Әдебиет | АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ НАЗИРАГӨЙЛІК ДӘСТҮРДІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ

Әдебиет  | АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ НАЗИРАГӨЙЛІК  ДӘСТҮРДІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ

Әлемдік әдебиеттердің өзара байланысы, түрлі халықтардың көркем сөз өнерінің бір-біріне ықпал-әсерін зерттеу жан-жақты зерттей түсуді қажет етіп отырған көкейкесті мәселе болып отыр. Әсіресе, мұсылмандық Шығыс елдері классикалық поэзиясы мен қисса-хикаяттарының қазақ әдебиетіне жасаған ықпалы ерекше назар аударады. Соңғы жылдары бұл салада бірқатар зерттеулер жарық көрді. Олар: Ө.Күмісбаев, Ш.Сәтбаева, Б.Әбдіғазиев, Н.Келімбетов, [1] т.б. ғалымдардың осы мәселе жөніндегі зерттеулері. Алайда Шығыс әдебиетінің әсері арқылы қазақ көркем сөз өнерінде пайда болған нәзира дәстүрі күні бүгінге дейін кең көлемде, арнайы зерттеу объектісі болған емес десек артық айтқандық емес. Ал қазақтың өзіндік төл әдебиетінің қалыптасуына негіз болған қайнар бастаулардың бірі - Шығыстың классикалық поэзиясы екені мәлім. Шығыстың классикалық поэзиясы өзінің көп ғасырлық тарихы бар нәзира дәстүрі арқылы қазақ әдебиетін тақырып, мазмұн, форма, көріктеу құралдары, стиль және тілдік жағынан едәуір байытып, сөз өнеріне тың екпін, өзгеше ажар берді. Енді Шығыстың классикалық поэзиясындағы нәзира дәстүрінің тарихына тоқталсақ. Шығыс поэзиясында барша оқырман қауымға бұрыннан мәлім болған белгілі бір сюжетті бірнеше ақын өзара жарысып, шеберлік сынасып жырлай беретін болған. Осылайша аға буын жырлап кеткен тақырыпты кейінгі толқын інілер қайта жырлап, көркем әдебиетке тың туындылар әкелетін дәстүр бар. Шығыс поэзиясында осылайша ақындар бір-біріне өз шеберлігін танытатындай туындылар жазу арқылы жауап («жауап»-арабша «нәзира», ал парсы тілінде - «татаббу» деп аталады) беріп отырған. Шығыстың ұлы шайырлары мұндай туындыларды ешқашанда аударма деп те, еліктеу деп те танымаған.
Абай және Шығыс классиктерінің әдеби-творчестволық байланысын сөз еткенде нақтылы зерттеу нысанасына алынбай келе жатқан күрделі де өзекті тақырыптың бірі Абай шығармаларындағы Шығыстық белгілердің бір тармағы болған нәзирагөйлікке келіп тіреледі. Бұл жөнінде де алғаш рет абайтану тарихында, Мұхтар Әуезов зерттеулерінде ғана қолға алынып, пікір сабақталды. Ақындар нәзиргөйлікті өз жанына ұялап, ойына қозғау салған келелі мұрат - мақсаттарын уақыт талабына орай қайта жырлап берудің әдеби тәсілі ретінде пайдаланып отырған. Бұл әдіс ақын ойын, мақсат -мүддесін жырлауға икемді әрі өтімді болуы себепті, жалпы Шығыс поэзиясы тарихында ерекше орын алатын тұрақты дәстүрге тікелей байланысты туындап отырған.
«Осы іспеттес әдеби құбылысты, қазақ әдебиеті тарихында Абай өз поэмалары мен аудармаларында нәзирагөйлік дәстүрді қолданып өзі ұстанған мораль философиясы негізінде творчестволық шеберлікпен жырлаған ақындық тәсілді М.Әуезов ерте сезініп, бұл туралы Абайтану саласында алғаш рет пікір білдірді» [1, 30-31].
ХІХ ғасырда Қазақстанның Ресейге қосылу процесінің аяқталуымен қатар әр түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларға орай қазақ елі ғасырлар бойғы томаға - тұйықтықтан арылып, Батыс пен Шығыстың рухани өмірімен қоян -қолтық араласа бастады. Бұл өзгерістердің сол кездегі қазақ халқының қоғамдық ой санасында белгілі дәрежеде орын теппеуі мүмкін емес еді. Әсіресе, бұл көріністер сол тұстағы ой-сананың көшбасшысы болған қазақ ақындарының шығармалары мен нәзирагөйлік дәстүр негізінде қайта жырланған әрқилы қисса- дастандардан, аударма әдебиеттен анық байқалады. Бірақ аударма өнері мен нәзирагөйлік дәстүрде жырланған туындыларға қазақ ақындарының творчесволық қарым-қатынасы, көбінесе олардың дүниетанымы мен талғамына, біліміне байланысты болғанын аңғарамыз. Алайда бұл әдеби процесте сол кезең көрінісін сыншылдықпен терең де жан-жақты қамтыған Абай мұрасының алар орны мен мән мағынасы бөлекше жатыр. Өйткені, Абай шығармаларының бар болмысын ғылыми тұрғыдан кең көлемде тану жалпы қазақ әдебиетінде орын алған әрқилы күрделі құбылыстардың сырын ашып, табиғатын тануда адастырмас бағыт бере алады. Осы себепті де Абай мұрасындағы нәзирагөйлік дәстүрдің орын алуы, дәстүрлік жалғастық табу сияқты белгілерін жан-жақты біліп, аңғармайынша, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму жолындағы кейбір ерекшеліктерді жете меңгерудің өзі қиын.
Осы тұрғыдан қарағанда нәзирагөйлік дәстүрі қазақ әдебиетіне ертерек енсе де, оны жаңа сапа, соны таныммен түрлендіре қолдануға Абай ерен еңбек сіңірген. М.Әуезов Абайға Шығыс классиктерінен енген белгінің бір саласы ретінде нәзирагөйлік дәстүрді сөз еткенде, осы дәстүрдің көрінісі, жалғасы ретінде ақынның үш поэмасына ерекше көңіл бөледі.
Жалпы Шығыс мәдениетін, оның ұлы классиктерін терең бойлай білу нәтижесінде 1934 жылдың өзінде-ақ, Абай мұрасының нәр алған қайнарлары жайлы ақын мұрасын зерттеушілер арасынан тұңғыш рет кең түрде пікір көтерілді. Ұлы ақын мұрасындағы үш қайнарның бір саласы оның шығармаларындағы шығыстық белгілер жайлы күрделі де қиын мәселені сол кезде-ақ зерттеуге көңіл бөлінді.
М.Әуезовтің баспасөзде жарияланған немесе ой жүгіртіп барлаған пікірі ретінде хатқа түсіп, өз архивінде сақталған Абай жайлы ұшан-теңіз деректеріне көз жіберсек, Абай шығармаларының шығыстық белгілерін зерттеуінде, өзінше танып пікір айтуында әр кезеңде әр қырынан келгендігі байқалады. Бұлай болуы заңды да. Өйткені М.Әуезовтің ақын шығармаларын меңгеру, көптеген сырын өзінше ашып, пікір қалыптастыру кезеңдеріне сай аталмыш мәселенің де іліктестік тауып отыратыны бар.
Алғаш рет ақын шығармаларындағы шығыстық белгілер туралы пікірлер 1924 - 1927 жылдар аралығында жазылған Абай өмірбаянында шет жағалап айтылған. Абайдың жастық шақтағы өлеңдері жайлы пікір көтергенде, шәкірт ақынның Шығыс классиктеріне еліктеп, жігіттік дәуірінде ақындық өнер жарыстыруға талап еткен ізденістерін «жалпы мұсылман ғаламындағы көпке белгілі болған ірі ақындардың талайымен Абайдың ерте күнде танысып алғандығы даусыз» деп Абайдың ақындық кітапханасының алғашқы нобайымен біршама дерек те тастағандай болады.
Абай шығармаларының жалпы Шығыс дүниесімен байланысы жастық шағынан басталып өмірінің соңына дейінгі аралыққа созылған желідей орын алып, әр кезеңде әр түрлі деңгейдің дәрежесінде көріну процесіне ғұлама ғалым ерекше ден қояды. Абайдың Шығыс классиктерімен ара қатынасын М.Әуезов өз зерттеулерінде екі кезеңге бөле қарайды. Бірінші кезең балаң ақынның таза еліктеу жылдары 1860-1865 жылдарды қамтыса, екінші кезең 1886 жылдан өмірінің соңына дейін созылған екі аралықтағы шын мәніндегі екшеу, меңгеру жолындағы шығармашылық процесті қамтиды. Алайда поэма жанрын Абай өз шығармашылығында баса назар аударған деп айта алмаймыз. Ол туралы М.Әуезов былай түсіндіреді: «Тегінде, Абай поэма жазуды өзіне мақсат етпеген тәрізді. «Әзірет Әлі айдаһарды жазғаным жоқ. Сарала қазды жырлағам жоқ» - деп, бір кезек айтса, тағы бір уақытта «ел шапқан батырды, қызықты қыздырмалап айтсам, қызығып тыңдар едің» - деп оқушыны шеней түседі. Жай бос уақыт өткізетін қызшыл, қызықшыл, қысыр кеңесті құмарланып тыңдар едің - дейді. Ондай әңгімелі өлеңдерден Абай өзі ойлаған өсиеттік адамгершілік, терең тәлім-тәрбие туа қоймайтындай көретін. Өз басының ұзақ ақындық еңбегі бойында, Абай поэма жанрына анықтап зер салған жоқ. Тек кейін, тәрбиесінен шыққан шәкірт ақындарына ғана әр алуан тақырыптар беріп, анық поэма дерлік күрделі сюжеті бар шығармаларды соларға жазғызды... Өзі көп дәстүрлерін қабылдаған орыс классиктері: Пушкин, Лермонтовтың не Байрон сияқты Европа классигінің анық үлкен поэма жазудағы өрнектеріне Абай бой ұрмады. Олардың поэмалары кең өмірді мол қамтитын кейде роман, поэма, кейде қалың оқиғалы, шытырман шебер тартысы бар романтикалық поэма боп, көркем, шебер қалыптанса да, Абай сол жанрға қызықпайды» [2, 144-145]. Абайдың поэма жанрын жасауға шындап кіріспегенін М.Әуезов осылайша терең талдап көрсетеді. Әрине, Абайдың поэманы мақсат етпеуінде, оған анықтап зер салмауында, қызықпауында жеке адамның ықылас-ниетіне байланысты ештеңе де жоқ болатын. Данышпан ақын оқушысының жалпы дәрежесі мен талап-тілегіне лайық, қонымды және әдебиеттің өсу сатысына сәйкес шығарма жасау барысында лирика жанрынан өзге ұтымды да әсерлі жанрлық түрді дәл сол тұста қажет деп ойламайды. Сондықтан да тікелей қазақ өмірі жайында бірде-бір поэма жазбады. Поэмаға лайық жүгі бар шығармаларын лирикалық, сатиралық өлеңдердің шеңберіне сыйғызып тамамдады.
Бұл айтылғандардан, әрине, Абай поэма жанрында мүлдем қалам тартпады деген ұғым тумау керек. Ол өмірінің кейінгі тұсында қазақ қауымына сырттан келген аңыздар негізінде «Ескендір», «Масғұт», «Әзім» атты поэмаларын жазды. Ақынның поэмаға арқау боларлық оқиғаларды шығыс әдебиетінен іздеу себебін М.Әуезов сөзімен Әнуар Дербісәлин былай түсіндіреді: «Шығыстан келген аңыз, мағыналы мазмұны бар легенда немесе притча, ақынның өз ойын баяндауда керекке жаратылған творчестволық материал ғана болып отыр. Абайды поэманың оқиғалары қызықтырып жетелемейді. Оқиғаларды, адамдарды барлық мінез, істерімен, сөздерімен Абай өзінің дағдылы идеясына қарай пайдаланды» [3, 117]. Демек, Абай Шығыс әдебиетіне өзінің гуманистік, ағартушылық идеяларына тікелей үндесетін оқиғаларды ғана алып, поэмаларына арқау етті.
Сонымен қатар ақын поэмалары жайлы зерттеушілер арасында көптеген дау-дамайлар кездеседі. Абайды зерттеуші кейбір ғалымдар «Әзім әңгімесі» поэмасының Абайдың қолымен жазылғандығына күмәнданады. Осыған қарағанда бұл поэма туралы көптеген ойға қаламыз.
«Әзім әңгімесі» Абай жинағына алғыш рет 1933 жылы енгізілген. Оған дейін ол Абайдың туысы және ақын шығармаларын жинақтаушы Ырсаев Ысқақ деген адамның қолында сақталған. Бұл шығарма Абайдың 1909 жылы Санк - Петербургта шыққан тұңғыш жинағына да енбей қалған. Мүрсейіт қолжазбаларының ішінде де жоқ.
Сондықтан кейбір зерттеушілер поэманың идеялық мазмұнына қарап, көркемдік анализге сүйене отырып, «Әзім әңгімесі» Абайдың шығармасы емес деседі. М.Әуезовтің өзі де «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904)» атты монографиялық еңбегінде: «Біздің ойымызша, 1927 жылы осы поэманың тексін Абай шығармаларын жинаушыларға табыс еткен Ырсайдың Ысқағы Абай поэмасының ұмытылған немесе ескірген, қолжазбадан өшіп қалған кейбір жолдарын өз жанынан да төлеу салып, аламыштап жіберген сияқты. Өйткені, поэманың кейбір ұйқастары, кей кезде жол ішінде сөз құраулары Абайдың ақындық шеберлігіне, поэтикалық лексикасына жанаспайтыны да бар.
Бұлай болмаса поэма Абайдың тіпті ерте кездерде, өзінің ақындық күшін алғашқы тәжірибе ретінде, әр тақырыпты байқастап жүрген кезінде туған, алғашқы черновик есепті бір нұсқа болуға керек. Қалай да «Әзім» поэмасы ең әуелі бітпеген шығарма болғандықтан, екінші көркемдік, шеберлік жағынан көңілдегідей қалыптаспаған дастан болғандықтан, бұл поэма жөніндегі түсінік сөздерді осы жоғарыдағы айтылған жайлармен аяқтаймыз» -дейді. «Әзім әңгімесі» туралы Әуезовтің пікіріне тоқталған ғалымдардың бірі─Қайым Мұхаметханұлы. Ол - Абайдың туған-туыстарымен, замандастарымен жүздесіп, көп әңгімелескен зерттеуші. Өзінің «Абай шығармаларының текстологиясы» атты еңбегінде Архам Ысқақов пен Рақымжан Мамырқазов: ««Әзім әңгімесі» Абайдың шығармасы емес, Ырсайдың Ысқағы жазған деді» - дейді.
Сөйтсе де «Әзім әңгімесі» 1933 жылдан бастап, қазақ және орыс тілінде шыққан Абайдың толық жинағына енді. «Әзім әңгімесі» ─ қазақ әдебиеті тарихынан өз орнын толық алмаған шығарма.
Енді Абай поэмалары қашан жазылған деген сұраққа тоқтала кетейік. Абай поэмалары негізінен ешбір датасыз шығып отырды. Тек қана «Масғұтқа» 1887, «Әзім әңгімесіне» 1806 деген даталар көрсетілген. Әдетте зерттеушілер Абай үш поэмасын да өмірінің бір кезеңінде жазған деп топшылайды. Мысалы, Абайдың 1966 жылы Москвада шыққан жинағының кіріспе сөзінде: «Вероятнее всего, что поэмы эти были им написаны в ранний период творчества» делінген. Осы пікірге басқа әдебиетшілер де қосылады.
«Масғұттың» сюжеті Н.С.Тургеневтің «Шығыс аңызы» атты шығармасының сюжетіне ұқсас екені белгілі. Ғалымдар осыған жаппай келіскен. Қара сөзбен жазылған «Шығыс аңызы» атты шығарма ең алғашқыда «Вестник Европы» журналының 1882 жылғы 6-томында басылыпты. Семейде алғаш кітапхана 1883 жылдың 20 қыргүйегінде ашылды. Осы кітапханада «Шығыс аңызы» 1882 жылғы басылған «Вестник Европы» журналының болуы, оның осы кітапханаға ара-тұра келіп жүрген Абайдың қолына тиюі ықтимал. Рас, 1882 жылы Семейде кітапхана болған жоқ, бірақ «Вестник Европы» журналын жергілікті чиновниктер жазылып, алып тұрған. Саяси жер аударушылар да журналға көп көңіл бөлген. Бұған Гоголь атындағы кітапхананың қорында «Вестник Европы» журналының 1870 жылдан бергі сандарының осы күнге дейін сақталғаны дәлел. Кітапхананың алғашқы қоры туралы деректер сақталмаған.
«Кітапхана құрушылардың және оқырмандардың кітап сыйлауы оларға әбден абырой әперерлік. Олар менің көңілімде Семей туралы ең жақсы пікір қалдырады» дейді ол. Орыс кітап, журналдарынан не бар, не жоғын осыдан да аңғаруға болатын сияқты. Бұл болымсыз мәліметтің өзі кітапхананың сол кезде әжептәуір болғанын, мұны құрушылардың білімді, көзі ашық адамдар екенін білдіреді. Ендеше, осындай кітапханада Ресейдің басты журналы - «Вестник Европы» болмады деу қиын» [4, 4].
Егер Абай «Масғұтты» жас кезінде жазды десек, онда дастанның сюжеті мүлдем өзгереді. Себебі, Абай сол кезде Шығыс әдебиетіне көп еліктейтін. Бірақ бұған қарсы дәлел бар. Мүрсейіттің 1907 жылғы қолжазбасында поэма сюжеті Тургеневтен делінсе, Тұрағұл өзінің «Әкем - Абай туралы» деген естелігінде ««Масғұт» өлеңін 1887 жылы жазды» деген. Бұл дата абайтанушы ғалымдардың «Масғұттың» сюжеті Тургеневтен алынған деген дәлеліне келіп тұр.
«Әзім әңгімесі» Абай жинағына отызыншы жылдары енсе, «Ескендір» мен «Масғұт» 1909 жылғы жинақта жарық көрді.
Абай Шығыс шайырларының жырларын жоғары бағалап, ұлы сөз зергерлерін өзіне ұстаз тұтты.
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Хожа Хафиз-бу Һәммәси
Мәдәт беря шағири фәрияд [5, 33].

Шығыс ақындары жаңа ғана өнер жолына түскен Абайға даналық пікірлерімен, терең ойларымен, нәзік сырларымен қатты әсер еткен еді. Шәкірт Абай кезінде Рудаки, Омар һайам, Хафиз, Сағди ғазалдарын құмарта оқыды. Бұлар бала Абайдың ойын оятып, оны адалдық пен парасаттылыққа, адамгершілік пен жақсылыққа, сұлулық пен нәзіктікке талпынуға баулыды. Абай дамытқан нәзира дәстүрінің белгілері туралы айтқанда ең алдымен, «Ескендір» поэмасы ойға оралады. Бұл сюжетті Абай өзінше жырлап, жаңаша философиялық түйін жасады. Абай жасаған Ескендір бейнесі Фирдоси, Низами, Әмір Хосрау, Жәми, Науаи, т.б. жырлаған Ескендірге мүлдем ұқсамайды. Шығыс классиктері Ескендірді барынша мадақтап, оны халықтың қамқоршысы етіп көрсеткен, Абай оны талай елді зар жылатып басып алған тонаушы ретінде бейнелейді.
Ескендір бейнесі Шығыс әдебиетінде мейлінше ең көп тараған болатын. Бірақ оның бәрі тарихтағы шын Ескендірдің бейнесі емес, халықтың «әділ патшасы» жөніндегі арманынан, қаламгердің қиялынан туған Ескендірдің бейнесі еді.
Көркем әдебиетте Ескендірдің бейнесін жасау біздің заманымызға дейінгі VІ ғасырдың өзінде-ақ әдеби дәстүрге айналғаны мәлім. Ескендірдің өмірі мен қызметі туралы нақтылы тарихи деректер болмады. Мұның өзі әрбір автордың Ескендір бейнесін өз қалауынша жасауына мүмкіндік берді. Әрбір қаламгер ең әділ, ең жақсы патша қандай болу керек деген сауалға өзінше жауап берді. Олар өнегелі патшаға тән ең жақсы қасиеттердің бәрін Ескендір бейнесіне үйіп-төкті. Бұл туралы Е.Э.Бертельс: Ескендір жөніндегі туындылар─бұл тек көркем шығарма ғана емес, сонымен бірге, ел билеушілерге жол-жоба көрсетіп отыратын «киелі айна» секілді ерекше шығарма, әрі әрбір дәуірдің саяси даналығының жинағы екенін айта келіп, Низами, Хосрау, Жәми, Науаи жазған Ескендір жөніндегі дастандардың кіріспе бәйіттерін бір-бірімен салыстырып талдайды. Ғалымның осы салыстыруын тәржіма жасамай сол күйінде, яғни орыс тілінде оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік: «Сравним вступительные бейты всех четырех крупнейших авторов «Искандар-наме».
Низами:
О боже, господство над миром - тебе,
От нас служение происходит, господство - тебе.
Амир Хосров:
О царь, над миром господство-тебе,
От предвечности до бесконечности царство-тебе.
Джами:
О господи, совершенство божественности - тебе,
Красота господство над миром - тебе.
Навои:
О боже, господство, бесспорно - тебе,
Один шах но привычка его-нищенствовать перед тобой.

Сопостовление этих четырех бейтов очень показательно. Во-первых, совершенно ясно, что бейт Низами задал основной тон и что все три преемника с этим в полной мере считаются. Это понятно, ибо это одно из условий назира. Но далее интересно расхождение четырех авторов. Основная мысль у всех четырех примерно одна и та же, но модификация ее оформления различна» [15. 382-383].
Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінің өзге халықтары көркем сөз өнерімен сан ғасырлық байланысын, тарихи тамырластығын танып-білудің мәні ерекше зор. Қазақ әдебиетінің Шығыс классикалық поэзиясымен арасындағы осындай рухани байланыс негізінен нәзира дәстүрі арқылы жүзеге асады. Ал біз нәзирагөйлік дәстүрін зерттеу ісіне тарихи жалғастық тұрғысынан келіп, нақты әдеби деректер бойынша талдау жүргіздік. Өйткені қазақ әдебиетіндегі көркемдік тәсілдердің бірі саналатын нәзира дәстүрінің қалыптасуы, даму жолдары, қайнар–бастаулары мәселелері күні–бүгінге дейін арнайы зерттеу объектісі болған емес.
Абай ақын ретінде әбден қалыптасып, реалистік дәрежеге көтерілген шағында да Шығыс поэзиясынан қол үзген жоқ. Мәселен, Абайдың «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным» сияқты өлеңдерінен Шығыс поэзиясына тән жанға жағымды, көңілге қонымды майда леп есіп тұрғанын аңғаруға болады.
Ұлы ақын дәстүрлі тақырыпқа шығарма жазудың Шығыстық әдісі нәзирагөйлікті жан-жақты меңгерген, оны қазақ топырағына лайықты етіп белгілі дәрежеде дамыта түскен мәңгілік өнер иесі ретінде дәріптеледі. Абай Құнанбайұлының дәстүрлі тақырыптарды, сюжеттерді, образдарды, көріктеу құралдарын бетке ұстай отырып, мазмұны мен формасы жағынан, идеясы мен сюжеті тұрғысынан мүлдем жаңа шығармалар жазуы суреткер ретінде даралығын танытып, мұхит тектес сарқылмас мұра иесі екендігін танытады.
Сөзімізді түйіндей айтсақ, Абай шығармаларындағы назирагөйлік дәстүрдің зерттелу тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелеу – ұлы ақын шығармаларындағы назирагөйлік дәстүрдің түбегейлі зерттелуіне жол ашады деген ойдамыз. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру