Қазақтың ұлттық киімдерінің ерекшеліктері

 Қазақтың ұлттық киімдерінің ерекшеліктері

Салиева Айторғын
11 сынып, Бейнеу лицей
Бейнеу ауданы
Жетекшісі: Шәудірбаева Г.И.

Адам көркі – шүберек. Бұл талай жылғы тәжірибеден өтіп, әбден екшеліп айтылған тобықтай түйінді сөз. Халқымыз атам заманнан бері осы бір қағиданы берік ұстанып , мың бір сырлы әсем киім үлгілерін жасап киініп келген. Киім жай ғана бір жапырақ мата емес. Ол белгілі бір ұлттың, мәдениеттің бет бейнесін көрсетіп тұратын ғажайып дүние. Оның эстетикалық, этно-мәдени, қоғамдық мәні де орасан. Сондықтан әр қазақ мақтан тұтатын мол мәдениетіміздің елеулі бір саласына киім кию ғұрыптарымызды жатқызсақ болады. Шындығында да, әлемдегі озық өнер түрлерін сарапқа салар болсақ, қазақ өнері алдыңғы қатардан көрінері даусыз. Себебі, қазақ дүниетанымы терең , мәдениеті бай, әрбір өнері көрнекті, көрген-түйгені мол үлгілі ұлт. Қазақ өнерінің әрбір туындысы өзгеге ұқсамайтын өзіндік ұлттық нақыштарға толы. Қазақ ісмерлерінің қолынан шыққан киімдерден ұлтымыздың дүниетанымдық, философиялық көзқарасы мен дүниені қабылдауы көрінеді. Халқымыздың бүкіл ішкі жан дүниесі, ұстанған діні мен ділі киім үлгілерінен, олардың пішілуінен , тігілуінен, қолданылған әшекейлерден, таңдалған түр-түстен аңғарылады десек әсіре айтқандық емес. Өйткені кез келген киім оны жасап шығарған халықтың ішкі руханиятының материалданған көрінісі екені даусыз. Демек киімдеріміз қандай сұлу болса, жан байлығымыз да соншалықты сұлу болғаны!
Қазақтың ұлттық киімдері - Еуразия даласын қоныс еткен көшпелі ел қазақтардың басқа халықтарға ұксамайтын киім үлілері табиғи ерекшеліктер мен көшпелі тіршілікке сәйкес қалыптасы. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол - біздің ұлттық мәдениетіміз! Бағзы заманда аттың жалы - түйенің қомында көшпенді тірлік кешкен қазақ халқы күнделікті тұрмыста киетін киімге айрықша назар аударған . Қазақ халқының киiмi басқа ұлттардан өзгеше өзiндiк қасиетке толы. Мұның басты себебi қазақ халқының табиғат төсiнде өсiп, еркiн ғұмыр кешуімен байланысты. Өткен ғасырлардың өзінде-ақ киіміне қарап адамның ұлтын ғана емес, сонымен қатар оның қандай дінді ұстанатындығын, қала адамын ауыл тұрғынынан, бойжеткенді жас келіншектен айыруға болатын. Халқымыздың ұлттық киімдері- заманауи тарихпен қатар дамып, біте қайнасып келе жатқан асыл қазынамыз. Сонау көшпелі кезеңдерден күні бүгінге дейін қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, көз тартар әсемдігі мен ыңғайлылығының арқасында қолданыстан қалмай келе жатқан киімдеріміз де жетерлік.
Жер бетін мың түрлі әсем гүлдер қалай құлпыртса, сан түрлі киімдеріміз де қазақ даласына өзінше сән беріп келген. Кейін келе-келе, өкінішке орай социалистік қоғам құру үшін жұрттың бәрі бірдей киінсін, бірдей жұмыс істесін, бірдей өмір сүрсін деген саясатты бастан кешіп, орыс та , неміс те, қазақ та фабрикадан шыққан бірдей киім киюге көштік. Одан бөлек ұлттық киімдерді қасақана жоюға, халық санасынан өшіруге бағытталған арнайы үдерістердің болғаны да қазір жасырын емес. Мысалы, белгілі этнолог Нұрсан Әлімбайдың пікірінше, «1928 жылы «ескінің көзі» ретінде мәпелеп сақталынып келген нелер бір киімнің асыл түрлері «қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің артта қалған, қараңғы кезеңінің» ескерткіштері мен символдары ретінде аяусыз жойылғаны» тарихи шындық. Осылайша даланың гүліндей құлпырған ұлттық киімдеріміз қолданыстан қала берді.
Сондай-ақ қазақ халқының қыз-келіншектерге арналған бүкіл киімдерінің бәріне ортақ бір ерекшелігі бар. Ол адамның дене бітімін қымтап жауып тұратындығында. Бұл жағынан алғанда, қазақ киімдерінің көпшілігі қасиетті дініміздің талаптарына сай келеді деуге толық негіз бар. Қолымыздағы материалдар дәл осындай қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Табиғат төсінде еркін ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз күні кешеге дейін өзінің әдет-ғұрпымен, дүниетанымымен сабақтасқан төл киімдерін киіп келген . Тамыры тереңде жатқан ұлттық сән өнерімізде сәукеленің шариғатқа толық сай келетін небір түрлері болды. Кимешектің де жас ерекшеліктері мен аймақтық-өңірлік ерекшеліктерге қарай сан түрі тігіліп, әсем ою-өрнектермен безендіріліп киілген. Әсіресе, әйелзатына арналған дәстүрлі бас киімнің әлем жаратылысындағы себеп-салдарлық жүйемен сабақтасып жатқан қырлары мен сырлары мол түрлері көп болған. Мәселен, сәукеле, бөрік, кимешек, қарқара, жаулық, күндік, желек, шәлі, қасаба, шылауыш, т.б. бас киімдерді атауға болады. Бұлардың өзі бүрмелі кимешек, орама кимешек, бұрама жаулық деген секілді түрлерге жіктелген. Оны дәлелдейтін этнографиялық дүниелер өте көп.
Енді қазақ әйелдерінің ұлттық киімдеріне ерекше тоқталып өтейік . Қазақ әйелдерінің ұлттық киімі , негізінен, көйлек, кимешек, жаулық , сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекшеден тұрады. Әшекей, ажар жағынан төрт топқа арналып тігіледі. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен бәйбішелердің киімдері. Қыз киімдері кеуделері тар, қынамалы, жаға, жең, кеудесі, өңірі кестелі, әшекейлі келсе, жас ұлғайған сайын неғұрлым етекті, кең, мол қаусырмалы бола түседі. Қазақ халқының ұлттық киімдерінде тұрғындардың географиялық, ру-тайпалық ерекшеліктері де көрінеді және ол көбіне бас киім мен шапаннан байқалады. Мысалы, 3 құлақты керей тымақ, қаракесек, адай бөрік, арғын тымақ, қыпшақ тымақ, сырмалаған 6 сай найман тымақ, 4 сай жатаған тобықты тымағы (М.Әуезовтың айтуынша) болған. Аймақ ерекшелігіне қарай Жетісу, Арқа, қоңырат үлгісіндегі тымақтар деген атауларға бөлінеді. бұйымдар Қазақ халқының ұлттық киімдеріне ерекше әр берді. Қазақ әйелдерінің бас киімдері. Қазақ әйелдері жасы мен отбасы жағдайына байланысты өзіндік ерекшелігі бар баскиімдер киген. Олар-дың жазғы, қысқы түрлері болады. Әйелдердің негізгі баскиімдері: бергек, бөрік, жаулық , желек, жырға, кимешек, күндік, орамал, қарқара, шылауыш, сәукеле , тақия, шәлі (жібек, шілтер, оюлы ж.т.б.). Кимешек кеуде, иық, жонды жауып тұратын тұйық болады. Тек адамның бет-әлпеті шығып тұратын жері “ойық” болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Ойықтың жиегін өңді жіппен “шалып” тігеді. Мұны “алқым шалу” деп атайды. Алқым шалудан кейінгі “жадағай” тігісті “су” деп атайды . Судан кейін “қиықшалап” тігеді. Қиықшадан кейін су “жүргізіп”, “құман бау” деп аталатын әшекей тігіспен тігеді. Құман баудан соң “Күрең кесте” деп аталатын ою-өрнек салынып тігіледі. Күрең кестеден кейін “сағат бау” тігісі жүріледі. Сағат бау кей жерде “ағақ бау” деп те аталады. Кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, әрі төмен қарай басып, жазып тұрғанға әсері болады. Кимешектің бір мәні әйел адамдардың шашын шаң-тозаңнан сақтап, додырап шықпауына септігін тигізеді. Бұл да діни наным -сенімнен туындап, мұсылман әйелдерінің шашын жасыруларына көмегі тиеді. Кимешектің Қазақстанда бұрама жаулық, иекше атаулары кездеседі. Орамал (парсы, араб.румал) – Ерте кезде кестелеп жасалған қол орамалды қыздар жігіттерге сыйлайтын болған. «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды» дейтін халық мәтелі осыдан шыққан. Орамалдың басқа тартатын шаршы және қиықша түрлері де бар. Жібектен шашақтап тоқылғаны
– «бөртпе». Жібектен, матадан шашақталмай, қалыңдау келген түрі – салы. Шәлінің бүркеніш, жібек, оялы, торғын, шілтерлі деген түрлері және ою, өрнек гүл шоқтары сызылған әртүрлі бедерлі немесе шымқай қызыл күлгін т.б. өңділері де болады. Шәлiні әйелдер өздерiне шаршылап, кейде үшбұрыштап әртүрлi үлгiде iз салып, ақ немесе күлгiн түстi ешкi түбiтiнен де тоқиды. Қыстық жүн шәлілер түбіт, түйе жүнінен үлпілдек етіліп тоқылған, басқадай да суық өтпейтін қалың, жылы маталардан жасалып, барлығының да шетіне шашақ төгіледі. Бедері барын жастар, бірыңғай, өңділерін орта жастан асқан ана, әжелер тұтынады. Шәлінің құны, сапасы мен қажеттілігі жағынан да салыға жетпейді. Қасаба. Тұрпаты дөңгелек, желкесіне қарай ойыңқылау келген, дөңгелек тақияға ұқсас етiп пiшi ледi де, артқы жағына немесе желкесiне қарай бiрте-бiрте ойыңқы түскен құламасы болады, ұшы әйелдiң арқасына қарай төгiлiп жатады. Айдыны зерлi жiптермен кестеленiп, қиылысқан жерiн алтын жолақпен жауып , зерлi әшекеймен безендiредi. Құламасына шашақтар тағылады. Шашақтың көп тағылуын “ұрпағы көбейсiн” деген игi тiлекпен түсiндiруге болады. Қасабаның маңдай тұсына түрлi асыл тастармен тiзiлген дөңгелек табақшалармен бекiтiлген қыстырма iлiнген. Ал самай тұсына ұзынырақ күмiс қоңыраушалармен ұшталған 5-6 тiзбек салпыншақ қыстырған. Көне түркі (қыпшақ) бас киімнің негізгі элементтерін бойына сіңірген қасаба атауы «алтын зерлі» деген мағына береді дейді этнограф Ө.Жәнібеков. Қасаба көбіне төре, сұлтандардың қыздары киетін бас киім саналған.
Сәукеле – қазақ әйелдерінің дәстүрлі киімдері аса бай, керемет сәнді бас киімдер ішіндегі ең әшекейлі, әрі күрделі , ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы ғұрыптық бас киім. Сәукелені Орта Азия мен Қазақстан-ды мекендеген үшкір тымақты сақтар – тиграхаудтардың бас киіміне ұқсатады. Сәукеленің биіктігі шамамен бір жарым, екі қарыстай болады. Сәукеленің негізін жұқа ақ киізден сырып тігеді де, сыртын қызыл шұғамен тыстап, қымбат бағалы аң терісімен әдіптейді: алтын, күміс әшекейлер, моншақтар тағады; жоғары қарай жіңішке-ре түскен төбесіне үкі қадап, тірсекке түсетін асыл тасты, оқалы лента тігіп, бергегіне бетті көлегейлейтін желек бекітеді.
Жекей тымақ — жаз бен күзде киетін әрі сәнді, әрі жеңіл елтірі тымақты айтады. Жекей — сәнді деген сөз. Жекей тымақты дүрия, шағи сияқты жібек маталармен тыстап, кейде оның артқы етегін көтере түріп, кейде алдыңғы бір жақ құлағын алға келтіре әнтек шекеге салып киетін. Бөрікті де әр түрлі үлгіде қозы, қой, түрлі аң терілерінен тігеді. Бөріктің түрмесі кейде жалпақ, кейде жұмыр етіліп жасалады. Ал оңтүстік аймақтарда қой терісінен тігілген түрмесі үлкен бөрік киеді. Бөріктің неғұрлым жүнді де жылы түрлері Орал, Гурьев жағында жиі кездеседі. Жетісу, Семей, Өскемен жағында жаллпақ және биік түрмелі үлгілері кеп. Бұрын ақын, әнші , сауыққой салдар мен өнерпаз жастар өте сәнді тігілген шошақ төбелі құндыз бөрікке үкі тағып киетін.
Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсысын, таңдаулысын киген . Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей; сырт киімдерге: шапан , күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан , кебенек кенеп, сырттық жатады . Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді.
Астарына құнды аң терісі салынған тон – ішік деп аталды. Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген. Қазақ шапандары алдыңғы екі өңірі, артқы бой, екі жең және жағасын ойып пішіледі. Артқы бойдың екі жақ шеті алдыңғы өңірге қусырыларда оның екі жақ етегіне, бел мықынға жеткенше, екі үшкіл қойма қойылады. Оның етек жағы енді, бел жағы енсіз келеді (“шабу” деп атайды). Шапан жеңінің екі беті бір-ақ қиылады. Ұлы жүз қазақтарының шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, әшекейлі келсе, Орта жүз тұрғындарының шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ оймалы немесе түймелі болған. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып тігілген. Қазақтар шапанға шабу, жең түптеріне ойынды, қолтырмаш қояды. Ішіне жабағы жүн салынып сырылған , суықта киетін сырттық – күпі , түйе жүнінен иірілген жіптен тоқылған жұмсақ сырттық – шекпен (тайлақ жүнінен тоқылса шидем шекпен), жеңсіз, киізден қаусырылған, сәндендірілген кебенек, астары қалыңдатылған қаптал шапан, сырмалы , шабулы, жұрынды түрлері болады. Иленген , әрі боялған (қарағай, қайың нілімен, өсімдік, қына, томар бояумен боялған) тон, сырты қымбат матамен тысталған ішіктің түрлері кең таралған. Тонды тебен инемен басып тігіп, немесе шалып тігіп, кестелеп, қаптама тон жасайды, етек жеңіне жұрын ұстайды. Жарғақ, тайжақы, қылқа, дақы деген киімдерді тай, құлын, лақтың терісінен жүнін сыртына қаратып тігеді.
Қазақ халқының ұлттық киімдерінің ішінде аяқ киім, соның ішінде етіктің биік өкше, жарма қоныш, тіремелі, көксуыр, саптама, жұмсақ табан, үшкіл тұмсық, шоңқайма түрлері қымбатқа түскен. Сонымен бірге сырма киіз, ішетік, мәсі, шоқай, бұйық (етік сыртынан киетін, жүні ішіне қараған, иленген теріден жасалған байпақ тәрізді аяқ киім) түрлері таралған. Орта Азия және Қытаймен арадағы сауда-саттықтың нәтижесінде қымбат бағалы жібек, мақта маталары алынып, киім тігуге қолданылды. 18 ғ-дан бастап орыстың фабрикалық арзан маталары көптеп айырбасқа түсуі қазақ ұлттық киім түрінің көбеюіне мүмкіндік туғызды. Торғын, пайы, шағи, дүрия , бәтес, сусыма, лейлек, атлас, сұпы, шәйі тәрізді маталардан желбіршекті жұқа көйлектер тігіледі. Қайыстан, барқыттан, жүннен және жібектен жасалған белдіктер қазақ киімдерінің міндетті бір бөлшегі болды. Қайыс белдіктері әр түрлі өрнек, жапсырмалармен әшекейлендіріліп, асыл тастардан салынған көздер мен сүйек оюлы бастырмалармен әшекейлендірілді. Мұндай белдіктер “кісе” деп аталады. Жас жігіттердің белдіктерінде алқа, әлеміштер болды. Әйелдердің белдіктері жалпақ әрі сәнді, негізінен, жібек пен барқыттан тігілді. Әйелдер, сондай-ақ, белдеріне жұмсақ белбеу байлады.
Ерлердің бас киімдері Тақия – шағын сәтен, шұға, барқыт тәрізді маталардан тігіледі. Ол зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа тәрізді бірнеше түрге бөлінеді. Қытайдағы Шыңжан қазақтарының найман
тайпасындағы қызай руында «Қызай тақия» бар. Еркектердің ежелден келе жатқан дәстүрлі бас киімі – қалпақ жұқа ақ киізден тігілді. Бұлардың ақ киізден төбесі биік етіліп жасалғаны “ақ қалпақ”, ал жалпақ күнқағары жоғары бүктеліп қайырылғаны “айыр қалпақ” деп аталды. Көктем мен күзде қазақтар дөңгелек пішінді, төбесі биік, міндетті түрде аң терісімен жиектелген бөрік киген. Қыста киетін бас киім “тымақ” деп аталды.
Мұрақ – екі жағы қошқар мүйізді, лауазымды адамдар киетін қалпақ. Оны сән – салтанатқа киеді. Тымақ – аңның, малдың терісінен тігілген қысқы баскиімдердің жылысы. Биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, артқы етегі желке, жотаны жауып тұрады. Вл. Плотников 1859 – 1862 жылдары тымақтың 15 түрі туралы жазған. Олардың бізге жеткен кейбір түрлері мынандай: жаба салма тымақ; қайыр-ма тымақ; дөңгелек төбелі тымақ; шошақ төбе тымақ; жекей тымақ. Құлақшын – бағалы аң терілері мен бұзау, құлын , қозы – лақтың бұйра терісінен (елтірі) тігіп, киеді. Қысқы баскиім. Малақай – аң терісі мен елтіріден арасына жүн, мақта салып, сырып тігеді, оны кейінгі кезде қыздар да
суыққа киіп жүр. Бөрік- Оны ерлер мен бірге қыздар да киеді. Сырты мақпал, пүліш, бар-қыт тәрізді қымбат маталардан жа-салатын баскиім. Жиегіне қымбат бағалы аң, мал терісі ұсталатын бөрік-тің жазғы, қысқы түрлері бар. Төбесі көбінесе, төрт сай немесе алты сай болады. Қыздар киетін бөрік дөңге-лек төбелі конус тәрізді биіктеу. Сал-серілер бөріктеріне үкі таққан. Жалбағай, башлық, далбай, күләпара. Бұлар қазіргі кезде ұшы-распайды. Оларды тымақ тәрізді етіп қалың не жұқа ақ киізден тіккен . Бір-біріне ұқсас баскиімдер. «Күлә» парсы тілінен аударғанда баскиім деген мағынаға ие. Матадан астар салынып тігілетіні – күләпара, қысқа киетін түрі – жалбағай. Жалбағайды тымақ сыртынан да киген. Түйе жүн далбағайды ертеде түріктер «башлық» деп атаған.
Шалбарды барқыт, пүліш, шұға, тібен, шөшінше , шибарқыт, шегрен, ләмбөк, мәлескен, қырмызы , қамқа, көк мауыты сияқты ширақы маталардан, қой -ешкі терілерінен тігеді. Шалбардың бауы ышқырға өткізіледі, қалтасыз, кең балақ болып келеді. Оның кең тігілуі салт атқа мініп-тұруға, малдас құрып отыруға өте қолайлы болған . Шалбардың балағы кейде етік қонышының ішіне салынып, кейде қоныштың сыртында жүреді. Жеңіл шапан мен бешпенттің етегін де ышқыр астынан жіберіп, шалбарланып алатын. Шалбарланып жүру әсіресе аңшылар мен батырларға, балуандарға тән әдет еді. Шалбардың балағы екі жанынан ойық (жырық) болып істелетін де, ол кестеленіп қойылатын.
Жарғақ, тайжақы деген өң киімдерді тайдың, құлынның терісінен, жүнін сыртына қаратып істейді. Оларды да малмаға салып илеп, еттерін қырып, қабыққа, қынаға салып өңдерін басып ажарлайды. Шеттерінің әдіптерін кестелеп, жаға-жеңдерін әшекейлейді. Кейде етегін, өңірін қаусырмасын қымбатты аң терісінен жұрындап қояды. Әдетте тайжақы мен құлын жарғақты бешпенттің, бешпент күпі сияқты жеңіл киімдердің сыртынан киеді.
Тон көбінесе иленген күздік қой терілерінен тігіледі. Орта денелі адамдарға 11—12 қойдың терісінен тон шығады. Олардың шап терілері мен пұшпақ терілері, таңлықтары, мойын терілері бөлек алынады, яғни олар тон тігісіне пайдаланылмайды. Тондардың жүндері ішіне қарайды, ет жағы қынамен, қабықпен , томар бояумен боялады. Тонды тебен инемен басып тігіп, немесе шалып тігіп кестелейді. Кейде сыртына тыстық жапсырып қаптама тон да тігеді. Қаптама тондардың тыстарын әр түсті жіппен кестелеп, елтірі, сеңсең, аң терілерінен қайырма жаға жасап, етек-жеңіне жұрын ұстайды.
Еркек киімдерінің ең қымбаттысы — аң терісінен істелген ішіктер. Олар аң түрлерінің атына сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік , түлкі ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бірнеше түрге бөлінген. Аң терісінен тігілген ішіктердің сыртын шұға, мауыт, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы торғын, ләмбек сияқты бағалы да ширақы маталармен тыстаған. Кейде осы материалдарды бірнеше түсті жібек жіптермен кестелеп, сумоншақ, маржан тізген жіптер бастырып, етек-жеңіне алтын, күміс зер ұстап , кейде бөлек тігілген кестелермен сыртынан қаптап киген. Ішіктер кейде әдіпті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып келген. Ал жас қыздар бүрмелі етекті көйлек , бешпет, камзол, қынама бел киімдер киеді. Бастарына үкі кепеш, аяқтарына мәсі, оюлы кебістер киген. Бойжеткен қыздар кәмшат бөрік киеді, сәндеп өрнектеген ақ шыт тартады.
Қазақ халқының қолынан міне, осындай сан түрлі киім үлгілері жасалып шыққан. Әсіресе, ұлт өмірінде әйел затына арналған киімдердің ерекше рөлі болғаны анық. Себебі, әйел затына ерекше құрметпен қарау дәстүрлі мәдениетіміздің ерекше көрінісі екені күмәнсіз. Халқымыз қыз баланың әсемдігін денесін жалаңаштау арқылы емес, мың құлпырған бояуы қанық, келісті де көрікті киімдері арқылы көрсетуді жөн көрген.
Мен “Қазақтың ұлттық киімдері” тақырыбында шығарма жаза отырып, ежелгі қолданыстан шығып қалған ұлттық киім үлгілерін жарыққа шығардым. Оның бүгінгі және келешек ұрпақ арасында қолдау табуы мақсатында халыққа үндеу-насихат жүргіздім. Осы тақырыбымның қазіргі және келешек ұрпақ үшінде мәні аса жоғары деп есептеймін. Бұл ұлттық нақыштағы киімдерімізді насихаттаудың тиімді жолы. Көшелерде, түрлі қоғамдық орындарда әрі заманымызға сай, әрі қазақы, әрі мұсылмандық канондарға сай киінген қыз-келіншектер көбейсе, ұлттық мәдениетіміз де өркен жая бастайтыны даусыз.
Әрине, бір ғана ұсыныспен бүкіл мәселе бірден шешіле қоймас. Бірақ осы тақырыптағы мәселелерді әрі қарай іліп әкетіп, қоғамдық шараларда, мектеп, балабақшаларда дәстүрлі түрде жиі тәрбие сағаттарын өткізудің жолдарын қарастырса құба-құп. Сөз соңында, елімізге тілерім ұлттық мәдениетіміз жаңғыра берсін, ұлдарымыз салмақты, қыздарымыз ибалы болсын! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру