Қазақ тілі | ҚАЗАҚ ГОВОРЛАРЫНДАҒЫ КІРМЕ СӨЗДЕР

Қазақ тілі | ҚАЗАҚ ГОВОРЛАРЫНДАҒЫ КІРМЕ СӨЗДЕР

ҚАЗАҚ ГОВОРЛАРЫНДАҒЫ КІРМЕ СӨЗДЕР
Қазақ говорлары тек көне замандағы ру, тайпа тілдерінің қалдығы ретінде сақталып калған байырғы, дәстүрлі сөздер мен тұлғалардан құралмайды. Оның ішінде кейінгі замандарда, тіпті кеше ғана, Ұлы Октябрь революциясынан кейін, пайда болған сөздер де бар. Осы кейінгі замандарда келіп қосылған диалектілік ерекшеліктердің бірсыпырасы — көрші тілдерден ауысып келген сөздер мен тұлғалар. Қазақстан жері бірнеше халықпен шекаралас жатыр. Олардың бірқатарының тілі туыстас та, кейбіреулері басқа типологиялық тілдер тобына жатады. Қазақ халқының көршілес елдермен ерте кезден-ақ тығыз қарым-қатынас жасап, олармен аралас-құралас отырғандығы белгілі. Бұл жағдай қазақ тілі құрамына әсер етпей қойған жоқ. Көрші халықтың тілі арқылы тілімізге ауысқан сөздер мен тұлғалар әсіресе Қазақстанның шет аймақтарында көп кездеседі. Мысалы, Өзбекстанмен шектес жаткан Шымкент облысы тұрғындарынын тілінде өзбек тілінен енген сөздер көп. Қырғызстанмен- шектес жатқан Жамбыл облысының оңтүстік аудандарында қырғыз тілінен енген сөздер бар. Жетісудын шығыс жағын мекендеген қазақтардың тіліне ұйғыр сөзі араласса, батыс қазақтарының тіліне татар, ноғай, башқұрт сөздері қосылып кеткен.
Ал орыс, араб, иран тілдерінің әсері барлық говорларда да байқалады, бірақ әсер ету дәрежесі барлық жерде бірдей емес. Араб, иран тілдерінің элементтері солтүстік-батыс не шығыстан гөрі оңтүстік аймақтарда көбірек ұшырайды. Орыс тілінен енген сөздер әсіресе солтүстік-батыс және шығыс аймақтарды мекендеген тұрғындардың тілінде көбірек кездеседі.
Орыс тілінен енген сөздер. Орыс тілінен енген немесе орыс тілі арқылы говорларға енген сөздердің дыбыстық жағынан қабылдануы олардың әдеби тілдегі сипатымен бірдей емес. Егерде әдеби тілдегі орыс тілінен енген бәтеңке, сот, пұт сиякты бірен-саран сөздерді есепке алмағанда, айтылуы мен жазылуы жағынан орыс тіліндегі нұсқасын сақтаса, говорларда олар ауызекі тілдің дыбысталу ыңғайына сәйкес біраз өзгеріске түсіп айтылады. Мысалы: бедре (ведро), құрамыс (коромысло), кәстеңке (косынка), кәртөшке (картошқа), қарбыз (арбуз), пірнәбес (принавес) т. б. Орыс тілі оңтүстік говорлардан гөрі батыс, әсіресе орталык-солтүстік және шығыс говорларына көбірек әсер еткендігі диалектологиялық экспедициялардың материалдарынан анық байқалады. Мысалы:
Кәсіеңке (Орал, Чап.). Басқа тартатын үшкіл орамал.
Кәнеу. (Орал, Жымп., канава). Арық, канал. Қәнәудан аттай алмай құлап калдым (Орал, Жымп.).
Манат//мәнет (монета). Сом. Бір манат ақшан бар ма? (Орал, Чап.).
Скірт (Ор. скирда). Бүгін бірнеше скірт шөп тасыдық (Орал, Жымп.). Совхоздың далада үюлі тұрған скірттерінен 4 жүк пішенді тиеп апарып үйіп қойды («Қызыл Ту», 4.1.38).
Ағлөп —(Орал. Чап., ор. оглобли). Тәрте, арбаның жетегі.
Сәтнек — всадник1.
Кейде қазақ сөзі немесе көрші тілдерден енген сөз бен орыс сөзі синоним ретінде қатар қолданылады. Мысалы, Орал облысы Чапаев, Жымпиты аудандарындағы тұрғындардың тілінде төмендегі сынарлар қатар қолданылады.
Кақпыш//төшелкі (тушилка). Самауырдың кәмпөркесі. Мұны кейде самауырдың томағасы деп те атайды.
Теркөйлек//мәйкі. Майка.
Лапас (сир.)//пірнәбес (жиі) (принавес). Жан-жағы ашық, төбесі жабық қора.
Пияла — пөзір (пузырь). Керосин шамның шынысы, шишасы.
Орыс тілінен енген сөздер әсіресе солтүстік-шығыс говорларда көп кездеседі. Акад. В. Радлов 1870 жылдың өзінде Қазақстанның солтүстік облыстарында тұратын қазақтардың тілінде орыс сөздері көп ұшырайтынын айтады: «Солтүстікте орыс көршілерінің әсері арқасында және оңтүстікте өзбектердің әсері арқасында қазақ тілінің сөздік құрамы едәуір сөздермен байып отыр». Төменде келтірілген материалдар В. Радловтың осы сөзін растайды. Орталық-солтүстік говорлардан мысал келтірейік.

Кашауа (Қөкш., Щуч., ор. кашовка). Жеңіл шана.
Күмәжнек//куәжнек (бумажник). Ақша салатын былғары бумажник. Қарағым, қалтамдағы күмәжнекті алып берші (Көкш., Щуч.).
Күмәгі. Қағаз (бумага). Күмәгі, күмәгі,— деді Бүркітбай бір кезде қойнына қолын тығып. (С. Мұқанов.)
Оқап (ухаба). Ойлы-кырлы, кедір-бұдыр жер. Қысқы жолда оқап көп болады (Көкш., Щуч.).
Бедре (ведро). Бір бедре су әкеліп қойды (Сем., Мак.)-
Бөгіребас. (Қарағ., Шет). Ыдыс-аяқ салып қоятын орын (погребец).
Құнт (кнут). Қамшы. Құнты жоқ кісі кесеумен қамшылар (мақал). Құнтымен ашуланғанда қойып қалады (Көкш., Щуч.). Иттерге құнтын сілтеп, ешіктіріп, кейбіреуін тартып жіберіп қынсылатты. (С. Мұқанов.)
Халықтық сөйлеу тілінде овощ, жеміс, бау, бау-бақша аттарының қазақша атаулары жоқ болғандықтан, біраз сөздер орысша аталады. Мысалы, солтүстік қазақтарының тілінде сәбіз, кияр, жүгері, қызылша сияқты сөздердің орнына мәркөп, огүршік, көкраз, сбекла сөздері қолданылады. Бұл өңірдің тұрғындары пиязды сарымсақ, сарымсақты шөшнөк (шешнок) дейді.
Жоғарыда келтірілген сөздерден басқа божы (вожжи), көпене//күпәнә (копна), көшкі (кучка) сияқты сөздер де бар.
Араб және иран тілдерінің элементтері. Араб және иран тілдерінің элементтері говорларда жиі ұшырайды. Оларды әсіресе оңтүстік говорларда көп кездестіреміз. Араб, иран тілдерінің элементтерінің басым көпшілігі оңтүстік говорларға өзбек, ұйғыр тілдері арқылы ауысқан. Мысалдар:
Тауша — текше, Қабырғадағы ыдыс-аяқ қоятын қуыс жер. Парсыша тагча. Біз текшеге көрпе-төсекті де қоямыз (Шымк.,Лен.).
Дәліз (Шымк., Лен.). Сенек, ауыз үй. Парсыша: даһлиз — сенек, ауыз үй.
Айуан. Ауыз үйдің алдындағы веранда. Парсыша: веранда. Жүр, айуанға шығып отырайық (Шым., Лен.).
Пиала — пиялай. Бұл сөздік парсы тіліндегі мағынасы — кесе, бокал. Бұл сөз қазақ говорларында бірде кесе мағынасында, бірде шамның шынысы мағынасында жұмсалады.
Шиша. Бөтелке. Дүкенге барып бір шиша лимонад әкелші. (Шымк., Сайр.). Парсыша шише — әйнек, бөтелке деген сөз.
Тандыр. Нан пісіретін пеш. Парсыша — тандур. Тандырды түстен кейін жағайын деп отырмыз (Алм., Шел.).
Дарбаза. Қақпа. Қораның дарбазасын түзету керек еді
(Шымк., Лен.). Ауыз — дарбаза, сөз — самал, кұдай ұрғанға не
амал (мақал). Парсыда дарвазе сөзі қорғанның, қаланың кақпасы деген мағынада жұмсалады.
Белкүрек (күрек) дегендегі бел — араб, иран тілдерінің элементі. Парсы тіліндегі бил сөзінің мағынасы — күрек.
Нөгер. Парсы тілінде ноукар. Әдеби тілдегі айтылу нормасы — нөкер. Орталық-солтүстік говорларында бұл сөз нөгер формасында айтылады. Мысалы: Қырық күндей той етіп дәурең етті, қырық қара нар арттырып, қыз жөнелтті. Шырағым жұрттан жалғыз шықпасын деп, Қырық нөгерді Баянның қасына ертті («Қозы Көрпеш — Баян сұлу», 1957.) Башқұрт тілінде: «Нөгер — күйеу жолдас (Башк.— рус. сл., 1958). Қазақ говорларында әр түрлі мағынада жұмсалатын ләгөн//леген сөзі парсынын шылапшын, кірлен мағынасындағы сөзі.

Түркі тілдерінен енген сөздер. Араб, иран және орыс тілдерінің элементтерін барлық говорларда кездестіруге болса, көрші түркі тілдерінің элементтері барлық говорларға тарамай, тек өздерімен шектес аудан, облыстарда ғана айтылады.
Шымкент облысын (әсіресе оның оңтүстік аудандарын) мекендейтін қазақтардың тілінде өзбек тілі арқылы енген сөздер көп.
Өзбек тілінен енген кейбір сөздер тек бір-екі аудан көлемінде ғана айтылса, енді бірқатары бірнеше облыс келеміне тарап, кең түрде қолданылады. Мысалы, жүдә//жүде — өте (өзбекше жуда — өте, аса), ауқат — тамақ (өзбекше овкат — тамақ ас), әсел — бал (өзбекше асыл — бал), мейман — қонақ (өзбекше мехмон — қонақ) сияқты сөздер бірнеше облыста айтылса, мұштау (өзбекше муштламок — жұдырыктау), шақтау — бұтақтау (өзбекше шоқламоқ — бұтақтау), пісте (өзбекше писта — күнбағар), бадыраң//бәдірең (өзбекше бодринг — қияр), таға (өзбекше тоға — нағашы) сияқты сөздер өзбектермен шектес екі-үш аудан көлеміне ғана тараған.
Оңтүстік говорларда өзбек тілі арқылы енген парсының -хана жұрнағымен жаңа сөз, жасау амалы кең тараған. Батыс, шығыс және орталық-солтүстікте айтылмайтын айуанхана (веранда, ауыз үй), мейманхана (қонақ үй), наубайхана (нан пісіретін жер). атхана (атқора) сияқты сөздер оңтүстік говорларда жиі айтылады.
Татар, ноғай, башқұрт тілдерінің элементі. Орал облысы Орда, Жәнібек аудандарын мекендеген қазақтардын тілінде орам — көше (татарша урам), қауышу//қауысу — кездесу (татарша қавышу), аданас — туысқан (ноғайша аданас — аға), іңкәл — ет наны (ноғайша — инкал), етпек — таба нан (ноғайша өтпек нан), шеккі — таразы (ноғайша шекке — шекки), опат болу — қайтыс болу сияқты сөздер кездеседі.
Орынбор қазақтарынын тілінде тегірмеш — дөңгелек (татарша тәгәрмәш), сабан — соқа (тат. сабан), тоқмаш — көже, кеспе (тат. токмач), сәндіре — лапас, бастырма (тат. сәндәрә), қарабура—шыбықтан тоқылған ашық қора (тат. бура) сияқты сөздер бар.
1-жаттығу
Төмендегі кірме сөздердің ішінен
Орыс тілінен енген сөздерді бір бөлек, татар, ноғай, башқұрт тілінен енген сөздерді бір бөлек жазыңыз.
Кәстеңке, тауша, дәліз, кәнек, манат, айуан, орам, ауқат, жүдә, мейман, сәтінек, бадыраң, қақпыш, дарбаза, шиша шақтау, , қауышу, тандыр, наубайхана, шеккі, нөгер, белкүрек, лапас, пияла, атхана, бедре, құрамыс, қарбыз, өтпек, сабан, сәндіре, тоқмаш, қарабура, тегірмеш, шаршақ, қолай.
2-жаттығу
Төмендегі сөздердің ішінен диалектологиялық сөздікке кірмейтін сөздерді теріп жазыңыз.

Мышық, азын-шоғын, шану, борың, баражоқ, барасыңыз, шанымды, ләкін, дәліз, ғаділ, мәшһүр, ғұмыр, тәртіп, егер, сарымсақ, себел, фікір, разы т.б.

3-жаттығу.
Төмендігілерден әдеби варианты анықталмаған әдеби вариантты анықталған сөздерді ажыратыңыз.
Жүгері, кесе, кебек, палуан, пияз, әтір, су, көкейкесті, айқай, тістеуік, сақпаншы. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру