Экономика | Қаржы тәуекелдерін басқару

Экономика | Қаржы тәуекелдерін басқару

Қаржы тәуекелдерінің теориялық негіздері.
Кез келген кәсіпорынның қаржылық әрекеттерінің барлық түрлері көптеген тәуекелмен тығыз байланысты болады. Оның ықпал ету дәрежесі нарықтық экономикаға байланысты біршама артуда.
Тәуекел шаруашылық қызметті жүзеге асырумен байланысты категориялардың ішінде ең күрделілерінің бірі болып табылады. Тәуекел - бұл бір жағынан, барынша мүмкінді қауіптілік, ресурстардан айырылу мүмкіндігі немесе ресурстарды ұтымды пайдаланудан алынатын табысты толық алмау, басқа жағынан, тәуекелдің арқасында қосымша пайда табу мүмкіндігі. Шынында да тәуекелдің салдарын біз алдын-ала нақты айта алмаймыз. Тәуекелге бару арқылы кәсіпорын табыс табуы да мүмкін, сонымен қатар оның шығынға ұшырамайтынына да ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан да қаржы менеджменті табыс алу мүмкіндігін ылғи да тәуекелмен байланыстырады. Тәуекел және табыс - өзара байланысты қаржылық категориялар.
Тәуекел - бұл экономикалық категория. Экономикалық категория ретінде ол болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін оқиғаны білдіреді. Кәсіпорынның тәуекелі деп оның қаржылық қызметінің жүзеге асырылуының шарттарының белгісіздігі жағдайында табыстар жоғалту немесе капитал жоғалту формасында жағымсыз қаржылық салдарлардың пайда болу ықтималдылығы түсіндіріледі.
Тәуекелді басқаруға болады, яғни тәуекелді оқиғаның пайда болуын қандай да бір дәрежеде болжауға мүмкіндік беретін әртүрлі шараларды қолдануға және тәуекел дәрежесін төмендетуге шаралар қабылдауға болады.
Тәуекелдердің сыныпталуы деп белгілі бір мақсатқа жету үшін қандай да бір белгілер бойынша тәуекелдерді жеке топтарға бөлуді түсінуге болады. Мүмкін болатын нәтижеге байланысты тәуекелдерді екі үлкен топқа бөлуге болады: таза және спекулятивті тәуекелдер.
Таза тәуекелдер теріс немесе нөлдік нәтиже aлy мүмкіндігін білдіреді. Мұндай тәуекелдерге табиғи, экологиялық, саяси, транспорттық және коммерциялық тәуекелдердің кейбір түрлері (мүліктік, өндірістік және сауда тәуекелі) жатады.
Спекулятивті тәуекелдер оң нәтиже де, сондай-ақ теріс нәтиже де алу мүмкіндігімен айқындалады. Оларға коммерциялық тәуекелдердің бір бөлігі болып табылатын қаржылық тәуекелдер жатады.
Пайда болуының негізгі себебіне байланысты тәуекелдер келесідей категорияларға бөлінеді: табиғи, экологиялық, саяси, транспорттық және коммерциялық тәуекелдер.
Табиғи тәуекелдерге табиғаттың апатты күштерінің көрініс табуымен, яғни жер сілкінісімен, су тасқынымен, боранмен, өртпен, эпидемиямен және тағы басқалармен байланысты тәуекелдер жатады.
Экологиялық тәуекелдер - бұл қоршаған ортаны ластаумен байланысты тәуекелдер.
Саяси тәуекелдер - елдегі саяси жағдаймен және мемлекеттің қызметімен байланысты тәуекелдер. Саяси тәуекелдерөндірістік-сауда процесінің шаруашылық субъектіге байланыссыз себептер бойынша бұзылуынан пайда болады.
Транспорттық тәуекелдер — бұл жүктерді автомобильмен, су көлігімен, өзен көлігімен, теміржол көлігімен, самолеттермен және тағы басқа да көлік түрлерімен тасумен байланысты тәуекелдер.
Коммерциялық тәукелдер - қаржылық-шаруашылық қызмет процесінде залалдарға ұшырау қауіптілігі. Олар коммерциялық мәміле нәтижесінің белгісіздігін білдіреді. Құрылымдық белгілері бойынша коммерциялық тәуекелдер мүліктік, өндірістік, сауда, қаржылық тәуекелдерге бөлінеді.
Мүліктік тәуекелдер - бұл кәсіпкер-азаматтың ұрлық, диверсия, техникалық және технологиялық жүйелердің бұзылуы нәтижесінде мүлкін жоғалту ықтималдылығымен байланысты тәуекелдер.
Өндірістік тәуекелдер — бұл әртүрлі факторлардың ықпалы нәтижесінде өндірістің тоқтап қалуынан болатын шығындармен байланысты және өндіріске жаңа техника мен технологияны өндірумен байланысты тәуекелдер.
Сауда тәуекелі - бұл төлемдерді кешіктіру, тауарларды жөнелту кезінде төлемдерді жүргізуден бас тарту, тауарды уақытында жеткізбеу себептері бойынша шығындармен байланысты тәуекел.
Қаржылық тәуекелдер – қаржы ресурстарын жоғалту ықтималдылығымен байланысты болады.

Қаржылық тәуекелдердің жіктелуі
Кәсіпорындардың тәуекелдерінің ішінде ең көп кездесетіні және ең негізгісі болып қаржылық тәуекелдер табылады. Кәсіпорынның қаржылық тәуекелдері көп түрімен сипатталады және оларды тиімді басқару мақсатында келесідей негізгі белгілер бойынша сыныптайды.

1.Түрлері бойынша:
• Қаржылық тұрақтылықтың төмендеу тәуекелі;
• Төлем қабілетсіздігі тәуекелің;
• Инвестициялық тәуекел;
• Инфляциялық тәуекел;
• Пайыздық тәуекел;
• Валюталық тәуекел;
• Депозиттік тәуекел;
• Несиелік тәуекел;
• Салықтық тәуекел;
• Құрылымдық тәуекел;
• Криминогендік тәуекел;
• Тәуекелдердің басқа түрлері.

2.Сипатталатын объекті бойынша:
• Жеке қаржылық операция тәуекелі;
• Әртүрлі қаржылық қызмет түрлері тәуекелі;
• Кәсіпорынның жалпы қаржылық қызметі тәуекелі.

3.Зерттелетін объектілердің жиынтығы бойынша:
• Жеке қаржылық тәуекел;
• Портфелді қаржылық тәуекел.

4.Зерттеу кешенділігі бойынша:
• Қарапайым қаржылық тәуекел;
• Күрделі қаржылық тәуекел.

5.Пайда болу көздері бойынша:
• Сыртқы немесе жүйелік тәуекел;
• Ішкі немесе жүйелік емес тәуекел.

6.Қаржылық салдарлары бойынша:
• Тек экономикалық залалдарға әкелетін тәуекел;
• Пайданы жіберіп алу тәуекелі;
• Экономикалық залалдар да, қосымша табыстар да әкелетін тәуекел.

7.Әсер ету уақыты бойынша:
• Тұрақты қаржылық тәуекел;
• Уақытша қаржылық тәуекел.

8.Қаржылық залалдар деңгейі бойынша:
• Мүмкінді қаржылық тәуекел;
• Сыни қаржылық тәуекел;
• Апатты қаржылық тәуекел.

9.Болжай алу мүмкіндігі бойынша:
• Болжанатын қаржылық тәуекел;
• Болжанбайтын қаржылық тәуекел.

10.Сақтандыру мүмкіндігі бойынша:
• Сақтандырылатын қаржылық тәуекел;
• Сақтандырылмайтын қаржылық тәуекел.

Қазіргі кезде кәсіпорынның қаржылық тәуекелдерінің негізгі түрлеріне келесілерді жатқызады.
Түрлері бойынша:
• Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылыгының төмендеу тәуекелі (немесе қаржылыц даму тұрақтылыгының бұзылу тәуекелі). Бұл тәуекел капитал құрылымының жетілдірілмеуімен (қолданылатын қарыз қаражаттарының жоғары үлесімен) түсіндіріледі. Капитал құрылымының жетілдірілмеуі кәсіпорынның көлемдері бойынша ақша ағындарының теріс немесе оң тепе-теңсіздігін тудырады. Бұл тәуекел қаржылық тәуекелдердің қауіптілік дәрежесі бойынша құрамында маңызды орын алады.
• Кәсіпорынның төлем қабілетсіздігі тәуекелі (немесе тепе-теңсіздік өтімділік тәуекелі). Бұл тәуекел айналым активтерінің өтімділік деңгейінің төмендеуінен туындайды, бұл кәсіпорынның уақыт бойынша ақша ағындарының теріс немесе оң тепе-теңсіздігін тудырады. Өзінің қаржылық салдарлары бойынша тәуекелдің бұл түрі аса қауіпті тәуекелдердің қатарына жатады.
• Инвестициялыц тәуекел. Ол кәсіпорынның инвестициялық қызметін жүзеге асыру процесінде қаржылық залалдардың пайда болу мүмкіндігін сипаттайды. Осы қызметтің түрлеріне қарай инвестициялық тәуекелдің де түрлері бөлінеді - нақтылы инвестициялау тәуекелі және қаржылық инвестициялау тәуекелі. Инвестициялық қызметті жүзеге асырумен байланысты барлық қаржылық тәуекелдер "күрделі тәуекелдерге" жатады. Осылайша, мысалға, нақтылы инвестициялау тәуекелінің құрамында инвестициялық жобаны уақытында дайындамау тәуекелін; жоба-конструкторлық жұмыстарды уақытында аяқтамау тәуекелін; құрылыс-монтаждық жұмыстарды дер кезінде аяқтамау тәуекелін; инвестициялық жоба бойынша қаржыландыруды уақытында бастамау тәуекелін; жобаның тиімділігінің төмендеуімен байланысты инвестицияның тартымдылығын жоғалту тәуекелін және тағы басқа да тәуекелдерді бөліп көрсетуге болады. Инвестициялық тәуекелдердің барлық түрлері кәсіпорынның капиталын жоғалту мүмкіндігімен байланысты болғандықтан, олар да аса қауіпті қаржылық тәуекелдер тобына жатады.
• Инфляциялық тәуекел. Инфляциялық экономика жағдайында бұл тәуекел қаржылық тәуекелдердің жеке түрі болып бөлінеді. Тәуекелдің бұл түрі инфляция жағдайында капиталдың нақты құнының, сондай-ақ қаржылық операцияларды жүзеге асырудан күтілетін табыстардың құнсыздану мүмкіндігімен сипатталады.
• Пайыздық тәуекел. Ол қаржы нарығында пайыздық ставкалардың (депозиттік те, несиелік те ставкалардың) күтілмеген өзгерісін сипаттайды. Бұл қаржылық тәуекелдің пайда болуының негізгі себептері: мемлекеттік реттеу ықпалынан қаржы нарығының конъюнктурасының өзгеруі, бос ақша ресурстарын ұсынудың төмендеуі немесе өсуі және басқа да факторлар. Бұл тәуекелдің теріс қаржылық салдарлары кәсіпорынның эмиссиялық қызметінде, оның дивидендтік саясатында, қысқа мерзімді қаржылық салымдарда және басқа да кейбір қаржылық операцияларда көрініс табуы мүмкін.
• Валюталық тәуекел. Тәуекелдің бұл түрі сыртқы экономикалық қызмет жүргізетін (шикізат, материалдар және жартылай фабрикаттар импорттайтын немесе дайын өнімді экспорттайтын) кәсіпорындарға тән. Ол кәсіпорынның сыртқы экономикалық операцияларында қолданатын шетел валютасы курсының өзгеруінің операциялардан күтілетін ақша ағындарына тікелей әсер етуі нәтижесінде алдын-ала көзделген табыстарды толығымен ала алмауын түсіндіреді. Осылайша, шикізат пен материалдарды импорттай отырып, кәсіпорын сәйкес шетел валютасының ұлттық валютаға қатысты айырбас курсының жоғарылауынан ұтылады. Сондай-ақ, бұл курстың төмендеуі кәсіпорынның дайын өнімді экспорттау кезіндегі қаржылық залалын анықтайды.
• Депозиттік тәуекел. Бұл тәуекел депозиттік салымдардың қайтпау (депозиттік сертификаттардың өтелмеу) мүмкіндігін сипаттайды. Бұл тәуекел сирек кездеседі және кәсіпорынның депозиттік операцияларын жүзеге асыру үшін коммерциялық банкті дұрыс бағаламау немесе дұрыс таңдамауымен байланысты болады.
• Несиелік тәуекел. Бұл тәуекел кәсіпорынның өз қаржылық қызметі барысында сатып алушыларына тауарлай (коммерциялық) немесе тұтыну несиесін ұсыну кезінде орын алады. Оның көрініс табу формасы болып кәсіпорынның несиеге берген дайын өнімі үшін төлемдерді өтемеу немесе уақытында есеп айырыспау табылады.
• Салықтық тәуекел. Қаржылық тәуекелдің бұл түрі бірнеше түрде көрініс табады: шаруашылық қызметтің жеке аспектілерін жүзеге асыруға жаңа салықтар мен алымдардың түрлерін енгізу ықтималдылығы; салықтар мен алымдардың ставкаларының деңгейінің жоғарылау мүмкіндігі; жеке салықтық төлемдерді жүзеге асырудың шарттары мен мерзімдерінің өзгеруі; кәсіпорынның шаруашылық қызметінің сферасындағы салықтық жеңілдіктерді алып тастау ықтималдылығы. Кәсіпорын үшін алдын-ала болжанылмайтын бұл тәуекел оның қаржылық қызметінің нәтижелеріне айтарлықтай ықпалын тигізеді.
• Құрылымдық тәуекел. Тәуекелдің бұл түрі кәсіпорынның ағымдағы шығындарының тиімді қаржыландырылмауымен байланыстырылады. Тауар нарығы конъюнктурасының жағымсыз өзгеруі кезіндегі операциялық леверидждің жоғары коэффициенті және операциялық қызмет бойынша оң мәнді ақша ағындарының жиынтық көлемінің төмендеуі қызметтің осы түрі бойынша таза ақша ағындары сомасының төмендеуінің одан да жоғары қарқынымен ұштасады.
• Криминогендік тәуекел. Кәсіпорынның қаржылық қызметі сферасында бұл тәуекел оның серіктестерінің өзін жалған банкрот деп тану формасында, басқа бір үшінші тұлғаның осы кәсіпорынның ақшалай және басқа да активтерін заңсыз иемденуді қамтамасыз ететін құжаттарды жалған рәсімдеу; кәсіпорынның жеке персоналының активтердің жекелеген түрлерін ұрлауы және тағы да басқа формаларда көрініс табады.
• Тәуекелдердің баска да түрлері. Басқа да қаржылық тәуекелдердің тобы айтарлықтай үлкен, бірақ пайда болу ықтималдылығына қарай немесе қаржылық залалдар деңгейі бойынша бұл тәуекелдер жоғарыда атап өтілген тәуекел түрлерімен салыстырғанда, кәсіпорын үшін аса маңызды емес. Мұндай тәуекелдерге тек ғана күтілген табыстардың ғана емес, сондай-ақ кәсіпорынның активтерінің бір бөлігінің (негізгі қорлардың, тауарлы-материалдық құндылықтар қорларының) жоғалуына әкелуі мүмкін стихиялық апаттар тәуекелі және басқа да "форс-мажорлық тәуекелдер"; есептік-кассалық операциялардың уақытында орындалмау тәуекелі; эмиссиялық тәуекел жатады.
Сипатталатын объекті бойынша қаржылық тәуекелдердің келесі топтарын бөледі:
• Жеке қаржылық операция тәуекелі. Ол қандай да бір қаржылық операцияға тән барлық қаржылық тәуекел түрлерінің бүкіл спектрін кешенді түрде сипаттайды (мысалы, қандай да бір акцияны сатып алуға тән тәуекел);
• Әр түрлі қаржылық қызмет түрлері тәуекелі (мысалы, кәсіпорынның инвестициялық немесе несиелік қызметінің тәуекелі);
• Кәсіпорынының жалпы қаржылық қызметі тәуекелі. Кәсіпорынның қаржылық қызметіне тән қаржылық тәуекел түрлерінің кешені оның қызметінің ұйымдастырушылық-құқықтық формасының ерекшелігімен, капиталының құрылымымен, активтер құрамымен, тұрақты және өзгермелі шығындарының ара қатынасымен және тағы басқалармен анықталады.
Зерттелетін инструменттер жиынтығы бойынша қаржылық тәуекелдер келесідей топтарға бөлінеді:
• Жеке қаржылық тәуекел. Ол жеке қаржылық инструменттерге тән жиынтық тәуекелді сипаттайды.
• Портфелді қаржылық тәуекел. Ол портфелге біріктірілген бір функционалды қаржылық инструменттердің кешеніне тән жиынтық тәуекелді (мысалы, кәсіпорынның несиелік портфелінің тәуекелі, оның инвестициялық портфелінің тәуекелі және тағы басқа да тәуекелдер) сипаттайды.
Зерттеу кешенділігі бойынша тәуекелдердің келесідей түрлерін бөледі:
• Қарапайым қаржылық тәуекел. Ол әрі қарай жеке түрлерге жіктелмейтін тәуекелді сипаттайды. Қарапайым қаржылық тәуекелге инфляциялық тәуекел мысал бола алады;
• Қүрделі қаржылық тәуекел. Ол түрлерінің кешенінен тұратын қаржылық тәуекел түрін сипаттайды. Инвестициялық тәуекел күрделі қаржылық тәуекелдің мысалы бола алады (инвестициялық жоба тәуекелі).
Пайда болу көздері бойынша қаржылық тәуекелдердің келесідей топтарын бөліп көрсетеді:
• Сыртқы, жүйелік немесе нарықтық тәуекел (барлық терминдер бұл тәуекелді кәсіпорын қызметіне тәуелді емес тәуекел ретінде анықтайды). Тәуекелдің бұл түрі қаржылық қызметтің барлық қатысушыларына және қаржылық операциялардың барлық түрлеріне тән. Ол экономикалық циклдың жеке стадияларының ауысуы кезінде, қаржы нарығының конъюнктурасының өзгеруі кезінде және кәсіпорын өз қызметі барысында әсер ете алмайтын басқа да жағдайлар туындаған кезде пайда болады. Тәуекелдердің бұл тобына инфляциялық тәуекел, пайыздық тәуекел, валюталық тәуекел, салықтық тәуекел және бөлшектей инвестициялық тәуекел (инвестициялаудың макроэкономикалық шарттарының өзгерісі кезінде) жатқызылады.
• Ішкі жүйелік емес немесе айрықшалықты тәуекел (барлық терминдер бұл тәуекелді нақты бір кәсіпорынның қызметіне тәуелді тәуекел ретінде анықтайды). Ол мамандану дәрежесі төмен қаржы менеджерімен, активтер мен капиталдың тиімсіз құрылымымен, шаруашылық серіктестердің дұрыс бағаланбауымен және қаржылық тәуекелдерді тиімді басқару есебінен теріс салдарларды қандай да бір дәрежеде болдырмауға мүмкін болатын басқа да факторлармен байланысты болуы мүмкін.
Қаржылық салдарлары бойынша барлық тәуекелдер мынадай топтарға бөлінеді:
• Тек экономикалық залалдарга әкелетін тәуекел. Тәуекелдің бұл түрінде қаржылық салдарлар тек теріс мәнді болуы мүмкін (табысты немесе капиталды жоғалту).
• Пайданы жіберіп алу тәуекелі. Ол кәсіпорынның қалыптасқан белгілі бір объективті және субъективті себептерге байланысты өзінің жоспарланған қаржылық операциясын жүзеге асыра алмауы жағдайын сипаттайды (мысалы: кәсіпорынның несиелік рейтингісінің төмендеуі салдарынан қажет несиені ала алмауы).
• Экономикалық залалдар да, қосымша табыстар да әкелетін тәуекел. Әдебиеттерде қаржылық тәуекелдің бұл түрін көпшілік жағдайда "спекулятивті қаржылық тәуекел" деп атайды, себебі ол спекулятивті (агрессивті) қаржылық операцияларды жүзеге асырумен байланысты. Бірақ бұл термин (мұндай мағынада) бұл тәуекелдің табиғатын нақты ашпайды, себебі тәуекелдің бұл түрі тек спекулятивті қаржылық операцияларға ғана тән емес.
Әсер ету уақыты бойынша қаржылық тәуекелдердің екі тобын бөледі:
• Тұрақты қаржылық тәуекел. Ол қаржылық операцияның бүкіл жүзеге асырылу кезеңі үшін сипатты және ол тұрақты факторлардың қызмет етуімен байланысты. Мұндай қаржылық тәуекелге пайыздық тәуекел, валюталық тәуекел және тағы басқа тәуекелдер мысал бола алады.
• Уақытша қаржылық тәуекел. Ол қаржылық операцияның жүзеге асырылуының жеке этаптарында ғана пайда болатын өзгергіштік сипаттағы тәуекелді сипаттайды. Мұндай қаржылық тәуекелге мысал: тиімді жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның төлем қабілетсіздігі тәуекелі.
Қаржылық залалдар деңгейі бойынша тәуекелдерді келесідей түрлерге бөледі:
• Мүмкін қаржылық тәуекел. Ол қаржылық залалы жүзеге асырылатын қаржылық операция бойынша есептелген пайда сомасынан аспайтын тәуекелді сипаттайды.
• Сыни қаржылық тәуекел. Ол қаржылық залалы жүзеге асырылатын қаржылық операция бойынша есептелген жиынтық табыс сомасынан асатын тәуекелді сипаттайды.
• Апатты қаржылық тәуекел. Ол қаржылық залалы меншікті капиталдың бөлшектей немесе толығымен жоғалуын анықтайтын тәуекелді сипаттайды (тәуекелдің бұл түрі қарыз капиталының да жоғалуын сипаттауы мүмкін).
Болжай алу мүмкіндігі бойынша қаржылық тәуекелдер келесідей екі топқа бөлінеді:
• Болжанатын қаржылық тәуекел. Ол экономиканың циклды дамуымен, қаржы нарығы конъюнктурасы стадияларының ауысуымен, бәсекелестіктің болжамды дамуымен және тағы басқалармен байланысты тәуекел түрлерін сипаттайды. Қаржылық тәуекелдердің болжана алуы салыстырмалы сипатқа ие, себебі нәтижені 100%-дық сеніммен болжау бұл құбылыстың тәуекелдер категориясына жатпайтындығын білдіреді. Болжанатын қаржылық тәуекелдерге мысал: инфляциялық тәуекел, пайыздық тәуекел және басқа да тәуекел түрлері (әрине, оларды тек қысқа мерзімге ғана болжауға болады).
• Болжанбайтын қаржылық тәуекел. Ол пайда болуын алдын-ала мүлдем болжауға келмейтін тәуекелдерді сипаттайды. Мұндай тәуекелдерге форс-мажорлық топтың тәуекелдері, салықтық тәуекел, тағы басқа да тәуекел түрлері мысал бола алады. Осы сыныпталу белгісіне қарай қаржылық тәуекелдерді кәсіпорын шеңберінде басқарылатын және басқарылмайтын тәуекелдер деп те бөледі.
Сақтандыру мүмкіндігі бойынша да қаржылық тәуекелдер екі топқа бөлінеді:
• Сақтандырылатын қаржылық тәуекел. Оларға сыртқы сақтандыру тәртібімен сәйкес сақтандыру ұйымдарына беріле алатын тәуекелдер жатады.
• Сақтандырылмайтын қаржылық тәуекел. Оларға қаржы нарығында сәйкес сақтандыру өнімдерінің ұсынысы жоқ тәуекелдер жатады.
Осы қарастырылған екі топтың тәуекелдерінің құрамы өте өзгермелі және ол тек оларды болжау мүмкіндігімен ғана емес, сондай-ақ нақты экономикалық жағдайларда сақтандыру операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыру тиімділігімен де байланысты болады......


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру