Номерлі ата

 Номерлі ата

Сағын Рахима
6 сынып, Өтеген батыр атындағы орта мектеп,
Өтеген ауылы,Қордай ауданы, Жамбыл облысы
Жетекшісі: Аягөз Қалмаханова

...Соғыс деген суық сөз
Жүректі дір еткізер
Ойланатын келді кез
Тілекке не жеткізер...
Қадыр Мырзалиев
Тәтем қалада тұрады. Ауылға анда санда келгенде бізді, балаларды ертіп, ауыл сыртындағы Өтеген батырдың кесенесіне алып барады. Жаз айы аяқталып қалған кез болатын. Бабамыздың кесенесіне барып үш шақырымдық жолда жаяу келе жатқанбыз. Тәтем жол бойындағы бір қабірге тоқтап Құран аяттарын бағыштады, ойланып көп отырды. –Тәте бұл кісі кім? Ескерткіштің төменіндегі мына сандар қандай мағына береді, деп сұрадым. Сол кезде тәтем:- Тайыр ата соғыс басталғанда он сегізде екен. Ағаларынан қалмай соғысқа аттанады. Сталинград қаласын жаудан азат етуге қатысады. Кейін Белорусь майданына қосылады. Кеңес әскері Польшаның астанасы Варшава қаласына барғанда тұтқынға түсіп, қамалады.
Неміс фашистерінің түрмесінде отырған жерінен Освенцим концлагеріне алып кетеді. Нағыз тозақты сонда көрген болса керек ата. «Тірідей адамдарды үлкен пештерге лақтырғанын, иттердің балалардың етегінен тартып,тістелегенін көрдік қой. Концлагерге келгенде екі күннен соң мына санды білегімді күйдіріп жазды. 15777-бұл менің реттік саным. Кейін сол қолыма 74/2/113 деп жазды. Бұл менің концлагердегі орным. Қыстың аязды күндері жалаңаяқ, жалаң бас лагердің сыртын айнала жүгірткен кездерді есіме алғым келмейді, небір азапты балаларым көрмесін деп тілеймін. Жетіскен жоқпыз... Ерекше есімде қалған оқиғаны айтып берейін: Бірде біздің концлагерге Мұстафа Шоқайұлы келді. Соғысқа дейін ол кісі туралы газет-журналдар тек жағымсыз мәліметтер таратты ғой. Шын мәнінде олай емес екен. Бізбен үш рет кездесті. Өз мұңымызды айтып қалатынбыз әркез. Менен «Қай баласың? деп сұрады. Мен «Өтеген батырдың ұрпағымын» дегенімде батыр бабамды білетін болып шықты. Оның жоңғарларға қарсы қол бастап шыққандығын айтып берді. Мұстафа Шоқайұлының ойлаған ойы арманы бәрі бәрі ұлтына деген жанашырлықтан туған.
«Білім алыңдар, қызметке араласыңдар, осы жерде қалыңдар, завод фабрикаларға барып жұмыс істеңдер. Қазақстан кейін өз алдына автономия болып бөлініп шығады, сол кезде алып елге мықты мамандар керек болады», деп айтқаны ойымнан кетпейді. Біздің командиріміз Алексей Беленков «Мұстафа Шоқаев Отанын сатқан опасыз.Онымен ортақ әңгіме болмауы керек сендерде. Сендер қазақ емес, Кеңес азаматысыңдар! Келесі жолы сендерге жақын отырғанын көрсем жақсылық болмайтынын ескертемін» деп екі үш рет айтты. Қанша жерден жаман дегенімен қанымыз бір, қарға тамырлы қазақпыз ғой, Мұстафа ағаны өгейсіген жоқпыз. Ол кісі сонымызды сезсе керек. «Жеңгелерің пісірген бәліш, алыңдар, ауыз тиіңдер жігіттер», деп жылы- жұмсақты алып келіпті бізге. Әлемде болып жатқан соңғы жағдайлар, саяси күрес, экономикалық дағдарыс, білім ғылымның соғыс жағдайына қарамастан дамып жатқанын тілге тиек ететін. Кейін естідік Мұстафа Шоқайұлы немістердің құйтырқы саясатына ермей керісінше әрекет жасапты. Біздерді аман алып қалу үшін үгіт насихат жұмыстарын жүргізген. Алайда фашистер оны улап өлтірсе керек.
Оның қазасы туралы екі жылдай ешкімге хабарламаған. Біздің әрбіріміздің жүрегімізде Мұстафа Шоқайұлының өсиеттері жатталып қалды. Концлагерде екі жыл болдық, 1945 жылдың ақпанына қарай кеңес әскерилерінің көмегімен Освенцимді азат етті. Аурудан әбден қалжырап, әлсіздікке душар болғанымызға қарамады Кеңес өкіметі. Соғыстан кейін ел қатарлы ауылға бірден қайтпадық. Мәскеу түбіндегі абақтыда жарты жылдай отырдық. Елге келсем ауылдың жағдайы да мәз емес. Сосын білекті сыбанып жыл он екі ай бойы қойлы ауылда жүрдім. Үйлендім. Биенің қымызын ішіп әл жинаймын дегенім бекер шықты. Ақыры туберкулез болып ауруханаға түстім. Онда жатқан жерімде көктемде, наурыздың он алтысында сотқа шақыру қағазы келді. Екі айдай сот жүрді, ақыры Қордайдың үш азаматы соғыс жылдары немістердің концлагерінде отырды деген айыппен 20 жылға сотталып кете бардық. Краснояр өлкесінде түрмеде болдым. Бір күні ауылдан хат келді. «Тұңғыш ұлың дүниеге келді» деген сүйінші хабарға егіліп жыладым. Тұла бойы тұңғышымды көремін бе көрмеймін бе, деп ойға шомдым. Сегіз жылдан соң 1957 жылы толықтай босатты.
Бар айыпты алып тастады. Дегенмен жастық шағымды соғыс жалмады, түрмеде кетті қимас күндерім, ішім ашиды оған, балам...», деп Тайыр ата әңгімесін тәмамдады, деді тәтем. Айтпақшы, тәтем кейін Тайыр атаның айтуы бойынша Мұстафа Шоқайұлының қайраткерлігі туралы ғылыми жұмыс жазыпты. Тәтем сол жұмысты қорғаған күні Тайыр ата Алматыға барыпты. Қорғауы сәтті өткен екен. Республикалық басылымдар атаймен сұхбат құрып, телеарнадан репортаж көрсетіпті.
Ал мен сол бір зұлмат күндерді теледидардан танып, газет журналдардан оқығаным болмаса көзіммен көргенім жоқ. Олай болғанын қаламаймын. Ата әжелеріміздің бастарынан кешкен азаптарын ешкім де көрмесе екен деп тілеймін. Біз, жастардың ендігі міндетіміз ел мен жерге адал қызмет ету, білім алу. Білім арқылы біз елімізді әлемге танытамыз. Тәуелсіз Қазақстанымыздың аспаны бейбіт болғанын әрбір бала тілейді. Менің де тілегім сол!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру