Отан неден басталады?

 Отан неден басталады?

Сарбасова Маржан
11 сынып, «Төле би» атындағы №8 гимназиясы
Тараз қаласы
Жетекшісі Ахтамбердиева А.Е.

Мен бұл шығармамды болашаққа хат деп атар едім. Олай дейтін себебім, менің болашағым Отанымның тағдырымен тамырлас болады. Жас та болсам, Отан деп соққан жүрегім мені тынымсыз ізденуге, оқуға, еңбектенуге шақырады. Әрбір жетістігім Отанымның гүлденуіне қосылған үлес секілді.
Алғаш дүние есігін ашқанда анам мені құшағына қысып, емірене сүйіп, Отанымның ыстық демін дарытты.
Аялаған әкешім мені ең бір сұлу да сүйкімді әлди деп алақанына алып: «Отанымның болашағы өзіңсің, қазақ деген дарқан халықтың қалаулы да аяулы қызы бол,» - деп шаттана қуанды, ақ батасын берді.
Балалық шағымның еркелік деп аталатын шағы әжемнің қызық ертегісінен басталып, атамның ғажайып тарихымыз туралы әңгімелерімен бірте-бірте есейткенін қазір ғана ұғынып отырғандаймын.
Қалаға келіп, мектеп есігін ашқанда, алғашқы ұстазым «Отан неден басталады?» деп сұрағаны әлі есімде. Біз алғаш рет Отан деген сөзді әліппеден оқыдық, оның ұлан-ғайыр Қазақстан жері екенін бүлдіршін жүрегімізбен сезіндік. Біздің санамызға Отан деген ұлы ұғымның отбасынан, достарымыз бен туыстарымыздың ыстық ықыласынан, туған ауыл мен туған өлкенің қара топырағынан басталатынын ұғындырған алғашқы ұстазым – екінші анам сияқты қымбат әрі ыстық.
Қазір мен тағы да осы сұрақ жайлы ойланып отырмын. Ойланған сайын Отан – ананың алдында орындайтын парызымның қасиетті екенін ұғына түскендеймін.
Шынында да, Отан неден басталады?
Ата-ананың ыстық мейірі мен аялы алақанын ба?
Әлде ата-әжемнің өнегелі ертегісінен, ақ тілеулі батасынан ба?
Туған аула мен көшеден, туған ауылым мен өсіп, есейіп жатқан қаламнан ба? Мен үшін Отан қазақтың көсіліп жатқан кең даласынан, басын мәңгілік қар басқан Алатауынан, көктемде құлпырып, гүл жамылған, күзде ырысы мен табысы шалқыған сары даласынан, мәуелі жемістерге толы бау-бақшасынан, қысқы аязы адам бойын сергітіп шымырлататын, ақ көрпеге оранған Сарыарқадан, осында өмір сүріп жатқан қазақ деген қасиетті халықтан, қысқасын айтқанда, бәрінен, бәрінен де басталады. Отан қимас достан, уәдеге берік жардан, бір сөзбен айтқанда сенің тағдырыңнан басталады.
Отан деген ұғымды түсіну үшін, осының барлығын да бала кезден көкірекке сыйғызып, өзімдікі деп сезінуің керек. Өз Отаныңның суы да тәтті, ауасы да мөлдір, табиғаты да тамаша. Осының барлығын да сезіне білсең, Отанынды ата-анаңдай сүйсең, бұл сүйіспеншілік адамның бойына қуат береді. Елбасымыз айтқандай, әрбір адам бала кезінен «Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн».
Мен жаспын, небәрі он жетідемін. Әйтсе де, мен өз тағдырымды Отанымның тынысымен терең байланыстырмаққа бел будым. Халықаралық құқық мамандығын таңдай отырып, Отанымның мүддесін халықаралық деңгейде қорғап өтуге бел будым.
Оған дайындығым күнделікті іске асып келеді. Тарихты тұшына оқып, өткеніміз бен қазіргі жағдайымызды салыстырып отырамын. Өз тарихын бүге-шігесіне дейін терең білмейтін адам келешекке болжам жасай алмайды, «қазақ– надан» десе, «е-е, надан болған екен ғой» деп сенеді. Өйткені өздігінен ізденіп қиналғысы келмейді, біреудің айтқан даяр ойын дайын күйінде қабылдай салған жеңіл көрінеді.
Сонымен бірге өзге елдің тілі мен тарихын да оқып, танып жатырмын. Бірақ, мұны өзге елдің саясатын ұғыну үшін ғана қажет екенін бір сәт те жадымнан шығарған емеспін.
Сүйемін туған тілім – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім, -деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, ана тілімді қадірлеуді басты парызым деп ұғынамын. Өйткені, менің тілім шалқар дариядай терең тіл, дарқан даламдай көсілген еркін тіл, сары даланы аралаған самал желдей әуенді тіл, анамның сүтімен берілген киелі тіл.
Қазақ халқының өжет ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Қазақ тiлi… өткiрлiгiмен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан-жүйеңдi жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымға қонымды, жүрегiңе тиiмдi, жаудың көмейi не құм құйып, аузын аштырмай, үнiн шығармай қоятын тiл». Ол 1944 жылы қазақ тiлiн шұбарлаған, өз тiлiн дөрекi, икемсiз, топас, кедей тiл деп жала жауып жүргендерге қатты тойтарыс берiп, республиканың бас хатшысы Әбд iхалықовқа майданнан жолдаған хатында: «қазақ тiлiнен ажырап, азғын ел атанбасын, аты өшiп , ұрпақтарымыз тарыдай шашырап, қардай ерiп , құмға сiңген судай дерексiз жоғалмасын, анамыздың ақ сүтiмен бойымызға дарыған тi лiмiздi ұмыту – бүкiл ата-баба тарихымызды ұмыту» - деген еді. Сондықтан, мен тіл мен Отан егіз ұғым екенін ұмытпайық дегім келеді.
Тәуелсіздіктің 22 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған менің жастық шағым – бейбіт заман уақыты, болашаққа жойқын жоспар құру уақыты, лапылдаған жастықтың күш қайнары тасып тұрған уақыт.
Ата-бабамыз армандағын бақытты болашақ пен тәуелсiзсіздік уақыты. Ұлттық тiлдiң, дәстүрдiң, салт-сананың мызғымас тiрегi, күшi, алтын
дiңгегi – халықтың бақ жұлдызы жарқырап жанған күн.
Көшпенділер романындағы Жәнібекұлы Қасымның сөздері естеріңізде болар: «Дария тоқтаған бөгетті бұзып, суды тасыту бір адамның қолынан келеді. Мүлгіп тұрған орманға шақпақ тастан от беріп, телегей-теңіз өрт шығару – о да бір адамның атқара алар ісі. Сол тасыған суды тоқтату жүз адамның да қолынан келмейді. Тоғайды алған қалың өртті мың адам да сөндіре алмайды.
Ерлік көрсетіп ел-елдің арасын бүлдіру қай рудың болса да қолынан келеді.
Бүлінген жұрттың басын қосып, ел ету тек халқына жаны ашыған ұлдарының ғана қолынан келеді,» – дей келе, халықтың арасынан суырылып шықпап па еді. Ол айтқанында тұрды. Біз де Отанымызды өзге дамыған елмен қатар етуді мақсат етсек, сөзімізде тұрдық деген сөз. Отанымызға деп осы батырлардай болмаса да бір-бір тамшы нәр тамызсақ, өткеннен өсіп келе жатқан қазақ бәйтерегі тағы да шырқау көкпен таласып қалар.
Мен бұл хатымды 20 жылдан кейін оқысам да, мейлі 50 жылдан кейін болса да, өз тағдырымды Отанымның тынысымен, тіршілігімен өзектес етіп, халқыма қызмет етуді мақсат еткенімді мақтан тұтар едім.
Менің тағдырым біреу – ол Отанымның тағдыры.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру