Әдебиет | Арыстанды Қарабас желінің шаруашылыққа тигізетін әсері

Әдебиет | Арыстанды Қарабас желінің шаруашылыққа тигізетін әсері

Арыстанды – қарабас желі.
ОҚО – ның Бәйдібек, Ордабасы аудандары аумағында байқалатын жел. Қаратаудан бастау алатын Арыстанды өзенінің аңғарын бойлай соғады. Қаратаудың батыс және шығыс биік жоталары аралығындағы тар асудың әсерінен үдеп, атмосфераның өзімен бағыттас ауа ағынымен қосылған кезде күшейе түседі. Жылдамдығы 35 м/с –ге жетеді. Жел солтүстіктегі құмды өңірден соққан кезде қара құйынды болып басталады. «Қарабас желі» деп аталуы да осы құбылысқа байланысты. Жел Арыстанды өзенінің алабының климатына әсерін тигізеді: қыста ауа –райы күрт суиды, жазда аңызақты қуаңшылық қалыптасып, жел апталап соғады.
Қаратауға барған сайын қара жел ұйтқып соғады да тұрады.
Тау аңғарындағы өзен арнасын жиектей қос аттылы келе жатырмыз. Ертемен шықтық дегенмен жол өнбеді. Қарсы алдымыздан соққан жел қарыс адам жүруге мүмкіндік берер емес. Алға қарай созылған сайын үдей түсетіндей екілене соғады. Көзіңді білегіңмен көлегейлей еңкіштене қозғалған сәтте екі иығыңнан әлдебіреу жібермей итеретіндей. Сосын, қолыңды түсіріп көзіңді ашқан боласың, жоқ, уілдей соққан желдің адуынды екпіні шыдытпайды. Бір қызығы, осы жел тұрса болды, үш күнсіз басылмайды, одан асса жеті күн, ал үдеді бар ғой, он төрт күнге ұласады. Көзін көлегейлей айналаға қара шал «е...е» - деп бір қояды, - шіркін, кейде осы жел тұрмаса, осы өңірдің жұрты елегзи іздейді, мені сынағандай сыңай білдірді. Бүгін жел жарықтық екіленіп тұр екен. Қолаттан құм суыра уілдейді. әншейінде тым – тырыс даланы әдемі әуенге бөлеп, демін ішіне тарта соғады. Кейде тыныс ала алмай, жүзімді кеудеме жасырамын.
«Білесің бе, қара шал сөйлеп келе жатыр, жел уілдеген сәт енді басталған әңгімені үзіп алып жоғалтады, содан мен ат басын бұрып ықтасын жағына шығып қайта қатарласамын, соны түсіне ме, сәл кідіріп басынан бастайды. – Білесің бе, Қаратаудың алып аждаһа бар деседі...» Мен селт ете түстім, бір қолыммен ердің басынан ұстаған күйі еңкіштей қозғалған кеудемді қайта тіктедім, асьымдағы жарау аттың аяғы сүрінді ме, жоқ қара шалдың тосындау басталған әңгімесі ме бағамдай алмадым, үзеңгідегі аяғымды нығырлай дұрыстап алдым, жүгенді жолға бұра жолсерік болып, даусымен тауды жаңғырықтыра желдің уілін көміп – көміп тастайтын ақсақалға тақым қаға жақымдадым. Қара жел дамылсыз соғады. Менің шалт қимылымды, абдырай қозғалғанымды айтпай – ақ біліп келе жатқан ол, бұл әңгімем сенімсіздеу болды ма дгендей нақтылай түседі: «Бұны балам мен кішкене кезімде үлкендерден еститінмін», - деп бір тоқтады. Артқа кеудесін бұрып қарап қояды. Желдің әсері ме, әлде шынымен көп жүрдік пе, ауыл сұлбасы байқалмайды, әшейінде ағараңдап тұратын аппақ үйлер, бұл жолы көрінген жоқ. Қара шалдың дабырлай шыққан дауысы желдің уілінің бар жоғын ұмыттырып жібереді. Оған сенбейін десең, осы жел басталар алдында Қаратау қойнауынқақырата бүткіл таулы өңірді кернеп, беймәлім кернеу естіледі, құлақ тосып тыңдасаң, әлдененің боздағанындай ма, әлде тізбектелген көп қасқырдың тым аластан ұлыған дауысы ма, мың құбылып бір дауыс жетеді. Артынша қара шаң көтеріліп, Арыстанды – Қарабастың желі басталады, бұл бір емес, ылғи да солай. Содан көз аштырмай бір апта соғады. әр ауылдың ақсақалдары жиналып, Арыстанды өзенінің бастауына барып, құжыр – құжыр жартасқа қарап құран оқиды. Жел өршеленгендей құм суыра соғады. Ұйытқыған қалпы шаң көтерілгендей екен, айнала ақ түтектеніп кетеді. Жел үйірген шаң –тозаң жартасқа соғып, кейін қайтқанда құран оқып отырған ақсақалдарды бет – жүзін демей шаң қаптырады. Тілдерін кәлимаға келтіріп, үсті бастарын қаға – маға орындарынан тұрғанда, біраз уақыт болғанын, десе де, желдің сол екпіні басылмай, үдере соғып тұрғанын аңғарғанда, әлгі аждаһа демі қайта үдей түсті ме деп, көңілді қауіп билеп кетеді. Бұл ақсақалдар оқуының жөні бөлек, оқи отырып аждаһаны байлайды. Баяғы аждаһа жеті басты болған екен дейді. Бүткіл Қаратауды кезіп, жүрген жерін жайлап, елге тыныштық бермеген деседі. Содан барып қасиеті мықты кісілер осы Арыстандының бастауына келген жерінде оқып, тырп еткізбей байлап қойған деседі. Батыр да қайсар жігіттер алты басын шауып алыпты, жетінші басына ешкімнің шамасы келмепті. Сосын, тек оқып қана бетін қайтарып отыратын көрінеді. Бес – алты ауыл ақсақалдары шапандарының етегін қаға орындарынан тұрып, ерттеулі есектеріне беттейді. Типың жүріспен бесін ауа ауылға кіре бергенде жел де басылады. Қойнаудағы аждаһа сілесі қата құлап, қайта әл жиып тұрғанша, бұл өңірде үп деген жел де жоқ, тымырсық, бет қаратпайтын аптап ыстық басталады. Аспан айналып жерге түскендей қапырық орнайды. Ел сол аптап ыстыққа шыдай алмай, «е...е бұдан гөрі Арыстанды – Қарабас тұрса екен деп аңсай асыға түседі...» - Қара шал аңызды өзінше жеткізді. Жол қысқарып, әңгіме болсыншы деген де шығар –ау. Қарсы алдымыздан соққан жел үдей түскен. Біз мінген қос ат қатарласып алып қар жолдың сұлбасымен желіп келеді. Демін ішіне тарта уілдей соққанда жел, шынымен –ақ аждаһаның деміндей сезіндім, ыстық жел бет қаратар емес. Аждаһаның демі.. денем тітіркенді. Қалпағын баса киген қара шал үнсіз келеді, ол кісі айтқан аңыз, жел екілене соққан сайын толқыта түседі.
Арыстанды – Қарабас желі... ғылыми дерек тілімен айтсақ, ҚӨаратаудың оңтүстік – батыс беткейіндегі Арыстанды өзенінің арнасы бойымен соғып тұратын жел. Ғалымдар жаз бен күз айларында бұл маңда ауа ағымы солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталады деп топшылайды. Ауа ағыны Мойынқұмның үстін басып өткен кезде құм түйіршіктерін суырып, содан құм борасын көтеріледі де жолдың көріну қашықтығы азаяды. Желдің басты ерекшелігі де сонда, сондықтан халық бұл желді Қарабас атап кеткен дейді. Осы жерде аждаһа жайлы аңызды еске аламыз. өзінің шауып тастап. Мерт қылған алты басын сағына іздеп, мұңая дауыс салатын жалғыз басты алып мақұлықтан шығарып, ел Қарабас атап кеткен жоқ па екен деп ойға шомып келемін. Бәлкім, солай болуы да мүмкін – ау...
Қазақстан метеорологтары да да бүгінде көптеген жергілікте жерлерді есепке ллған, олардың қатарында Семей облысындағы Жалғызтөбе желі; Жоңғар Алатауының шығысында атмосфералық ауаның Жоңғар қақпасынан өтуіне байланысты соғып тұратын Ебінің желі; солтүстік – батыстан басталып Орта Азияға қарай соғатын Сайқан желі; Іле өзенінің арнасымен бойлап соғатын Шелек желі; Жамбыл облысының оңтүстігіндегі Жеті жол мен Кіндіктес тау аралығындағы Қордай асуының үстініе соғатын Қордай желі; күз айларында атмосфераның арктикалық салқын лебі Каспий мен Аралдан өтіп Сарыарқа маңын ала оңтүстік шығыстан батысқа қарай соғатын Атырау желі бар. Метоерологияда жергілікті желдер деп аталатын бұндай құбылыстар жер шарының түкпір – түкпірінде бар. Еуропадағы альпілік фендер, Жерорта теңізі жағалауындағы сирокко, новосибирскілік бора, Байкалдағы баргузин... осылай жарғаса береді. Екпіні басылмай, қарсы алдыңнан екпіндей соғып тұр. Кейде өзен табанындағы қиыршықты үстіңе себелей өтеді. Осы сәтте ойға сонау бір жылдары Орта Азияны аралаған венгр саяхатшысы А. Вамберидің қолжазбасы оралады: « Енді бір төбеге жақындайбергенімізде керуенбасы мен жолсеріктер тым алыстан шаңды бұлт келе жатқанын нұсқап көрсетті. Олар бізге аяқты ширақ басып, жүрісті тездету керек деп ескертті. Түйеміз өзімізден әлдеқайда тәжірбиелі болып шықты. Олар құмды боранның жақындап келе жатқанын бізден бұрын сезіп, жан ұшыра шыңғыра бастады, қос тізерлеп жерге жатып алады да, бастарын төмен салып құмға тыққысы келеді. Бұл жануарлар шөгісімен біз де солардың ығынатығылдық. Жел уілдей соғып, көп кешікпей, біздің үстімізден құм жүріп өтті. Денеме алғаш тиген құм маған отты жаңбыр жауып тұрғандай болып көрінді...» Арыстанды – Қарабас желі құм суырған сәт саяхатшының шарасыз кейпі көз алдымда тұрды. Жүзімді қолмен көлегейлеп кейдеме жасырамын. Ал, жанаымда келе жатқан қара шал жел екілеген сайын кере дем алғандай елестейді. Жол жеткізер түрі жоқ. Желді күні атқа қонғанына көңіл демдеп, ыңылдап ән салып қоятындай, ән дегенім бірде ызыңдаған, бірде уілдеген, енді бірде ысқырына екпінін үдеткен желдің, құдай – ау , Арыстанды – Қарабастың беймаза үні ме мен таңғалдым, - Қаратаудың қойнауындағы ирелеңдеген күйі өзен жағалай тауға басына жетелеген жолда керо құла атына сипай қамшы салып, кеуде кере ән салып келе жатқан қара шал секілденді; мен таңғалдым, мынау қара шалдың қалып қозғалысына, мынау кер құла аттыңжүріс мәнеріне ырғақ тауып, сәл басылса әуеннен жаңылысындай, содан қара жел екілене соғатындай секілденді. Қара шал мен қара жел де ұқсастық бар... бар... Оған Қаратауды қосыңыз. Қайбір жылы қыс ортасында іссапармен осы өңірге жолым түсті. Онда да Арыстанды – Қарабастың желі үдей соғып тұр екен. Бүгінгі түні қарлы боран төртінші тәулікке ауды, көнекөз қариялар енді бір жетісіз басылуы қиын деген. Сонысы да рас шығар, себебе, желдің екпіні бет қаратпайды.
Екі – үш күннен бері Шымкент – Түркістан бағытындағы тас жолда көлік қозғалысы тоқтаған. Төрткүл ауылының маңындағы аймақта байланыс жүйелері мен желілер үзілді, электр бағандары желдің екпінімен құлап жатты. Шалғайдағы шопан ауылдарына қатынас қиындай түсті. Алдымен екі күн бойы жаңбыр жауған, сосын сылбыр жаңбыр қарға айналып, алай – дүлей боран болды да кетті. Содан да қатты жел басталсын, аяздың әсерінен жол атаулының бәрі көк тайғаққа айналды да шықты. Үдей жауған қалың қарды жел суырып, қойнау – қойнаудағы қыстау – қораларды көміп тастады. Екпіндей соққан жел мен ақпанның аязы қосылып, қытымырлана түскені ауылдағы қай мамандық иесіне болсын оңайлыққа соқпады. Қаратаудың шатқалынан тұрған жел сол күйе еселене берді. Облыс орталығынан түс әлетінде шыққан көлік Қызылкөпірге жете бергенде жылдамдықты баяулатты. Жүргізуші жігіттің әңгімесіне құлақ салсақ, осы жолда таңертең мен кешке қарай жол жүру мүмкін емес. өйткені, түске қарай жол сәл жіпсиді де жүруге жарап қалады. Ал басқа уақытта нағыз тайғақ сырғыған күйі сайдан бірақ шығасың. Сол жүруге болады дегеннің өзінде Қызылкөпірдің тұсына келгенде жол қиындай берді. Себебі, машинаны аударып жіберердей екпінмен соққан желдің уілі жылдамдықты тежеге мәжбүр еткен. Машина терезелерін тысырлата ысқырып, қаһарлана төнген қарлы боран суырып тұрды. Сонда аптаға жуық соққан арыстанды Қарабас желі әсерінен 490 байланыс бағанасы, 718-ден бастап астам жоғары және төменгі кернеулі электр бағаналары құлаған. Және де бөренелерге жанама қойылатын 1120 цемент қондырғы құлап, кабельдер үзілді. Жел өтінде қалған 30-ға тарта мал қора, 13 малшының үйінің бүлінген. Тау бөктерін қалың қар басты. Қаратаудың қойнауындағы Үсіктас, Шақпас ауылдарын жел қалың қармен төңкеріп тастады. Шатқалдардағы қыситауларды үрінді қар басып қалды. Сөйтіп, шалғайдағы ауылдардан хабар үзілді. Қарлы боранның зардаптарын қалпына келтіру мақсатында арнайы штаб алдында шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру міндеті тұрды. Алғабастағы жол өндірістік учаскесінде қосымша 4 жөндеу бригадасы жасақталды. Арыстанды – Қарабас желі тұрған алғашқы күні – ақ түрлі маркілі қуатты техника, жеті жүк машинасы, жеті «ДТ» бульдозері, қар күреуге арнайы ыңғайландырылған екі «К -700» тракторы, бес автогрейдер алыс қыстауларға жол аршуға аттанды. Бұлардың соңын ала жолға шыққан 20 автодүкеннің бірінде қарлы боранға үдете дем беріп тұрған Арыстанды – Қарабас желінің мінезіне куә болып, біз де кетіп бара жаттық. Қыс ауасы болған соң осындай ғой деп едік, шілдедегі кейпі бет қаратпайды екен.
Тау аңғарларының соққан желдің бірі жөнінде метеоролог В. Ким былай баяндайды: «Чукоткада қызық жайды бастан кештік. Бұл жағдай сәуірдің тымық түнінде болып еді. Вывыткар өзенінің бойындағы жазықпен вездеходта келе жаттық. Машинаның жарығы жазыққа жел әкеліп үйіп тастаған қар жолына тірелді де қалды. Айналаның бәрін бұрқасын суырып тұр екен. Вездеходтың қиналған дауысын жұтып жатты. Сол қалпы 100-200 метр жүрген соң қайтадан тұнық ашық ауа райына тап болдық. Жазыққа ұласқан аңғарды біз мінген көлік бірнеше кесіп өткенде желдің өтіне қайта – қайта кезігіп қалып отырдық...» бүгіндері метеорологтар түрлі ауа ағыстарын зерттеді, ғылыми тұжырымдар жасады. Себеп – салдарын, соғу мерзімі мен бағытын анықтады. Синоптикалық карталардағы циклондар мен антициклондардың жылжу бағыттарын, жылдамдықтарын талдау нәтиежесінде желдерді күн ілгері болжап, біліп, ескертіп отыруға мүмкіндік алған. Егер ғылыми деректерге сүйенсек, жел атаулының ерен пайдасы барын да білеміз. Солардың бастауларында желдиірмен мен жеркенді қайықтар тұрады. Бүгінде жалғыз – ақ болар, желдиірменді тауып көріңіз. Оның өзі де қалқайып істен шыққан күйі осы өңірде тұр. Ал, желкенді қайықтарды әлдеқашан әдемі де үлкен кемелер ауыстырған. Сонда желді пайдалану негізі тым әріде жатқанын аңғарасыз. Жел энергиясын механикалық энергияға айналдырған желдиірмендерді пайдалану әдісін Қытайда 2000 жылдай бұрын игерген. Ал Еуропада желдиірмен 7 ғасырда кеңінен тарады. Оны ұн тартуға, ағаш өңдеуге, қағаз өндіру мен су шығару жұмыстарына пайдаланылды. Жел энергиясынжаңа қырлары қарастырылып отырды. Мәселен, 100 жыл бұрын желдиірменді электр энергиясының аппарытына қосып, алғашқы жел электр – двигателі ойлап табылды. Соңғы жылдардың өзінде көптеген елдерде бұрынғы идеяларды соңғы технологиялармен астастыра отырып, желді пайдаланатын электродвигательдерге назар аударылуда. Бұл двигательдерді отын мен шағын электростанциялар тиімсіз деген аудандарда қарапайым су насостарынан бастап, қуатты турбиналарға пайдалану тиімділігін көрсетсе керек. Австралияда, Оңтүстік Африка, Латын Америкасы елдерінде және Азияның оңтүстігінде жел энергиясын негізінен өте тереңнен ауыз су тартатын насостар жұмысына қолданады. Ал, үнді ғалымдарының бүгінгі ізденістері желсіз аудандардың өзінде жел энергиясын пайдаланатын насостарды дизельге қарағанда арзан да тиімді екенін дәлелдеді. Біздің елімізде егер барлық желді пайдаланса әр сағат сайын 20-25млрд. киловатт арзан энергия алынады.
Осы тұста желдің өзі қалай пайда болады деген сұрақты қарастырып көрейік. Осы орайда Памир тауында мейлінше қатты соғатын айрықша ауа толқындарын зертеген ғалымдардың тұжырымын мысалға алсақ, сауалға жауап табамыз. Жер бетіндегі топырақты таулы аймақтың күн сәулесі қатты қыздырса, ал ауаның жоғарғы қабаттары салқын, өте салқын болатынын түсіндіре келе , осы екі температураның арасындағы күрт айырмашылық күшті соғатын ауа толқындарын туғызатынын айтады. Мұндай жағдайда желдің соғуы түсте әсіресе күшті болады екен. Кейде қара дауылға, құмды борандарға ұласатын әлгідегі күрт айырмашылықтың қалыпты өзгеруіне байланысты да, өйткені күннің қызуы қайтатын мезгілді күткендей, кешке қарай аталмыш құбылыс әлсіреп барып басылатыны бұған басты дәлел.қара желдің басылар түрі көрінбейді, қара шал анда – санда кел құлаға қамшы сипай үнсіз келе жатады. Жоқ, ыңылдап ән салып қоятындай, осы өңірге таныс әуеннің қайырымын тоқтаусыз, бір сәтке дамыл көрмей айтатын Арыстанды – қарабас желі, уілдей соққан жел екен ғой. Кейде әдемі ырғақ, созылып барып түсініксіз ызыңға ұласады, сол ызың тұрып – тұрып әдемі мәнерге ауысады. Содан қайта беймаза уіл басталады да ыстық леп қойны – қонышыңды аралап мазаны кетіреді, отты алау бетті шарпиды, артынан қиыршық тас, құм мен шаңды үйіп сабалап өтерін қайтерсің. Кеудеге жасырған басыңды көтерсең аптап жел бет қаратпайды. Қара шал маған бұрылған күйі әлдене деп үн қаққандай, үздік – создық кеткен даусын жел ұрлап, ештеңе ұқпадым. «А» - деп қайыра сұрап ем, жалғыз әріп болып, сыңарлана шыққан сауал, иық тірестіре келе жатқан шалға жетті ме, жетпеді ме, әйтеуір менің құлақ тұсымда қосарлана жаңғырып тұрды да «а...а». соны түсіндіргендей ақсақал қолындағы қамшысын көтеріп, жартас жақты нұсқады. Бұрылып қарағанда байқадым, жартастың табалдырығында үңірейген үңгір тұр. Өзі солай қарай жүрді. Артынан мен ердім. Шал жақындап барып аттан түсті. Мен де ат үстінде әбден ығырым шығып, осыны асыға күтіп келе жатқанмын. Кер құланың жанына жете басын тартым. Жартастың ықтасын жағына аттарды байладық. Қара шал ер үстінен қоржынды алып, иығына алды... Сәлден соң үңгірдің ішіне терлеп – тепшіп қара шал екеуміз қызыл термосты ортаға алып шай ішіп отырдық. Менің ойымда жалғыз басты аждаһа, түбі тастай қараңғы үңгірдің қойнауына қарап – қарап қоямын. Қара шал бет орамалымен маңдайын сүртіп, асықпай әңгіме бастады. Ал сыртта Арыстанды – Қарабас желі үңгір аузына жете алмағанына қиналғандай, жер сабалай уілдейді.
«Ауылдың шығыс беткейінде үлкен жота жататын. Ертеле кеш ауыл адамдары бірді – екілі малын айдай салып, алма бақтың арасынан қарап отыратын. Көкпеңбек жота әдемі сурет еді. Шағын ауылдың әспетіне сол көк жота әсерлі әр беретін. Күндердің күнінде көк жотаға екі – үш трактор гүрілдей жетті. Алдында ешкім не болғанын білген де жоқ. Алдымен қозы –лаққа қарай жүріп ойын қуған балалар елбе – делбелері шығып ауылға қарай берді. Артынан азан – қазан болып мал кірді қораға. Беткейдегі тракторлардың гүрілі үдей түскен. Құдай – ау, тракторлар бір – бір соқа тіркеп алып, жер жыртып жатыр, екпіндері қатты, тоқтау мүмкін еместей. Ақсақалдар жинала келе көк жотаға бет алды. Алғашқы кезіккен тракторшы балаға қол көтеріп тоқтатты.
«Бұл не, - деді ақсақалдардың бірі, қалғандары сауалға жауап күтіп үнсіз тұр. Тракторшы бала кабинадан басын шығарып, әлденелерді айтқан болады. Алып трактордың гүрілі дауыс біткенді жұтып жатыр. Тракторшы түсінді ме, моторды өшіріп мән – жайды баяндады.
-Жер жыртып жатырмыз, - деген, әйтсе де ақсақалдардың суыт жүрісін ұққан жоқ, - күздік бидай егеміз.
Ақсақалдар басын шайқады.
-Әй, бұл тірліктерің ақылға сыймайды ғой енді.
-Мен қайдан білейін, басшылар бидай егеміз деп жатыр ғой, - тракторшы бала ақталып қояды.
-Олардік дұрыс қой, бірақ сол бастықтарың не істеп жатқандарын біле ме? – Ақсақалдар ашуға булықты. – Тауыққа дән шашқалы жатырсыңдар.
- Көке, - деді тракторшы бала, агрономға айтыңыз, ал, тауығыңызда неміз бар, қораңызда тұр ғой.
Үлкен іс басталып кетті, шаруашылық басшысы да, мамандар да «осы шалдар да қызық, дем алып жайларына отырса қайтеді – ей,» - деп миықтарынан күлді. Көп уақыт өтпей бұрынғы көк жотаның үстінен Арыстанды – Қарабас желі аппақ шаң көтере уілдей соқты. Ауылды ақ шаң көмді. Арыстанды – Қарабас желі өз мінезіне басты. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру