БЕЙБАРЫС пен КЕТБҰҒА
© Кенішбайдың Рақымының ұлы Болат
Ұлтымызды ұлыдай, ұлықтай, ұлымыздай ұлықтайық!!!
Ұлтыңызды ұлыдай, ұлықтай, ұлыңыздай ұлықтаңыз!!!
Ұлтыңды ұлыдай, ұлықтай, ұлыңдай ұлықта!!!
Ұлтымды ұлыдай, ұлықтай, ұлымдай ұлықтаймын!!!
© Кенішбайдың Рақымының ұлы Болат
Қазақ аңыздарының ізімен жазылған сценарий
Қатынасушылар:
1. Бейбарыс – Египеттің сұлтаны болған, ұлты қазақ.
2. Кетбұға – Шыңғысхан әскерінің қолбасшысы болған, Шыңғысхан империясында би болып қызмет атқарған, моңғолдар жаулап алған Израильдің, Сирияның және Таяу Шығыстағы басқа да елдердің патшасы болған, ұлты қазақ.
3. Тэмуджин (Шыңғысхан) – моңғол ханы, ұлты моңғол.
4. Жекелеген көріністерде: мұғалім апай, ұл-қызы аралас оқушы балалар, Тэмуджиннің (Шыңғысханның) уәзірлері, қазақ қариясы, Бейбарысқа ұқсас адам, қазақ ақсақалы, дауыстар.
Ескертпелер:
1) Қазақ аңыздарының ізімен спектакль қоюға, қысқа метражды кинофильм, бейнефильм, бейнеспектакль, мультфильм түсіруге арналып жазылған сценарий.
2) Жастарға түсінікті болу үшін сценарийдегі ел, жер, су, тау атаулары қазіргі заманғы атаулармен аталған, сөз саптаулар қазіргі заманауи сөз тіркестері арқылы берілген, табиғаттағы және қоғамдағы құбылыстар заманауи ұғымдар арқылы суреттелген.
ПРОЛОГ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Бүгінгі Қазақстанның бір қаласындағы бір мектептің онбірінші сыныбында бір мұғалім апай сабақ жүргізіп отыр.
Мұғалім апай: Балалар, мен өзім шалғайдағы ауылдан көшіп келіп, осындай оқуға барлық жағдай жасалған мектепке орналасып, өздеріңдей кілең білімді балалар оқитын классқа сынып жетекшісі болғаныма қуанамын. Сіздер бірнеше тіл білесіздер, араларыңызда ғылыммен, өндіріспен, экономикамен, саясатпен, әлеуметтік және басқа да нақты мәселелермен айналысамын дейтіндер, өнертапқыштар, спортсмендер, ақындар, күйшілер, суретшілер бар, барлықтарыңыз таланттысыздар. Мұғалімдер Сіздерге өзіміздегі және шет мемлекеттердегі ең жақсы тәжірибелерді пайдалана отырып жан-жақты білім беруге тырысты. Енді бір-екі айда мектептіде бітіресіздер, бәріңіздің қалаған мамандықты таңдауға мүмкіндіктеріңіз бар, шетелге оқуға бара қалсаңыздар біздің еліміздегі білім деңгейінің жоғары екендігін дәлелдей жүріңіздер. Қазіргі жаһандану заманында ел мен ел қоян-қолтық араласып жатқан кезде Сіздерге керек болып қалар деген ниетпен осыған дейін грек ұлтының мифтері, орыс халқының ертегілері, қытай елінің аңыздары, жапон ұлтының философиясы туралы сабақтар өткіздім ғой. Бүгін, өткендегі келісім бойынша, қазақ аңыздарын айтасыздар, талдайсыздар. Ал, кәне кім дайын?
Оқушы ұл бала: Мұғалім, интернеттен қарадық, кітапханаға бардық, қазақ аңыздары туралы мардымды ештеңе таба алмадық, ал қазақи тарихи әңгімелер көптеп кездесті.
Мұғалім апай: Тарихи әңгімелер аңызға ұқсас болады, олардың аңыздан айырмашылығы ол әңгімелердің оқиғаларында нақты даталар мен деректер келтіріліп отырады. Аңыздарда нақты тарихи тұлғалардың есімдері, сосын нақты жер, су, ел атаулары кездескенімен, нақты оқиғалар айтылғанымен, нақты даталар айтылмайды. Оларда жағымды тұлғалар ешбір мінсіз кейіпкер болып көрсетіледі. Сондықтан аңыздардың тәрбиелік мәні өте зор болып келеді. Аңыздар жас ұрпақты еңбексүйгіштік, білімқұмарлық, адамгершілік, намысқойлық, адалдық, ізгіліктік, отансүйгіштік, ұлтжандылық, ұлттық философиялық, адамаралық түсіністік, халықаралық ынтымақтастық, ұлтаралық сыйластық сияқты және тағы басқа да көптеген табиғи, адами, қазақи жақсы қасиеттерді меңгеруге, иеленуге, дамытуға баулыйды. Халық арасында қазақи аңыздар көптеп тараған.
Оқушы қыз бала: Апай, білсеңіз тым болмаса біреуін айтып берсеңіз?!
Мұғалім апай: Білемін. Сіздерде ауылдарда бабаларыңыз, аталарыңыз, апаларыңыз, әжелеріңіз болса солардан демалысқа барғанда сұрастырыңыздар.
Ал, бүгін мен Сіздерге Бейбарыс пен Кетбұға туралы аңыз айтып берейін. Бұл аңыздың оқиғалары тамырын тарихтың терең тұңғиығынан алады. Сондықтан, балалар, осы аңыздың желісі Сіздерге түсінікті болу үшін алдымен біраз кіріспе айтып берейін.
Бала кезімізде ұлты қазақ Бейбарыс Сұлтан өз заманындағы патшалардың арасында дәулеті шалқып, билігі тасып, батырлығы басып, мерейі асып тұрса да Египет мемлекетіндегі сұлтандық билігін тастап Қазақстанға қайтып келгенін, қазақ халқын Жер бетінен жоғалып кетуден сақтап қалған, кезінде Израильде патша болған, Шыңғысханның қолбасшысы және биі болған, ұлты қазақ Кетбұға батыр екендігін, Қазақстанның Отырар (Фараб) атты қаласынан шыққан ғалым, ұлты қазақ ғалым Әбунасыр әл-Фарабиді әлем ғұламаларының «Екінші Ұстаз» деп мойындағанын, қазақтардың Жер жаралғалы қазақ екендігін, Қазақстанның көнеден келе жатқан мемлекет екендігін дәлелдейтін неше түрлі тарихи әңгімелерді, аңыздарды, шежірелерді, жырларды, дастандарды, ән мен күйлерді, мақал мен мәтелдерді, нақыл сөздерді естіп өстік, сосын ықлым заманнан өзгермей келе жатқан ұлтбасы Қазақ Бабамыз айтып, жасап кетіпті деген табиғи және адами негіздері бар ұлттық мәдениет пен өркениетті, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды көріп өстік.
Қазіргі уақытта солардың барлығы тарихи шындық екендігін, қуанышқа орай, шетелдік ғалымдар біртіндеп растап жатыр. Бірақ, өкінішке орай, өз ішіміздегі кейбіреулер некен саяқ жазба деректерге сүйеніп аңыздардағы оқиғаларды өтірік деп, миллиондаған қазақтардың айтқанына сенбей, тұтас бір ұлттың есте сақтау қабілетін жоққа шығарып, қазақтың мәдениеті мен өркениетін, ғылымы мен өндірісін, білімі мен өнерін, үлгісі мен өнегесін, қасиеті мен қабілетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын іске алғысыз қылып жүр.
Ал, мен өзім, қазақи тарихи аңыздарға ұялып, қымсынып керегі жоқ деп ойлаймын, өйткені осындай аңыздарды негізге алып әлемдегі көптеген елдер мен ұлттар өздерінің халықаралық танымалдылығын арттырып отырғанын көріп отырмыз.
Бұл қазақи аңызда сұлтан Бейбарыс Бабамыздың туған ел мен жерге деген зор патриоттық сезімнің арқасында қаншама қиындықты жеңіп Қазақстанға оралғандығы, патша Кетбұға Бабамыздың керім тапқырлығы, жанқияр ерлігі, талантты өнерінің арқасында халқымызды жоғалып кететін апаттан аман қалғандығы, осы екі даңқты бабаларымыздың араларындағы сыйластығы туралы әңгімеленеді.
Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі кезде Шыңғысханды пір тұтып жүргендер қазақ арасында көбейгендігін білесіздер. Осыған байланысты, аңызда қазақтардың бағзы заманнан мемлекеті болған көне ұлт екені, олардың ұлттық ерекшеліктерін, қасиеттерін, қабілеттерін, басқаға үлгі болар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын кезінде бұ дүниеде ешкімді бетіне қаратпаған моңғолдың әйгілі ұлы ханы Шыңғысханның өзі құптап, мойындап, тәнті болғаны, дәріптегені көрсетілген эпизодтарға көңіл аударыңыздар.
Осы аңыздағы оқиғалар қазақ шежірелерімен мағыналас, сондықтан аңыз солармен ұштастырылса бұндағы пайымдар түсініктірек болады. Өзім қазақ шежірелерін мәйегі өмірден алынған ғылыми, адами, табиғи, мәңгілік туындылар деп санаймын және олардан нәрлі мән, зор шабыт, көп мағлұмат алуға болады деп есептеймін. Сосын, қазір әлемде грек мифтері, басқа ұлттардың аңыздары жаңғыртылып жатыр, ал біздің ұрпақ қазақ шежірелерін оқып, аңыздарын естіп өстік, сондықтан біз халқымыздың осы қасиет, қабілетінің ұмытылмауына ықпал етуіміз керек деп санаймын.
Егерде, режиссерлер, бұл аңыздың негізінде спектакль, кинофильм, бейнефильм, бейнеспектакль, мультфильмдер жасап шығарса, ал артистер мен актерлер, сол шығармалардағы тұлғаларды сомдаса жас ұрпақты еңбексүйгіштік, білімқұмарлық, адамгершілік, намысқойлық, адалдық, ізгіліктік, отансүйгіштік, ұлтжандылық, ұлттық философиялық, адамаралық түсіністік, халықаралық ынтымақтастық, ұлтаралық сыйластық сияқты және тағы басқа да көптеген табиғи, адами, қазақи жақсы қасиеттерді меңгеруге, иеленуге, дамытуға баулыйтын елімізде атқарылып жатқан игілікті іс-шаралардың саны мен сапасы және тиімділігі арта берер еді деп есептеймін.
Ал, енді мұқият тыңдаңыздар, жазып алыңыздар. Келесі сабақта осы аңызды талдайсыздар.
Оқушы балалар тыңдауға, жазуға ыңғай таныта бастайды.
Сахна (экран) қараңғыланады.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Ұлы Даланың ортаңғы тұсы Ұлытау маңындағы бір оазисте 30 қанат ақ шаңқан қазақтың киіз үйі тігілген.
Төрдегі алтын тақтың үстінде моңғол ханы Тэмуджин. Хан алдында уәзірлері отыр.
Тэмуджин: Ал, уәзірлерім мені тыңдаңдар!
Уәзір: Тыңдап отырмыз, хан ием!
Тэмуджин: Мына 30 қанат ақ шаңқан қазақтың киіз үйі Алтай мен Хантәңірі және Кавказ бен Орал тауларының, Каспий және Қара теңіздердің, Сыр және Днепр дарияларының, Сібір және орыс ормандарының араларын алып жатқан ұлан байтақ жерді бүкіл адамзат, яғни адамдар Ұлы Дала деп біледі. Осы Ұлы Далаға құдайдың қалауымен ие болған қазақтар біздің замандағы дүние жүзіндегі ең ірі мемлекет Қазақстанды құрып, дамытып еді. Бірақ бізден жеңіліс тапты. Мына бүгін біз мәжіліс құрып отырған шаңырағы биік, керегесі кең, босағасы берік, табалдырығы мықты, іші қымбат та асыл жасауға толы үй осы Қазақ Елі патшасының көшпелі алтын ордасы. Мына мен отырған алтын тақ, сол патшаның алтын тағы.
Уәзір: Ұлы Даланы басып алған, Қазақ Елін жеңген біздің моңғолдың ханы Тэмуджин жасасын!
Тэмуджин: Мен Қазақ Елін жаулап алған соң, Ұлы Даланы арлы-берлі аралап шықтым, көптеген қазақтың ақсақалдары, қариялары, билері, батырлары, ақындары, жыраулары, сазгерлері, күйшілері, жазушылары, шежірешілері, даналары, ғалымдары, ғұламалары, әулиелерімен кездесіп, кеңестер өткізіп жүрмін. Сол көргендерім, естіп-білгендерімнен шығарған қорытынды пайымдарымды сендерге айтып, жария етейін деп отырмын.
Уәзір: Кез келген адамға, тіпті жауына да сый-құрметпен қарайтын, халықтың пікірімен санасатын, елімен ақылдасып отыратын моңғол ханы Тэмуджин жасасын!
Тэмуджин: Қазақтар Ұлы Даланың ортаңғы тұсы Ұлытауды Жер Шарының ортасы, қасиетті, киелі мекен дейді. Жерлерінің шығысында заңғар тау Алтай, оңтүстігінде алып тау Хантәңірі, солтүстігінде жоталы тау Орал, батысында асқар тау Кавказ болса да осы бір онша биік емес тауды Ұлытау деп атаған. Осы маңда Адам Ата мен Хау Ана ғайыптан пайда болған дейді. Сол пайғамбарлардың ұрпақтары, яғни адам баласы һәм адамзат осы маңнан жер жүзіне тараған дейді. Олар Адам Ата мен Хау Ана осы Ұлы Далаға ғайыптан қонғаннан соң бұл жерді атақоныс, олар бұл маңда тұрақтап қалған соң ататұрақ, солар бұл даланы мекен қылып таңдаған соң атамекен, олардың ұрпағы осы аймақтан дүниеге тараған соң атажұрт деп атаған. Қазақтар Жер жүзін топан су басқанда Нұх пайғамбар бізге тек қасиетті де киелі атажұрт ғана пана болады деп барлық тіршілік иелерін Ұлы Далаға жинапты, сөйтіп су тартылған соң оларды келген жақтарына қайтарыпты, яғни адамзаты осы жерден әлемге екінші рет тарау алыпты дейді.
Уәзір: Иә, хан ием, бұндай аңыздардың шет жағасын бізде естіп жатырмыз.
Тэмуджин: Қазақтар өздерін Адам Ата мен Хау Ананың жетінші ұрпағы Қазақ Бабаның тікелей ұрпағымыз дейді, ол кісіні Қазақ ұлтының басы дейді, яғни өздерінің шежіресін Адам Ата мен Қазақ Бабадан таратады. Олар Хау Ана сөйлеген тілде сөйлейміз сондықтан біздің тіл барлық тілдердің анасы, яғни тіліміз сол себепті Ана Тіл деп аталады дейді. Қазақтар алғашқы пайғамбарлардың тікелей ұрпағы Қазақ Бабаны да алғашқы пайғамбарлардың бірі деп санайды, оны жүз мыңдаған пайғамбарлардың тізіміне кіреді дейді, ол бабаларын киелі, қасиетті, әулие адам деп есептейді. Қазақ Бабаның айтып кеткен нақыл сөздерін әрқашан басшылыққа алып отырады.
Уәзір: Бұндай ұлы елді жеңген, осындай қасиетті де киелі жерді, пайғамбарлардың елі мен жерін басып алып, Ұлы Даланың бұдан былайғы иесі болған Сізде Пайғамбарсыз хан ием! Сіз, хан ием, енді Ұлы Даланың егесі Ұлы Хансыз! Тэмуджин Ұлы Хан! Ұлы Хан Тэмуджин!
Тэмуджин: Қазақтар тағдыр айдап Ұлы Далаға келіп қалған басқа ұлттарды жатсынбайды екен. Жер жүзіндегі барлық халықтар Адам Ата мен Хау Ананың ұрпақтары, яғни бәріміз туыспыз, бауырмыз, сондықтан бұлар атажұртқа пана іздеп келген ғой деп, оларға Құдай берген жеріміз жетеді деп жер бөліп, өле жегенше бөле жейік деп мал беріп, қолдан келген көмегін аямайды екен. Олар барлық ұлттардың теңдігін әрқашан мойындап отырады, жаман ұлт жоқ, жаман адам жоқ, тек адамдар бірін бірі кейде түсінбей қалады содан келіспеушілік басталады дейді. Сол себепті олар Қазақ Баба «Жылқы кісінескенше, кісі түсініскенше» сосын «Басқаны түсіну – мәдениеттің шыңы» деген деп адамаралық, ұлтаралық, халықаралық түсіністікті ту қылып ұстайды екен.
Уәзір: О, Ұлы хан! Бұлардың бабасы Қазақ әулие «Сақтықта қорлық жоқ» депті ғой, олар түсіністікті ту қылып ұстағанымен біз бәрібір сақ болайық, біз олар үшін басқыншымыз ғой!
Тэмуджин: Иә, өздерің білесіңдер, біз Қазақ Еліне үш рет соғыс аштық. Үш ретте де майданда жеңіліс таптық. Төртінші рет айламен қазақтарды біріне бірін айдап салып, араларына іріткі салып, әйтеуір жаулап алдық ғой.
Уәзір: Ұлы Хан Тэмуджин! Сіз үш ретте де жеңілген жоқсыз, ақылға жықтырып, сәл шегініс жасадыңыз. Төртінші рет Сіз айламен емес ақылмен, батырлықпен жеңіске жеттіңіз!
Тэмуджин: Осы соғыстардан кейін мен мынаны ұқтым. Бұл қазақтар бостандық сүйгіш, әрқашан азат болғанды қалайтын, әр кезде еркін жүргенді ұнататын, кез келген уақытта ештеңеден тәуелсіз болғысы келетін, еш заманда ешкімге бодан болғысы келмейтін халық екен.
Уәзір: Ұлы Хан Тэмуджин! Сіз сол қазақтарды жеңдіңіз, олар Сізге бағынды, Сіз Ұлы Даланың иесісіз! Сіз Ұлы Хансыз!
Тэмуджин: Қазақтар бүгін жеңіліп бағынғанмен, ертең көтеріледі, бұларды айламен, сендер айтқандай ақылмен алдап ұстау керек деп ойлаймын.
Уәзір: Ұлы Хан! Қазақтар ойсырай жеңілді, енді көтеріле алмайды.
Тэмуджин: Көтеріледі, әйтеуір бір көтеріледі. Бірақ біз бағыныс пен көтерілістің арасын барынша алшақтатуымыз керек деп пайымдаймын. Сонда олардың ұрпақтары біздің ұрпақтармен араласып кетуі мүмкін, сөйтіп көтеріліс отын сөндіре алсақ, оларға өзіміздің артықшылығымызды сендіре алсақ, сөйтіп оларды біздің билікке көндіре алсақ қазақтардың келешектегі ұрпақтары уақыт өте өздерін моңғол деп есептейтін болады.
Уәзір: Ұлы Хан дұрыс айтады! Қазақтарды көндіру керек, сөндіру керек, сендіру керек, оларды моңғол қылу керек.
Тэмуджин: Мен өзім осы Ұлы Даланың қасиеті мен киесіне, бұл маңның Жер Шарының ортасы екеніне, қазақтардың Адам Ата мен Хау Ана, Ана Тіл жайындағы пайымдарына, олардың Қазақ ұлтының басы Пайғамбар Қазақ Баба туралы айтқандарына шүбә келтірмеймін. Мен осылай қазақтарға сенемін деп оларды риза қылайын деп отырмын.
Уәзір: О, Ұлы Хан, о не дегеніңіз! Сіз жеңімпазсыз, олар Сізді риза қылу керек!
Тэмуджин: Жоқ. Мәселе жеңісте емес. Қарасаңыз, шынында да Қазақ Елі Жер Шарының ортасына орналасқан сияқты. Осы Ұлы Даладан адам баласы шартарапқа таралғаны байқалады, өйткені Қазақ Елінің шығысында буддизм, оңтүстігінде ислам, солтүстігінде шаманизм, батысында христиан өркениеттері орналасқан, осы мәдениеттер осы жерден таралған ба деп ойлаймын. Бұндай төрт құбыласы тең мемлекет дүние жүзінде жоқ екен.
Уәзір: Біздің Ұлы Хан өте білімді, бәрін біледі!
Тэмуджин: Бұлар біз сияқты көшпелі емес, қалалар мен ауылдарда тұрады. Қанша зобалаң болса да, ата-бабам осында жатыр деп ешқайда көшпейді екен, алда-жалда көшіп кетсе, туған жерден бір уыс топырақ бұйырсын деп атамекеніне атажұртым деп қайтып оралады екен. Өздері өте бейбітшіл, Құдай берген жеріміз жетеді деп басқа жерді жаулауға бармайды екен. Қалалары білім, ғылым, өндіріс ордасы, ал ауылдары демалыс орындары сықылды. Олардың киіз үйлері бейне бір ғылыми туынды ғой, қанатын жалғасаң үлкейе береді, алып тастасаң кішірейе салады, бірнеше үйді қатар тігіп көп бөлмелі ордаға айналдыруға болады, ыстықта салқын, суықта жылы, жорықта таптырмайтын баспана, сондықтан киіз үйлерді көптеп жасатып әскерлерге таратып беру керек.
Уәзір: Құп болады Ұлы Хан!
Тэмуджин: Тағам түрлері өте көп екенін байқадым. Бие сүтінен адамзат ағзасына күш-қуат беретін сусындық, адам денсаулығына өте пайдалы емдік, көптеген аурулар мен сырқаттарға шипа болатын дәрілік қасиеттері бар қымыз деген тағам, ал сиыр, қой, түйе сүтінен көптеген жылдар бұзылмайтын құрт деген тағам жасайды екен, соларды қалай дайындайтын құпиясын біліп алу керек.
Уәзір: Біліп аламыз, Ұлы Хан!
Тэмуджин: Олар төрт түлік малдың етінен, әсіресе жылқы етінен жасалатын бесбармақ деген тағамдарын жеген де арманда, жемеген де арманда дейді екен. Өйткені, бұл тағамның адам ағзасына пайдасы өте зор болғандықтан және ол өте дәмді болғандықтан сапасы бес бармақпен бағаланып, «Бесбармақ» деген атау алған екен. Барлығымыз сапа барлық елде, барлық кезде бармақпен бағаланатынын және бестік баға өте жақсы деген баға екенін білеміз.
Уәзір: Иә, Ұлы Хан, ондай бағалау жүйесін бәріміз білеміз. Бесбармақ Сізге ұнаған екен, сондықтан бұдан былай Сіздің дастарханда һәм Сіз қатысатын тойларда бесбармақ міндетті түрде болатын болады.
Тэмуджин: Олар Қазақ Бабамыз «Дүние жалған» және «Бұ дүниеде ештеңеде мәңгі емес» деген деп үйлерін онша берік қылмай салады екен, сәннің ауысуына байланысты ғимараттарын уақ-уақ бұзып, сосын салтанаттарын өзгертіп қайта салып ала береді екен. Өздері бейбіт саясат ұстағандықтан өзгені де солай деп ойлап, ауыл-қалаларын көбінде қорғансыз, қалаларды онша үлкен қылмай, ауылдарын кішкентай қылып салады екен.
Уәзір: О, Ұлы Хан, олардың елді мекендерінің Сіз айтқандай сипаттарын біз бұл жерді жаулап алғанда байқадық қой. Ондай ауыл-қалаларды салуға көп шығын кетпейді ғой. Бұлардың негізгі шығындары тойға кете ме деп қалдық ғой.
Тэмуджин: Иә, бұл елде мейрам-мерекеге, той-думанға ерекше қарайды екен. Өйткені тойға кеткен қаржыны шығын деп санамайды, керісінше оны өмірдің барлық саласын дамытуға мұрындық болатын қаражат деп есептейді екен. Адам туғаннан қайтыс болғанға дейін оның құрметіне уақ-уақ той жасала береді екен. Егер дәстүрлі тойларын бір себептермен жасай алмай қалса, жағдайы болғанда жасалмай қалған дәстүрлі тойлардың жиынтығы ретінде ұлы той деп, әйтеуір ретін тауып, той жасайды екен. Қайтыс болған адамды бір жыл қайғырып жоқтайды екен, оның аруағына арнап жетісі, қырқы, жылында қаралы дастархан жаяды екен, одан кейінгі жылдары ас беріп, асты той сияқты өткізеді екен. Тойларының бәрін жазда жайлауда жасап, ал алты ай қыс бойы соғым мерекесін өткізеді екен. Сондықтан соғымды әлемдегі ең мерзімі ұзақ ұлттық мереке, яғни алты ай бойы бүкіл халық мейрамдайтын мереке деп есептейді екен.
Уәзір: О, Ұлы Хан, біздіңше ақшаны қару-жарақ өндірісіне, соғыс өнерін дамытуға жұмсау керек деп ойлаймыз, сонда ешкімнен жеңілмейсің, бүкіл дүниені жаулап аласың!
Тэмуджин: Олар басқаша ойлайды екен. Сосын бұл елде оқу-білімге көп көңіл бөліп, ғылымды дамытуға көп күш салады екен. Адам білімді болған сайын мәдениетті һәм момын болып, соғыс тұр ғой ұрысқысы да келмейтін болып келеді ғой. (күле сөйлеп) Содан кейін бұл халық қайта-қайта соғыс аша берген біздерден соғысқысы келмей жеңіле салған шығар деп те кейде ойлаймын.
Уәзір: О, Ұлы Хан, Сіз оларды күшіңіз артық болғаннан соң жеңдіңіз.
Тэмуджин: Бұлар жерлерінің шетіне соғысамыз деп келгендерге бейбіт бітімге келейік дейді екен, болмаса батырлардың немесе патшалардың жекпе-жегімен шектелейік дейді екен. Өйткені, жекпе-жекте ары кетсе екі кісі қаза табады, қалған адамдар аман қалады дейді. Сосын жекпе-жекте жеңгеннің айтқанын істейік дейді екен.
Уәзір: Иә, Ұлы Хан, бұлардың патшасы осы жолғы соғыстарда Сізді де қайта-қайта бізде қарапайым адамдардың ұстанымы болып есептелетін жағымсыз іске, яғни жекпе-жекке шақырып еді ғой. Өздерінің патшаларының, батырларының көп әскерді басқаруға өрелері жетпейді ғой деймін.
Тэмуджин: Жоқ, бұл саясатта мынандай құпия бар екен. Бұлар бабаларымыз жабайы жылқының адамзатқа мінсе көлік, ал жылқы шаруашылығының өнімдері кисе киім, жесе тағам, ішсе сусын бола алатынын көріп, сезіп білгендіктен, осы тағы жануарды әлемде алғашқы боп қолға үйретіп күнделікті өмірде пайдалана бастаған деп мақтанады. Шынында да олардың жылқы шаруашылығын дамытуда көп алға кетіп қалғанын байқадым. Қазақтар жабайы жылқыны сұрыптап мінетін, жұмысқа жегетін, етті, сүтті және басқа да тұқымдарын іріктеп шығарған екен. Мініске пайдаланатын жылқылардың ішінде «Жебе» деген тұқымды жекпе-жекке арнап шығарыпты. Бұларда «Тақымы мықты ғана «Жебенің» үстінде отыра алады» сосын «Жебе» мініп жау алған» деген мәтелдер бар. Батырлар «Жебе» атын тек жекпе-жекке ғана мінеді екен. «Жебе» жылқысы өте ұшқыр болып келеді, ондай аттар орнынан бірден өте үлкен жылдамдық алып, үстіндегі батырын қарсыласына ә дегенде алып барады, батыр қатты екпінмен келіп шапқанда жауын екіге бөліп түсіреді екен. Сондықтан қазақтардан осы «Жебе» жылқыларын сатып немесе салық ретінде алып, өзіміздің тақымы мықты сарбаздарды жекпе-жек соғыс әдістеріне үйрету керек. Сөйтіп қазақтардың осындай бейбіт саясатын жекпе-жекте анық жеңіске жететінімізді білген кезде бізде қолданып көрейік.
Уәзір: Құп болады Ұлы Хан! Бірақ бұл саясатты біз әділетсіз саясат деп есептейміз, өйткені қоғам көпшіліктің шешімімен жүреді ғой. Жекпе-жекте бір адамды өлтірген адамның шешіміне бүтін бір мемлекет бағынған дұрыс емес деп санаймыз, сондықтан Сіздің майдан даласына көп әскермен шығатыныңызды құптаймыз. Сосын, о Ұлы Хан, бұ дүниеде көп әскермен соғыс жүргізуде Сізден өнері асқан ешкім жоқ екенін тағы қайталап айтамыз!
Тэмуджин: Бұлардың кез келген қаласында кітапхана болады екен. Отырар деген қалада әлемдегі ең бай кітапхана болыпты. Қаланың билеушісі Қайырхан сол кітапханадағы кітаптарды сенімді адамдары әбден жасырып болғанша қалаға біздің әскерлерді кіргізбей қорғанып бағыпты. Қайырханнан өзім жауап алдым, бірақ ол кітаптарды қайда жасырғанын айтпай қойды. Сол білім қазынасын іздеп табу керек, олардың ішінде мәңгі жасаудың жолын көрсететін кітап бар дейді. Өзім адам мәңгі жасайды дегенге сене қоймаймын. Ұлы тұлғалардың игілікті істері мәңгі жасайды десе бір сәрі. Бірақ, олар «Үмітсіз шайтан ғана» деп Қазақ Баба айтып кетіпті дейді, бізде үміттеніп көрейік.
Уәзір: Иә, Ұлы Хан, үміт үзбейік! Біз табамыз ол кітапхананы.
Тэмуджин: Сол Отырардан шыққан Әбунасыр әл-Фараби атты қазақ ғұламасын бүкіл әлем ғалымдары «Екінші Ұстаз» деп атайды екен. Ол 70 тілді меңгеріпті, екі жүздей кітап, ғылыми еңбектер жазыпты, философия ғылымын, яғни жалпы ғылымды сала-салаға бөліпті, шабыты келгенде ән-күй және өлеңде шығарады екен, басқа да өнерлерімен Жер шарына белгілі болыпты. Ол «Бірінші Ұстаз» деп аталатын Аристотельдің еңбектерін талдап, тексеріп, жөндеп дамытыпты деп естідім.
Уәзір: Ол ғұлама туралы бізде естіп едік.
Тэмуджин: Бұлардың өздеріне тән, қытайдың иероглифтерінен, арап әріптерінен оңай, жазу-сызу белгілері бар екен. Айтпақшы, менің ордама қазақтардың жазу-сызуын білетін бір адамды қызметке алыңдар. Ол біріншіден, менің өмірбаянымды кітап қылып шығарсын, екіншіден ылғи қасымда болып менің не істеп, не қойғанымды тәптіштеп қағазға түсіріп, қазақша хаттап, құжаттап отырсын.
Уәзір: Құп болады, Ұлы Хан!
Тэмуджин: Осы елден «Екінші Ұстаз» Әбунасыр сияқты бір ғұламаны тауып, менің ордама би ретінде қызметке алыңдар. Ол маған ылғи шындықты айтып, ақыл-кеңесін беріп отыратын болсын.
Уәзір: Біздің білуімізше осы маңайда Сіздің билігіңізді мойындап отырған, сөздерін халық тыңдайтын Келбұға, Кетбұға деген сегіз қырлы, бір сырлы, көп өнерлі егіз батыр бар екен. Сол екеуін бірден алдырып көрейік те.
Тэмуджин: Өте жақсы. Тек кішісін, Кетбұғаны ғана алдырыңдар. Мен оны аманат қылып Моңғолияға Қарақорымға алып кетемін. Келбұға сонда інісі үшін халықты көтермей ұстап отырады. Сосын Келбұғаны біртіндеп Жошының ордасына қызметке алуға болар.
Уәзір: Құп болады, Ұлы Хан! Ертең-ақ кісі жіберіп Кетбұғаны Сіздің ордаға қызметке алдырамыз.
Тэмуджин: Осы айтқандарымды қорытындылай келе мен өзімнің Тэмуджин деген моңғолша есімімді өзгертіп, адамзаттың анасы Хау Ана сөйлеген Ана Тілмен айтылатын есім, ал қазіргі кезде халықаралық тіл болып есептелетін қазақ тілімен айтылатын қазақша ат алайын деп отырмын.
Уәзір: О, Ұлы Хан, бұл қалай болады екен?!
Тэмуджин: Осы қасиетті тілде қойылған есімнің киесі арқылы мен қазақтардың сый-құрметіне ие боламын, менің абыройым қазақтардың арасында зор болады, менің мерейім бұдан былай бүкіл әлемде әрқашан үстем болады, бар дүниені жаулап аламын!
Уәзір: Иә, Ұлы Хан! Сіз бар ғаламды өзіңізге қаратасыз! Кешіріңіз, хан ием, Сіз өзіңізге қандай есімді таңдадыңыз!
Тэмуджин: Менің атым бүгіненнен бастап моңғолша Тэмуджин емес, қазақша «Шыңғысхан» болады! Мен Шыңғысханмын! Менің бұл шешімімді моңғол халқына, бүкіл дүниеге таратыңдар!
Уәзір: Шыңғысхан! Шыңғысхан жасасын! Таратамыз Сіздің Жарлығыңызды бүкіл әлемге! О, хан ием, айыпқа бұйырмаңыз, бұл есім қандай мағына береді?
Тэмуджин: Мен жаңа ғана айтым ғой көптеген қазақтың кемеңгерлерімен әңгіме-дүкен құрып жүрмін деп. Солардың ақылымен «Шыңғысхан» деген есімді алуға бел будым. Біріншіден, «Шыңғысхан» дегенде байқасаңдар «шың, құз» деген сөздер естіледі, яғни «Шыңғысхан» деген есім шыңдай биік ойлы, құздай терең білімді хан деген мағына береді. Екіншіден, «Шыңғысхан» дегенде байқасаңдар «шың, құс» деген сөздер де естіледі, яғни шың құсындай қыран хан деген мағына береді. Сонымен сайып келгенде Шыңғысхан деген атақ ұлылардың ұлысы деген ұғымға сай келеді.
Уәзір: Шыңғысхан! Шыңғысхан жасасын!
Шыңғысхан: О, менің уәзірлерім! Енді Шыңғысханды тыңдаңдар!
Уәзір: Сізді тыңдап тұрмыз Шыңғысхан!
Шыңғысхан: (саңқылдаған дауыспен) Менің ұрпақтарым бұдан былай қай жерде, қай елде болсада ылғи төрде отырсын, сондықтан олар қазақша «төре» деген атау алсын!
Уәзір: О, Шыңғысхан! Сіздің ұрпақтарыңызды бұдан былай «төре» деп атаймыз.
Шыңғысхан: Қазақтар араларында жеті ата толмай қыз алып, қыз беріспейді екен, сөйтіп қандарын әбден тазартып, кез келген қазақ таза қанды ақсүйек деп, сондықтан өздерін қандары кінәсіз таза, яғни кінәз халық һәм ақсүйек ұлт деп айтады екен. Алда-жалда ұлдары басқа ұлттың қыздарына үйленіп жатса олардың ұрпақтарын жеті атаға дейін қазақ емес қара деп, «Қарадан туып бас болмас» деп билікке жібермейді екен. Өйткені бұл дәстүрдің арт жағында баланың шешесі басқа ұлттан болса, ондай баланың бір бүйрегі нағашы жұртына бұрып тұрады ғой, сондықтан ондай кісі билікке жетсе елдің мүддесіне толық қанды қарай алмай қалады деген қауіп бар екен.
Уәзір: Қызық екен!
Шыңғысхан: (күліп) Байқамадыңдар ма, менің де қазақтарға бүйрегім бұрып тұрғанын, а?! Шешем қазақ ғой! (сәл тоқтап) Бұларда «Жігіттің жақсысы нағашысынан, қыздың жақсысы анасынан» деп Қазақ Баба айтты деген мақал бар екен. Осы ізбен олар бара-бара менің жетістіктерімді өздеріне таңып алуы мүмкін. Сондықтан қазақтардың әдісімен бұдан былай менің де тұқым-тұяқтарымды ақсүйекке айландырып, қатардағы қалың бұқараға қарағанда дәрежесін көтеру керек деп ойлаймын. Төрелерді ақсүйек деп, хан тұқымы деп, ал қалған халықты қара деп атау керек.
Уәзір: О, Шыңғысхан! Сіздің ұрпақтарыңызды бұдан былай хан тұқымы деп, «ақсүйек» деп атаймыз. Төрелер бұдан былай ақсүйек деп, ал қалған халық қара деп есептелетін болады.
Шыңғысхан: Қазақтар патшаларын рулардың арасында сайлау өткізу арқылы тағайындайды екен. Қай ру сайлауда жеңіп шықса, сол рудың патшаға лайықты деп санаған бір тұлғасын ақ кигізге көтеріп ұлықтап, таққа отырғызады екен. Қазақтар ел билеушіні өте қатты сыйлайды, тіпті кей кездерде мемлекеттерінің атауын патша сайлауында жеңіске жетіп, билікке келген рудың атымен де атап отырады екен. Мысалы, скиф билегенде – скиф мемлекеті, сақ билегенде – сақ мемлекеті, арғын билегенде – арғын (ғын, ғұн, хун, гун) мемлекеті, түрік билегенде – түрік мемлекеті, найман билегенде – найман мемлекеті, қыпшақ билегенде – қыпшақ мемлекеті, қаңлы билегенде – қаңлы мемлекеті, үйсін билегенде – үйсін мемлекеті деп кете береді.
Уәзір: О, Шыңғысхан! Сіз қазір Қазақ Елінің билеушісісіз ғой, сондықтан қазақтар өздерінің елін енді Шыңғысхан мемлекеті деуі ықтимал ғой.
Шыңғысхан: Жоқ. Олар үйтіп айта қоймас, өйткені біз олардың жерін жаулап алдық, еліндегі билікті күшпен тартып алдық ғой. Сосын мен қазақ емес, моңғолмын ғой! Мен тек қазақша есім ғана алып отырмын. Оның себебін жаңа ғана айттым ғой. Мен ұлтымды сатпаймын. Егер мен бұларды тыныштандыру үшін шешем қазақ менде қазақпын десем, онда олар анамның шыққан тегі қазақтың қоңырат руынан болғандықтан жаңа айтқан қазақи салтпен моңғол империясын қоңырат мемлекеті деп атап кетеді ғой. Сонда ұлы моңғол ұлтының аты өшіп кетеді, ал мен бүкіл әлемде бір-ақ мемлекет, яғни моңғол мемлекеті һәм моңғол билігі, моңғол өркениеті, моңғол мәдениеті орнағанын армандаймын. Сөйтіп артыма мәңгілік империя, мәңгілік өшпес із қалдырғым келеді!
Уәзір: О, Шыңғысхан! Бұл қасиетті де киелі елдің билігі енді Сізге мәңгі өтті ғой! Енді Сіз бүкіл әлемді бағындырасыз. Сондықтан Сіздей хан енді бұл дүниеде болмайды! Сіз мәңгіліксіз!
Шыңғысхан: Жоқ. Мен мәңгі жасай алмаймын ғой. Адам баласы ұрпақтарымен мәңгі жасайды. Маған дейін мендей көп жер мен көп елді жаулап алған ешкім болған жоқ. Жер шарын түгелдей моңғолға бағынышты етуге ғұмырым жете ме, жетпей ме білмеймін. Жетпесе ұрпақтарым, сіздер, басқа да моңғолдар сол мақсатты орындар деп ойлаймын.
Уәзір: О, Шыңғысхан! Сіздің арманыңыз орындалатынына біз сенімдіміз!
Шыңғысхан: Менің ұрпақтарым, Құдайға шүкір, көп қой, барлығына хан тағы жетпейді ғой, сондықтан бізде қазақтардікіне ұқсас сайлау жүйесін енгізейік. Бұдан былай моңғолдар жаулап алған елдерде, ал біз бар әлемді өзімізге бағындырамыз, яғни жердегі барлық елдерде патшалар мен хандар, шахтар мен корольдер, сұлтандар мен князьдер, басқа да билеушілер, сосын менің орныма да тек менің ұрпақтарымның, яғни тек төрелердің арасынан, бірақ тек әділдікті басшылыққа ала отырып жүргізілген сайлауда жеңіп шыққан адам бектілсін!
Уәзір: О, Шыңғысхан! Сіз керемет, қара қылды қақ жарған әділ жансыз!
Шыңғысхан: Осылай қазақтардың «Қарадан туып бас болмас» деген мәтелдерін «Қарадан туып хан болмас» деген қағидаға айналдырайық.
Уәзір: О, Шыңғысхан! Бұдан былай қарадан туғандардан ешқашан хан сайламаймыз.
Шыңғысхан: Қазақтардың есімін, атауын, салт-дәстүрін алып жатырмыз, олар түсінсе бұл істерім осы елге деген құрмет қой, халық пен халықтың арасындағы сыйластыққа жатады ғой. Сондықтан олар енді қайтіп маған қарсы шықпайтын болады деп үміттенемін және де менің ұрпақтарымды ақсүйек демесе де, өйткені жаңа айттым ғой кез келген қазақ өзін ақсүйек санайды деп, төре деп сыйлайтын болады деп ойлаймын.
Уәзір: О, Шыңғысхан! Біз Сіздің көрегендігіңізді білеміз, сондықтан бәрі Сіз айтқандай болады деп сенеміз. Шыңғысхан жасасын! Төре тұқымдары жасасын!
Шыңғысхан: Мені, яғни Шыңғысханды ақ кигізге көтеріп ұлықтаудың, таққа отырғызудың ресми салтанатын жасаңдар. Сосын мен осы Жер ортасы, қасиетті Ұлы Даладан, бүкіл әлемді толық жаулап алу үшін киелі жорықтарымды бастаймын. Мен басқа елдерге озық мәдениет пен өркениет апарам. Қазақ Елі менің әскерімді жасақтауға қатыссын, осы елдің жастары менің әскерімді толықтырсын. Жер Шарын төрт ұлыма бөліп беремін. Ұлы Дала және одан батысқа қарай жерлердің бәрі үлкен ұлым Жошының иелігіне өтсін. Егер менің балаларым өз жерінен басқа жерде қаза тапса, сол жердің халқын тегіс қырыңдар, баламды өлтіргенді немесе өлтіргендерді, оның не олардың туған-туыстарын, үрім-бұтағын, баламның өліміне кінәліні немесе кінәлілерді, оның не олардың туған-туыстарын, үрім-бұтағын тегіс қырыңдар! Мен енді Шыңғысханмын, сондықтан бұдан былай тек қана жақсы хабар естуім керек, маған жаман хабар жеткізгеннің көмейіне қорғасын ерітіп құйыңдар!
Уәзір: Айтқандарыңыздың, Жарлықтарыңыздың барлығын бар ғаламға таратамыз және оларды бұлжытпай орындаймыз ұлы мәртебелі Шыңғысхан!
Сахна (экран) қараңғыланады.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Моңғолия. Қарақорым. Шыңғысханның сарайы. Тақ үстінде Шыңғысхан. Тақ алдында Кетбұға.
Шыңғысхан: Кетбұға, мен саған ризамын, маған қашанда адал болғаныңды көріп, сезіп жүрмін. Кезінде сені қазақ халқының сүйіктісі болған соң қазақтардың аманаты ретінде, сосын жас болсаңда жан-жақты білімді болған соң ордадағы жауапты мәселелерді шешіп отыратын би қылам ба деп алдырғанымды білесің ғой.
Кетбұға: Иә, хан ием!
Шыңғысхан: Бірақ, мына жаугершілік заманда мен өзіме бағынышты әр адамның жауынгер болғанын қалаймын. Сондықтан өзіңді билік жасау қызметінде ғана емес жекпе-жек ұрыстарда және қол бастатып үлкен соғыстарда сынап көрдім. Билік жасау және соғыс өнерлерін жетік білетіндігіңді көрген соң саған ханның биі лауазымымен қоса қолбасшы деген дәреже де бердім.
Кетбұға: Бағаңызға алғысымды білдіремін! Сеніміңізге рахмет, хан ием!
Шыңғысхан: Иә, мен саған сенемін, сондықтан өте қиын тапсырма берейін деп отырмын.
Кетбұға: Мен Сізге және Сізге қызмет ету арқылы туған жерім мен туған еліме қызмет етуге дайынмын, хан ием!
Шыңғысхан: Ендеше, Египетке жорыққа аттанасың.
Кетбұға: (алаң көңілмен, бірақ нық дауыспен) Құп болады, хан ием!
Шыңғысхан: Кетбұға, мен сенің алаң көңіліңді сезіп отырмын. Мұндағы еліңді Жошы хан басқарып отыр, қасында Келбұға ағаң бар. Жошы мен қазақтардың арасы жақсы дейді. Менде баламның істерін бақылауға алып отырамын, сондықтан ештеңеге алаңдамай маған қызметіңді жасай бер.
Кетбұға: (нық дауыспен) Жақсы, хан ием, мен жорыққа дайынмын! Туған жерім мен туған елім Сізге аманат, хан ием!
Шыңғысхан: (қатқыл дауыспен) Айттым ғой, алаңда ма деп! (сәл тоқтап) Өзің білесің Сүбедей ноян Египет патшасы Бейбарыс Сұлтаннан жеңіліп, менің тауымды шақты.
Кетбұға: Иә, білем хан ием!
Шыңғысхан: Бейбарыс Сүбедейдің әскерін қашырып абыройымды айрандай қылды. Содан Бейбарысқа кек сақтадым.
Кетбұға: (нық дауыспен) Кегіңізді қайтарамын, хан ием!
Шыңғысхан: Бейбарыстың ұлты қазақ екенін білесің ғой?
Кетбұға: Иә.
Шыңғысхан: Сен Бейбарыспен кездес. Мен сезем, ол кездесуге қарсы болмайды.
Кетбұға: Неге олай дейсіз, хан ием? Ол екеуімізде қазақ болғанымызбен, біз соғыс жағдайындамыз ғой?!
Шыңғысхан: Өйткені, мен білемін ол Египетке барып қалған қазақты көрсе өте жақсы қабылдайды екен, естуімше елін, жерін қатты сағынып жүр екен. Сен оған маған бағын де, егер ол келіссе, мен кегім қайтты деп есептеймін, тіпті кешіремін, Қазақстанға келіп кетуіне рұқсат беремін. Қарсыласса майдан аш, әскерін қыр, оны өлтіріп өлігін, немесе тұтқындап тірідей маған алып келіп кегімді қайтар!
Кетбұға: Құп болады, хан ием!
Шыңғысхан: Осы әдістерді пайдаланып, әйтеуір Бейбарысты жеңіп, кегімді қайтарып, Египетті жаулап алып, Африкаға жол аш.
Кетбұға: Құп болады, хан ием!
Шыңғысхан: Кетбұға, біраз күннен кейін сендерше, яғни қазақша жыл басы наурыз келеді. Биыл ол сендерше сәрсенбіге келіпті. Сондықтан, сен наурызды қарсы ал, аман-есен оралуға жазсын деп, сендерше сәрсенбі сәтті күні той бер, сендерше бейсенбі қасиетті күні дем ал, жұма күні жолға шық. Ал, оған дейін әскердің дайындығын өзің тексеріп шық.
Кетбұға: Құп болады, хан ием! Біздің халықтың салт-дәстүрін сыйлағаныңызға, қамқорлығыңызға рахмет!
Шыңғысхан: Жолың болсын!
Кетбұға басын иеді де, шұғыл бұрылып, ордадан шығып кетеді.
Сахна (экран) қараңғыланады.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Израиль жеріндегі бір оазисте 30 қанат ақ шаңқан қазақтың киіз үйіне ұқсас жасалған Египет патшасы Бейбарыс Сұлтанның көшпелі алтын ордасы. Төрдегі алтын тақта Бейбарыс отыр. Таққа жақын құрметті қонақтарға арналған орынға Кетбұға жайғасқан.
Кетбұға: (саңқылдаған дауыспен) Сұлтан Бейбарыс! Мен Шыңғысхан әскерінің қолбасшысы Кетбұғамын!
Бейбарыс: (саңқ етіп) Мен Египет патшасы Бейбарыс Сұлтанмын!
Кетбұға: Мен Шыңғысханның сәлемін әкелдім.
Бейбарыс: Құрметті Кетбұға, екеуміз қандас екенбіз, жасыңыз кіші екен, менің алыстағы отаным Ұлы Даладан Қазақ Елінен келіпсіз, құрметті қонағым болыңыз. Қазақ қонақтан үш күнге дейін бұйымтай сұрамаған ғой, сондықтан Шыңғысханның сәлемін сосын айта жатарсыз.
Кетбұға: (жұлып алғандай) Жоқ! Қазақ салтын мен де білемін. Мен бүгін қонақ емеспін. Менің ұлтым қазақ болғанымен өзім қазір Шыңғысхан әскерінің қолбасшысымын. Мен бітімге келсеңіз елдестірер елшімін, бітімге келмесеңіз жауластырар жаушымын.
Бейбарыс: (қатқыл дауыспен) Жақсы. Құдай куә, Кетбұға! Бұл ерегесті мен бастаған жоқпын. Айтыңыз, Шыңғысханның сәлемін.
Кетбұға: (өзін жоғары санаған кейіппен) Мұқият тыңдаңыз! Шыңғысханға бағындым деп бітімге қол қоясыз. Патшалығыңыз бен билігіңіз тек Египет шекарасымен шектелетін болады. Сізге қазір бағынышты Таяу Шығыс елдерінің және Египеттің үлкен қалаларының бәрінің билігіне төре тұқымдарынан әкімдер отырғызылады. Яғни бүкіл билік Шыңғыс тұқымдарына өтеді. Сізде тек Египет сұлтаны деген атақ қана қалады. Сол лауазымды пайдаланып Египет аумағынан Шыңғысханға салық жинап беріп тұратын боласыз. Сосын Африкаға жорыққа әскер дайындайсыз, бізбен бірге Африка елдерін жаулап алуға қатысасыз. Бар жиған-тергеніңізді, біліміңізді, тәжрибеңізді, соғыс және билік жүргізу өнерлеріңізді Шыңғысхан мүддесі үшін жұмсайсыз!
Бейбарыс: (қаһарланып) Бұндай шарттарға келіспеймін!
Кетбұға: (қатуланып) Келіспесеңіз соғысамыз!
Бейбарыс: Осыдан бірнеше жыл бұрын Сүбедей де осылай қара аспанды жерге түсірердей болып келіп еді, ақыры не болды білесіз ғой... (күрсінеді).
Кетбұға: Мен Сүбедей емеспін.
Бейбарыс: Ол да Сіз сияқты Шыңғысханның өкілі, әскербасы еді ғой.
Кетбұға: (сабырсыздана) Бітімге келіспедіңіз, тұрысатын жеріңізді айтыңыз.
Бейбарыс: Сабырлы болыңыз. «Сабыр түбі сары алтын, сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» демеді ме Қазақ Бабамыз. Сабырсыз Сүбедей ұятқа қалды ғой, ұятты қойшы, Шыңғысханның алдында ұятқа қалған шығар, оның алдында кінәға батқан шығар, адами жағын алсақ, қанша мыңдаған кісінің, оның ішінде майдан даласында қаза болған өзінің қандастары моңғолдар да бар ғой, солардың бәрінің обалына қалып, олардың алдында күнәға батты ғой!
Кетбұға: Сіз өзіңіз обалға қалғыңыз келмесе, кінә мен күнәға батқыңыз келмесе бітімге қол қойып, шарттарымызға келісіңіз.
Бейбарыс: Бітімдеріңіз бітім емес жарлық қой, шарттарыңыз шарт емес бұйрық қой.
Кетбұға: Өйткені Шыңғысхан өзін бүкіл әлемнің билеушісі санайды, оған барлық елдер бағыну керек, бар адамға жарлық та, бұйрық та бере алам деп есептейді. Бұл ұғымды біздер растап жүрміз.
Бейбарыс: Ол Сіздердің ұстанымдарыңыз, оны естігенбіз, бірақ мен өзімді Шыңғысханнан жоғары санамасам кем санамаймын. Оның ешкімнен жеңілмеген қолбасшысы Сүбедейді жеңген соң өз бағамымның дұрыс екендігіне көзім әбден жетті және оған бүкіл әлем сеніп отыр.
Кетбұға: Енді мен сол сенімдерді бұзамын.
Бейбарыс: Менің атым бейбітшіл барыс деген мағына береді, сондықтан әрқашан бейбітшілікті қалаймын. Сондықтан бітімдегі шарттар екі жаққа бірдей пайдалы болса, шарттарда тараптардың бір біріне құрметі көрініп тұрса, жалпы алғанда бітім бейбітшілікке негізделсе ғана мен оған қол қоямын.
Кетбұға: Ондай шарттарға келіспеймін.
Бейбарыс: Бұл шарттарды Сүбедейге де айтқанмын. Ол да келіспеді, соғыс ашты, жеңілді, жәй жеңілмей майдан даласынан қашты, сол қашқаннан қашып, Кавказдан бірақ асып менен құтылды. Кавказдың солтүстігінде, Еділ дариясы, Қара теңіз, Днепр өзені араларындағы кең жазирада моңғолға бағындық деп бейқам жатқан менің туыстарымды, екеуміздің қандастарымызды қырып салып менен өзінше кек алып, Шыңғыстың алдында кінәсін жуған болды. Ол жерлер жазықсыз жандардың қанына бөкті, адам тұра алмас қан сасыған өлі далаға айналды...
Кетбұға: (тыңдамай, ашулы) Соғысатын жеріңізді, уақытыңызды айтыңыз.
Бейбарыс: (қатулы) Болмадыңыз ғой! «Өлер бала молаға қарай жүгіреді» деген ғой Қазақ Бабам. Ендеше, Жерусалимнің солтүстік жағында екі төбе бар, ортасында кең жазық бар, сол жерде үш күннен кейін майданда кездесейік.
Кетбұға: Келістім. Қан майданда кездесеміз. Қайсымыздың өлер бала екенімізді ұрыс көрсетер.
Кетбұға ашулы күйінде басын иеді де, шалт қыймылдап, Бейбарыстың ордасынан тез шығып кетеді.
Сахна (экран) қараңғыланады.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Израиль жеріндегі екі төбенің арасындағы кең жазық дала. Солтүстік жақтағы төбеде Кетбұғаның көшпелі ордасы, оңтүстік жақтағы төбеде Бейбарыстың көшпелі ордасы. Майдан даласында екі әскер сап құрып тұр. Ортада Бейбарыс пен Кетбұға.
Кетбұға: (қаһарланып) Жекпе жекке шақырыпсыз. Келдім. Жасыңыз үлкен, ұрысты Сіз бастаңыз. Иманыңызды үйіріңіз. Келіңіз. Бастаңыз. Не ғып тұрсыз?!
Бейбарыс: (өте сабырлы түрде) Кетбұға бауырым, сәл сабыр етіңіз. Кезек бердіңіз, енді мені тыңдаңыз.
Кетбұға: Сөз кезегін берген жоқпын, айқас кезегін бердім, сөзге айналдырмаңыз. Өлімге дайындалыңыз.
Бейбарыс: Кім жеңері әлі белгісіз ғой!
Кетбұға: Мен жеңемін. Шыңғысхан Сүбедейдің жеңілісінен кейін Бейбарысқа кегім кетті, соны қайтар деген, соны қайтарамын. Сізді өлтіремін. Өлгіңіз келмесе беріліңіз, біздің айтқанға көніңіз.
Бейбарыс: Жарайды. Өзіңізді жоғары мәртебелі санап тұрсыз ғой. (жоғары қарап) О, Тәңірім, бейбіт келешек үшін мәртебемді кішірейтейін. (Кетбұғаға тура қарап) Кетбұға, Қазақ Бабам «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ғой! Дат!
Кетбұға: Датың болса айт!
Бейбарыс: Әскерлеріміз үш күн бойы соғысты, қанша адам опат болды. Бір бірімізді жеңе алмадық. Неге екенін білесіз бе?
Кетбұға: Жоқ.
Бейбарыс: Біз екеумізде қазақпыз, соғыс әдістеріміз ұқсас, сондықтан тең түсіп жатырмыз және жаста болсаңыз мені жеңе алмай жатырсыз.
Кетбұға: «Күш атасын танымайды» деген Қазақ Бабамыз. Мен жеңемін.
Бейбарыс: Жоқ. Жеңе алмайсыз. Өйткені басқа біреудің мүддесі үшін соғысып жатырсыз.
Кетбұға: Сізде Египет үшін соғысып жатырсыз ғой.
Бейбарыс: Египет халқы маған тағдырын сеніп тапсырып патша қылып сайлап, құрметтеп отыр, енді осы сенімді ақтамасам маған сын, өзімнің арымның алдында ұят, мемлекет алдында кінә, ел алдында күнә, сондықтан Египеттің тәуелсіздігін қорғап жүрмін, сосын мен моңғол иеліктеріне соғыспен барған жоқпын ғой.
Кетбұға: (ойлана) Сонда... Екі қазақ, мына мыңдаған адамдар бір моңғолдың саясаты үшін соғысып жатыр демексіз ғой!
Бейбарыс: (қуана) Иә!
Кетбұға: (қапалы кейіппен) Екі жақтан қаншама адамды қырып салдық. Ешқайсының ешқандай жазығы жоқ. Олар өлмесе жанұя құрар еді, балалары болар еді. Сонда біз адамзаттың болашағына да балта шауып отырмыз ғой, сол келер ұрпақтың да еш жазығы жоқ қой, өте-мөте сұмдық жағыдай!
Бейбарыс: Иә, бауырым. Мыңдаған кісі, көбісі жас, бір ханның саясаты үшін шейіт болды.
Кетбұға: Жандары жұмаққа түсіп, алдарынан жарылқасын, арттарының қайырын берсін!
Бейбарыс: Иә, айтқаныңыз келіп, алдарынан жарылқасын, арттарының қайырын берсін! Тағы бір ойдағы нәрсені айтайын, алғаш кездескенде тыңдамап едіңіз! Сүбедей менен жеңілді, бірақ ол моңғол ғой, қазақтарды қырып өзінің менен, яғни қазақтан жеңілген кінәсін Шыңғыстың алдында жуған болды, менен кек алған болды. (сәл тоқтап) Сіз қазақсыз ғой, сондықтан Сіз жеңілсеңіз де мен Сізді өлтірмеймін, босатып жіберемін. Сонда Сіз қайда барасыз?! Сіз жеңіліп қашсаңыз, қайда қашасыз?! Кекті кімнен аласыз, қазақтан ба?! Кімді қырасыз, қазақты ма?! Кінәңізді Шыңғысханның алдында қалай жуасыз?! Осы соғыста жазықсыз шейіт болғандардың алдында күнәңізді қалай жуасыз?!
Кетбұға: (баяу дауыспен) Өте күрделі де қиын сұрақтар!
Бейбарыс: Ал, Сіз жеңдіңіз делік. Шыңғысханға менің иеліктерімді, Африканы бағындырарсыз. Шыңғысхан осы уақытқа дейін жарты әлемді жаулап алды, енді бүкіл дүниені алмақшы, оның бәрін не қылмақшы?! Шыңғыс не деген тойымсыз?! Бәрі бір ұстап тұра алмайды ғой. Кез келген ұлт өз жерінде тәуелсіз мемлекет құрғанды қалайды, бодандағы халық бостандыққа ұмтылады, езгідегі ел еркіндік үшін күреседі, әр адам атажұртында азат өмір кешкісі келеді. Сондықтан жаулап алынған жерлердегі кісілер бірігеді, көтеріліске шығады, сол елдерде билікте отырған төре тұқымдары өздерінің Моңғолиясын сағынады, отанына қайтқысы келеді, сөйтіп Шыңғысхан империясы бәрі бір ыдырайды, құлайды.
Кетбұға: (бәсең дауыспен) Менің байқауымша да солай болатын сияқты. Ақырғы кезде мен миллиондаған адамдарды опат қылып, миллиондаған адамдарды жан күйзелісіне түсіріп моңғолдар жүргізіп жатқан соғыстарды көріп, естіп қатты ойланып жүрмін.
Бейбарыс: Сондықтан, Сізден өтініп сұраймын, бітімге келейік. Сіздер Африкаға өтпеңіздер, біз Азияға өтпейік. Сіздер Таяу Шығыстағы жаулап алып, бағындырған елдерге биліктеріңізді жүргізе беріңіздер. Ал, Египет пен Шыңғысхан империясының арасында бейбіт қарым-қатынас болсын, сауда дамысын.
Кетбұға: (жарқын үнмен) Келістік! Соғысты тоқтатайық. Қаза болғандарды жерлейік. Бітімге қол қоюға дайындалайық. Біраз күннен соң Сіздің ордаңызға келемін, сонда бейбіт бітімді бекітеміз.
Бейбарыс: (қуана) Келістік!
Екі батыр қолбасшы өз әскерлеріне қарай кетеді.
Сахна (экран) қараңғыланады.
АЛТЫНШЫ КӨРІНІС
Израиль жеріндегі бір аласа төбенің басына орналасқан Египет патшасы Бейбарыс Сұлтанның көшпелі ордасы. Төрдегі алтын тақта Бейбарыс отыр. Таққа жақын құрметті қонақтарға арналған күміс тақта Кетбұға патша отыр.
Кетбұға: Аса жоғары мәртебелі, қадірлі де құрметті Египет патшасы Бейбарыс Сұлтан! Өткендегі екі кездесуіміз кезіндегі тұрпайы сөздеріме, әдепсіз қылықтарыма кешірім сұраймын. Айыпқа бұйырмаңыз.
Бейбарыс: (ілтипатпен) Кешіріміңізді қабыл алдым.
Кетбұға: Бәрі саясат қой. Өзіңді солай ұста деген Шыңғысханның пәрмені ғой.
Бейбарыс: Түсінемін.
Кетбұға: Мен мұнда шалыс кетсем, жұрттағы елім не болады деген ой жүрек түбінде жатыр ғой. Өткенде Сүбедейдің кегі туралы айттыңыз, оның рас екенін білеміз (мұңайып қалады).
Бейбарыс: (күрсіне) Шыңғыстың соғыстарынан миллиондаған жазықсыз жандар жапа шегіп жатыр ғой.
Кетбұға: (қатулы) Барлығының обалы Шыңғысқа болсын. Енді Бейбарыс пен Кетбұға бірігіп кетіпті деп Шыңғысхан қалған қазақты қырып салмасына кім кепіл?!
Бейбарыс: Иә, ондай қауіп менде де бар.
Кетбұға: Сондықтан мен Шыңғысханға хабаршы жіберіп, оның Сізбен бейбіт бітімді Сіздің шарттарыңыздың негізінде жасауға көндіріп, келісімін алдым.
Бейбарыс: Өте дұрыс жасағансыз.
Кетбұға: Ол маған осы жақта қалып, Таяу Шығыстағы жаулап алынып, бізге бағынған елдерде билік жүргізуді тапсырды.
Бейбарыс: (күліп) Енді міне Сіз де патша болдыңыз, құттықтаймын бауырым.
Кетбұға: Уақытша ғой, ағатай, билік пен байлықты туған ел мен туған жерге айырбастамаймыз ғой.
Бейбарыс: Иә, басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болсаңда, жұртпен қатар өмір сүргенге не жетсін.
Кетбұға: (жарқын үнмен) О, керемет айттыңыз! Қайталаңызшы!
Бейбарыс: Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!
Кетбұға: (саңқылдап сөйлеп) Бұл нақылыңызды елге жеткіземіз, ұрпақтан ұрпаққа аманат қыламыз.
Бейбарыс: Рахмет! Отанға аман-есен оралсаңыз, айтып барарсыз, Бейбарыста елге әйтеуір бір қайтармын деді деп.
Кетбұға: Әлбетте. Келіңіз. Тосамыз. Аға, Сіз бұл жақта көп жыл патша болдыңыз ғой. Маған ақыл беріңіз, кеңес беріп тұрыңыз.
Бейбарыс: (ойланыңқырап барып) Иә, мен бұнда жастай келдім. Табиғи күш, қазақи намыс, жанқиярлық еңбектің арқасында сатылып келген құлдан дәулеті тасыған бай, ел билеген патша дәрежесіне дейін көтерілдім. Өмір бойы білім мен тәжірибе жинадым. Сұлтан болғанмен қалың бұқараға жағдай жасауға тырыстым, мектептер, медреселер, мешіттер басқа да діни храмдар аштым, жолдар салдым, өндіріс пен сауданы, өнер мен ғылымды дамыттым, ішкі және сыртқы саясатта бейбіт бағыт ұстадым, сый-құрметке бөлендім. Бұл жақтың тілдерін, әдет-ғұрыптарын үйрендім, бірақ қазақтың Ана Тілін, салт-дәстүрін ұмытпадым. Елімді аңсаумен ғұмырым өтіп жатыр. Ыңғайы келгенде отанға ораламын деп ойлаймын.
Кетбұға: (көтеріңікі дауыспен) Өміріңіз өнеге болардай екен, аға! Сіздің үлгілеріңізді қазақ жастарына аманат қыламыз. Мен сенемін, Сіз атажұртқа әлі-ақ қайтарсыз, ыңғайын келтірерсіз деп ойлаймын.
Бейбарыс: Рахмет, бауырым! Ал, енді мен Египетке қайтамын. Сіз енді моңғолдар жаулап алған Израильдің, Сирияның және басқа да Таяу Шығыс елдерінің патшасы болып қаласыз ғой.
Кетбұға: Шыңғысханның жарлығы солай болып тұр.
Бейбарыс: Кез келген мәселеде бейбіт те әділ саясат ұстаңыз. Бұл жер көптеген діндердің түйіскен жері. Әр діннің өз бетінше болуына ықпал жасаңыз, ешбір дінді қыспаққа алмаңыз.
Кетбұға: Айтқаныңызды іске асыруға тырысамын.
Бейбарыс: Мектептер, медреселер, мешіттер басқа да діни, әлеуметтік нысандар мен жолдар салғызыңыз, өндіріс пен сауданы, өнер мен ғылымды дамытыңыз. Бұл жақтың тілдерін, әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрін құрметтеңіз.
Кетбұға: Ақылдарыңызды құп көремін.
Бейбарыс: Сонда Өзіңізде сыйлы боласыз, билік жасау, салық жинау оңай болады.
Кетбұға: Кеңестеріңізді ұмытпаймын.
Бейбарыс: Үнемі хабарласып тұрайық. Шыңғысханға сәлемімді жеткізіңіз, бітім жасауға келісім бергеніне ризашылығымды білдіріңіз. Көріскенше күн жақсы, аман-сау болыңыз!
Кетбұға: Хабарласып тұрамын, Шыңғысханға сәлеміңіз бен ризашылығыңызды жеткіземін. Саулығыңызды тілеймін, жақсылықта, амандықта жолығайық!
Екеуі құшақтасып, төс түйістіріп қоштасады.
Кетбұға патша Бейбарыс Сұлтанның көшпелі ордасынан шығып кетеді.
Сахна (экран) қараңғыланады.
ЖЕТІНШІ КӨРІНІС
Ұлы Даладағы Ұлытау маңындағы алты қанат ақ үйдің төрінде қазақ қариясы отыр. Дауыстап сәлем беріп Кетбұға кіріп келеді.
Кетбұға: Армысыз, ата?!
Қазақ қариясы: Бармысың, Кетбұға?!
Кетбұға: Бармыз, аман-есен елге де жеттік қой әйтеуір! Мал-жан аман ба, ел-жұрт тыныш па?!
Қазақ қариясы: (күрсіне) Мал-жан аман, ал ел-жұртымыз тыныш болмай тұр ғой!
Кетбұға: (мұңая) Иә, Шыңғысхан қайт деген соң суыт жүріп Израильден шығып Ирак, Иран арқылы Каспий теңізіне жетіп, одан кемемен отанымыздың шеті Маңғыстауға келіп түсіп едім ғой. Қазақ Бабам «Ел құлағы елу» деген ғой, сол ел шетіне іліккен уақытта-ақ бір жаман хабар естіп қатты қауыптендім.
Қазақ қариясы: Ол рас. Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы хан бағзыдан, ата-бабамыздан қалыптасқан табиғи аңшылық заңын бұзып, Ұлы Даламыздың көркі құландар төлдеп жатқан кезде аңға шығып құланның құлынын атқан ғой, үйірдің айғыры төлін қорғаштап денесімен жапқан, садақтың оғы айғырдың жамбасына тиген, ашынған ақсақ құлан Жошыға қарсы шауып, тарпып ханды ат-матымен құлатып, таптап өлтіріпті де үйірін жиып алып кете біріпті.
Кетбұға: Төлді атып несі бар еді. Қазақ Бабам айтпап па еді «Аңның төлін жетілмей атуға болмайды, малдың төлін піспей союға болмайды» деп, ондай етті жегенмен адам ағзасына пайдасы болмайды ғой!
Қазақ қариясы: Жалпы алғанда, Жошы хан халыққа жайлы болды, бейбіт саясат ұстады. Жарықтықты осы жолы не түлен түрткенін білмеймін, қасындағы қазақ билері біздің жақта аң төлдеген кезде аң аулауға шықпайды деп оған берген кеңестерін ол тыңдамапты.
Кетбұға: Иә, төре тұқымдары хан ұрпағымыз деп айтқандарынан қайтпайды ғой!
Қазақ қариясы: Бірбеткейлік жақсылыққа апармайды ғой. Шыңғысханның біздің елді жаулап ала салып шығарған сұмдық жарлығы есіңде ме?! Айтқанымнан қайтпаймын деп сол жарлығының күшін осы жолы Жошының қазасын жеткізген адамға қолданама деп хан алдына бара алатын қазақ билері де, төре тұқымдары да не істерін білмей, қауіптеніп, Жошының өлімін құпия ұстаған болып отыр. Баласының өлімін Шыңғыс әлі естіген жоқ, сондықтан халық оны жерлей алмай отыр. Марқұмның алдынан жарылқасын, артының қайырын берсін деп біз отырмыз.
Кетбұға: Иә, жарықтықтың алдынан жарылқасын, артының қайырын берсін! (сәл тоқтап) Жерімізді қорғаймыз деп моңғолдармен болған төрт соғыста жүз мыңдаған қандастарымыз қаза болды, оларға бағындық деп бейқам жатқан қазақтың көбін Бейбарыстан кек алам деп Сүбедей қырып салды, ұлтымыздың болашағы қаншама жастарымыз моңғол әскерінің құрамында отаннан алыста соғыстарға қатысып, жат жерде қаза болып жатыр, сонда Атақоныста қалған ат төбеліндей аз қазақты Жошының өлімін сылтауратып Шыңғысхан жойып жібермей ме екен деп мен күйзеліп отырмын?!
Қазақ қариясы: Оны қазақтар өлтірген жоқ қой!
Кетбұға: Оқиға Қазақстанда болды, ақсақ құлан Жошыға қарсы шапқанда қасындағы қазақтар ханды неге қорғап қалмаған, сондықтан бұны қазақтар әдейі ұйымдастырған деп ойлауы мүмкін ғой. Өйткені, естуімше Шыңғысхан көп әскермен Моңғолиядан шығып Қазақстанға қарай жол тартыпты. Кім біледі қандай оймен келе жатқанын?!
Қазақ қариясы: (жүзінде де, үнінде де қорқынышпен) Құдайым-ай, Кетбұғау, енді не істейміз?! Бұл қазаға біздің елдің еш қатысы жоқ. Ол жолы жағдай былай болған ғой! Аңшылардың қарасы көрінгеннен құландар сезіп қашқан, білесің олар желден де жүйрік. Хан астында ең жүйрік ат болады ғой, ол құландарды қуа жөнелген, оған ешкім ілесе алмай қалған. Айналасындағылар тек көз ұшынан ғана көрген адам мен хайуанның жанталасын, олар жеткенде Жошы жансыз жатқан, ал құландар көрінбей кеткен екен.
Кетбұға: Менде бір ой бар. Сізбен ақылдасайын деп отырмын.
Қазақ қариясы: Айта ғой.
Кетбұға: Шыңғысханға осы хабарды мен жеткізсем деп отырмын.
Қазақ қариясы: (үрейлене) Өлтіреді ғой, жәй өлтірмейді, көмейіңе еріген қорғасын құйып, қинап өлтіреді ғой!
Кетбұға: Мен бәрі бір Шыңғысханға барып, есеп беруім керек ғой.
Қазақ қариясы: Төре тұқымдары өздері айтсын. Хан алдына бара алатын қазақ билеріне жасырын хабар жіберіп Жошы туралы айтпаңдар дедім. Мені тыңдай ма, тыңдамай ма өздері біледі ғой. Саған да солай деймін, ал жұмысың бойынша Шыңғысханға есебіңді бере бер.
Кетбұға: (қинала сөйлеп) Төре тұқымдары басқалай жеткізеді ғой, соның кесірінен халқымыз жер бетінен жоғалып кете ме деген қорқыныш бар! Сосын Шыңғысхан менің Ұлытау арқылы келе жатқанымды біліп отырған шығар, жолдағы елдің жағдайы қалай деп сұрайды ғой. Қанша дегенмен басшым ғой, сыйластығымызда бар. Ұрысып, ренжуі мүмкін ғой. Мені тыңдаңызшы, мен бір амалын тапқан сияқтымын.
Қазақ қариясы: (күйгелектеніп) Ұрысып, ренжиді дейді ғой, сыйластығымыз бар дейді ғой?! Ол аямай жазаңды береді ғой, өзіңді-өзің қаза қыласың ғой жаным-ау, жазым боласың-ау арысым! (сәл тоқтап) Жарайды, ал, айта ғой ойларыңды.
Кетбұға: Менің өлең мен жыр жазып, ән мен күй шығаратынымды білесіз ғой.
Қазақ қариясы: Иә, ел аузынан естігенмін.
Кетбұға: Жер шетіне ілігіп, осы оқиғаны естігеннен соң соры қалың елімнің жағдайын көп ойладым, толғандым, кейде үрей билеп қорықтым, кейде намыс билеп қаһарландым, кейде халық үшін жан пида деп жанқиярландым, бойымды бір алапат күш биледі, содан Сіздің ауылға жақындағанда бір күй шықты. Соны тыңдаңыз, Сіз бірінші адамсыз бұл күйді естіп отырған. Кетбұға домбырасын алып өзі шығарған күйін орындайды.
Қазақ қариясы: Керемет екен! Қазақ Бабам «Естіген құлақта жазық жоқ» деген ғой, менің бұл сарыннан ажырата алғаным көп аттың тұяғының дүбірі, жебенің ызылы, айғырдың кісінегені, құлынның құлдырағаны, биенің оқыранғаны, тіпті домбыраң «Балаң өлді – Жошы хан! Балаң өлді – Жошы хан!» деп сөйлеп кетті ме, өзі қалай?!
Кетбұға: Бағаңызға рахмет! Бұл күйдің атын «Ақсақ құлан» деп қойдым. Мен Шыңғысханға осы күйді тартып беремін, ол өте ақылды адам ғой, әйтпесе жарты дүниені жаулап ала алмас еді ғой, ол кісі тегін адам емес, бірден біледі Жошының өз кінәсінен, оқыста, жабайы хайуанмен арпалысып қаза болғанын. Осылай оған баласының өліміне қазақ кінәлі емес екенін дәлелдеп, халқымды қырғыннан аман алып қалғым келеді. Ал, өзім осы жолда ұлт үшін шейіт болсам арман жоқ деп бел буып отырмын.
Қазақ қариясы: (үнсіз қалып қалың ойға батты, сосын бір күрсініп алып, саңқ етті) Нар тәуекел батырым! Ел үшін серттеніпсің. Қазақ Бабам «Ердің екі сөйлегені өлгені» демеп пе еді. Райыңнан қайтпайтының көрініп тұр. Не дейін, жақсы мақсатқа, жарқын арманға құрылған жоспарың орындалсын! Бірақ, бір айтарым, Шыңғысханмен кездескенге дейін күйді ешкімге естіртпе, ойыңды ешкімге білдірме! (сәл тоқтап) Күйдің атын дұрыс қойыпсың.
Кетбұға: Олай болса мен жүрейін. Батаңызды беріңіз.
Қазақ қариясы: Кішкене тұра тұр, деміңді ал, суыт жүріп келдің, бой жазып, тамақтанып ал, нөкерлеріңде демалсын, біздің жігіттер лауға ең жақсы аттарды және тәжрибелі жолсеріктерді дайындасын, жолдағы бекеттерге Сізді тоқтаусыз шығысқа қарай жөнелтіп отырсын деп хабар айтайық, сөйтіп Шыңғысты ел шетінен тосып ал. (төмен дауыспен) Кетбұға, ақылың бар азаматсың ғой, өзіңнің аман қалуыңды да ойла! Батамды кетерде берермін.
Кетбұға: Жақсы, көп рахмет!
Қазақ қариясы: Дастархан дайындалғанша әңгімелесе тұрайық. Естіп жаттық, атағы жер жарған, ешкімнен жеңілмеген, моңғолдарды жеңген, соғыс өнерінің шебері қандасымыз Бейбарыс Сұлтанмен тең түсіп, бітімге келіп, соғысты тоқтатып, талай жасты өлімнен алып қалыпсыз. Билік құрған елдеріңізге бейбіт те бейқұт заман орнатып, сыйлы патша болыпсыз. Неге қайттыңыз?
Кетбұға: Шыңғыстың қасындағылар көреалмаушылық танытып, Кетбұға мен Бейбарыстың беделі жылдан-жылға өсіп бара жатыр, екеуі бірін-бірі қатты сыйлайды екен, жалғыз Бейбарысты жеңе алмадық, енді екі қазақ бірігіп моңғолға қарсы шықса жағдай қиындап кетер, сондықтан Кетбұғаны қайтарайық депті. Сосын Шыңғысхан маған қайт деген жарлық жіберіпті.
Қазақ қариясы: Е-е-е! (ойлана) Осы көреалмаушылық адамзат қоғамының түбіне жете ме деп қорқамын.
Кетбұға: Иә, көре алмаушылық барлық жерде бар. Мысалы, Бейбарыс ағамыз, өзінің айналасындағылар, сарай маңындағылар өздерінің сұлтандарының бүкіл Египет, Таяу Шығыс елдерінің халқына, басқа мемлекеттердің патшаларына сыйлы болғанын көре алмайды, тіпті солар өзара бірін-бірі көре алмайтындықтан сұмдық істерге барады деп айтып отырады.
Қазақ қариясы: Иә-ә-ә! Бұл пәле адамдардың көпшілігіне тән бә, а? Міне моңғолдарда екі қазақты көре алмай ол жақтағы өздерінің мүдделерін тәп-тәуір қорғап жүрген тұлғаны мезгілсіз қайтарып алып отыр ғой.
Кетбұға: Қайтпасам еліме кесірім тиіп кете ме деп, туған жерге ат басын бұрдым ғой. Бұл жақта мынандай жағдай болып жатыр екен, бірақ өкініш жоқ, Қазақ Бабам «Көппен көрген ұлы той» деген ғой, не де болса елмен бірге көремін ғой. Сондықтан мезгілсіз емес, қайта дәл келдім бе деп ойлап отырмын. Келмей қалсам, неге қайтпадым екен, жұртқа қайтсам елге көмегім тиер еді ғой деп өкініште жүрер едім.
Қазақ қариясы: Отан үшін жанқиярлығың бар екенін бәріміз білеміз ғой. (сәл тоқтап) Бейбарыс отандасымыздың жағдайы қалай?
Кетбұға: Мемлекеті мықты, билігі күшті. Өзі және Египетте өмір сүріп жатқан қазақтар Ана Тілін, салт, дәстүрін ұмытпаған, сәрсенбі сәтті күн деп той жасап, бейсенбі қасиетті күн деп дем алады екен. Мен кетерде Жерусалимге үш күнге келіп, қоштасып кетті. Жылдан жылға елге деген сағынышым күшейіп барады, бір ыңғайын тауып туған жерге ораламын деді. Туған елге дұғай, дұғай сәлем деді. «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақыл сөзін жас ұрпаққа аманат қылып жеткіз деді.
Қазақ қариясы: Не деген терең пайым! Ондай ұлы адамның ғажайып аманатына біздің халық қиянат жасамайды, оның бұл мәтелі ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Қайран Бейбарыс, текті елдің баласы ғой! Қайтейін, тағдыры қиын болды, басқа елдің жоғын жоқтап, барын түгендеп жүр. Сондай үлкен жүректі адамдар өзіміздің елімізде патша болса ғой, моңғолға бодан болмас едік.
Кетбұға: Ол ағамыздың өмірін жас өркенге үлгі, өнеге қылуымыз керек. Осындай және де басқа да мысалдармен ұл мен қызды жігерлендіріп, халықтың намысын қайрап, елдің рухын көтеріп тәрбиелеуіміз керек. Сонда жуық болашақта Ұлы Далада бостандық таңы атады, жұртымыз азат болады, жеріміз егеменді болады, еліміз тәуелсіз болады, қазақты қазақ билейтін заман қайта туады, мемлекетіміз мәңгілік болады!
Қазақ қариясы: Әумин, айтқаның келсін. Ол заманды мен көрмеспін, бірақ сенемін сондай күн туатынына, мен келешек ұрпаққа сенемін!
Кетбұға: Ата, ауқаттандық, талай елдің дастарханынан дәм татым, бірақ шіркін, өзіміздің тағамдарға ештеңе жетпейді ғой, ішімізге ел қонды, дем алдық, енді жолға шығайық. Өзіңізбен әңгімелесіп көп күш алдым, енді бата беріңіз. (қолын жаяды)
Қазақ қариясы: (қолын жайып) Жортқанда жолың болсын батырым! Жолдасың қыдыр болсын бауырым! Жолыңның тілекшісі елің балам! Жеңіспен қайтуыңды тілеймін балам! Жеңісің елге мәңгілік жеміс болсын! Елің аман, жұртың тыныш болсын! Ерлігің ұрпақтан ұрпаққа үлгі болсын!
Кетбұға: Әумин! Жолыққанша күн жақсы!
Қазақ қариясы: Амандықта, саулықта, жақсылықта жолығайық! О, Тәңірім Кетбұғаны сақтай гөр! О, бабалар аруақтары, ұлт болашағы үшін басын өлімге тіккен мына жанқияр ұрпағыңды желеп-жебеп, қорғап-қоршап жүріңдер!
Сахна (экран) қараңғыланады.
СЕГІЗІНШІ КӨРІНІС
Ұлы Даланың шығысындағы Ертіс өзенінің батыс жағалауында бір аласа төбенің басында Шыңғысханның көшпелі ордасы тігілген. Төрдегі алтын тақтың үстінде Шыңғысхан отыр. Рұқсат сұрап қолында домбырасы бар Кетбұға кіріп келеді.
Кетбұға: Рұқсатпа екен, хан ием?!
Шыңғысхан: Рұқсат, Кетбұға! Сөйле, Кетбұға!
Кетбұға: Хан ием, Таяу Шығыстағы жаулап алынған елдердің бәрі Сіздің билігіңізді мойындайды. Ол жерлерде Сіздің бұйрығыңыз бойынша бейбіт те бейқұт заман орнаттық, сондықтан ол елдерде жағдай жаман емес, ол халықтар Сіздің саясатқа риза, сол себепті салықтар Өзіңіз белгілеген көлемде және мерзімде жиналып жатыр. Египет патшасы Бейбарыс Сұлтанмен жасалған бейбіт бітімнің шарттары біздің және оның тарапынан бұзылмағанын айта аламын. Сіз қайт деген соң Израильден шығып Ирак, Иран арқылы жүрдім, ол жақта да ел аман, жұрт тыныш. Сосын Каспий теңізі арқылы кемемен жүзіп Маңғыстауға келдім. Туған жерімдегі сапарымды сол жерден бастап Ұлытау арқылы суыт жүріп, Сіз, хан ием, Ертіс өзенінен қалың қолмен өтіп жатыр дегенді естіп алдыңыздан күтіп алуға тырысып, көшпелі ордаңызға тез жеттім. Жолай туған елімдегі жағдайды байқап келдім, атамекенімді қатты сағыныппын, сағыныш мұңы ма, шабыт келіп бір күй шықты, енді соны хан ием, рұқсат болса, қазақи домбыраның үнімен жеткізейін. Сосын қызметім жайлы баяндама жасайын.
Шыңғысхан: Жақсы, Кетбұға! Жұмыс бойынша есебіңіді жата-жастана берерсің. (сәл тоқтап, риза кейіппен) Кетбұға, саған ырза болатын себебім, әйтеуір сен ылғи күрделі мәселелердің шешімін бірден тауып, қызғылықты да игілікті істеріңмен халқыңды да, бізді де әрқашан таң қалдырып жүресің. Бүгін де тосын да қызықты өтініш жасап отырсың, сондықтан рұқсат саған, Кетбұға! Ал, тыңдайық қазақтың домбырасын!
Кетбұға домбырасын баптап алып күй ойнайды. Күй ойналып жатқан кезде Шыңғысханның түсі бірте-бірте бұзыла бастайды да, күй біткен соң Шыңғысхан тақтан атып тұрып, ақырып сөйлей бастайды.
Шыңғысхан: Мына домбыраң «Балаң өлді – Жошы хан! Балаң өлді – Жошы хан!» деп сөйлеп тұр ғой, а?!
Кетбұға: (саңқ етіп) Қазақ Бабам «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген, дат, хан ием!
Шыңғысхан: Мен қазақ емеспін. Бірақ сен маған қалтқысыз қызмет еткен қолбасшымсың ғой, датың болса айт!
Кетбұға: Теңіз бастан былғанды, кім тұндырар, а, ханым! Терек түптен жығылды, кім тұрғызар, а, ханым!
Шыңғысхан: Теңіз бастан былғанса, су көзінің лайланғаны! Терек түптен жығылса тамырының солғаны!
Кетбұға: Иә, хан ием! Басы былғанған теңізді ешкім тұндыра алмас! Тамыры солған теректі ешкім тұрғыза алмас! Бұл табиғаттың заңы, табиғатқа ешкім қарсы тұра алмас! Жошы хан баспын деп ешкімді тыңдамаған, аңшылықтың табиғи заңын бұзған, табиғат күшіне ешбір адам баласы төтеп бере алмайды ғой, енді Жошы ханды ешкім тұрғыза алмас!
Шыңғысхан: (қаһарланып) Тоқтат! Жошы балам Қазақ жерінде қаза тапты ғой, тапты! Сондықтан, ұлымның өліміне қазақтар кінәлі, олардың бірін қалдырмай қырыңдар. Қаралы хабарды жеткізген Кетбұғаның көмейіне еріген қорғасын құйыңдар!
Кетбұға: Хан ием, Ұлы Дала қазір Сіздің жарлық бойынша Қазақ жері емес Жошы ханның жері. Жошы ханды қазақ өлтірген жоқ, құлан өлтірді. Қаралы хабарды мен естірткен жоқпын, домбыра естіртті.
Шыңғысхан ах ұрып, тағына сылқ етіп отыра кетеді. Біраз ойланып, сұсты кейіппен сөз бастайды.
Шыңғысхан: Уа, уәзірлерім, жарлығымды тыңдаңдар!
Уәзір: Тыңдап тұрмыз, ұлы мәртебелі Шыңғысхан!
Шыңғысхан: Жошы балам өз жерінде қаза болыпты! Ұлымның өліміне уақсыз уақта аңға шыққан өзі және ақсақ құлан кінәлі. Жошы хан табиғатқа қарсы тұрамын деп мерт болды. Төре тұқымының тамырына балта шапқан ақсақ құланды тауып өлтіріңдер, сосын Ұлы Далада бірде-бір құлан қалмасын, бірін қалдырмай қырыңдар! Қаралы хабарды жеткізген қазақ домбырасының шанағына еріген қорғасын құйыңдар!
Уәзір: Бұйрығыңызды бұлжытпай орындаймыз ұлы мәртебелі Шыңғысхан!
Шыңғысхан: Баламды мәңгі үйіне апаратын ақырғы сапарына дайындаңдар.
Уәзір: Құп болады ұлы мәртебелі Шыңғысхан!
Уәзір Кетбұғаның қолындағы домбыраны алып шығып кетеді.
Шыңғысхан: (басын ұстап, көзіне жас алып) Қайран ұлым, бақи бол, алдыңнан жарылқасын, ақиретте кездесерміз!
Кетбұға: (қатқыл дауыспен) Уа, хан ием, берік болыңыз! Қайғыңызға ортақпыз. Қазақ Бабам «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Ұлыңыздың маңдайына жазылған тағдыр осылай шығар. Елдің айтуынша балаңыз Жошы халыққа жайлы хан болыпты. Қазір Ұлы Даладағы бүкіл адамдар қара жамылып, Жошы ханның алдынан жарылқасын деп тілеп отыр. Хан ием, берік болыңыз!
Шыңғысхан: (көзін сүртіп) Көңіліңе рахмет, Кетбұға! (күрсініп) Қайран балам, біреуге ыза болса, адамға тиіспейін деп аңға шығушы еді, жалпы сабырлы еді, бұл жолы неге қызбалыққа салынды екен, а?! (қайтадан көзіне жас алып, біраз отырып, көзін сүртіп, жұмсақ дауыспен) Кетбұға, саған рахмет! Сен мына керемет күйіңмен, даналық сөздеріңмен мені жаман жолдан, ал еліңді қанды қырғыннан, ұлтыңды жер бетінен жоғалып кетуден аман алып қалдың! Сен мені Құдай алдында күнәдән, қазақтардың алдында кінәдән алып қалдың, қанша дегенмен қазақтар менің де Жошының да нағашы жұрты ғой! Сен енді бүгіннен бастап менің қасымда жүріп ақыл-кеңес беріп тұратын биім бол!
Кетбұға: Құп болады, хан ием! Сеніміңізге рахмет, хан ием!
Шыңғысхан: Ал, енді бар, қызметіңе орналаса бер.
Кетбұға басын иеді де, шығып кетеді. Шыңғысхан қайтадан көзіне жас алып қала береді.
Сахна (экран) қараңғыланады.
ТОҒЫЗЫНШЫ КӨРІНІС
Египет. Каир қаласы. Бейбарыс Сұлтанның сарайы. Алтын тақ үстінде Бейбарыс Сұлтан. Тақ алдында Бейбарыстан айнымайтын, оған өте ұқсас бір адам отыр.
Бейбарыс: Құрметтім, Сіз көптеген жыл менің егізімнің сыңарымдай болдыңыз. Мені талай өлімнен алып қалдыңыз. Менің құпияларымды ешкімге ашпадыңыз. Сізге деген менің ризашылығым өте зор. Ал, Сіз өз тағдырыңызға ризасыз ба?!
Бейбарысқа ұқсас адам: Өте ризамын. Ұлы мәртебелі сұлтан, Сіз маған ештеңеден таршылық көрсеткен жоқсыз. Қызметке алар кездегі сөзіңізде тұрдыңыз, (күліп) патша қылам дедіңіз, патша қылдыңыз, сұлтан сарайында тұрамын, патшадай ел билеп өмір сүріп жатырмын.
Бейбарыс: Қандай арманыңыз, тілегіңіз бар?
Бейбарысқа ұқсас адам: Білесіз қызметім өте құпия және керемет қауіпті болды. Сондықтан үйлене алмадым, бала сүйе алмадым. Осындай орындалмас бір ғана арманым бар! Бірақ өкінбеймін, өйткені әр адам маңдайға жазылғанын көреді ғой деп ойлаймын.
Бейбарыс: Енді сол арманыңыз орындалады.
Бейбарысқа ұқсас адам: (қуанышты дауыспен) Қалай?! Құпиямды ашасыз ба?
Бейбарыс: (күліп) Жоқ. Бәрі осы күйінде қалады, Сіздің арманыңыз да орындалады. Жуық арада ешкімнен қаймықпай үйленетін кезіңіз келеді, жар да, бала да сүйесіз.
Бейбарысқа ұқсас адам: Көп рахмет, ұлы мәртебелі сұлтан! Мен Сізге өле-өлгенше адал қызмет етемін!
Бейбарыс: Мен Сізге сенемін! Енді менің өтінішімді тыңдаңыз.
Бейбарысқа ұқсас адам: Ұлы мәртебелі патшам! Сеніміңізге рахмет. Өтінішіңіз не? Бұйырыңыз, орындаймын.
Бейбарыс: Менің де бір ғана арманым бар. Соның орындалуына қолғабыс тигізіңіз, Сізден өтінем.
Бейбарысқа ұқсас адам: Ұлы мәртебелі сұлтан, о не дегеніңіз?! Айттым ғой, өтінбеңіз, талап етіңіз!
Бейбарыс: Бәрі біледі менің шыққан тегім қазақ, туған жерім Ұлы Дала екенін. Қазір тек Сіз ғана білесіз менің атажұртты, яғни Қазақ Елін бір көрсем деп аңсап жүргенімді. Атамекенге қайтсам деп ойлап жүр едім, соның ыңғайы келген сықылды.
Бейбарысқа ұқсас адам: Ұлы мәртебелі сұлтан, мен Сіздің жан қиналысыңызды сезіп жүрмін және түсінемін. Бір жолын айтайын, осы Сіз атақонысыңызға баратын жолдағы мемлекеттердің билеушілерімен жаман қарым-қатынаста емессіз, солармен келісіп ататұрағыңызға ресми түрде қонаққа барып келмейсіз бе?
Бейбарыс: Жоқ, оны мен ойлағам. Олай болмайды екен. Халық арасында емес, айналамда-ақ билігіме таласып жүрген жауларым көп екенін Сіз білесіз. Солар менің көзім тірісінде-ақ әйел, бала-шағамды өлтіртіп жіберді ғой. Олар мен кетісімен тақты алуға тырысады, соғыс болады, қанша адам қырылады. Қонаққа көп әскермен бара алмаймын, тек нөкерлеріммен жолға шықсам жауларым жолда қастандық ұйымдастырып нөкерлеріммен бірге мені өлтіріп тастауы мүмкін ғой. Қысқасы олай етсек, қаншама адам жазықсыз жапа шегеді, басқа мемлекеттің жерінде қаза болсам халықаралық саясатта қырғи қабақ туады.
Бейбарысқа ұқсас адам: Онда білмеймін. Мен кішкентай адаммын ғой, бұндайда не істей аламын? Мен Сіздің айтқаныңызды ғана орындап жүрген жай ғана адаммын ғой.
Бейбарыс: Кетбұға патша бауырым елге қайтқан кезден бастап отанға деген сағынышым өте ұлғайды. Бір ыңғайын тауып жанұяммен атамекенге кетпекші болып жүргенімде жан жарым, балаларым қаза болды. Олар бақилық болғалы да жылдан асты. Енді мені бұл жақта ештеңе ұстап тұрған жоқ. Жасымда біразға келді. Ендігі арманым туған жерден бір уыс топырақ бұйырса!
Бейбарысқа ұқсас адам: Олай демеңіз, ұлы мәртебелі сұлтан?! Мен сезем, Сіз ұзақ жасайсыз! Ұлы Далаға саяхат жасап барып келетін бір амалын табармыз.
Бейбарыс: (күліп) Барсам қайтпаймын ғой! Мен амалын таптым. Тыңдаңыз. Өте құпия.
Бейбарысқа ұқсас адам: Құлағым Сізде, ақ патшам! Ешкім, еш уақытта ештеңе сезбейтін болады.
Бейбарыс: Ұлы Даланың бір шеті Қырым түбегіне теңіз арқылы барып, сауда жасап, қайтып келетін бір кеме дайындатқыздым. Теңізшілер мен көпестерді мені танымайтын адамдардан жасақтадым. Енді мені сұлтанның құпия тапсырмасымен Ұлы Даланы аралауға бара жатқан саяхатшы деп таныстырып, Қырымға аман жеткізуге жауап бересіңдер деп, сол кемеге Өзіңіз ертіп барып салып жіберіңіз. Теңізшілер мен көпестерден бұл сапардың құпиясын ашпау туралы бәрінен ант алынды. Мені апарған кезде олардың әрқайсынан осы құпияны ашпау туралы Өзіңіз жеке тағы да ант алыңыз.
Бейбарысқа ұқсас адам: (қуанышты дауыспен) Міне, керемет әдіс тауыпсыз ғой!
Бейбарыс: (жарқын күймен) Мен сол сапардан қайтпаймын! Кемедегілер менің аман-есен Ұлы Даланың шетіне жеттім деген хатымды Сізге тез арада жеткізу керек. Мен ататұрағымда қаламын, туған ауылыма барамын, туған-туыстарымды, Кетбұғаны іздеп тауып аламын! Қалған өмірімді Ұлы Даланы аралап, туған елімді қызықтап, атажұртқа деген сағынышымды басуға арнаймын.
Бейбарысқа ұқсас адам: (дауысы дірілдеп) Ұлы мәртебелі патшам, олай істемеңіз, мен не болам, Египет не болады?!
Бейбарыс: Египетті Сізге тапсырамын! Жақсы билеуші болатыныңызға сенемін. Қорықпаңыз. Сіз бар жағынан менен айнымайсыз. Тек Өзіңіз құпияға берік болыңыз.
Бейбарысқа ұқсас адам: (бәсең көңілмен) Бұл жолы маған қиын болады.
Бейбарыс: Айналаңыздағылар сезсе аямайды, өлтіріп жібереді. Сарайдағылармен жиі емес, ресми ғана араласыңыз, олармен сирек кездесу үшін мен кетісімен үйленіңіз де, жанұяңызбен көбірек болуға тырысыңыз.
Бейбарысқа ұқсас адам: Аса жоғары мәртебелі, аса құрметті де аса қадірлі Бейбарыс Сұлтан! Қайта қайтып келуіңізді өтініп сұраймын!
Бейбарыс: (жарқын үнмен) Жоқ! Осылай етсем екеуміздің де арманымыз орындалады!
Бейбарысқа ұқсас адам: Бұлай менің арманым орындалмай-ақ қойсын!
Бейбарыс: Ниетіңізге рахмет! Менің айтқанымды орындаймын деп едіңіз ғой, а?!
Бейбарысқа ұқсас адам: Бұл мен үшін өте ауыр тапсырма. (кінәлі күймен) Сіздің тағыңызды тартып алғандай боламын ғой.
Бейбарыс: Мен олай есептемеймін, өйткені өз еркіммен осындай шешім қабылдап отырмын ғой. Айтып отырмын ғой, көп ойландым. Басқа амал жоқ. Келісіңіз.
Бейбарысқа ұқсас адам: (көп ойланып, бәсең үнмен) Келісейін, бірақ Құдай біледі, мен амалсыздан келісіп отырмын!
Бейбарыс: Иә, мен Сіздің маған деген таза ниетіңізді білемін, көріп, сезіп отырмын. Келіскеніңізге қуаныштымын! Тағы бір өтініш, мен кеткен соң, менің Египетте өмір сүріп жатқан қандастарымның жағдайы төмендеп кетпесін.
Бейбарысқа ұқсас адам: Сіз бар кездегіден жақсартпасам, төмендетпеймін. Қам жемеңіз!
Бейбарыс: Мені түсінгеніңізге, осы іске менімен бірге кіріскеніңізге көп рахмет айтамын, зор алғыс білдіремін! Кетбұғаны тауып аламын дедім ғой, соның атынан хат-хабар алмасып тұрайық. Сізге, Египетке қолдан келген көмекті аямаймын!
Бейбарысқа ұқсас адам: Аса жоғары мәртебелі, аса құрметті де аса қадірлі сұлтан Бейбарыс, Египеттің ұлы патшасы! Менің білуімше Египетте Сізге дейін Сіздей атына заты сай бейбітшіл, халық қамын ойлайтын, адамға қолдан келген көмегін аямайтын, кез келген мәселені бейбіт шешуге тырысатын не фараон, не сұлтан, не патша, не билеуші болмапты, бұдан кейін де болмайтын шығар! Сізден билікті ешкім тартып, сұрап алған жоқ немесе билік Сізден басқаға сайлану не басқа жолмен берілген жоқ. Сіз билігіңіз дәуірлеп тұрған кезде таққа өз еркіңізбен орынбасарыңызды отырғызып отырсыз, яғни билік басқа ешкімге ресми түрде көшкен жоқ сондықтан Сіз мәңгі Египеттің ұлы патшасы болып қаласыз! Сізден кейінгі Египетті билеушілер Сіздің тек қана орынбасарларыңыз болып қалады!
Бейбарыс: Менің жеке басыма бұл елден енді ештеңе де керек жоқ.
Бейбарысқа ұқсас адам: Аса жоғары мәртебелі, аса құрметті де аса қадірлі сұлтан Бейбарыс, Египеттің мәңгі ұлы патшасы! Міне бүгін тағы да ақыл-парасатыңызды, кемеңгер-даналығыңызды көрсетіп өте қиын да күрделі мақсатыңызға қан төгіссіз баратын жол тауып отырсыз.
Бейбарыс: Бұл істі менің туған жер мен туған елге деген ұлы махаббатым, әр адамға және Сізге деген ұлы құрметім деп білерсіз!
Бейбарысқа ұқсас адам: Аса жоғары мәртебелі, аса құрметті де аса қадірлі сұлтан Бейбарыс, Египеттің мәңгі ұлы патшасы! Адамзатқа, адамдарға, маған жасаған жақсылықтарыңызға көп рахмет айтамын, менің арманыма жол ашқаныңызға зор алғысымды білдіремін! Мен Сізді ұмытпаймын! Келсеңіз заңды орныңызды, алтын тағыңызды Өзіңізге бірден, сөзсіз, тоқтаусыз қайтарып беремін!
Бейбарыс: (көңілді дауыспен) Рахмет, келмеймін дедім ғой! Енді бұдан былай Египеттің мәңгі ұлы патшасы – аса жоғары мәртебелі, аса құрметті де аса қадірлі сұлтан Бейбарыс Сіз боласыз. Менің атыма кір келтірмейсіз деп сенемін. Ал енді осы игі де ізгі ниетті жоспарды тезірек, мұқият орындап шығайық! Бұдан былай бір бірімізді көруіміз екі талай. Аман-саулықта болыңыз, барлық армандарыңыз орындалсын! Қоштасайық!
Бейбарысқа ұқсас адам: (көзіне жас алып) О, Құдайым, бұл жоспар игі де ізгі болғанымен мен оны амалсыздан орындайын деп жатырмын! Қоштасайық сұлтаным, бірақ Құдай біледі, мен амалсыздан қоштасып отырмын!
Бейбарыс: (саңқылдаған дауыспен) Аса жоғары мәртебелі, аса құрметті де аса қадірлі сұлтан Бейбарыс, Египеттің мәңгі ұлы патшасы! Қош болыңыз!
Бейбарысқа ұқсас адам: (саңқылдаған дауыспен) Қош болыңыз! Аса жоғары мәртебелі, аса құрметті де аса қадірлі сұлтан Бейбарыс, Египеттің мәңгі ұлы патшасы!
Сахна (экран) қараңғыланады.
ОНЫНШЫ КӨРІНІС
Ұлы Даланың батысындағы Қара теңіз жағалауындағы Қырым түбегінде орналасқан бір қазақи ауыл. Үлкен киіз үйдің ішіндегі мол да бай дастарханның айналасында бір топ адам, төрде бір ақсақал отыр. Сырттан ат дүбірі шығады, ит үреді, сосын «Құдайы қонақпыз!», «Е, құдайы қонақ болсаңыз үйге кіріңіз, қонақ болыңыз» деген дауыстар естіледі. Үйге әдемі киінген, қартайған Бейбарыс жайлап басып, кіріп келе жатады. Дастархан басындағылар бұрылып оған қарай бастайды.
Бейбарыс: Сәлеметсіздер ме?!
Қазақ ақсақалы: Сәлеметсіз бе, жасыңыз үлкен көрінеді, төрлетіңіз, менің қасыма келіңіз.
Бейбарыс: (көңілді) Көп рахмет! (төрге қарай озады).
Қазақ ақсақалы: Тамақ алып отырыңыз. Жол болсын!
Бейбарыс: Рахмет! Әлей болсын!
Қазақ ақсақалы: Құрметті қонағымыз, әңгіме болсын, айта отырыңыз, кім боласыз, қайдан келесіз, қайда бара жатырсыз?
Бейбарыс: Египеттен келемін.
Дауыстар: О, ооо!
Қазақ ақсақалы: Тым алыстан келе жатыр екенсіз ғой.
Бейбарыс: Иә, кемемен келдім. Жерорта, Эгей, Қара теңіздерден өтіп, әйтеуір аман-есен жеттім ғой туған жерге.
Қазақ ақсақалы: (таңдана) Е, ее! Қазақсыз ба?
Бейбарыс: Иә, атажұртым Волга мен Донның арасы екен.
Қазақ ақсақалы: Екен дегеніңізге қарағанда, анық білмейсіз ғой, а?
Бейбарыс: Иә, сұм тағдыр мені атамекенімнен тым ерте айырыпты. Менің бала кезімде бір қарақшылар ауылымыздың Еділдің жағасындағы ататұрағын шауып, әке-шешемді, туған-туыстарымды өлтіріп, мені құлдыққа сатып жіберіпті. Содан осы кезге дейін өмірім атақоныстан алыста өтті. Бірақ туған елге деген махаббатты жоғалтпадым. Ана Тілімді, қазақтың салт-дәстүрлерін ұмытпадым. Ыңғайы келгенде отаныма қайтамын деп өзіме мақсат қойдым. Қайтейін, уақыт зырлап өте берді, кәртейіпте қалдым, кейінірек туған жерден бір уыс топырақ бұйырса болар еді деп армандайтын болдым.
Дауыстар: О, ооо, қайтсін енді, тағыдыры қиын болған ғой, сағынған ғой ел-жұртты, оңай емес қой жат жұртта өмір сүру!
Қазақ ақсақалы: (қайрымды үнмен) О не дегеніңіз?! Құдайға шүкір деңіз, міне бүгін туған жердесіз, туған елдің ортасындасыз!
Бейбарыс: (көзіне жас үйріліп) Иә, сағынышым басылды! Енді өлсемде арман жоқ! Олай-бұлай боп кетсем қазақша арулап қоярсыздар!
Қазақ ақсақалы: (күліп) Қойыңыз енді! Әлі тың көрінесіз! Сәл сабыр етіңіз! Уа, ауылдастарым, мені тыңдаңдаршы! Мына жолаушы адамның көп жасаған, көпті көрген қария екенін байқадыңдар ғой, маған аға, сіздерге ата болар. Бұл кісінің үлкен жүректің иесі, текті атадан тараған қандасымыз екенін мен сезіп отырмын. Ағамыздың өмірі жастарға үлгі, өнеге болардай екен. Сондықтан, бұл қария ауылымыздың құрметті де қадірлі қонағы болсын. Атамызға жеке бір үй тігіңіздер, бар керегін қамтамасыз етіңіздер, сосын алыс-жақын жерлерге ат шаптырып, кісі жинап, өнерлі адамдарды шақырып, ағамыздың отанына аман-есен оралғанына арнап той ұйымдастырыңыздар. Сол тойда халық бұл кісінің әңгімесін тыңдасын, ақын-жырауларымыз бен сазгер-күйшілеріміз өнегелі қарттың үлгілі өмірін өлең мен жырға, ән мен күйге айландырып ұрпақтан ұрпаққа кететіндей мейрам мен мереке жасалсын!
Дауыстар: Мақұл, ақсақал! Дұрыс айтасыз мұндай адамды күтпегенде кімді күтеміз?! Қазірден бастап дайындаламыз. Дастархан басындағылар тойға дайындалайық деп үйден біртіндеп шыға бастайды. Үйдің ішінде Қазақ ақсақалы мен Бейбарыс қана қалады.
Бейбарыс: (риза кейіппен) Құрметті ақсақал, отандастарым менің, мынандай керемет ниеттеріңізге зор алғыс айтамын! Мен үшін әуре болмай-ақ қойыңыздар, бүгін қонып шықсам, ертең Еділ жаққа қарай жол жүріп кетсем деп едім.
Қазақ ақсақалы: (қуанышты дауыспен) О, міне, мына сөздеріңіз дұрыстау болды, әйтпесе жаңа ғана өлем деп отыр едіңіз.
Бейбарыс: (күліп) Сіздердің маған деген ықластарыңыз маған рух беріп, мені жасартып жатыр, енді туған ауылымды көрсем тіпті бала болып кетермін.
Қазақ ақсақалы: Көрде тұрыңыз, солай болады, бұл туған елдің қасиеті мен туған жердің киесі!
Бейбарыс: Туған жердің шетіне аяғым тигенде осыларды сезіп едім. Кемеден түсе салып, тізерлеп отырып туған жерге маңдайымды тигізіп, топырағын искеп, жерін сүйдім. Теңіз шетіндегі қаланың базарынан бір жақсы атты ер-тұрманымен мініске, бір атты жүк артуға сатып алып ешқайда аялдамай шығысқа қарай жол тарттым. Қаладан алыстап, бір төбенің басына шығып, жан-жақты шолып, көк шалғынға жатып, аунап-қунап, рахаттанып жусан искеп, кеудемді кернеген қуаныштан көзіме жас алып атажұртқа деген мауқымды бастым. Туған елімдегі алғашқы көрген ауылым Сіздердікі. Бұдан былай жолым болатын шығар деп ойлап отырмын, өйткені жақсы қарсы алып, керемет құрметтеп жатырсыздар.
Қазақ ақсақалы: Бізде кез келген қонақты, жолаушыны жақсы қарсы алады, білесіз ғой оны. Бірақ байқап отырмын Сіз айрықша жан сықылдысыз. Қазақ Бабам «Қырықтың бірі Қыдыр» деген ғой, мүмкін Сіз біздің ауылға бақыт әкеп отырған Қыдыр Ата шығарсыз.
Бейбарыс: Жоқ. Мен қатардағы қазақтың біреуімін ғой.
Қазақ ақсақалы: Жарайды. Менен үлкен көрінесіз, мен Сізді ағатай дейін. Ағатай, мен өзі теңізге жақын тұрсамда, кемемен жасаған сапарларым жағалаудан көп алыс емес аралдармен шектеліпті. Ал, Сіз талай теңізден өтіп келіпсіз, қандай қызықтар көрдіңіз айта отырсаңыз. Египетте жағдай қалай, айтпақшы ол елдің сұлтаны біздің қандас, тіпті жерлес Бейбарыс деген азамат деп естіп едік, сол рас па?
Бейбарыс: (күмілжіп) Рас! (сәл тоқтап) Ақсақал, мені керемет жақсы қабылдап, тіпті менің құрметіме арнайы ізгі ниетті той-думан жасап жатырсыздар. Менің көңілім босап отыр, сондықтан Сізге бір құпияны ашайын!
Қазақ ақсақалы: (таң қалған кейіппен) Айтыңыз.
Бейбарыс: (сәл тоқтап) Сенсеңіз, сол Египеттің сұлтаны Бейбарыс қандасыңыз һәм жерлесіңіз мен боламын!
Қазақ ақсақалы: (тіпті таң қалып) Қалай-қалай дедіңіз, қалай дәлелдейсіз Бейбарыс Сұлтан екеніңізді?
Бейбарыс: (қоржынынан алып) Міне қараңыз, оқыңыз Египет сұлтанының бриллиант тастармен көмкерілген мөрі мен патшалық белгісі және менің алтын тақта отырған суретім салынған құжат, аттағы жүктің ішінде патша болғанда киген қымбат киімдерім, басқа да сұлтандық белгілерім бар.
Қазақ ақсақалы: (сұлтандық белгілерді мұқият қарап шығып) Міне қызық! Естіп жүруші едік Бейбарыс Сұлтан әйтеуір бір туған жеріме оралам деп айтыпты деп, соның рас болғаны ма?!
Бейбарыс: Рас! Ақсақал, маған сеніңіз! Мен Сізді алдап не қылайын, өтірік айтып пайда табайын деп отырған жоқпын. Маған Сізден, тіпті кез келген адамнан ештеңе керек жоқ, мен асарымды асадым, жасарымды жасадым! Маған билік те, байлық та керек жоқ. Бір-ақ арманым болған еді, ол – отанға аман-есен оралу. Оралдым. Енді менде қазір өліп кетсемде арман жоқ!
Қазақ ақсақалы: Олай демеңіз! Сіз әлі ұзақ жасайсыз. (біраз ойланып отырып) Мен бағана сезіп едім Сіздің тегін адам емес екеніңізді. (күліп) Менің аздаған көріпкелдігім бар. (сәл тоқтап) Шынымды айтсам, мен Сіздің сөзіңізге иланып отырмын. (нық дауыспен) Мен Сізге сенемін. (түрегеліп, құшағын жайып) Хош келдіңіз туған жерге аса жоғары мәртебелі, құрметті де қадірлі сұлтан Бейбарыс, Египеттің ұлы патшасы, ұлтымның ұлы тұлғасы!
Бейбарыс: (түрегеліп, құшағын жайып) Көп рахмет Сізге мені туған елдің қатарына қабылдағаныңызға, Сізге көңілімдегі алғысым шексіз! Қаншама жыл жиналған кеудемдегі зар сағыныш зор қуанышқа айналып жатыр!
Қазақ ақсақалы: Сіздей отанын шексіз сүйетін ұлы ұлдары бар ұлт жоғалмайды, ондай ел мәңгі жасайды!
Бейбарыс: Маған берген бағаңызға рахмет! Ал, мен Сіздей кемеңгер ақсақалдары бар халықтың ұрпағы азбайды, өсіп-өркендей береді деп Сіздің айтқаныңызды қостаймын.
Қазақ ақсақалы: Рахмет! Біздің болашақ ұрпақ жерімізге қайтадан азаттық әкелер, елімізге еркіндік әперер, халқымызды бостандыққа жеткізер, ұлтымызды бодандықтан құтқарар, яғни Ұлы Даладағы қазақтың тәуелсіз мемлекетін қайтадан жаңғыртар деген үміттеміз!
Бейбарыс: Иә, менде сол ұлттық арманды келешек жастарымыз іске асыратынына сенемін. Қазақты қазақ билер заман келер қайтадан! Ал, менің ендігі ғұмырымдағы мақсатым туған жерімді аралау, туған елімді тамашалау. Сіздерден кейін кіндік кескен ауылымды тауып алсам деймін, бар болса туыстарыммен қауышсам, сосын Кетбұға патша бауырыммен кездессем деймін. Осы сапар-саяхаттарымда халыққа көрген-білгенімді әңгімелеп берсем, әсіресе жастарға үлгі-өнеге боларлық өсиеттерімді жеткізсем деймін. Міне, қалған өміріме осындай ғана жоспарларым бар.
Қазақ ақсақалы: Неткен ғажап адамсыз! Сіздің батырлығыңыз, ерліктеріңіз, Египет мемлекетін дамыту жолындағы жетістіктеріңіз, ол жердің халқына жасаған жақысылықтарыңыз, басқа да игілікті істеріңіз бізге аңыз болып жетуші еді, енді өз аузыңыздан еститін болдық. Сіздің отанға әйтеуір бір қайтам деген арманыңызды, «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген даналық нақыл сөзіңізді ел арасына Кетбұға патша таратқан еді.
Бейбарыс: Кетбұға патша Таяу Шығыстан елге оралғаннан соң қазақтарды Шыңғысханның қанды қырғынынан аман алып қалды деп естіп едім. Кетбұға ер қазір қайда екен?
Қазақ ақсақалы: Иә, ол рас, батыр да қаһарман Кетбұға ел үшін басын өлімге тігіп, қазақтарды жер бетінен жоғалып кетуден аман алып қалып, керемет ерлік жасады. Сол жолы Кетбұға бар өнерін салып Жошыны өлтірген қазақтар емес ақсақ құлан деп дәлелдеп шыққан соң Шыңғысхан құландардың бірін қалдырмай қырып салды ғой, қазір Ұлы Далада ешбір жерде құлан кездестірмейсіз. Тіпті кейбірулер сол хайуанның тұқымы жер бетінен жоғалып кетті деп айтып жүр. Шыңғысхан қайтыс болған соң Кетбұға би өз еркімен биліктен кетіп елге оралып, Ұлытау маңында қоныстапты, сол жерде Жошы ханға мовзолей салуды ұйымдастырыпты деп естідім.
Бейбарыс: Кетбұғаның көзсіз батыр, дарынды қолбасшы, халқына қамқор елбасшы, қара қылды қақ жарған би, талантты ұйымдастырушы екенін өз көзіммен көрдім. Мен Кетбұға інімді міндетті түрде тауып аламын. (сәл тоқтап) Кіндік қаным тамған жерге деген махаббат, Кетбұға сияқты жақсы адамдарға деген құрмет мені сапарға аттан деп алып ұштырып тұр ғой!
Қазақ ақсақалы: Бейбарыс аға, Сіз енді асықпаңыз, біраз күн ауылымыздың құрметті қонағы болыңыз. Ауылда хан сарайы жоқ, бірақ патшаны күтетіндей шамамыз бар. Келесі сәрсенбіде сәтті күн деп Сіздің құрметіңізге ат шаптырып той жасаймыз. Сол тойда Бейбарыс елге қайтып келді деп жар саламыз. Ертеңіне бейсенбі қасиетті күн деп дем аламыз. Сосын тағы да екі-үш күн осындағы ауыл ақсақалдарының үйлерінде қонақта боласыз. Содан кейін жаныңызға жан-жақты білімді, сан қилы өнерлі, саяхатты жақсы көретін, яғни сегіз қырлы бір сырлы үш жас жігітті нөкер ретінде қосып береміз, олар Сіздің әрқашан қасыңызда болады. Сөйтіп Сізді қошеметпен Ұлы Даланы аралайтын сапарыңызға шығарып саламыз.
Бейбарыс: Құрметтеріңізге көп рахмет! Жақсы. Бізде сол алыстағы Египетте сәрсенбі сәтті күн деп той жасап, бейсенбі қасиетті күн деп дем алып жүруші едік, өз елімде сол дәстүрден тіпті айнымаймын ғой. Сыйларыңызға алғысым шексіз!
Қазақ ақсақалы: Бейбарыс аға, сапарыңызды қай бағыттан бастайтыныңызды әрине Өзіңіз білесіз ғой, дегенмен мен ойымды айтайын.
Бейбарыс: Айтыңыз ақсақал.
Қазақ ақсақалы: Сапарыңызды Қырым түбегін аралаудан бастап, бұл түбектен шығып батысқа қарай жүріп, Днепр өзенінің сағасына барып, сосын кемемен славян бауырлардың киелі қаласы Киевке дейін барып, сол жерден ат басын шығысқа қарай бұрсаңыз.
Бейбарыс: Неге олай деп жатырсыз?
Қазақ ақсақалы: Ол жерлер Ұлы Даланың ең батыс шеті ғой. Сіздің ұлы сапарыңыз содан басталсын дегенім ғой.
Бейбарыс: Ойланып көрейін. Ал, Киев қаласы неге киелі аталған?
Қазақ ақсақалы: Баяғыда Рим армиясы сол жерден келіп Днепрдің шығыс жағалауына өтіпті. Өтсе, алдарында кілең салт атты қазақтар шығып римдіктерден кімсіздер деп сұрапты. Римдіктер, біз римдіктерміз, яғни Римнен шыққанбыз, бүкіл дүниенің қожасымыз депті. Қазақтар, ал біз қазақпыз, өзімізге өзіміз қожамыз депті. Римдіктер, біз бүкіл дүниенің қожасымыз дедік қой, көнбесеңдер күшпен көндіреміз депті. Қазақтар көнбей, ертеңіне екі армия майдан даласында сап түзепті. Қазақ жақтан бір жігіт жалғыз өзі римдіктерге жақындап келіп, мен қазақ патшасы Әділмін, рим императоры жекпе-жекке шықсын, мен жеңілсем қазақтар Римге бағынады, сонда Ұлы Дала Римнің иелігіне айналады, ол жеңілсе римдіктер Днепрден өтпейтін болсын, сөйтіп мына тұрған мыңдаған жазықсыз жандардың өмірін сақтап қаламыз дейді. Рим императоры келіспейді, жекпе-жекке шықпайды, екі армия бетпе-бет келіп үлкен соғыс болады. Римдіктер ойсырай жеңіліс табады да, Әділ патша оларды Римге дейін қуады, Римге бағынысты Европа елдеріне тәуелсіздік әпереді. Содан бері римдіктердің шығысқа жорығын тоқтатып, Европа елдерінің тәуелсіздігіне жол ашқан сол жерлерді халықтар қастерлеп киелі санай бастапты. Сол өткелдің шығыс жағында қазақтың бір ауылы бар екен, ол ауыл содан кейін «Киелі» ауылы болып аталып кетіпті. Днепрдің «Киелі» ауылына қарама-қарсы батыс жағалауына славян бауырлар қала салып, киелі жердегі қаламыз да киелі болсын деп, ол қаланы «Киелі» атауын өз тілдеріне ыңғайлап Киев деп атапты.
Бейбарыс: Еее, естіп едім, Днепрдің бойында бір үлкен, бай қала бар деп, сол киелі қала Киев екен ғой.
Қазақ ақсақалы: Иә, сол жерде рұмдықтардың шығысқа, әлемге бағытталған сұмдықтары тоқтаған ғой!
Бейбарыс: Неге оларды рұмдықтар-сұмдықтар дедіңіз?
Қазақ ақсақалы: Рим қазақша Рұм ғой. Егер сол жолы рұмдықтар жеңсе, қазақтар оларға бағынар еді, қазақ жастары Рим армиясын толықтырып, күшейтер еді, ол әскерді қазақтар өз жері арқылы шығысқа қарай өткізіп жіберер еді, сөйтіп ол қол Ұлы Даланы көктей өтіп сонау қиыр шығыстағы Қытайға, Моңғолияға бірақ барар еді ғой, яғни жарты әлем оларға бағынар еді. Бірақ олай болмады ғой, Рим бізден жеңіліп қалып масқара болды, содан кейін ол империя құлдырай бастады ғой.
Бейбарыс: Иә, ал енді біз Шыңғысханнан жеңілгенде сіз айтқандай болды ғой, бірақ жорықтар шығыстан батысқа қарай бағытталды емес пе. Біз моңғолдармен одақ құрып, олар біздің әскермен күшейіп, біріккен жасақтар қазақ иеліктерінен шығыстан батысқа қарай кедергісіз өтіп, Днепр өзеніне, орыс еліне, Европаға бірден жетіп барып еді ғой
Қазақ ақсақалы: Иә, дұрыс айтасыз. Ал, енді рұмдықтар-сұмдықтар деген сөз тіркесіне келетін болсақ, баяғыда үлкен қариялар, ақсақалдар жиындарда рұмдықтар-сұмдықтар туралы ертегілер, аңыздар, тарихи әңгімелер айтып отыратын. Римдіктер өздерін рұмдықтар дейді екен, істейтіндері сұмдық екен. Олар есіктен кіріп төр менікі дейді екен, бүкіл Жер жүзінің иесімін дейді екен, сонысына қарамай мәдениетсіз екен, шалбарсыз, дамбалсыз жүреді екен, сондай қанішер болады екен, шамалары келгендерді себепсіз өлтіре салады екен, осының бәрі сұмдық емес пе, сосын оларды рұмдықтар-сұмдықтар демегенде не дейміз деп қариялар күліп отыратын.
Бейбарыс: Ақсақал, мен ойлаймын, жаман ұлт, жаман халық, жаман адам жоқ деп. Ал, солардың бәрін бұзатын саясат екеніне билеуші болып жүргенде көзім жетті!
Қазақ ақсақалы: Иә, Бейбарыс аға, өзімде солай ойлаушы едім, міне Сізде ісіңізбен дәлелдеп отырсыз ғой, адам баласына көп ештеңе керек жоқ екенін. Осыны бар адам түсінсе ғой!
Бейбарыс: Барлық адамдар бірін-бірі түсінсе, қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман орнайды.
Қазақ ақсақалы: Ол заман қашан болар екен?!
Бейбарыс: Болады келешекте, мен оған сенемін!
Қазақ ақсақалы: Ләйім, айтқаныңыз келсін! Ұрпақтарымыз сондай заманда өмір сүрсін!
Бейбарыс: Ақсақал, мен сапарымның бағыттары туралы ойларыңызды жалғасаңыз.
Қазақ ақсақалы: Ә, иә, содан шығысқа қарай жүріп отырып, Дон өзеніне жетесіз, одан өтіп Волга өзеніне келесіз. Сол маңайдан кіндік қаныңыз тамған ауылыңызды, туған-туыстарыңызды табарсыз деп сенемін.
Бейбарыс: (күрсініп) Иә, Құдай соған жеткізсін.
Қазақ ақсақалы: Содан кемемен Каспий теңізіне түсіңіз, оның солтүстік жағалауын жағалап Жайық өзенінің сағасынан өзенге кіріп, онымен жоғары жүзіп Орал тауларына дейін баруға болады, одан оңтүстікке бет алып Торғай даласы арқылы Ұлытауға барып Кетбұға би бауырыңызды іздеуге болады.
Бейбарыс: (жарқын дауыспен) Біздің кездесуіміз бір ғажайып оқиға болар еді.
Қазақ ақсақалы: Иә, ол би ағамыз аман болса жолығарсыз. Ұлытаудан соң Сарыарқа даласын аралап, сосын солтүстікке қарай жол тартып Сібір ормандарына дейін барып, Сібірді жағалап шығысқа қарай жүріп, Құлынды даласы арқылы Ертіс дариясынан өтіп Алтай тауына жетерсіз. Алтайдың солтүстік аласа жағымен шығысына өтіп, Моңғолияның шекарасына жетіп, батысқа қарай жүріп сол асқар таудан асып түссеңіз Қара Ертістің Ақ Ертіске құятын жерінен шығарсыз. Содан оңтүстікке қарай кемемен Зайсан көліне дейін барып, одан өтіп, сосын атпен Ертістің басталатын жеріне дейін барып батысқа бұрылып Үрімші жақпен келіп Хантәңірі тауын жағалап Жетісуға өлкесіне шығарсыз. Жетісудан Сыр өңіріне өтерсіз, одан Аралға, одан Маңғыстауға өтіп, Каспий теңізіне қайта тіреліп, теңізден өтіп Солтүстік Кавказды жағалап қайтадан Қырымға келерсіз, сөйтіп Ұлы Даламызды айланып шығарсыз.
Бейбарыс: Көп рахмет берген кеңесіңізге. (сәл тоқтап) Ақсақал, Сіз ренжімеңіз, мен ойымды айтайын.
Қазақ ақсақалы: Ренжімеймін, ойыңызды айтыңыз.
Бейбарыс: Мен осы Сіздің ауылдан тура Волгаға қарай тартсам. Ауылымды, туыстарымды тауып алсам. Ата-анамның моласына барып, зиярат етсем, құран оқысам. Туғандарымды жинап, әке-шешеме, ата-бабама арнап ас берсем, құран бағыштасам, сосын кемемен Каспийге түсіп, оны төтелеп кесіп өтіп, Атырауға шығып, одан тура Ұлытауға өтіп, Кетбұға патша бауырымды іздестірсем, ол ұлы тұлға бар болса қасында болып, сағынышымды басып, әңгіме-дүкен құрсам. Сосын ары қарай Сіз сызып берген жолмен жүріп өтейін. Қайта айланып Сіздің аймаққа келейін, сосын амандық болса екеуміз Ұлы Даланың батысын аралайық, киелі қала Киевке бірге барайық.
Қазақ ақсақалы: Несі бар? Дұрыс, жақсы жоспар. Мен асыға күтемін Сізді, Сізбен бірге алыс батысқа саяхат жасау бір ғанибет болар еді деп есептеймін, өйткені мен осы жасыма келгенше ауылдан көп алыстамап едім. Ал, Бейбарыс аға, біраз әңгімелестік, тіпті сырласып кеттік, туған ел мен туған жерді аралауға арналатын сапарыңызға аттануға дейін әлі бірнеше күн бар, талай әңгіме-дүкен құрармыз. Енді Өзіңізге арнайы дайындалған үйге барып демалыңыз, жолдан шаршап келдіңіз ғой.
Бейбарыс: Иә, дем алайық. (қолын жайып) Бата беріңіз!
Қазақ ақсақалы: (қолын жайып) Қайта айналып қазығын тапқан Бейбарысым! Ғұмырың ұзақ болсын Жанбарысым! Жортқанда жолың болсын Жолбарысым! Жолдасың қыдыр болсын Бекбарысым! Ақ ниетің орындалсын Ақбарысым! Жастарға өнегең нұрын шашсын Күнбарысым! Ұрпаққа өсиетің жол көрсетсін Айбарысым! Билерге өмірің үлгі болсын Ханбарысым! Батырлар Сіздей бейбіт болсын Нарбарысым! Болашаққа шашқан сәулең еш сөнбесін Нұрбарысым! Отанға оралуың құтты болсын Бейбарысым!
Бейбарыс: (бетін сипап) Керемет бата! Көп рахмет! Қайырлы түн! (ризашылық кейіппен басын иіп, бұрылып үйден шығып кетеді).
Қазақ ақсақалы: Қайырлы түн! (Бейбарыс шығып кеткен соң қолын аспанға көтеріп) О, Құдайым, жар бола көр біздің Бейбарысқа! О, ардақты аруақтар қорғап-қоршап, желеп-жебеп жүріңдер Бейбарыстарыңызды!
Сахна (экран) қараңғыланады.
ЭПИЛОГ
ОНБІРІНШІ КӨРІНІС

Мұғалім апай: Өткен сабақта мен Сіздерге Бейбарыс пен Кетбұға туралы аңыз айтып бергенмін. Бүгін соны талдаймыз. Кім дайындалып келді?
Оқушы ұл бала: Мен демалыс күндері қаланың шетіндегі ауылда тұратын ата-әжеме барып, Бейбарыс пен Кетбұға туралы аңыз бар екен білесіздер ме деп едім, әжем иә деп, Бейбарыс туралы бір аңыз, Кетбұға туралы бір аңыз айтып берді. Әжем ол аңыздарды өз сөзімен, екі аңыз қылып айтқанымен мағынасы Сіз айтқан аңыздан айнымайды. Ал, атам «Ақсақ құлан» күйін домбырамен ойнап берді. Бір ғажабы домбырадан шынында да «Балаң өлді – Жошы хан! Балаң өлді – Жошы хан!» деген сөздер естіліп тұрады. Атамның қасында бір күн отырып «Ақсақ құлан» күйін ойнауды үйреніп алдым, балалар, тыңдап көріңдерші!
Сосын оқушы бала домбырасын алып «Ақсақ құлан» күйінің тек қана «Балаң өлді – Жошы хан! Балаң өлді – Жошы хан!» деген тұсын орындап береді.
Мұғалім апай: Өте жақсы, керемет! Өзім «Ақсақ құлан» күйі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын! Тағы кім не айтады?
Оқушы қыз бала: Мұғалім, менің кей кезде сурет салатынымды бәрі біледі. Кеше бір сурет студиясына барып Бейбарыс пен Кетбұға бабаларымыздың қатар отырған суреттерін салып келдім. Деректерді интернеттен алдым.
Мұғалім: Кәне, көрейік. О,оо, айнымайды екен деп қоялық. Бұл атақты бабаларымыздың суреттері кезінде салынғаны рас. Оларды іздеп табу Сіздердің еншілеріңізде!
Оқушы ұл бала: Апай, мен интернеттен оқыдым Бейбарыс Кетбұғаның әскерін алдап қоршауға түсіріпті де, қырып салыпты, өзін де өлтіріпті. Бейбарыста елге қайтпапты, Дамаскіде жерленіпті.
Мұғалім апай: Мен оған сеніңкіремеймін. Ол деректерді шетелдіктер келтіреді. Біз былай ойлап көрелік, қазір қазақтардың саны 10 миллионнан асады, сол бабаларымыздың заманынан осы кезге дейін 10 миллион қазақ өмірге келіп кетті дейік, сонда 20 миллион қазақ болады ғой. Сол қазақтардың көбі Бейбарыс пен Кетбұғаны елге қайтып келген және олар қартайып, бақытты ғұмыр сүріп, дүние салған деген аңыздарға сеніп, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Айтыңдаршы, бірен-саран, ары кетсе, менің естуімше онбес шақты болар, шетелдіктер жазып кеткен әңгімелерге сенеміз бе, әлде миллиондаған қазақтар өз тарихын есте сақтай алмайтын ұмытшақ, өтірікті судай сапыратын суайттар ма?! Сіздерге басқасын айтпайын, мына пайымды ғана тыңдаңдар. Нотаға кезінде түспеген, жүз мыңдаған ән-күйді ойлап тапқан, оларды ұмытпаған, сақтаған, ықылымнан біздерге жеткізген қазақтар өз тарихын мүлде ұмытқан, өткенін білмейді дегенге сенесіздер ме?!
Оқушы ұл бала: Мұғалім апай, бұл пайымыңыз көңіліме қонып жатыр. Сондықтан мен бұдан былай Сіздің ойыңызды жақтап, білімім жеткенше дәлелдейтін боламын.
Мұғалім апай: Осы аңыздың анық-қанығына жету Сіздердің еншілеріңізде, бұл біріншіден, екіншіден және ең бастысы, бұл аңыздың өте үлкен тәрбиелік маңызы бар!
Оқушы қыз бала: Мұғалім, мен көпшілік Сіздің пікіріңізді құптайды деп ойлаймын! Осы аңызды естіп, оқып, талдағаннан кейін рухың көтеріліп қалады екен. Атақтары бүкіл әлемге жайылған тарихи тұлғалар біздің қандастарымыз екенін білген кезде ұлтымыздың шежіресі бағзыдан басталатынын біледі екенсің, сондай ғұламалар шыңдалып шыққан елде ықлым замандарда-ақ білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің, өндіріс пен өнердің дамығанын сезеді екенсің.
Мұғалім апай: Әрине, тағы кім не айтады?
Оқушы ұл бала: Апай, мен алдымда сөйлеген құрдастарымның пікірлеріне қосылам. Ал, өзіме сұлтан Бейбарыс Бабамыздың позициясы өте ұнады, сөйтіп ол кісі туралы өлең жазып келдім. Атақты бабамыздың өмірлік ұстанымдарын, атажұртқа деген махаббатын осы шумақтар арқылы жеткіздім деп ойлаймын.
Мұғалім апай: Ооо, ал, тыңдайық.
Оқушы ұл бала:
Бейбарыс Баба бек сұлтан!
Жат елде абырой ала алған,
Мысырда патша сайланған,
Мектеп ашып, жол салған,
Арап пен еврейді оқытқан,
Қазақтан шыққан хан сұлтан!
Бейбарыс Баба ер сұлтан!
Бейбіт барыс аталған,
Соғыстарды тоқтатқан,
Дербес саясат құра алған,
Тыныш заман орнатқан,
Қазақтан шыққан нар сұлтан!
Бейбарыс Баба хас сұлтан!
Елін, жерін ұмытпаған,
Салт, дәстүрді сақтаған,
Дәулет, билігін тұл қылған,
Ел-жұртқа қайтып оралған,
Қазақтан шыққан хақ сұлтан!
Бейбарыс Сұлтан Бабамыз!
Шыңғысханды жеңе алған,
Крест жорығын тоқтатқан,
Бар байлығын жинаған,
Патшалығын тастаған,
Басқа елде сұлтан болғанша,
Еліме ұлтан болайын,
Деп отанға оралған.
Жұртына қайта қона алған,
Айналайын аруағыңнан,
Мәңгі рухқа айналған,
Бейбарыс Сұлтан Бабамыз!
Сыныпта отырғандардың барлығы қол соғып қошемет көрсетеді.
Мұғалім апай: (дауысын соза сөйлеп) Кеереемееет! (сәл тоқтап) Балалар, арғы-бергі тарихта Бейбарыстай байлығы мен дәулеті тасып, билігі мықты және мерейі үстем болып, ел ішінде және халықаралық деңгейде беделі жоғары болып тұрған кезде патша тағын өз еркімен тастап кеткен билеуші жоқ деуге болады. Тағы кім не айтады?
Оқушы қыз бала: Мұғалім, мен Кетбұға Бабамыз туралы өлең жазып келдім. Аңыздан ұққаным ол кісі өз заманында жан жақты дамыған, сол кездегі қалыптасқан жағдайға қарай әрекет ететін, бірақ әр уақытта өз қамын емес, жанқиярлық істерімен ұлтының, халқының туған жері мен елінің пайдасын ойлаған адам болған екен. Бабамыздың сол образын өлеңде көрсетуге тырыстым.
Мұғалім апай: Бәрекелді, не деген класс! Бір оқушы Бейбарыс Сұлтанды, екіншісі Кетбұға Бабаны өлеңге қосып жатыр. Ал, онда тыңдайық!
Оқушы қыз бала:
Кетбұға Баба қолбасшы!
Бейбарыспен тең болған,
Бейбіт шартқа қол қойған,
Қазақтан шыққан қолбасшы!
Кетбұға Баба ел басшы!
Еврей, арапты басқарған,
Патша болған, хан болған,
Қазақтан шыққан ел басшы!
Кетбұға Баба жазушы!
Рух көтерер күй жазған,
Шырқап салар ән жазған,
Қазақтан шыққан жазушы!
Кетбұға Баба қорғаушы!
Шыңғысты райынан қайтарған,
Қазақты қырғыннан ап қалған,
Қазақтан шыққан қорғаушы!
Ақсақ құлан күйімен,
Домбыраны сөйлеткен.
Балаң өлді Жошы хан,
Балаң өлді Жошы хан!
Деп хабарды жеткізген,
Шыңғысханға естірткен.
Ақсақ құлан күйімен,
Домбыраның үнімен,
Қырғын менен сүргіннен,
Жаппай келген өлімнен,
Қазақтарды қан төгістен,
Алып қалған аман-есен!

Мұғалім апай: (дауысын соза сөйлеп) Ғааажаааап! (жарқын көңілмен) Балалар, тарихты байқап отырсаңыздар талай ұлт жер бетінен жоғалып кетті, талай халық әлі күнге шейін өзінің мемлекетін құра алмай отыр. Оған қарағанда біз шүкіршілік етуіміз керек. Еліміз тәуелсіз, жер көлемі жағынан әлемдегі 251 мемлекеттің ішінде тоғызыншы орында. Тәуелсіз мемлекеті бар ұлттардың арасында жер көлемі жағынан дүние жүзінде бірінші орындамыз. Осының бәрі Кетбұға мен Бейбарыс сынды бабалардың батырлығы мен білімділігінің арқасы. Ал, болашақта Сіздер осы деңгейден төмен түспеулеріңіз керек. Ол үшін терең білімді, жан-жақты дамыған азамат болуларың керек.
Оқушы ұл бала: Апай, Бейбарыс пен Кетбұға сынды бабаларымыздың, Сіздер сықылды ата-аналарымыздың аманатын орындауға тырысамыз ғой! Ал, мен осы аңызда Шыңғысхан және басқа да моңғолдың ірі тұлғалы азаматтары құрмет тұтып отырған, ал, әлем ғұламалары «Екінші Ұстаз» деп мойындаған Әбунасыр әл-Фараби бабамыз туралы өлең жазып келдім.
Мұғалім апай: Бәрекелді! Міне қызық! Ал, кәне тыңдайық!
Оқушы ұл бала:
Баяғы өткен заманда,
Қазақтардың елінде,
Мыңдаған жыл бұрында,
Қазақстан жерінде,
Отырар атты қалада,
Салыныпты кітапхана.
Шартараптан қазақтар,
Кітаптарды жинапты.
Ең қоры көп ғаламдағы,
Кітапхана жасалыпты.
Ғылым, білім іздегендер,
Осы жерге жиналыпты.
Оқу білім бұлағы,
Білім өмір шырағы,
Қағидатын ұстанған,
Отырар билігін ұстаған,
Текті Қазақтың тұяғы,
Әбунасыр әл-Фараби,
Әбунасыр әл-Отырар,
Қазақстанда туыпты.
Жасынан білім қуыпты,
Көптеген кітап жазыпты,
Өмірдің мәнін тауыпты,
Табиғат заңдарын ашыпты,
Ғылым шыңына шығыпты.
Қазақ атын шығарған,
Жетпіс тілде сөйлеген,
Қазақ даңқын арттырған,
Бар ғылымды меңгерген,
Ән шығарып, күй жазған,
Аристотельді түзеген,
Ғұламалар мойындаған,
Әлемдегі бар ғалым,
Екінші Ұстаз атаған,
Отырардан шыққан,
Тегі таза қазақтан,
Әбуден асқан әлемде,
Шежіре мен тарихта,
Арғы-бергі дүниеде,
Тірі жанның сапында,
Адамзаттың ішінде,
Кім бар екен ғаламда?!
Деректерге сүйенсек,
Ондай адам жоқ екен,
Мына бүкіл ғаламда?!
Осыдан кейін кім айтар?!
Қазақ кейін пайда болған деп,
Қазақ жазуы болмаған деп,
Қазақ білімсіз, оқымаған деп,
Қазақ кітап жазбаған деп,
Қазақ ғылым жимаған деп,
Қазақ өндіріс ашпаған деп,
Қазақ тауар құрамаған деп,
Қазақ қала салмаған деп,
Қазақ өнер қумаған деп,
Қазақ тірлік жасамаған деп,
Қазақ өркениет құрмаған деп!
Айтыңдаршы, кім айтар?!
Сол адамды маған жібер!

Мұғалім апай: (дауысын соза сөйлеп) Күүүшшштіііі! (сәл тоқтап) Балалар, мен осы өлеңде логикалық жүйе мен батылдық көріп тұрмын. Өйткені, жас ақын Отырар кітапханасы мен Әбунасыр бабамызды тілге тиек етіп қазақтың көне ұлт екенін логикамен дәлелдеп және сол сөздеріне өзі жауап беремін деп тұр. Әбунасыр бабамыз логика ғылымына көп көңіл бөлген екен. Енді бір сәт осы өлеңді логикалық жолмен талдап көрейікші. Кітапхана салу үшін жер дайындау керек, оған күрек және басқа да сайман керек. Бұл құрал-жабдықтарды жасау үшін өндіріс керек. Кітапхананы кірпіштен салса, кірпіш жасайтын завод керек, тастан салса, тас қашайтын зауыт керек. Ғимаратты салуға кірпіш пен тастан басқа ағаш, темір бұйымдар керек, оларды өндіретін зауыт керек, оларды құрылыс орнына жеткізетін көлік керек. Ғимаратты салатын мамандар керек. Кітапхананың ішін кітапқа толтыру керек, ол үшін кітап шығару керек. Кітап шығару үшін қағаз, сия, бояулар керек, жазу-сызу білу керек. Отырарда бірен-саран адам ғана хат танымаған, ол қаланың бар халқы жазу-сызу білген, сондықтан кітапхана салу қажеттілігі туған. Отырарда халықты оқытатын мектеп немесе басқа да оқу орындары болған, оларда маман мұғалімдер, оқытушыны оқытатын оқытушылар болған. Отырар Қазақстанның жәй қатардағы қаласы болған, егер бұндай қалада сол кездегі әлемдегі ең бай кітапхана болса, онда еліміздің басқа қалалары мен ауылдарында білім, ғылым, өндіріс, мәдениет ошақтары болғаны ғой. Бұл кітапханаға шартараптан кітаптар жиналыпты, онда ол кітаптарды барып алып келетін экспедициялар, керуендер жан-жаққа шығарылған ғой, яғни шетел тілдерін білетін мамандар сосын оқу, білім, ғылым жүйелерін ұйымдастыратын мекемелер болған ғой. Осындай тамырын тереңнен тартқан ғылыми логикалық негіздер болғандықтан қазақ жерінде Отырар кітапханасы пайда болған, қазақ елінен жетпіс тілде оқи, жаза, ойлай, сөйлей алатын Әбунасыр шыңдалып шыққан. Әбунасыр ол кезде қазақта жалғыз болмаған, оны оқытып, тәрбиелеген, оған жетпіс тілді үйреткен, ол үлгі алған, ол бәсекеге түсіп озып шыққан замандастары болған. Осы және басқа да ғылыми логикалық дәлелдер қазақтың бағзыдан біртұтас ұлт, ел болғандығын, мемлекет құрғандығын, қазақтың баяғыда пайда болғанын көрсетеді, яғни Әбунасырға дейін мыңдаған жылдар бұрын қазақта ғылым, өндіріс, мәдениет дамығанын байқатады.
Оқушы қыз бала: Ой, апай логикаңыз мықты екен!
Мұғалім апай: Мақтанбайын, бірақ Сіздерде осылай әр сұрақты, кез келген мәселені логикалық талдауға салып жүріңдер. (сәл тоқтап, күлімсіреп) Балалар, менде кейде шабыт келгенде өлең жазамын. Бірақ Сіздердікіндей мінсіз емес. Атақты бабамыз «Екінші Ұстаз» Әбунасыр әл-Фараби туралы жазғандарым бар еді, соны оқып берейін, ал тыңдаңдар.
Оқушы ұл бала: Балалар, тыңдайық апайымызды!
Мұғалім апай:
Бірінші Ұстаз Аристотельді тексеріп, түзеген,
Екінші Ұстаз атағын бағзыда алып, иеленген,
Әбунасыр әл-Фараби Отырардан шыққан Қазақ екен.
Адамзат қоғамының төрт тұғырын анықтап берген екен!
Елді дамытатын басты тұғыр, негізі ғылым деген,
Еңбектен, білім ал, үйрен де жирен деген,
Жасампаз іс-қимылың ғылыми болсын деген,
Оларсыз нұрлы заман келмес деген екен!
Екінші, әділетті заңдарыңды құра деген,
Ақиқатты заңмен ғана анықтап отыр деген.
Заң бұзғанды жазалап, түзе деген,
Өйткені, заң бұзар қоғам құрыр деген екен!
Бір тұғыр дін-дәстүр, ол сенімге (идеологияға) негізделген,
Дінге кірсең, жарғыда (құранда) жазылғанға сеніңіз деген,
Айтқанына пайғамбар-көсемдердің келтірме шүбә деген,
Көсемге сенбесеңіз күнә деген екен!
Үш тұғырды мықтайтын төртінші бола білген,
Ел сенімін ақтаған билеушілер болар деген.
Елге қамқор патша бола білген,
Ел сыйлаған елбасы болар деген екен!
Төрт тұғыры тең болса,
Ел мақұлдап мықтаса,
Халық құптап қолдаса,
Мемлекет мәңгі болар деген екен!
Осылайша ол Қазақ мыңдаған жылдар бұрын,
Адамзаттың даму жолдарын анықтап берген екен.
Екінші Ұстаз атағын тегіннен тегін алмаған екен.
Айтқандары бүгінгі күнге дәлме-дәл келеді екен.
Сондықтан, Үшінші Ұстаз атағын ешкім әлі алмаған екен!

Мұғалім апай: Қалай екен?
Оқушы қыз бала: Жақсы екен. Мұғалім, Әбунасыр бабамыздың адамзат қоғамының дамуына әсер ететін құбылыстар туралы ғылыми көзқарасын қысқа да нұсқа айтыпсыз!
Мұғалім апай: Атақты бабамыз «Екінші Ұстаз» Әбунасыр әл-Фараби туралы бөлек сабақ өткізерміз. Ол кісі Бейбарыс пен Кетбұғадан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ғой. Бұл ұлы тұлғаның нұрлы сәулесі тарихтың терең тұңғиығына жарығын шашып, қазақ ұлтының өте көне халық екенін бүкіл әлемге паш етіп тұр.
Оқушы ұл бала: Апай, мына менің класстастарым және Сіз жазған өлеңдер Бейбарыс, Кетбұға, Әбунасыр сынды бабаларымыздың үлгілі ғұмырларын жарнамалауда таптырмайтын туындылар деп ойлаймын!
Мұғалім апай: Көп рахмет! Тым жоғары, әсіресе мені, асыра бағалап жібердіңіз ғой деймін. Әйтседе, бұл өлеңдерге Сіздер ән шығаруға ат салысады, алда-жалда осы мәтіндерге саз-музыка шығып жатса жиын-тойларда, іс-шараларда, мейрам-мерекелерде осы өлеңдерді шырқап айтып жүреді деп ойлаймын. Сосын осы және басқа да қазақи аңыздарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді деп сенемін.
Оқушы қыз бала: Мұғалім апай, қазіргі кезде Шыңғысханды пір тұтып жүргендер қазақ арасында көбейді. Ал осы аңызда қазақтардың бағзы заманнан мемлекеті болған көне ұлт екенін, олардың ұлттық ерекшеліктерін, қасиеттерін, қабілеттерін, басқаға үлгі болар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын кезінде бұ дүниеде ешкімге бет қаратпаған моңғолдың әйгілі ұлы ханы Шыңғысханның өзі құптап, мойындап, тәнті болып дәріптегені көрініп тұр. Оның өзінің моңғолша есімінен бас тартып қазақша есім алғанын естіген мені ерекше бір мақтаныш сезімі билеп, сол сезімімді өлеңмен кестелеп көрдім, баршаңыздан сұраймын, тыңдаңыздаршы.
Мұғалім апай: Әрине тыңдаймыз, балалар, тынышталыңыздар.
Оқушы қыз бала:
Тарихта қилы, қилы заман болған.
Адамзат біздің жерде пайда болып,
Адам Ата, Хау Анадан дүниеге тараған.
Олардан жетінші ұрпақ Қазақ Бабадан,
Қазақ деген ұлтымыз бастау алған.
Қазағым киелі жерді еншіге алған,
Адам Ата Қазаққа оны мұра қылған.
Қазақ жерін сондықтан Ата мекен,
Сол себепті Ата жұрт деп атаған.
Бұл жерде Қазақ Баба отау құрған.
Қазақтың ұрпағы өсіп, қанат жайып,
Тілдері Хау Ана сөзімен шыққан.
Сол тілді, сақтап қалған, сондықтан,
Қазақ тілі Ана тіл деп аталған.
Қазақ үшін жақсы, жақсы заман болған.
Қазағым Жер ортасын отан қылып,
Адамзат бесігінде елдік құрған.
Батыста Қырымда қыстау салып,
Шығыста Алтайда кен қорытқан.
Сыр бойын жағалап қала орнатып,
Еділ, Жайық, Оралда орда құрып,
Сібірді жайлауым деп ен жайлаған.
Шекарасы осындай байтақ болған.
Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған,
Бейқұт заман, бейбітшіл елін құрған.
Тарихта қилы, қилы заман болған.
Қазақтың шығысында моңғол тұрған.
Ол елде Тэмуджин хан билік құрып,
Ақылына күші сай патша болған.
Сол кезде моңғолдардың бағы жанып,
Шығыс Азия елдерін жаулап алған.
Байлығын ол елдердің жинап алып,
Тэмуджин батысқа енді көзін салған.
Қазақ үшін қиын, қиын заман болған.
Тэмуджин Қазаққа үш рет соғыс ашып,
Үш ретте де жеңіліп кері қашқан.
Төртінші рет айламен алдап жеңіп,
Киелі ел, қасиетті жер менікі деп масайрап,
Адамзат бесігіне иемін деп қуанған.
Тэмуджин Қазақты басып, жаншып,
Мәңгі бодан қыламын деп ойлаған.
Бірақта, Қазақтың мәңгі бодан,
Ешқашан болмайтынын байқаған.
Бұл жерді тастап кетуге де қимаған.
Моңғол ханы Тэмуджин, сондықтан,
Киелі жұрт пен жерді отан қылып,
Қабілетті елмен етене араласып,
Қазақ болып кетуді жоспарлаған.
Тэмуджин көп ойланып жолын тапқан.
Қазақтың Ана тілінде ат алуға белін буған.
Шыңдай биік, құздай терең ойлы,
Шың құсындай қыран хан мағыналы,
Қазақша Шыңғыс хан деп есім алып,
Тұқымдары Қазақша төре аталған.
Тэмуджин Қазақты осылай риза қылған.
Қазақтар алданып кіріптар болған.
Амалсыз моңғолға қызмет жасап,
Моңғолға қосылып жорық қылған.
Моңғолың Қазақпен саны асып,
Қазақтың қасиетімен күші тасып,
Басқа халықтарды мысы басып,
Қазақ жері арқылы шабуылдап,
Жер шарының жартысын басып алған.
Қазақтың киелі елін, жерін пайдаланып,
Әлемнің жартысын жаулап алған.

Мұғалім апай: (дауысын соза сөйлеп) Мағыналыыыыы! (сәл тоқтап) Сезіміңді жақсы және дұрыс жеткізіпсің. Балалар, осы орайда айта кетейін, менде де өзімнің оқушыларыма және ұлтыма деген мақтаныш сезім бар.
Оқушы ұл бала: Мұғалім, осы сабақтан мынаны ұқтым. Бұдан былай аңыздарды қазақи ұлттық құндылықтар мен игіліктерді насихаттау арқылы мына біздерді патриоттық рухта тәрбиелеу үшін қолданылатын өте пайдалы, таптырмайтын құрал деп санайтын боламын.
Мұғалім апай: Осындай керемет ұрпақтарымыз өсіп келе жатқандықтан атақты бабаларымыздың аттары өшпей мәңгілікке сақталатынына біз сенеміз.
Оқушы қыз бала: Мұғалім, қазақи аңыздарды жан-жақты, ғылыми әдістермен талдап, зерттеу керек, оларға ғылыми негіз беру керек, олардың ізімен кинолар, бейнефильмдер, мультфильмдер, спектакльдер, бейнеспектакльдер, өлеңдер, басқа да өнер туындыларын шығару керек, осылардың бәрін шет тілдерге аударып, басқа халықтар арасында жарнамалау керек, сөйтіп жаһанданудан қалыспауымыз керек деп ойлаймын.
Мұғалім апай: Иә, балалар, білесіздер қазір жаһандану процесстері жүріп жатыр, оларды ешкім тоқтата алмайды, өйткені олар табиғи үрдістер. Бір өкініштісі олар технократтық сипат алып бара жатыр деп ойлаймын.
Оқушы ұл бала: Мысалы?
Мұғалім апай: Мысал үшін, туған жер мен туған елге деген махаббат сезімін жоққа шығарғысы келетіндер пайда болды.
Оқушы қыз бала: Апай, қазір оркестрмен емес фонограммамен айтатын әншілер, тіпті фонограммамен домбыра тартатын күйшілерде көбейіп кетті. Міне осының бәрі технократияға жатады деп ойлаймын.
Мұғалім апай: Дұрыс айтасыз. Жаһандану әлемдегі барлық ұлттар мен халықтардың ой-өрісінің, сана-сезімдерінің, тілдерінің, болмысының, философиясының, салт-дәстүрлерінің, мәдениетінің, өркениетінің ең жақсы үлгілерінен құралған, бейне бір көркем табиғи мозаика сияқты болу керек деп есептеймін.
Оқушы ұл бала: Мұғалім, мен осы аңыз кейіпкерлерінің бойынан табылатын атақонысқа деген сүйіспеншілік, атамекенге деген ынтызарлық, атажұртқа оралсам деген арман, туған елдің еркіндігі үшін ерлік, ұлт болашағы үшін жанқиярлық, білім-ғылымға деген құштарлық, ұрпаққа өнеге болсам деген мақсат, тағы басқа да адами сезімдер мен олардың игілікті істері жастарға өсиет ретінде айтылған деп ойлаймын.
Мұғалім апай: Барлықтарыңыздың ойларыңыз бен айтқандарыңыз дұрыс. Сондықтан, біздің қазақи аңыздарды ұлттық құндылықтар мен игіліктерді елімізде және шетелдерде әйгілеуге, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, жаһандануға көп ұлттық, адамдық, жаратылыстық, табиғи және ізгіліктік сипат беруге бағытталған шығармалар ретінде де пайдалануға болады деп пайымдаймын.
Оқушы қыз бала: Бізде осы аңызды бүгінгідей жан-жақты талдағаннан кейін Сіз айтқан пайымдарға қосыламыз!
Рух көтерілетін бір күйдің сарыны және асқақ әнді өлең естіле бастайды.
Сахна (экран) ақырындап қараңғылана береді.

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: сценарий БЕЙБАРЫС пен КЕТБҰҒА туралы сценарий казакша рассказ на казахском, сценарий байбарыс пен кетбуга на казахском языке скачать бесплатно, қызықты сценарий балаларға арналған, кызыкты сценарий балаларга арналган, интересные сценарий на казахском языке, БЕЙБАРЫС пен КЕТБҰҒА