Қайсар жүректі солдаттарым

 Қайсар жүректі солдаттарым

Құлысбек Ақтолқын
9 сынып, Назарбаев Зияткерлік мектебі
Қызылорда қаласы
Жетекшісі: Ажибаева Ж.С.

1941 – 1945 жылдар барша қазақстандықтар үшін өкініш пен жұбанышқа, қайғы мен қасіретке толы кезең ретінде мәңгі есте қалады. Келешек ұрпақтың жарқын, тәуелсіз болашағы жолында аға – әпкелеріміз сұрапыл соғысқа қатысып, жанкешті ерлік көрсетті. Жеңіс туын желбіретіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру біздің батыр ағаларымыздың асыл арманы болатын. Жеңісті жақындатуда қаһармандық пен қайсарлық танытып, елжандылық пен елдіктің символына айналған ұлы бейне Бауыржан Момышұлы сұм соғыста еліне деген асқан сүйіспеншілігі мен жеріне деген шексіз құштарлығының арқасында жауға тойтарыс бере білді. 1941 жыл. Ызғарлы қыс. Түн. Волоколам тас жолы. Қарға омбыған бір топ әскер жер бауырлап, бір ізбен алға жылжып келеді. Осы әскерді үстіне қалың тоңды бүркене киген, мылтық асынған, сұсты командир басқарып тұр. Бұл жерде жаңа ғана қанды шайқас болып өтті. Анадай жерде қалпағын мұз басқан, кірпігін қыраудан аша алмай отырған сержант радио арқылы штабпен байланыса алмай жатыр. Қаһарлы қыстың әсерінен батальоннан 3 күн бұрын байланыс үзілген. Тіпті, «Батальон жау қолында қаза тапты» деген сыбыстар да ел арасында тарап кеткен. Анда – санда командир : « Бір солдат мың қолға татиды, берілмейміз! » - деп өз әскеріне рух беріп қояды. Солдаттар мұндай рухты сөздерді естігенде бойларына жылу барып, қандары тулап бір – бірлеріне қарап, «Біз жеңеміз!!!» дегендей болады. Бұл командир – Бауыржан Момышұлы. Бауыржан Момышұлының батальонды басқарып келе жатқанына 3 күн, 3 түн болды. Бауыржан Момышұлы бір сәтте қалың ойға шомып, кері шегінудің жоспарын құра бастайды. «Эх, мына соғыс тым ұзаққа созылып кетті.
Менің басқарып отырған батальоным ең бірінші және Панфиловтың зор үміт пен жеңіс күтіп отырған ротасы. Мен, батальон командирі ретінде қол астымдағы жандарын шүберекке түйіп отырған солдаттардың өміріне жауаптымын. Қайтсем де әскерімді дін аман елге апаруым керек. Ол үшін ең бірінші маған сәтті әрі іске асатын мықты жоспар қажет. Жауымыз туралы тың әрі сенімді деректерді жеткізетін қырағы көз, арыстандай батыл 15 солдатты барлаушы ретінде алдыңғы шепке қоюым керек. Жау көзіне түспес үшін жарғанаттай түнделетіп жүріп, қалың тоғайды қарда Омбыға жүруге тиіспіз. Жолбарыстай қайратты әскерімді күндіз қарағайлы орманда тынықтарсам, олар біраз көз шырымын алар еді. Бұл жоспарым 2 күнде жүзеге асса, діттеген штабқа да жетіп қалармыз. » - деп ойланып отырған сәтте Бауыржанның жанына солдат келіп жылжу керектігін айтты. Ол бар әскерге аюдай ақырған дауыспен бұйрық беріп, сол сәтте – ақ 15 солдатты бөліп былай деді: «Қырандарым, сұңқарларым! Сендерді қырандай көзді, қабыландай қырағы деп алдыңғы шепке жіберіп отырмын. Білемін, ажал құшағына өзім тастағандай болып тұрмын. Бірақ, барлаушы әскерсіз біздің алға жылжуымыз екі талай. Сол үшін сендердің көмектеріңе жүгініп отырмын. Бар үмітім сендерде.
Қайсар жүректі солдаттарым!!! Мен сендерді бұл жерден ата – ана, балаларыңа, асыл жұбайларыңа есен - аман, шаштарыңнан бір тал қыл түсірмей жеткізуге уәде беремін. Уәдемді бұзбауға да ант етемін. Тек менің артымнан еш күмәнсіз сенімділікпен ерсеңдер болғаны. Қалғаны менің жұмысым ». Осылай Бауыржан өз сөзін аяқтап, әскердің мұңды көңіліне жылу ұялатқандай болды. Бұдан кейін солдаттар ақырындап қарға жата кетіп, тоғайды кішкентай сәби секілді еңбектеп артқа қалды. 2 күн, 2 түн өтті. Болаттай шыдамды әскер 2 күн ішінде Новлянск және Ивановск ауылдарының арасынан шықты. Бауыржанның батальонын өлдіге санап жүрген Панфилов Бауыржанды бауыры келгендей ыстық жаспен құшақ жая қарсы алды. Панфилов көзінің жасын сүртпестен Бауыржанға қарап «Жарайсың, сұңқарым!» - деді. 1941 жыл 5 желтоқсан. Қанды шайқас. Даусы жер жаратын зеңбіректердің оқтары ерсілі – қарсылы ұшып жатыр. Бауыржанның қолында мылтық. Бар даусымен айқайлап оқтарды бытыратып атып жатыр. Бір сәтте ол жерге сылқ ете түсті. Солдаттар оны дереу тұрғызып жағдайын сұрап еді Бауыржан «Орындарыңды бос қалдырмаңдар. Менде бәрі дұрыс. Мылтықтарыңды қолдарыңа алып атындар, барыңдар » - деді. Әскер тез естерін жиып орындарына барып шайқасты, мылтық, зеңбірек даусымен одан әрі өршіте, жаңғыртып жіберді. Бауыржан орнынан тұрып қараса жейдесінен қан сорғалап ағып жатыр екен. Ол қанап жатқан жерді жерде жатқан лас шүберекпен буа салып мылтықты қайта қолына алды. Мұны байқап қалған лейтенант Бауыржанның жанына жетіп келіп, жара орнын қарап : - Бауеке, оқ омыртқаңызға тиіпті. Бұлай сіз соғысты жалғастыра алмайсыз. Тездетіп госпитальға барыңыз, оқты дереу алып тастау керек. Бауыржан оған сұсты қасқырдай кекті көздерімен қарады да: - Орныңа бар. Маған ештеңе де болмайды. Омыртқамды оқ емес жәй тас жаралаған ғой. Ештеңе етпес. Лейтенант:
- Мен бұған жол бере алмаймын. Сізден айрылсақ, бізді, солдаттарды кім басқарады? Өзіңіз «соғысты дін аман бітіреміз» деп ант бергенсіз, сол антты қайткенде де орындауыңыз керек. Бауыржан Момышұлы лейтенант сөзін жерге қалдырмай, санбатқа барады. Санбаттағы дәрігерлер Бауыржанды госпитальға жеткізу керек оқты қазір ала алмаймыз дегенде Бауыржан белбеуіндегі тапаншаны суырып алып «Госпитальға барып жүруге уақытым жоқ. Оқты дәл қазір, дәл осы жерде аласың» деп тапаншаны дәрігердің маңдайына тақады. Дәрігер қорқып кетіп, оқты залалсыздандырып денесінен алып тастап, жара орнын буып қалдырады. Дәрігер біраз жатып демалу керек екенін айтқанда Бауыржан оған кекті көзімен қарап, орнынан атып тұрып тонын киіп, мылтыған қолына алып соғыс алаңына қайта кетеді. Бауыржан Момышұлының тағы бір осы ерен ерлігі Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабына арқау болды. Бауыржан атамыздың мұндай ерліктері еш кетпепті. Ол «Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.
Сұм соғыс әрбір қазақ баласының ардағы саналған әкесі мен анасын алды, сұм соғыс ата – ананың бауыр еті балаларынан айырды. 1933 жылдағы ашаршылықты басынан кешірген қазақ елі 1941 жылы II дүниежүзілік соғысқа төзуге міндетті болды. Иә, 4 жылға созылған қанды шайқас жеңіспен аяқталды. Қазақ елі, қазақ жері, қазақ жұрты өз бостандығын ерлікпен, елжандылықпен жеңістің туын жоғары көтерді. Міне, сол жеңіске биыл 71 жыл. Қанша уақыт өтсе де, Жеңіс жолында барша қазақстандықтардың жасаған ұлы еңбектері өшпек емес!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру