Бірлігі жарасқан Қасиетті мекенім

Бірлігі жарасқан Қасиетті мекенім

Қаратай Айдана
11 сынып, Қ.Әбдәлиев атындағы орта мектеп
Шымкент қаласы


 Қазақ елі - Еуразияның жүрегінде орналасқан, тарихы бай үлкен мемлекет. Қазақ халқы жүзі жайдарлы, пейілі кең, қонақжай халық екені бүкіл әлем жұртшылығы үшін аян шығар.Барша халыққа тарихымен де, ерлігімен де, мәдениетімен де, салт-дәстүрімен де үлгі болатын тұғыры биік алып мемлекет. Қазақ жерінде туып -өскен әрбір қазақ баласы- біреуде болса біреуде болмайтын үлкен бақыт иесі. Құс ұясыз болмайтын сияқты, адам отанынсыз болмайды. Каспий теңізінен Алтай өңіріне дейін созылып жатқан қасиетті өлке – қазақ жері. Қазақ елі десе, ең алдымен, бірлігі жарасқан халқы, шалқыған көк теңіздей жайлауы, түтіні бұрқыраған ауыл көрінісі, бағында бұлбұл құсы сайраған, көгінде қыран құсы самғаған, көлінде аққу құсы қиқулаған бақыт мекені елестейді. Қазақ елі -бүкіл әлемге үлгі болатын мемлекет. Қарап отырсақ, қазақ елінің мәдениеті, салт-дәстүрі де өзгеше. Адамды адал жолға жетелейтін, ақ пен қараны ажыратуға, қараңғылық уақытта күндей жарқ етіп, үнемі тура жолда жүруімізге басты бағыт, бағдар беретін салт-дәстүріміз- қазақ даласында туған ата-бабаларымыздың бізге ана сүті арқылы берген үлкен тәрбиесі, ата -бабаларымыздан келе жатқан мәдениеті. Бұлбұл құсының даусымен барабар әнші апаларымыздың ерекше даусы, қос ішекті аспаптың қоңыр сазды үні - қазақ даласына тән ерекше құбылыс.Мен қазақ елінде , қазақ жерінде туғаныма қуанамын . Дана да дара халқымның ұрпағы болу- мен үшін нағыз бақыт. Келешек қазақ жастары қазақ екенін әрқашан мақтан тұтады. Себебі, біз- тарихы мен тұғыры биік Қазақстан дейтін алып мемлекеттің ұрпағымыз!
Қаншама қиын-қыстау кезеңде еш мойымаған қайран, қазақ елі! Елінің тәуелсіздігі жолында, сонау атақты Керей мен Жәнібек бабаларымның ізімен талай қазақ баласы елі үшін аянбай еңбек етті. Сырттан келген жаулардың бетін қайтарып, қазақ жерін сақтап, егеменді ел болу жолында қаншама тер төкті. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңші? Жоңғар шапқыншылығы қазақ болып қалыптасып, жеке мемлекет болуымызға үлкен зардабын тигізді. Батыр ерлеріміз бен ержүрек ақындарымыздың ерлігі елі үшін жасаған нағыз азамат ретіндегі игі ісі болды. Батырларымыз білек күшімен, ал ержүрек ақын- жыраулар сөздің шеберлігін, тілінің қылыштай өткірлігін пайдаланып, келген жауларды қайтарып, еліне деген батыл істерді жасаған.Тәуелсіздік алу жолындағы еш ұмытылмас кезең қайғы мен қасіретке толы Аңырақай түбіндегі шайқас болды. Сол жерде төгілген қан бүгінде әрбір қазақ жұртының тамырында. «Бірлік бар жерде ,тірлік бар » дегендей ата-бабаларымыз сол уақытта бірліктің құдіретін өзіне де, өзгеге де дәлелдеп, соның арқасында жеңістің тәтті дәмін татты.. Кейінгі жылдары Ресей патшалығының талай езгісіне төзіп, сағын сындырса да ,елім үшін деп жүрегінде жанын тұрған жігерінің арқасында алға қарай ұмтылды. Сол кезеңдерде еліміздің басынан азап та ,аштық та, сұм соғыс та өтті. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916-жылғы көтеріліс,аштық жылдары, Ұлы Отан соғысы, 1986-жылғы жерді дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы -қазақтың басынан өткен ауыр жолы. Осыншама қиындықты өткерген қазақ елінің төзімділігіне кім таңқалмасын? Қаншама ғасырлық ерен еңбектің арқасында қазақ елі бүгінде тәуелсіздік алып, егеменді ел атанды. Сонау XV ғасырдан XX ғасырға дейінгі жол -қазақ елінің жүріп өткен ұлы ізі.
Бүгінде міне, тәуелсіздіктің нұрлы таңы атты. Тәуелсіздік алып, еліміз ірге тасын калап, егеменді ел болдық.Арқамызды кеңге жайып, бақытты елге айналдық. Көк туы көкте желбіреген, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, көп ұлт өкілдері баянды ғұмыр кешуде. Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал қазақ халқы біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықты серік еткен. Тәуелсіздік алу жолында есімі ерекше аталатын тұлға Н.Ә.Назарбаев. Тәуелсіз ел болып, басшысы ретінде осы Н.Ә.Назарбаев атамызға үлкен сенім артып, міндет жүктеді.Елімізді өркендету, еліміздің болашағын айқындату- бұл кісінің басты арманы, басты бағыты болды. Және де бұл істі атқара білді. Н.Ә.Назарбаев -елге, барша әлемге танылған, өмір еңбектің шытырманы жолдарынан өткен, шыңдалған, болашақты көрегендігімен саралап , болжай білетін азамат.Н.Ә.Назарбаевтың жүргізген саясаты бойынша елдің экономикасы жақсарып, өзге де саладағы тың жобалар жүзеге асырылып, қарқынды дамыды. Бұл игі істер көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың елі үшін жасаған, көшбасшы бола білген ұлы тұлғаның ұлы ісі.
Еліміз әлемдік деңгейге көтеріліп, дамыған елу елдің қатарына қосылдық. Н.Ә.Назарбаев жасаған «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспары елдің экономикасын көтеріп, қазақ елінің қарқынды дамуына үлкен септігін тигізді. Бұл жоба тәуелсіз елімнің сол кезеңде болашағын айқындап, ілгері жылжытты. «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарында көрсетілген міндеттер мен тың жобалардың мезгілінен бұрын аяқталуының өзі қазақ елінің еңбексүйгіш, соның ішінде көшбасшының даналығын көрсететін ғажайып көрініс болды.Ендігі кезекте елімнің дамуын қарқынды үдететін ел басшының «Қазақстан-2050 : бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жоспары. Бұл жоспар бойынша дамыған отыз ел қатарына қосылу- басты нысанада. Жасалынып жатқан бұл жобалар, бұл идеялар -ұлт қамқоршысы ретінде жасаған игі істер.Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан-2050» стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге,қазақ халқына , айрықша жауапкершілік жүктеледі. Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз. Үдеудің сыры-бірлікте, жүдеудің сыры-алауыздықта. Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз,ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты. Біз бәріміз бір атаның-қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу- ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар ол-тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп,тәуелсіз елімізді «Мәңгілік ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» стратегиясы - осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік ел» боламыз»- дейді осы жолдауында. Ия, ата-бабамның бізге тарту еткен сыйын өз уысымыздан шығармай, елдің ертеңін жақсартатын біз-мына жастар. Елбасы айтып өткендей бірлік бар жерде еліміз «Мәңгілік ел» болмақ. Ел ағаларының үмітін, кейінгі ұрпақ ақтай білейік!
Осындай бірлігі жарасқан елде туған әрбір қазақ баласы қандай бақытты десеңші? Тарихымен де, ерлігімен де, мәдениетімен де бүкіл әлемге үлгі болатын бақытты ел.Бақыт құсы қонған, көгінде көк туы желбіреген бақыт мекені. Алдыңғы буын ағаларымыздың ақ үмітін міндетті түрде біз, жастар , ақтаймыз! Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз! Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер тәуелсіздігіміз баянды болсын! Қазақ елі мәңгі жасасын! 



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру