Жауынгер ата естеліктері

 Жауынгер ата естеліктері

Сакенова Саяжан
11 класс, №3 Қарауылкелді орта мектебі,
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы
Жетекші: Тынышбаева Лиза Жакиповна

1941 жылы маусым айында бейбіт жатқан ел шетіне жау тиді. Отанды жаудан қорғау үшін әкелер мен ағалар, жауқазындай жастар, қызғалдақтай құлпырған қыздар шүберекке жанын түйіп, майданға аттанды. Майдан даласынан елге оралғандар да, хат-хабарсыз кеткендер де болды. Иә, өлгендер қайтіп келмейді. Ал мен тілге тиек отырғалы отырған қарт жауынгер, жерлес ата Қожанов Айнағұл екі мәрте өлгендердердің тізіміне ілігіп, тірі қалады. Әке-шешесіне бірінде Айнағұлдың қаза болғаны, екіншісінде хабарсыз кеткендігі туралы қара қағаз тапсырылған. 1948 жылы елге қайтып оралғанға дейін екі бірдей қара қағаз алған ата-анасы, ағайын-туыс Айнағұл атаның не өлі, не тірі екенін біле алмай дал болған. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында біз Айнағұл атаға осы екі рет «өліп», тізімге іліну себептерін айтып берсеңіз деп қолқа салдық. - Шырақтарым, бұл өзі ұзақ әңгіме ғой» - деп ата бір күрсініп, әңгімесін бастап кетті. Біз бір әулеттен соғысқа тоғыз жігіт аттандық. Содан тірі оралған жалғыз мен. Майданда елің, жерің үшін жан пида, тіпті өзіңді ерлік көрсетуге міндетті санайсың. Он жеті жасымда қан майданды көрдім. Алғашқы соғыс қадамым бронетанк әскерінің Бас қолбасшысы Ротмистровтың жауға соққы беретін танк армиясынан басталды. Осы армияның жеке барлауға арналған мотоциклицстер полкінде бізге аса жауапты әскери тапсырмалар берілді. Полк жауынгерлерінің міндеті барынша құпия жолдармен жау тылынан өтіп, тірілей «тіл» және жаудың құпия құжаттарын әкелу болатын. Барлаушымыз десек те болады. Осындай маңызды тапсырмамен жаудың тылына жиі барып тұратынбыз. Бірде бес адам жауапты тапсырмамен жолға шықтық. Бұл 1943 жылдың 12 желтоқсаны еді. Біз 18 күнде өзімізге берілген тапсырманы орындап, әскери бөлімге қайтып келдік. Жау тылына кеткен 5 жауынгерден мен және Көшекбаев Төлеухан деген аталарың екеуміз ғана аман қалдық. Он сегіз күн бой бізден хабар ала алмаған соң полк басшылары бізді қаза болғандар тізіміне қосып, елге қара қағаз жіберіпті. Міне – бұл менің бірінші «өлгенім».
Содан соң екінші рет Кировоград облысында соғыс жүріп жатқан кезде жау тылына өтіп, 12 күнде аса қиыншылықпен оралғанымызда бізді хабар-ошарсыз кетті деп, елге қара қағаз жіберіліпті. Біз берілген тапсырманы абыроймен орындап келдік. Осы ерліктеріміз үшін бізге «За боевые заслуги», «За отвагу» медальдары тапсырылды.
Қарт жауынгер бұдан әрі Украйнадан өтіп, Молдавия арқылы румын жеріне табан тірейді. Танк армиясы жауды жайпап ілгері жылжиды. Баташанихэрлеу қаласын жаудан босатады. Осы жерде жауынгерлерге кендірден арқан есуге тапсырма беріледі. Өйткені Карпат тауынан саумалдап өту үшін арқан- жіп пайдалану әдісі қашаннан бар. Жауынгер Айнағұл арқан есу жөнінде екі полкқа нұсқаушы болып бекітіледі. Мен - деп ата, сөзін жалғастырды. Жас кезімде аналарымыздың өрмек тоқығанына, арқан ескендеріне зер сала қарайтынмын. Сондағы ұққандарым майданда маған кәдеге жарады. Біздің танк армиясын 1944 жылы теміржол вагондарына тиеп, Белоруссияға түсірді. Содан кейін біз Латвия, Литва жерлерін жаудан босаттық. Кенисберг қаласын азат ету де бізге берілген тапсырма еді, бірақ жері батпақты болып, техниканы ілгері бастырмады. Ата Шаулэй қаласында болған ұрыста сол жақ санына жарақат алып, екі бұғанасы оқтан сынып, госпитальға түседі. 45 күн емделгеннен кейін өз армиясына қосылып, жауынгерлік жолын әрі қарай жалғастырады. Бұл жолы трактор бөлімшесіне жіберіледі. Қуатты тракторлар шабуылға шыққан танкілер соңында жүріп, істен шыққандарын тылға алып шығады. Ата құрамында бар танк экипажында жауынгерлер қаза табады. Тіркеме арқылы танкті көшпелі зауытқа тапсырады. Танк армиясы осы жерден Германияның Кенисбернгтен шегінген жау кемелерін кейін жібермеу тапсырмасын орындайды. Осы жерде генерал Рахимовтың қаза болғандығы туралы суық хабар естиді. Қарт жауынгер соғыстың біткені туралы қуанышты хабарды Германия жерінде жүргенінде мамырдың 8-нен 9-на қараған түні естігенін былайша еске алады, «аспанда жарқылдақ оқ атылды, жауынгерлер қуаныштан бірін- бірі құттықтап, сүйіп жатты.» Ата 1946 жылы Мәскеудегі Таман дивизиясына жіберіледі. Үш рет Ұлы Жеңіс парадына қатысады. 1948 жылы елге аманесен оралады.
Жауынгер ата бейбіт өмірде де елі үшін аянбай қызмет етті. Байғанин ауданынан шалғайда орналасқан Оймауыт совхозында арнай жабдықталған шағын аэропортта қызмет атқарады. Алматы байлданыс және электро техникуымын бітіргеннен кейін Қарабұтақ /қазіргі Әйтеке би/ ауданында байланыс торабы бастығы болып, еліне абройлы қызмет етеді. Ол кезде тың совхоздарында байланыс рация арқылы болатын Телефон құру үшін жүздеген шақырым жерге бағаналар тұрғызылып, сым тартылу керек болатын. Міне осы ауыр жұмысқа да қарт жауынгер Айнағұл Қожановтың ұйымдастырушылық қабілеті мен темірдей тәртіпті талап етушілік қасиеті керек болды.
Айнағұл ата бүгінде көзі тірі. Өз еңбегінің зейнетін көріп отыр. КСРО–ның «Құрметті радист» деген атағы бар. Отбасында 7 баласы, 16 немересі, 3 шөбересі бар. Ұлы Жеңіс күні ата ұрпақтары қара шаңыраққа жиналып, қарт майдангерді құттықтап, оның ғұмырының ұзақ болуын тілейді. Немерелері атаның соғыстағы ерліктерін тыңдап, мақтан етеді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында «Байғанин ауданының Естелік кітабы» жарық көрді. Сол кітапта көзі тірі қалған санаулы жауынгер қатарында менің кейіпкерім Айнағұл ата да орын алды. Соғыста жеңімпаз атанған аталар, еңбек майданында да алғы шепте бола біліп, сол арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде майдангерлердің көбі бақилық болып кетті. Ұлы отан соғысының басталғанына 75 жыл және Ұлы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында еліміздің бостандығы мен намысын сақтап қалған, дүниежүзін фашизмнің қанды тырнағынан құтқарған, ата жаумен кескілескен шайқаста жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсеткен жандар есімі ешқашан ұмытылмайды.
Уақыт өткен сайын сонау сұрапыл қырқыншы жылдар оқиғасы тарих қойнауына еніп, оған қатысушылар саны азайып бара жатыр..Ендігі біздің парызымыз- ардагерлерді қамқорлыққа бөлеу. Қазақстандықтар елімізді кеудесімен жауып, дүниені фашизмнен сақтап қалған аға ұрпақтың ерлігін ұлықтап, ғасырдан- ғасырға жеткізеді. Ардагерлеріміздің қаһармандықтарына лайық болуға ұмытылып оған бас иеміз.
Жылдар жылжып өткенмен халықтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Себебі соғыс ардагерлері адам айтқысыз ауыр соғыста қиян- кескі ұрыстарға төтеп беріп ғана қоймай, қанқұйлы фашизмді күйретті, адамзатты фашизм құлдығынан сақтап қалды.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру