Жырақта...

 Жырақта...

Төлеген Ұлбала
9 сынып, «Қоғам» орта мектеп
Отырар ауданы, Қоғам ауылы
Жетекшісі:Қазақбаева А.

Ауыл өмірі.Ауыл таңы.Ауыл үні.Бұл қастерлі атаулар бір-брімен біте қайнасқан ұғымдар.Ауыл өмірінің қоңырқай тіршілігін,ауыл адамдарының арман қиялын тек қана ауыл баласы жан жүрегімен ұғына алады,барша түйсігімен түсіне біледі.
Менің өлкем қашан да күн нұры азаймаған шуақты Оңтүстік,тарих қойнауынан үнсіз ғана сыр шертетін ұлы Отырар даласы.Ғылымның сан саласында өшпестей қолтаңбасын қалдырған,әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл - Фарабиді ,қазақтың қара күшін дүние жүзіне танытқан алып Қажымұқанды,құлағында күй,көмейінде саз ойнаған композитор Шәмші Қалдаяқовты,барша түркі елдерінің ақыны Мұхтар Шахановтарды туғызған топырақтан болу мен үшін үлкен бақыт.Құдды олардың дараланып,елінің елеулілері болғанында менің де бір еңбегім бардай кеудемде мақтаныш, келбетімде қуаныш тұрады.Мұндай асқақ сезімдердің көкірегімде ұялауы өз туған жеріммен мақтану болар.
Адам баласы түрлі себептермен жер шарын шарлап кетсе де түбінде өскен ортасын аңсап қайта оралатыны тарихтан айқын .Өйткені ол - туған жері! Қазақ халқының көп бөлігі ауылда тұрады ғой.Біздің халықта елінің тұтқасы болған талай марғасқалар ауылдан шығып отырған.Менің мекенім - Мыңшұңқыр ауылы.Қазір сол ауылымды сұмдық сағынып жүрмін. Өзі Мыңшұңқыр десе дегендей-ақ.Оның да өз артықшылықтары бар,қазіргідей қалаларға айналып бара жатқан поселкілердей қысылысу жоқ,ауыл іші кең:үйлер дөңде орналасады. Олай болса онда оның сайында шарбағы, жанында гектармен есептелетін әжептәуір егін алқабы және үй алдында үлкен бір қорасы бар.Біздің ауылда бас - аяғы сексен шақты үйлер бар.Олар бір - бірінен алыстау қоныс тепкен.Өзіміздің көзіміз үйренген,алайда сырттан біреу келе қалып, «көршіміз әне тұрған үй» деп сайдағы немесе қырдағы үйлерді көрсете қойсаң,қылжаққа басып, «тиіп тұр екен» деп күледі. Көршілердің үй арасы алшақ болса да жандары жақын,қуанышы мен қайғысы ортақ.
Солайша,күні қашанда күлімдеп тұратын,сай мен биігі белестей боп қатарласа орнасқан,қыс болса аязына тоңып,қарына батып көрмеген,көктем келсе қызғалдағы қаптайтын Мыңшұңқырымнан қазір тым жырақтамын .Бірақ та былай қарап отырсам сағына қоятын,алып бара жатқан түгі жоқ.Мәселенки,көз алдыңызға елестетіңіз.Біз өзі географиялық жағымыздан Қызылқұмға сұғына орналасқанбыз.Сондықтан да мандыртып жасыл да жайқалып тұрмайды .Жазы деген аптап ыстық:кірсең де,шықсаң да терлеп - тепшіп өзіңді қоярға жер таппай жүргенің сол.Ал көктемінде ауылдан шетке шыға қоюдың өзі бір мұң.Барар жеріңе қара «ботимен» жаңбырдан соңғы езілген батпақты кешіп «ахілеп - ухілеп» зорға жетесің.Күзінде аспан нөсерлете қалса әр жерден бәтіңкеңнің батпағын аз- маз тазалап,батпаққа кіріп кетпеуің үшін жерден жантақ іздеп жүргенің.Енді қалатыны сол өсімдік қана ғой.Қысы жөнінде әңгіме тіптен бөлек.Өзге жақта Жаңа жылды қалың ақ қармен тойлап жатса,қар дегенді емге таппай Жаңа жылды тақыр қара жердің үстінде қарсы алып,көкке отшашу атқаныңа мәзсің.Ал бір соқса бет қаратпай апталап алып құйындайтын,құрғақ та қатты Арыстан деп аталатын желін айтсаңызшы.Әр күн сайын гуілі құлағыңда шыңылдап,миыңды ашытады.Ал былайғы өмірде баяғы қоңырқай тіршілік.Істейтін де дым қалмайтындай егер мектеп болмаса. Әйтеуір, қызығарлық түгі жоқтығына көзім жетті.
Алайда бұлай ойлауым өзімді сағыныштан жұбатуға арналған арзан сылтаулар ғана екен.Тып-тыныш қана тірлік етіп отырған ауылда біреудің үйіне келін түсе қалса немесе қыз ұзатылса артынып-тартынып,қолындағы барын алып,құтты болсын айтысып жетіп барады .Қаншама уақыт ауыл іші азан да қазан шаттыққа тола қалады.Ал арыстандай ақыратын дауылын айтсақ ауыл тұрғындары оған үйренген.Тіпті,алдын ала болжап та қойып ,қамын жасайды.Ол күндері барша отбасы мүшелері үйде болып ,әр кеш сайын дастархан басында өзара рухани әңгімелері басталады.Әбден жерді құрғатып тастаған бұл желден соң,батпағын былшылдатып аспан нөсерлетсе шаң басылып,ауа тазарып,жер дүние шомылып алғандай күй кешеді.Бір ғаламаты жаңбыры да жылы.Салқын мезгілдерде өзге облыстарды сарышұнақ аяз аямай жатқанда, біз мұнда бас киімнің не екенін білмей өсіп келеміз.
Қазір көз алдыма мынадай сәт көрініс беріп отыр.Үй ішінде кешкі ас ішіліп,қазан-табақ жайғалып,әркім өз ісімен бола бастағанда тысқа шыға қалсаң шығыстан қарсы алдыңнан толықсыған әсем ай түседі.Жер дүние алакөлеңкеленіп,тап-таза,өзіне ғана тән ауыл иісі танауыңды қытықтайды. Жан - жағыңа көз салып,жұпар ауамен кеудеңді кере тыныстайсың.Дархан далаңда өзіңді еркін,кең сезінесің.Сонан соң айға қарама - қарсы отырғышқа жайғасып,терең ойларға батасың.Дүниенің ана тұсы мен мына тұсын шарлап қайтасың.Арман мен қиялдың тәтті дүниесіне ене кетесің.
Әншейінде назар салмайтын туған жерімдегі алтынға айырбастағысыз сәттер жырақта жүргенде сезіліп жатады екен.Пәленше келіпті десе жүзі күндей нұрланып,сол мезетте - ақ үйіңе жетіп келіп,құшақ жая амандасып,әй - шайғаға қарамастан қонақ етуге ерте кететін мейірімді,ақкөңіл,адал еңбек пен адамгершілікті ту еткен ауыл халқын сағындым! Қызғылт сәулесін шашыратып ататын ауылымның ақ таңы мен күні бойы тіршілігімізге куә болып,бізді қимағандай мұңайып,қызарып бататын ауылымның ала кешін сағындым!Бір төмпешігіне шыға қалсаң қыр мен ойысы арасындағы ойдақ - сойдақ қара жолдарын сағындым!Ұлттық тәрбиені барлық қасиетімен бойыма сіңіріп,опалы ұл мен қыз болуға өз - өзінен талпындыратын туған ауылымды сағындым!Бүкіл Қазақстанды ауылым арқылы сүйемін.Ауылымның мерейін үстем ету үшін Қазақстаныма қызмет ететінім анық.Өйткені мен - ауылдың перзентімін!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру