлар қандай орын алса, Ұлы Отан соғысының ардагерлері де дәл сондай ұлылық пен ұлықтауға,тағзым мен тағылымға ие. Өйткені қай батыр болмасын, өз заманының батыры, өз Отанының қорғаушысы. Сондықтан бүгінгі күні ардагерлердің ерлігіне күмәнмен қарап, не болмаса оларды көпе-көрнеу ұмытып, олардың азаттық, елдік рухына сәуле түсіретіндерге өз қарсылығымды білдіремін. Білдіріп қана қоймаймын, оларға тойтарыс беремін!
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылап сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар 80 мен жүздігімді,
Тарихтың түкпіріне сөз келгенде», – деп өзі айтқандай, 1990 жылы кеш те болса Бауыржан Момышұлына «Кеңестер Одағының Батыры» атағы берілді. «Бауыржан жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн» деп Елбасымыз батырдың халықпен бірге екендігін толғана, тебірене айтты.
Жеңіс күні – соғыстан оралмай қалған ерлеріміздің рухына бас иіп, арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне құрметпен қарап, олардың қайсарлықтары мен ерліктеріне тағзым ететін күн емес пе?! Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: « Ұлы Жеңіс – Қазақстан тарихының жарқын беттерінің бірі. Бұл қан майданда от кешкен соғыс ардагерлері мен сол жылдарда «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін» деп, жарғақ құлақтары жастыққа тимеген тыл ардагерлерінің мейрамы» деп атап өткен болатын. Табан ет, маңдай термен келген осы Ұлы Жеңіске қаруымен де, қаламымен де үлес қосқан, аты аңызға айналған қаһарман жазушыларымыздың бірі де бірегейі – Бауыржан Момышұлының қаһармандық рухы ұрпақтан ұрпаққа өнеге болады деп санаймын. Президентіміздің "Мәңгілік ел" идеясы дәл бүгінгі күні ел тарихы мен ел болашағы үшін ең қажетті идея десек те болады. Себебі қазақстандықтарды осындай аумалы-төкпелі заманда көп ұлтты жұртымызды бір тудың астына жинап, еліміздің алдыңғы қатарлы дамыған елдермен терезесі тең түсер дәрежеге жетуіне оң ықпалын тигізері сөзсіз. "Мәңгілік ел" идеясы мәдениеті, әдебиеті, өнері, ғылымы мен техникасы, әл-ауқаты жаһандану көшінен қалмай, әлемдік кеңістіктегі орнымызды ойып аларлық дәрежеге жеткізер идея деп түсінемін. Осы орайда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлік істері, қаһармандық қаракеттері "Мәңгілік ел" идеясының ажырамас бір бөлігі дер едім. Сондықтан да біз ұлы жеңісті ұлықтап өтеміз.
Бұл ұрпақтар сабақтастығы үшін ең құдіретті қару деп түсінемін. Кеңес үкіметі кезінде жеңіс мерекесін қалай тойласа,Тәуелсіз Қазақстанда солай мерекеленуі керек деп санаймын. Көп ұлтты Қазақстан елінің азаттығы, жұртының амандығы, шекарасының бүтіндігі үшін тарихи бұл Ұлы жеңістің алатын орны ерекше деп ойлаймын.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру