Патопсихологиялық синдромдар

Патопсихологиялық синдромдар

Елестеушілік (галлюцинаторлық) белгілер не галлюциноз
Бұл көбінесе ой алжаспау жағдайында өтеді. Мұнда алдыңғы қатарға сөздер ретіндегі ес елестеушілігі шығады. Осындай елестеушіліктер көбіне мағынасы ұнамсыз монолог не диалог ретінде болады. Галлюциноз кезінде адамда үрей, қорқу, масасыздану болады. Галлюциноз мидың органикалық зақымдануында, жұқпалы аурулар мен уланғанда (сифилис, маскүнемдік) болады.

Сандырақтың әр түрлі синдромдары
Парнойяльды синдром. Бұған елестеушілігі жоқ, түсіндірме ретінде құралған жүйелі сандырақ белгілері жатады. Парнойяльды сандырақ кезінде ауру адамдардың әңгімесі жүйелі болады, бірақ деректі фактілер басқаша түсіндіріледі. Мұнда сезімнің бұзылуы, жалған және нақтылы елестеушіліктер, психикалық автоматизмдер болмайды. Маңызы бойынша мұндағы сандырақтар қудалау, қызғану, жаңалық ашу түрінде болады.
Параноидтік синдром не Кандинский Клерамбо синдромы. Мұнда сандырақтың жүйеленуі паранойяльды сандырағындай айқын болмайды. Сандырақ бейнелі болып, сезіну процестері бұзылады. Есту елестеушілігі жиіленіп, негізінен Кандинский мен Клерамбо жазған жалған елестеушілік пен психикалық автоматизмдер орын алады. Сандырақ ойлардан әсіресе әрекет пен қудалау сандырағы болады.
Психикалық автоматизм құбылысы ассоциативті, қозғалыс және сенестопатикалық автоматизмдерден құралады.
Ассоциативті автоматизм – күшпен туатын, еріксіз пайда болатын ойлар. Бөтен, қолдан жасалған, күшпен енгізілген ойлар. Ауру адам өзінің жасырын ойларын бәрі білетіндей сезінеді. Бұл ашықтық белгі (симптом открытости) деп аталады. Бөтен ойларды енгізу белгілері болуы мүмкін. Ауру өзінің не енгізілген ойларды дауыстар ретінде естиді. Бұл ойлардың жаңғырықтануы. Жалған қуғыншылар және басқа адамдармен ой арқылы қатынас жасауы мүмкін. Ой арқылы сөйлесіп, пікір таластырады.
Қозғалыс автоматизмі не кинестетикалық автоматизм. Ауру адамдардың қозғалысы өз еркімен емес, басқаның әсерімен болады. Ол өзінің қозғалыстарын басқа біреудің әсерімен байланыстырады. Басының бұрылуы, қолдарының көтерілуі, көздерінің қозғалысы біреудің әсерінен сияқты. Аурудың сөздері де өзінікі емес, басқаныкі сияқты болады.
Сенестопатиялық автоматизм. Ауру адамдардың айтуы бойынша олардың ойлары мен қозғалыстары ғана емес, барлық сезімдері басқалардың әсерімен болады. Олар суық пен күйдіргенді (термикалық сенестопатия), ауырған мен шанышқанды (алгиялық сенестопатия), бір нәрсенің тері астында жыбырлауы (кинестикалық сенестопатия) сезінеді. Мұнда бәрін басқа біреудің әрекетімен байланыстырады. Кейде аурудың айтуы бойынша қуғыншылар олардың дәретке отыруын, жыныстық қозуын тоқтатады.
Психикалық автоматизм құбылысы әрекет сандырағымен қатарлас болады. Ауру адамдардың айтуы бойынша оларға гипноз, электр тогы, ғарыштық сәулелер, атом энергиясы арқылы әсер етуіне байланысты ойлар, сезімдер, қозғалыстар пайда болады. Олардың сенімдері бойынша аппараттар, теледидар, магнитофон арқылы олардың ойлары жазылып, соның әсерінен бір жерді ауыртып, жыныстық қабілетті нашарлатып, бала табу мүмкіндігін жояды. Кейде әрекет сандырағының маңызы ұнамды болады.
Кандинский мен Клерамбо жазған психикалық автоматизм құбылысы бұл белгіде үлкен орын алғандықтан «параноидты» және «Кандинский Клерамбо» түсініктері тең, бірдей болып саналады. Бұл белгі жиі шизофрения ауруында кездеседі.
Парафрендік синдром жүйелі қуу және әрекет сандырағы қияли маңызды ұлылық ойлармен қатарласады. Ауру адамдар өздерін құдаймыз, жердің қожасымыз деп санап, климатты өзгертіп, соғысты тоқтатып, барлық әлемге әсер етеміз дейді. Парафрендік белгі көбіне шизофрения ауруында болады.
Жабысқақ синдромы жабысқақ ойлардан, үрейлерден, әрекеттерден тұрады. Неврозда және баяу ағымды шизофренияда кездеседі.

Эмоциональдық синдромдар
Бұған маниакальды және депрессивті синдромдар жатады.
Маниакальды синдром үш белгіден құралады: көтеріңкі, қуанышты көңіл күй, жылдам келетін ойлар және сөйлеу мен қозғалыс белсенділігі. Кейде қуанышты көңіл күймен қатар ауру ашуланшақ, ызалы болады, онда ызалық маниясы туралы айтады.
Депрессивті синдром үш белгіден құралған: қайғылы көңіл күй, баяу ойлар, сөйлеу мен қозғалыс тежелуі. Кейде сөйлеу мен қозғалыстың баяулауы айқындалып, ауру адам мүлде үндемей және қозғалмай қояды (депрессивті ступор). Басқа жағдайларда керісінше ауру адам мазасызданып зарығып, ыңқылдап, өзін өзі жәбірлейді. Мұндай депрессиялар ажитациялық деп аталады. Маниакальды, депрессивті белгілер маниакальды депрессивті психозда, шизофренияда және басқа психоздарда кездеседі.

Апатиялық синдром
Бұл селқостықтың, дерменсіздіктің, әлсіздіктің қосындысы. Органикалық ауруларда, шизофренияда кездеседі.

Кататониялық синдромдар
Кататониялық қозу және кататониялық ступор ретінде білінеді. Кататониялық қозуда мағынасыз, бағытталмаған сөз және жалпы қозғалыс қозуы орын алады. Ауру адамның сөзі үзілді кесілді мағынасыз болады. Бір сөз бен сөйлемді қайталай береді. Мұны вербигерация дейді. Айналадағылардың айтқанын қайталай береді (эхолалия). Айналадағылардың сөзін ғана емес, әрекетін де қайталайды (эхопраксия). Аурудың қозғалыстары күтпеген жерден, ырықсыз, боямалы, қитұрқылы болады. Ауру адам көбіне бәрін керісінше жасайды. Мұны негативизм дейді. Мағынасыз қозу, қиқаңдау, бет әлпетін өзгерту орын алады. Ауру адамдар ырықсыз, кенеттен төсектен атып тұрып, қаша жөнеледі, киімдерін шешіп, қолына түскеннің бәрін сындыра бастайды. Олар әр түрлі қитұрқылы қимылдар жасап түкіріп, нәжісін өзіне жағады, тағамдарды шашып, басқалардың көзінше өзінің жыныс мүшесін қоздыра бастайды.
Кататониялық ступор қозудан кейін не аурудың басында пайда болады. Мұндай жағдайда ауру адам үндемейді (мутизм), қозғалмайды, бұлшықеттердің тонусы жоғары болады. Сұрақтарға жауап бермейді, айналадағыларға және өзінің жағдайына көңіл аудармайды. Олар суыққа, ыстыққа, сулы төсекке, қарыны ашқанға, ауырғанға, қауіпті жағдайға (өрт, жер сілкіну, бомбаның жарылуы) көңіл аудармайды. Ауру ұзақ уақыт бір позада болып, барлық бұлшықеттері тартылады.
Балауыз иімділікті ступор. Ауру адамдар үндемей, аз қозғалып, ұзақ уақыт берілген позаны сақтайды. Мысалы, жатқан аурудың басын көтерсе, қол аяғын ыңғайсыз жатқызса, ол ұзақ уақыт осы позада болады. Сағаттап, тәуліктеп шалқасынан жатқан ауру адамның басы жастықтан көтеріңкі тұрады. Бұл ауа жастығының белгісі.
Негативистік ступор – бұл толығынан қозғалмау, позасын өзгертуге арналған әрекетке ауру адам қарсылық жасайды, бұлшықеттер күрт тартылады. Аурудың аузын қараған кезде аузын қатты жабады, пульсін санағанда қолы күрт тартылады. Кейде ауру адам құрсақта жатқандай бүгіліп, аяғы ішіне, иегі кеудесіне тартылып, ерні салбырайды.
Кататониялық синдром люцидті және онейроидты болып бөлінеді.
Люцидті кататониялық синдромда – ауру адамның есі дұрыс (санасы бұзылмайды), айналадағыны түгелдей қабылдап, артынан барлық оқиғаларды тұп тура есіне түсіреді.
Онейроидты кататониялар кезінде онейроидты ой алжасуы болады. Бұл кезең өткеннен соң ауру өзінің онейроидты қорқыныштарын түгелдей айтып береді. Шын оқиғалар есте сақталмайды.
Кататониялық синдром шизофренияда жиі кездеседі.


Корсаков синдромдары (Әуелгі жазған С.С.Корсаков).
Басқаша бұл белгі амнестикалық деп аталады. Мұнда бұрынғы оқиғалар есте сақталып, кейінгі оқиғалар естен шығады. Ауру адам қайда екенін, айналадағылардың кім екенін білмейді. Тамақты ішіп алып, ішкен жоқпын дейді. Бұрынғы оқиғаларды, арасында көп жыл өтсе де түшелімен есінде сақтайды. Мысалы, 30 жыл бұрын өткен көрген түсін айтып береді.
Жақында болған жағдайды ұмытып, оның орнына болмаған оқиғаларды айтады. Мұны конфабуляция дейді. Мысалы, кеше қайда болдыңыз деген сұраққа қыстақта болдым, шөп щаптым дейді. Шынында ол ауруханада еді.
Корсаков синдромы маскүнемдікте, уланғанда, мидың органикалық ауруларында (тамырлар ауырғанда, ісіктерде) кездеседі.

Астениялық синдром
Мұнда қатты психикалық зорығу және жиі организмнің әлсіреуі болады. Ауру адамның ойлау қабілеті төмендеп не жоғалып, назары нашарлайды. Олардың көңіл күйі төмен, енжар, айналадағыға селқос не ашуланшақ, жылауық болады. Мұндай жағдай әр түрлі психикалық және соматикалық аурудан кейін дамиды.
Психопатия тәрізді синдромдар – аурулардың мінез құлқы өзгереді, тәртібі нашарлайды.
Психопатологиялық синдромдар арасында ерекше орынды ақылдың кемістігі алады. Ақылдың кемістігінің негативті табиғаты бар. Бұл бір аурудың қорытындысы ретінде бірте бірте дамиды. Әуелгі кезде ол аз білінеді. Бірақ, ауру нашар емделсе не белгілері әбден анықталмаса ақылдың кемістігі бірінші орынға шығады. Бұл жағдайда позитивті психопатологиялық деп аталатын белгілер нашар білінеді. Мысалы, елестеушіліктер азайып, сандырақ ыдырап, маниакальды жағдайлар мен депрессия бір сарынды, солғын болып, ал ақылдың кемістігі күшейеді. Басқаша айтқанда негативті симптомдар біліне бастайды.
Ақылдың кемістігі психика нашар дамығандықтан туа пайда болады. және психикалық аурулардың нәтижесінен болады.
Туа пайда болған (олигофрениялық) ақылдың кемістігінде жалпы психика жетілмейді. Бұл ауру адамның абстракты ойлауының жоқтығынан, сөз запасының аз болуынан және нашар сөйлеуінен, есінің нашар болғандығынан, білімі аздығынан, эмоцияларының кедейлігінен білінеді.
Жүре пайда болған ақылдың кемістігі (деменция) аурулардан кейін, мидың органикалық тұрпайы зақымдануынан болады. Онда адамның барлық жекелік ерекшеліктері жоғалып, есі төмендеп, ауру адам өзі шамасыз екенін сезінеді.
Аурудың түріне қарай ақылдың кемістігі органикалық (қан тамырлары зақымданғанда, жарақаттан кейін), шизофрениялық, қояншық ауруы және т.б. болып бөлінеді. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру