Саясат | Жеке тұлғаны саяси әлеуметтендіру процесіне білім мен саяси құндылықтардың ықпалы

Саясат | Жеке тұлғаны саяси әлеуметтендіру процесіне білім мен  саяси құндылықтардың ықпалы

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында қоғам өмірінің барлық салаларында түбірлі өзгерістер жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осыған орай еліміздің білім беру жүйесінде де түбегейлі жаңарулар орын алуда. Демек, бүгінде Қазақстан КСРО кезіндегі бірыңғай және қатал мемлекеттік білім беру жүйесінен білім алудың плюралистік түріне өту үстінде. Яғни, елімізде білім беруді демократияландыру мен егемен мемлекеттің білім беру саясаты қалыптасуда.
Білім беру саласын дамыту еліміздің тәуелсіздігі мен дербес мемлекеттігін нығайту жолындағы басты басымдықтардың бірі болып саналады. Қазіргі білім беру саясатының ерекшеліктерінің қатарында төмендегі жайттарды атап өтуге болады: бүгінгі деңгейімізді сақтау және білім берудің ұлттық үлгісін одан әрі дамыту, білім беру саласының барлық деңгейлерінің мазмұны мен сапасын жаңарту, білім беру саласында информациялық және телекоммуникациялық технологияларды кең түрде енгізу.
Қазақстан Республикасындағы 1991 жылдан бастап жүргізілген білім беру жүйесін реформалау процесін шартты түрде бірнеше кезеңдерге бөліп қарастыруға болады:
-тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесінің заңдық негізін қалыптастыру кезеңі (1991-1993 жж.). Бұл кезеңнің негізгі мақсаты ретінде оқу-тәрбие процесін идеологиясыздандыру мен саясатсыздандыру, азаматтардың білім алуына мемлекеттік кепілдеменің бекітілуі, білім беруді экономикалық жағынан қамтамасыз ету арқылы жаңа әдістерді жүзеге асыруда құқықтық негізді құру болып саналады. Бұл өзгерістердің нәтижесінде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы (1991ж.) және Қазақстан Республикасының «Жоғары ғылым туралы» Заңы (1993ж.) қабылданды.
-Білім беру саласын тұжырымдамалық – бағдарламалық тұрғыда жаңарту кезеңі (1993-1996жж.). Бұл кезде қабылданған заңдық құжаттардың негізінде аталмыш саланы қайта құрудағы нақты жолдар мен бағыттарды анықтау іске асырылды. Осы кезең аралығында бірнеше тұжырымдамалар, соның ішінде «Қазақстан Республикасында білім мазмұнының тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы», «Гуманитарлық білім бағдарламасы», «Болашақ» республикалық бағдарламасы» және «Білім беру саласындағы мемлекеттік саясат конвенциясы» бекітілді.
-Білім беру саласын басқаруды орталықсыздандыру мен қаржыландыру кезеңі (1996-1998 жж.). Бұл кезде білім берудің мазмұнына түзетулер енгізілді, басқару мен қаржыландырудың ұстанымдары өзгертілді, жаңа құқықтық база қалыптастырылды, білім берудің балама мекемелері мен мемлекеттік оқу орындарына қолдау көрсететін жаңа мүмкіндік көздері пайда болды.
- Білім беру жүйесін стратегиялық бағыттаудың ұлттық үлгісін қалыптастыру мен әлемдік білім беру кеңістігіне енгізудің оңтайлы жолдарын анықтау кезеңі (1991 жылдан қазірге дейін). 1999 ж. 7-ші маусымда Қазақстан Республикасының «Білім туралы» жаңа Заңы қабылданды. Оны жүзеге асыру мақсатымен Мемлекет басшысының «Білім туралы» мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген 4-ші бұйрығы қабылданды (1).
Қазақстан Республикасындағы білім беру саласының басты стратегиялық мақсаты - жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын көп деңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық үлгісін қалыптастыру мен әлемдік білім беру кеңістігіне ену болып табылады. Ал, білім берудің негізгі міндеттерінің қатарында: еліміздің біртұтас білім беру кеңістігін сақтау мен дамыту, білім беруді басқаруды одан әрі демократияландыру, білім беруді Қазақстанның тарихи, ұлттық, саяси, әлеуметтік, экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып дамыту, ТМД елдерінің ұлттық жүйелерімен кірігу (интеграциялану), үздіксіз білім беру ұстанымдарын және халықаралық білім беру Конвенциясын жүзеге асыру, сөйтіп, әлемдік білім беру кеңістігімен
ықпалдасу мәселелері қамтылған.
Қазақстан Республикасының 1999 ж. 7-ші маусымдағы «Білім туралы» Заңының негізінде елімізде мынадай білім беру деңгейлері белгіленген: мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту; орта білім; жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Осымен байланысты Қазақстандағы білім беру жүйесінің барлық деңгейі қазіргі кезеңде жеке тұлғалардың білімдік күш-қуатын көтеруге бағытталған. Бұл ретте жалпы білім беретін мектептің бастауыш (1-4-сыныптар), негізгі (5-9-сыныптар) және жоғары (10-12-сыныптар) деп аталатын үш сатысы бекітілді. Сәйкесінше, 2008 жылдан бастап, еліміз әлемнің дамыған елдеріндегі сияқты, балаларға он екі жылдық білім беруге көшеді (2). Бүгінгі күні білімнің айрықша басымдық алуы қазіргі қоғамдық дамудың заңдылықтарынан туындайды. Себебі жоғары саналы, білімдар жеке тұлғалар мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік даму деңгейін анықтайды. Міне, сондықтан да 1995 ж. Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздегі әрбір жеке тұлғаның білімге деген сұранысын қанағаттандыруға кепілдік береді. Бұл жайт Конституцияның 30-бабында былайша тұжырымдалған: «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына
кепілдік беріледі. Орта білім алуға міндетті» (3).
Еліміздің «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдарламасында білім мен ғылым қазіргі қоғамның болашақ дамуының ең маңызды факторларының бірі деп анықталған. Себебі білім мен ғылымсыз қоғамның алдында тұрған ешбір мүдде-мұраттардың орындалуы мүмкін еместігі айқын. Сондықтан бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің мақсаты – еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелерін тұжырымдап, іс жүзінде шеше алатын, жоғары әрі толыққанды білімді, саяси әлеуметтенген жеке тұлғаларды қалыптастыруға күш салу болып табылады. Сәйкесінше, 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Білім» атты Мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде дарынды балаларды анықтау мен тәрбиелеуге бағытталған мемлекеттік саясат жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаның негізінде білім беру жүйесін реформалау ісі қазіргі кездегі еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайына сәйкестендіріп жүргізілуде. Ал, президенттік «Болашақ» бағдарламасының негізінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарының талантты студенттері шетелдік мемлекеттерде білімдерін жалғастыруға мүмкіндік алды. Білім беру саласы бағдарламаларының орындалу барысын бақылау ісін Үкімет, Білім және ғылым министрлігі және жергілікті билік органдары жүзеге асырады. Ал, Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев дарынды балалармен, студент жастармен, педагогтермен және аталған министрлік өкілдерімен кездеседі. Кездесу барысында еліміздегі білім беру ісін жетілдірудің міндеттері мен қабылданған бағдарламалардың орындалу барысы талқыланады. Бұған қоса Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін елімізде мемлекеттік жоғары оқу орындарымен қатар, мемлекеттік емес жеке меншік жоғары оқу орындары секторы пайда болды. Олар бүгінде жалпы білім беру жүйесінде елеулі рөлге ие.
Сонымен, жеке тұлғалардың дүниетанымдық аясын кеңейтіп, саяси әлеуметтендіруде білімнің алатын маңызы зор. Сондықтан жас ұрпақ өкілдерінің бойына білім мен ғылымның негіздерін сіңіру мен мақсатты тәрбие берудің орны ерекше екендігі даусыз мәселе.Осы тұрғыдан алғанда XI ғ. әйгілі түрік ойшылы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» («Бақыттылық жайлы ілім») еңбегінде тұжырымдалған адамның қоғамдағы орны, адам өміріндегі білімнің рөлі, ақылдың мәні және т.б. ой-пікірлері бүгінгі күнмен ұштасып, маңызы арта түсуде. Ойшылдың:
«Ақыл-шырақ, қара түнді ашатын,
Білім-жарық, нұрын саған шашатын.
Ақыл қолдап, біліммен ер жетілер,
Екеуімен қадірі артып,бекінер.
Ақыл қайда болса, ұлылық толады,
Білім кімде болса, сол білікті болады» (4),- деген бәйіттері «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақалмен үндес.
Сәйкесінше, XIX ғ. II-ші жартысындағы қазақ ағартушысы, ұлы ұстаз - Ыбырай Алтынсарин «Өнер, білім-бәрі де, Оқуменен табылған» (5),-деп қалың бұқараның сауатын ашып, оларды білім алуға шақырды. Ол XIXғ. 70-80-ші жылдарында қазақ жерінде мектептер ашып, өзі сол мектептерге «Қырғыз хрестоматиясы», «Орыс тілін оқытудың алғашқы бастауы», «Шариятұл ислам» атты оқу құралдарын, түрлі әңгіме, өлеңдер жазды. Ұлы ұстаз:
«Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз балалар
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар» (6),-деп жас ұрпақ өкілдерін білімге үндеп, прогреске шақырды.
Осы тұрғыдан алғанда ұлы ойшыл А.Құнанбаевтың зерделі ой-пікірлерінің маңызы зор. Ұлы ойшыл халықты сауаттандырудың амалын іздеп, оларды оқу-білімді меңгеруге шақырды. Ол:»Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да-бәрі орыста тұр. Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» (7),-деп орыс тілін үйренуге үлкен мән берді. Сауатты, білімді болған кезде ғана ұлттық мәдениетпен қатар, әлемдік өркениет қазыналарын игеруге мүмкіндік аласың дейді ойшыл. Сондықтан барлық мал-жан, еңбек білім алуға жұмсалуы қажет. Білімді болған кезде ғана халық өз елін, өз жерін, тілін, мәдениетін және т.б. құқық жолымен қорғап, өзге елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасауға жағдай туады деп тұжырымдады. Жеке тұлға білім-ғылымға ден қоюдың негізінде саяси-әлеуметтік тұрғыда жоғары деңгейге көтеріліп, қоршаған орта туралы, қоғамның бүгіні мен болашағы жайлы ой толғап, халық үшін қызмет етуі тиіс деп санады. Ал, қазіргі кезде еліміздің білім беру жүйесінде күрделі өзгерістер енгізіліп жатқан кезеңде ұлы ойшылдардың ағартушылық, саяси-әлеуметтік ой-танымдарының маңызы зор. Біздің міндетіміз-білім беру процесінің саяси мақсаттары мен мұраттарын нақты заман талабына сай, яғни, ұлттық және жалпыадамзаттық мүдделерді ескере отырып жүзеге асыру болып табылады.
Аталмыш кезеңде Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси жүйесінде маңызды жаңарулар жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы өзгерістердің қоғамдағы адамдардың санасына айтарлықтай әсерін тигізетіні сөзсіз. Бұл ретте жеке тұлғаны саяси-әлеуметтік тұрғыда жетілдіруде, оларды саяси әлеуметтендіруде саяси құндылықтардың ықпалы зор.
Саяси құндылықтар саясат пен саяси сананың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Олар саясат субъектілерінің саяси-әлеуметтік сипаттағы мақсат-мұраттарының жүзеге асуына мүмкіндік тудырады (8). Белгілі философ ғалым С.Е.Нұрмұратов атап көрсеткендей: «Адам мен әлем арасындағы қарым-қатынастың белгілі бір деңгейі, сапасы қалыптасуы керек. Сонда ғана Субъект мен Объектінің, Субъект мен Субъектінің арасында, басқаша айтқанда адам әлемінде құндылықтар жүйесі толық мағынада қалыптаса бастайды. Бұл процесс Субъектінің, яғни адамның құбылысты өзінің жеке Мендік тұрғысынан бағалауынан басталады. Әрине бағалау деңгейіне жеткенге дейін әрбір жеке Мен біршама қалыптасу, даму сатыларынан өтеді. Сөйтіп, ол өз тұжырымдарын белгілі бір өлшемдер, ұғымдар, ойлар түрінде жеткізу деңгейіне жетеді. Сол арқылы әрбір зат, құбылыс өзінің сипаттамасына ие болады, танылады, әлеуметтенеді» (9).
Сонымен, саяси құндылықтар - қоғамдық-саяси жүйенің жеке тұлғаны қалыптастыру мен оны саяси әлеуметтендіру жолындағы негізгі фактор болып табылады. Осыған орай, бүгінгі күні білім беру мекемелерінде, яғни, балабақшаларда, мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында жас ұрпақ өкілдерінің өзіндік жас ерекшеліктеріне қарай қоғамдағы саяси құндылықтардың маңызын жүйелі түрде санасына сіңіру өте қажетті шарт. Жалпы жастар саяси құндылықтардың мәні мен қажеттілігін мақсатты түрде түсінудің негізінде қоршаған ортада мағыналы түрде өмір сүруге ұмтылып, өмір сүру жайында көбірек ізденіп, өзін өзі тану арқылы қоғамды таниды. Қазіргі таңда еліміздегі белең алған түбегейлі жаңарулар қоғам мүшелерінің саяси-әлеуметтік болмысының өзгеріске ұшырауына әкелуде. Соған орай білім беру мекемелеріндегі оқу-тәрбие жұмыстарында жеке тұлғаны қалыптастыру мен оны саяси әлеуметтендіру процесінде саяси құндылықтарды басты негіз етіп алу өмір талабы.
Бүгінде Еуропа мен Азияның дәл ортасында орналасқан Қазақстан қоғамы мәдениеттің қай үлгісіне таңдау жасап, қандай құндылықтар мен бағыт-бағдарларды өзіне арқау етеді деген мәселе төңірегінде түрлі тұжырымдар жасалынуда. Өз кезегінде зерттеуші Г.К.Шалабаева: «Қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы мәдени ахуал ұлттық рухани бағдарларды, адамгершілік құндылықтарын, салт-дәстүрлерді, ойлау тәсілі мен тілді жаңғыртуды қажет етеді. Дамыған елдерден қалмай отырып, еліміздің ұлттық білім жүйесін қалыптастыру керек. Ол халқымыз бен мемлекетіміздің мәдени тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Бұған білімді техникалық ақпараттық қамтамасыз етудің әлемдік деңгейіне жету мен мәдени құндылықтардың дәстүрлі ұлттық жүйесімен байланыстыру арқылы қол жеткізіледі» (10),-деп тұжырым жасайды. Зерттеушінің ұсынған бұл үлгісі жапон елінің дамуында басты ұстаным ретінде мойындалып, өз нәтижесін берген құбылыс болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда ескеретін бір жайт, біздің еліміз қоғамды дамытудың өткен кезеңдегі ұстанымдарынан, саяси-мәдени дәстүрлерінен бірден бас тартып, Батыстың да, Шығыстың да озық үлгілерін еш өзгеріссіз қабылдай алмайтыны анық.. Азиялық, соның ішінде қазақстандық өркениет ұзақ уақыт бойына әрқашан міндетке (билер соты, хандардың құқықтық құрылымдар туралы ой-пікірлері), ал батыстық қоғам құқықтық жүйеге бағынып келген. Сонымен қатар қазақ қоғамы алдымен дәстүрлі ұлттық, одан кейіннен күштеу жүйесіне негізделген кеңестік саяси-мәдени әдет-ғұрыпқа, ал Батыс өркениеті бостандық пен еріктілікке, даралануға сүйеніп дамыған.
Қазіргі қазақстандық қоғамда, өзге батыстық емес халықтардағы тәрізді сана-сезім деңгейінің жылдам өсуі, саяси-мәдени құндылықтардың жаңа қырларының ашылуы орын алуда. Мәселен, біз жеке тұлғаның құқығын қорғау мәселесі мен демократияны жетілдіре отырып, қоғамда өзге түрлі-түрлі саяси құндылықтардың дамуының мүмкін еместігі жайлы бұрынғы көзқарастарымыздан арылудамыз. Алайда, тұтастай Батыс өркениеті болсын, әлде басқалар болсын өздерінің ортақ құндылықтарын күшпен енгізе алмайды. Өйткені Еуразиялық үлкен кеңістікте орналасқан Қазақстан Республикасындағы орнығып жатқан демократиялық үрдістердің өзіндік ұлттық дәстүрлі ерекшеліктері мен саяси-әлеуметтік қалпы болатыны сөзсіз. Соған орай олар өзге халықтардың саяси-мәдени өзгешеліктерін ескере отырып ғана, өз құндылықтарын дамытуды ұсына алады. Яғни , өркениеттер арасында ортақ келісім орнауы тиіс.
«Әлемдік өркениетке қарай тәй-тәй басқан жас мемлекеттің буынын бекітетін, аңғал-саңғал жайрап жатқан ел экономикасының жыртығын бүтіндейтін, сөйтіп, біртұтас тиімді экономикалық жүйеге айналдыратын амал бар ма?»,-деп сауал тастайды танымал философ-ғалым Ә.Нысанбаев. Бұл сұраққа өзінің «Адам және ашық қоғам» атты еңбегінде төмендегідей жауап береді:»...Батыстағы да, Шығыстағы да өзге жұртты ұшпаққа жеткізген жол біреу ғана еді; әлемдік қаржы көздері мен озат технологиялардың еркін ағылып келуіне, жеке адамдар еркі мен жекеменшік кәсіпорындар мүддесінің жүзеге асуына мүмкіндік беретін ашық қоғам орнату, өнімнің (қызметтің) бағасы мен сапасын, мөлшері мен бағытын өзінен өзі реттеп отыратын, барша өндірісті (қызмет көрсету желісін), басқаша айтқанда, елдің бүкіл экономикасын үнемі жетілуге, ілгері жылжуға мәжбүр ететін нарық заңдарына көшу; барлық адамдарға бірдей құқық беретін, олардың күш-қабілеттері мен ақыл-ойларының қоқан-лоққысыз, әділ бәсекелесе алуына жағдай туғызатын, саяси-әлеуметтік егестердің бейбіт жолмен шешілуіне мүмкіндік беретін демократия принциптерін қабылдау» (11).
Осы жерде тұжырымдалған ашық қоғам, нарық, демократия тәрізді мәні мен маңызы зор ұғымдар негізінен қоғамдағы жеке тұлғалардың еркін өмір сүруіне, өз құқықтары мен бостандықтарын шынайы түрде пайдалана алуына, саяси-әлеуметтік сипаттағы сапа-қасиеттерін қалыптастыруына, сондай-ақ, олардың саяси әлеуметтенуіне мүмкіндіктерін кеңейтетін құралдар есебінде қарастырылып отыр.
Өркениетті дамыған елдердің қатарына қосылу, қоғамдық-саяси өмірді демократияландыру және жеке тұлғаның саяси-әлеуметтік негізін қалыптастыру еліміздің алға қойған басты мақсат-мүдделерінің бірінен саналады. Осы мақсатқа жету үшін қоғамдық-саяси жүйедегі әрбір жеке тұлғаның жеке әрі ұжымдық өмірінің мәнді де мағыналы болуына жағдай туғызылуы қажет. Өйткені қоғамдық құрылымдағы барлық түбірлі жаңарулардың жеке тұлғалардан құралатын түрлі ұжымдардың, қоғамдастықтардың топтасқан іс-қимылы арқылы жүзеге асатыны белгілі. Міне, сонда ғана мемлекетіміз өркениетті елдер санатына қосылып, әлемдік дамудан өз орнын иелене алады.

1. Казахстан:1991-2002 годы. Информационно-аналитический сборник. А.:2002.- 574с.(124-125)
2. Кемел келешек көкжиегі. ҚР-ның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ҚР-сы Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының алғашқы сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі //Егемен Қазақстан, 2004. - 5-қараша.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы. А.: Қазақстан, 2000. - 96б.- (13).
4. Баласағұн Ж. Құтты білік. А.: Жазушы,1986. -616 б. - (75, 76, 63).
5. Алтынсарин Ы. Өнер-білім бар жұрттар. А.: Жалын,1991.-240 б.- (13).
6. Бұл да сонда, (12).
7. Абай. Қара сөз, поэмалар. А.: Ел,1993. – ( 51).
8. Психологический словарь. Под ред. В.В.Давыдова. М.:Политиздат, 1979. – С.472.
9. Нұрмұратов С. Рухани құндылықтар әлемі:әлеуметтік-философиялық талдау. А.:2000. -180 б.-(15).
10. Шалабаева Г.К. Национальная культура и противоречия социальной модернизации//Саясат-Политика, 1997.- №2. –С.41-42.
11. Нысанбаев Ә. Адам және ашық қоғам. Человек и открытое общество.-А.:Қазақ энциклопедиясы бас редакциясы,1998. -272б.-(31-32). ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру