Әдебиет | Магжан Жумабаев

Әдебиет | Магжан Жумабаев

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, "Молодежный" совхозы) дүниеге келген. Төрт жасында ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашады, ал 1905 жылы Қызылжардағы (қазіргі Петропавл) медресеге оқуға түседі, бұл медресені араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген, Стамбұлда оқып, дәріс алған, ауқатты әулеттен шыққан жергілікті интеллигент Мұқамеджан Бегішев ашқан. Ол өзі Шығыс халықтарының тарихы жөнінде де сабақ берген. Мағжан Жұмабаев бұл медресені 1910 жылы жақсы үлгеріммен бітіреді. Бірақ, бұл оқумен қанағаттанбаған, ол, яғни болашақ ақын, 1910 жылы күзде өзінің ауылдасы, талапкер жазушы Бекмұқамбет Серкебаевпен Медресе — Ғалияға түсу үшін Уфаға сапар шегеді. Медресе өзінің дәрежесі жағынан алғанда жоғары оқу орнымен бара-бар болған. Мағжан сол медреседе сабақ беретін ұстаз, белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен, медресенің жетекшісі Сәлімгерей Жантуринмен, жерлесі, болашақ көрнекті жазушы Бейімбет Майлинмен танысады.
Болашақ ақын талантын таныған Ғалымжан Ибрагимов (көпшілікке таныс "Қазақ қызы" романының авторы) оған білімін әрі қарай көтере түсу керектігін айтып, ақыл-кеңес береді. Осыдан соң Мағжан Жұмабаев Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түсіп, сол қалада орын тепкен. 1912 жылы Қазан қаласында "Шолпан" атты тұңғыш жинағы басылып шығады, оған Ғалымжан Ибрагимов көп жәрдем еткен. Семинарияда М. Жұмабаев болашақ күрескер ақын Сәкен Сейфуллинмен танысады.
1919 жылы ақын екі бірдей қасіретке душар болды; тағдыр қосқан қосағы толғақ үстінен қайтыс болса, азамат соғысы уақытына орай есімін Граждан қойған перзенті бір жылдан соң ол да үзіледі. Осының бәрі ақын жүрегіне зіл батпан ауыртпалық түсіріп, із қалдырады. "Мені де, өлім, әлдиле" өлеңі осы сәттерде туған.
1912—1914 жылдары Мағжан Жұмабаев "Қазақ" газетінің, редакторы, түркітанушы, қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Ахмет Байтұрсыновтан және Шығыс мәдениетімен де, Батыс мәдениетімен де жан-жақты, терең қаруланған, аса дарып иесі Міржақып (Мир — Якуб) Дулатовтан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір қырына көтеріледі. Мағжанға еуропалық білім алуға, орыс тілін үйреніп, мәдениетінен қанығуға олар көп себін тигізген.
1916 жылы Мағжан Жұмабаев Омбының мұғалімдер дайындайтын семинариясын ойдағыдай бітіріп, туған өлкесіне оралады. Қазақ даласында "Алаш" партиясын құруға қатысып, чех көтерілісін бастан кешеді; кейін Ақмола губерниялық "Бостандық туы" газетінде істейді.
Жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында М.Жұмабаев Ташкентте шығармашылық өнімді еңбекпен шұғылданады. Сонда шығатын "Шолпан", "Сана" журналдарында, "Ақжол" газетінде қызмет атқарып, біраз дүниелерін жарыққа шығарады. Дәл осы кезде қалың қауымға таныс поэмасы "Батыр баянды" жазды.)
М. Жұмабаевты мен өзіндік ерекше, табиғат болмысы бөлек ақын, өлеңнің асқан шебері санағанмын және солай санаймын да, Абайдың лайықты жолын қуушы әрі дамытушы деуге болады.

Поэмалары

Маржан Жұмабаев көлемді поэмалар жазуда аса өнімді еңбек еткен. Оның өте-мөте белгілі поэмасы — «Батыр Баян». Сондай-ақ «Ертегі», «Қорқыт», «Жүсіпхан», «Тоқсанның тобы" сияқты басқа да поэмалары кезінде баспа жүзін көрген. Осылардың ішіндегі күрделісі, көркемдік тұтастығы жағынан да, сюжет желісі мен сұлулығы жағынан да ерекше асып тұрғаны — "Батыр Баян". Мұнда айтылған оқиға бір кездегі қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік заман жайынан. Ақынның жазуы бойынша, бұл хикаяға Абылайханның кезінде екі ел арасындағы бейбітшілік, достық қарым-қатынас орнағанға дейінгі оқиға өзек болған. Ашу үстінде қол бастаушы батыр Баян өзі қамқор болып жүрген кіші бауыры Ноян мен сұлу қалмақ қызын өлтіріп салады. Жазығы — олардың көңіл қосып елден қашуы. Бұған дейін Батыр Баянның өзінің жас қалмақ қызына көңілі қатты ауған еді, бірақ қыз ыңғай бормеген соң, оны қарындас ретінде ұстаған. Алайда екі жастың Баянның айтқанына көнбей, қашып шығуының аяғы трагедиялық жағдайға әкеп соғады. Қыздың сұлулығна ақын былай сипаттайды.
Сол сұлу, сұлу екен атқан таңдай,
Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері су сылдырлап құйылғандай.
Бір улап, көзқарасы бір айнытқан,
Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.
Лебізі — Жібек лебі, жұмақ желі,
Кәусардай татқан адам қалар қанбай.
Шын ер ғой батыр Баян алып қайтқан
Еліне сол сұлуды естен танбай.
Мағжанның ең соңғы ірі туындыларының бірі — «Тоқсанның тобы». Бұл поэмада ақын жаңа өмір жолына үңіле қарап, оған шын көңілімен ден қойғанын мойындайды. Бүкіл халықтың жаңа тұрмыс құруға бет алғанын, өзі де оған қосылатынын айтады. Тоқсан деп көпіпілікті, жүздіктің онын емес, тоқсанын қолдаймын дейді:
Ес біліп ойлап, толғанып,
Қолыма қалам алғалы,
Сөйлеген емен жасыра:
Мен мұңдымен мұңдастым,
Адассам ел деп адастым.
Он деген емен асылы,
Он демедім, демеспін,
Ой көзінде көмескі.
Жырладым елді жалпылап,
Жасырмай жүзді жоқтадым,
Тоқсанға енді тоқтадым.
Толғанып, ойлап, талқылап,
Сөздің тоқтар түйіні:
Бұл — тоқсанның жиыны,
Осы армансыз білгенім.
Тоқсаннан сонау он аулақ,
Сонау оннан мен аулақ,
Мен тоқсанмен біргемін.
Поэма 1927 жылы "Еңбекші қазақ" газетінде басылған. Әрі қарай, яғни бұл жылдардың соң, біз Мағжан шығармаларын ұшырата алмаймыз. Поэмадағы мойындау сөздерге шүбә келтірген у-да-шу айқай, балағат сөздер мен орынсыз сындар қаптап кетті де, ақынның үнін өшірді. Нағыз қиянат, нақақ, іс осы болды.
"Қорқыт" поэмасының мазмұны ақынның бүкіл әуре-сарсаң өміріне дәл келіп тұрғандай. Белгілі оқиғаны қайта жырлағанда, бар болмыс-қалпын, тағдыр жайын өз түсінігінен, өз ой елегінен еткізіп бергендей. Қорқыт пен өлім Мағжан үшін аса жұмбақ тақырып. Басқа да өлең, жырларында өлім жайын көп айтып, көп толғанғаны белгілі. "Ой", "Мені де, өлім, әлдиле", "Зар" тағы басқа өлеңдері осындай. "Қорқыт" поэмасында ежелден белгілі өлімнен қашатын Қорқыт жайын шабыттана жырлауы — өлімнен қанша қашсаң да алдыңнан соншалықты қабір тұруы ықтимал деген тұжырым философиясын айту. Поэмада мынадай түйін бар:
Өмірде арманым жоқ — Қорқытқа ерсем,
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.
Жас төгіп, сүм емірде зарлап-сарнап,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем.
Мағжан Жұмабаев мұрасын нақақтан құлдыратуға тырысқандар да, сонымен бірге, оның ақындық құдіретін бағалап, биікке көтергендер де болды.

Өлеңдері
Мағжан Жұмабаевтың ақындық ерекшелігін дәл бағалап, көпшілікке жеткізу аса кажет іс екені анық. Ой, киял ұшқырлығы, молдығы, сөз кестесінің әрқилы, сан айшықты болып келуі мүлде еншісі бөлек жайлар. Әңгіменің түп түйініне келсек, М. Жұмабаев Абай тәжірибесін бойына сіңірген де, өзімен қатар өмір сүрген Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және Сәбит Мұқанов шығармашылығына мүлде ұқсамайтын, тың жол салған. М. Жұмабаев — өз орнын өмірден үнемі іздеумен өткен, бар білген-түйгенін соған сарп еткен суреткер. Оның шығармашылығының бір қырында, яғни таразы басының бір жағында — мұңлы толғаныс, өкіну және қайғы-қасірет, күйініш жатса, таразының екінші басында — романтикалық өршілдік, махаббат, сүйініш, арман, мақсат, үміт жатады.
Мағжан Жұмабаев өлеңдерін оқи отырып, өзі көп айтатын, тылсым буғандай әсерге енесің, таң қаларлық күй кешесесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына сүңгіп, әсем суреттер дүниесіне кіресің. Не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі сезімнен хабар беретін алуан бояудың сырларына қанығып, ақынның құдіретті шеберлігін танисың. Ақын тау туралы толғансын, не дархан даланың кеңдгін жырласын, тіпті көл немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жер, күн, айды суреттесін, бірінші кезекте өзінің дүние түсінігі, ішкі жан-күйі тұрады, сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебірендіреді ("Көкшетау", "Жазғы түнде", "Қысқы жол", "Қайың", "Орман", "Алдамшы өмір", "Ой", "Жел", т. б. өлеңдері куә).
Ақын жырларында табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге астасып жатады. Әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлу, сырлы, тіпті, кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттер көз алдыңа келеді. Сөз кебіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдіретті шабытымен кестеленген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезіміңді қалай билеп алғанын білмей де қаласың. "Жазғы жолда" деген өлеңіне көңіл аударалық:
Дала, Дала, Сар дала!
Жапан түзде бір қара...
Шілде. Оттай ыстық күн,
Дала—өлік. Жоқ бір күн,
Жер де жатыр тұншығып.
Жол жыландай иірілген,
Шаң ерініп, үйірілген,
Ешбір леп жоқ, тып-тынық.
Көкте жалғыз бұлт жоқ,
Көктің түсі қызғылт көк.
Дүниені тылсым билеген.
Ыңыранғандай әлдекім,
Жылай ма екен әлде жын?
Перілер ме күйлеген?
Қарапайым ғана көріністер мол сырға ие болып, жол, дала, көк аспан, бұлт — бәріне де жан бітіп, адамның өзімен тілдескендей әсер қалдырады.
Мағжан Жұмабаев романтикалық қуат-күшке, фантазияға, қиялға, қанатты ойға ерік берген. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру