ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТ
Автор тәуелсіздік ұлтымызға не берді? – деген сауалды қойып, жауап береді. Халқымыздың өз елінде, өз жерінде қайтадан басым көпшілік болуы, ұлттың орта жасының 25 жас болуы, қазақ халқының "әлеуметтік құрылымның барлық сатысынан" көрінуі, Қазақстан ұлтының тарихи-генетикалық мекені екені құқықтық тұрғыдан конституциялық және халықаралық деңгейде толық дәлелденуі, қазақ мемлекетінің өмір сүруінің көкжиегі анықталуы автордың күрделі және жүйелі ойларына тиек болған.
Көп уақыт біз қоғамдық білім саласында "ұлт"деген не екеніне таласып келдік. Автор "ұлт дегеніміз ұлттың өзін өзі билеу идеясы басын құраған адамдардың бірлестігі" деп анықтама береді. Басқаша айтқанда, әлеуметтік бірегейліктен ұлттық бірегейлікті жоғары қояды автор.
Монографияда Қазақстанның тұтастығы туралы да сөз қозғалады. Ол болса этностық тұтастық, жер, атамекен тұтастығы, Отан – деген отбасынан басталып, ұлт көтерген Орда – мемлекет тұтастығы. Байтақ жерді қорғауда жауынгерлік халқымызға біте қайнаған қасиет екені рас. Сонымен бірге, халқымыз жасампаз. Бұл күні тарихшылар әулеті арасында қазақта салт атты көшпенділер өркениеті болды, оның негізгі кәсібі – мал, соғыс – дегенді айтатындар да кездеседі. Ал, шын мәнінде, халқымыз қалалар салып, керуен жолдарын тартып, ғылыми трактаттар жазып, төл мәдениетін қалыптыстырған халық. Біз Ұлы Жібек жолының қазақ сахарасы тұсындағы ролін жоғарылау көрсетуіміз мүмкін. Біз халқымыздың ортағасырлық қала мәдениетін өз шама шарқынан жоғарылау пайымдауымыз мүмкін. Солай дегенмен де ежелгі қытай деректері, Плано Карпини, Рубрук сияқты саяхатшылардың жазба деректері, археологиялық қазба деректерді есепке алсақ, біздің ата-бабаларымыздың суармалы егін еккенін, Сығанақ, Қаялық, Құлан, Отырар сияқты қалалары болғанын, күміс ақшасы болғанын, Тәңірге табынғанын, көне түркі жазулары болғанын білеміз.
Н.Ә. Назарбаев сонау түркі республикасының іргетасын қалаған Кемаль Ата Түрік сияқты қазақ халқының өз қасиетін тани білуін күн тәртібіне қояды. Халқымыздың өркениет мұрагері екенін, бұл күнгі қазақ мемлекеттігінің түп негізі ғасырлар қойнауына кететінін еске салады.
Ұлттың "мен" дегізер қасиетін айта отыра, ұлттық төлтумалық - ұлттық ділге бас ие отыра, автор мәдени бірігулер - өзара кірігу үрдісінің іргетасы ұлттық мемлекет екенін пайымдайды.
Тарихи әдебиеттерде мәдениет туралы түсінік әртүрлі "мәдениет" деген терминнің 150-ден астам анықтамасы барын қайтерсің. Кешегі совет заманасында біз мәдениетті мәдени ағарту ісінің деңгейіне түсірдік, сауатсыздықты жоюды мәдени революцияға теңегенімізде бар. Автор "мәдениет" дегенді шын мәнінде кең ауқымда талдайды. "Ұлттың мәдениеті – оның қуат өрісі, қорғаныс тетігі" – деп қарайды автор. Ұлттың мәдениеті халықты ұлт етіп ұйытады.
Монографияның бір тарауы "Тоталитарлық тәртіп пен ұлттық ұғымдар" деп аталады. Соңғы кезде баспасөз бетінде қазақ тарихы тек трагедиядан тұратындай көрініс бар – деген сөздер айтылып жүр. Автор тоталитаризм – жадағай ұғым емес екендігін, тарих дегеннің тек өткеннің ғана сабағы емес, белгілі бір дәрежеде болашақтың көрінісі деп қарайды.
Не жасырытыны бар, біздің бәрімізде кешегі социализмнің шинелі ішінен шықтық. Сол кезде салынған қалалар, техниклық секіріс, бой көтерген завод, фабрикалар, мәдениет сарайлары – осының бәрі қалай салынды, олардың құны қандай? Автор сол социализмді "сағынып", "күйініш" білдіретін жандарға социализм туралы мифтерді әшкерелеп береді, қанға боялған, қайғы-қасіретке малынған қазақ сахарасының шындығын жан-жақты көз алдына елестетеді. Автор тарих тағылымының бүкіл Орта Азияның тәуелсіз мемлекеттері үшін орасан зор екендігін ашады. Бірлік аясының түркі халықтарына тарауын таразылайды, Орталық азия аймағының Шығыс пен Батысты жалғастырған стратегиялық буын екеніне назар аударады. Осы тұста Елбасы Ортаазиялық ықпалдастық (интеграция) – бұл осы аймақтың дүниежүзілік көлемдегі әскери-саяси, экономикалық тәуелсіздікке жету жолы екендігін әділ көрсетеді. Саясаткер санатында жалпы аймақтық мүдделерді ескермей, тар шеңберлі ұлттық мүдделерді ғана көздейтін ұлттық мемлекет құру кез келген агрессиялық әрекет Орта Азиядағы стратегиялық тепе-теңдікті бұзады деген қағиданы басшылыққа алуды қажет деп есептейді. Қазіргі кезеңде отаршылықтың не бір әккі түрлері бой көрсетіп жатқан кезеңде Елбасының ұлттық мүддені аймақтық мүддемен ұштастыруды күн тәртібіне қоюы саясаткер-қайраткер жанның замана сырын өте биік тұғырдан зерделейтінін танытады.
Н.Ә. Назарбаев монографияның соңғы тарауында біз ел-мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзей құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсініп, тарихтан тағылым алуымыз керек деп біледі. Қазақ ұлты ұлттың рухын жаңғыртып, өз болмысын танытуға мүмкіндік алды, ал сол мүмкіндікті шындыққа айналдыру қажеттілік түрінде қойылып отыр. Басқаша айтқанда, тарихта ұлттың болмысын биік тұғырға қондыру, әлемдік тарихтың жсампаз жарқын жұлдызы етіп жандыру мүмкіндігін іске асыру - ұлт парызы. Ол оның болашағы, біздің әрқайсысымыз осы тарихи миссияның алдында, ата-баба аруақтарының алдында жауапкерміз.
Елбасы тарихшы емес, бірақ әрбір ұлт перзенті, Отан тарихын жүрегінен өткізеді, одан тағылым алады. Әркім Пәни дүниеге келіп қана кетпей, перзенттік борышын, қарызы мен парызын ұлт алдында өтеуі абзал. Біздің әрқайсысымызда тәуелсіздік үшін мен не істедім, менің Отан, ұлт алдында арым таза ма? – деген сауалдарға жауап беруіміз керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы халық перзенті, ел баласы, қайраткер-саясаткер ретінде өзінің қазақ ұлты, қазақстандықтар алдында ғана емес, түркі әлемі, Орта Азия халықтары алдындағы парызын өтеп отыр. "Тарих толқынында" атты еңбек өзінің терең тарихи-философиялық, психологиялық шынайы сырларымен қымбат. Егер Елбасы "Қазақстан – 2030" атты еңбегінде болашақты үлкен блоктар арқылы пайымдаса, "Тарих толқынында" атты еңбегі "халықтану", "ұлттану" жанрымен болашақты бейнелейді. Тарихшылар әулеті бұл еңбекті Отан тарихына қосқан сүбелі үлес деп біледі.
ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ
Мәдениет – адам ісінен шыққан жасанды нәрселердің бәрі өнер дүниесі, өйткені олардың жасалып шығуына адам ақылы, әуесқойлық, шеберлігі, өнер күші кіріскен.
Ахмет Байтұрсынов мәдениетті екі салаға бөліп, "тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері", көркемділік үшін жұмсалатын нәрселерді жасауға арналған өнер "көрнек өнері" болады деп қараған. Бұл жіктеу – материальная, духовная – деген мәдениет түрлері әлемдік әдебиетте де бар.
Мәдениетке деген тұтас баянды көзқарас жоқ десе де болады. Әдебиетте бұл күні мәдениеттің мыңнан астам анықтамасы бар.
Мәдениет- өркениеттің басты көрсеткіші. Дала өркениетінің төл перзенті - қазақ халқы, Шоқан көрсеткендей, ұлы Гомердің туындысы сияқты, эпостарға бай. Көне металлургия, Қаныш Сәтбаев 1927 ж. анықтағандай, ордасы - Орталық Қазақстанда б.ж.с. бұрын V ғасырда пайда болған. Байтақ даланы қақ жарып, шығыс пен батысты қосатын Ұлы Жібек жолы – мәдениет жолы да болғаны күмән тудырмайды. Киіз үй, арба, дала күнтізбегі, аңдар айшықталған көне искусство, орда құрған ел басқару өнері, түркілер шыңдаған әскери өнер, өзіндік алфавит, 5 000 күй мен аңыздар Дала өркениетінің өзіндік қолтаңбасы бар екендігін танытады. Д.Неру дала перзенттері Европаны шапты да, цивилизациялады деуі осыдан.
Ұзақ жылдар әлемдік мәдениет тарихында дала өркениеті, оның мәдениеті мойындалмай келді. Кешегі советтік дәуірде мәдениет туралы ұғым қарабайырланды. 20-шы жылдары сауатсыздықты жоюға лап берген кезде мәдениеттілік ұғымы сауат ашу деңгейіне дейін түсірілді. Мәдениет – мәдени-ағарту жұмысының аясында қалды. Идеологияландырылған мәдениет біркелкі советтік мәдениетті - мазмұны социалистік, түрі ұлттық мәдениетті қалыптастырды. Сөйтіп, ұлттық мәдениет өзінің ғасырлық мазмұнынан айырыла бастады. Солай бола тұрса да қазақтың ұлттық сәулеті, сымбат, кескін, әуез (музыка), әдебиет өнерлері шарықтап дами бастады. Сонымен бірге ұлттың діні, ділі, тілі қасіретке ұшырады, халықтың ұлттық санасы көмескілене бастады, мәдениет саясат құралына айналды. Қазақ мәдениеті өзінің көшбастар көсемдерінің қалың тобынан айырылды.
Жаңа тәуелсіздік заманасы қазақтың ұлттық мәдениетін мемлекеттік деңгейге көтерді. Ол көпұлттық сипаты бар Қазақстан мәдениетінің өзегіне айналды. Ұзақ жылғы қуғын-сүргін, зобалаңнан ақталған қазақ мәдениетінің ұлыларының мұрасы халық қазынасына қосылды.
Дегемен де қазақ мәдениетінің осы ту көтерген тұсында проблемалары баршылық.Ең алдымен, қазақ мәдениеті әлемдік мәдениет өрісінің түлегі. Біз жаңа заманада өзімізбен өзіміз шектеліп, томаға-тұйықта қалып қою қаупінен сақтануымыз керек.
Мәдени мұралар жасауда бұл күні кәсібилік өнерді әуесқойлық өнер жеңіп бара жатқан көріністер жиі кездесетін болды. Өзіне, әкесіне ұқсатып, не болмаса кез келген шығыстың ғұламаларының бейнесіне еліктеп салған ешбір мәдени құны жоқ, біркүндік ескерткіштер республиканың әр жерінен бой көтеруде. Ескерткіштер жобаларына әкімдер, билік жүйесінде жүргендер өз шешімімен өзі сүйген өнер иелеріне тапсырыс беріп, бұйрықпен қабылдауда. Конкурс болмаған соң көптеген талантты жастардың қанаты қырқылып өсу жолынан өшу жолына түсуде.
Біртұтас қазақ әдебиеті бөлшектеніп, ұлттық тұғырынан аймақтық деңгейге аласарып бара жатқаны байқалады. Олардың ішінде қазіргі заманның тірі классиктері – КТК-ларда сан жоқ, кеудесін соққан жеке батырлар. Халық ақындары сарай ақындарына айналды. Кәсіби әдеби сын жоқ, оны керек етер жазушы, ақын, тыңдар құлақ жоқ десе де болады. Ата-бабасын, өзін, өзіндей көретіндерін дәріптейтін, тарихи шындықты бұрмалайтын естеліктер, тарихи эсселер көптеп шығуда. Жер астынан киізге оралып "көмілген" шежірелер, шипа өнері туралы жасанды қолжазбалар көбейді. Эфир, теледидар арқылы секс, зорлық, зомбылық, кісі өлтіру сияқты гуманизмнен ауылы алшақ өнер туындысысымақтары тәуліктеп насихатталады. Республикалық радиода жастарға, жасөспірімдерге, ауыл тұрғындарына арналған хабар редакциялары таратылғаны өкінішті-ақ. Жан-жақтан сұғанақтанып рухани интервенция жасалынып, етектен тартуда. Қазақ тілінде берілетін төл хабарлар азайды.
Бір сөзбен айтсақ, ұлттық мәдениеттің деңгейі төмендеп барады.
Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, жас тәуелсіз мемлекеттің мәдениет дамыту функциясы қалыптаспаған. Мәдениет - кітапхана ісі, мұражай ісі, т.б. салаларға бөлшектеніп кеткен. Екіншіден, қазақ мәдениетінің ұлттық тірегі – орташа тап еді (жұмысшы, колхозшы, зиялы қауым). Олар бұл күні быт-шыт болып шашырады. Жаңа орташа тап қалыптасқан жоқ. Жаңа қазақ болса – дүбәрә. "Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талдаңда" дейтін азын-аулақ қалталылар мәдениеттің қарабайырланған, бимаза, біркүндік туындыларына риза. Мәдени сұранысты зерттеу жолға қойылмаған. Мәдениеттің типтері – кедей мен байлардың, қала мен ауылдың, орталық пен шет аймақтың, көшенің, өндірістің, тобырдың мәдени сұраныстары зерттелмей қалды. Мәдениет тарихын саралайтын зерттеулер жоқтың қасы. Теориялық даярлығы бар кадрларды саусақпен санауға болады.
Абайдан бастап, бір ғасырға жуық қазақ мәдениеті жаңғыру дәуірін бастан кешті. Оған халқымыздың басына түскен отаршылық, геноцид дүмпу берді. Тәуелсіздік - мәдени, рухани мәдениетті жаңа сатыға көтеретін фактор. Ол үшін қазақ мәдениетінің қайраткерлерінің рухани бірлігі керек, мәдени даму жаңа жүйеге салыну керек. Жаңа ХХI ғ. мәдени дамуымыздың негізгі бағыттары анықталуы керек. Әлемдік кеңістікте қазақ мәдениеті өзіндік қолтаңбасы болуын зерделеу міндеті тұр. Алдыңғы буын ағалардың кейінгі буын інілері, балалары туын биік ұстап, мәдениеттің Хан тәңіріне бір сәт шаршамай, шалдықпай, торықпай өрлей беруі - үміт оты!
Ғылыми Зерттеулер және Еңбектер
Қазақ ... Өркениет. Бір кезде осылай салыстырмалы айтқан ғалымды есалаң санауы мүмкін еді. Өйткені, көшпелілер өкілі – номад - қазақ - дала тағысы, варвар болып танылатын. Қазақ тарихы орыс тарихының құрамдас бөлігі, оның елесі болып есептелетін. Ол өркениетке орыс халқы арқылы қолы жетті деп уағыздалатын.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихи майданының туын ұстаушы ғалымдардың бірі тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Президентінің бейбітшілік және ұлтаралық келісім сыйлығының лауреаты Манаш Қабашұлы Қозыбаев тәуелсіздік заманасында қазақ ұлтының тарихын өркениет, Дала өркениетінің аясында қарайды, тарихи дамудың формациялық және өркениеттік көзқарастарын салыстырып зерттеуді орынды санайды.
Еңбекте автордың соңғы 10-15 жылдар шегінде Дала өркениеті, қазақ ұлты, оның өркениетке үлес қосқан даналары, өркениеттік тұлғалар мен шығармалар қаралады.Автор осы кезең ішінде 400-ге жуық еңбек жазды. Олардың басым көпшілігі: "История и современность", "Ақтаңдақтар ақиқаты", "Жауды шаптым ту байлап", "Тарих зердесі" (екі кітап), "Казахстан на рубеже веков: поиски и размышления" (екі кітап) жарияланған. Осы еңбек те сол шығармалардың жалғасы іспетті. Алайда, бұл мақалалар жинағында өркениет және ұлт, оның ара қатынасы, қазақтың өркениеттегі орны кеңінен сөз болады. Сондықтан да ол тұтас проблеманы қамтиды, арнайы монографиялық жүкті арқалайды.
"Өркениет және ұлт" - ұлтын сүйген, Отанын сүйген қалың оқырман қауымға арналған.
ӨРКЕНИЕТ ӨРIНДЕ
ҚАЗАҚ ҰЛТЫ ЖӘНЕ ӨРКЕНИЕТ
Ой толғамдары, концепциялар, тарихи анықтамалар, фактылар, елдер мен халықтар болмысы өткен мен болашақтың арасында кілем тоқылғандай өрнектеліп, бір сәт үзілмейтін өмірді, өмір тарихын құрайды. Уақыт қас қағымнан басталып, ғасырлар мен дәуірлерге ұласып, қарға адымнан континент арасындағы, не болмаса жер мен күнге дейін, ғарыштағы планеталарға дейінгі қашықтық - бұл да тарихи өлшемнің түрлері, өмір кестесінің айшығы емес деп кім айта алады. Уақыт, кеңістік, адам бір тұтасып барып, космостық әлемдік мағынада тарихи құбылыстарды жасайды. Тарихшы осы тарихи кеңістіктегі болып өткен құбылыстарды белгілі мерзімде, уақытта өткенін тізбектеп беруші - "передатчик времени" - "translator temporіs" ғана емес, оны есінде сақтаушы, белгілі дәрежеде ұйымдастырушы, дәлірек айтсам, есте сақтау құдайы – Мнемозинаның функциясын атқарып, тарихи уақытты өз әлінше билеуші де илеуші.
Адам баласының ХХ ғ. даналары Вернадский, Ле Руа, Теяр де Шарден уақытты биологиялық, биосферадан ноонсфералық деңгейде түсіндірсе, тарихшы әлеуметтік эволюция деңгейіне көтерді. Тарихты әлемдік мағынада ағытып, тоғытып қарау (әлемдік тарих), локальды өркениеттік қарау (тарихи қалыптасқан орта тарихы – Орта Азия тарихы, Орталық Азия тарихы, Латын Америкасының тарихы), жеке адамның өз қарабасынан басталып, ортасы мен алысын, ділі мен дінін, ойы мен ісін, өнері мен жай-күйін қамтитын, Отан тарихы жеке халық тарихы сияқты болып кете барады.
Ағытып, тоғытып жазылған тарихтың ең үлкен қасиеті барша адам баласының эволюциялық даму жолын көруге, тануға мүмкіндік береді. Осы арада неміс философы Ясперстің "тарихта терең сыр бар, бірақ ол адамға өзін танып білуге жолатпайды", - дегеніне қосылуға болмайды. Ал регионалды тарих, жеке ұлт, мемлекет, дін, мәдениет тарихтары салыстырмалы түрде қаралып, оның әлемдік тарихқа қосар үлесі анықталады, тарихи тағылымдар негізінде болашақ айқындалады. Мысалы, гректің полисі сияқты қазақтың дала демократиясы әлем тарихының қазынасы. Не болмаса, б.ж.с. дейінгі 480 ж. Пермофилдегі грек-парсы соғысында патша Леонид бастаған 300 Спарта жауынгерлері сияқты 1643 жылы Алатау сілемдерінің бірінде Салқам Жәңгір 600 ұланмен қалмақтың қалың қолымен алысқаны отансүйгіштік өлшемі болып енуі өркениет олжасы. Не болмаса, Жалаңтөс баһадүрдің Шер Дор мен Тилля Кори медреселерін салып, Самарқанда қалалық орталық Регистан алаңын қалыптастыруы ортағасырлық сәулет өнері мен қала салудың ұлы сөзі болып әлемдік тарихқа хатталды. Осы арқылы біз Дала өркениетінің дала мен қаланың синтезі екендігін көрсетудеміз, оның сол өркениеттің әлемдік өркениеттегі өзіндік келбетін айшықтаудамыз. Көне гректердің ұлы данасы Гомер өркениет жыршысы екені аян. Сол сияқты өмір бойы сайрап өткен Көмекей әулие Бұхар жырау өркениет жыршысы. "Қырымның 40 батырын" жыл бойы жырлайтын Мұрын жыраудың жазығы біз оны Гомер деңгейінде көрсете алмағанымыздан. Дала жырын, дала мұңын қыл қобызға тіл бітіріп боздатып кеткен Қорқыт Ата шығыс өркениетінің перзенті екендігін әлем біледі. Бір сөзбен айтсам, біз ата тарихымыздың сырларын өркениет қойнауынан іздеп, ондағы ұлттық орнымызды табу сол тарихты өркениеттік деңгейге көтеріп жазғанда ғана мүмкін.
Әр этнос өзінің даму, өсу жолында сан қилы стадиялардан өтеді. Ұлттың жұлдызды сәті болады – ол мемлекет құру, әлемдік тарихқа өз өрнегін салу мүмкіндігі болса керек. Сонымен бірге оның тозу, сыну, ыдырау, құлау сәттері де тарихта кездесетін құбылыстар. Ал, ұлт ұлықты болса, ол – мемлекет-орда құрып, өз мәдениетін қалыптастырып, өркениетпен қабыса дамып, белгілі бір кеңістік пен мерзімде оның есігінен сығаламай, төріне шығатын бақыт қонады. Ұлтың рухты болса, ұлың ұлықты болса, тарихшы оны жаза алмаса, тарихтың сырын таба алмаса – ол тарихшы емес, ол тек оның елесі ғана.
Қазақ кешегі Ресейге тәуелді халық болған кезде оның өркениеттегі орнын біз сол мемлекет деңгейінде, соның ішкі құрылымында іздеуге ғана шама-шарқымыз жетті. Бұл күні жаңа заманада жаңа мүмкіндіктер пайда болғанда туған сауалдар баршылық.
Ең алдымен, біз халық болып қашан қалыптастық, оның стадиялары қандай?
Қазақ халқы өркениетке қатысты ма, әлде тарихтың даңғыл жолынан тыс, оның қапталында қалып қойды ма
Қазақ халқы Дала өркениетінің түлегі, бірақ ол жалғыз емес, ендеше сол өркениетті жасаушылардың ішінде ол асылы ма, жасылы ма, масылы ма? Дала өркениеті қашан, қандай кеңістікте, қандай мерзімде өмір сүрді?
Қазақ халқының өркениеттен алғаны көп пе, бергені көп пе?
Өркениет пен ұлт?А.Тойнби айтқандай, қазақ халқына тәңірдің арнайы шақыруы (вызов) болды ма? Сол шақыруға қазақ халқының жауабы қандай? Қалай қазақ ұлт есебінде өзін сақтай алды? Болашақта ол тарихпен, тәңірмен қалай тілдеседі, сырласады, мұңдасады?
Міне, менің тарихшы санатында өркениет пен ұлттың ара салмағын, халқымның тағдырын өркениетпен тоқайластырып қарауымның сыры оқырман осында. Бұл менің қазақтың тарихшы перзенті ретіндегі ізденіс сәттерім.
Әрине, бұл болашақ ізденістерді керек ететін тақырып. Қойылған сауалдарға жауап беруге мен өз әріптестерімді де шақырамын.
Сонымен, сөз өркениет және қазақ халқы хақында!....
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
kz | Рефераттар
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: реферат ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТ туралы реферат казакша на казахском акпарат малимет, реферат ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТ на казахском языке скачать бесплатно информация, рефераттар жинағы Тарих жоспарымен, казакша реферат жоспар, ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТ