Ерлікке бас иеміз

 Ерлікке бас иеміз

Бейсенбаева Мадина
7 сынып, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебі
Қостанай облысы, Аманкелді ауданы
Жетекшісі: Нұрмұханбетова Алмагүл Қанапияқызы

Міне, қазақ халқының еркін өмір сүріп жатқанына аттай жиырма бес жыл. Осы аз уақыттың ішінде Қазақстан біршама жетістіктерге қол жеткізді,қаншама игілікті істер атқарылып жатыр. Осының бәрі Елбасымыз Н.Ә Назарбаевтың көреген саясатының арқасында деп білем. Сонымен қатар, бізге еркіндіктің туын аманат еткен, яғни қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізуі үшін жан алып, қан беріскен ата-бабаларымыздың, аға-әпкелеріміздің ерліктерін айтпай кету мүмкін емес. 1941 жылдың 22 маусымы. Бұл күнді көрмесек те, өзіміз оқып жүрген кітаптар мен күнделікті ақпарат көздері куә. Барша әлемді дүр сілкіндірген осындай соғыста, жас жауынгерлер-басты қуатты күш болатындығы баршамызға аян. Қыршыннан қиылған қаншама жауынгерлер Отаны үшін жандарын беруге дайын болды. Жауынгерлер өз елі, жері үшін, халқы үшін жандарын пида етті. Отанды жаудан қорғап қалуға жандарын салды. Әлемді оқ пен отқа ораған бұл соғыста жеңіс туын ұстауға тырысты.
Отанына, халқына деген махаббаттары, қажымас қайрат-жігерлері, асқан ерліктері, жеңіске деген шексіз сенімдері әрбір Қазақстан азаматтарының бойынан көріне білді. Мұның бәрі әр жанұяда жастайынан патриоттық сезімге баулып, тәрбие бергендіктің арқасы деп ойлаймын. Осы қанды соғыста жан алысып, жан беріскен, Отанының жолында жанын құрбан еткен ерлердің ерлік істері халық жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз. Өткен күндерге көз тастасақ, Қызыл әскер қатарында болған қаншама біздің бабаларымыз өз Отанын қорғап, отаншылық, ерлік үлгілерін көрсеткен. Қазақтың қос жұлдызы пулеметші Әлия мен снайпер Мәншүк апаларымыз асқан ерліктерімен көзге түскені белгілі. Сонымен қатар Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев секілді батыр ағаларымыз елін, жерін қорғау үшін алдына жан салмады. Адамзат тарихында болмаған алапат соғыста бірлік, достық жолында жан қиған қазақ батырлары фашизмнен бүкіл адамзаттық азаттықты қорғап, ерекше ерлік көрсетті. Жүзге тарта қазақ қаһармандарына Кеңес Одағының Батыры деген абыройлы атақ берілді. Батырлықты батырлардың батыры Бауыржан Момышұлы бастады.
Қорған болған елінің елдігіне,
Батырлардың бас идік ерлігіне.
Ұрпақтары қаһарман бабалардың,
Тәуелсіздік қамалын көрді, міне!
Уақыт тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Ешбір уақыт ұзақтығы, мерзім межесі көмескіленіп, «көзден таса, көңілден ұмыт» қалдыра қоймайтын жылдар, оқиғалар болады. Сондықтан халық соғыс әкелген қайғы-қасіретті, миллиондаған адамның өмірін қиған сұрапыл соғысты ешқашан ұмыта алмасы анық. Ата-бабамыз сыйға тартқан бақытты өмірімізді қорғау- әрбір саналы азаматтың борышы. Әрқайсымыз еліміз бен жерімізді қастерлеп, оны шексіз сүюіміз үшін аянбай еңбек етіп, сабағымызды жақсы оқысақ - қоғамға қосар үлесіміз сол болмақ. Өз елін мақтан еткен азамат-халықтың ұлы, оның нағыз перзенті. Елін сүйген ерді халқы сүйіп, оны ардақтайды. Азамат болу-ел қамын ойлау деп түсінемін. Қазір біздің шекарамыз берік қолда. Оны қас қақпай күзетіп тұрған кешегі Жеңіс солдаттарының немерелері, шөберелері. Олар да аталарындай жігерлі, әкелеріндей өжет. Отанымыздың шырқын бұзғысы келетін қай жауға болса да тойтарыс бере алады. Менің ойымша, отаншылық-бұл елдікті, мемлекетті саналы түрде сезіну. Кез-келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, туған жеріне деген адалдық және азаматтық сезімдері –бәрі, бәрі қазақстандық отаншылдық деген ұғымның ішіне сияды. Отаншылдық деген кіршіксіз сезім әр адамның туған ауылынан басталады. Адам нағыз отаншыл болуы үшін, өз елінің, өз халқының тарихымен, бүгінгі жетістіктерімен мақтана білуі керек. Қазақстан-даласы дарқан, топырағы қасиетті, қойнауы қазыналы. Қазақстан-достықтың, бірлік пен татулықтың, байлық пен жайлы өмірдің мекені. Бұл мекенде аспанмен таласқан биік таулар, ұшы-қиырсыз далалар, тіпті теңіз деңгейінен төмен жатқан ойпаттар да бар. Ну ормандары, шалқар көлдері, сарқыраған өзендері-байлық көзі. Туған жер, атамекен әр адамның тағдырын құрайды. Тек одан барлық алғаныңды ардақтап, бал жинаған арадай, жүрегіңе құя білуің шарт. Жер шарының қай ендігі, қай белдеуінде жүрсем де қайта соғар сағынышымды басар темірқазығым-туған жер атты ұғым біреу. Өзге топырақ, өзге ауа, өзге суда оның орнын толтыра алмас. Сондықтан, күмбір-күмбір көне күй мен толғауы тоқсан жырларымызда:
«Ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады,
Атырауы-айшылық, Қаратауы-күңшілік»-деп толғайтыны.
Біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қасиет тұту-қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл бізге ана сүтінен дарыған. Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде ендік. Әлемдік қауымдастықтың көшіне жеке керуен болып қосылдық. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды көргенде, әуелеген Әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ сезім билейді. Мұны көру, сезіну де бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе? «Қанша ғасыр өмір сүрсе бұл қазақ, сонша ғасыр ұмтылды ғой елдікке»,деп Төле би бабамыз айтқандай, қазақ елі әрқашан да еркіндікке ұмтылған халық. Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әртүрлі этностардың да Отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.
Бізге, жас ұрпаққа, Мұқағали ағамыз:
Сендердікі қоғам, өмір, заман да,
Сан түзеген қалаң менен далаң да.
Болашақта барлығы да сендердікі, жас ұрпақ,
Сендерге аманат етіп табыстаймыз, қабыл алыңдар!-деп өлеңімен аманат қалдырды. Аманатқа қиянат жасауға болмайды, біз Мұғағали ағамызға: «Ақын аға, біз сенің есіміңді жер бетіне жар салар перзентіңбіз, болашақтағы сенер ұрпағыңбыз»-деп уәде береміз. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Қазақстанның болашағы, жастар, сендердің қолдарыңда»,-деген сөзі бізге, жастарға, үлкен жауапкершілік артады. Өмір майданындағы сенің сенімді қаруың тек білімің ғана. Білімің толық болса, санаң сергек, еңсең биік, мерейің үстем болмақ. Ешкімнен жасқанбайсың, тірі пенденің алдында кіріптар күй кешпейсің. Менің және менің құрдастарымның қосар үлесі-терең білім алып, мемлекеттік тілді жетік меңгеруі. Ұрпағы өз тілінде сөйлеген ұлттың рухы биік. Ғасырлар бойы армандап жеткен елдігімізге қорған болар отансүйгіш патриоттар көп болсын демекпін. Қорыта келгенде, Отаным-менің мақтанышым, абыройым. Еліміздің ұлан-байтақ жері, бейбітшілік сүйгіш халқы бүкіл әлемге танымал. Бар әлем біздің жеріміздің кеңдігіне, жер қойнауының байлығына, мекен ететін көпұлтты халқымыздың бірлігіне, тұп-тұнық таза көлдері, сарқыраған өзендері, көк тіреген алып таулары-мейірбан халқымыздың байлығы. Осындай бай халықтың ұлы жетістіктерге жетуі- біздің қолымызда!
Елдің елдігін, адамгершілік асыл қасиетін, халқымызды айдай әлемге жар салуда, жас буын, біз де үлес қосайық! Бізге жол сілтеуші жұлдызЕлбасымыздың бейбітшілік пен келісімде өмір сүру саясаты. Мен өз Президентіме сенемін! Отанымның жарқын болашағына, жасампаздығына сенемін!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру