«Білімдіге дүние жарық, Білімсіздің күні кәріп»

 «Білімдіге дүние жарық, Білімсіздің күні кәріп»

Казанфарова Минара 11 сынып,
С. Рахимов атындағы орта мектеп
Сайрам ауданы Манкент ауылы
Жетекшісі: Давлетова Д.

«Білімдіге дүние жарық,
Білімсіздің күні кәріп»-
деген дана Абай атамыздан қалған нақыл сөздің адам өмірінде оймақтай ойып орын алатыны сөзсіз. Әрине, біліммен көзің ашылады, қоршаған әлемді, жаратылысты танисың. Содан қалған болар «Оқымаса бір бала, оқыса екі бала». Өнер – білім өн бойыңа мектеп табалдырығын аттап басқалы жинала бермек, толыса бермек. Мәпелеп өсірген әке- шешең, алғашқы тәрбиешілерің, отбасыңда қалып , енді сен білім нәрінен, тұнығынан сусындататын, киелі мекен, мектептің, төрінен табыласың.
Білімнің қайнар көзі мектеп дегенді сонау «Кел, балалар, оқылық!»- деп ұран салып, далада шапқылаған жастың бәрін оқуға шақырған Ыбырай Алтынсарин атамыздың өшпес өнегесінен жақсы білеміз.
Мектеп- білім ордасы.
Мектебім генерал-майор Сабыр Рахимов есімімен аталады. Әрине, бұл есімді естіген кісі «Бұл- қазақтан шыққан тұңғыш генерал ғой» дегенді есіне алады.
Жалпы генерал жайында тоқталатын болсам, Сабыр Рахимов- Ұлы Отан соғысының даңқты батыры, Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал.
Сабыр Омарұлы Рахимов 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкбел ауылында дүниеге келіп, 1945 жылы 25 наурызда Польша, Данциг (қазіргі Гданск қаласы) қаласы маңындағы қанды-қырған шайқаста қаза болды. Сүйегі Ташкенттегі бауырластар зиратына жерленген. Ол- әскери қайраткер, генерал- майор. Әкесі ерте қайтыс болып, жас қалған Рахимовты шешесі (өзбек қызы Бахарайым) Өзбекстанға алып кеткен. 1922 жылы әскер қатарына шақырылған. Бакудегі әскери училищені бітірісімен, Самарқанд қаласындағы атты әскерлер дивизиясында взвод, эскадрон командирі болды. 1941 жылға дейін түрлі әскери мекемелерде қызмет істеді. Соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды.
1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққандағы батылдығы үшін 2-рет Қызыл Ту орденімен марапатталып, полковник шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді. 1943 жылы Мәскеудегі Бас штаб академиясына оқуға жіберілді. Академияны бітірген соң Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысты. Рахимов Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз , 2-дәрежелі Суворов, Кутузов ордендерімен, медальдармен марапатталған. Сабыр Рахимовқа 1965 жылы 6 мамырда КСРО Жоғары Кеңесі Президумының Қаулысымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
Әскери қолбасшылар генерал Рахимов туралы: "Инабатты да ұстамды, тактикалық бiлiмдi, тәртiптi офицер. Шешiмдi де iзденгiш, ойы терең, қайсарлығы мен жүректiлiгiнен бiз алатын үлгi ұшан-теңiз» – деп естелік қалдырыпты. Иа, Сабыр атамыз әлсізге медет, күштіге айбар, шарасызға қол, амалсызға жол беретін ержүрек, көреген қолбасшы болды.
Елімізде генерал Сабыр Рахимов есімімен аталатын көше, мектептер, әскери- училищелер бар. Генералдың асқан ерлігін өте жоғары бағалаған Польша республикасы бір траулерін генерал Рахимов есімімен атап, суға түсірген. Ал қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында Тәуке хан көшесінің бойында Жеңіс саябағында генерал Сабыр Рахимовтың еңселі ескерткіші бой түзеді. Сонымен қатар, 2012 жылы мамыр айының 8 жұлдызында мен білім алып отырған мектепте С.Рахимовтың 110 жылдығын кеңінен тойланып өтілді. Осы мерекеде мектепке генерал- майор Сабыр Рахимовтың бюсті орнатылды.
Мектебіміз- генерал атына лайықты, дамыған заманға сай тұлға қалыптастыратын нұрлы шуақ келешек азаматын жетілдіретін құзіретті орта. Ал ұстаздарымыз сол ортаның қозғаушы күші. Ұстаз сөзіне лайықты болу-заман талбына сай жаңашыл, ізденімпаз, шығармашыл, әрі өз мамандығын шексіз деген сөз. "Ұстазы жақысының ұстамы жақсы"- деген сөз бар. Баршамызға белгілі болғандай, ХХ ғасыр технологиялар ғасыры болса, ХХІ ғасыр интеллектулды ғасыр болып отыр. Интеллектісі жоғары адамның білім-парасаты, таным- тағылымы , түсінігі кез келген сыртқы ықпалға орнықты тұра алады. Осындай мәдени құндылықтарды бойымызға дарыту үшін мектебіміздің жаңашыл, тәжірибелі ұстаздары аянбай еңбек етуде.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың таяуда халықымызға жолдаған жолдауында мектеп түлектеріне мол сенім артып, 3 тілді меңгерген интеллектуалды оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игерген болуы тиіс екендігін мәлімдеді. Осы жолдауға қолдау көрсете отырып, мектебімізде оқушының интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығуға шабыттандыратын, жаңаны түсіне білуге деген құштарлығын оятуға бағытталған "7х7" білгірлердің интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылып отырылады. Бұл ойында топ мүшелері өзін- өзі дамыта отырып, түйткіл мәселені шешудің ең тиімді жолдарын табуға ұмтылады . Бұл шара мектебіміздің білім дәрежесінің көтерілуіне игі ықпал жасауы сөзсіз.
Өмірге тек тәрбиелі әрі білімді жастар ғана емес, ең алдымен дені сау ұрпақ қажет. Дені сау бала- ең жоғарғы әлеуметтік құндылық. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мектебімізде түрлі спорттық байқаулар, жарыстар ұйымдастырылып отырылады. Теннис, валейбол, баскетбол, дойбы үйірмелері үздіксіз жұмыс жүргізуде. Оқушылардың да белсенділігі жоғары деңгейде. Жас спортшыларымыз аудандық футбол, валейбол жарыстарында жүлделі І , ІІ орындарға иеленіп келеді. Ал 10- сынып оқушысы таэквандо бойынша Азия чемпионаттарына қатысып , талай рет жүлдені қолқалады. Бұл мектебіміздің атағын одан әрі асқақтатты.
Мектебіміздегі ән- күй үйірмесінің мүшелері "Гүлдер" биші қыздары өткізілетін әр іс- шараның көркі десем, қате болмас. Мың бұралған сұлу қыздарымыз өз өнерімен мерекелік шараларда көптің көңілін тәнті етеді.
Генерал- майор Сабыр Рахимовтың 110 жылдық мерейтойы мектебімізде ерекше тойланды.Облыс көлемінде өткен өткізілген бұл салтанатты жиында өте көп қонақтар болды. Оқушылар тамылжыта ән айтып, күмбірлете күй төкті, сахналық қойылымдар көрсетті. Келген қонақтарды генерал- майордың асқан ерліктері, майдандағы әккі офицер екендігін дәлелдейтін көріністер қатты тебірентті. 11- сынып оқушылары жаттаған өлеңді естіген кезде жылтылдап жанарына жас үйірілді, жүректер лүпілдеді.
Аяусыз ғой қу соғыстың ызғары,
Талай жүрек сұм соғыста мұздады.
Ерлігіңді есте сақтап Ел іші
Ұмытпайды бейбіт күннің ұлдары.
Әбден риза болған қонақтар жаңа ашылған Сабыр Рахимов бюсті қасына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бұл шара көпке шейін шәкірттердің жүрегінде қалып, генералдың есімімен аталған мектептің оқушысы екендерін мақтаныш етті.
Жаза берсем, жүрегі нәзік, бір бойынан ерлік те өрлік те табылатын генерал-майор Сабыр Рахимов есімімен атлатын менің мектебімнің жетістіктері ұшан-теңіз. Ұстаздары ақ жүзді,абыройлы, жаңашыл әрі тәжірибелі. Олардың нәтижелі еңбегі шәкірттер жетістігінен көрініп тұр. Біз, оқушылар, келешекте Отанымызға, туған жерімізге мол пайда келтіретін, озық ойлы азамат болып, белгілі бір мамандықтың шебері болуды мақсат еткенбіз. Осындай салмақты жауапкершіліктің ішінде біздің нақты үлесіміз әрі міндетіміз- терең білім алып, шынайы шығармашылық қабілеті қалыптасқан, интеллектуалды шәкірт болу.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру