Экономика | Жергілікті қаржының мәні мен маңызы

Экономика | Жергілікті қаржының мәні мен маңызы

Жергілікті қаржы - ақша нысанындағы қоғамдық өнімнің бір бөлігін жергілікті басқару органдары өздеріне артылған функцияларға сәйкес жасау, бөлу, пайдалану процесіндегі қаржы қатынастарының жүйесі. Жергілікті қаржы мемлекеттің қаржы жүйесінің маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Ол жергілікті бюджеттерді, арнаулы бюджеттен тыс қорларды және басқарудың жергілікті органдарының қарамағындағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысын кіріктіреді.
Жергілікті қаржы отандық экономика үшін біршама жаңа ұғым. Бүкіл жергілікті бюджеттер елдің мемлекеттік бюджетінің бірыңғай жүйесіне енгізілген 1938 жылдан бастап, жергілікті қаржы дербес категория ретінде өзінің өмір сүруін тоқтатқан болатын.
Бүгінде, жұртқа мәлім, қоғамда экономикалық қатынастарды орталықсыздандыру мемлекеттің жалпы экономикалық саясатын жүзеге асыруда аймақтардың дербестігі мен рөлін арттырып отыр.
Нарықтық қатынастардың қалыптасуы жағдайында жергілікті органдар қызметінің аясы кеңейе түсуде, олар әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, демографиялық сипаттағы проблемаларды шешуде едәуір дербестікке ие бола бастады.
Басқарудың жергілікті органдарына мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыру жөнінде маңызды міндеттер жүктелінген. Халыққа қызмет көрсету жөніндегі шараларды қаржыландыру негізінен жергілікті қаржы ресурстары есебінен жүзеге асырылады. Әлеуметтік - тұрмыстық инфрақұрылымның салалары халыққа қызметтер көрсетуді бюджет қаражаттарынан қалыптасатын қорлар есебінен көрсетеді. Бұл, тиісінше, жергілікті қаржының рөлі мен маңызын арттырып отыр. Оның қызметінің тиімділігі бірқатар жағдайларға - жергілікті қаржының бүкіл теориялық аспектілерін анық етіп шешіп алуға, елдің бюджет құрылысының жалпымемлекеттік құрылысқа нақты сәйкестігіне байланысты болып келеді.
Жергілікті қаржының әлеуметтік-экономикалық мәні жалпымемлекеттік қаржыға ұқсас.
Жергілікті қаржының рөлі, оның құрылымы мен бағыты бүтіндей билік пен басқарудың жергілікті органдарына жүктелінген функциялардың сипатымен, сондай-ақ мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылысымен және оның саяси-экономикалық бағыттылығымен анықталады.
Жалпы жергілікті қаржының жай-күйі әрқашанда, біріншіден, елдің жалпы экономикалық жағдайына, екіншіден, тиісті аумақтардың экономикалық әлуетіне, үшіншіден, билік пен басқарудың жергілікті органдарының құқығы мен міндеттерін белгілі бір дәрежеде реттеп отыратын мемлекеттік заңдардың деңгейіне, төртіншіден, биліктің жергілікті органдары құзырының дәрежесіне байланысты болады.
Өркениетті батыс елдерінде жергілікті қаржы мемлекеттің қаржы ресурстарын қалыптастыру мен пайдалану процесінде едәуір рөл атқарады. Оның үстіне жергілікті бюджеттердің айтарлықтай дербестігі болады және батыс елдерінде олар мемлекеттік бюджеттің жалпы жүйесіне кірмейді.
Қазақстан Республикасының экономикасы дамуының кәзіргі кезеңінде реформа ауыртпалығының салмағы шаруашылық жүргізудің аймақтық деңгейіне ауысып отыр, осыған орай басқарудың жергілікті органдарына үлкен өкілеттік беріліп, олардың жауапкершілігі арта түсуде. Білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларға, қамсыздандыру жөніндегі іс-шараларды және атаулы әлеуметтік көмекке жұмсалынатын шығындардың ең көбі оларды қаржыландырудың жаңа тәртібіне сәйкес жергілікті бюджеттерге жүктеліп отыр. Сонымен бірге бюджеттерде соңғы кездерде бюджеттік бөлініс және әлеуметтік жеңілдіктердің орнына қаржылай жәрдемақы сияқты жаңа ұғымдар өзінің көрінісін тапқан.
"Бюджеттік бөлініс" салықтар мен алымдардың әр түрлі деңгейдегі бюджеттерге түсуін нақты шектеумен ерекшеленеді. Атап айтқанда корпорациялық табыс салығы түгелдей республикалық бюджетке, ал акциздер, жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы мен әлеуметтік салық жергілікті бюджетке қалдырылды. Бұл өкімдердің жергілікті қазынаны толтыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге деген ынтасын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Сонымен қатар қоршаған ортаны ластағаны үшін төлем, табиғатты қорғау туралы заңдарды бұзғаны үшін алынатын айыппұлдар республикалық және жергілікті бюджеттер арасында тепе-тең бөлінетін болды.
Нарықтық экономикаға өту және тиісті экономикалық реформаларды жүргізу кезінде жергілікті әкімшілік органдары өздерінің құзыры мен дербестігін арттыруға объективті түрде ұмтылады. Бұл эволюция ең алдымен республикалық билік өкілеттігінің бір бөлігі жергілікті мемлекеттік деңгейге өтуі тиістілігінде көрінеді. Аймақтар Қазақстан Республикасының аумақтық субъектілері болып табылатындықтан биліктің жергілікті органдары өз аймағының халқының толып жатқан экономикалық, әлеуметтік және мәдени мұқтаждары мен тілектеріне жауапты өздерінше іздестіруі тиіс.
1994 жылға дейін Қазақстанда 3045 жергілікті бюджетер болған еді; 1994 жылдың басынан жүргізілген бюджет жүйесін орталықтандыруға байланысты 2500 жергілікті бюджеттер - селолық, поселкелік, ауылдық бюджеттер жойылды. Осының нәтижесінде бюджет жүйесіне түсетін қаражаттарды орталықтандырудың дәрежесі едәуір бәсеңсіді.
Аймақтардың шаруашылық қызметінің ұлғаюы республикалық және жергілікті бюджеттердің өзара қатынастарының проблемасына, жергілікті бюджеттердің мемлекеттік қаржыландырудағы және оны жүзеге асыру нысандарындағы қажеттіліктерін дұрыс ұйымдастыруға жаңа көзқарасты талап етеді.
Осыған байланысты түрлі деңгейлердегі бюджеттер арасындағы бюджеттік құқықтарды айқын шектеу және орталық пен аймақтардың бюджеттік мүдделерін теңестіру туралы мәселе айрықша мәнділікке ие болып отыр.
Қазақстан Республикасындағы бюджеттер арасындағы қатынастардың жүйесі қалыптасу мен даму стадиясында тұр, оның оңтайлы механизмі іздестірілуде.
Қазақстанда басқаруды орталықсыздандыру мемлекеттік басқару мен бекітіліп берілген міндеттерді жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет дербестігі арасында шығыстар бойынша жауаптылықты неғұрлым байыпты бөлуді қажет етеді.


2. Жергілікті бюджеттердің мәні, кірістері мен шығыстары
Жергілікті қаржыда билік пен басқарудың жергілікті органдарының сан қырлы қызметінің қаржы базасы болып табылатын жергілікті бюджеттерге маңызды рөл беріледі.
Жергілікті бюджет - бұл ұлттық табысты аумақтық тұрғыда қайта бөлуге мүмкіндік жасайтын және билік пен басқарудың жергілікті органдарының қаржы базасын жасауды қамтамасыз ететін экономикалық қатынастардың жиынтығы.
Жергілікті бюджеттерді қалыптастыру мен пайдалану өндіріс пен айырбасқа қатысушылар арасындағы, атап айтқанда: кәсіпорындар мен мемлекет арасындағы, меншіктің барлық нысандарындағы макроэкономиканың өндірістік және өндірістік емес салаларының кәсіпорындары, ұйымдары мен мекемелері арасындағы, бюджет жүйесінің буындары арасындағы, мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық өнім құнының қозғалысын білдіреді.
Жергілікті бюджеттердің экономикалық мәні олардың мынадай арналымында көрінеді:
билік пен басқарудың жергілікті органдарының ақша қорларын қалыптастыру;
Бұл қорларды жергілікті деңгейдегі инфрақұрылым салалары мен халықтың арасында қайта бөлу.
Жергілікті бюджеттер билік пен басқарудың жергілікті органдарының сан қырлы қызметінің негізгі қаржы базасы бола отырып, олардың экономикалық дербестігін нығайтады, шаруашылық қызметін жандандырады, ведомствоға қарасты аумақтарда оларға инфрақұрылымды дамытуға, аумақтың экономикалық әлуетін кеңейтуге, қаржы ресурстарының резервтерін ашып пайдалануға мүмкіндік жасайды.
Сөйтіп, жергілікті бюджеттер жергілікті деңгейдегі экономикалық және әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруда елеулі рөл атқарады. Бұл тұтынудың қоғамдық қорларын бөлген кезде көрінеді. Жергілікті бюджет арқылы мемлекеттік бюджет қаражаттарының басым бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымға жұмсалады.
Дүниежүзілік және отандық тарих жергілікті шаруашылықты дамытудағы, әкімшілік-аумақтық бөліністерді абаттандыру мен олардың санитарлық жағдайын жақсартудағы, сондай-ақ әлеуметтік сфера мекемелерін ұстаудағы жергілікті (муниципалды) қаржының маңызын дәлелдеп отыр. Осылай әлдеқашан болған және бұл тенденциялар жиырмасыншы ғасырдың 80-90 жылдары күшейді.
Дамыған нарықтық экономикасы бар елдерде биліктің жергілікті органдарының бюджеттері мемлекеттің бүкіл қаржы ресурстарының 30-дан 60% қайта бөледі (Англия, АҚШ, Жапония, Германия және т.б.) және аймақтың өндіргіш күштерін, бүкіл әлеуметтік сферасын дамытуда, нарықтық инфрақұрылым құрып, кеңейтуде маңызды рөл атқарады:
олар арқылы өндірістік ортаны қаржыландыруға жұмсалатын шығындардың үлкен бөлігі өтеді (жергілікті өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, су шаруашылығын, көлікті және басқаларын қаржыландыруға жұмсалады);
жергілікті бюджет арқылы өндірістік емес ортаның дамуы қаржыландырылады, сөйтіп, қоғамдық өндіріске жанама ықпал жасалады;
тұтынудың қоғамдық (әлеуметтік) қорларын бөле отырып, жергілікті бюджеттер жұмыс күшін ұдайы молайтып отыруға мүмкіндік туғызады.
Қазақстан Республикасының жергілікті бюджетінің құрамы облыстық бюджеттерді, қалалардың (аудандық маңызы бар қалаларды қоспағанда) және аудандардың (қалалардағы аудандарды қоспағанда) бюджеттерін қамтиды. Кәзіргі кезде Қазақстандағы жергілікті бюджеттер кірістері мен шығыстары бойынша мемлекеттік бюджеттің қаражаттары көлемінің 50% аралығын құрайды. Олар мемлекеттік бюджеттің құрамды бөлігі болып есептелмейді, республикалық бюджетпен бірге қоғамның мемлекеттік бюджетінің жиынтығын құрайды.
Қаржы қатынастарын ұйымдастырудың бюджет түрінде екі тенденция қатар өмір сүреді:
1) дағдарыстан шығу жене тұрақтандыру мақсатымен экономиканы басқаруда орталықтандырылған негіздерді дамытудың анағұрлым ортақ процесінің қамтып көрсетілуі ретінде қаржы ресурстары қозғалысын басқарудың нысандары мен әдістерінің жүйесін орталықтандыру;
2) қаржы қорларын қалыптастыру мен пайдалануда билікпен басқарудың жергілікті органдарының функцияларын күшейте отырып қаржыны орталықсыздандыру.
Екінші тенденция жергілікті органдардың жергілікті жағдайларға жуықтығымен дәлелденеді.
Қаржы қатынастарының әкімшілігін жүргізудің қағидаты қаржының бақылау функциясын жүзеге асыру мүмкіндігі болып табылады: неғұрлым аз дәрежеде белгілі бір қаржы қатынасы немқұрайды бақылауға берілсе, соғұрлым оны орталықсыздандырылған реттеуге жатқызған дұрыс.
Дүниежүзілік қаржы теориясы мен практикасы жергілікті бюджеттер бюджет жүйесінің дербес бөлігі ретінде жұмыс істейтіндігін айқындайды. Бюджеттің дербестігі деп аймақтық басқару органы бектіліп берілген кіріс базасының негізінде бюджеттің көлемін, баптар бойынша кірістер мен шығыстардың нақтылы құрылымы мен мөлшерін өзі анықтайтын қағида ұғынылады. Оның атқарылуы басқарудың аймақтық органдарының бұл саласындағы құқықты анықтайтын республикалық заңнаманың негізінде жүзеге асырылады.
Басқа жағынан аймақтар белгілі бір матасушылықта болатын бірыңғай шаруашылық кешеннің бір бөлігі болып саналады және одан тыс өмір сүре алмайды. Аймақтық ұдайы өндірістің мазмұны мен сипаты бүкіл қоғамдық ұдайы өндіріс дамуының негізгі заңдылықтарымен анықталады.
Сондықтан басқарудағы централизмнің қажеттігін орынды, өндірістің нақтылы жай-күйімен шарттасылған шектерде қажет етеді. Аймақтардың экономикалық дербестігі абсолюттік бола алмайды. Ол әрдайым салыстырмалы және аймақ неғұрлым кіші болса, бұл дербестіктің көріну шегі де аз болады, яғни шешімдер қабылдауда орталыққа тәуелсіз еркін болады. Оның үстіне аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының кәзіргі деңгейі, бюджеттік өзара қатынастардың қалыптасқан сипаты, нарықтық экономикаға көшу кезеңінің күрделілігі республика жергілікті бюджеттерінің көпшілігінің нақтылы дербестігі туралы айтуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылымды халықты әлеуметтік игіліктердің кепілдікті минимумымен қамтамасыз ететін мөлшерлерде қаржыландыру үшін қаражаттардың жеткіліктілігі қағидаты жүзеге асырылуы тиіс. Әрбір әкімшілік-шаруашылық бірлігі дербестігінің бір оңтайлы деңгейі болуы тиіс, бұл деңгейдің критерийі осы аймақтық экономикалық мүдделерінің ең жоғары мүмкіндікте іске асыруда болып келеді.
Аймақтардың экономикалық дербестігінің маңызды шарттарының бірі оларда аймақтық ресурстарды жаңғырту табиғатты қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыруға қажет қаражаттардың кепілдікті көздерін жасау болып табылады.
Аймақтың экономикасын басқарудағы орталықтандырылған және жергілікті негіздердің оңтайлы үйлесуін анықтаудың ортақ қағидаты былайша тұжырымдалады: экономикалық дамудың стратегиясын анықтаудағы централизм, оны іске асырудағы дербестік.
Оперативтік-шаруашылық дербестігі жергілікті буында шығыстардың 50% кем емесін жабатын кірістердің оқшауланылған, бектіліп берілген жүйесін жасауды, бюджетке ұзақ мерзімге кірістердің қатаң бекітіліп берілуін қажет етеді.
Дамыған нарықтық экономикасы бар елдерде ұлттық табысты бюджет арқылы қайта бөлу "фискалдық федерализм" теориясы негізінде жүзеге асырылады.
Теорияның мәні мынада. Бүкіл мемлекеттік шаруашылық жалпы (экономиканың мемлекеттік секторына кіретін барлық кәсіпорындар, мекемелер және әкімшілік құрылымдар) көпдеңгейлі жүйе болып келеді, онда басқарудың функцияларын деңгейлер арасында бөлу және олардың сатылас бойынша занды бағынышы болады. Осыған байланысты назар аударылатын мәселелер мыналар:
1) мемлекеттік секторды басқару деңгейлерінің оңтайлы саны;
2) басқару деңгейлерінің арасында өкілеттіктерді оңтайлы бөлу;
3) әлеуметтік шығыстарды неғұрлым тиімді қаржыландыру деңгейі;
4) биліктің жергілікті органдарын басқаруға және қаржыландыруға орталық үкіметтің араласу дәрежесі;
5) билік пен басқарудың жергілікті органдарының шығыстарын қаржыландырудағы меншікті қаражаттардың үлесі;
6) мемлекеттік экономиканың барлық деңгейлерінде қаражаттарды жұмсауға бақылау жасаудың нысаны.
Фискалдық федерализм саясаты басқарудың жергілікті органдарының орталыққа қаржылық тәуелділігін азайтуға бағытталған. Бұл жергілікті бюджеттердің ғана емес, сонымен бірге жалпы мемлекеттік бюджеттің де тапшылығын төмендетудің жолы, жергілікті әлеуметтік проблемаларды шешудегі нақты дербестікке апаратын жол. Бұған аймақтардың салықтық автономиясын дамыту, жалпымемлекеттік салықтарға үстемелер өндіріп алу немесе меншікті салықтарды (экологиялық, мүлік салықтары, мұраға салынатын салық, тұтынуға салынатын салық) белгілеу жөніндегі оларға құқық беру есебінен жетеді. Бұл орайда жергілікті органдарды қаражаттарды тиімді пайдалануға ынталандырылмайтын, оларды қаржылық дербестігінен айыратын орталық бюджеттен жүргізілетін трансферттік қаржыландыру қысқарады.
Басқа елдердегі аумақтық басқаруды дамытудың тәжірибесі басқаруды орталықсыздандырудың, ведомстволық бағыныштағы аумақтарды дамытудың әлеуметтік және экономикалық проблемаларын шешуде биліктің жергілікті органдарына кең құқықтар берудің қажеттігін қолдайды. Унитарлық мемлекеттің жағдайына Қазақстанға сәйкес фискалдық федерализм ұғымның мәні сақталған кезде "фискалдық регионализмге" ауыстырылуы мүмкін.
"Бюджеттік реттеу" аумақтық деңгейге өздеріне жүктелген функцияларды толық орындауы үшін меншікті кіріс көздері жетіспеген кезде жалпымемлекеттік салықтар мен кірістерден түсетін түсімдердің бір бөлігін беру жолымен жүргізіледі. Қазақстанда салықтарды жалпымемлекеттік және жергілікті салықтарға бөлудің күші жойылуына байланысты "бекітілген" және "реттеуші" кірістер мен салықтар терминдері пайдаланылмайды дей тұрсақта субвенциялар, бюджеттік алынымдар, есеп айырысу бойынша берілетін қаражаттар мен басқа трансферттер нысанындағы бюджеттік реттеу процесі сияқты іс жүзінде кірістерді бекітіп беру сақталынған.
Қазақстан Республикасында жергілікті бюджеттер коммуналдық заңи тұлғаларға бекітілген; мүлікпен және әкімшілік-аумақтық бөліністің меншігіндегі өзге де мүлікпен бірге әкімшілік-аумақтық, экономикалық және қаржылық негізін құрайды; түсімдер мен бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) есебінен қалыптасатын, Конституциямен, заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерімен жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдар белгілейтін жергілікті бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыруға арналған тиісті мәслихаттың шешімімен бекітілген әкімшілік-аумақтық бөліністердің ақша қорлары болып табылады.
Нарықтық қатынастар, басқарудың жергілікті органдарын реформалау жергілікті бюджеттердің кіріс көздерінің қалыптасуына әсер етіп отыр.
Жалпы жеке аумақтар мен аймақтар бюджеттеріне қаражаттардың түсу көлемі мен құрылымына елдегі экономикалық ситуация: қаржы-бюджет саясаты, өндіріс дамуының аймақтық деңгейі, оның құрылымы, инфляция қарқыны, бағаның өсуі және т.с.с. сан алуан факторлар әсер етеді.
"Қазақстан Республикасының бюджет кодексіне", "Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жалпы жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдер республикалық бюджеттің түсімдеріне ұқсас және мыналарды кіріктіреді:
1) салықтардың, алымдардың және бюджетке теленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімдері (кестені қараңыз);
2) салықтық емес түсімдер (комуналдық меншіктен түсетін түсімдер; облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттерінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) өткізуінен түсетін түсімдер; жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер ұйымдастыратын мемлекеттік сатып алулар өткізуден түсетін ақша түсімдері; осы мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар; жергілікті бюджеттерге түсетін салықтық емес басқа да түсімдер);

Облыстык, бюджетке түсетін түсімдер
Республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеттеріне түсетін түсімдер
Салықтар
1. Жеке табыс салығы.
2. Әлеуметтік салық
1. Жеке табыс салығы.
2. Әлеуметтік салық.
3. Жеке тұлғалар, жеке косіпкерлер мен заңи тұлғалардың мүлкіне салынатын салық.
4. Жер салығы.
5. Бірыңғай жер салығы.
6. Жеке және заңи тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық.
7. Акциздер (республикалык бюджетке түсетін газ конденсатын қоса алғанда, шикі мұнайға акциздерден басқасы).
Төлемдер, алымдар

1. Облыстық маңызы бар ақылы мемлекеттік автомобиль жолдары арқылы жүріп өткені үшін алым және Бұл жолдардың бөлінген белдеуіне сыртқы (көрнекі) жарнама орналастырғаны үшін төлем.
2. Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлем.
3. Жер үсті су көздерінің ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем.
4. Орманды пайдаланғаны үшін төлем.
5. Жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем.
6. Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлем.
7. Жеке кәсіпкерлерді және заңи тұлғаларды мемлекеттік тіркегені үшін төлем.
8. Қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым.
9. Аукциондардан алынатын алым және басқа да төлемдер мен алымдар;

3) жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдер (жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге бектіліп берілген мемлекеттік мүлікті сатудан түсетін түсімдер);
4) жергілікті бюджеттерге түсетін ресми трансферттердің түсімдері.
Жергілікті бюджеттерден берілген кредиттерді өтеуден, коммуналдық меншіктегі мемлекеттің қаржы активтерін сатудан, жергілікті атқарушы органның қарыздарынан түсетін түсімдер жергілікті бюджеттерге есептеледі.
Дамудың кәзіргі кезеңінде Қазақстан Республикасының жергілікті бюджеттері кірістерінің негізін аумақтағы шаруашылық жүргізуші субъектілер мен халықтың салықтық түсімдері (96,7%) құрап отыр (1 кестені қараңыз).

1 кесте. Қазақстан Республикасының жергілікті бюджеттері кірістерінің көлемі мен құрылымы (2003 ж)
(ағымдағы бағамен)
Түсімдердің атауы млн. тенге %
ТҮСІМДЕР 486298 100,0
I. КІРІСТЕР 355676 73,1
Салықтық түсімдер 343855 96,7
оның ішінде:
корпоратиізтік табыс салығы - -
жеке салық 93281 27,1
әлеуметтік салық 157676 45,9
қосылған құн салығы 9177 2,7
акциздер 20967 6,1
Салықтық емес түсімдер 5575 1,6
Капиталмен жасалған операциялардан алынатын кірістер 6245 1,7
II. АЛЫНҒАН РЕСМИ ТРАНСФЕРТТЕР 122926 25,3
III. КРЕДИТТЕРДІ ҚАЙТАРУ 7696 1,3
Дерек көзі: Қаржы Министрлігінің статистикалық бюллетені № 6, маусым 2004ж.

Түсімдердің екінші көзі республикалық бюджеттен берілетін трансферттер болып табылады. Әйтседе, орта есеппен, олар түсімдердің 20% құрғанмен, бірқатар субвенциялық облыстардың бюджеттерінде әлеуметтік-экономикалық қажеттіктерді қаржыландырудың қолайлы деңгейіне жету үшін меншікті салықтық және басқа түсімдердің жетіспейтіндігінен бұл түсім көзі 50 пайызға дейін барады. Бұл мұндай облыстардың салық базасының нашарлығымен байланысты. Бұл жағдайда республикалық бюджет арқылы бюджеттік алынымдар мен субвенциялар тетігінің көмегімен түсімдерді қайта бөлу проблемасы көкейтесті болып табылады, яғни бұл тетік объективті негізделген жетілдіруді қажет етеді.
Жергілікті бюджеттердің проблемасы сондай-ақ олардың меншігін құрайтын шаруашылық салалары (тұрғын үй шаруашылығы, мәдениет және шығармашылық мекемелері, коммуналдық инфрақұрылым - су құбыры, көлік, тазалау службасы және басқалары) бюджеттерді қалыптастыруға кіріс бермек түгіл залалды болып табылады және жергілікті бюджеттер қаражаттарының едәуір бөлігін жеп қоятындығында болып отыр. Меншікті республикалық және коммуналдық етіп белген кезде биліктің жергілікті органдарының басқаруына залалды кәсіпорындар немесе шамалы кіріс әкелетіндері берілді.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары да республикалық бюджеттің шығыстары сияқты негізінен мына бағыттар бойынша жүзеге асырылады: жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер көрсету; қорғаныс, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік; білім беру, денсаулық сақтау; әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы; мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік; ауыл, су, орман, балық шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау; өнеркәсіп және құрылыс; көлік және байланыс; экономикалық қызметті реттеу (кәсіпкерлік қызметті қолдау); басқа да бағыттар: аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттеріне берілетін ресми трансферттер, республикалық бюджетке берілетін ресми трансферттер, жергілікті атқарушы органдардың борышына қызмет көрсету. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің шығыстарында денсаулық сақтау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, экономикалық қызметті реттеу бағыттары бойынша жүзеге асыру көзделінбейді.
Жергілікті бюджеттерден кадрларды қайта даярлауды және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қоса алғанда, қызмет түрлерін орындайтын мемлекеттік мекемелердің қызметін қамтамасыз етуге, бюджеттік инвестициялық жобаларға (бағдарламаларға), жергілікті басқару органдарының заңдарында көзделген өзге де функцияларына жұмсалатын шығындар да қыржыландырылады.
Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын жергілікті атқарушы органдарды ұстауға арналған шығындар Үкімет бекітетін штат санының жалпы лимиті және заттай нормалар негізінде жоспарланады.
Республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің құрамында қаладағы ауданның, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің бюджеттік бағдарламалары мынадай бағыттар бойынша көзделеді:
қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі аппаратының жұмыс істеуі; шаруашылықтар бойынша статистикалық есепке алуды жүзеге асыру; азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі қызметті қамтамасыз ету; мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерін материалдық техникалық қамтамасыз ету; ерекше жағдайларда сырқаты ауыр адамдарды дәрігерлік көмек көрсететін ең жақын денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыру; мұқтаж азаматтарға үйінде әлеуметтік көмек көрсету; елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету; жерлеу орындарын күтіп-ұстау және туысы жоқ адамдарды жерлеу; елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру; мәдениет мекемелерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету және басқа да бағдарламалар.
Жергілікті бюджеттердің шығыстарында әлеуметтік инфрақұрылымдарды - білім беруді, денсаулық сақтауды, халықты әлеуметтік қорғауды қаржыландыру (51,1%), экономикалық салалардан - көлікке және байланысқа жұмсалған шығыстар басым болып отыр (2 кестені қараңыз).
Қорғанысқа жұмсалатын шығыстардың функциялық тобы азаматтық қорғаныс (төтенше уақиғалар кезінде) пен әскери комисариаттардың шығындарын қаржыландыруды білдіреді.
Ресми трансферттерде - жоғарғы бюджетке (бұл жерде республикалық бюджетке) беру үшін жергілікті бюджеттерден қаражаттарды алуға жұмсалынған шығыстардың үлес салмағы айтарлықтай жоғары.
Бюджеттік алынымдар дамудың анағұрлым жоғары экономикалық дәрежесіне байланысты немесе табиғи жағдайы бойынша орта есеппен елдегіден жоғары салық базасы және тиісінше, салық түсімдерінің жоғары деңгейі бар облыстарда болады. Субвенциялар да, сондай-ақ алынымдар да әкімшілік-аумақтық бөліністердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін теңестіру үшін пайдаланылады.
2 кесте. Қазақстан Республикасының жергілікті бюджеттері шығыстарынын көлемі мен құрылымы (2003 ж)
Шығыстардын функциялық топтарынын атауы млн. тенге %
II. ШЫҒЫСТАР
ШЫҒЫНДАР
1. Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер көрсету
2. Қорғаныс
3. Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік
4. Білім беру
5. Денсаулық сақтау
6. Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмек
7. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
8. Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік
9. Отын-энергетика кешені және жер қойнауын пайдалану
10. Ауыл, су, орман, балық шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау
11. Өнеркәсіп және құрылыс
12. Көлік және байланыс
13. Басқалар
14. Борышқа қызмет көрсету
15. Ресми трансферттер
КРЕДИТТЕР 479992
472831
21220
7153
17771
130976
74112
40145
34544
20910
783

7036

2501
25887
30973
1170
57650
7162 100,1
98,5
4,4
1,5
3,7
27,3
15,4
8,4
7,2
4,4
0,2

1,5

0,5
5,4
6,4
0,2
12,0
1,5

Жеке функциялық топтар бойынша мемлекеттік бюджет шығыстарындағы жергілікті бюджеттер шығыстарының үлесінде әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды қаржыландыру бағыттары бойынша ол басым орын алады.
Жергілікті деңгейдегі қаражат түсімдері мен жұмсалымының құрамы мен құрылымы әкімшілік-аумақтық бөліністердің әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесін анықтайтын мынадай факторларға байланысты: өндірістік объектілердің болуы, табиғи ресурстар, әлеуметтік және тұрмыстық инфрақұрылым объектілері, бөлініс мәртебесі, халықтың жиілігі, табиғат-климат жағдайлары және т.с.с.
Бюджеттерді қалыптастыру жерплікті өкілетті органдар әзірлейтін жергілікті бюджеттік бағдарламалар негізінде жүзе асырылады. Жергілікті бюджеттік бағдарамаларды қаржылық негіздеу және іске асыру - жергілікті бюджеттік бағдараламалардың әкімшілеріне - жергілікті атқарушы органдар мен оларға бағынышты мемлекеттік мекемелерге жүктелген.
Жергілікті атқарушы органдардың заңи және жеке тұлғалардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінен (республикалық бюджеттен кредит алу жолымен) үкіметпен келісілген аймақтық инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру үшін қарыз қаражаттарын алуға құқығы бар. Қарыз алу жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын шығару немесе қарыз алу нысанында жүзеге асырылады; олардың тәртібін Үкімет анықтайды.
Бюджеттік бағдарламаларға кіріктірілетін мемлекеттік мекемелер шығыстарының сметаларын жергілікті атқарушы органдардың қаржылық рұқсаттарына сәйкес осы мекемелердің басшылары атқарады.
Бюджеттік шешімдер қабылдауды оңтайландыру сметаларды нөлдік негізде жасау және бюджеттерді жоспарлау, бағдарламалау (БЖБ) жүйесін пайдалану әдісі арқылы мүмкін.
Бюджеттерді нөлдік негізде жасау әдісі мынада: жыл сайын жаңа смета жасалынады, ал бюджеттік мекеме өзінің бағдарламасын толық негіздеуі және басымдықтарды анықтауы міндетті.
БЖБ әдісі ұйымдық шаралар мен әр түрлі мекемелер арасында ресурстарды бөлудің қандай ұштастырылуы нәтижеліктің ең жақсы көрсеткіштеріне жетуге ең жоғары дәрежеде жәрдемдесетінін анықтау үшін бюджеттік бағдарламалардың өлшеуге еретін нәтижелерін қаржыландыру үшін пайдаланылады. Бұл әдісте шығыстардың нормалары пайдаланылуы мүмкін. Сөйтіп, жергілікті буындағы бюджет рәсімі тиімділік өлшеміне негізделуі мүмкін.


3. Арнаулы экономикалық аймақтардың қаржысы
Нарықтық экономикада әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумақтарында экономикалық және әлеуметтік қызметті неғұрлым кең ырықтандыру арқылы оларды дамытудың өзіндік ұйымдық-экономикалық әдістері кең тараған. Бұл әдістер еркін немесе арнаулы экономикалық аймақтар түрінде экономиканы дамытудың нарықтық жолын таңдап алған елдерде кеңінен дамыған. Экономикалық қызмет еркіндігінің дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін, сондықтан атауларда: еркін сауда аймағы, еркін кеден аймағы, қосалқы аймақ және т.с.с нұсқалар болуы мүмкін; экономикалық ырықтандырудың шекті нұсқасы оффшорлық аймақ немесе аумақ болып табылады.
Арнаулы (еркін) экономикалық аймақ (АЭА) дегеніміз аймақ аумағының әлеуметтік-экономикалық дамуын тездету үшін шетелдік капиталды, үдемелі (прогрессивті) шетелдік технология мен басқару тәжірибесін тарту мақсатында құрылған белгілі бір әкімшілік шекаралары және айрықша құқықтық режімі бар арнайы түрде бөлінген аумақ.
АЭА-ны құру аймақ экономикасын сауықтыруға, маңызды микроэкономикалық міндеттерді шешуге - өндірісті тұрақтандыруға және оны ұлғайтуға, шаруашылықты жаңғыртуға, ішкі рынокты жоғары сапалы тауарлармен толықтыруға бағытталған. Қосымша шетелдік капитал мен озық технологияны тарта отырып, халықтың жұмыспен қамтылуын кеңейтуге, жергілікті жұмыс күшінің біліктілігін арттыруға, маркетинг және менеджмент саласындағы тәжірибені сатып алуға мүмкіндік туады.
АЭА аумағында отандық және шетелдік заңи тұлғалар мен азаматтардың шаруашылық, қаржы және өзге қызметінің кез келген түріне (заңнамамен тиым салынған түрлерінен басқасы) рұқсат етіледі. Отандық заңи тұлғалар (энергетикалық және көлік жүйелеріне жататаныдарынан басқасы) аймақта дербес және ведомстволық бағыныштығына қарамастан тәуелсіз ұйымдар болып табылады. Аймақтан тыс орналасқан заңи тұлғалар аймақ аумағында өздерінің филиалдары мен жаңа кәсіпорындарын құра алады.
Қазақстанда АЭА жұмысының тәжірибесі бар: тіпті 1992ж. әр түрлі облыстарда бірнеше аймақтар құрылған болатын, бірақ олардың жұмыс істеуі тауар-ақша ауқымының қозғалысына толық бақылаудың жоғалуы және әкімшілік-аумақтық бөліністердің экономикалық дербестігін алуы тұрғысынан орталық билікті қанағаттандырмады - аймақтар таратылды.
1996 жылдан АЭА-ның (Қызылорда, Ақмола, Лисаков) іс-әрекетін жаңғырту аймақты дамытудың бұл тиімді жолының жұмыс істеу тетіктерін жақсартуға мүмкіндік берді, бірақ 1998 жылдың аяғынан бастап басқару мен қаржыны орталықтандыруға белгіленген бет бұрыс бұл аймақтардың өмір сүруін алдын ала шешті. Қазіргі уақытта Қазақстанда екі АЭА - Ақтауда және Астанада жұмыс істейді, олар қысқа мерзім ішінде бірқатар жаңа өндірістер құруға мүмкіндік берді. Астана қаласында оның мемлекет астанасы ретіндегі айрықша мәртебесіне байланысты салықтарды бөлу, өндірістік-техникалық арналым заттары мен тауарлары импортының жеңілдетілген тәртіптемесі сақталынған. Елде ақпараттық технологиялардың жаңа экспортқа бағдарланған және импорт алмастырушы саласын құру мен Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық және инновациялық әлуетін неғұрлым толық пайдалану мақсатында 2013 жылғы қазанның 1-іне дейінгі кезеңге "Ақпараттық тенологиялар" паркі арнаулы экономикалық аймағы құрылған.
Бұл мысалдардан арнаулы экономикалық аймақтардағы шаруашылық жүргізуді экономикалық-құқықтық реттеу тәртібін бақылап отыруға болады.
Арнаулы экономикалық аймақ орталық атқарушы биліктің жергілікті өкілетті және атқарушы органдарының ұсынытарына негізделген шешімдері бойынша құрылады. Басқару үшін билік пен басқарудың республикалық және жергілікті органдарының, АЭА аймағында тіркелген отандық және шетелдік кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдерінен Әкімшілік кеңес құрылады, кеңесті төраға басқарады, оны Президент тағайындайды және қызметінен босатады. Аймақтың Әкімшілік кеңесі егер кәсіпорындар мен ұйымдардың оперативтік шаруашылық - қаржы қызметі аймақты белгіленген құқықытық тәртіптемеге қайшы келмесе оған араласпайды. Жалпы аймақтың Әкімшілік кеңесіне шетелдік капиталды тарту, ағымдағы және келешек кезеңге арналған аймақты дамытудың бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру жөнінде кең өкілеттіктер берілген; ол аймақтағы қаржы, кредит, кеден саясатын анықтайды; тауарларды, қызметтер көрсетуді, табиғи ресурстардың экспорты мен импортын лицензиялау мен үлестеуді жүзеге асырады; салықтар мен басқа төлемдерді өндіріп алады, бағалы қағаздар шығарады; жерді, жер қойнауын, басқа табиғи ресурстарды, негізгі капиталдарды жалға береді; қаржы рыногы мен оның инфрақұрылымын ұйымдастырады.
Аймақтың отандық және шетелдік заңи тұлғаларының аймақтың аумағынан тыс әріптестерімен кредит-есеп айырысу операциялары корреспонденттік шоттар жүйесі арқылы ұлттық валютада жүзеге асырылады.
Әкімшілік кеңестің салық службасы аймақ аумағындағы салық операцияларының барлық түрлерін жүзеге асырады.
АЭА Әкімшілік кеңесі қаржы қорын, ал аймақ шекараларының әкімшілік-аумақтық бөліністер шекарасымен тоқайласқан жағдайда бюджетті қалыптастырады, ол сонымен бірге әкімшілік-аумақтық бөліністің бюджеті болып табылады. Қор (бюджет) аймақ аумағында тіркелген заңи және жеке тұлғалардан алынатын салықтар, алымдар және басқа міндетті төлемдер есебінен құрылады. Арнаулы қорларға түсетін түсімдер АЭА қаржы қорын (бюджетін) қалыптастырудың көзі бола алмайды.
Қаржы қорының (бюджеттің) жоғарғы бюджетпен өзара қарым-қатынасы АЭА-ның қаржы қорына (бюджетіне) түсетін кірістердің жалпы сомасынан аударылатын аударымдардың ұзақ мерзімді тұрлаулы нормативі арқылы анықталады.
Аймақтың Әкімшілік кеңесі мақсатты қаржы қорларын, соның ішінде АЭА-ның экономикалық және әлеуметтік қорын құра алады, сонымен бірге бос бюджет қаражаттары, салықтық емес сипаттағы аударымдар мен алымдар есебінен оларды қалыптастырудың көздерін анықтай алады.
Аймақ аумағында салық салу елдің салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. АЭА аумағында тіркелген және қызметін жүзеге асырушы заңи ұйымдардан алынатын корпорациялық табыс салығының мөлшерлемесі кәдуілгі мөлшерлемеден төмен белгіленеді.
АЭА аумағында еркін кеден аумағының режимі іс-әрекет етеді.
Егер АЭА-ның құқықтық режімі өзгерсе немесе ол мезгілінен бұрын таратылса, онда аймақ аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асырып жатқан шаруашылық жүргізуші субьектілерге мұндай қызметті инвестициялар салынған мезетке сай келетін жағдайда жалғастыра беру құқығы кепілдендіріледі. Мұндай құқық АЕА құрылған мерзімінің аяғына дейін іс-әрекет етеді, бірақ ол 10 жылдан аспауы тиіс, мерзім айтылған құқықтық режімді жою немесе өзгерту күнінен есептеледі.
Сөйтіп, АЭА-да бизнестің барлық сфераларындағы саналуан кәсіпкерлік қызметті күшейту үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
Басқа мемлекеттердегі АЭА-ның жұмыс істеу практикасы дүниежүзілік экономикадағы болып жатқан өзгерістерді белсенді қабылдай отырып, аймақтардың құрылымы өздігінше дамуға қабілетті екенін және өз кезегінде өз мемлекетінің экономикасына оңтайлы әсер ететінін көрсетіп отыр. Бірлескен кәсіпорындар жұмысының тәжірбиесі бар, жоғарғы дайындықтың жобалары бар, инфрақұрылым мен көлік жүйелері дамыған, шет мемлекеттермен шекарасы бар аймақтар неғұрлым тиімдірек болады. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру