Қыз емес, қызыл от боп жаратылған

 Қыз емес, қызыл от боп жаратылған

Мұратханова Жамалай
1-7- сынып, А.Құсайынов атындағы ОЖББ мектеп-балабақшасы, Бөкей ордасы ауданы БҚО
Жетекшісі: Амангелдіұлы Ерназар

Мен қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен жерлес болғанымды, бөкейлік болғанымды мақтан етемін. Мәншүк (Мәнсия) Жеңсікәліқызы Мәметова-қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры. Екінші дүниежүзілік соғыста осы жоғарғы атаққа ие болған шығыстан шыққан екі қыздың бірі. Алғашқы қазақ зиялыларының бірі А.Мәметовтың отбасында тәрбиеленген. Алматы медициналық институтында оқып жүріп, Кеңес армиясы қатарына өз өтініші бойынша алынған. Мәншүктің майданға өз еркімен аттануының бір себебі- халық жауы ретінде әкесін босату еді. Соғысқа өз еркімен келгенін, енді әкесін босатуын талап етіп И.Сталинге үш рет хат жазады. Алайда, Мәншүк бұл уақытта әкесінің атылып кеткендігін білген жоқ еді. 1942 жылы тамыз айында өзінің табандылығының арқасында Алматыда құрылған 100- атқыштар бригадасының құрамында майданға келген Мәншүк әуелі штабтағы хатшылық қызметте жұмыс істейді.
Ұрыс алаңына бір-ақ түсем деп ойлаған Мәншүк бұл жұмысқа қанағаттанбай, штаб бастығынан атқыштар бөлімшесіне ауыстыруын өтінеді. Оған рұқсат етілмеген соң 1943 жылы ақпан-шілде айларында табиғатында зерек қыз «максимді» меңгеріп алады. 1943 жылы қазан айында азат етілген ежелгі орыс қаласы Невельді қайтарып алуға тырысқан жау әскері қайта шабуылға шығады. Невель үшін кескілесе жүріп жатқан ұрысқа Мәншүк бригадасы да кіреді. 15 қазан күні олар алдымен Мәскеу-Ленинград темір жолы бойындағы Изочи станциясын басып алады. Алайда екі-үш есе күшті қаруланған жау біраз жауынгерлерді жойып жібереді. Пулеметшілер орналасқан төбешікте Мәншүк бір өзі қалады. Өзге пулеметтерді де іске қосып, бекініске таяп қалған қаптаған жауды жалғыз өзі жусата берді. Қорғанысқа көшкен жауынгерлер көп ұзамай-ақ үсті-үстіне гүрсілдеген бомба дауысын естіді. Мәншүк пулеметтері үнсіз қалды. Мәншүк «максимінің» үстіне қолын басқышқа созған күйі құлапты. Осылайша табанды, өршіл мінезді Мәншүк ерлікпен қаза тапты. Оның көзсіз ерлігі бүкіл әскерді, тыл еңбекшілерін табындырды, өжет қыздың қазасы күңірентті, сонымен қатар оның майдандас жауынгерлеріне ерен күш-жігер берді. 1944 жылы 5 наурызда батыр қызға КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы ресми түрде берілді.
Ержүрек қыздың майданға өз еркімен келуінің өзі бір ерлік болса, ауыр жараланып, қансыраған қаруласына қанын өткізіп, оны аман алып қалуы- Мәншүктің тағы бір ерлігі. Шығыстың қос жұлдызының бірі атанған, жадымызда мәңгі жастықтың, ерліктің иесі болып қалған Мәншүк бейнесі көз алдымызға жас та сұлу қалпында, мәңгі жас қалпында елестейді. Ғұмыры ерте қиылған, кейінгі ұрпақ суретінен ғана тамашалаған Мәншүк қыздың бейнесін сол сұрапыл жылдары жазушы Әзілхан Нұршайықов көріпті. Жазушы естелігіне көз жүгіртсек: «-Құрбылар,- деді Мәншүк бір кезде тоқтай қалып,- бәріміз қосылып қазақша ән шырқайықшы. Бұл жер біздің қаруымыздың дүрсілін ғана емес, халқымыздың әнін естісін. -Айтайық, Мәншүк. -Өзің баста, біз қосылайық,- деп оны қоршап тұра қалдық. Мәншүк арқасында келе жатқан автоматын сырғытып алдына шығарды. Домбыра пернесін қуалаған сияқтанып, стволдың сағағын нәзік саусақтарының ұшымен жып-жып еткізіп, басып-басып қойды. Содан соң саусақтарын сәнмен тарбита ұстап, сәл бөгелді де, автоматтың ағаш дүмін қағып-қағып жіберді. Мәншүктің қазақтың атақты әншілерінің кербез қылықтарын есімізге түсірген бұл ерке қимылына бәріміз мәз болып күлдік. Ол өзінің нәзік, сонымен бірге асқақ әуенімен «Қараторғайды» бастады. Алғашында жігіттер оған ілесе үн қосудың орнына сілтідей тынып қалды.
Бұл біздің соғысқа келгелі қазақ қызының аузынан естіген тұңғыш әніміз еді. Оның үстіне жасынан әнді сүйіп өскен Мәншүк мектепте, рабфакта оқығанда үнемі хор үйірмесін басқарыпты». Елге деген сағынышын әнге сыйғыза білген Мәншүктің жүрегі қандай нәзік, сезімі қандай сыршыл, ойы қандай Отаншыл еді. Тағы да Әзілхан ағамыз: «Мәншүктің сонда шырқаған әндері, айтқан сөздері, күлген күлкісі ұмытылмастай болып көкейімде қалды. Оның сүйріктей саусағын бізге, қасында келе жатқан жігіттерге кезек нұсқап: «Сен де, сен де менің құрдасымсың», деп жайраңдай күлгені, «Алматыны бір көрсем-ау!» деп күрсінгені, «Мен майданға сүйісу үшін емес, соғысу үшін келгенмін», деп қатулана қабақ шытқаны үнемі көз адымда жүреді. Ол маған өлмеген, әлі күнге дейін пулемет батальонының қасындағы кішкентай дөңнің үстінен жауынгер құрбылары мен ағалары кеткен жаққа кезек бұрылып қол сермеп тұрғандай боп көрінеді»,-дейді. Иә, шынында да, Мәншүк мәңгі тірі, ол сендер мен біздің құрбымыздай сезіледі. Суретіне қарап тұрып, осыншама табандылық пен қайсарлық, өжеттік пен батырлық Мәншүк бойына сыйып тұрғанына таң қалғандайсың. Батыр қыздың құрметіне Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облысының еңбекшілері «Мәншүк атындағы танк колоннасын» құру үшін қаражат жинап, оған жасалған 26 танк майданға жіберілді. Батырдың туған жерінде мемориалдық мұражай, Орда аулында, Орал қаласында мұражай ашылды.
Невель, Алматы, Орал қалаларында ескерткіш орнатылып, Алматыдағы 28- орта мектеп пен медицина институты алдына ескерткіш-тақта қойылған. Қазақстанның ақын-жазушылары Мәншүк Мәметова туралы көптеген өлең, поэмалар жазды. Ақын М.Хакімжанова «Мәншүк» поэмасын жазды. А.Михалков-Кончаловскийдің сценарийі бойынша режиссер М.Бегалин «Мәншүк туралы ән» атты көркем фильм түсірді. Туған жері Бөкей Ордасы ауданының орталығындағы Сайқын аулындағы орта мектепке, Орал қаласындағы № 30- мектепке Мәншүк Мәметованың есімі берілген. Жерлес ақын ағамыз Қадыр Мырза Әли Мәншүк апамызға арнап былайша жыр арнапты:
Қыз емес, қызыл от боп жаратылып,
Жауыңа жолбарыстай көр атылып!»-
Десек те, Жүрдің-ау сен Шинеліңнің
Шұбалған етегіне оратылп.
Сұраусыз сөз айтуға именетін
Сұлуға заман ба еді үйленетін!
Қолпылдап жүрді-ау сенің аяғыңда
Қос қабат шұлғау орап киген етік.
Танымас көре қалса дос түріңді-
Болдың-ау аттағандай дәстүріңді,
Көзіңе келген жасты қайда қойдың,
Түбінен қырыққанда қос бұрымды ?!
Қызындай Орал, Кавказ, Қырымыңның
Қыз едің қарапайым- бірі мыңның.
Төледі айыпты жау қанша ғұмыр
Құнына қос білектей бұрымыңның ?!
Етінен кесіп берер білем етті
Әулеті батыр елдің елең етті,
Қазақтың төпеп айтар термесіндей
Лекіте жөнелгенде пулеметті!
Өзің де оқ боран боп барасың ба?
Айналды жаудың алды борасынға.
Сөйлеттің бір емес, үш пулеметті,
Жүгіріп үш «Максимнің» арасында.
Ыңылдап өз тіліңде салдың да әнді,
Маңдайдан бір кез сүртіп алдың қанды...
Құшақтап пулеметті бауырыңдай
Тарихтың көз алдында қалдың мәңгі!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру