Мәңгі өшпес ерліктер

 Мәңгі өшпес ерліктер

Накупова Айдана
10 сынып «№7 ЖОББМ»КММ
Қарағанды облысы ,Сәтбаев қаласы
Жетекшісі: Нуридинова Бибалима Шариповна

Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті.
Бауыржан Момышұлы
Міне, қаншама азаматтар Отан үшін жан алысып, жан беріскен Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл болды. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз еңбек еткен жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көздері жасқа толып төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпай, әке орнына әке, аға орнына аға бола білген аналар, қыз – келіншектер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып, бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы Жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туғантуысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді еске салады.
Қазақ – ел басына қара бұлт үйірілген шақта жалғыз жанын шүберекке түйген жауынгер халық. Ұлан – байтақ даласының жаудың қол астына өтіп бара жатқанына намыстанып, қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған, осылайша майданда ерлік көрсеткен. Тіпті арыға бармай – ақ кешегі Ұлы Отан соғысының тарихына көз салсақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанын анық көреміз. «Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық» деп Бауыржан Момышұлы бастаған ел азаматтары ел үшін арпалысып, болмайтынды болдырып, жеңіп шықты, батыр атанды. Мәселен, осы Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанның 500-ден астам ұлы мен қызы «Кеңес Одағының Батыры» атағын алды. Олардың жүзден астамы «Даңқ» орденінің иегері атанды. Біз, бүгінгі ұрпақ, ештеңені ешқашан ұмытқан емеспіз және ұмытпаймыз да. Бүгінгі тәуелсіз еліміз үшін, сәулетті өмір үшін жанын пида етіп, кеудесін оққа тосқан, арамызда әлі де белгісіз болып келген ерлер есімін ел есінде қалдыру – бәріміздің азаматтық борышымыз. Қазір от – жалын кешіп, Отанды қорғаған майдангерлер қатары сиреп келеді. Осыны сезініп, арамызда жүрген соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіп, олардың қарттық кезеңді сергек өткізулеріне көңіл бөлу – баршамыздың борышымыз. Майдангерлер ерлігі – әрқашан сый – құрметке лайық. Жастық шағының шуақты кезеңін қан майданда өткізіп, жауды жеңіп, Жеңіс туын желбіретіп, одан кейін қаншама жылдар бойы бейбіт өмір жолымен жүріп бар ғұмырын таза, жігерлі, нәтижелі еңбекке арнаған ардагер ақсақалдар бүгінде саусақпен санарлықтай сиреп қалды.
Сондықтан мен де бірнеше майдангер аталарымыздың ерліктерін жазуға бел байладым. Себебі олар ердің ері ғана шыдайтын, жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері уақытша болса да тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті. Сол бір сұрапыл соғыс жылдары олар өздерінің Отанына, отандастарына, туған жеріне деген патриоттық сезімін даусыз дәлелдеді. Отан үшін от кешкен майдангерлеріміздің бірі Даутов Күнтуған 1906 жылы Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы, Қарсақбай жерінде қарапайым жұмысшы отбасында өмір есігін ашқан. Жастайынан тұрмыстың тауқыметін тартып өскен. Ата – анасы сол бір аласапыран шақтарда Есілдің бойындағы Атбасар жеріне қоныс тебеді. Сол өңірде әкесі, кейін бір жылдан соң шешесі өмірден өтеді. Үйінің тұңғышы Күнтуған ата үш інісі, бір қарындасымен жетім қалады. Әке – шешесінен көз жазып қалғанда ол небары он екі жаста болады. «Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші бұғанасы қатпаған бала бір орыс байының малын бағып күн көреді. Інілері мен қарындасын туған – туыстары қанатының астына алады. Біреуі балалар үйінде тәрбиеленеді. Екі жыл орыс байының малын баққан Күнтуған ата елге қайтқысы келіп, ойын қожайынына айтады. Орыс байы мейірімді кісі болса керек, әлде қаршадай баланы аяды ма екен, Күнтуған атаның қалтасына ақша салып, өзін киіндіріп, елге оралуына көмектесіп, шығарып салады. Елге аман – есен оралған Күнтуған бауырларын тауып алып, Қарсақбайдағы «Өрнек» колхозына жұмысқа тұрады. Жасы он алтыға жеткенде Қарсақбай мыс қорыту зауытында еңбек етеді. Майдангер ата жиырма бес жасында Көпей (Көпейбала) есімді бойжеткенмен қосылып шаңырақ құрады. Сөйтіп екеуі де «Өрнек» колхозына барып жұмысқа орналасады. Шаңырақтарында сәбидің іңгәләған үні шығады. Соғысқа дейін екеуі үш балалы болады. 1942 жылы маусым айында Күнтуған ата майданға аттанады. Сол кезде келіншегі алты жасар үлкен баласымен, алты айлық кіші үш баласымен қалады.
Күнтуған ата 1942 жылы 12 қарашада 3 ай дайындықтан өтіп, присяга қабылдайды. Жиырма алтыншы мото – стрелковый бригадада атқыш болады. Калмыцкие степи, Ростов на Дону, Таганрог қаласын, Украина, Кырым, Прибалтика жерлерін азат етуге қатысқан. Прибалтиканың «Шауляй» (Шавли» қаласын азат еткенде Сталиннің алғысын алады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «За победу над Германией» медалімен марапатталған. Адамзат жүрегіне жазылмас жара салған соғыста жеті мәрте дене жарақатын алған. 1943 жылы Украинада ауыр жарақат алған. Жарақаты жазылған соң соғысқа қайта кіріскен. 1945 жылы 25 қыркүйекте бұйрық шығып, қараша айында аман – есен елге оралады. Соғыстан соң «трудармия» дейтін соғыстан бұзылған қалаларды қалпына келтіру жұмысына шақырылып, алты ай болып келеді. 1958 жылы Целинаға қатысады. 1959 жылы «Төртінші» елді мекенінде үй салып, 1961 жылы құтты қара шаңырағына көшіп келеді. 1961 – 1966 жылдар аралығында №44 шахтада еңбек етеді. 1966 жылы зейнеткерлікке шыққан. Жары Көпей екеуі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жеті баланы тәрбиелеп өсірген.
Аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа қатысқан Күнтуған Даутов 1983 жылы қараша айында жетпістің жетеуіне келгенде дүниеден өтеді. Ел шетіне жау тиген шақта қолына қару алып, қан майданға аяқ басқан майдангер қашан да құрметке лайық.
Елі үшін отқа түскен ардагердің бірі Байтоғаев Нұрахмет 1921 жылы Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, «Бала Жезді» колхозында дүниеге келген. Ұлты қазақ. 1962 жылы Ұлытау ауданының №2 Қорғасын орта мектебінің толық курсын бітіреді. Отбасылы болып, он бір баланы зайыбы Байтугаева Шамшиямен тәрбиелеп өсіреді. Жары Байтугаева Шамшия тыл ардагері, соғыс жылдары қазіргі Сәтбаев қаласында «покро» кенішінде еңбек еткен. Еңбекқор ардагер өмірінің соңғы шақтарында Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде бас есепші болып еңбек етеді. Бұл қызметке келмес бұрын Ұлытау ауданында, Қарсақбай поселкесінде есепші қызметін атқарады. 1950 жылдан бастап партияның мүшесі болады.
1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы қайғы – қасірет әкелмеген бір де бір отбасы қалмады. Сұм соғыс Нұрахмет атаның да шаңырағын шайқады. Ол 1942 жылы 13 қаңтарда Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыста 114 атқыштар бригадасында, 106 атқыштар бригадасында пулеметчик болады. 1943 жылға дейін 95 атқыштар гвардиясында болып, жарақат алғаннан кейін 1944 жылдан 1946 жылдың маусым айына дейін 240 әскери тұтқындар лагерінде атқыш болып қызмет етеді. 1943 жылы 7 шілдеде 95 атқыштар гвардиясында жүріп, оң аяғынан ауыр жарақат алады. Бұл оқиға Рисев қаласында болады. Салқыны сан жылдарға созылған сұрапыл соғыста көрсеткен ерлігі үшін «За победу над Германией», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. 1946 жылы 15 маусымда Жоғарғы Советтің үкімімен соғыста елге оралады.
Жауынгер қаһармандығы мен Ұлы Жеңіске еселі еңбегі арқылы үлес қосқан майдангер Байтоғаев Нұрахмет 1979 жылы дүниеден өтеді. Ел басына күн туып, «ер етіктен су кешкен, ат ауыздықпен су ішкен» кезде батырлықтың сан үлігісін көрсеткен батыр әрқашан жадымызда сақталады. Фашистік Германияға қарсы шығып, елді азат еткен тағы бір ардагер Ембергенов Жұмабек 1917 жылы Қарағанды облысы, Қарсақпай поселкесінде дүниеге келді. Асқар тауы әкесі – Емберген (Иемберген), аяулы анасы – Бадиша-Дәдей Қыржігіт Қыпшақтың қызы. Ардагер отбасында бес ағайынды болған екен. Апасы – Жамал, інілері – Қорғанбек, Мұқанмедия, қарындасы – Зейпін.
Ембергенов Жұмабек 1941 жылдың он сегізінші шілдесінде Жезқазған военкоматынан әскер қатарына шақырылып, №30 стрелковый полкта әскери қызметін атқарған. 1942 жылы 14 сәуірде қиян – кескі ұрыс кезінде мина жарылысында оң қолынан жарақат алған. 1942 жылы 20 сәуірде қолына ампутация жасаған. 1942 жылы эвакогоспиталінде 6-20 шілде аралығында емделіп, әскердің учетынан шығарылған. Інісі Қорғанбек (1918 жылы туған) 1939 жылы әскерге шақырылған. Ақырғы хабар Хабаровский крайдың Комсомольск на Амуре қаласынан келген. Барлық жерге іздеу салынған, бірақ ешқандай хабар болмаған. Кейін 1943 жылы Эстонияда хабарсыз кеткені туралы мәлімет ғаламтор арқылы белгілі болған. 1418 күнге созылған соғыста ел үшін арпалысқан Ембергенов Жұмабектің ерлігі ұрпаққа үлгі. Қырғын соғыстың қиындықтары мен зұлматтарын көрген, Отан үшін майдан даласына барып, жеңістің таңын орнатуға үлес қосқан ардагер Исатаев Әбіш Ғаббасұлы 1923 жылы 15 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы, Сергеев облысы, «Зара» совхозында ауқатты отбасында дүниеге келген.
Отбасының тірегі әкесі – Исатаев Ғаббас 1938 жылдың құрбаны болған. Ол орта мектепте балаларды білім нәрімен сусындырған көзі ашық, сауатты адам болған. Ол кісінің балаларға білім беріп жүргенін көре алмаушылар «халық жауы» деп ұстатып жіберген. Содан бүкіл отбасы қуғын – сүргіннің құрбаны болған. Осы қуғын – сүргіннің салдарынан Әбіш Ғаббасұлы өзі сұранып 1941 жылы небары он сегіз жасында соғысқа аттанады. 1941 жылы 26 желтоқсаннан бастап атқыштар полкінде курсант болады. Харьковте, Гомельде атқыштар полкінде оқып, соғысқа аттанады. 1943 жылы 12 мамырда жараланғанына қарамай соғыстан қалмайды. Әбіш Ғаббасұлы Украина, Кировоград, Прибалтиканы, Еділ өзенін польшаға дейінгі аралықтарды неміс басқыншыларынан азат етеді. 1941 жылдан 1945 жылға дейін соғыста болған. Әбіш Ғаббасұлы 181 атқыштар полкінде болып, немістерге тойтарыс беріп отырған. Соғыстан аман – есен оралып, 1950 жылға дейін Украинада аэродром салуға көмектеседі.
1950 жылы еліне қайтып, Өскемендегі учетно – кредитный техникумға түсіп, ойдағыдай аяқтап, Жезді поселкесіне жолдамамен келеді. Сол жерде Балықбаева Төре есімді қызбен кездесіп отбасын құрады. Отбасында он бір баланы тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Өзі №31, №55 шахталарда еңбек етіп, құрметті демалысқа шығады. Әбіш Ғаббасұлы «Жуков» медалінің иегері. Соғыстың 50 жылдығында «Таврия» машинасын сыйға алады. Бүкіл әлемге аждаһадай төнген жаудың бетін қайтарып, мысын басқан жауынгер Әбіш Ғаббасұлынің ерлігі ел есінде мәңгі қалады.
Әр майдангер – бір-бір тарих. Кешегі қасіретті қырғын соғыс зардабын тартқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінен естелік алып қалсақ, ұрпаққа үлкен өнеге, мұра емес пе?! Ардагерлердің Отанға деген сүйіспеншілігін, өмірден көргені мен түйгенін қазіргі ұрпақ жадында ұстауға тиіс.
Мен бақытты, бейбіт өмірде тудым. Жас ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз еткен ардагерлердің алдында басымды иіп тағзым етемін. Жылдар өтер. Алайда соғыста ерлік көрсеткен ата – әжелеріміздің отаншыл рухы кейінгі ұрпаққа үлгі – өнеге болып қала береді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру